Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Тарихи трагедия 12 страница




Пьесаның сахнада қойылуы, “Хан Кененің” ойналуындағы кемшіліктер туралы жазылған көлемді мақала – 1934 жылдың 10-12 маусым аралығында “Социалды Қазақстан” газетінде жарияланған Сәкен Сейфуллиннің “Хан Кене” туралы” атты мақаласы. С.Сейфуллин өз мақаласында “Хан Кененің” сахнада ойналуындағы кемшіліктерге баса назар аударған. Басты рөлдерді ойнаған театрдың бас әртістеріне халықтың артар жүгі жеңіл емес екендігін ескерте келіп, олардың кемшіліктері мынадай деп көрсетіледі. Ең қызықты рөл – хан Кененің рөлін ойнаған Қалыбектің Кененің ішкі жан сезім құбылыстарын қою түрде көрсете алмағандығын, қызу қимылдың мөлшерін сақтай алмай қалатын тұстарын сынға алады.

“Хан Кененің” бас кейіпкерлерін ойнаған (Науан рөлін ойнаған – Елубай, Бопай қыз рөлін ойнаған – Мәлике, Кәрібоз рөлін ойнаған - Қапан) әртістер пьеса бойынша рөлдерін жақсы меңгергендеріне тоқталады. Хан Кене рөлін ойнаған Қалыбек те Кенесарының трагедиядағы рөлін тәуір алып барды дейді. Елубай, Қапан, Қалыбек, Серке, Мәлике – театрдың бас әртістері. Сондықтан оларға жүктелген міндеттің жеңіл емес екендігін ескертеді.

Ілияс Жансүгіров “Қате қайда?” деген мақаласында пьеса жазуда емес, қойылуда түзелетіндігіне тоқтала келіп, сол кездегі театр директоры Орымбек Бековтің “Хан Кенені” қоюдағы қателерін мойындағысы келмегеніне қынжылады. Ілияс та Сәкеннің пікіріне қосылып, театрдың кісіге де, қаражатқа да кедей екендігін, әлі де көрнекті өнер адамы – маман жоқтығын ерекше атап өтеді.

Мақала авторының ойынша, “Хан Кенені” қоюдағы басты қате – пьесаның ескі құрылыс уақиғасы сол қалпында, өзгертілместен, біразырақ жамаулар жапсырып, қайта қойылуы.

С.Сейфуллин де, І.Жансүгіров те өз мақалаларында Ғ.Мүсіреповтің пікіріне қосылып, “Хан Кенені” қайтадан жазып, түзету керек” – деген тоқтамға келеді.

1934 жылдың 24-26 мамырында “Социалды Қазақстан” газетінде жарияланған Ғ.Мүсіреповтің “Хан Кенені” қалай түзету керек?” деген мақаласының негізгі көтерген идеясы осы еді. Әрине, бұл пікірлердің бірі сол кездегі заманның ағымына орай жоғары жақтың нұсқауымен, енді бірі қызмет бабы, міндетіне орай жазылған да болуы мүмкін.

Ал біздің дәуірімізде “Хан Кене” пьесасын сахнаға қойылуы туралы соны пікір айтқан Жайық Бектұровтың “Дәлел мен дерек” атты мақаласы 1990 жылы “Жұлдыз” журналының 10-шы санында жарық көрді. Автор “Хан Кене” трагедиясының театрдағы алғашқы қойылымын: “Қаллекей ағамыз қызыл барқыттан шынтаққа жететін жеңді камзол киіп, алты қанат боз үйдің төрінде шынтақтап жантайып жатқанда, Елубай цирктің ақбоз атын сахнаға арқыратып мініп шыққанда Республиканың театрға жиналған басшылары, Сәкен бастаған жазушы қауымы – бәрі де бір ғасырдай бұрын өткен уақыт қазір шынымен көз алдарына келгендей тыныстарын іштен алып, сахнаға қадалды да қалды. Мұхтар Әуезовтің осы пьесадағы оқиғалары менің бала кезімде естіген аңыз, ертегілеріммен сәйкесіп отырады”, – деп сүйсіне еске алады.

