Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Тарихи трагедия 14 страница




Қазақ эпостарының көбінде (әсіресе батырлық эпос) жоңғар-қалмақ басқыншылық соғысының зардабына негізделіп, батырлық әрекеттерімен, елін, жерін, ғашық жарын қорғауымен ұштастырылып отырады. Оның үстіне ірі оқиғалар мен белгілі қаһармандарға арналған поэмалар туған. Кезінде де, кейін де халық басына түскен бұл зор қасиетті жырламаған ақын-жырау кемде-кем болса керек. Ол қазақтың ән мен күйінен де ерекше орын алған. Тобықты Топыш ақын шығарған “Елім-ай” әніндей біз естіп білген бірде бір елдің басынан кешкен қасырет-қайғысы мұншалық ғажайып тебіреніспен, теңдесіз көркемдік қуатпен берілген шығарманы кездестірген емеспіз. “Елім-ай” әні – “Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама” қырғынына жасалған ең асыл ескерткіш, оның мәңгі жасар үн-зары.

Қазақ әдебиетінде қазақ халқы басынан кешкен сүргінді – жоңғар апатын көрсету І.Есенберлиннің негізінен нақтылыққа сүйенген “Жанталас” романынан басталады. Есенберлин романына дейін қазақ оқырманының көбіне-көбі ұлтымыз үшін кезінде Отандық соғыс болған бұл бірер ғасырлық жойқын тарихты барлық байыбымен толық мәнінде біле бермейді. Ол туралы тіпті әдебиетімізді қойып тарихымызда да жеткілікті мағлұмат болмайтын. Оны еске салатын ескерткіш, ғажап ән “Елім-ай” еді. Мұнан соң әдебиетке Ә.Әлімжановтың “Жаушы” романы келді. Одан кейін қазақ тарихының ұмытылмас кезеңіне арналған белгінің бірі болған “Ұлан асу”, “Ант” драмалары туды. Әбілхайыр қазақ тарихында үлкен рөл атқарған хан. Ол жайында тарихи мәлімет көп. Әбілқайырдың алғаш көркем шығармаға келуі Есенберлин арқылы. Ол “Жанталас” романының екі бөлігін Әбілқайыр ханның тұсына құрды да, соңғы бөлімінде Абылай хан заманын әңгімеледі.

Т.Ахтановтың “Ант” пьесасы сахнаға шыққанша оқырман жұртшылық Есенберлин романы бойынша Әбілқайырдың қайраткерлік ісінен, жалпы оның дәуірінен жеткілікті хабардар болған еді. Драматургтің “Ант” пьесасының нысаны, идеясы, кейіпкерлері, деректері Есенберлиннің “Жанталас” романымен ортақ, демек бір тақырып. Мұндай сәйкестік әдебиет тарихында кезікпейтін жай емес. М.Әуезов “Абай жолы” эпопеясын жазу үстінде Абай өмірінен пьеса, либретто, сценарий жазған. Тақырып пен идея сәйкес келе отырып, екі жазушы екі жанрдың ерекшілігі мен мүмкіндігіне сүйеніп, түрлі шеберлік танытуы сөзсіз. Характер мен конфликтіні де сезіну, қабылдау, оны трактовка жасау түрліше болып, негізгі қаһарманның бейнесі тереңдеп, толыға түседі. Бұл бір мүсінді бірнеше шебердің бірінен бірі асыра, жетілдіре түсуімен тең. Одан әдебиет пен өнер ұтады. Тарихи шындықты көркемдік шындыққа айналдыруда көзқарас та әр түрлі болуы әбден орынды. Мұндайда жалпы өнер атаулының шарттылыққа құрылатынын есте ұстауымыз керек.

