Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Булгакова Д.А. 7 страница




2) жазбаша нысандағы көрінісі болмастан, адамдардың жүріс-тұрысы мен санасында өмір сүрген;

3) әдеттің, сонымен қатар, сендіру және мәжбүрлеу (рудан қуу) шараларымен қамтамасыз етілген;

4) оларда негізгі реттеу тәсілі болып тыйым (табулар жүйесі, құқықтар мен міндеттердің болмауы) табылған;

5) олар ру мен тайпаның барлық мүшелерінің мүдделерін білдірген.

 

2. Құқықтың пайда болуының ерекшеліктері. Құқық әлеуметтік институт ретінде мемлекетпен бірге пайда болады, себебі, көп жағдайда олар бір-бірінің тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекеттің құқықсыз өмір сүре алмайтыны секілді, құқық та мемлекетсіз өмір сүре алмайды: құқық мемлекеттегі с аяси билікті ұйымдастырса, мемлекет заң нормаларын орнықтырады, қолданады және оларға кепілдік береді.

Құқық тарихи тұрғыда таптық құбылыс ретінде пайда болып, ең алдымен, экономикалық үстемдік құрушы таптардың еркі мен мүдделерін білдірді. Егер әдет-ғұрыптар адамдардың санасы мен жүріс-тұрысында бекітілсе, құқықтық нормалар жалпыға мәлім болу мақсатында жазбаша рәсімделе басталды. Құқықтың пайда болуы–әлеуметтік байланыстардың күрделенуінің, қоғамдағы қарама-қайшылықтардың таралуын әлеуметтік нормалардың реттей алмауының салдары.

Құқықтық нормалар негізгі үш жолмен қалыптасты:

1) мононормалардың (алғашқы қауымдық әдет-ғұрыптардың) әдет құқығының нормаларына айналуы және осыған байланысты оларды мемлекеттің санкциялауы;

2) құқық нормаларынан құралған арнайы құжаттарды–нормативтік актілерді–шығарудан көрініс тапқан мемлекеттің құқықшығармашылық қызметі;

3) сот және әкімшілік органдарымен қабылданатын нақты шешімдерден құралған және басқа да ұқсас істерді шешуде үлгілік сипатты иеленетін прецеденттік құқық.

 

 

13 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫҢ ТҮСІНІГІ ЖӘНЕ МӘНІ

 

1. Құқықтың түсінігі және белгілері.

2. Құқықтың мақсаты.

3. Құқықтың құндылығы.

4. Құқықтың мәні.

5. Құқықтың объективтік және субъективтік мағынадағы түсінігі. Табиғи құқық. Позитивтік құқық. Бұқаралық және жеке құқық.

6. Құқық қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеуші ретінде.

 

1. Құқықтың түсінігі және белгілері. Құқық–бұл қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған, мемлекетпен орнықтырылатын және қамтамасыз етілетін, жалпыға міндетті, формальды анықталған заң нормаларының жүйесі.

Құқықтың белгілері:

еріктілік сипаты;

жалпыға міндеттілігі;

нормативтілігі;

мемлекетпен байланысы;

формальды анықталғандығы;

жүйелілігі.

 

2. Құқықтың мақсаты. Құқықтың қоғамдық жоғарғы мақсаты қоғамдағы бостандықты нормативтік тәртіпте қамтамасыз етуінен және кепілдеуінен, әділеттілікті қалыптастыруынан, қоғамдық өмірден қателіктер мен өз бетімен кетушіліктерді жоя отырып, қоғамдағы экономикалық және рухани факторлардың әрекет етуіне мейлінше жағдай жасауынан көрініс табады.

 

3. Құқықтың құндылығы–бұл құқықтың азаматтардың және жалпы қоғамның әлеуметтік әділетті қажеттіктері мен мүдделерін қамтамасыз ету құралы мен мақсаты ретінде қызмет ете алу қабілеті. Құқықтың әлеуметтік құндылығының төмендегідей негізгі көріністерін атап өтуге болады:

1) құқық адамдардың әрекеттеріне ұйымдастырушылықты, тұрақтылықты, үйлесімділікті дарыта отырып, олардың бақылануын қамтамасыз етеді, осы арқылы ол қоғамдық қатынастарға реттеушілік элементін енгізе отырып, оларды өркениетті құбылысқа айналдырады;

