Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Тарихи трагедия 7 страница




1944 жылы Алматы қаласында балалар және жасөспірім театры ашылды. Соның негізінде 1945 жылы орыс труппасы, ал 1946 жылы қазақ труппасы қалыптасты. Осы театрды әр жылдары басқарған режиссерлер В.Гродский, Б.Добронравов, Г.Жезмер, М.Қосыбаев, А.Мадиевский, Е.Маркова, Мен Дон Ук, Е.Праслов, Б.Пучкин, А.Тоқпанов, С.Хайруллина болды. Актерлік құрамында Қ.Жәкібаев, Б.Қалтаев, К.Қожабеков, М.Құланбаев, А.Мәмбетова, Ш.Мусин, К.Өмірзақов, Ә.Өмірзақова, С.Саттарова, Г.Кузьменков, Я.Мұратов, О.Решетниченко жұмыс атқарды.

1985 жылы бұл театр өз алдына Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ балалар мен жасөспірімдер театры және Н.Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театры болып екі ұжымға бөлінді.

50-шы жылдары театр өнерінде кейіпкерлердің психологиясын терең ашуға беталыс анық байқалды. Бұған осы беталысты жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бір топ дарынды актерлердің келуі себеп болды: Алматы театр училищесінің түлектері А. Ружева, М. Салықов, З. Шәріпова, Ташкент театр-көркем институтының түлектері Н. Жантөрин, Ғ. Сүлейменов, Ж. Шүленбаев, ГИТИС қазақ студиясының түлектері М. Байзақова, Т. Жайлыбеков,М. Қамбаров, Р. Қаныбаева, Қ. Қуандықов, Б. Маусымбаев, Ы. Ноғайбаев. Бұл буынға режиссерлер М. Қосыбаев, Ә. Мәмбетов, Мен Дон Ук, Б.Омаров және басқа да атақты театр оқу орындарында жоғары білім алған театр қайраткерлері қосылды.

1955 жылы Еңбекшіқазақ пен Қаратал ұжымшар-кеңшар театрларының негізінде Талдықорған облыстық драма театры ұйымдасты. Театр сахналарында ұлттық тарихи-фольклорлық драматургия бойынша спектакльдер қою ісі қайта жалғастырылып, біршама жандана түсті. Осыған орай Ғ.Мүсіреповтің “Амангелдісі” (1952), С.Мұқановтың “Шоқан Уәлиханов” (1955, екеуінің де режисер М.И. Гольдблат) және Ә.Тәжібаевтың “Майрасы” (1957, режисер А.Тоқпанов) секілді тарихи-ғұмырнамалық тақырыпта жазылған жаңа пьесалар қойылды. М.Әуезов романының желісімен “Абай” спектаклі (инсценировкасын жасағандар Ш.Айманов пен Л.С. Штейн, 1949) сахнаға шығарылды. 1957 – 58 жылы Алматы қаласында “Театр көктемі” деген атпен облыстық театрлардың алғашқы байқауы өткізілді. Байқауда Гурьев (қазіргі Атырау), Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан) және Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облыстық драма театрлары жүлдегер атанды. Қазақ әдебиеті мен өнерінің 1958 жылы Мәскеуде өткен онкүндігінде Ш.Айманов, Қ.Қуанышбаев, В.Б. Харламова КСРО халық артисі, сондай-ақ Ш.Жандарбекова мен С.Майқанова ҚазКСР-інің халық артисі деген құрметті атаққа ие болды, ал Бөкеева, Е.Я. Диордиев, С.Қожамқұлов пен Е.Өмірзақов Ленин орденімен марапатталды.

60-шы-90-шы жылдар қазақ театр тарихындағы шығармашылық ізденістердің жарық кезеңі болып саналады. М. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театры сахнасында қойылған спектакльдер театрдың алтын қорына енді. 60-жылдардағы республика театрының өмірі тақырыптық бағыт-бағдары мен сахналық жанрының әр алуандығымен ерекшеленді. Бүгінгі күннің көкейкесті мәселелеріне арналған төл пьесалар қою ісі одан әрі жалғасын табумен қатар шет ел драматургиясының туындылары да сахнада кеңінен қойылды. 1970 – 80 жылы республика театрларында осы заман тақырыбына арналған Т.Ахтановтың “Күтпеген кездесуі” мен “Махаббат мұңы”, О.Бөкеевтің “Құлыным, менің”, Ә.Әбішевтің “Мансап пен ұждан”, Н.Оразалиннің “Шырақ жанған түн” пьесалары бойынша спектакльдер қойылды. Осы жылдардағы көркемдік деңгейі жоғары, елеулі сахналық туындылардың бірі – Ә.Нұрпейісовтің трилогиясы негізінде қойылған “Қан мен тер” спектаклі (1973) болды. Ол – қазан төңкерісі қарсаңында қазақ даласындағы әлеуметтік жағдайдың диалектикасын сахналық көркем тілмен шынайы бейнеледі. Спектакль 1974 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығына (режисер Мәмбетов, суретші А.С. Кривошеин жөне актерлер А.Әшімов, Ф.Шәріпова мен Ы.Ноғайбаев) ие болды.

Қазақстандағы театрлар санының өсуі театр өнерінің даму кезеңі бойында тоқтаған емес. 1979 жылы Теміртау қаласында Неміс драма театры құрылды және 1989 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Алматы қаласына көшірілді. Труппаның негізін М. Щепкин атындағы Мәскеу театр училищесінің түлектері құрды.

1980 – 90 жылы Қазақ театрының режиссерлері республикадағы орыс драма театрлары сахнасында бірқатар спектакльдерді қойды. ҚР ҰҒА-ның Әдебиет және өнер институтындағы театр мен кино өнері бөлімі ұлттық театр өнерінің тарихын һәм оның өзекті мәселелерін зерттеумен айналысады. Арнайы білім алған маман театртанушылар: Б.Құндақбаев, Қ.Мұхамеджанов, Л.И. Богатенкова, С.Д. Қабдиева, К.Ә. Нұрпейісов, У.К. Садықова, Ә.Т. Сығай, Н.Н. Шәукенбаева, Л.М. Громова, М.В. Иовлева, И.Ф. Ким Қазақстан театр өнерінің мәселелерін зерттеумен айналысты. 1962 жылы Алматы қаласында ерікті шығармашылық ұйым – Қазақ театр қоғамы (қазіргі ҚР Театр қайраткерлерінің одағы) ұйымдастырылды. Қазақ театыр өнері саласындағы таңдаулы туындыларға Күләш Байсейітова атындағы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы (1966 жылдан жыл сайын, ал 1971 жылдан бастап екі жылда бір рет) беріледі. 1980 жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басында әміршіл-әкімшіл жүйе көбесінің сөгіле бастауы, ашық демократиялық қоғамның орнауы мен цензуралық қысымның жойылуы, еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі нәтижесінде республика театрларының шығармашылық өміріне жаңа леп әкелді, театрлар ұжымдарының алдына соны міндеттер қойды. Театрлар жаңа қоғамдық өмір мен әлеуметтік көзқарас және мақсат-мұратқа сай репертуарлық қорын тың туындылармен кеңейтті. Ұлт өмірінің тарихи белестерін жаңаша бағамдау мәселесі қазақ қаламгерлерінің драмалық шығармаларынан басты орын алып, ол Б.Әбілдаевтың “Айша бибі” (1986, режисер Ә.Құлданов пен М.Бекхожин, Жамбыл облысы драма театры), Ш.Мұртазаның “Сталинге хат” (1988, режисер Р.Сейтметов, Қазақ жастар мен балалар театры; 1989, режисер Б.Омаров, Талдықорған драма театры), О.Бодықовтың “Қорқыт” (режисер Ш.Зұлқашев), Б.Қорқытовтың “Ақбөбек” (екеуі де 1988, режисер А.Сұлтанғалиев, Атырау облысттық драма театры), Әуезовтің “Түнгі сарыны” (1989, режисер Асылхан) мен “Хан Кене” (1992, режисер Қ.Жетпісбаев, екеуі де Талдықорған драма театрында), Н.Әбутәлиевтің “Өттің дүние” (1992, режисер Ә.С. Рақымов), Иран-Ғайыптың “Шыңғыс хан” (1994, режисер Б.Атабаев), М.Байсеркеұлының “Абылайханның ақырғы күндері” (1996, режисер Байсеркеұлы), Оразалиннің “Қилы кезең” (Әуезовтің шығармасы бойынша; 1997, режисер Рақымов), Ә.Кекілбаевтың “Абылай хан” (1998, режисер Атабаев, бәрі де Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында), М.Байғұтов пен Ш.Орынбаевтың “Қарлығаш әулие – Төле би” (1993, режисер Құлданов, Шымкент облыстық драма театры), К.Н. Жұмабековтің “Қаз дауысты Қазыбек” (режисер Ә.Оразбеков, Қарағанды облыстық драма театры), О.Дастановтың “Әзірет сұлтан” (екеуі де 1998, режисер Мәмбетов, Қазақ жастар мен балалар театры), т.б. спектакльдерде өзінің көркем сахналық шешімін тапты. 20 ғасырдың 90-жылдары Ақмола, Павлодар, Арқалық, Орал, Ақтөбе, Көкшетау, Петропавл, Өскемен, Жезқазған, Атырау, Түркістан қалаларында жаңадан қазақ театрлары ұйымдастырылды. 1975 жылы Республикада орыс драма театры академиясы театр атағын алды. 1976 жылы ұлттық театрдың негізін салушылардың бірі С.Қожамқұлов Социалисттік Еңбек Ері атанды, ал режисер Мәмбетовке КСРО халық артисі (2000), Халық қаһарманы атағы беріліп, жоғары ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз тапсырылған (2000). Идеялық-көркемдік жағынан уақыт талабына сай сапалы репертуары бар, халыққа жүйелі түрде мәдени қызмет көрсетіп отыратын үздік ұжымдарға (1959 жылдан) халық театры атағы берілді. 1985 жылы Қазақстандағы әуесқой ұжымдардың жалпы саны 20 191 жетті, оның 184-і кезінде халық театры атағына ие болды. Қалың көпшілікке танымал халық театрлары қатарында Абай (бұрынғы Семей облысы), Таран (Қостанай облысы), Шаян халық театры (Оңтүстік Қазақстан облысы) болды. Қазақстанда кәсіби 35 театр, оның ішінде 9 қазақ драма театры – Ақтөбеде (1993), Алматыда (1926), Атырауда (1938), Тараз бен Қарағандыда (1936), Қызылордада 1960), Оралда (1991), Талдықорғанда (1975), Шымкентте (1934); 6 қазақ музыкалы драма театры – Арқалықта (1972 жылдан, 1988 жылы Жезқазғанға қоныс аударды), Жетісайда (1969), Көкшетауда (1995), Павлодарда (1990), Семейде (1934), Түркістанда (2002); 2 Балалар мен жас өспірімдер театры (1947 жылдан қазақ, ал 1945 жылдан орыс театры); Неміс драма театры (1980, Теміртау, қазір Алматы қаласында); 3 музыкалы комедия театры – орыс (1973, Қарағанды), ұйғыр (1934, Алматы) және корей (1968, Алматы); 5 қуыршақ театры – Алматыда (1935, қазақ және орыс труппалары), Ақтөбе мен Жезқазғанда (1985), Ақтауда (1981) және Шымкентте (1983) жұмыс істеді

2003 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам қаласында Өзбек театры ашылды. Қазақстанда бүгінгі күні барлығы 47 мемлекеттік театр жұмыс жасайды.

Қазақстанның тәуелсіздік алған кезеңінен Астана қаласында 1 опера және балет театры, 8 драма және музыкалық драма театры және 2 қуыршақ театры ашылды.

2006 жылдың қыркүйек айында тәуелсіздік алған жылдар кезінде алғаш рет Алматы қаласында Орталық Азия елдері театрларының халықаралық театрлар фестивалі өткізілді. Оған В. Маяковский атындағы Тәжік мемлекеттік орыс драма театры, «Йуг» Әзірбайжан мемлекеттік театры, С. Ибрагимов атындағы Ош қырғыз драма театры, Г. Камал атындағы Татар мемлекеттік академиялық театры, Өзбек Ұлттық академиялық драма театры, Ұлы Сапармұрат Түркіменбашы атындағы Түркменстанның бас драма театры, сондай-ақ, Қазақстанның республикалық 3 театры қатысты.

Жаңа шығармашылық ізденістерге ынталандыратын дәстүрлі республикалық театрлар фестивалі жыл сайын өткізілуде. Оған Қазақстанның 13 театрының өнер ұжымдары тұрақты түрде қатысып тұрады. Соңғы театр фестивальдері астананың мәдени орталық ретіндегі беделін көтеруге бағытталып, Астана қаласында өткізілді.

Жыл сайын Қазақстанның драма театрларының бірі Араб Республикасының Мысыр елінде халықаралық эксперименталдық театрлар фестиваліне қатысып тұрады. Үстіміздегі 2007 жылы Каир қаласында Қазақстанның театр өнерін Маңғыстау музыкалық драма театры Г. Мерғалиеваның «Моцарт және Сальери» қойылымымен таныстырды.

Тұжырымдар

1. ХХ ғасырдың басында жанр есебінде дүниеге келіп, басқа халықтардың драма жанры тарихымен салыстыра қарағанда, аз ғана уақыттың ішінде әлемдік деңгейде дамып үлгерген қазақ ұлттық драматургиясының қалыптасу жолы күрделі. Егер әлем драматургиясы сан ғасырмен есептелетін ұлан-ғайыр жолдан өтсе, қазақ драматургиясының тарихы әлі ғасырға да жеткен жоқ. Соған қарамастан, қоғамымыздың қауырт өрлеп дамуы, халықтың мыңдаған жылдық дәстүрі бар фольклоры, кәделі өнері, бай әдебиеті жаһан мәдениетіндегі дәстүрлермен қауыша келіп, қазақтың жаңа сапалы өнерін – драматургия мен театрды өмірге әкелді.

2. Қазақ драматургиясы шын мәнінде ғылыми айналымға, нысанға алынып зерттеу ісі 1950 жылдардан басталғанын көруге болады. Осы жылдардан бастап диссертациялар қорғалып, монографиялық еңбектер жарыққа шыға бастады.

3. Алғашқы қазақ трагедиялары мен комедиялары қазақ драматургиясының інжу-маржандарының қатарын байытқан сүбелі туындылар.

Сабақ бойынша әдістемелік нұсқама

Студент қазақ әдебиетіндегі драма жанрының туып, қалыптасуы, дамуы, алғашқы қазақ драмаларының жазылу тарихы туралы біліп, қазақтың алғашқы пьесаларын заманның талабына сәйкес сомдағандар ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында алаштың ардақты ұлдары Ишанғали Меңдіханов, Жиенғали Тілепбергенов, Жүсіпбек Аймауытұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Қошке Кемеңгерұлы, Жұмат Шанин, Сәкен Сейфуллиндер болғандығын ұғынуы керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Құндақбайұлы Б. Театр туралы толғаныстар. – Алматы: «Өнер» баспасы, 2006, 11-21-б.

2. Қазақ өнерінің тарихы. – 3 томдық (ХIХ ғасыр және ХХ ғасырдың бірінші жартысы, III том, 1-кітап). – Алматы: «Өнер» баспасы, 2008,467-474-б.

3. Электронды үкімет порталы: http: //www.e.gov.kz/

6-сабақ. Алғашқы қазақ драмалары. Б.Майлин, Ж.Шанин пьесалары.

Мақсаты: Қазақ әдебиетіндегі алғашқы қазақ драмаларының тақырыбы мен идкясы, көркемдік қырлары, Б.Майлин мен Ж.Шаниннің алғашқы дарамалық туындылары туралы түсінік.

Сұрақтар:

1. Алғашқы қазақ драмалары.

2. Бейімбет Майлиннің драмалық туындылары.

3. Алғашқы комедиялары.

4. Қазақ драматургиясының қалыптасуындағы Б.Майлин еңбегі.

5. Ж.Шаниннің драматург ретіндегі еңбегі.

6. Қазақ театрының қалыптастырудағы еңбегі.

Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: психологиялық ситуация, драмалық жағдай, гипербола, деталь, сюжет, композиция, драматург, театр, финал, характерлер қақтығысы..

Сабақ мәтіні (тезис)

Күнделікті тұрмыстың әр түрлі құбылыстары драмада жан-жақты бейнеленеді. Сан алуан тартыстар драма қаһарманын ауыр шайқастарға салып, оның рухани-адамгершілігік қуатын сынап көреді, алға қойған мақсат, белгілі нысана үшін күресі үстінде адамдар мінезінің неше түрлі қырлары ашылады. Уақыт, заман талаптары, әлеуметтік шарттар қалыптастырған нормаларды бұзу, шеңберден шығып, шекарадан өту секілді қаһармандар әрекеті тартысты психологиялық ситуациялар, драмалық жағдайлар тудырады. Тұрмыстың, отбасының, жеке бастың сан қилы қақтығыстарын сюжет арқауы ететін драма гипербола, гротеск секілді көркемдік құралдарды сараң қолданады, оның есесіне дәуір, нақты детальдар, табиғи бояулар бұл жанрдың өмірді реалистікпен бейнелеуіне көбірек мүмкіндік береді. Драма кейіпкері көптеген көген көздің бірі, ол ауыр күйзеліс, үлкен сынға түсіп, тіршіліктің қиын бір кезеңін басынан өткереді; сол тар жол, тайғақ кешуде не күйреп, рухани жүдеп, тозып, тоналып шығады, не жалаң аяқ жар кешіп, маңдайына тас тиіп, сонда да мойымай, басқа түскен таудай ауыртпалықты қайыспай көтеріп, арып-ашып жүріп белге көтеріледі, салқын сабыр иесі болып марқаяды. Ерекше ескеретін бір жайт – драмалық әрекеттің ширақтық сипаты.

Қатардағы жұмыр басты пенденің, көпшіліктің өзіне ұқсас қоңыр төбел жанның басынан өтетін драма ерекше оқиғалардың түйісуінен, ерекше характердің қақтығысынан туады. Кейіпкерлер басына бұлт үйіріліп, шешім қабылдайтын, күреске түсетін шақ туады; дос кім, дұшпан кім – осылар анықталады; сөйтіп кеше оң мен солын, ақ пен қараны дәл ажыратпай жүрген адам енді аяғын байқап-байқап басатын болады, өзгені де өзін де тартыс үстінде танып шығады, басынан белгілі бір драма өткізеді. Мұның бәрі сахналық шығармада әрекет, қимыл, күрес арқылы ашылмақ. Драма кейіпкері, негізінен, көпшіліктің қоңырқай өкілі, ол басын қанша тауға, тасқа соққанмен, аспандағы айды алатын трагедиялық қаһарман деңгейіне шыға алмайды; күтпеген күйге түсіп, керемет күлкі болатын, ішек-сілеңді қатыратын комедия кейіпкері де емес, ұмтылып құлап, қайта тұрып, тағы ентелеп жүріп, мақсатына жеткенмен, бәрібір қалыбынан аспайды, көктемде бұлқан-талқан бұзылып, бір тасып басылған шолақ өзен іспетті арнасына түсіп, қайтадан жылап аға бастайды, бұрынғы мимырт тірлігіне қайта көшеді. Сондықтан да мінезі, іс-қылығы, дүниетанымы, сөзі, жүріс-тұрысы – күллі сипаты жөнінен бұл театрға ең жиі келетін қатардағы көрерменнің ұзіне ұқсас, өзіне етене, өзімен туыстас кейіпкер.

XX ғасырдың басында дүниеге келген қазақ драматургиясы әр уақытта замана тынысынан алшақтап, дәуір проблемаларынан бойын аулақ салған жоқ, мезгілдің көкейкесті мәселелері, кезеңнің толғақты сырлары сан алуан пьесалар тудырған. Драматургияның басқа жанрларына қарағанда, комедия финалы көбіне тартыстың жағымды шешімімен, жамандық жеңіліп,жақсылық үстем болған баянды күймен аяқталады. Бұл тартыс әрекет бірлігінің логикасынан, характерлер қақтығысының табиғатынан шығып жатады. Комедия жанры поэтикасының шарттылығы бойынша жағымсыз кейіпкерлер түптің түбінде бармақ шайнап, қателігін мойындайды, жеңіліп тізе бүгеді, сөйтіп адал ниет, ақ тілек, әділ іс салтанат құрады. Өмір құбылыстарын, адам мінездерін ашу үшін комедиограф оқыс оқиғалар, күлкілі жайттарды шығармада шебер пайдаланады. Ғасыр басында қазақ әдебиетінде комедияның шағын формалары кең өрістеді. Әлеуметтік-экономикалық, мәдени-саяси, отбасылық-тұрмыстық өзгерістер бұл жанрдың мүмкіндіктеріне сәйкес келіп, түрлі сюжеттер, водевильдер, интермедиялар, сахналық көріністер туды. Олар қоғамдық санасы ояна бастаған қазақ еңбекшілерін эстетикалық-саяси тұрғыдан тәрбиелеуге көп қызмет еткенін зерттеушілер Т. Нұртазин (1967), Ә. Тәжібаев (1976), Р. Рүстембекова (1975), С. Ордалиев (1964) дұрыс көрсеткен болатын.

Қазақ драматургиясының алғашқы туындыларының бірі Көлбай Тоғысовтың «Надандық құрбаны» атты драмасы. Ол 1915 жылы Уфа қаласында жеке кітап болып та шығады.

Пьесаның қысқаша мазмұны мынадай: Байжан деген байдың үйіне бір татар молда келеді. Ол қараңғы халықты алдау арқылы күн көріп жүреді. Тамыр ұстап, өтірік дәрі беріп жұртты алдайды. Байжан бай да оның алдауына тез түсіп, бала таппаған әйелдердің біріне ішкізу үшін әлгі «дәрінің» біразын мал беріп сатып алады. Осы кезде балаларға шешек егетін Андрей дейтін шын дәрігер келеді. Байжан мен оның үлкен әйелі Рабиға «дәрігер» молданың тіліне еріп, байдың екінші әйелі Нұриладан туған он жасар Жақыпқа шешек ектірмейді, баланы жасырып қалады. Көп ұзамай бала шешек ауруынан өледі. Ал байдың үшінші әйелі Майсара босана алмай толғатып жатқанда «албасты басты» деп, оны бақсы ұрып өлтіреді. Байжан енді үш әйелінің үстіне төртінші әйел алуды ойлап, қала саудагері Тоқсанбайдың 16 жасар қызы Хадишаны айттырмақ болады, бірақ Хадиша ризалығын бермейді. Ол оқыған жігіт Аспандиярмен көңіл қосады. Аспандияр екеуі қосылмақ болып, қаннен-қаперсіз тойға дайындалып жатқанда, Байжанның жаласы бойынша Аспандиярды айдап алып кетеді. Сөйтіп, Хадиша сүйгеніне қосыла алмай, арманда қалады. Пьеса осымен аяқталады. «Надандық құрбанында» драматург қараңғы елдің шірік әдет-ғұрпына қарсы күресіп, көз бояушы молдалар мен бақсы-балгерлерді әшкерелеген. Автор жас бала Жақыптың да, Майсараның да өлімдері қазақ арасындағы надандық салттың кесепаты екендігін көрсетеді. Сонымен қатар әйел теңдігі мен махаббат бостандығын аңсайды. Байжан байдың үш әйел үстіне он алты жасар Хадишаны айттырмақ болғаны, Майсараның бақсы таяғынан өлгені, ол үшін шыбын шаққандай көрінбеуі арқылы патриархалды-феодалдық қоғам салттарының құрбаны болған қазақ әйелдеріне аяныш сезімін білдіреді.

Сондай-ақ Аспандияр мен Хадиша көксеген арманына жете алмай айрылысып қала береді. Аспандияр әділетсіз заманның құрбаны болып, бай-әкімдердің жапқан жаласы бойынша жер аударылып кете барады. Не керек, «Надандық құрбаны» пьесасындағы кейіпкерлердің барлығы дерлік қорлық пен зұлымдықтың құрбаны болады. Тек мазақ үшін жаралғандай болып көрінетін бұл кейіпкерлер бәріне көне береді, әділетсіздікке қарсы шықпайды, өйткені олар әлі әлсіз, дәрменсіз, сондықтан жігерсіз. Аспандияр аздап өз санасындағы жаңалық нышанын сездіріп, сүйгеніне қосылу жолында батыл қадам жасаса да, оны ақырында оп-оңай жер аударып жібереді. Міне, осы әрекеттердің барлығын автор сол кездегі қоғамдық шындыққа тоғыстыра отырып, түптей келгенде, мұның бәрі надандықтан, оқу-білімнің жоқтығынан болып отыр деген қорытындыға келеді. Оқу, өнер болса, мұндай мешеулікке, қараңғылыққа жол берілмес еді, сондықтан оқу оқы, білім ал, - деп түйіндейді автор.

Пьесаның өнер-білімге үгіттеумен аяқталуы да сол кездің тарихи әлеуметтік жағдайларынан туған. Өйткені, жаңа ояна бастаған ұсақ буржуазияшыл интеллигенция Россияда болып жатқан ұлы өзгерістерді түсіне алмады, саяси мән беру дәрежесіне көтеріле қоймады, қоғамдық ұлы қозғалыстарға ұлттық тар шеңберде ғана қарады. Сондықтан да Көлбай Тоғысовтың оқуға үгіттеуі заңды да еді. Ескі қоғамды құлатып жаңа заман тумайынша бұқара халықтың оқу, өнер, білімге қолы жетуі оңай еместігін автор түсіне алмады. Міне, соның нәтижесінде пьесадағы үміт күткен кейіпкеріміз Аспандияр жалғыз қалады. Байжандарға қарсы бір ауыз сөз де айта алмайды. Аспандияр – өз заманының қайшылықтарын жете түсінбеген, дәрменсіз, әлсіз бейне болып шыққан. Оның сүйген қызы Хадиша да аздап оқуы бола тұра ескілік шырмауынан шыға алмаған, өзінің бас бостандығы үшін күресуге шамасы жоқ жастың бейнесінде суреттелінген.

Пьесадағы ұнамсыз кейіпкерлер: Байжан, Аманбайлар – мансаптың, байлықтың құлы, ар-ұжданын ақшаға сатқандар кейпінде бейнеленген. Шығармадағы Хадишадан басқа әйелдер де озбыр күштің тырнағынан құтыла алмайды. Нұрила надандықтың салдарынан баласы өліп зарласа, ал Майсара бақсының таяғынан өледі. Қысқасы, автор өзінің бұл пьесасында сол кездегі қазақ өміріндегі сұмдық бір көріністі сипаттайды да оған қарсы күрестің жолын көрсетіп бере алмайды. Алайда, қазақ драматургиясында бірінші рет сахнаға арналып жазылған бұл пьесаның қазақ әдебиеті тарихында өз орны болуы тиіс. «Надандық құрбаны» көркемдік жағынан да, өмір көріністерін, адам бейнелерін суреттеу жағынан да шын мәніндегі драмалық шығарма дәрежесіне жете алмаса да, қазақ әдебиетінің тарихында драма жазу үлгісін ұсынуы, сол арқылы надандыққа қарсы тұруы игілікті іс.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-26; Просмотров: 1113; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.009 сек.