КАТЕГОРИИ: Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748) |
В глазах знатаков 40 страница
Соның бірі-Абайдың исламият дүниесі мен түркі әлемінен тартқан тамыры. Түркілік дүние танымының тамырын таппай Абайды танып-білу мүмкін емес. Ол-ақыл бәйтерегіне тамырсыз тамсанғанымен бірдей. Тағдырдың тәлкегіне орай дана Абайды дәл осылай "таным тамырынсыз" талдап, түсіндіріп келдік. Өйткені түркі жұрты даналыққа дәрменсіз, ақыл-ойға қабілетсіз деген, сол арқылы олардың ұлттық намысын, өзіне деген сенімін өлтіріп, дербес өмір сүре аламыз-ау деген үмітін өшірмек болған нәсілдік өктемдік өңешті жыртты. Дауысты тұншықтырды. Бұл қастандық Мұхтар Әуезовке де жасалды. Бірақ, қазақтың, Абайдың бақталайына орай амалын тауып аман қалды. Сондықтан да ұлы ойшыл өзінің бар талант-қуатын "Абай жолы" эпопеясына жұмсап, іштегі запыранын төкті. Онда да мысқылдап отырып шығаруға мәжбүр болды. Қарсылықты-қаскүнемдік туғызады. Өшпенділікті – өктемдікті қоздырады. Исі ислам дүниесі мен түркі тектес ұлттарды басып-жаншып, басыбайлы етіп, тұқыртып тұншықтыруға тырысқан шіркеулік һарам пиғыл мен жаһангерлік отарлау саясаты, өздері түркі жұртына бодан болған заманның кегін қайтарудан туған нәсілдік өшпенділік – исламият пен түркілік қозғалысты өмірге әкелді. Бұл – ғазғауат та, түрікшіл ортақ майдан да емес, кәдімгі, рухани қарсылық болатын. Діні, тегі, тілі жат жұртқа жасаған шабуыл емес, керісінше, дінін, ата тегін, ана тілін сақтап қалуға ұмтылған рухани қозғалыс еді. Өйткені ислам мен түркілердің бірлік нысанасы Римде немесе Ресейде насихатталған жоқ. Ол өзінің тарихи таным кеңістігінде, тарихи ұлттық Отанында ұрығын септі. Арандату, аздыру, ыдыратып-қоздыру, қырып-жою, шоқындыру, тәуелдендіру іспетті қастандық әрекеттер сол жаншылған ұлттың ішінде зорлықпен, діні, тегі, тілі жат сыртқы жұрттың зорлығымен жүргізілді. Бұғауға көнгенімен де былауға көнетіндей түркі тектілер мүлдем мәңгүрттеніп кете қойған жоқ болатын. Олардың да арасынан Шаһабуддин Маржани, Каюм Насири, Исмағұл Таспаралы, Абай, Ата Түрік сияқты "ақылдың кені" шықты. Олар ұлттың санасын оятып, екі түрлі ұлы қауіптен: дінді уағыздай отырып тілін ұмыттырған "арабияттың" (М.Әуезов) рухани жалауынан; дініне де, тегіне де, тіліне де, жеріне де өктемдік жасамақ болған ресейлік жаһангерліктен сақтап қалды. Алдыңғы қауіп-Түркияға, Әзірбайжанға, Шығыс Түркістанға төнсе, екіншісі-мұқым Шығыс, Орта, Батыс Түркістанның, Ібір-Сібір елінің басына қарғыс үкіміндей боп үйірілді. Бұл пиғылды ұлы Мұхтар Әуезов дер кезінде ашық жария етпегенімен, шәкірттерге арналған дәрісінде айтып, дәптеріне: "... Жүз жыл бойында орыс әдебиеті патшаға қарсы ереуіл ойдың үлгісі болған. Осыны түсінген бұратана елдегі азаматтар қазақ елінде де шыға бастаған. Тілі бір, тарихы жақын түрік, қырғыз, өзбекті алсақ тез ояна қойған жоқ, ертерек оянған қазақ халқы болды... Шоқанның осындай жолға түсуі, тарихтың қалай көшетінін түсінгені. "Зар