Т.Ахтановтың “Ант” пьесасын жазуына үлкен екі оқиға негіз болған. Біріншісі – Ресей патшалығына кіші жүз хандығының ант беріп, қол астына кіруі. Екіншісі – осы ірі тарихи актінің зор қиындықпен шешілуі, хан-сұлтандар арасында талас-тартыс туғызуы, тіпті шиеленіскен қанды оқиғаға соқтыруы. Мұның түпкі себебі – жоңғар мен қазақтың небір замандарға созылған соғысының зардабы. Қазақ халқының бірігіп ел болып, хандық құрғаны 1456 жылдан, Ресейге қосылуы 1731 жылға дейінгі 275 жыл ішінде төңірегіндегі жұртпен әркез ірілі-уақты соғыспен өмір өткізді. Бұл феодалдық қоғамның тағылық заңының салдары.

Үш бөлімнен тұратын драма-дастан “Түнгі сыр”, “Бопай қыз”, “Ақтабан шұбырынды”, “Сардар сайлау”, “Аңырақай”, “Ыдырау”, “Арпалыс”, “Ант” тақырыптарына бөлініп, пьесаның композициясы айқындалған. Шығарма нақтылы бір жұмыр сюжетке құрылмағандықтан, автор уақыт пен оқиғаны кең қамту ниетінде осындай тәсілге барған. Бұл әдіс жалпы драматургияда жат болмағанымен, қазақта тың. Әр тақырып тарихи жайға жанасып, драманың түпкі идеясына саяды және негізгі қаһарман Әбілқайыр ісінен ажырамай, оның характерін толықтыруға септігі тиеді.

М.Әуезов “Хан Кенеде” ел басына күн туып тұрған қиын қыстау шақтың ауыр жүгін бас қаһарман Кенесарыға артса, Т.Ахтанов бұл міндетті басты тұлға Әбілқайырға жүктейді. 1723 жылғы жоңғардың ауыр соққысынан ойсырай жеңілген, бет-бетіне бытырай босып кеткен халықтың есін жиюы оңай болмады. Қазақ жерінің шығысы мен оңтүстігі жау қолында қалды. Жоңғарлар ілгері ентелеп, үнемі шабуылдаумен болды. Әбілқайырдың хандық еткені осындай қилы кез еді.

Әз Тәуке дәуіріндегідей емес, елді бөлшектеп әлденеше хан мен сұлтандар биледі. Әбілқайыр бір-ақ жүздің, кіші жүздің ханы еді. Әр хандық өз бетімен өз тұсына келген жаумен ұрыс жүргізіп отырды. Қазақ елі мен жері бір орталыққа бірікпеді. Осы бытыраңқылық жоңғарға да, басқаға да қолайлы жағдай жасап, қазақты арадай талап, үнемі шығынға ұшырата берді. Халық қасарысып қарсы тұра білді.

Міне, осындай ірі зардаптар сайып келіп қазақтың ашу-кегін бір арнаға құюға тиіс еді. Ол солай болды да, қазақ елі “Аңырақай” аталған зор майданда жоңғардың бетін қайырып, қайрат жасады. Үш жүздің елі болып бас қосып, Әбілқайырды қолбасы сайлады. Бұл бірігу де оңайға түспей, талас-тартыспен шешілген еді. Қайып хан, Сәмеке хан, Барақ сұлтандар Әбілқайырдың бағын арттырып, дәрежесін көтергісі келмеді. Ел қамын ойлаудан гөрі әрқайсысы өз мәртебесінің биік болуын қалады. Елдің бірігіп жоңғар бетін қайыруына мұрындық болғандар халықтан шыққан батырлар мен билер еді.