Міне, “Хан Кене” трагедиясының сахнаға қойылуы туралы біз білетін деректер осылай сыр шертеді. Бұл пьесаның, ұлы жазушыны талай сын додасына түсірген, қазақ халқының тарихын, батыр бабамыз Кенесарының басынан өткен қилы кезеңдерді баяндайтын белді туындының қазақ театры сахнасының төрінен әлі орын алмай жүргені өкінішті-ақ.

Пьеса қайтадан жарыққа шыққаннан кейін (1983) баспасөз беттерінде жаңаша ой-пікірлер қозғалып, шығарманың көркемдік деңгейі мен құрылысы, кейіпкерлер мінез-құлқының дәрежесі, авторлық идеялар тарамдалып талданды.

1990-2003 жылдары “Хан Кене” пьесасы туралы мынадай мақалалар жарияланды: Р.Нұрғали – “Алаш ұранды әдебиеттегі Мұхтар Әуезов көтерген азаттық идеясы”, С.Дәуітова – “Хан Кене” трагедиясындағы авторлық концепция”, З.Әкімжанов – “Хан Кене” және тарихи шындық”, Ш.Елеукенов – “Мағжан мен Мұхтар Кенесарыны неге дәріптейді”, “Хан Кене” және ұлттық мұрат”, З.Ахметов – “М.Әуезов және әлем әдебиеті”, Д.Ысқақұлы – “Талант тарих талқысында”, Т.Жұртбай – “Өмір үшін өнерінен бас тартқан”, М.Қозыбаев – “Хан Кенедегі” халық тарихының көрінісі”, Ж.Бектұров – “Дәлел мен дерек”, Т.Кәкішұлы, К.Ахмет - “Сәкен және Мұхтар”, А.Қожахметова – “Көркем әдебиеттегі Кенесары бейнесі”, С.Құлбарақов – “Хан Кене” туралы”, Т.Демежанов – “Трудная судьба драмы “Хан Кене”, К.Сәттібайұлы – “Жюль Верннің “Хан Кенесін” қазақ қашан оқиды?”, Н.Ораз – “Хан Кенені” танып болдық па?” тағы басқалар.