заман" ақындары таба алмаған жолды осылар табуы керек еді... Ертеде арабтан көп мәдениет тараса, бұл шама оның тоқтаған кезі болатын. Иран мәдениеті де музейдің ішінде сақталған мәдениет сияқты. Шағатай, түрік тілін алсақ, бұл тілдегі әдебиет те әлсіз еді. Орта ғасырда шағатай мәдениетінің тарап, бірнеше ақынның шыққан кезі. Бұл 400-550 жыл бұрын болған әдебиет мұралары. XVIII ғасырда сол ертедегіні қайталап қана жырлады. Шығыста да батыстың қысымына қарсы қозғалыс болған. Бұл ескі режимді қайта құру негізінде болды. Дінді қолдарына ту етіп ұстады. Еуропаның өнерінен қашпау керек. Бірақ, (оны) алғанда исламды күшейту үшін алу керек дейді. Мысырдан Мұхамед Ғабдуку шықты. Бірнеше медіреселер болды. Мұсылманшылықтың логика, философиясын оқыды. Бірақ ертеде жазылған кітаптан ғана оқыды. Онан тысқары кете алмады. Панисламизм көтерілісі Ресейде пантюркизм деген қозғалыстың тууына әсер етті. Халықты діні арқылы үгіттеді. Абай, Ыбырай сияқты жаңа дүниеге жаңа көзқарас туғызу керек деген ұғымды бастаушы аз болды",- деп жазды. Емеурін танытып қана кеткен Мұхтар Әуезовтің құпия көмбесінің бірі, міне, осы ұзақ үзіндідегі пікір. Исі түркістандық ұлттардың маңдайына қарғыс таңбасындай басылған, еуропашылдық шовинистік қастандық пен шіркеулік аяр пиғылдан өршіген, қасақана арандату үшін тасталған: "пан-исламизм, пан-тюркизм – деген атышулы қастаншықпағыр ұран осылай туды. ХІХ-ХХ ғасырдағы түркі жұртының басына төнген жан алғыш Әзірейіл осы екі "пан-... изм" болды. Бұл обадан бетер қауіп төндірді. Ұлтының ең кекті, зиялы, рухы күшті зиялыларын отап түсірді. Ел "өңшең нольдің" ортасында "бір кемелсіз" қалды. "Жынды су" ішкен машайықтар құсап "есті кісіні" (Абай) ойранға ұшыратты. Көшеге сүйреп шығарып, таспен атып өлтірді. "Ақ", "қызыл" жаһангерлердің "түрмесіне сап қинауын" (А.Байтұрсынұлы) қозғап, жұлын-жүйкені тоздырмай-ақ қоялық. Мұндай рухқа, ұлтқа, дінге нәсілдік һасап жариялаған қасапхана-қоғамға Мұхтар Әуезов те жария түрде қарсылық білдіре алмады. Өйткені, ол сол "қасапхананың" түрмесінде екі жыл жатып, жүрегін тітіркендіріп алып еді. Сондықтан да ақыл-айламен айтар ойының, ащы запыранының барлығын Абай арқылы көркемдік шындықпен ел-жұртына жеткізді. Өнер адамын қуғын-сүргіннен, тіміскілік пен жымыс-қылықтан, рухани қорлаудан құтылуға мүмкіндік беретін ең беделді сыйлыққа ие болғанда, можантопайлау, ғалымсымақтың бірі: - Мұқа, "Абай жолынан" да артық шығарма жазыңыз! – деп қолпаштапты. Сонда шығарманың астарын түсінбеген дүмбілездің жадағайлығына Мұхтардың күйіп-пісіп:— - Ей, сен не дейсің! Не дейді мына сүмелек! "Абай - менің өмірім, өмірлік мақсатым, мәңгілік айтарым емес пе! Абайдан басқа жүкті кім көтереді? "Абайдан" қай шығарма аса алады. Сен мені тірі өлтірдің ғой! – деп тас-талқан ашулануының себебі сондықтан. Шындығында да, "Абай" романы мен Абай тұлғасы арқылы Мұхтар Әуезов қазақтың барлық қасиеті мен қасіретін, тарихы мен танымын, ұлттың рухани қозғалысы