Т.Ахтанов осы бір үлкен істегі қаһарманының қайраткерлігін, өзге хан-сұлтаннан ойының озығын, ел бірлігін тілейтін және билігінің де биік болуын арман ететін құлқын Әбілқайыр бейнесі етіп көрсетеді. Әбілқайырдың түп есебін, ірі есебін Сауран сұлтан жетік білмейді. Сауран мен Керей Бөгенбай батыр Әбілқайырдың ел бірлігін сақтағысы келетін ниетін қолдайды. Пьесадағы Әбілқайыр, Қайып, Сәмеке, Барақ, Төлеген, Бәтима (Бопай), Бөгенбайлар тарихта белгілі адамдар. Сауран сұлтан автор қосқан персонаж. Біздің ойымызша, Сауранның прототиптері: тарихқа мағлұм Барақ сұлтан мен Жәнібек батыр болса керек-ті. Солардың характерлерінен қосылып жасалған бейне сияқты. Барақ сұлтан (Көкжал Барақ деп те атайды) Әбілқайырмен бақталас, бітіспес дұшпан, ал Шақшақ Жәнібек ханға жекжат, оның жолын қолдаушының бірі. Жазушыға осы екі ірі кереғар характерді өз қалпында пьесасына қабылдауына болатын да еді. Ал Сауран сұлтан мен Бопай қыз (Бәтима) арасындағы құштарлық пен қимастық тарихи әлеуметтік драмаға романтикалық сарын қосып, жылы леп әкеп тұр. Егер Сауран орнында Барақ болған болса, онда хан мен сұлтан арасындағы әрекет қатты күш алып, пьесаның негізгі нысанасы әлсіреген болар еді. Сондықтан автор Барақ сұлтанның ірі әрекеттерін Сауранға беріп, өзін өзге характермен бейнелеген. Бірақ пьесадағы кейпінде тарих білетін көкжал емес, арам ойлы әзәзіл.

Сауран сұлтанға пьесада үлкен орын берілген. Ол өте батыл, оқыс істерге ұрымтал, қызулы қайраты бар. Ел бірлігі үшін күресуші, Әбілқайырды да осы ниетпен жақтайды. “Билік бір қолда болса, ел де шоқ болып жауына жем болмас” деген ұғыммен Сауран сұлтан алауыз хандарға ашық қарсылық білдіреді.” Ел бірлігін сақтауға Әбілқайыр лайық, ертеңіне көз жетер сол ғана” деп Сауран сұлтан соңына ереді. Тіпті өзі сүйген Бопайды жаны қиып, Әбілқайырға айттырады. Ханға илікпегенді күшке сап көндіргісі де бар. Сол Сауран ақыры келіп Әбілқайыр ханның ажалына жетеді. Ал тарихи шындыққа келсек, ол Барақ сұлтанның ісі еді. Барақ: “Әбілқайырға менің астымдағы тағымды бердің. Өз қойныңдағы жарыңды бердің”, – деп Сауранға айып тағады.

Пьесаның көрнекті кейіпкерлері Қайып, Сәмеке – бір сарынды бейнелер. Берекеге баспайтын кертартпалар. Аз уақыт “Аңырақай” тұсында бір ниетке біріккенмен, енді Әбілқайыр үш жүзге хандыққа қол созады деген оймен ыдырап бөлініп кетеді. Пьеса авторы бұларды осы күйде бір түсті бояумен кертартпа қалыпта бейнелейді. Олар кейіпкер ретінде кілең дау, сөз қуған, сондықтан сылтау іздеп сытылып шығар әккі. Оларға Әбілқайырдың берген мінездемесі мынадай:

“Қыңыр ғой Қайқы хан,

Сәмеке хан түлкі мінез жымысқы”.

Пьесаның өз шешімі “Арпалыс”, “Ант” аталатын үшінші бөлімінде айтылады. “Ақтабан шұбырындыдан” алты-жеті жыл кейін Әбілқайыр басшылығымен иісі қазақ бас қосып, “Аңырақай” соғысында жау бетін қайырған соң, халық біріксе не боларына көздері жеткен батыр, би, намысты ерлер ел бірлігін көксейді. Бірақ ол болмайды. Әр хан өз дегенімен кетті. Айтысып, араздасып, қарауындағы қазақтарын бөліп алып, Жәдіге мен Өскеден тараған төрелер өз білгенін істеді. Осымен Әбілқайыр бастаған Сауран сұлтан, Бөгенбай батыр және басқалардың еңбегі еш болып, үміті үзілді.

