Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Тарихи трагедия 10 страница




Сәбит Мұқанов алғашқы драмалық шығармасын жазуға зор творчестволық тәжірибемен, поэзия, проза жанрларында күрделі туындылар беріп, шебер қаламгер ретінде толысқан шағында кірісті, әуелі “Алтын астық”, “Гвардия, алға” либреттоларын жазды.

Автордың тырнақ алды пьесасы – “Күрес күндерінде” ең алдымен тақырыбының әлеуметтік маңыздылығымен, саяси көзқарастарының айқындығымен өмір құбылыстарын жан-жақты, кең қамтуымен ерекшеленеді. Жазушы трагедия деп көрсеткенмен, бұл шығарманың жанры қаһармандық драма. Шығармаға драмалық ситуация сәтімен таңдап алынған. Бұрын әдебиетімізде бейнеленген, бірақ, әсіресе сахналық туынды үшін лайық, материалды қаламгер дәл көріп, дұрыс суреттеп, екшеп ала білген.

Қазақстанның солтүстігінде 1919 жылы аз уақыт Колчак билігі жүрген кезде, бұрынғы үстем тап өкілдері қайтадан бас көтере бастады; коммунистердің беріктігін сынайтын екіталай ауыр заман туды; саяси күрестің қыр-сырын анық ұғып болмаған кедей-кепшік екі жаққа бірдей жалтаңдаған кезең келді. Осындай өлара, тұман айықаған шекаралық жағдайдағы өмір құбылыстары драмаға арқау болған. Қаламгердің әлеуметтік топтар өкілдерін кең қамту мақсатын көздегені алғашқы көріністен-ақ аңғарылады: қажы Құлым, бай Қозыке, алаш офицері Әбу, атқамінер Нұрмағамбет, ұры Жанат – бұлардың әр тараптан, әр деңгейден шығып жатқан сөздерінің мағынасы, түпкі нысанасы бір. Драматург әрбір көрініс сайын жаңа кейіпкерлерді әрекетке қосып отырады. Жуандар тобы адамгершіліктен безіп, қаныпезерлікке ойысады. Ат, ақша жинап, қару іздестіріп, қанды күреске дайындалып жатқан жендеттер.Алғашқы сценаларда есте қалатын, тілдік, мінездік ерекшеліктерімен көзге түсетін екі персонаж бар: бірі – Құлым қажы, екіншісі – Қыстаубай кедей. Тілі “р”-ға келмейтін сақау, жасы 70-тен асқан қажы орынсыз көп сөйлейді, кемістігін сезінбейді, сөздері өте сөлекет шығады.

Кейін, көп жылдар өткен соң қазақ драматургтарының бір тобы ана тілін білмейтіндерді күлкі ету үшін, тілді шұбарлап сөйлеуді сахналық бір тәсіл ретінде қолданған болса, Сәбит Мұқанов тіл шұбарлығын реалистік образ жасауға сәтті пайдаланған. Қаламгер алғашқы пьесасының өзінде драмалық әрекетке – сюжеттің сахналық сипатына көңіл бөлген. Бір шағын көріністен соң тағы бір шағын көрініс ауысып отырады. Оларда мазмұн жөнінен контраст принципі бар десе де, артық емес. Бұл өмірде болған, көп ұшырасқан, талай адамдардың ғұмырын жаралаған оқиға ғой. Дәл осы құбылысты Сәбит Мұқанов пьесасына негізгі тартыс желісінің бірі етіп алады. Драмадағы басты арна - контрреволюционер мен коммунистер арасындағы күрес десек, екінші жүйе Қозыке байдың қызы Зүбәйла мен коммунист Жақып арасындағы сүйіспеншілік хикаясы.

Жақып – Зүбәйла. Сағынып кездескен беттері. Бірақ бұлар Әуезовтің "Қарагөзіндегі", яки Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш - Баяй сұлуындағы" лапылдап жанып тұрған романтикалық тұрғыдағы ғашықтар емес. Әуезов, Мүсірепов кейіпкерлері іштегі өрттей сезімді селдетіп, нөсерлетіп, өлеңдетіп, ақтарып айтса, Мұқанов образдары сабырлы, салмақты.

Бұрын Мұхтар Әуезовпен бірлесіп жазған "Ақан - Зайра" пьесасы демесе, драматургия жанрында қалам тартпаған Сәбит Мұқановтың алғашқы сахналық туындысында драма эстетикасын жап-жақсы игергендігін көрсетіп, әлеуметтік маңызды тақырыпта сапалы шығарма беруі, сез жоқ, жазушының өзінің де, сол кезеңдегі әдебиетіміздің де бағалы олжасы болатын.

Ұлттық рухани тарихымыздағы ғажап құбылыстардың бірі, аз ғұмырда бітірген істері жөнінен келгенде күллі әлем ауызға алатын данышпандармен қатар тұра алатын жалғыз қазақ бар десек, ол дау жоқ – Шоқан Уәлиханов. Осы ұлы адамның өмірін, ғылыим еңбектерін зерттеуде екі академигіміз Сәбит Мұқанов пен Әлкей Марғұлан көп жылдар мол еңбек етті, зор қажыр-қайратпен мезгілсіз уақытта туған азаматеңбегінің халқына табыс етілуіне жағдай жасады.

Бірінші жазылған “Шоқан Уәлиханов” трагедиясынан кейін көп томдық романдар шоғырының алғашқы кітаптары дүниеге келді. Кітапханалар, архивтер, Шоқан болған қалалар, Шоқан басқан жолдарды Сәбит Мұқанов түгел көрді, шекарадан өтіп Шығыс Түркістан, Қашқарға дейін барды. Ұйғыр халқының қалың ортасында болып келгеннен соң, ойланып, толғанудан, тақырыпты терең білуден, материалдың маңыздылығынан барын драматург бір объектіден өзектес екі шығарма пьеса-дилогия тудырады. Сөйтіп Шоқанның жас жігіт кезін көрсететін “Қашқар қызы” атты екі бөлімді тарихи драма дүниеге келді. Трагедияны талдамас бұрын, алдымен, кейін жазылса да, осы драмаға тоқталайық.

Пьесаның негізгі арқауына өмірде болған, тарихи дәл фактілер – Омбы кадет корпусын бітірген орыс армаясының жас офицері, Абылай ханның немересі, сұлтан Шоқан Уәлихановтың патша үкіметінің арнаулы әскери тапсырмасымен Қашқарияға барған сапары алынған. Рас, сол тапсырмадан оралған соң Шоқан тарихи, этнографиялық еңбектер жазды. Жазушы ол материалдарды пьесаға еркін, кең, сәтімен пайдаланған. Ал, пьесадағы бір қыдыру линиялардың, тартыс жүлгелерінің, сарын-идеяның, образдар кескіндерінің автор позициясынан, суреткердің фантазиясынан туғандығы хақ. Шығармашылық аса бай тәжірибе жинақтаған, әбден кемеліне келген шағында жазған пьесасында Сәбит Мұқанов, ең алдымен, реализм талаптарына ерекше ден қойып, өмір шындығын дәл бейнелеуді мақсат еткен. Кейіпкерлер саны көп емес, 12 адам. Оның бәрі бірдей белсенді әрекетке араласпайды, негізге тартыста жүргендер осының жартысығана. Ремаркада бұлардың түр-түсі, мінез ерекшелігі көрсетілмеген, жас шамалары, кейбіреулерінің кәсібі айтылған. Оқиға өтетін жерлерге, декорацияға қатысты ремаркалар ықшам әрі дәлді: заттар, мекен-жайлар, қимыл-қозғалыс айталыда; музыкалық сүйемел пьесада бастан-аяқ жүріп отырады. Персонаждардың қимылына, жүріс-тұрысына, жүз құбылыстарына, көрермен – сахнамен арадағы қарым- қатынасқа байланысты ескертпелер нақты.

Алғашқы сахнадаң бастап шым-шымдап бел алған тартыс жүлгелері айқындала бастайды. Қашқар елінің әлеуметтік теңсіздігі,әсіресе, әйел халінің ауырлығы, бұл жерде көз тіккен отаршыл мемлекеттердің әрекеті – осылардың әрқайсысы адамдар мінездері, характерлер қақтығысы арқылы көз алдыңа тартылады. Рас, драматург образдардың психологиялық тұрғыдан терең, жан-жақты ашылуынан, сахналық қимыл-әрекетке, пьеса фабуласының тартымдылығына, сюжет қызықтылығына көбірек мән беріп, баса ден қойған.

Көлемі жөнінен алғанда пьесадағы ең ұзақ сцена – бірінші перденің алтыншы суреті. Басқа көріністерде, негізінен, бірер адамның диалогы қысқа, ықшам қайырылса, мұнда негізгі кейіпкерлер тұтас әрекет үстінде десе, қате емес. Ұзақ, күрделі монолог, шығыс әдебиетінің үлгісіндегі философиялық толғау, мақал-мәтел поэтикасына жақын тұрған қанатты оралымдар, афоризмге жақын тіркестер бар. Әсіресе, дуана тіліне автор мұндай элементтерді орынды түрде, сәтімен енгізген. Драматург бұл пьесадағы табысының бірі жалпы рухы жақын болғанмен, бауырлас халықтың өмірін бейнелеудің оңтайлы әдістерін таба білді: қолайлы, деректі, тарихи негізі бар материалдарды таңдап алу, тұрмыс, этнография детальдарын пайдалану, музыканы орынды кірістіру, түркілік, діни лексиканы шеберлікпен, орынды кәдеге жарату – осының бәрі қаламгердің маңызды, колорит – бояуы айқын, қызық тартысты сахналық шығарма тудыруына мүмкіндік берген.

Тарихи трагедия тудыруда драматургиядағы үздік үлгілерде қалыптасқан оптимистік идея, ұрпақтар жалғастығы сарынын Сәбит Мұқанов өз қаламгерлік тәжірибесінде айқындай түскен. Тағы да тас босаға, тар өткелде, өлім сәтінде Катеринаның келуі, жас төл, жаңа ұрпақтың аға қасынан табылуы – пьесаның жинақтаушылық, көркемдік қуатын ұлғайтып тұрған, бас-аяғы көлемді, күрделі, мол кейіпкерлі шығарманы сәтті тұйықтап аяқтаған поэтикалық, образдық мәні бар көркем детальдар. Мұның үстіне, өнердің әр саласында кейін туатын Шоқан туралы кино, скульптура, әңгіме, повесть, роман, зерттеулерде көрінген көп әуез, сарын, идея, ой “Шоқан Уәлиханов” трагедиясынан от алып жанып, бастау алып тарағанын мойындамау, сөз жоқ әділетсіздік болар еді.

Әдебиет әлемінде жарқырай көрінген Мұхтар Әуезов шығармашылығының алғашқы жылдарында-ақ “Еңлік – Кебек”, “Қарагөз”, “Ескілік көлеңкесінде”, “Қаралы сұлу”, “Қорғансыздың күні”, “Жетім”, “Қилы заман”, “Қараш-қараш оқиғасы”, “Хан Кене” сынды буырқанған шабытпен жазған туындыларды әкелді. Осындай ұлт-азаттық қозғалыс тақырыбына арналған шығармаларының біразы бүгінгі күнде біршама зерттелінді.

Қаламгердің жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы туындыларын жазушының сол тұстағы қоғамдық, қайраткерлік қызметінен, жазған мақалаларынан, әңгіме-повестерінен бөлек алып қарастыруға болмайды. Кез-келген қаламгер әдебиетке, шығармашылық жолға келер алдында алғашқы қадамын баспасөзден бастайтыны анық Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің бүкіл шығармашылық сапары бойына жемісті еңбек еткен прозадан кейінгі жанрларының бірі – драма. Жазушының драмалық шығармаларынан шыңдалған шеберлігін, үздік талантын танимыз. Әуезов драма жанрына ерте, шығармашылық жолының ең алғашқы қадамдарынан бастап-ақ ден қойды. Сөйтіп ол қазақ драматургиясының ірге тасын қаласты және ұлттық театрымыздың өркендеу, оның репертуарын толықтыра беру жолында қажырлы еңбек етті. Ол өзінің алуан түрлі тақырыпқа арналған жиырмадан аса төл пьесасын жазды және дүние жүзінің, орыстың классикалық драматургиясының көптеген үлгілерін қазақ тіліне аударды. Бұл ретте Мұхтар Әуезов аударған Гогольдің “Ревизоры”, Шекспирдің “Оттелосы”, “Асауға тұсауы”, Н.Погодиннің “Ақсүйектері”, К.Треневтің “Любовь Яроваясы”, А.Кронның “Флот офицері” пьесаларын айтуға болады.

Осы пьесаларды үздік, шебер аудару арқылы жазушы қазақтың ұлттық театр өнерінің классикалық үлгілерімен молығып, жетілуі жолында көп еңбек сіңірді және өзінің де драматургтік қызметінің аса бір өрісті де жемісті саласын құрады.

Қалың қауым Мұхтар Әуезовтің революциядан бұрынғы қазақ тұрмысын классикалық шеберлікпен көрсеткен трагедияларымен, драмаларымен ертеден жақсы қанық, біліс еді, енді ұлы суреткердің көп томдық кітаптары басылған соң жаңа шындықты бейнелейтін пьесаларымен, замандас тұлғасын сомдап шығару жолындағы ізденістерімен жете таныса бастады.

Тіпті, "Октябрь үшін", "Тартыс", "Тас түлек", "Шекарада" секілді отызыншы жылдар сахнасында қойылған пьесалар өз алдына, қазіргі дәуір бүгінгі өмірді бейнелейтін "Алуа", "Асыл нәсілдер" драмаларында көп қызық өрнектер, суреткерлік мол олжалар бар. Үңіле, зерттей қараған адам, бұл дүниелерден талай үлгі, өнеге алмақ.

Тұжырымдар

1. Ж.Аймауытов, С.Мұқанов, М.Әуезовтің алғашқы пьесалары қазақ әдебиетін байытқан сүбелі туындылар.

2. Жүсіпбек Аймауытов әдеби мұраларының негізгі, салмақты саласының бірі — драматургия. Көптеген пьесалар жазумен қоса, оның кезінде өз шығармаларын, үзеңгілес қаламдастар туындыларын сахнаға қойған алғашқы режиссер қатарында болғаны тарихи шындық.

3. Көлем жөнінен алғанда күні бүгінге дейінгі жасаған қазақ қаламгерлерінің ішінде ең мол мұра қалдырған Сәбит Мұканов қандай жанрға, қандай тақырыпқа бармасын, ең алдымен, зерттеу, барлау жұмыстарын жүргізетін. Оның бұл саладағы ізденістері арнаулы ғылыми зарттеудің объектісі болуға ылайық.

4. Әдебиет әлемінде жарқырай көрінген Мұхтар Әуезов шығармашылығының алғашқы жылдарында-ақ “Еңлік – Кебек”, “Қарагөз”, “Ескілік көлеңкесінде”, “Қаралы сұлу”, “Қорғансыздың күні”, “Жетім”, “Қилы заман”, “Қараш-қараш оқиғасы”, “Хан Кене” сынды буырқанған шабытпен жазған туындыларды әкелді.

Сабақ бойынша әдістемелік нұсқама

Студент Ж.Аймауытов, С.Мұқанов, М.Әуезовтің алғашқы пьесаларын оқып, талдай білуі қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Ордалиев С. Қазақ драматургиясының очеркі. А., 1964, 118-122-б.

2. Нұрғали Р. Драма өнері. А., 2001, 314-318-б.

3. Серғазы Л. Тарихи трагедия: дәстүр және сабақтастық. Астана, 2007, 6-8-б.

8-сабақ. М.Әуезов – драматург

Мақсаты: М.Әуезовтің драмаларының тақырыбы мен идеясы, жазылу тарихы, ұлт-азаттық тақырбындағы шығармалары, аударған пьесалары фольклор үлгілерінің негізінде жазылған драмалық туындылары туралы мағлұмат беру.

Сұрақтар:

1. М.Әуезовтің драмалық шығармалары.

2. «Еңлік – Кебек» трагедиясы.

3. М.Әуезовтің мақалалары.

4. Ұлт-азаттық тақырбындағы шығармалары.

5. М.Әуезов аударған пьесалар.

6. «Қарагөз» трагедиясындағы кейіпкерлер жүйесі.

Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: режиссер, пьеса, сюжет, композиция, драматург, театр, финал, поэзия, проза, публицистика, сын.

Сабақ мәтіні (тезис)

XX ғасырдың басында дүниеге келген қазақ драматургиясы әр уақытта замана тынысынан алшақтап, дәуір проблемаларынан бойын аулақ салған жоқ, мезгілдің көкейкесті мәселелері, кезеңнің толғақты сырлары сан алуан пьесалар тудырған. Қалың қауым Мұхтар Әуезовтің революциядан бұрынғы қазақ тұрмысын классикалық шеберлікпен көрсеткен трагедияларымен, драмаларымен ертеден жақсы қанық, біліс еді, енді ұлы суреткердің көп томдық кітаптары басылған соң жаңа шындықты бейнелейтін пьесаларымен, замандас тұлғасын сомдап шығару жолындағы ізденістерімен жете таныса бастады. Жазушының драматургия саласындағы ең алғаш шығармасы – “Еңлік-Кебек”. Алғаш жазылған кезде сахара сауыққойларының ойыны арқылы Абай ауылында Әйгерім отауында қойылған, кейін 1925 жылы қазақтың тұңғыш ұлттық театрының сахнасын ашқан бұл пьесаға автор да, театр да талай рет оралды. Пьеса өңделген сайын оның тынысы кеңейе, көркемдік бояулары да құлпыра түсті. Ел арасында кең тараған көне мазмұнды М.Әуезов қазақтардың сөз өнерінде бұрын-соңды болмаған жаңа пішінге көшіріп, “Еңлік-Кебек” трагедиясын жазып шыққан. Демек, “драматургия – қазақ әдебиетінде тек Әуезов қана тудырған жанр” деп С.Мұқанов әділ айтқан. 1925 жылы қазақ театрының тұңғыш шымылдығы “Еңлік-Кебекпен” ашылуы да тегін емес.

“Еңлік-Кебектің” алғашқы нұсқасынан кейін Әуезов араға бір жыл салып, 1918 жылы “Бәйбіше – тоқал” драмасын жазды. Тақырыпты көркем игерудегі жазушының сәтті табысы – пьесаның затын атына сәйкестендірем деп тартысты күндестер арасындағы күйкі әрекеттерге құрмай, ескі ауылдағы әйел теңсіздігінен, қалыңмал қырсығынан туындаған әлеуметтік сипаттағы қайғы-халге құрғандығы.

Жиырмасыншы жылдардағы Әуезов драматургиясында айрықша орны бар тағы бір елеулі туынды – аты шулы “Қарагөз” трагедиясы (1926). “Аты шулы” болатын себебі – “Қарагөздің” алғашқы нұсқасы сол кездегі тұрпайы социологизмнің сойылы мықты сынына ұшырады. Оның басты себебі “Қарагөздің” прологінде бір қолына қобыз, бір қолына сыбызғы ұстап, “сахнаға шыққан” ескі пішінді шал – ақсақалдың “трагедия кейіпкерлері” – Сырым мен Қарагөз заманын аңсап: “Ол бір аса соққан желдей, алыста Сарыарқаның ақ төсінде ақ айналы көлдей, толықсып аққан селдей… Шырқап кеткен келмей… Алыстағы асқардай, алқынсаң да келмейтін аршындап өткен заман ғой!” – деп аһ ұруы еді. Аяғында ақсақал кешегі күйден бүгінгі жайға көшіп: “Бүгінгі дала жай болып сарылған, бүгінгі ән мұңайған, жүдеу, қаралы… Домбыра күй тартпайды, жылайды. Қыз ән шырқамайды, сыбырлайды…” деп күңіренеді. Мұның бәрі, әрине, сол кездің идеологиясына қарама-қарсы кертартпа сарын. “Жарқын келешек” үшін күрескерлер идеясына жат, зиянды ағым – көнені дәріптеу, болашақтан түңілу болып бағаланды да, шығарма авторы шырғалаңға түсті.

“Қарагөздің” алғаш сахнаға қойылған кезінен отыз үш жыл кейін автор, өз сөзімен айтқанда, “осы шығарманы қайта қарап, идея, көркемдік жағындағы бұрынғы терістік, қателіктерін түзеп, қайтадан жазып шықты”.

Отызыншы жылдар Әуезов драматургиясының өрбу-дамуындағы жаңа кезең: бұл тұста жазушы дәстүрлі тарихи тақырыппен қатар қазіргі дәуір шындығына шұғыл бет бұрып, өзінің көркем прозасымен бірге драматургиясын да жаңа арнаға салды. Ұлы Отан соғысына дейінгі он жыл ішінде Әуезов оннан аса пьеса жазды. Оның басты-бастылары – қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына арналған “Түнгі сарын” трагедиясы, белгілі лиро-эпос жырының желісінде жазылған “Айман – Шолпан” комедиясы, жаңа жүйенің алғашқы жылдарында оқу-ағарту орындарына, мәдени шаруашылық мекемелеріне кіріп алып, кеңес өкіметіне қарсы күрескен бір топ байшыл-феодалшылдардың идеология майданындағы тартысын суреттейтін “Тартыс” драмасы, кеңес мектептерінен тәлім-тәрбие алған ауыл жастарының – күні кешегі кедейлердің психологиясындағы сана-сезімдері мен мақсат-мүдделеріндегі өзгерулер мен жаңаруларды, олардың жаңа жүйені нығайту жолындағы кедергілер мен кеселдерге қарсы күресін көрсететін “Тас түлек”, “Алуа” драмалары, ұлы ақынның тұңғыш рет сахналық бейнесін (Л.Соболевпен бірлесіп) жасаған “Абай” трагедиясы т.б.

Қырқыншы-елуінші жылдарда жазылған шығармалары да түгел дерлік қазіргі заман тақырыбын толғайды. Олардың ішінде, әсіресе, Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлер ерлігін асқан шеберлікпен суреттеген “Сын сағатта”, “Намыс гвардиясы” (Ә.Әбішевпен бірге жазған), “Қынаптан қылыш” (Ғ.Мүсіреповпен жазған) драмаларының орны ерекше.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігін қорғап қалуға бағытталған ұлт-азаттық қозғалысы, оның кемеңгер қолбасшысы, халқымыздың соңғы ханы – Кенесары Қасымұлы мен жанын шүберекке түйіп, отаршылдық жүйеге қарсы күрескен Наурызбай, Ағыбай сияқты батырлардың ерлігі тарихи тұрғыдан зерттелсе де, дәл осы айтулы оқиғаға қатысушы қаһармандарымыздың рухани мұраларымызда сомдалуы жан-жақты зерделенген жоқ.

Елін, халқын ойлаған ұлы жазушымыз түбінде жазадан құтылмайтынын білсе де, жан дүниесін, санасын, рухани дүниетанымын талқыға салды. Әуезовтің талқыға түсуіне себепкер болған шығармаларының бірі – “Хан Кене” трагедиясы. Хан, сұлтан, би, батыр туралы жазғандарды қатал сынға алып, қуғынға ұшыратып жатқан кезде қазақ халқының соңғы ханы Кенесары Қасымұлы туралы шығарма жазу ол кез үшін үлкен ерлік еді. “Қилы заман” тарихи романы мен “Хан Кене” трагедиясының жарық көру уақыты осы шығармалардың күрделі тағдырының бастауы болды. Бұл кезде кеңестік идеологиямен сусындағандар ұлттың шын мәніндегі ұлт екенін тану үшін өткенге соқпай өтпейтінін түсінбей, таза ұлттық қасиеттерді ешбір идеологияның бояуынсыз айқындау қажеттігін басқаша пайымдап жатқанда, осы бағытты қолдамаған қаламгерлерден “ұлтшылдық” таңбасын көруге асыққан кезең еді. “Ескі сарындағы байшыл, ұлтшыл әдебиет өкілдері” деп қазақ қаламгерлерін жікке бөлушілік саяси науқанға айналып, жиырмасыншы жылдардың соңына таман жарық көрген И.Сталиннің “Большевизм тарихының кейбір мәселелері туралы” хатынан соң мүлдем ушыға түскен. “Мерзімді баспасөз бетінде ұлтшыл жазушыларды қаралаған мақалалар жиі көріне бастады. Қазақ әдебиетіндегі ұлтшылдықты әшкерелеген материалдар, әсіресе, өлкелік партия комитетінің органы “Еңбекші қазақ”, “Советская степь” газеттерінде тұрақты орын алды, – деп жазды Д.Ысқақұлы.

М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, Б.Күлеевтермен ұлтшыл бағыттағы жазушылар қатарына іліккен М.Әуезов те саяси идеологияның қысымына түсті. М.Әуезовтің “Алаш” үкіметінің ісіне араласуы, большевизмді сынауы сыныққа сылтау болып, коммунистік партия мен кеңес үкіметі жазушының жеке басына, шығармашылық ізденістеріне сенімсіздікпен қарай бастады. Саяси идеология сол тұста жарық көрген “Қилы заман” романы мен “Хан Кене” пьесасын “ұлт араздығын қоздыратын, орысқа жат жазылған, саяси қатесі мол” деген үкім шығарып, оқуға тыйым салды.

Еркіндік пен тәуелсіздік аңсаған елдің күресін бейнелеген, соның салдарынан тағдыр соққысын көрген “Хан Кене” трагедиясын Әуезов сұқ көзден қызғыштай қорғайды. Коммунистік саяси идеологияның патшаға қарсы күрес уақытын пайдалана отырып ойды бүкпелеп, астарлап жеткізу арқылы тарихи материалды идеясына, негізгі айтар ойына бағындырады. “Хан Кене” трагедиясын өз заманының шындығымен салыстыра береді. “Хан Кене” пьесасы туралы қарама-қайшы пікірлердің тууы, ең алдымен, оның нысаны мен тақырыбына, тарихи тұлғаны драматургтің қалай көрсеткеніне байланысты. Осы кезге дейін Кенесарыны өз мансабы үшін қарапайым екі халықты жауластырып, араларына сызат түсірген қарақшы ретінде танып келді. Ал екінші біреулері қазақ халқын тұтастыққа, азаттық жолындағы күреске шақырған, сол бостандық жолында мерт болған тарихи тұлға ретінде бағалайды. М.Әуезов екінші пікірді жақтағанымен, Кенесарыны құр мақтамай, оқиғаның шындығын көрсетуге тырысады. Бұл пьеса жөнінде әдебиетіміздің көрнекті өкілдері – С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов және тағы басқалары пьеса сахнаға алғаш қойылысымен-ақ сын пікірлер айтқан болатын. Ұрпақтың санасына теріс ұғым қалыптастырып үлгерген саяси идеологиялық принциптердің салдарынан ұлт-азаттық қозғалысы ғана емес, Қазақстан ғылымы, әдебиеті мен тарихы едәуір бұрмалаушылықтар мен қателіктерге ұшырады. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген соң ғана тарихи ақиқаттардың беті ашыла бастады. Еңсесі түскен елді егемендік пен бірлікке шақырған белгілі қаламгерлердің шығармаларындағы ақиқат пен аңыз арада қаншама уақыт өтсе де, өз маңызын жойған жоқ.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-26; Просмотров: 1599; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.044 сек.