мен ұмтылысын ұрпаққа аманаттап кетті. Ғұлама Қаныш Сәтбаевтің: "Абай жолы" эпопеясы-қазақ ұлтының энциклопедиясы – деп бағалауы тегіннен тегін емес. Ол да екі "пан-... измнің" пиғылын жақсы түсініп, жасында соларға ниетін қосқан еді. Бұл екі "пан-... изммен" Абай да жақсы қанық болатын. Өйткені ол: исламиятты да, түрікшілдікті де ана сүті, ата тәрбиесімен қосып, бала шәкірт шағында бойына сіңірді. Абайдың медіреседе оқыған кезі осы екі рухани қарсылықтың қоғамдық қозғалысқа ұласуы тұсына дәп келіп еді. Алғыр да ойлы, қаншыл шәкірттің жас жүрегіне намысты қоздырып, қанды қыздыратын, тәуелсіздік рухын оятатын пікірлер "жүрегінің басына" мәңгі ұялап қалды. Көзі тірісінде жариялаған мақалаларында тіс жармай кеткен Мұхтар Омарханұлы өзінің тартпасында сақтаған жазбаларында Абайдың түркі әлеміне деген құштарлығын тиянақтап тұрып жазып кетті. Ол бұл пікірін лекция сабағында еркін айтыпты. Дәрістерінің көшірмелері сақталған шәкірттерінің дәптерлерінде де ойы кеңірек қамтыла қағазға түсіріліпті. Л.М.Әуезова мен М.Мырзахметов құрастырған "Абайтану дәрістері" атты жинақта Абайдың түрікшіл көзқарасының қалыптасуы жөнінде айта келіп, оның тұп-тамыры туралы: "Абайдың оқыған медіресесінде... арабияттан басқа түркіні оқыды. Түркі тілі деген бертінге шейін келген. Бұл тіл-кітап тілі, әдеби тіл болып есептелген. Түркі тілі-1915 жылға шейін түркі елдерінде ортақ тіл болатын. Түркі тілінің негізі шағатай әдебиетінен шыққан. Шататай әдебиеті-сол уақыттағы бүкіл түркі еліне ортақ әдебиет болған. XV ғасырда әуелде парсы тілінде, соңынан түркі тілінде жазыла бастаған Науаи, одан кейін Хұсайын Байқара деген кісілер шығады. Осы кезден бастап түркі тілінде кітаптар жазылды. Сондықтан "Құраннан" әрі шыққандағы оқитындары Орта Азия ақындары еді. Абай үйінде, бала кезінде де түркі тілін оқыған. Сондықтан Абайдың түркі тілімен оқығаны тек медіреседегі 3 жыл ғана емес, Абай түркіні де, арабиятты да Ахмет Ризаның медіресесінде оқыды. Түркінің қандай, араб мәдениетіне көңіл бөлудің қандай екенін, араб тарихынан әсер алуын Абайдың шығармаларынан көруге болады... Осы шамада екі ананың арасындағы Телғара-кітаптан және елдің аузындағы әңгіме, ертегілерден нәр алатан Телғара еді", -дейді Мұхтар Әуезов. Яғни, әжесі мен туған анасының мейіріміне қалай қанып өссе, араб пен түркі мәдениетін де солай тел емді. Абай бұл сәбилік махаббаты мен ынтызарлығын ғұмырының соңына дейін ұмытпады. Түрікшілдік пен исламият идеясын жанына жақын тартты. Кейіннен орысқа, еуропалық ілімге ден қойды. Бірақ ол жан дүниесіне сіңген тума ілім емес, өзі ақылмен іздеп тапқан суық таным болатын. Ол Шығыс пен Батыстың парасат тізгінін тең ұстап, өзі жүретін сара жол іздеді. "Абай батыстың өнер көрмесіне қазақ сахарасынан, Шығыстан шығып: сапар шегіп келіп, әдейі не барын, нендей сырлы екендігін танып қайтайын деген кісі сияқты. Бірақ шын өнер, шын мәдениетті көру-мұң. Көрген соң дәмін татып, нәрін алған соң жым-жылас, түк жұқтырмай кетуі мүмкін емес... Рас, "Шығысым – батыс, батысым – шығыс боп кетті – деген сөз Абайдың ішкі дүниесінің барлығы бірдей қопарыла өзгеріп кетті дегенді білдірмейді. Еуропаның ғылым, өнер, мәдениеті мұны барған сайын қызықтыра тартып, соңына шындап телміргенін білдіреді. Өз ішін бермеймін деп жүрсе да ақын көп жанасу арқылы, бірқатар жаңғырып, түлей бастады" (М.