Міне, бар бітім-береке осымен аяқталады да, қазақ тағдыры тағы да тығырыққа тіреледі. Өмірдің ендігі тартары не болмақ, түсер жол, барар беті қайсы, өмір бойы айналасымен аңдысып, жағаласып өтпек пе, әлде бір толас болар ма? Осы сұрақ Әбілқайыр жанын әлдеқашаннан мазалаған. Одан да бұрынғыларды аз ойландырмаушы еді, тек шешімін таптырмайтын. Осы тарихи дерек пьесаның түйінді жеріне кеп түскен. Жазушы да тарихшы сияқты тарихи деректерді негізге алуға міндетті. Тек тарихшыдай өткен оқиғаны тізбектеп, оның қорытындысымен ғана қанағаттанып қоймайды, жазушы оқиғаның өзімен, демек сол оқиға процесін жандандыру арқылы жұмыс істеуі керек. Өнер тіліне ауу деген осы. Сонда ғана оқырман не көрерменнің бар процесс көз алдына келіп, көңіліне ұялайды. Тек белгілі деректерді ғана қабылдап қоймай, тірі бейнелер сырын ұғып, сол шақтың, сол өмірдің бар болмысына бой ұрады. “Аңырақай” соғысынан үш жыл кейін, 1731 жылы ақпан айында Әбілқайыр ханның Ресей патшалығына жолдаған өтініші қабылданып, Анна Иоановна ағзамның қазақ жұртын қарамағына алғаны туралы указы шықты.

“Ант” пьесасының түп-түйіні осы указбен байланысты. Автор ойы, түрлі қақтығыс, қарама-қарсы мінездер, алуан түрлі әрекеттер сайып кеп осыған тіреледі. Бұған дейін ниеті, тілегі бір Сауран сұлтан Ресейге қосылуды бодандықта болу деп түсініп, Әбілқайыр ісі сатқындық деген оймен ханды өлтіреді. “Ант” драмасы туралы әдебиетшілер мен сыншылар арасында түрлі пікірлер қалыптасты. Біреулер шығарма баяндау тәсіліне шолу іспетті жазылған десе, енді біреулері тарихи шындықтан алыстап, тарихи деректер бұрмаланған деген ой-пікірлер білдірді. Әбілқайырдың еңбегін ерекше көрсету мақсатында бірліктің бас тұлғасы етіп алған автор оның барша қазақ еліне хан болмақ үшін жанталасып, шын мәнінде берекеге зиян да келтіргенін анық көрсете алмаған және жоңғар алапатынан зор зардап шеккен, қасарысып төтеп те берген қазақтардың төтенше ерлік істері Әбілқайырдың қол астынан тыс тым көмескіленген деген де тұжырымдар бар.

Шынында, пьесада ірі істермен қатар детальдау көбейіп, эмоция орнын солғындық басып, созылыңқылыққа ұрыну бар. Ол динамикаға әжептәуір тұсау болған. Пьесаның кейбір тұсында, әсіресе, хан-сұлтандар тәжікесіне ықшамдылық пен ширақтық кірсе, әрекет те айқынырақ танылар еді. Иә, әрекет әлсіреген жерде диалогтар шарпысы күшейсе, әсер артпақ қой… Пьесаға персонаж етіп қатыстырған кейіпкерлер түгелге жуық тарихи бейнелер. Олардың қай-қайсысы да жаугершілік қанкешті заманда қиын-қыстаудан өткендер. Көбінің есімі ел есінде сақталған. Енді солар әдеби бейнеге айналғанда тарихи шындықтан әдеби шындық алшақ кетпеуі керек. Пьеса персонаждарының көбі-ақ өз мінездерін айқындаған, белгілі орны, ісі, мақсаты бар кейіпкерлер. Тек солардың қайсы бірінде заманына лайық ірі тағдырлы, ірі тартысты, психологиялық тұрғыдан шытырман күйді басынан кешкен ірі қалып көріне бермейді. Бұл шығарманың әсерлілігін одан әрі күшейтіп, көтеріп кеткен болар еді. Автордың барынша айқындап, ірі көріністе ұстайтыны, ол – ел, ру басындағылардың бақталас алауыздығы, ортақ мүддеде береке-бірлік таппай қарақан бастың қамына ауа беретіндігі. Айналып келгенде бұл қырсықтың ауыр зардабы ел-жұртқа түсетіндігі. Жазушы бұл кеселдің нағыз індет, нағыз сор екенін шығармасында шыншылдықпен дәлелдеп шыққан. Әбілқайырға азап шектіріп, жанын жейтін де осы сор. Сол сор асқына беріп, хан бейнесін трагедиялық күйге жеткізеді. Бұл қасіретті психологиялық халден шығуға аса беріктік керек болса, халықты шытырманнан шығарып, жаңа бетке бастауға көрегендік қажет болады. Бұл екі қасиет те Әбілқайыр басынан табылады. Әбілқайыр бейнесінің ерекшеленіп биіктемегі де, автордың оны ірі қайраткер дәрежесіне көтермегі де содан. Демек Әбілқайыр қазақ тарихында үлкен рөл атқарған тұлға, оны Ахтанов шығармасында толық көрсете алған. Әбілқайырды Барақ төре 1748 жылы өлтіргені белгілі. Осы пьесаның үлкен бір жетістігі – тілі. Ол әрі көркем, әрі шешен. Драматург ойлы тілді оралымды қолданады. Автор пьесаның көркемдік бітіміне, жанрлық, сахналық талаптарға айрықша мән берген. Ең алдымен, тарихи драмаға лайық, ұлттық әдебиетімізде жақсы дәстүрі жасалған өлең формасы шығарманың стильдік, ырғақтық жүйесіне айқын бояу, ашық колорит беріп отыр. Мақал-мәтел, шешендік толғау поэтикасын автор шебер меңгеріп, тұрақты айшық, ою-өрнектерге өз жанынан тың бояу, жаңа келісімдер қосып, құлпыртып, ажарлай түскен. Көркемдік ізденістердің нәтижесінде негізгі кейіпкерлердің тілдік сипаттамалары нұсқалы, жүйелі, іргелі болып шыққан. Драматург тарихи белгілі оқиғалардың көлеңкесінде қалып қоймай, адамдар арасындағы психологиялық қарым-қатынастарды бейнелейді. Ел тағдыры мен жеке бастың тағдыры таңдауға түскен қилы замандағы хандар, ерлер, билер мінезі көрінеді.

Пьесаға айтар дау бар ма? Әуелі орталық қаһарман – Әбілқайыр бейнесінің диалектикасы толық ашылмаған деп ойлаймыз. Пьесада ол бір қырынан, тым ақылды болып берілген. Тарихтағы көп қайшылығы бар Әбілқайыр қайда? Россиямен қосылуда көптеген себептер бар еді ғой, соларды неге тереңдетіп айтпаймыз?

Кейбір образдардың Шекспирдің белгілі “Антоний мен Клеопатра” трагедиясындағы жайттармен тым ұқсас, тіпті үндес келуі – кәнігі шеберлік үлгісі емес…“Ант” драмасындағы қазақ билерінің ала ауыздығы, Россияға қосылудың тарихи қажеттілігі сенімді бейнеленген. Ал бостандықтан айрылудың трагедиясы, өз алдына жеке ел бола алмаудың сұмдығы, феодалдық бытыраңқылық қырсығы солғын көрінеді.Эпикалық драма-дастан үлгісінде жазылған “Ант” пьесасының М.Әуезов атындағы академиялық театрдан бастап көптеген театрлардың сахнасында қойылуы – шығармаға көрермен қауымның шынайы ықыласын көрсететін құбылыс.

Тұжырымдар

1. Т.Ахтановтың “Ант” пьесасы сахнаға шыққанша оқырман жұртшылық Есенберлин романы бойынша Әбілқайырдың қайраткерлік ісінен, жалпы оның дәуірінен жеткілікті хабардар болған еді. Драматургтің “Ант” пьесасының нысаны, идеясы, кейіпкерлері, деректері Есенберлиннің “Жанталас” романымен ортақ.

2. Пьесаға персонаж етіп қатыстырған кейіпкерлер түгелге жуық тарихи бейнелер. Олардың қай-қайсысы да жаугершілік қанкешті заманда қиын-қыстаудан өткендер. Көбінің есімі ел есінде сақталған. Енді солар әдеби бейнеге айналғанда тарихи шындықтан әдеби шындық алшақ кетпеуі керек. Пьеса персонаждарының көбі-ақ өз мінездерін айқындаған, белгілі орны, ісі, мақсаты бар кейіпкерлер.

3. Қазақ елінің Ресейге қосылуы мен сонау жоңғар шапқыншылығынан “Ақтабан шұбырынды” атанған көне тарихи болмысты драматургия тілінде сөйлету – екінің бірінің қолынан келе бермейтін аса қиын шаруа. Т.Ахтанов осы қиындықты жеңіп, шын мағынасында көркем дүние жасаған. Шынайы ақындық шабытпен жазылған бұл пьесаның көркем де келісті тіл шеберлігі оны бүгінгі қазақ драматургиясының айтулы да көрнекті шығармаларының қатарына қосып тұр.

Сабақ бойынша әдістемелік нұсқама

Студент Т.Ахтановтың “Ант” трагедиясының тақырыбы мен идеясын саралап, тарихи оқиғаның көркем шығармада берілу жолдарын, пьесаның құрылымдық ерекшелігін теориялық тұрғыда талдай білуі тиіс.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Ахтанов Т. Бес томдық шығармалар жинағы. Пьесалар. А., 1984

2. Нұрғали Р. Драма өнері. А., 2001, 463-б.

3. Дәстүр және жаңашылдық. А., 1980, 328-б.

4. Серғазы Л. Тарихи трагедия: дәстүр және сабақтастық. А., 2007, 93-102-б.

13-сабақ. Қ.Бекхожин. “Ұлан асу”

Мақсаты: Қ.Бекхожиннің «Ұлан асу» драмасындағы тарихи тұлға бейнесінің сомдалуы, дәстүр сабақтастығының жалғасын табуы, хандар бейнесінің тарихи трагедиялардағы үндестігі туралы мағлұмат беру.

Сұрақтар:

1. Қ.Бекхожиннің «Ұлан асу» драмасындағы кейіпкерлер жүйесі.

2. Абылай хан мен Кенесары хан бейнелеріндегі ұқсастықтар мен ерекшеліктер.

3. Пьесаның прологы.

4. Бұқар жырау бейнесі.

5. Дәстүр сабақтастығы.

Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: тарихи трагедия, персонаж, сахна, пьеса, пролог, оқиға.

Сабақ мәтіні (тезис)

Осы тақырыпқа қалам тартқан жазушылардың бірі Қ.Бекхожин – тарихи тақырыпқа көптеген шығармалар жазған қаламгер. Ақын тарихи тақырыпқа өлең, поэмалар, зерттеу еңбектерімен қатар драмалық шығармалар да жазған. Жетпісінші жылдардың басында көрермендердің жылы ықыласына бөленген туындыларының бірі – “Ұлан асу” тарихи драмасы. Пьесаға арқау болған негізгі мәселелер – жоңғар шапқыншылығы кезіндегі халық қасіреті, бұл тығырықтан шығар жол іздеген Абылай (Сабалақ) тапқырлығы, алауыздықты тоқтату үшін Ресей, Қытай, Жоңғар хандығымен мәмілеге келуге ұмтылу әрекеттері.

Тарихи драманың сан алуан материалды мол қамтып, көп мақсатты ниет етіп жазылған шығарма екендігі ондағы сан алуан қаһармандар тобынан көрінеді. Пьесаның бас кейіпкері қазақ тарихындағы атақты хан – Абылай. Халық батырлары Бөгенбай, Жәнібек, Бұхар жырау, қалмақ нояндары Дабашы, Әмірсана – бәрі де тарихта белгілі, өмірде болған адамдар.

Пьесаның прологі “Ақтабан шұбырынды” заманын көз алдымызға елестетіп, халық трагедиясын көрсетуімен көрерменді келесі оқиғаны көруге ынталандыра түседі. Сахнада қара бұлт жамылған Қаратау, босқан жұрт, еңіреген ел. М.Әуезовтің “Хан Кене” трагедиясындағы Шеген қарияның толғауымен үндес келетін Әнет баба толғау-монологы керемет тебіреніспен берілген. Шығарманың басында осындай қиын кезеңде “Абылайлап” жауға атой салған Сабалақ өз еліне келеді. Жоңғармен соғыста көрсеткен ерлігі халықты жігерлендіре түседі. Халықтың ұзақ уақыт қасіретке толы кезеңін көрсету мақсатымен автор трагедиясын “Ақтабан шұбырындыдан” кейінгі саяси-әлеуметтік оқиғаларға, жоңғардан кек алып, ел-жұртты жау қолынан босатудың аласапыран кезеңіне құрған.

М.Әуезов “Хан Кене” трагедиясында тарихи оқиғаларды Кенесары хан бейнесі арқылы көрсетсе, Қ.Бекхожин пьесаның түп қазық кейіпкері – Абылай хан бейнесімен байланыстыра өрбітіп отырған. Пьесада ханның айналасындағы халық арасынан шыққан ержүрек батырлар, данышпан қариялар, атақты ақын-жыраулардың елді бірлікте ұстауға шақырған ақыл-өсиеттерімен санаса отырып, әрекет жасаған ақылды да парасатты қолбасшы ретінде суреттелуі қазақ қоғамындағы тарихи бейнесіне жақын келеді. Бұқар өз дәуірінде болашақ заман туралы түсінік қалыптастырды. Жырауға құлақ салсақ, келер заман – қазаққа жайлы болмайтын заман, рухани күйзеліске, азып-тозуға, жүдеп-жадауға, керек десеңіз, қырылуға әкеп соқтыратын заман. Бұдан шығатын жол жоқ. Бұқар поэзиясында келешекке алаңдаудың қайғы-зары бар. Пьесада Бұқар жырау бейнесі сөзі ханға да, қараға да өтімді, ел жадында сақталған тарихи тұлға ретінде еш өзгеріссіз беріледі.

Автор Барақ бейнесін Т.Ахтанов сияқты өзгеріссіз берген. Т.Ахтановтың “Ант” пьесасында ол кекшіл, әзәзіл, Әбілқайырдың қанын мойнына жүктеуші болып суреттелсе, “Ұлан асуда” опасыз, сатқын, қорқақ болып бейнеленген.

Сол кездегі кеңестік идеология қысымы әсерінен тарихи деректерге сәйкес келмейтін оқиғалар да кездеседі. Ол, біріншіден, Абылайдың пьесаның соңғы суретіне дейін Ресей патшалығына сенбей келгеніне қарамастан, Бөгенбайды, Бұхарды, тіпті бүкіл халықты орыспен достасудың белсенді жақтасы қылып көрсетіп, олардың “орыс патшалығы қазақ ұлтына озбырлық жасамайды, қайта оны жауларынан қорғайтын қамқоршысы болады” деп, батыр мен жыраудың “адасқан” ханды үгіттеуі, осындай қиын-қыстауда орыс әскерінің көмекке келіп, Абылай бастаған қазақ-орыс жасағының айнала қоршаған жауларына қарсы жарқын болашаққа аттануы… Екіншіден, Ресей отаршылығынан жапа шеккен түркі ағайындар атынан Абылайды арқа сүйеп келген Қарасартты түрік сұлтанының жансызы, орыс пен қазақ арасына жік салушы, жексұрын етіп көрсету де сол белгілі саясат салқынының әсері екені түсінікті. Ресей империясының да, Кеңес Одағының да қауіптенентіні түркі халықтарының бірлігі болатын, егер жазатайым түркілік ынтымаққа қарай бүйрек бұрылса, ондай іс-әрекет түгіл, ой-пікір нышаны пантюркизм, панисламизм деген айдар тағылып, қырағы сыншылар қыспағына түсіп, айыпталар еді.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-26; Просмотров: 852; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.039 сек.