Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

ИБРАХИМ 7 страница




Әлиф Ләм Ра. Бұлар ап-айқын Құранның аяттары. (1)Расында біз мұны Арапша Құран түрінде түсірдік, әрине түсінерсіңдер.(2)(Мұхаммед Ғ.С.) саған бұл Құранды уахи етуімізбен өзіңе қиссалардың ең жақсысын баян етеміз. Негізінде сен бұдан бұрын әрине хабарсыз едің. (3)Сол уақытта Юсып (Ғ.С.) әкесіне: “Әкетайым! Рас мен түсімде он бір жұлдыз және күн мен айды, маған сәжде қылғанын көрдім” деді. (4) (Яғқұп Ғ.С.): “Әй балақайым! Түсіңді туыстарыңа айтпа! Саған бір айлакерлік жасар. Расында шайтан адам баласына ашық дұшпан” деді. (5) “Міне осылайша Раббың сені ұнатады. Саған түстердің жоруын үйретеді. Бұрыңғы аталарың Ыбырайым, Ысхақ (Ғ.С.) тарға нығметтерін тамамдағандай саған және Яғқұп (Ғ.С.) ұрпағына нығметін толықтастырады. Шәксіз Раббың толық білуші, хикмет иесі” (6) Расында Юсып туыстарының киссасында сұраушылар үшін өнегелер бар. (7) Сол уақытта туыстары: “Юсып және туысы, (Бінямын) әкемізге бізден жақсы көрінеді. Біз болсақ мықты бір топпыз. Дау жоқ, әкеміз ашық адасуда” деді. (8) Олардан бір айтушы: “Юсыпты өлтіріңдер немесе бір жерге апарып тастаңдар. Өздеріңе әкелеріңнің алды бос қалды. Артынан да түзу бір топ боларсыңдар” деді. (9) Іштерінен тағы бір айтушы: “Егер менің айтқанымды істейтін болсаңдар, Юсыпты өлтірмеңдер де оны бір құдықтың түбіне тастаңдар. Кейбір жүргінші тауып алар” деді. (10) Олар: “Әй әкеміз! Юсып туралы бізге сенбейтін саған не болды? Әрине оған қамқормыз” десті. (11) “Ертең оны бізбен бірге жібер. Тамақтансын, ойнасын. Расында біз оны қорғаушымыз” десті. (12) (Яғқұп Ғ.С.): “Расында сендердің оны алып кетулерің маған уайым салады. Әрі сендер оған кәперсіз қалып, оны қасқыр жеуінен қорқамын” деді. (13) Олар: “Біз мықты бір топ бола тұра оны қасқыр жесе, әрине сол уақытта зиянға ұшыруашылардан болармыз” десті. (14) Сонда олар, Юсыпты алып кеткен кезде, бәрі оны құдықтың түбіне тастауға бірлесті. Оған: “Туыстарыңа әлбетте осы істеріңнің хабарын бересің. Олар сезбейді” деп уахи еттік. (15) Олар іңірде әкелеріне жылап келді. (16) “Әй Әкеміз! Біз жарысып кеткенде, Юсыпты нәрселеріміздің жанына тастап кетсек, сонда оны қасқыр жепті. Енді шын айтсақ та, бізге сенбейсің ғой” десті. (17) Сондай-ақ олар оның жейдесіне өтірік қан жағып әкелді. Әкелері: “Олай емес! Сендерге нәпсілерің бір істі жақсы көрсеткен екен. Енді көркем сабыр керек. Айтқандарыңа Алладан жәрдем тіленеді” деді. (18) Бір жүргінші келіп, дереу сушыларын жіберді; ол қауғасын салып: “Ой сүйінші! Міне бір еркек бала” деді. Олар оны сауда малы етіп, жасырып қойды. Алла, олардың не істегендерін толық біледі. (19) Олар оны кем бағаға бірнеше теңгеге сатып жіберді. Өйткені, Олар Юсыпқа ынтық емес еді. (20) Мысырдағы оны сатып алған кісі әйеліне: “Орнын құрметтеп жақсы бақ. Мүмкін бізге пайдасы тиер немесе бала қып алармыз” деді. Осылайша Юсыпты ол жерге орналастырып, оған түстердің жоруын үйреттік. Алла өз ісіне өктем, бірақ адамдардың көбі білмейді. (21) Ол ержеткенде, оған даналық, білім бердік. Жақсылық істеушілерді өстіп сыйлаймыз. (22) Юсып тұрған үйдің әйелі (Зілиха), оның көңлін өзіне тартпақшы болды да есіктерді бекітті: “Қане кел бері!”, – деді. Юсып (Ғ.С.): “Аллаға сиынамын. Ол (ерің) қожайыным, мені жақсы орынға қойды. Шынында залымдар құтылмайды” деді. (23) Расында әйел одан ой қылды. Егер Раббыңның дәлелін көрмесе, Юсып та одан ой қылған болар еді. Юсыптан жамандық, арсыздықты бұруымыз үшін өстідік. Өйткені, ол ықыласты құлдарымыздан еді. (24) Екеуі есікке жүгірді де әйел, оның жейдесін арт жағынан жыртып алып қалды. Екеуі есік алдында әйелдің қожайынына кездесіп қалып, әйел еріне: “Сенің жұбайыңа жамандық ойлаған біреудің жазасы сөзсіз абақты немесе жан түршігерлік азап” деді. (25) Юсып (Ғ.С.): “Ол, көңлімді өзіне тарпақшы болды” деді. Әйел жағынан бір айғақ: “Егер Юсыптың жейдесі алдынан жыртылса, әйел шын айтты да ол, өтірікшілерден болады” (26) “Оның жейдесі артынан жыртылса, онда әйел өтірік айтты да Ол, шыншылдардан” деп куәлік берді… (27) Сонда оның жейдесінің арт жағынан жыртылғанын көрген ері: “Міне бұл, әйелдер, сендердің қулықтарың. Расында сендердің амалдарың үлкен” деді. (28) “Юсып, мұны қоя сал! Ханым, сен күнәң үшін жарылқану тіле! Расында сен қателесушілерденсің!”