Әуезов). Әуелде, таңғы шықтай тұнық наным байырқалай келе запыранға айналды. Мұның өзі ақындық рухын ашындырды. "Ақыл-ашыған у, ойы-кермек" татыды. Абайдың таным қайнары-қазақтың дәстүрлі даналығы. Содан кейін барып: "... түрік, араб, парсы", ақыры соңында орысқа ауысты. Өмірінің соңында тағы да исламият пен түрікшілдікке қайтып оралды. Ішкі рухы қатайып, беріштеніп оралды. Ол дәуірде Шығыс пен Батысты тұтастырған тұлғалар өте аз еді. Абай бұл бағытты ұстанған тұңғыш түркі қазағы болғанымен де, одан да бұрын исламият пен түрікшілдік әлемінде ұлы өзгеріс әкелген ғұламалар болды. Абай рухани тұрғыдан солардың таным жолын ұстанды. Мұхтар Әуезов бұл оқымыстылар туралы: "Осыған жақын (тұлға) татардан шыққан Маржани. Тәрбиені ескі медіреседен алады. Өз бетімен көп ізденіп білім алған. Араб, иран әдебиет тарихын оқуға беріледі. Математика, химия ғылымын оқып, сол пәннің медіреседе оқылуын талап етеді. Өзі медіресе салғызады. Орыс мектебіне мұсылманша береді. Бұл да орыс мектебіне көңіл бөлген адамның бірі. Абайға әсері күшті болды. Осыдан кейін татарда Абаймен замандас татар баспасөз әдебиетінің қайраткері Каюм Насири XIX ғасырдың 70-80 жылдары көп еңбек сіңірген адам. Бұратана елдегі хал-жай осындай еді. Башқұрда, өзбекте жаңалыққа қол созған Абай, Ыбырай сияқты адам жоқ еді", -деп мағлұмат береді. Зерттеушілердің таңдайын тотыяйын боп ойып, тілін байлаған тақырыптың екіншісі осы. Өйткені жоғарыдағы ғұламалар исламияттың жолын, дінін, ұлттық дәстүрін қатты ұстанды. Сонымен қатар жаратылыстану ғылымын да жоғары бағалап, еуропалық дәрежедегі білім жүйесін жақтады. Өз ұлтының діні мен тілін қадыр тұта отырып, өзге жұрттың да ғылымын сыртқа ысырмады, бауырына тартты. Ғылым үшін олар басты нысанаға айналды. Сөйте тұра жаһангерлік пен рухани бостандықтың арасындағы қарама-қайшылықты барынша терең түсініп, оған қарсы шықты. Исламият пен түрікшілдікті қуаттады. Өйткені екі қозғалысты тудырған тарихи және рухани себебі зиялы қауымның бәріне анық еді. Ол – христиандық шоқындыру уағызы мен отарлау жүйесі болатын. Бірақ та оны Ресей жаһангерлерінің өктемдік кесірінен жария түрде талқыға сала алмады. "Қара тақтаға жазылған" Абайды "буржуазиялық кәкүр-шүкірден" енді ғана тазарта бастағанда ақынның мұрасын арандатудан, оны шектеп тастаудан сақтау үшін шын ниетін бүркемелеп, астарлап түсіндіруге көшті. Сынағансып отырып Мұхтар Омарханұлы: "Абай араб -мұсылман мәдениетін кең зерттей отырып, Табари, Рабғузи, Рашид ад-дин, Бабыр, Әбілғазы Баһадүр хан және басқалар сияқты Шығыс ғалымдарының