Ж.Бектұров Ғ.Мүсіреповтің 1934 жылғы “Хан Кене” туралы мақаласына өзінің көзқарасын білдіреді. Бұл мақаладан “Хан Кененің” алғаш сахнаға қойылуы жөніндегі көптеген деректермен танысамыз. Т.Жұртбай М.Әуезовтің 1932 жылы “Ашық хат” жазу себебіне тоқталады. Автордың 1997 жылы жарық көрген “Талқы” атты еңбегінен 1951 жылғы “Хан Кене” төңірегіндегі дау-дамай, сол кездегі саяси науқан туралы біраз мағлұмат аламыз. С.Құлбарақов бас кейіпкердің саясатына баса назар аударады. Автор Кенесарының князь Горчаковқа жазған хаттарына талдау жасай отырып, Кенесарыны қалың қазақты тұтастырып, бірлікке, намысқа шақырған күрескер, саясаткер деп бағалайды. А.Қожахметова жетпісінші жылдардың басындағы “Хан Кененің” орыс тіліндегі аудармасынан кейін “идеология үшін ғана жамандаймыз, ал шын мәнінде осы кейіпкерді мен сүйіп қалдым, нағыз күрескер, кесек тұлға”, – деген В.Гундаревтің пікірін келтіре отырып, Кенесары тұлғасы мен қозғалысының дүрмегі Ресей империясының сыртына дейін шығып кеткеніне мысал ретінде француздың атақты фантаст жазушысы Жюль Верннің Кенесары туралы роман жазуына тоқталып, Кенесары бейнесінің көркем әдебиеттегі орнын көрсетеді. Т.Демеужанов “Хан Кене” пьесасының тарихи негіздеріне, жазылу тарихына, 1934 – 1951 жылдар аралығындағы әдеби сындағы орнына шолу жасайды. Р.Нұрғали “Алаш ұранды әдебиеттегі Мұхтар Әуезов көтерген азаттық идеясы” атты көлемді мақаласында “Хан Кене” трагедиясына тоқталып: “Көркемдік қасиеттеріне келгенде “Хан Кене” пьесасының көпсарындылық, полифониялық сипатын ерекше атап айту керек. Халық өмірінің ең бір күрделі, қиын, қанды кезеңіне арналған трагедиялық үлкен шығарма үшін бас-аяғы жиырма екі кейіпкердің ғана алынуы туындының мейлінше ықшамдалғанын көрсетеді. Прологы бар бес пердеден, ұзын саны қырық жеті көріністен тұратын бұл пьеса драмалық жанрдың композицияға, характерге, психологиялық талдауға қоятын ең қатал шарт-талаптарына жауап береді. Мінез қақтығысы, тағдырлар шарпылуы Шекспирлік биік деңгейде”, – деген баға бере отырып, пьеса кейіпкерлері мен шығарма оқиғасына, тартысына және бас кейіпкерлер – Кенесары, Наурызбай, Бопайдың, сонымен қатар сатқын төрелердің пьесадағы көріну деңгейіне тоқталады. Ал белгілі мағжантанушы Ш.Елеукенов Мағжан мен Мұхтар шығармаларының сабақтастығы жөнінде және ақынның “Оқжетпестің қиясында”, “Ертегі”, “Батыр Баян” поэмаларының жазылуы мен жазушының “Хан Кене” пьесасының дүниеге келуіне себеп болған негізгі факторларды көрсетеді. З.Әкімжанов “Солтүстік Қазақстан” газетінде жарияланған мақаласының көп бөлігін Кенесары өмір сүрген дәуірге арнаған. Мағжан мен Мұхтардың өз шығармаларында ұлт азаттығын көтеруі сөз болады. Мақала авторының пікірінше, Кенесары қырғызға иелік ету үшін емес, ортақ бітім табуға барған. Т.Кәкішұлы мен К.Ахмет Сәкен Сейфуллиннің 1934 жылы “Хан Кене” туралы “Социалды Қазақстан” газетінде жарияланған мақаласына талдау жасайды. М.Әуезовтің пенде ретінде ашуға ерік бермей, ақылға салып, 1936 жылы Сәкеннің шығармашылық еңбегіне жиырма жыл толуы аталып, үлкен мерекеге айналғанда көлемі шағын, ойы салмақты, өресі биік, С.Сейфуллиннің бар тірлігін аз да асыл сөздерге сыйғызып, “Шыншыл, тәкаппар ақын” деген мақала жазуын даналардың кейінгі тағдыр сабақтастығына, парасат биіктігіне үлгі етеді. З.Ахметов М.Әуезовтің жазушылық дарынын, оның әлем әдебиетіндегі алатын орнын дәріптейді. “Хан Кене” пьесасының өктем саясаттың қысымына ұшырап, бірінші қойылымы қатал сынға ілініп, жылдар бойы жарық көрмей келіп, жазушы қайта өңдеп, түзеген нұсқасы оның қолжазба архивінен алынып, алғаш рет жиырма томдық шығармалар жинағына 80-ші жылдарда енгізілгеніне тоқталады. Келесі мақала авторы М.Қозыбаев Әуезовтің тарихи тақырыпқа арнап жазған шығармалары, олардың бүгінгі бағалануы туралы айтып өтеді. Трагедиядағы хан көтеру оқиғасының қажеттілігіне мән бере келіп, тарихшы: “Суреткер ең алдымен “Хан Кене” пьесасының прологында хан сайлау арқылы далалық демократияның күйін де, үнін де жеткізді. Үш шағын көріністен тұратын прологта автор Кене хан Абылай, Тәуке хандар негіздеген қазақ мемлекетінің ханы екенін жариялайды, оның соңына ерген “қазақ ұранды халыққа біткен батырдан батыр, ақыннан ақын, балуаннан балуан қалмағандығын” баяндау арқылы қозғалыстың екпінді күшін көрсетеді. Қазақ мемлекеттігі үшін күрес хандық билік үшін күрес болғандығын көрсетеді. Бір прологтың өзінен автордың хандық жүйеге деген тарихи принципін көреміз. Салыстырма әдіс арқылы хан Кененің тұлғасын Абылай, Тәукемен теңейді”, – деп ой тұжырымдайды. Ал “Хан Кене” жайлы жазылған С.Дәуітованың мақаласында мынадай мәселелер қозғалады:

1. Автордың Мұхтар Әуезов өмірі мен шығармашылығы туралы ойлары.

2. Пьесаның жазылуы мен сахнада қойылуы және ол туралы қаламгерлердің сын пікірлері.

3. Кенесарыға пьеса авторының көзқарасы және оның пьесада көрінуі.

4. Патшаның айуандық әрекеттері және Кенесарының тәуелсіздік үшін күресі.

5. Шығарманың құрылысы мен тақырыбы.

6. Сатқын төрелер жайы.

7. Хан Кененің соңғы монологы.

Бұларға автор қысқаша шолу жасап, соны пікірілер келтіреді.

Д.Ысқақұлы “Хан Кене” төңірегіндегі 1934 жылғы дау-дамайға тоқталып, Ғабит Мүсіреповтің ылғи да датталып келе жатқан жазушыға ашықтан-ашық қолдау көрсеткендігіне сүйсінеді. К.Сәттібайұлы француз жазушысы Жюль Верннің хан Кене туралы “Патшаның жаушысы” атты романын қазақ тіліне аударып, өзінің төл халқына ана тілінде ұсынуға шақырады. Н.Ораз тарихшыларға хан Кене туралы мұрағат құжаттарының сөз астарын айқын ашып, мазмұнына терең бойлаудың қажеттілігіне тоқталады.

1990 жылы “Көркемдік шындық және тарихи тұлға” атты “Жұлдыз” журналының редакциясы ұйымдастырған “дөңгелек стол” болды. Бұл пікірсайысқа елімізге белгілі ғалымдар Р.Бердібай, Т.Жұртбай, Ж.Қасымбаев қатысты. Олар М.Әуезовтің “Хан Кене” трагедиясы, І.Есенберлиннің “Қаһар” романы туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Р.Бердібай: “Хан Кене” пьесасы өзінің көркемдік бітімі, шыншылдық қуаты жағынан ұлы суреткердің ең таңдаулы шығармаларының бірі деп бағалануға лайық. Жанрлық сипаты бойынша аталған туындыда трагедияның нышандары басым… Ең ғажабы сол – суреткер М.Әуезов қаһармандардың іс-әрекетіне көлденең үкімші болмай, оқиға мен мінез дамуын табиғи өз ауанына жіберіп отырады. Драмашы шығарма ситуациясын қалай да бір төте тұжырымға байламай, шындықтың шырайын жан-жақты ашады. Пьеса осындай “тәуелсіз” қасиеттерімен құнды” деп бағаласа, Ж.Қасымбаев “жазушы тарихи шындықтан негізінен ауытқымаған” деген көзқарасын білдіреді. Ал Т.Жұртбай “І.Есенберлиннің “Қаһар” романында Жетісу өңіріндегі оқиға Кенесарының түсі арқылы беріледі де, Досқожаның қоштасуымен аяқталады. Ал М.Әуезовтің “Хан Кенесі” тікелей осы оқиғаны суреттегенімен, тарихи тұрғыдан талдамайды. Тек тағдырдың тәлкегіне түскен Кенесарының жеке басының қасіретін көрсетеді”, – деп ой қорытады.

Сонымен трагедияны талдау барысында М.Әуезовтің “Хан Кене” пьесасы қиын да күрделі “қилы заманды” басынан кешіргенінің куәсі болдық.

Тұжырымдар

1. Халықты дүр сілкіндірген Кенесары Қасымұлы қозғалысы туралы алғашқы кең көлемді шығарма – Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің “Хан Кене” трагедиясы. Тоталитарлық жүйе, казармалық социализм, догматикалық ойлану, толғануға негізделген, империялық шешендікке сүйенген идеологияға қарамай ұлы жазушы ұзақ жылдар бойы өзінің тарихи көзқарасын шыңдады. Осы бағытта ұлы суреткердің шығармаларының ішінде “Хан Кене” пьесасы мен “Қилы заман” романы ерекше орын алады.

2. “Хан Кене” пьесасы жазылғанына елу үш жыл болса да жарық көрмей, М.Әуезов мұражайының қызметкерлерінің ерлігі арқасында 1983 жылы жиырма томдық шығармалар жинағының он төртінші томына енгізілген.

3. Пролог пен қырық жеті көріністен тұратын бес перделі тарихи пьеса 1841 жылдың қыркүйек айындағы Кенесарының хан сайланған кезеңінен бастап, өмірінің соңына дейінгі, яғни 1847 жылдың жазына дейінгі аралықты қамтиды. 1934 жылы жазушыға “хан Кененің тұлғасы дәріптелді, тарихи өткен заман дұрыс сарапталмады” – деген айып тағылды. “Алашорда” қайраткерлері тап болған зауал әлемдегі бір де бір ұлт-азаттық қозғалыс басынан кешпеген зауал еді. Оларды патшалық монархия бір, империялық мемлекет екі, кеңес өкіметі үш жақтан жаныштап, қуғын мен түрмеден көздерін аштырмады. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов те сол “қилы заманға” тап болды.

Сабақ бойынша әдістемелік нұсқама

Студент М.Әуезовтің “Хан Кене” трагедиясының жазылу тарихын, алғаш сахналанған кездегі әртістер шеберліктері мен кемшіліктерін саралап, трагедия туралы әр жылдары жарық көрген сыни пікірлерді теориялық тұрғыда талдай білуі қажет.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. А., 1984.

2. Нұрғали Р. Драма өнері. А., 2001, 129-133-б.

3. Серғазы Л. Тарихи трагедия: дәстүр және сабақтастық. А., 2007, 10-44-б.

10-сабақ. “Хан Кене” және қазақ тарихи трагедиясы

Мақсаты: М.Әуезовтің “Хан Кене” трагедиясындағы кейіпкерлер жүйесі, жанрлық сипаты, көркемдік ерекшелігі, көкремдік шешім мен тарихи шындық үндестігі туралы мағлұмат беру.

Сұрақтар:

1. Трагедиядағы тарихи шындық.

2. Пьесаның алғашқы шымылдығы.

3. Пьесадағы Кенесары бейнесі.

4. Трагедияның жанрлық сипаты.

5. Кенесары тұлғасына берілген зерттеушілер пікірі.

6. Трагедиядағы Нысанбай бейнесі.

7. Шығарманың тілі.

8. Кейіпкерлер жүйесі.

Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: пьеса, сюжет, композиция, кейіпкер, тақырып, идея, тарих, жыр..

Сабақ мәтіні (тезис)

Мұхтар Әуезовтің ұлт-азаттығы тақырыбын көтеру үшін Кенесары тұлғасына арнайы тоқталуы кездейсоқ нәрсе болмаса керек. Кенесары бойында бар қасиет – ақылдылық, алғырлық, жолбарыс жүректілік, табанды кемеңгерлік оның ар жақ, бер жағындағы көтеріліс басшыларында болмаған деп айта аламыз ба? Әрине, жоқ. Мұхтарға әсер еткені хан Кененің трагедиялық тағдырының сол кездегі және ХХ ғасырдың басындағы қазақ қасіретімен сайма-сай келгендігі. Тарихтағы Кенесары мен Кенесарыдағы қазақ тарихы үндес, оны ойлағанда бейтарап қала алмайсың, зығырданың қайнап, кегің тұтана бастағанын өзің де аңғармай қаласың, яғни, басқа сөзбен айтсақ, Мұхтардың елдің елдік, ұлттың ұлттық санасын көтеру жөніндегі өзінің жүрегінде, миында әбден пісіп толысқан идеяны қонымды, пәрменді етіп жеткізуге Кенесары барынша қолайлы кейіпкер.

Қаламгер еңбегін бағалаудағы басты өлшемдердің бірі – көркем шығармаға өзек болған тартысты нақты өмірлік құбылыстармен байланыстыру дәрежесі екендігі белгілі. “Суреткер тағылымы көбіне-көп туындыдағы іс-әрекеттің саяси қоғамдық мазмұны арқылы өлшенеді. Ал осыны жүзеге асырудағы автор қолданған көркемдік амал-құралдар, өзіндік стильдік ізденістер зерттеуші назарына жөнді ілікпейді”.

М.Әуезовтің 1934 жылы “Хан Кене” пьесасын жазу үшін жинаған материалдарының бір бөлігін Н.Середаның “Қырғыз сұлтаны Кенесары Қасымовтың көтерілісі”, Л.Мейердің “Орынбор қаласына қарасты қырғыз даласы”, Д.Смирновтың “Сұлтандар Кенесары және Садық”, А.Рязановтың “Кенесары Қасымов көтерілісі” сияқты тағы басқа нақты тарихи материалдар құраса, екінші бөлігін Ш.Уәлиханов, Ә.Марғұлан, Х.Досмұхамедов, М.Ж.Көпеев, Ә.Диваевтың ел аузынан жазып алған аңыз-жырлары мен жекелеген қазақ жырауларының шығармалары құрады. Кенесары – Наурызбай қозғалысы туралы шығарма жазуға жас талант Жетісу сапарында бекініп қайтқан болатын. Оған осы кезеңде шыққан жоғарыда келтірілген “Тілші” газетіндегі хабар дәлел. Жазушы осы сапарында Кенесары – Наурызбай көтерілісіне байланысты Жетісу өлкесінің әңгімелерін де мол жинаған.

“Хан Кене” пьесасында драматург осы жинаған деректердің бәрін бірдей пайдаланбаған. Айталық, трагедияға аңыздық оқиғаларды енгізуде көбінесе Нысанбай жыраудың “Кенесары – Наурызбай” дастанын пайдаланды. Мұхтар Әуезов алдымен бұл жырды 1927 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген “Әдебиет тарихы” деп аталатын еңбегінің “Тарихи өлеңдер” деген төртінші бөлімінде қара сөзбен баяндаған. “Хан Кене” трагедиясында Кенесары барар жер, басар тауы қалмаған ызалы, ызбарлы жолбарыс кейпінде көрінген, әрі “төскейде малы, төсекте басы қосылған” аралас-құралас екі жақын елдің Кенесары маңында бір-біріне өшігіп, қан төгуі кейіпкерімізді бір жағынан ақсатып та, негізгі тарихи бейнесінің танылуына кедергі келтіріп те жатады. Хан Кене шын мәнінде туған елінің тәуелсіздігін көксеген ер тұлға. Бұған көптеген тарихи мағлұматтар айғақ. М.Әуезов те тарихи тұлғаға осы ой қазығы тұрғысынан келген. Рас, шығармада он жылға созылған көтеріліс оқиғалары толық қамтылмайды. Жанр талабы оны қажет етпейді. Осы ретте шебер драматург Кенесары басындағы осы маңызды, тартысты кезеңдерді таңдаған. Ол – Кенесарының хан сайлануы, бүйірін отаршылдықтың темір құрсауы қыса түскен халықтың күйзелісі, азаттықты аңсаған тілегі, көтеріліс сәттері, жорықтар, елшілік хабарлар, бас кейіпкер өмірінің трагедиялық сәті. Пьесадағы хан Кене арзан атақтың адамы емес, қалың қазақты тұтастырып бірлікке, намысқа шақырған күрескер, үлкен ойдың, намыстың, парасаттың адамы болып көрінеді. Сонымен қатар оның алға қойған мақсатынан кері шегінбейтін тегеурінділігі де танылады. Трагедияда Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысының соңғы кезеңі қамтылады. Қазақ – қырғыз қатынастары ешбір бүркемесіз көрсетіледі. М.Әуезов “Хан Кене” пьесасын жазуда көптеген зерттеулер мен халық ақындарының шығармаларын оқығаны белгілі. Осы ретте ұлы жазушы, Нысанбай жыраудың “Кенесары – Наурызбай” дастанымен өте жақсы таныстығы өз алдына, “Әдебиет тарихы” атты танымал еңбегінде бұл туындыны тарихи жырлар қатарында ғылыми талдау жасап, жоғары бағалайды.

Пьесаның жазылу негізінде, автордың тарихи шындықты қабылдауы мен суреттеуінде Нысанбай жырының орны айрықша. Әуезов Нысанбай дастанындағы деректерді нақты шындықпен сабақтастыра отырып, 1928 жылы ең алғашқы қазақ тарихи трагедиясы – “Хан Кенені” жазған. М.Әуезовтің “Хан Кене” пьесасы – көркемдік бітімі, шыншылдық қуаты жағынан ең таңдаулы шығармалардың бірі. Жанрлық сипаты бойынша аталған туындыда трагедиялық белгілер басым. Кенесарының тәуелсіз қазақ хандығын орнатамын деп күресуі, бірақ сол биік мақсатты жүзеге асыруға саяси-әлеуметтік жағдайлардың сәйкес келмеуі трагедиялық халдер туғызатын негіз болып табылады. М.Әуезов Кенесары қозғалысының қырғыз жерінде өткен ақырғы кезеңін, бұл тұстағы қасіретті шындықтарды көркемдік жинақтау заңдылығына орай көрсете алған. Пьесадағы бейнелер жалаңқабат емес, көп қырлы. Шығарманың өмірін ұзақ ететін, қандай да бір болмасын алдын-ала сызылған сызбаның ауқымына сыйғызбайтын өзгеше тартымды сипаты да осы тұста анық байқалады. Пьесаның прологындағы аттары аталмаған кейіпкерлердің өзара диалогтарында олардың Кенесары бастаған қозғалысқа көзқарасы әр түрлі екені айқын сезіледі. Кенесарының қайыспайтын ержүректілігі, қайсарлығы оның сирек қасиеті болуымен қатар кемшілігі де болып табылады. Оның қазақ даласында тәуелсіздік ұранын көтеріп, өзін қауіп-қатерге байлауы халық жүрегінің төрінен орын алады. Ол патша өкіметіне бағынып, мол сый-сияпатқа, лауазымға бөленуден саналы түрде бас тартады, намыс пен тәуекел жолын таңдайды. Патша отаршылары өзінің қарсыласы ретінде Кенесарының қайсарлығын мойындап та отырған. Ол туралы Кенесары хан туралы алғашқылардың бірі боп деректі дүние жазған орыстың өткен ғасырдағы әскери тарихшысы Н.Середа: “Кенесары өз әскеріне лайық, тамаша әмірші болды. Олардың ерекше жоғары рухына еуропалық әскердің кез-келген қолбасшысы қайран қалар еді. Кенесары жеке басының аса бір қасиеті бар билеуші, егер басқа жағдайда тәрбиеленсе, керемет мемлекеттік қайраткер болатынына” сенімі молдығын қайран қала суреттесе, Е.Т.Смирнов: “1844 жыл Кенесарының күш-қуаты артып, атақ-даңқы асып тұрған жыл болды. Шабандоз партизан есебінде ол таңғажайып әрекеттер жасап, қырғыз даласының ержүрек сайыпқыран жігіттерін төңірегіне топтай білді. Бір сөзбен айтқанда, Кенесары өз сарбаздарының әбден лайықты әміршісі бола білді” деп зор сүйсініспен жазған. Орыстың ғалым-саяхатшысы П.П.Семенов – Тянь-Шанский хан Кенені біздің дәуірімізге дейінгі екінші ғасырда Рим империясына қарсы күрескен Понт патшасы Митридат ІІ Эвпаторға теңейді. ХІХ ғасырда-ақ орыс тарихшылары Л.Мейер, В.А.Потто, қырғыз тарихшысы Б.Жамғыршинов, поляк А.Янушкевич, ағылшын Т.Аткинсон ардақты ханымыз жөнінде жылы лебіз білдірген. Американ тарихшысы Марта Олкот қазақтар туралы көлемді тарихи-зерттеу еңбегінде Кенесарыға тоқталып, оған арнайы бір тарауын арнаған.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-26; Просмотров: 1652; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.049 сек.