-(деді). (29) Қаладағы қатындар: “Бастықтың әйелі жігітінен көңілі қыпты. Расында біз оны ашық адасушы көреміз” деп өсектеді. (30) Зілиха, қатындардың өзіне сөгіс бергендіктерін естігенде; оларға шақыру жіберіп, олар үшін сүйеніп отыратын диван әзірледі де әрбіреуіне пышақ беріп, Юсыпқа: “Шық, оларға көрін!”,-деді. (Жеміс кесіп отырған қатындар,) оны көрген сәтте, бір түрлі ірі бағалап (естері шығып), өз қолдарын турады. Қатындар: “Ой Алла! Мынау адам емес; бұл біртүрлі құрметті періште-ақ қой” десті. (31) (Зілиха оларға): “Ал міне, мені өсектегендерің осы. Расында оның көңілін мен қаладым. Сонда да абырой сақтады. Және де ол, әмірімді орындамаса, әлбетте абақтыға салынып, қор болушылардан болады” деді. (32) (Юсып Ғ.С.): Раббым! Бұлардың, мені істеуге шақырған істерінен маған зындан сүйкімдірек. Егер бұл қатындардың сұмдықтарын менен бұрмасаң,оларға бейімдеп надандардан боламын” деп тіледі. (33) Сонда Раббы тілегін қабыл етіп, одан қатындардың сығандықтарын тойтарды. Өйткені Ол Алла, толық естуші, өте білуші. (34) Сонсоң оларға дәлелдер көрінгеннен кейін де оны бір мерзімге дейін абақтыға салды. (35) Және де Юсыппен бірге екі жігіт бірге абақтыға кірді. Ол екеуінің бірі: “Мен түсімде арақ сыққанымды көрдім” деді. Екіншісі: “Мен төбеме нан көтеріп жүр екенмін. Одан құс жегенін көрдім. Бізге бұл түстердің жоруын айтып бер. Күдіксіз, біз сені жақсылық қылушылардан көреміз” деді. (36) (Юсып Ғ.С. оларға): “Сендерге қоректендірілетін тамақ келмей-ақ екеуіңе түстің жоруын айтып беремін. Бұл маған Раббымның үйреткендерінен. Шынында Аллаға сенбеген және ақырет күніне сенбеген бір елдің дінін тастадым” деді. (37) “Аталарым, Ыбырайым, Ысқақ және Яғқұп (Ғ.С.) тардың дінін қудым. Біздің Аллаға ешбір серік қосуымыз тиісті емес. Бұл бізге әрі адам баласына Алланың бір мәрхаметі. Бірақ адамдардың көбісі шүкіршілік қылмайды.” (38) “Әй менің абақты жолдастарым! Бөлек-бөлек Раббылар жақсы ма? Немесе әр нәрсеге өктем жалғыз Алла жақсыма?” (39) “Сендердің Одан өзге шоқынған нәрселерің, сендер әрі аталарың атаған құр аттар ғана. Ала, оларға табынуға байланысты ешбір дәлел түсірмеген. Үкім Аллаға ғана тән. Ол, өзіне ғана құлшылық қылуларыңды бұйырған. Міне осы, тұп-тура дін. Бірақ адамдардың көбі білмейді” (40) “Әй абақты жолдастарым! (Бұл түс көрген екеуінің бірі патшаның сушысы, бірі аспазы екен.) Біреуің қожайынына арақ ішкізеді. (Бұрынғы жұмысын істейді.) Ал біреуің дереу асылып, басын құс шоқиды. Міне екеуің жоруын сұраған іс бітті.” (41) Құтылады деп ойлаған екеуінің біреуіне: “Қожайыныңның жанында мені ескер!”-деді (Юсып Ғ.С.). Сонда шайтан қожайынының алдында еске алуды ұмыттырды да сондықтан Юсып бірнеше жыл абақты да жатып қалды. (42) (Бір күні) патша: “Түсімде, жеті семіз сиырды жеті арық сиыр жеп жатқанын және жеті жасыл сабақтар, тағы солай қурағанын көрдім. Әй сыбайластар! Егер түс жоритын болсаңдар, менің түсімді жорыңдар” деді. (43) (Олар): “Бұл шым-шытырық түс екен. Сондықтан біз мұндай түстердің жоруын білмейміз” деді. (44) Ол екеуінің құтылғаны, Юсыпты бірталайдан кейін есіне алды да: “Мен сендерге оның жоруының хабарын беремін. Дереу мені абақтыға жіберіңдер” деді. (45) (Ол, абақтыға барып): “Әй шыншыл Юсып! Бізге, жеті семіз сиырды жеті арық сиырдың жеуі және жеті жасыл сабақ пен қурағандары жайында жоруын бер. Олардың да оны білулері үшін адамдарға қайтып барайын” (46) Юсып (Ғ.С.): “Жеті жыл әдеттегіше егін егесіңдер де сонда орғандарыңды бастырмай сабақта қойып, бірақ аздап жейтіндеріңді ғана аласыңдар.” (47) “Тағы бұдан кейін қатты (ашаршылық жыл) келеді. Бір аздап сақтанғандарыңнан басқа бұрыннан сол жинағандарыңды жейсіңдер.” (48) “Ал бұдан кейін адамдар жаңбырға қанып онда жемістердің суын сығатын жыл келетін болады” деді. (49) (Мұны естіген) патша: “Оны маған алып келіңдер” деді. Шабарман келген кезде, (Юсып Ғ.С.): “Қожайыныңа қайтып бар. Ол, қолдарын кескен қатындардың мақсаттары не? Сұра! Күдіксіз Раббым, олардың қулықтарын толық біледі” деді. (50) (Патша қатындарды жинап алып): “Юсыптың көңілін алмақшы болғандарыңда жағдай не еді?” деп сұрайды. Әйелдер Алла сақтасын! Оған байланысты бір жамандық білмедік” десті. Уәзірдің әйелі де: “Міне шындық ортаға шықты. Оның көңілін алуды мен қалаған едім. Расында, ол анық шыншылдардан” деді. (51) (Юсып Ғ.С.): “Осы (қатындардың сұралу мәселесі) расында оған астыртын қиянат қылмағанымды патшаның білуі үшін. Күдіксіз Алла, қиянатшылардың қастығын оңайлатпайды” деді. (52) “Нәпсімді ақтамаймын. Расында нәпсі жамандыққа бұйырады. Бірақ та Раббым мәрхамет етсе ол басқа. Күдіксіз Раббым өте жарылқаушы, ерекше мейірімді” (53) Патша: “Оны маған алып келіңдер. Оны өзім үшін арнаулы адам қып алайын” деді. Патша Юсыпқа сөйлескен сәтте: “Әрине бүгін біздің алдымызда елеулі орның және сенімің бар” деді. (54) (Юсып Ғ.