тарихи еңбектерімен де танысты, мұсылман дінінің барлық шариғат негіздерін біліп алды. Абай Шығыс елдерінің бағзы замандағы тарихымен ғана танысып қойған жоқ, ол сонымен қатар Таяу Шығыс (тың) өз тұсындағы мәдениетін де өте жақсы білді. Татардың тұңғыш просветитель-ғалымы Шаһабуддин Маржанидің еңбектері де оған жақсы таныс еді. Абай сол кезде туа бастаған панисламшыл жалған діни-саясат ағымының ықпалы қалай күшейе бастағанын сезіп, біліп отырды. Египет жазушысы Мұхамед Табдуку, Жалаладдин Ауғани таратқан панисламизм ағымының идеясы бірте-бірте өршіп, бұл ағым Ресейдегі мұсылмандар арасына да жайылды. Алланың құлы болу, айға табыну, халфелерге бағыну сияқты ұстаған бұл ағымды қазақ елінің қажы-молдалары, феодал-бектері де жақтады. Бұл ағымды жақтаушылардың газеттері, журналдары да болды. Соның бірі – әйгілі пантүрікшіл Исмаил Таспиринскийдің басшылығымен Бақшасарайда шығатын "Тәржіман" газеті Абай заманының өзінде-ақ қазақ даласына көп тарады", -деп Абайдың түпкі нысанасын астарлай түсіндірді. Бұдан басқа оның амалы да жоқ еді. Әрине, рухани исламият пен отаншылдық, түрікшілдік рухында басталған екі бағыттың да өз ішіндегі қайшылығы мен мақсат-мүдде айырмашылықтары болды. Абай соның ішінде ең бір байсалды, пайымды жолды ұстанды. Поэзиядағы шығыстық дәстүрде сезімнің шынайылығынан ақыл шындығы басым тұратын. Абай өзінің ақындық шабытын қазақтың халық мұрасы мен шығыстық даналыққа суарғандықтан да, осы екі қайнардың тұнығын қанып ішті және де соны ұстанды. Алайда ақыл тоқтата келе еуропалық үлгіге дендей бас қойып, үш арнаның тамырын тоғыстырды. Ал дүние туралы көзқарасының қалыптасуына барлық бағыттағы танымдық пікірлер әсер етті. Ол белгілі бір таным тәсілін мәңгілік үлгі ретінде ұстаған жоқ. Әрбір ойды ақыл сүзгісінен өткізіп барып, өзінше тұжырым жасады. Исламдық ілімді жетік біле тұра, Алланың хаһ екенін мойындай тұра, тек қана "Мүтәкәләм" бағытына жүгініп қоймады. Шындықтың бәрін бір ілімге сүйеніп дәлелдеуден бас тартты. Барлық қисынды "Құран" сөзінен ғана таратуды ұғымның тарлығы, әсіресе шарттылық деп қабылдады. Бұл ретте Абай сол замандағы "жәдидшілерді – "жаңашылдарды" қатты қолдап, солардың ілімінің тезірек ғылым жүзінде іске асуын асыға күтті. Мұны Тұрағұл Абайұлы да: "Әкем жаңа ілімді сондай аңсап күтіп, сол оқу келгенде ғылымды игеру жеңілге түседі деп отырушы еді", -деп растап кетті. Таным тұрғысынан алғанда Абай күй талғамады. Бақассыз ғылымды жақтап, дініне, тіліне, тегіне қарамастан көңіліне жаққан ғұламаның сөзін сөйлеп, тұжырымын шындық деп ұқты. Солардың пікірін көкірегінде тоқи жүріп, өзі де оқымысты ақын болды. Абайдың көзқарасының қалыптасуы жөнінде Мұхтар Әуезов: "Абай – имам Ғазалидей сыншы, мұсылман, ұя бұзар діндарға ұқсай бастайды. Діні әрі-беріден соң Ғайса дініне де жақындап, өзінше: ақыл-діні бола бастайды. Осы жайлары қара сөздерінде де айқын көрініп тұрады. Міні, Шығыс жағасынан Абайдың барлық тұлға мазмұнына орнаған