2) құқық тұлғалардың ерекше мүдделерін үйлестіру арқылы олардың жүріс-тұрысы мен қызметіне әсерін тигізеді, яғни, құқық жеке мүдделерді басып-жаншымайды, керісінше, оны қоғамдық мүддемен үйлестіреді;

3) құқық тұлғаның қоғамдағы бостандығын көрсетуші және анықтаушы болып табылады және осы бостандықтың шегін, шамасын анықтайды;

4) құқық әділеттілік идеясын көрсету қабілетіне ие, яғни, құқық материалдық игіліктердің дұрыс және әділетті бөлінуінің талаптарын орнықтырады, барлық азаматтардың заң алдындағы теңдігін бекітеді;

5) құқық қоғамдық дамудың тарихи кезектілігіне сәйкес қоғамның жаңаруының қайнар көзі болып табылады; әсіресе, оның құндылығы тоталитарлық режимдердің құлауы мен жаңа нарықтық механизмдердің бекітілуі жағдайларында өсе түседі;

6) құқықтық тәсілдер халықаралық және ұлтаралық сипаттағы мәселелерді шешудің негізі және жалғыз құралы болып табылады.

 

4. Құқықтың мәні өркениеттілік жағдайында қоғамдық қатынастарды реттеуден,нормативтік негізде қоғамның тұрақты ұйымдастырылуына жете отырып, демократияның, экономикалық бостандықтың, тұлға бостандығын жүзеге асырылуынан көрінеді.

Құқықтың мәнін қарастыруда екі аспектіні ескерудің маңызы зор:1) формальдық–кез-келген құқықтың ең алдымен реттеуші екендігі; 2) мазмұндық–осы реттеушінің кімнің мүдделеріне қызмет ететіндігі.

Құқықтың мәнін түсінуде келесі тәсілдерді бөліп атауға болады:

- таптық, бұның шегінде құқық экономикалық үстемдік құрушы таптың заңда көрініс тапқан мемлекеттік еркін білдіретін, мемлекетпен кепілденген заң нормаларының жүйесі ретінде анықталады;

- жалпыәлеуметтік, бұның шегінде құқық қоғамдағы әртүрлі таптардың, әлеуметтік топтардың арасындағы келісімнің көрінісі ретінде қарастырылады.

 

5. Құқықтың объективтік және субъективтік мағынадағы түсінігі. Табиғи құқық. Позитивтік құқық. Бұқаралық және жеке құқық. Объективтік құқық–бұл қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған, мемлекетпен орнықтырылатын және қамтамасыз етілетін, жалпыға міндетті, формальды анықталған заң нормаларының жүйесі. Объективтік құқық–бұл нақты бір мемлекеттегі белгілі бір кезеңдегі заңнама, заң әдеттері, заңды прецеденттер және нормативтік шарттар. Оның объективтілігі жеке тұлғаның еркі мен санасынан тәуелсіз болып, оған тиесілі болмауынан көрініс табады.

Субъективтік құқық–бұл тұлғаның жеке мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған, заңды мүмкін жүріс-тұрыстың шамасы. Субъективтік құқықтар ретінде адамның нақты құқықтарын (еңбек етуге, білім алуға және т.б. құқық) атауға болады, олардың субъективтілігі тұлғамен байланыстылығынан, оған тиесілігінен және оның санасы мен еркінен тәуелділігінен көрінеді.

Заңды мағынадағы құқықпен (объективтік және субъективтік құқықтар) қатар табиғи құқық та болады, ол өмір сүруге, бостандыққа және т.б. құқықтарды қамтиды. Табиғи құқықтың қатарына жататын құқықтар бір жерде бектілген-бектілмегеніне қарамастан өмір сүреді, олар өмірдің өзінен тікелей туындайды.

Табиғи құқыққа қарағанда заңды мағынадағы құқық (объективтік және субъективтік құқық) позитивтік құқық ретінде көрініс табады, яғни, олар заңдар мен басқа да қайнар көздерде бекітілген.

Позитивтік құқықтың негізгі сипаттары:

а) оны адамдар немесе қоғамдық құрылымдар–заңшығарушылар, соттар, құқық субъектілер қалыптастырады, яғни, олардың шығармашылығының, мақсатты ерікті қызметінің нәтижесі болып табылады;

ә) ол заңдар немесе басқа да қайнар көздер түрінде, яғни, жай ой, идея түрінде ғана емес, нақты сыртқы көрінісі бар ақиқат ретінде өмір сүреді.

Құқықтың пайда болу кезінен бері және оның дамуы барысында оның бір мезетте әрі қарама-қайшы, әрі өзара байланысқан екі жағы анықталды. Бірінші жағы–бұқаралық-құқықтық жағы, екінші жағы–жеке-құқықтық жағы.

Бұқаралық құқық–бұл мемлекеттік істер саласы, яғни, билік пен бағыныстылық қатынастарына негізделген мемлекеттің бұқаралық билік ретіндегі және барлық бұқаралық институттардың құрылымы және қызметі.

Жеке құқық–бұл жеке істер саласы, яғни, дербестік, субъектілердің заңды теңдігі бастамаларына негізделген еркін тұлға, институттар мәртебесі.

 

6. Құқық қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеуші ретінде. Құқықтың түсінігіне кірген аса маңызды белгілерінің бірі болып оның мемлекетпен тығыз байланысы табылады. Бұл белгі мыналардан көрініс табады:

1) мемлекет құқықты ресми түрде орнықтырып, оның орындалуын мемлекеттік мәжбүрлеу арқылы қамтамасыз етеді;

2) құқық мемлекеттік еріктің нормативтік көрінісі бола тұра, қоғамдық қатынастарды таптық, жалпыәлеуметтік және басқа да мүдделерге сәйкес реттейді;

3) құқық жалпыға міндетті сипатқа ие, бұл оның ерекше әлеуметтік реттеуші, заңды және заңсыз әрекеттерді өлшеуші ретінде көрініс табуына мүмкіндік береді.

4) басқа әлеуметтік нормаларға қарағанда құқықтың реттеушілік рөлінің ерекшелігі оның нормаларының өкілдік-міндеттеуші мазмұнымен байланысты.

 

 

14 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫ ТҮСІНУДЕГІ ҚАЗІРГІ КЕЗГІ БАҒЫТТАР

 

1. Нормативистік бағыт.

2. Құқықтың табиғи-құқықтық теориясы.

3. Құқықтың діни теориясы.

4. Құқықтың тарихи мектебі.

5. Психологиялық бағыт.

6. Социологиялық бағыт.

7. Марксистік бағыт.

8. Интегративтік бағыт.

 

1. Нормативистік бағыт. Оны жақтаушылар (Штаммлер, Новогородцев, Кельзен және т.б.) құқыққа мемлекетпен қорғалатын нормалар жиынтығы ретінде анықтама береді. Нақты айтқанда, Кельзеннің концепциясына сәйкес, құқық нормалар жүйесі (пирамидасы) ретінде түсіндіріледі, оның ең басында заңшығарушы қабылдаған негізгі (егеменді) норма тұрады, және бұл жердегі әрбір төменгі норма өз заңдылығын заңды күші жоғары нормадан алады. Құқық туралы нормативистік бағыттың мазмұны ақиқатқа мемлекет қабылдаған нормативтік актілер негізінде қарау арқылы анықталады.

 

2. Құқықтың табиғи-құқықтық теориясы. Бұл құқық теориясын жақтаушылар (Т.Гоббс, Д.Локк, А.Радищев және т.б.) мемлекет орнықтыратын құқыққа қоса адамға тумысынан берілетін табиғи құқық та болады деп санаған. Бұл–өмір сүруге, бостандыққа, теңдікке, меншікке және т.б. құқық. Яғни, табиғи құқық (адамның табиғи, мәңгі, өзгермейтін құқықтарының жиынтығы) –қолданыстағы құқыққа (заңдар, прецеденттер) қарағанда жоғары құқық, бұл өз бойына сана мен мәңгілік әділеттілікті сіңіре білген құқық. Бұл теорияның шеңберінде құқық пен заң бөліп қарастырылады, яғни, позитивтік құқықпен (мемлекет қабылдаған заңдармен) қатар адамға туған сәтінен тиесілі жоғары, шынайы, табиғи құқық та болады.

 

3. Құқықтың діни теориясы құқықты түсіндіруде құдай кітаптарына, ең алдымен, Інжілге негізделеді. Бұл теорияның өкілдері (Аристотель, Фома Аквинский және т.б.) егер адамға табиғи құқықтар туған сәтінен берілсе, оларды Құдай беруі мүмкін деп санаған.

 

4. Құқықтың тарихи мектебі. Оның өкілдері (Ф.Савиньи, Гуго, Г.Пухта және т.б.) құқықты заңшығарушы қалыптастырмайды, ол халықтық рухтың, дамуы нәтижесінде тіл сияқты өз бетімен қалыптасады деп санаған. Құқықтанушы-ғалымдар халықтық құқықтық рухтың көріністерін дәл тауып, оның ережелерін заң формулалары арқылы көрсетуі тиіс, ал заңшығарушы дайын құқықты тауып, оны қолданыстағы заңнамаға айналдыруы тиіс.

 

5. Психологиялық бағыт. Бұл теорияның өкілдері (Л.И.Петражицкий, Росс, И.М.Рейснер және т.б.) нормалармен қатар «құқықң түсінігіне адамдардың құқықтық санасын да, құқықтық эмоцияларын да енгізеді. Психологиялық бағыт кеңес билігінің алғашқы жылдарында аса кең қолданыста болған. Себебі, бұл кезде жаңа заңдар қалыптаспаған болатын, тіпті, декреттердің өзінде соттардың істерді пролетарлық мемлекет мүддесіне сәйкес шешуінде құқықтық санаға жүгінуі танылған еді.

 

6. Социологиялық бағыт. Құқықтың социологиялық теориясының өкілдері (П.Эрлих, Жени, С.И.Муромцев және т.б.) құқық табиғи құқықтар мен заңдардан емес, заңдарды жүзеге асырудан көрінісі табады деп санаған, яғни, құқықты өз құқықтарын белгілі бір дәрежеде жүзеге асырушы жеке және заңды тұлғалардың қызметі ретінде түсіндірген. Құқық ретінде мемлекетті құру тәжірибесі де жарияланған.

 

7. Марксистік бағыт. Марксистік теорияның өкілдері (Маркс, Энгельс, Ленин және т.б.) құқықты экономикалық үстемдік құрушы таптың заңға айналған еркі ретінде түсіндірген. Және таптық еріктің құқығынан көрініс тапқан мазмұнды материалдық өндірістік қатынастардың сипатымен анықтаған.

 

8. Интегративтік бағыт. Бұл бағытқа сәйкес шын мәнінде кемшіліксіз құқықтың болуына күмән келтіріледі, сондықтан, аталған бағыттың өкілдері әртүрлі теориялардан өз ойларынша ең дұрыстарын таңдап алып, құқыққа мынадай анықтама береді: «Құқық–бұл еркін еріктердің өзара байланыстағы күресі мен келісімін реттейтін, ресми қорғаумен қамтамасыз етілген және нақты бір қоғамда танылған теңдік пен әділеттілік нормативтерінің жиынтығың.

 

 

15 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫҢ ҚАҒИДАЛАРЫ МЕН ФУНКЦИЯЛАРЫ

 

1. Құқықтың қағидаларының түсінігі және түрлері.

2. Құқықтың функцияларының түсінігі және түрлері.

 

1. Құқықтың қағидаларының түсінігі және түрлері. Құқықтың қағидалары–бұл құқытың ерекше әлеуметтік реттеуші ретіндегі мәнін көрсететін негізгі бастамалар, ережелер, идеялар. Олар құқықтың заңдылығын, табиғатын және әлеуметтік мәнін көрсетеді және заңдардың өзінде тікелей көрініс тапқан немесе олардың мәнінен туындайтын жүріс-тұрыс ережелері болып табылады. Таралу саласына қарай жалпықұқықтық, салааралық және салалық қағидаларды бөліп қарастырады.

Жалпықұқықтық қағидалар барлық құқық салаларында күшке ие болып келеді. Оларға мына қағидалар жатады:

әділеттілік;

азаматтардың заң мен сот алдындағы заңды теңдігі;

ізгілік (гуманизм);

демократиялық;

құқықтар мен міндеттердің біртұтастығы;

сендіру мен мәжбүрлеуді үйлестіру.

Салааралық қағидалар бірнеше құқық саласының ерекше мәнді белгілерін сипаттайды. Олардың арасынан жарыспалылық және сот өндірісінің жариялылығы және т.б. қағидаларды бөліп атауға болады.

Салалық қағидалар тек бір саланың шеңберінде ғана әрекет етеді. Мысалы, азаматтық құқықта–мүліктік қатынастардағы тараптардың теңдігі қағидасы; қылмыстық құқықта–кінәсіздік презумпциясы.

Құқық қағидалары қоғамдық қатынастарды реттеуге қатысады, себебі, олар құқықтық әсер етудің жалпы бағыттарын анықтап қана қоймай, нақты бір іс бойынша шешімнің негіздемесіне де енуі мүмкін.

 

2. Құқықтың функцияларының түсінігі және түрлері. Құқықтың функциялары–бұл құқықтың қоғамдық қатынастарды реттеудегі рөлін көрсететін, құқықтық әсер етудің негізгі бағыттары.

Құқықтың функцияларын түрлерге бөлудің негізінде жатқан екі жақты шартты түрде бөліп қарастыруға болады:

1) сыртқы жақ, бұған сәйкес құқықтың әлеуметтік функциялары анықталады, олар: экономикалық (құқық өндірістік қатынастарды реттейді, меншік нысанын бекітеді және т.б.), саяси (құқық саяси қатынастарды, саяси жүйе субъектілерінің қызметін реттейді және т.б.), тәрбиелік (құқық белгілі бір идеологияны көрсетеді, тұлғаларға арнайы педагогикалық әсер етеді және т.б.) функциялар.

2) ішкі жақ, бұл құқықтың табиғатынан туындайды, олар–реттеуші және қорғаушы функциялар.

Реттеуші функция–бұл позитивтік жүріс-тұрыс ережелерін орынқтырудан, қоғамның, мемлекеттің, тұлғаның мүдделеріне сәйкес қатынастарды дамытуыға жәрдем беру мақсатында құқық субъектілеріне субъективтік құқықтар беруден және заңды міндеттер жүктеуден көрініс табатын, құқықтық әсер етудің әлеуметтік мақсатпен байланысты бағыты.

Бұл функцияның шеңберінде оның екі түрін бөліп қарастырады: реттеуші статистикалық және реттеуші динамикалық функциялар.

Реттеуші статистикалық функция құқықтың қоғамдық қатынастарға оларды белгілі бір құқықтық инстиуттарда бекіту жолымен әсер етуінен көрінеді. Статистикалық функцияны жүзеге асыруда конституцияда бекітілген саяси құқықтар мен бостандықтар институты ерекше мәнге ие.

Реттеуші динамикалық функция құқықтың қоғамдық қатынастарға құқық субъектілерінің белсенді жүріс-тұрысын қамтамасыз ету жолымен әсер етуінен көрінеді. Ол азаматтық, әкімшілік, еңбек құқығының институттарынан көрініс табады.

Қорғаушы функция–бұл ерекше маңызды экономикалық, саяси, ұлттық және жеке қатынастарды қорғауға, заңды қорғау мен заңды жауапкершіліктің шамасын, оларды жүктеу мен орындаудың тәртібін орнықтыруға бағытталған құқықтық әсер етудің әлеуметтік мақсатпен байланысты бағыты.

 

16 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫҢ ТИПТЕРІ

 

1. Құқықтың типінің түсінігі.

2. Құқықтың тарихи типтері.

 

1. Құқықтың типінің түсінігі. Құқықтың тарихи типі–бұл белгілі бір экономикалық базиске тән барлық құқық жүйелерінің жалпы әлеуметтік сипаттарын көрсететін категория. Формациялық бағытқа сәйкес, базис қоғамдық даумыдағы шешуші фактор болып табылады, ол мемлекет пен қоғамның белгілі бір типін қалыптастырады. Экономикалық базистің типтеріне қарай құқықтың құлиеленушілік, феодалдық, буржуазиялық және социалистік типтерін бөліп қарастырады.

 

2. Құқықтың тарихи типтері. Құқықтың құлиеленушілік типі–бұл құлиеленушілердің толыққұқылығын және құлдардың құқықсыздығын бекітетін, құлиеленуші таптың еркін білдіретін, құлиеленуші мемлекет қалыптастырған құқықтық нормалардың жүйесі. Бұл құқықтың мазмұны құлиеленуші таптың өмірінің материалдық жағдайларына сәйкес анықталады.

Құқықтың феодалдық типі– бұл бір сословиелердің артықшылығын және келесі бір сословиелердің кемсітілуін бекітетін, феодалдар табының еркін білдіретін сословиелік-құқықтық нормалардың жүйесі. Бұл құқықтың мазмұны феодалдар табының өмірінің материалдық жағдайларына сәйкес анықталады.

Құқықтың буржуазиялық типі–бұл капиталистердің еркін білдіретін және олардың мүдделеріне жауап беретін, мемлекетпен қалыптастырылған және қорғалатын жалпыға міндетті нормалардың, жүріс-тұрыс ережелерінің жиынтығы.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-05-10; Просмотров: 672; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.011 сек.