С. патшаға): “Мені мемлекеттің қазына бастығы қыл. Өйткені, мен оны қорғауды (басқаруды) білемін” деді. (55) Міне, осылайша Юсыпты ол жерге орналастырдық. Қалаған жерінде отыра алады. Қалағанымызды мәрхаметімізге бөлейміз. Сондай-ақ жақсылық істеушілердің еңбегін зая қылмаймыз. (56)Әрине иман келтіріп, тақуа болғандардың ақыреттегі сыйлығы тағы жақсы. (57) (Ашаршылық жылдарында) Юсыптың туысқандары келіп, жанына кірді. Сонда Юсып оларды таныды. Олар, оны танымады. (58) Юсып (Ғ.С.) олардың жүктерін әзірлеткен сәтте: “Маған әке бір туыстарың (Бінямын) ды ала келіңдер. Шын мәнінде астық толтырғанымды және мейман достардың жақсысы екенімді көрмейсіңдер ме?”,-деді. (59) “Егер оны маған келтірмесеңдер, менде, сендерге өлшеп берер жоқ. Сондай-ақ маған жақындамаңдар.” (60) Олар: “Біз оны әкесінен қалауға тырысамыз. Сөзсіз мұны орындаймыз” десті. (61) Юсып (Ғ.С.) жігіттеріне: “Олардың (астық сатып алуға әкелген) өз нәрселерін де жүктерінің ішіне қойыңдар. Әрине үйлеріне қайтып барған кезде, оны біліп, мүмкін олар қайтып келер” деді. (62) Сонда олар әкелеріне қайтып барғандарында: “Әй әкеміз! Біздің өлшеу тоқтатылды. (Астық бермейтін болды.) Сондықтан туысымыз (Бінямын) ды бізбен бірге жібер де (астық) өлшеп алайық. Сондай-ақ біз оны әлбетте қорғаймыз” деді. (63) (Яғқұп Ғ.С.): “Бұдан бұрын туысына байланысты сендерге сенгенім сияқты бұған да сендерге сенейін бе? Дегенмен, Алла толық қорғаушы әрі Ол, мейірімділердің ең мейірімдісі” деді. (64) Олар жүктерін ашқанда, Өздеріне қайтарылған нәрселерін тапты да: “Әй әкеміз! Не іздейміз! Міне нәрселеріміз өзімізге қайтарылыпты, тағы семьямызды қамтамасыз етіп, туыстарымызды қорғаймыз. Сондай-ақ тағы бір түйе (астық) өлшеуімізге болады. Негізінен бұл өлшеп әкелгеніміз шамалы” десті. (65) Әкелері: “Бәрің бір-ақ қолды болып кетпейінше, оны міндетті түрде маған әкелулеріңе байланысты Алланың атымен серт бергенге дейін оны сендермен бірге жібере алмаймын” деді. Сөйтіп олар, әкелеріне серт берген сәтте, әкелері: “Алла айтқанымызға уәкіл” деді. (66) Балаларына: “Әй балаларым! Қалаға бір қақпадан кірмей бөлек-бөлек қақпалардан кіріңдер. Онымен қатар сендерден Алланың бұйрығынан еш нәрсені кетіре алмаймын. Үкім Аллаға ғана тән. Оған тәуекел еттім. Сондай-ақ тәуекел етушілер Оған тәуекел етсін” деді. (67) Олар, әкелерінің әмірінше, кірген болса да олардан Алланың тағдырынан ешнәрсені кетіре алмайтын еді. Бірақ Яғқұп (Ғ.С.) көңліндегі бір қажетін ғана атқарған болды. Өйткені ол, біз үйреткендіктен білім иесі еді. Алайда, оны адамдардың көбі білмейді. (68) Олар Юсыптың жанына кіргенде, Юсып туысын (Бінямынды) өз қасына алып: “Мен, сенің ініңмін. Олардың істегендеріне кейіме” деді. (69) Юсып (Ғ.С.) олардың нәрселерін қамдағанда, су ыдысын өз туысының жүгінің ішіне қойып, олар жүрген соң бір айғайшы: “Әй керуенші! Сендер анық ұрысыңдар!” деп айғайлады. (70) Олар, бұларға бұрылып: “Не нәрсе жоғалттыңдар?”, – деді. (71) Бұлар: “Патшаның су ыдысын жоғалттық. Оны әкелген кісіге бір түйе жүк сыйлық бар. Әрі мен оған жауаптымын” деді. (72) Олар: “Аллаға ант етеміз. Расында бұл жерге бұзақылық үшін келмегенімізді әрине білдіңдер. Сондай-ақ біз ұры емеспіз” деді. (73) Бұлар: “Егер өтірікші болсаңдар, оның жазасы не?”, – деді. (74) Олар: “Оның жазасы, кімнің жүгінен шықса, сонда оның өзі жазалы. Біз залымдарды осылайша жазалаймыз” деді. (75)

Өз туысының жүгінен бұрын олардың жүгін тінте бастап, сонсоң оны туысының жүгінен шығарды. Осылайша Юсыпқа әдіс үйреттік. Өйткені, Алла қаламайынша патшаның заңында туысын алып қала алмас еді. Қалаған кісіміздің дәрежелерін көтереміз. Сондай-ақ әр ілім иесінің үстінде бір білуші бар. (76) Олар: “Егер бұл ұрлық қылса, әрине туысы да бұрын ұрлық қылған болатын” деді. Сонда Юсып (Ғ.С.) ол сөзді жүрегінде сақтап, оларға әшкерелемеді. (Ішінен): “Сендер тағы жаман орындасыңдар. Алла айтқандарыңды жақсы біледі” деді. (77) Олар: “Әй қожайын! Бұның кәрі әкесі бар. Сондықтан оның орнына бірімізді ал. Шын мәнінде біз сені игілік істеушілерден көреміз” деді. (78) (Юсып Ғ.С.): “Нәрсемізді жанынан тапқан адамнан басқаны алып қалудан алудан Аллаға сиынамыз. Біз ол уақытта анық залымдардан боламыз” деді. (79) Олар, Юсыптан күдер үзген сәтте, оңашаланып кеңесті. Олардың үлкені: “Білмейсіңдер ме? Расында әкелерің сендерге байланысты Алланың атымен серт алған. Сондай-ақ бұрын Юсып жайында орасан айыптысыңдар. Сондықтан маған әкем рұқсат бергенге немесе мен үшін Алла бір үкім қылғанға (өлгенге) дейін осы жерден әсте айрылмаймын. Ол Алла үкім етушілердің ең жақсысы” деді. (80) “Сендер әкелеріңе қайтыңдар да: Әй әкеміз! Шын мәнінде ұлың ұрлық қылды. Біз білгенімізге ғана айғақпыз. Сондай-ақ біз көместі білмейміз деңдер.” (81) “Ал біз ішінде болған қаладан және бізге кездескен керуеннен сұра. Сөз жоқ, біз шын айтамыз” (82) (Яғқұп Ғ.С.): “Олай емес. Сендерді нәпсілерің бір іске қызықтырған екен. Енді маған көркем сабыр керек. Бәлкім Алла олардың бәрін маған келтірер. Өйткені, Ол толық білуші, хикмет иесі” деді. (83) (Яғқұп Ғ.С.) олардан теріс айналып: “Ой қайран Юсып!”, – деп күйіктен көздері ағарып, сонда ол қасіреттеніп іштей тынды. (84) Олар, әкелеріне: “Аллаға ант етеміз. Күйіктен ерігенге немесе типыл болғанға дейін Юсыпты жоқтай бересің” деді. (85) (Яғқұп Ғ.С.): “Мен күйзелісімді де күйінішімді де Аллаға ғана шағамын. Әрі Алладан сендер білмеген нәрсені білемін” деді (86) “Әй ұлдарым! Барыңдар да Юсыпты және туысын іздестіріңдер! Сондай-ақ Алланың мәрхаметінен күдер үзбеңдер. Өйткені, Алланың рахметінен, қарсы болған қауым ғана күдер үзеді…” (87) Олар, Юсып (Ғ.С.) қа барып, кірген сәтте: “Әй қожайын! Бізге және семьямызға ашаршылық тиді. Онымен қатар мардымсыз бір нәрсемен келдік. Сонда да толық өлшеп бер. Тіпті бізге садақа да бер. Күдіксіз Алла, садақа берушілерді сыйлайды” деді. (88) (Юсып Ғ.С.): “Сендер білместіктен Юсыпқа және туысына не істегендеріңді білесіңдер ме?”, – деді. (89) Олар: “Сен өзің шын Юсыпсың ба?”, – деді. “Мен Юсып, мынау туысым. Расында Алла бізге игілік қылды. Шын мәнінде кім Алладан сақсынса, сабыр етсе, күдіксіз Алла жақсылық істеушілердің еңбегін зая қылмайды” деді. (90) Олар: “Аллаға ант етеміз. Рас Алла сені бізге ықпалды етті. Өйткені, біз күнәкар едік” деді. (91) (Юсып Ғ.С.): “Бүгін сендерге сөгіс жоқ. Алла сендерді жарылқайды. Ол мейірімділердің ең мейірімдісі” деді. (92) “Енді мына жейдемді апарып, әкемнің бетіне қойыңдар; көзі көруге келеді. Біртұтас үй-іштеріңмен маған келіңдер” деді. (93) Керуен Мысырдан айрылып шыққан кезде, олардың әкесі (Яғқұп Ғ.С.): “Егер алжыды демесеңдер шын мәнінде мен Юсыптың иісін алып отырмын” деді. (94) Ел: “Аллаға ант етеміз. Әрине сен бұрыңғы жан-сақтықтасың” деді. (95) Сүйіншіші келген сәтте, жейдені Яғқұп (Ғ.С.) тың бетіне қоя сала көзі көруге айналды: “Сендерге Алла тарапынан сендер білмейтін нәрсені білемін демеп пе едім?” деді. (96) Ұлдары: “Әй әкеміз! Біздің күнәларымыздың жарылқануын тіле! Расында біз қателескен едік” деді. (97) Яғқұп (Ғ.С.): “Сендер үшін Раббымнан жарылқау тілеймін. Өйткені, Ол аса жарылқаушы, ерекше мейірімді” деді. (98) Олар, Юсып (Ғ.С.) тың қасына барғанда әке-шешесін өз қасына алды да: “Алланың қалауы бойынша Мысырға бейбіт түрде кіріңдер” деді. (99) Әке-шешесін таққа көтерді. Барлығы Алла үшін сәждеге жығылды. (Юсып Ғ.С.): “Әй әкетайым! Міне бұрыңғы көрген түсімнің жоруы. Рас оны Раббым ақиқатқа шығарды. Сондай-ақ шайтан туыстарым мен менің арамды бұзғаннан кейін, мені абақтыдан шығарып, сахарадан сендерді келтіріп, маған рас игілік етті. Күдіксіз Раббым қалағанына өте мейірімді. Ол толық білуші, хикмет иесі.” (100) “Раббым маған патшалық бердің және түстердің жоруын үйреттің. Көктер мен жердің жаратушысы, Сен дүние, ақыретте иемсің. Мені бой ұсынған күйде өлтіріп, игілерге қос!” (101) (Мұхаммед Ғ.С.) саған бұл қиссаны көмес хабарлардан уахи етеміз. Олар іс жүзінде бірлесіп (Юсыпқа) мекерлік жасағанда, жандарында болмаған едің. (102) Сен, қанша ынтазар болсаң да, адамдардың көбі иман келтірмейді. (103) (Істегендеріңе) олардан ақы сұрамайсың. Ол Құран бүкіл әлемге тән үгіт. (104) Көктерде және жерде қаншалаған дәлел бар. Адамдар оған көңіл бөлмей өтеді. (105) Олардың көбі Аллаға иман келтірмейді. Сондай-ақ олар ортақ қосады. (106) Ал олар, Алланың баурап алушы азабынан немесе кенеттен сезбеген түрде қияметтің келіп қалуынан қауіпсіз болды ма? (107) (Мұхаммед Ғ.С.): “Менің жолым осы. Алла жаққа шақырамын. Мен және маған ергендер, ашық дәлел үстінде. Алланы пәктеймін. Сондай-ақ серік қатушылардан емеспін” де. (108) Сенен бұрын да кенттердің халқынан өздеріне уахи етіп, еркектерді ғана жібердік. Ал енді олар өздерінен бұрынғылардың соңының не болғанын жер жүзін кезіп көрмей ме? Әрине ақырет жұрты тақуалар үшін қайырлы, түсінбейсіңдер ме? (109) Хатте пайғамбарлар күдер үзіп, олар шын мәнінде жасынға шығарылдық деп ойлаған кезде, өздеріне жәрдеміміз келген еді де сонда қалағанымыз құтқарылды. Сондай-ақ бейнетіміз күнәкар қауымнан қайтарылмайды. (110) Әрине пайғамбарлардың қиссаларында ақыл иелері үшін өнеге бар. Құран бір жасама сөз емес. Бірақ өзінен бұрынғы кітаптарды растайды. Сондай-ақ иман келтірген ел үшін әр нәрсені ашықтайтын тура жол және игілік. (111)

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Әлиф Ләм Мим Ра. Бұл Құранның аяттары. (Мұхаммед Ғ.С.) саған Раббың тарапынан түсірілген ақиқат. Бірақ адамдардың көбі сенбейді. (1)Ол сондай Алла, көктерді тірексіз көтерді; көріп тұрсыңдар. Сонсоң аршыға көтеріліп, күн мен айды іске қосты. Олардың әрбірі бір белгілі мерзім үшін жүреді. Бүкіл істерді Ол, жолға қойып, аяттарды ашық баян етеді. Әрине Раббыларыңа кездесетіндеріңе нанарсыңдар. (2)Тағы Ол сондай Алла, жерді төсеп, онда асқар таулар, өзендер жаратты. Әрі онда әртүрлі жемістерден екіден жұп етті. Түнді күндізге жабады. Шынында бұнда ойланатын қауым үшін дәлелдер бар. (3) Жер жүзінде көршілес құрылықтар, жүзім бақшалары, егіндер және ашалы, ашасыз құрманың ағаштары бар. Бәрі бір сумен суарылады да жемістерін бір-бірінен арылтамыз. Сөз жоқ, бұнда түсінген ел үшін дәлелдер бар. (4) (Мұхаммед Ғ.С.) егер таңғалсаң олардың: “Біз бір топырақ болған кезде, жаңадан жаратыламыз ба?”, – деген сөздеріне таңырқау керек. Міне бұлар Раббыларына қарсы болғандар. Әрі бұлар мойындарында темір шынжырлар болатындар. Сондай-ақ бұлар тозақтықтар. Олар онда мәңгі қалады. (5) (Мұхаммед Ғ.С. ажыуа түрінде) олар сенен жақсылықтан бұрын жедел жамандық тілейді. Расында бұлардан бұрын ғибрат аларлық мысалдар өткен болатын. Шәксіз Раббың, адам баласының зұлымдықтарына қарсы жарылқау күшіне ие. Сондай-ақ Раббыңның азабы да қатты. (6) Сондай қарсы болғандар: “Оған Раббыңнан бір мұғжиза неге келмейді?”-дейді. Шын мәнінде сен бір ескертушісің. Сондай-ақ әр елдің бір жолбасшысы бар. (7) Алла (Т.) әр ұрғашы жыныстың неге жүкті болғандығын және жатырлардың нені кемітіп, нені арылтқанын (нені туып, нені қойғанын) біледі. Оның жанында әр нәрсе өлшеулі. (8) (Ол) көместі, көрнеуді білуші. Аса ұлы, өте жоғары. (9) Сендерден кім сөзді жасырса да жарияласа да және кім түнде жасырынып, күндіз шықса да Аллаға бәрі бірдей. (10) Әркімнің алды-артынан Алланың әмірі бойынша, өкшелеп, қорғаушы (періштелер) бар. Расында бір қауым, өзін өзгертпейінше Алла, оны өзгертпейді. Сондай-ақ егер Алла, бір қауымға бейнет тілесе, Сонда оны ешбір қайтарушы жоқ. Әрі олар үшін Алладан өзге бір жәрдемші де жоқ. (11) Ол сондай Алла, сендерге қорқу және үміт түрінде найзағайды көрсетіп, жаңбыр толы ауыр бұлттарды пайда қылады. (12) Көктің гүрілі дәріптеп, періштелер қорқып, Алланы пәктейді. Алла, найзағайларды жіберіп, қалағанына тигізеді. Олар, Алла жайында таласады. Негізінде Алла, орасан күшке ие. (13) Шынайы тілек Аллаға тән. Олардың Алладан өзге тілегендері, оларға ешбір жауап бермейді. Олар судың ауыздарына келуі үшін алақандарын жайған тәрізді. Тіпті су оған жетіп келмейді. Өйткені, кәпірлердің тілегі мүлде қаңғырыс. (14) Көктердегі және жердегі әркім әрі көлеңкелері, ерікті, еріксіз түрде ертелі-кеш Аллаға сәжде қылады. (15) (Мұхаммед Ғ.С.) олардан: “Көктер мен жердің Раббы кім?”, – деп сұра да: “Алла!”, – деп жауап бер. “Алланы қойып, тіпті өздеріне де пайда, зиян келтіре алмайтындарды ие қылып алдыңдар ма?”, – де. “Көрмейтін мен көретін немесе жарық пен қараңғылықтар тең бе?”, – де. Я болмаса, олар Аллаға, Оның жаратқанындай жарататын жаратулары, Алланың жаратуына ұқсас ортақтар қоса ма? (Оларға) айт: “Әр нәрсені жаратушы Алла. Ол жалғыз, аса өктем”. (16) Ол көктен жаңбыр жаудырды да ойпаттар өз өлшеуі бойынша сел болып, көпірген көбікті қалқытып ақты. Сондай-ақ сәндік-бұйым немесе аспап жасау үшін оған от жағып, еріткен металдарда да сондай көбік болады. Алла ақиқат пен жасандыны осылайша мысалдайды. Ал енді көбік кеуіп, ұшып кетеді де адам баласы пайдаланатын нәрсе жер бетінде тұрып қалады. Осылайша Алла мысал береді. (17) Раббыларына бағынғандар үшін игілік бар. Ал Оған бағынбағандар, егер біртұтас жер жүзіндегі нәрселер және онымен бірге тағы сондай нәрсе олардікі болса да (өздерін құтқару үшін) төлеуге берер еді. Міне солар үшін есептің жаманы болады. Олардың орындары тозақ; нендей жаман орын. (18) (Мұхаммед Ғ.С.) шын мәнінде Раббың тарапынан саған түсірілгенді шындық деп білген кісі, соқыр кісімен тең бе? Бұны ақыл иелері ғана түсінеді. (19) Олар, сондай Алланың уәдесін орындағандар әрі серттерін бұзбағандар. (20) Олар, Алланың жалғастырылуын әмір еткен нәрсесін жалғастырып, Раббыларынан қорқа отырып, есебінің жаман болуынан қауіптенгендер. (21) Раббыларының ризалығын іздеп, сабыр еткендер, намазды толық орындап, өздеріне берген несібемізден көрнеу, көмес пайдаландырғандар және жақсылық арқылы жамандықты кетіргендер, міне ақырет жұртының табысы солардікі. (22) Олар Ғадын атты жаннаттарға кіреді. Аталарынан, жұбайларынан және ұрпақтарынан кім түзу болса, олар да кіреді. Періштелер әр есіктен олардың үстіне кіреді. (23) “Сабыр еткендіктерің үшін, Алланың есендігі сендерге болсын! Соңғы жұрт нендей жақсы” (дейді). (24) Сондай, Аллаға берген серттерін бекіткеннен кейін бұзғандар және Алланың, бірлесуін бұйырған нәрселерді бөлгендер әрі жер жүзінде бұзақылық істегендер, міне лағынет осыларға. Сондай-ақ мекеннің жаманы солардікі. (25) Алла (Т.) қалаған кісісінің несібесін кеңітіп, тарылтады. Олар, дүние тіршілігіне мәз болды. Негізінде дүние тіршілігі; ақыреттің жанында тек қана бір күн көріс. (26) Қарсы болғандар: “Пайғамбарға, Раббы тарапынан бір белгі неге түсірілмеді?”, – дейді. (Мұхаммед Ғ.С.): “Расында Алла, кімді қаласа адастырады да өзіне бұрылғанды тура жолға салады” де. (27) Сондай иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады. (28) Сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, шаттық та көркем орын да солардікі. (29) (Мұхаммед Ғ.С.) осылайша, саған уахи еткенімізді, Аллаға қарсы келгендерге оқуың үшін бір елге жібердік. Одан бұрын да көптеген елдер өткен болатын. Оларға: “Ол, менің Раббым, Одан басқа тәңір жоқ. Оған тәуекел қылдым. Қайтар жерім де Сол” де. (30)

Олар, егер Құран арқылы таулар жүргізіліп, жер бөлшектеніп және өліктер сөйлестірілсе де (сенбейді). Алайда, барлық іс Аллаға тән. Мүміндер аңғармады ма? Алла қаласа еді, адамдарды тұтас тура жолға салар еді. Қарсы болғандарға Алланың уәдесі келгенге дейін қылықтарының салдарынан үнемі соққы жетеді немесе жұрттарының маңына түседі. Күдіксіз Алла серттен таймайды. (31) Расында сенен бұрын келген пайғамбарлар да тәлкек қылынған болатын. Сонда қарсы болғандарға кеңшілік беріп барып сонсоң оларды қолға алдым. Азабым қандай? (32) Әркімнің істеген ісін бақылаушы Алла емес пе? Сонда да олар, Аллаға ортақтар қосты. (Мұхаммед Ғ.С.): “Олардың аттарын атаңдар!”, – де. Аллаға жер жүзінде білмейтін бір нәрсенің хабарын беріп отырсыңдар ма? Немесе бос бір сөзбен (ортақ қосасыңдар ма?) Олай емес, кәпірлерге айлакерліктері әдемі көрсетілді де тура жолдан тосылды. (33) Оларға дүние тіршілігінде азап бар. Әрине ақыретте азабы тағы қатты. Сондай-ақ оларды, Алладан ешбір қорғаушы жоқ. (34) Сондай тақуалар үшін әзірленген жұмақтың мысалы: астынан өзендер ағады. Оның жемістері және көлеңкелері мәңгілік. Міне, Алладан қорыққандардың соңы. Қарсы келушілердің орны тозақ. (35) (Мұхаммед Ғ.С.) өздеріне Кітап бергендеріміз саған түсірілген Құранға қуанады. Онымен қатар қарсы топтардан Құранның кей жерін мойындамайтындар да бар. Оларға: “Шын мәнінде Аллаға құлшылық қылуға әрі Оған ешбір ортақ қоспауға бұйырылдым. Мен Ол жаққа шақырамын. Және қайтар жерім де Сол жақ” де. (36) Осылайша, Құранды, арапша үкім түрінде түсірдік. Саған ғылым келгеннен кейін, олардың көңілдері ауған тарапқа ілессең, сені Алладан арашалайтын бір дос не қорғаушы болмайды. (37) Расында сенен бұрын да пайғамбарлар жібергенбіз. Оларға да жұбайлар, ұрпақтар бергенбіз. Ешбір пайғамбар, Алланың рұқсатынсыз бір аят келтіре алмайды. Әр нәрсенің мезгілі жазулы. (38) Алла (Т.) қалағанын өшіреді де қалдырады. Негізгі Кітап, Оның қасында. (39) (Мұхаммед Ғ.С.) оларға уәде етілген кейбір уақиғаны, саған көрсетсек те, не саған көрсетпей өлтірсек те негізінде саған жалғастыру ғана міндет. Есебі, бізге тән. (40) Олардың жеріне келіп, әр тараптан кеміткенімізді көрмей ме? Үкімді Алла береді. Оның үкімін тойтарушы жоқ. Ол, есепті тез көруші. (41) Расында бұлар да, бұлардан бұрынғылар да мекерлік қылған. Дегенмен барлық шаралар Аллаға тән. Алла (Т.) әркімнің не істегенін біледі. Қарсы болушылар жақында дүниенің соңының кімдікі екенін біледі. (42) Қарсы болғандар: “Сен Пайғамбар емессің” дейді. (Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Мені мен сендердің арамызға куәлік жөнінде Алла және Кітапты білгендер жетік.” де (43)

 

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Әлиф Ләм Ра. (Мұхаммед Ғ.С.) Бұл Құран адамдарды, Алланың рұқсатымен, қараңғылықтардан жарыққа, сондай-ақ үстем әрі мақтауға лайық Алланың жолына шығаруың үшін біз саған түсірген бір Кітап. (1)Ол сондай Алла, көктердегі және жердегі нәрселер Онікі. Кәпірлерге болатын қатты азаптан нендей өкініш! (2)Олар, сондай ақыретке қарағанда, дүние тіршілігін жақсы көреді. Сондай-ақ Алланың жолынан тосып, оның қисаюын қалайды. Осылар, ұзақ қаңғырыста. (3) Әр пайғамбарды ашық түсіндірсін деп; елінің тілінде ғана жібердік. Алла кімді қаласа, адастырады да, кімді қаласа, тура жолға салады. Ол, өте үстем, аса дана. (4) Расында Мұса (Ғ.С.) ны: “Еліңді қараңғылықтардан жарыққа шығар. Алланың күндерін ескерт” деп, мұғжизалармен жібердік. Шәксіз мұнда; бейнетке сабыр етіп, нығметке шүкіршілік етушілер үшін өнегелер бар. (5) Сол уақытта Мұса (Ғ.С.) еліне: “Алланың сендерге берген ырысын еске алыңдар. Өйткені, сендерді Перғауынның сыбайластарынан құтқарды. Олар, сендерді жаман қинаумен ұстаушы еді. Ұлдарыңды бауыздап, әйелдеріңді тірі қоятын еді. Міне, бұнда сендерге, Раббыларың тарапынан үлкен сынау бар.” (6) Сол уақытта Раббыларың: “Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал, егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатты” деп жариялады. (7) Мұса (Ғ.С.): “Сендер және біртұтас жер жүзіндегі әркім қарсы келсеңдер де Алла анық мұңсыз, мақтауға лайық.” (8) Сендерге өздеріңнен бұрынғы Нұх, Ғад, Сәмүд және сондай-ақ олардан кейінгілердің хабары келмеді ме? Оларды Алла ғана біледі. Оларға пайғамбарлары мұғжизалармен келген еді. Олар саусақтарын ауыздарына апарып (бармақтарын тістеп): “Шынында біз сендер арқылы жіберілген нәрсеге қарсымыз. Сондай-ақ сен бізді шақырған нәрсеге, әлбетте шәкте және күдіктіміз” деді. (9) Олардың пайғамбарлары: “Көктер мен жерді жаратушы Алла жайында күмәнданасыңдар ма? Ол күнәларыңды жарылқауға және сендерді белгілі бір мерзімге дейін кешіктіруге (кеңшілік етуге) шақырады” деді. (Олар пайғамбарларына): “Сендер де біздей-ақ адамсыңдар. Бізді ата-бабаларымыздың табынған нәрселерінен тосқыларың келе ме? Бізге ашық бір дәлел келтіріңдер” деді. (10) Пайғамбарлары оларға: “Әрине біз сендер құсаған адам баласымыз. Бірақ Алла (Т) құлдарынан кімді қаласа, соны сыйлыққа бөлейді. Алладан бұйрықсыз біздің сендерге бір мұғжиза келтіруіміз мүмкін емес. Мүміндер Аллаға ғана тәуекел етсін” деді. (11)“Расында, бізге тура жолдарымызды көрсеткен Аллаға сенім артпайтын не болды? Бізге тарттырған жапаларыңа әлбетте сабыр етеміз. Ендеше, Аллаға сенім артушылар тәуекел етсін” (деді). (12) Ал қарсы болғандар пайғамбарларына: “Әлбетте сендерді жерімізден шығарамыз немесе дінімізге қайтасыңдар” деді. Сондықтан оларға, Раббылары: “Әлбетте залымдарды типыл қыламыз” деп уахи етті. (13) “Әлбетте ол жерге олардан кейін сендерді орналастырамыз. Бұл құзырымнан сескеніп, ескертуімнен қорыққандығы үшін…”(14) (Пайғамбарлар) Алладан көмек тіледі де зорекер қасарысқанның барлығы зиянға ұшырады. (15) Оларға оның артынан тозақ бар. Және іріңнің суы ішкізіледі. (16) Оны жұтуға тырысады, оны тамағынан өткізе алмайды. Сондай-ақ оған әр тараптан өлім келеді. Ол өле алмайды. Тағы оның артынан ауыр азап келеді. (17) Сондай Раббыларына қарсы келгендердің амалдарының мысалы; Боранды күнде жел ұшырған күл сияқты. Еңбектерінен ешбір пайда көре алмайды. Міне! Осы, ұзақ қаңғырыс. (18) (Мұхаммед Ғ.С.) Алланың көктер мен жерді шындық бойынша жаратқанын көрмедің бе? Егер қаласа, сендерді кетіріп, жаңадан халық келтіреді. (19) Бұл Алла (Т.) ға елеулі жұмыс емес. (20) Барлығы Алланың құзырына шығып, сонда нашарлары, үлкенсігендерге: “Біз сендерге еріп едік. Ал сендер, бізден Алланың азабынан еш нәрсе кетіре аласыңдар ма?”, – дейді. Олар: “Алла бізді егер оңғарған болса еді, әрине біз де сендерді оңғарар едік. Енді біз бай-байласақ та шыдасақ та бәрі бір. Құтылар жеріміз жоқ” дейді. (21) Іс біткен заман шайтан: “Расында Алла сендерге шындықты уәде етті. Сондай-ақ мен де сендерге уәде етіп, опасыздық еттім. Негізінде, сендерді шақырғаннан басқа өктемшілігім жоқ еді. Сонда да шақыруымды қабыл алдыңдар. Ендеше, мені сөкпеңдер де өздеріңді сөгіңдер. Мен сендерді құтқара алмаймын. Сондай-ақ сендер де мені құтқара алмайсыңдар. Расында, бұрыннан да мені Аллаға ортақ қосуларыңа қарсы едім” дейді. Сөз жоқ залымдарға жан түршігерлік азап бар. (22) Сондай иман келтіріп ізгі іс істегендер, Раббыларының рұқсатымен ішінде мәңгі қалатын, астынан өзендер ағатын жаннаттарға кіргізіледі. Олардың жаннаттағы амандасулары “сәлем” болады. (23) (Мұхаммед Ғ.С.) көрмейсің бе? Алла қандай мысал берді: Көркем сөз, тамыры мықты, бұтағы көктегі бір көркем ағаш тәрізді. (24) Ол (ағаш) Алланың бұйрығынша, әр уақыт жемісін береді. Алла (Т.) адам баласына насихат алуы үшін мысал келтірді. (25) Ал енді (Аллаға серік қатылған) жаман сөз, жердің бетінен қопарылған орнықсыз ағаш сияқты. (26) Алла (Т.) сондай иман келтіргендерді, дүние тіршілігінде де, ақыретте де мықты сөзбен бекітеді. Алла залымдарды адастырады. Сондай-ақ Алла қалағанын істейді. (27) (Мұхаммед Ғ.С.) сондай Алланың нығметтеріне шүкір етуді, қарсы болуға ауыстырған және қауымдарын, құритын жұртқа итергендерді көрмейсің бе? (28) Олардың жұрты жаһаннам нендей жаман орын. (29) Олар, жолдан адастыру үшін Аллаға теңдестер жасайды. Оларға: “Күн көре тұрыңдар! Қайтар орындарың тозақ” де. (30) Сондай иман келтірген құлдарыма айт: “Намазды толық орындасын. Сондай-ақ бір нәрсені айырбастауға және достық болмайтын бір күннің келуінен бұрын өздеріне берген несібемізден тиісті орынға көрнеу, көмес жұмсасын”. (31) Сондай Алла (Т.) көктер мен жерді жаратып, аспаннан жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендерге ризық үшін өнімдерді шығарды. Онымен қатар өз әмірімен теңізде жүргізу үшін кемелерді еріктеріңе берді. Әрі өзендерді де сендерге бағындырды. (32) Ол Алла (Т.) сендердің пайдаларың үшін, тұрақты түрде күн мен айды іске қосып, түн мен күндізді де іске қосты. (33) Әрі сендерге өзінен сұраған нәрселеріңнің бәрінен берді. Егер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар. Расында адам баласы өте ынсапсыз, аса шүкірсіз. (34) (Мұхаммед Ғ.С) сол уақытта Ыбырайым (Ғ.С.): “Раббым! Осы Мекке қаласын бейбіт қыл! Мені және ұлдарымды пұттарға шоқынудан ұзақ қыл!” (35) “Раббым, олар адамдардың көбін адастырды. Ал енді біреу маған ерсе, рас ол менен. Тағы біреу маған қарсы келсе онда Сен өте жарылқаушы, ерекше мейірімдісің”. (36)“Раббымыз! Ұрпақтарымның кейбірін егінсіз ойпатқа, құрметті үйің (Қағба)ның жанына орналастырдым. Раббымыз! Олар намазды оқитын болсын! Енді адамдардың көңілін оларға ауатын қыл! Сондай-ақ оларды, жемістермен ризықтандыр! Әрине олар шүкіршілік етер”. (37) “Раббымыз! Күдіксіз, Сен жасырын, әшкерелерімізді білесің. Жердегі, көктегі нәрселер Аллаға жасырын емес”. (38) “Барлық мақтау маған қартайған шағымда Ысмайыл мен Ысхақты берген Аллаға тән. Күдіксіз Раббым тілекті естуші”. (39) “Раббым! Мені әрі ұрпақтарымды намазды толық орындаушы қыл! Раббымыз! Тілегімді қабыл айла!” (40) “Раббымыз! Есеп құрылатын күні, мені, әке-шешемді және мүміндерді жарылқа!”, – (деді). (41) (Мұхаммед Ғ.С.) Алла (Т.) залымдардың істегендерінен кәперсіз деп әсте ойлама! Шынында Алла, оларды көздер шарасынан шығатын бір күнге дейін кешеулетеді. (42) (Сол күні) олар бастарын қақшитып, олардың көздері өздеріне де қайрылмай және жүректері ұшып, жүгіріп бара жатады. (43) Адамдарды, оларға азап келетін күннен қорқыт! Сондай залымдық қылғандар (сол күні): “Раббымыз! Бізді жақын бір мерзімге дейін кешіктір. Шақыруыңды мақұлдап, пайғамбарларыңа ерейік” дейді. (Оларға): “Бұрын өздеріңе ешбір зауал болмайтынына ант ішпеп пе едіңдер?”, – (делінеді). (44) Сендер өздеріне зұлымдық қылғандардың жұрттарында отырдыңдар. Оларға қалай істегеніміз сендерге аян болды. Сендерге өнегелі мысалдар бердік. (45) Олар түрлі мекерлік істеді. Негізінде олардың мекерліктері тіпті тауларды қозғалтатын болса да мекерліктерін Алла іске асырмайды. (46) (Мұхаммед Ғ.С.) Алла пайғамбарларына еткен уәдесінен таяды деп ойлама! Шәксіз Алла өте үстем, өш алу күшіне ие. (47) О күні, жер басқа жерге, көктер де басқаға ауыстырылады. Әлем, жалғыз, өктем Алланың құзырына шығады. (48) Сол күні, күнәкарлардың шынжырларға маталғанын көресің. (49) Олардың көйлектері қара майдан болады да олардың беттерін от шалады. (50) Өстіп, Алла тез есептеуші. (51) Бұл (Құран) адам баласына бір құлақтандыру. Бұл арқылы сескенсін және шын мәнінде Алланың жалғыз Тәңір екенін білсін. Әрі ақыл иелері үгіт алсын. (52)




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-27; Просмотров: 382; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.021 сек.