поэзиялық, ой-саналық ілгелері осындай. Аз нәрсе емес. Үстіңгі бір жамылшы ғана, бір қабат жұқа қабыршақ қана емес. Көңіліне орнаған терең тамырлы бұйымдар... Сонымен өз тұсында, XIX ғасырдың екінші жартысыңда Шығыс ілімінде майданға шыға бастаған жаңашыл, рационалшылдар дін реформашыларының шеніне араласады. Абай татардан шыққан Каюм Насыри (дің) алдындағы Шаһабуддин Маржаниды қостайды. Осы айтылған рационалшылдық пен салт-сана, ой-өнер жүзіндегі жаратылған жаңашылдыққа бейім болмаса, Абайдан Еуропа жағасының белгілерін көре алмас едік", -деп түсіндірме береді. Сондағы "реформашылдар – жәдидшілер (жаңашылдар), рационалшылдар – есепті ақылдың иелері кімдер және олардың мақсаттары қандай еді? Соның ішінде Мұхтар Әуезовтің Абай туралы мақалаларының бәрінде де тұрақты түрде іш тарта айтып, Абайдың ұстазы ретінде алға көлденеңдете ұсына беретін, қайта-қайта бауырына баса көзқарасын тәпсірлей емеурін танытқан Шаһабуддин Маржани мен Исмағұл Таспаралы, Каюм Насири кім еді? Олардың исламият пен түрікшілдікке қатысы қандай? Біз бағанадан бергі ұзақ-ұзақ үзінділер келтіріп, сөзбұйдалатып отырғанымыздың өзі де осы есімдерді көзқанық ету еді. Мұхтар Әуезовтің: егер Шаһабуддин Маржанидің жәдидтік бағдарламасы мен есепті ақылға құрылған пікірін ұстанбаса Абай Еуропалық ғылым мұхитының жағасына жете алмас еді-деп сенімді түрде айтуы әрбір аңғарлы зерттеушіні ойға қалдырса керек. Пан-исламизм мен пан-тюркизмнің шығу тегін тарата келіп, ұлы Мұхтардың өзінің ой тұжырымын Шаһабуддин Маржаниге әкеп тірей беруі тегін емес. Мұхтар Әуезов орынсыз пікір мен қисынсыз қисынды тәптіштей қайталауға құштар ғұлама емес. Абайды өзге қырынан да сөз етіп ойын дамыта алатын еді. Сонда неге сөзінен жаңылмай Маржаниді, Насыриді, Таспаралыны әспеттейді? Егер Абайға бұлардың, оның ішінде Маржани әсерінің күштілігі сондай болса, онда оның ғылым мұрағаттарын неге жан-жақты таратып айтпаған? Осы уақытқа дейін отандық ғылымда аты естілмеген ол қандай ғұлама? Мұның бәрін бір сөзбен түсіндіру мүмкін емес. Өйткені ол: ғылыми да, саяси да терең мәнісі бар күрделі мәселе. Мұхтар Әуезовтің үшінші көмбесі осы – Шаһабуддин Маржани мен оның ізін қуушылардың ілімі болатын. XIX ғасырда өмір сүрген, дін ислам мен түркі ұлтының арасынан шыққан, дүние ғылымына түбірлі өзгеріс енгізіп, мұқым мүһминдер мен түркі жұртының көзқарасын жаңаша қалыптастырып, ойлау жүйесінің дәрежесін биіктетіп, исламды дін ретінде де, ғылым ретінде де жаңа сатыға көтерген Шаһабуддин Маржанидей ғұламаны табу қиын. Осы уақытқа дейін Абайдың діни көзқарастары мен таным тамырын араб пен парсы философиясынан іздеп, нақты ой тоғысын таба алмай сандалудың бір себебі-айбаттанушылардың жәдидшілерді, олардың ой ағымы және Маржани, Таспаралы, Насыри іспетті оқымыстылардың ілімін назардан тыс қалдыруы еді. Ұлы таным тамырының ұшы сонда жатыр. Сөйтіп, Абайдың ақылын ұйытқан даналық мәйегі-"арабияттан да, парсияттан" да емес, түркияттан – түркі әлемінен табылды. Бұл заңды да еді. Өйткені, түркі жұрты сол тұста бір-бірімен кереғар екі діннің, екі қоғамның, екі мүдденің шарпуына түсіп, ұлттық тұрғыдан да, діни сенім тұрғысынан да жанталаса арбасқан күйді кешіп жатыр еді. Ресейдің отарлау саясаты мен шоқындыру пиғылы қарсылық туғызды. Ал күрес бар жерде-жаңа нысаналардың тууы табиғи. Шығыс пен Батыстың ырғасуының нәтижесінде – жәдидшілер дүниеге келді. Оларды заманның өзі екшеп шығарды. Дінислам дүниесіне: "Алланың өзі жар болған" діни философияның даналық негізін қалаушы Софы Аллаярдың "Құран" хадистеріндей қасиетті түсінікке айналған тәпсір-леріне түзету енгізген Шаһабуддин Маржани де оқымыстылардың оқымыстысы, Абай айтқан нағыз "хакім" еді. Оның әлемдік тұлға дәрежесіне көтерілуіне – туған ұлтының тұйыққа тірелген тағдыры, рухани және ұлттық басыбайлылыққа ұшырауы ықпал етті. Ол дінді-ұлттық, рухани езгіге қарсы қасиетті құрал деп түсінді. Сондықтан да исламияттың философиялық көзқарасы мен дін тарихын, әрбір ұлы тұлғалардың тұжырымын зерттеп, соларды таным талқысынан өткізеді. Еуропалық жаһангерлік пен жаһилдіктің қармағына іліккен исламият пен түркі жұртының рухани және ұлттық езгіден құтылуының жолын қарастырды. Ғұламалық жолға түсіп "ғылымды – Алланың бір сыпаты ретінде имани парыз" (Абай) деп түсінген Шаһабуддин Батауиддинұлы 1818 жылы Қазан шаһарының іргесіндегі Маржан қаласында дүниеге келді. Ғұлама ғалым Ақжан Машановтың мәліметіне жүгінсек, оның атасы Сухбан асқан оқымысты: "Өткенді білгендіктен (ол туралы тарихи хаттарды) жинаймын, келешекке (не боларын) білмегендікген ұмтылмаймын - деген қанатты сөз қалдырған данагөй бопты. Медреседе хат таныған Шаһабуддин "әуелі түркіні, содан араб, парсыны біліп", орыс тілін еркін меңгеріп, сол тілдерде ғылыми еңбек жазған. Өмірінің соңында Ресейдің оқу орындарында дәріс берген. Туған қаласының атын лақап есім ретінде алған Маржанидің түркі тарихын баян еткен: "Бұлғар мемлекеті мен Қазан хандығының тарихы", "Мустафад Әл-Ахраб фи ахуали Қазан уә Бултар – атты кітаптары орыс, араб, татар тілінде жарияланды. Онда қазақ тарихы да қамтылған. Содан парсы, араб, түрік елдеріне ұзақ жыл сапар шегіп, өзінің атын дүние жүзіне жайған "Өткен бабалар өмірінен" ("Вафиат әл-аслеф") деген әйгілі жеті томдық еңбекті араб тілінде жарыққа шығарды. Бұл мұқым шығыс халықтарының ұлы тұлғалары мен ғалымдарының, мәдениеті мен әдебиет қайраткерлерінің, тарихшыларының, философтарының өмірбаяндарына, ғылыми еңбектеріне түсінік берген, солардың кезқарастарын талдаған ұлы энциклопедиялық дүние болатын. Сондағы ірі реформалық пайымдаулары арқылы исламият пен түркі тарихының ғұламасы атанды. Әл-Фарабидің түркі екенін, қазақ даласынан шыққандығын тұңғыш рет дәлелдеп, оның еңбектеріне талдау жасаған да осы Маржани.
Дата добавления: 2017-01-13; Просмотров: 391; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы! Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет |