Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Тарихи трагедия 3 страница




Үш бөлімді драмаға қатысатын кейіпкерлер саны көп емес, шағын, негізінен бір шаңырақ астындағы адамдар: отағасы - Терлікбай, оның әйелі Жәмила, қызы Мүслима, ұлы Ермек. Бұдан езге бейнелер персонаж қалпында алынған десе де, қате болмас. Салған жерден автордың сахналық талаптарды айрықша ескергендігі байқалады. Қаһармандардың жасы, кейбірінің мінез ерекшелігі, өзара туысқандық қатысы, білімі, қызметі көрсетіледі. Декорациялық сипаттағы ремаркаларда үй ішівдегі заттар айтылған. Бірқыдыру ремаркалар жүріс-тұрыс, қимыл-қозғалысты, психологиялық күйлерді білдіреді.

Адамдар арасындағы түрлі қайшылықтардан туатын конфликт - драма өзегі екендігін автордың терең ұғынып, шығармада жақсы ескергендігі бірінші перденің алғашқы көрінісінен-ақ байқалады. Пьесада қажетсіз, артық, ауыс жүрген кейіпкер жоқ. Эпизодта көрінетін Жұмаш малай, шабарман Ермектің тілеуіңде екені тез аңғарылады. Ал, Мүслима жаңа ояна бастаған, елең-алаң заманда махаббат бостандығы үшін ұяң да болса, әлсіз де болса - алғашқы қадам басқан қыздардың типі. Драматург өмір құбылыстарын бұрып көрсетіп, артық әсірелеуден аулақ. Мүслима қылықтары оның бойына лайық, алғашқыда ол әке билігіне көніп қалып, артынан Ермек әсерімен тәуекелге бел буады. Туған қарындасын куйеуге жасырын түрде өз қолынан шығарып беру жолы бұрынғы ескілікті қазақ рәсіміңде болмаса да, сахарадағы соны жаңалықты дәл көрген қырағы жазушы бұл жолдың атын дәл тауып, "Бақыт жолына" деп атаған. Қазақ әдебиетінде баспа жүзін көрген алғашқы пьесалардың қатарында 1922 жылы Орынборда басылып шыққан Міржақып Дулатовтың "Балқия" драмасы да айтылуға тиіс. Бұл шығарманың нақты қай жылы жазылғаны туралы дерек белгісіз. Пьесада көтерілетін әлеуметтік-қоғамдық мәселе жазушының бұрынғы поэзиялық, прозалық, публицистикалық шығармаларындағы арналарды одан әрі жалғастырып, драмалық жанр шарттарына орай лайықталып алынған материалдарды алдымызға тартады. Драматург қазақ ауылындағы әлеуметтік теңсіздікті, бай мен кедей, жуан мен жіңішке болып бөлінуді анық, дәл керсетеді. Ескі салтты мүлде қолдамайды, қалың үшін қыз сатуды айыптайды. Бұл ретте Жарасбай жырынды, кеудемсоқ, әпербақан күйінде танылса, Нұрмақ мал - дүние үшін қыз жылатуға бармайтын иманды, арлы, намысты, ер кедей қалпында есте қалады.

Жүсіпбек Аймауытов әдеби мұраларының негізгі, салмақты саласының бірі — драматургия. Көптеген пьесалар жазумен қоса, оның кезінде өз шығармаларын, үзеңгілес қаламдастар туындыларын сахнаға қойған алғашқы режиссер қатарында болғаны тарихи шындық. Автордың негізгі туындылары алдымен Семей өңіріндегі сауық кештерінде тұңғыш труппалардың күшімен ойналып, кейін Қызылордада ұлт театрының сахнасына шыққан. Төңкеріс алдындағы тұрмыс-салт, 1916 жыл оқиғасының шырғаландары, әйел тендігі үшін күрес, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы тартыс, болыстар, тілмаштар, оқығандар, шаруалар - осы алуандас түрлі әлеуметтік топтар арасындағы толып жатқан өзгеріс, құбылыс, эволюцияны жан-жақты көрсетіп берген Жүсіпбек Аймауытов драматургиясы өзінің құнарлы тіл өрнегімен, айқын, дара мінездері бар кейіпкерлерімен, биік халықтық нысана идеясымен ерекшеленеді.

Поэзия, проза, публицистика, сын, зерттеу салаларында тең-қатар қалам тартқан, олардың әрқайсысында тамаша туындылар берген автордың драматургиядағы жолы да ерте басталған. 1926 жылы Москвада басылып шыққан "Қанапия-Шәрбану" пьесасына берілген ескертпеде: "Бұл драма 1917 жылы жазылған еді, Семейде және басқа қалаларда бірлі-жарымды ойналғаннан кейін жазған дәптерім жоғалып кетіп еді. Биыл кітапты қолыма түсіріп түзетіп жаздым. Ескі жазбасы қолында бар кісілерден ол күйінде ойналмауын тілеймін, - деп көрсетуінен бірталай сыр аңғарсақ керек. Ең алдымен, Жүсіпбек Келбай Тоғысов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов қатарлас алғашқы қазақ драматургтерінің бірі, екіншіден, оның туыңдылары әуелде қолжазба күйінде тарап, сахнада қойылған. Халық өмірінің терең шындығы, ауылдағы бай мен кедей арасының жыртылып айрылуы, әйгілі 1916 жылдың зарлы оқиғасы "Қанапия-Шәрбану" драмасында тап басып, дәл көрсетіледі. Қазақ даласында жиі кездескен, әр жерде қайталанған оқиға алынады. Момын қара шаруа иесі Шатай мен оның әйелі Ұмсынай жалғыз ұлдары Ынтықбайды солдатқа кетсе, өлімге баратындай керіп, қолдағы малын түгел шығандап, қарызданып-қауғаланып әлекке түскенмен, баласын құтқара алмайды. Қайта қыздары Шәрбану Сазамбай бай мен оның кекайыл бәйбішесі Қалипаның қорлығына түседі. Тұрмыс-салттың, ескілікті тіршіліктің сенімді суреттері көз алдына келеді. Қай кейіпкерді алсаң да, өз бойына шақ лайықты киім киген. Жүріс-тұрыс, қылық-әрекет бәрі сенімді мөлшерде. Артық-кемі жоқ, қалыпты өмір ағысы. Шәрбанудың сүйген жары Қанапияның солдаттан келуі, оның дуана кейпіне еніп, Шәрбануды алып қашуы, ақыры милиция алдында әділетке жету көріністерінде, пьесаның: "Жасасын бостандық! Жасасын әйел теңдігі! Жасасын бұқара өкіметі!" деген сөздермен аяқталуында сол заман талабына лайық үгіт-насихат әуендері, жаңа идеяларға ден қою, публицистикалық бояулар да бар. Комедиялық, трагедиялық элементтер бар болғанмен, негізінен Жүсіпбек пьесалары таза драма шарттарына орайлас келеді; тақырып таңдау, кейіпкер сомдау, тартыс-күрестердің өрістеу сипаттары тұрғысынан қарағанда да бір шығарма екінші шығарманы толықтырып жатқандай әсер қалдырады; кейіпкерлер санының ықшам болуы, түрлі мінездердің айқындығы, сахналық талаптардың берік сақталуы, оқиғалардың шашау шықпай шымыр қозғалуы, тіл бояудың қанықтығы - осы тәріздес сапалы қасиеттер бар.

Ғұмырнамалық драма

Қиын тағдыр кешкен, тарихта бедерлі із қалдырған жандар тұлгасы суреткер назарын өзіне жиі тартуы - өнердегі заңды құбылыс. Қашан да кесек мінез соқталы тартыс үстінде жақсы ашылмақ. Сондықтан белгілі адамдар ғұмырындағы бір қуаныш, бір жеңіс, бір жеңіліс қалауын тапқан жазушыға құлашты кең жаюға мүмкіндік берері хақ.

Бүгінгі қазақ әдебиеті ауқымының кеңеюіне назар салғанда, тарихи ғұмырнамалық тақырыптың мол өрістеп отырғаны аңғарылады. Бұл творчестволық процесті суреткерлердің қазіргі заман проблемаларынан жалтара қашып, тайқи салуы, дағдарыс деп байлам жасай салу қателікке ұрындырар еді. Өнер, ғылым, экономика, қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы қазақ халқының қазіргі табыстарын қан жылаған қайғылы күндерді тұтас бірлікте қарау керек. Қазақ суреткерлерінің өткен-кеткен тарихқа, белгілі қайраткерлер ғұмырына шұқшия қарап, тесіле көз салуы бүгінгі социалистік қоғам биігінен, бүгінгі қазақ ұлты сапасының биігінен бағзы замандарды ұғыну, болашақ күндер кәдесіне жарарлық асылдарды іздеу қамы. Жалпы көркемдік шарттары, идеялық талаптар үстіне тарихи биографиялық объектіні қозғағанда, факті мен қиял, документ пен шығарма арақатысына байланысты қосалқы қиындықтар туады.

Қазақ халқының қалыптасуы, XIX ғасырдың 30-40 жылдарындағы дүрбелең, Шоқан, Сұлтанмахмұт, Мәди өмірі - прозада осы алуандас кесек-кесек кезеңдерді бейнелейтін романдар, тіпті романдар циклі шыға бастаса, драматургияда ғүмырнамалық - тарихи пьесалар ғана көрінді. "Абай", "Ақан сері - Ақтоқты" трагедиялары - қазақ драматургиясының классикасы, "Шоқан Уәлиханов", "Ыбырай Алтынсарин" өмірлік материалды қорыту жөніне ұқсас пьесалар. Ә. Тәжібаевтың драматургиядағы озық туындысы - "Майра", қазір сахнаға Жаяу Мұса, Ғани Мұратбаев, Ілияс Жансүгіров жайлы дүниелер келді, Сәкен Сейфуллин туралы төрт пьеса бар. Бұл фактілер А.В. Луначарскийдің: "Халық өз тарихын білуі керек, бұл жолда театр оның ұлы көмекшісі. Театрдың қасиетті міндеттерінің бірі - өткен замандарды жанды, дәл һәм есерлі қалыпта бейнелеуі екендігінде сөз жоқ", - деген пікірін тиянақтай түссе керек. Бір тақырыпқа, бір материалға әлденеше шығарманың арналуы - ең алдымен объектінің мәңгілігін көрсетпек, екіншіден салыстыра зерттесе, осы орайда көркемдік тәсілдерге, жаңашылдыққа қатысты байламдар жасалмақ.

Іні, дос ретінде сырлас, мұңдас, пікірлес болып, көп жылдар үзеңгілес жүрген Сәкен Сейфуллиннің өмірін, мінез-құлық ерекшеліктерін жазушылардың ішінде мен білемін деуге қақылы адамның бірі – Сәбит Мұқанов еді. Революционер ақынға бағышталған мақалалар, естеліктен кейін пьеса жазылса, кездейсоқ нәрсе емес. Сәкен Сейфуллин өмірінің күллі фактілерін, барлық оқиғаларын, шырғалаң атаулыны тегіс сыйдырарлық шығарма емес, қысқа мерзім - 1918 - 1919 жылдарды қамтитын драма туған. Пьесадағы жиырмадан астам қаһарманның дені - аты, жөні, фамилиясы өзгеріссіз алынған, белгілі адамдар. Бұл шығарманың деректік негізін, документтік дәлдігін күшейткенмен, болған оқиғаларды, мәлім материалдарды автор қалауынша өзгерте салуға мүмкіндік бермейді. Кім жазса, да қашан жазса да, әйтеуір Сәкен Сейфуллин туралы шығарма атаулының әменде бір бәсекелесі бар, ол - "Тар жол, тайғақ кешу". Фактілер сәйкестігі ме, оқиғалар жүйесі ме, қаһармандар келбеті ме, - бәрі де салыстыру безбеніне түспек, сол сынақта олқы шығарма оқырман жүрегін жылытып, әдеби қазынасына қосылмақ емес. Айтылмыш пьесаның тартыс шырғалаңы Сәкен Сейфуллин өмірінің Ақмола кезеңіндегі жағдайлардан басталады. Аласапыран, революция заманындағы шындықты бірен-саран кісілердің басындағы мұң-шермен емес, әр таптан шыққан адамдардың күресі арқылы бейнелеуді мақсат еткен драматург көпшілік көріністеріне мән бергенін әуелгі сценалардан аңғаруға болады. Кедейлер Сәкенге теңдікке қолымызды жеткіз, жақсылық жаса деп келсе, жуандар қоқан-лоқы көрсетіп, доң айбат шегеді. Алғашқы бөлімде сахнаға шығатын Шафран, Асылбековтар бір сенімнің адамдары екені мәлім болады. Орыс қызы Надежданың саясат пен ақындық қоңсы қона алмайды деп Сәкенге өзінше жанашыр сөзін айтуынан көрінетін әрекет кейінгі тартыстардың бір мұрындығы. Бұл қызға көзі түсіп, көңілі кетіп жүрген жігіт Хамит Токиннің қызылдарға да, ақтарға да қатар қызмет етіп, бұлаң құйрықпен жүрген жайы бар.

Қатер бұлты қоюланып, алғашқы найзағай жарқылындай белгі беріп, газет материалдарының шашылғаны хабарланады, Совдеп мүшелері бармақтарын шайнайды. Ақмола большевиктерінің қапыда дұшпан қолына түсу трагедиясы "Тар жол, тайғақ кешуде" тәптіштей суреттелген.

Пьесада ұзын оқиға сорабы сол Сәкен кітабындағы ізбен дамып отырады. Драмалық әрекетті ширықтыру, мінездерді ашу мақсатымен Мұқанов кейбір ситуацияларды әдейі өзгерткен. “Тар жол, тайғақ кешуде” Сәкен пәтерде ұсталса, пьесада бұл жғадай кеңседе өтеді. Драматург Колчак секілді аты шулы контреволюционерлер, керазу адмиралдың бейнесін жасамағанмен, характерлік кейбір өзгешеліктерді өзіне лайық бояумен көрсеткен.

Драматург пьеса финалында шарттық әдісіне сүйенген. Шаршап қалғып кеткен Сәкеннің түсі, анасымен бақұлдау, ұрпақпен сырласу ишарасы арқылы емеурін, ой, тұспалды идея берілген. Көркемдік құралдарды қарастырып, шығарманы бағалаганда, мұндай орынды қолданылған мезгеулік мәнді тәсілдерден бойды аулақ салу дағдысын мансұқ еткен абзал. Әсіресе, бүгінгі таңда әлемдік драматургая театрдың, киноның бейнелеу принциптері екпінді ықпал жасай бастағанда, образ мүсіндеуде, идеяны айқындауға мәні мол құрал, тәсіл, амал атаулыны техникаға формаға қатысты нәрсе деп қана түсінбей, қайта осы арнада құлшына іздену - өсу кепілі.

Тарихи тақырыпты игеруде мол тәжірибе жинақтаған қазақ әдебиетінің бүгінгісін сарабына, зерттеу айнасына түсетін күрделі проблемалары мол. Тырнақалды туындысынан бастап қазақ драматургиясы ең көп қозғаған, ерекше сөз еткен тақырып - әйелдер мәселесі. Алғашқы «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Бақыт жолында», «Күндеспейтін қатындар», «Алтын сақина» секілді пьесаларда бас бостандығы жыр етіліп, қалыңмал кесапаты сыналса, «Қарагөз», «Ақан сері-Ақтоқтыда» жүректі қыздардың романтикалық, асқақ бейнелері жасалған. Қашан да қазақ драматургтерінің назарына әйел, апа, қыздар тыс қалмаған.

Тарихи тақырыпты бейнелеуде қазақ әдебиетінде қалыптасқан, әбден орныққан жемісті дәстүрлер бар. Үлкен тұлғаның қара басындағы кездейсоқ жайттарды, болымсыз кемшіліктерді қазбалап, шұқып тауып алып, соны дабырайта өсіріп, алып-қашпа, желөкпелер талғамына орайластырылып жазылған сенсациялық, әңгүдік шығармалар реализм жайлауында ешқашан отау тіге алмайды. Дара қаһарманды тудырған әлеуметтік орта, қоғамдық жағдай, кейіпкерлер психологиясы, характерлер құбылысы арқылы бейнелі, сырлы күйді суреттеуі шарт. Тіпті алыс замандар шындығы шертілсе де, проблеманың бүгіндік мәнін, актуалдық маңызын жадынан шығарып алса, жазушы қапы соқпақ. Тарихи ғмырнама туындыларда белгілі қайраткер, көрнекті тұлғаның өмір өткелдерімен халық мұңын, халық күресін, халық арманын астастыра көрсету көкейкесті мақсаттың бірі болуы заңды талап.

Тарихи-ғұмырнамалық драмаға белгілі тарихи тұлғаның өмірі арқау болмақ. Эстетикалық шындықпен бейнеленген көрнекті адамның іс-әрекеті, күрес жолы идеялық нысанасы, әсіресе жас ұрпақ, кейінгі толқынға үлгі, өнеге. Бұл жанрлық форма қазақ әдебиетінде соғыстан кейінгі дәуірде молырақ көрініп, бірқыдыру сапалы шығармалар дүниеге келді.

Тұжырымдар

1. Әдебиеттің ерекше бір түрі - драматургия театрды нысана етеді, сахнаға қойылу үшін жазылады. Танымдық, тәрбиелік мәні бар, идеялық-эстетикалық әсері орасан күшті өнер - драматургия тоғысуы, характерлер қақтығысы, сезімдер шайқасын көрсетіп, аса қатал композиция талаптарын ескере отырып, ерекше көркемдік құрал - диалоггар мен монологтар арқылы болмыстың сан алуан шындықтарын ашады, өмір құбылыстарына баға береді, билік айтады.

2. Қазақ драмасының басты жанрлық формаларының мынадай ерекшеліктері бар:

- шығарма материалының күнделікті қарабайыр тіршілікке етене жақындығы;

-кейіпкерлердің белгілі әлеуметтік ортамен кіндіктес байланыстылығы;

- көркемдік формалардың жан-жақтылығы мен сан алуандығы;

- саяси-әлеуметтік идеяның публицистикалық сарынмен ерекше айқын айтылуы.

Сабақ бойынша әдістемелік нұсқама

Студент драма жанрының түрлерін, әр түрінің өзіндік ерекшеліктерін, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын, тартыс пен характердің драманың негізгі категориялары екендігін түсіну керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Дүйсенов М. Қазақ драматургиясының жанр, стиль мәселесі. А., 1977, 48-53-б.

2. Нұрғали Р. Драма өнері. А., 2002, 246-327-б.

3. Кардулло Берт. Драматургия деген не? Нью-Йорк: Peter Lang Publishing, 2005. 4-бет.

4. Драма, драматургия // http://kk.wikipedia.org сайтында

3-сабақ. Трагедия табиғаты. Трагедиядағы характер және конфликт.

Трагедия түрлері

Мақсаты: Трагедия жанрының түрлері, трагедиядағы характер және конфликт, кейіпкерлердің психологиялық күйі, эпикалық, адамгершілік-тұрмыстық, тарихи трагедиялардың негізгі ерекшеліктері туралы түсінік беру

Сұрақтар:

1. Трагедия табиғаты. Трагедиядағы характер және конфликт.

2. Трагедия жанрының түрлері.

3. Трагедия – тіршіліктің сан алуан қайшылықтарын, ғаламдық тартыстарды, сезімдер шайқасын, ойлар мен идеялар қақтығысын бейнелейтін драма жанрының айрықша түрі.

4. Трагедия категориясына қатысты зерттеулер.

5. Эпикалық трагедия.

6. Тарихи трагедия.

7. Адамгершілік-тұрмыстық трагедия.

Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: трагедия, характер, конфликт, эпикалық трагедия, адамгершілік-тұрмыстық трагедия, тарихи трагедия.

Сабақ мәтіні (тезис)

Драматургия жанрларының ішінде өмірге айрықша жақын түрі - трагедия, өйткені бұл формада тіршіліктің сан алуан қайшылықтары, ғаламат тартыстар, құштарлықтар мен сезімдер шайқасы, ойлар мен идеялар қақтығысы ерекше зор пафоспен, әрі реалистік тереңдікпен бейнеленеді. Классикалық әдебиеттегі трагедияларда дара тұлғаның әлеуметтік-қоғамдық қайшылықтармен кереғар қайшы келуі, бітіспес күреске түсуі көрсетілген. Трагедия қаһармандары сұм заманның қатігез әдеттерімен шайқаста опат болады; олардың алдарында тас қамалдай неше түрлі кедергілер, асу бермес тосқауылдар тұрады; трагедия асқақ рухты қайсар жанның алапат күресін суреттейді. Трагедия қаһарманы теңіздей сұрапыл тебіреніс құшағында; ол өз ішіне терең бойлайды; қамырықты, қайғылы, азапты хал кешеді; кедергі, қарсылықтармен қаймықпай күреседі.

Трагедияның ең басты ерекшелігі трагедиялық тартыста көрінеді. Трагедиялық конфликт кейіпкердің тартқан азабы мен өліміне де сабақтас. Бұл - қосалқы, сырт сипаттардың бірі. Ал трагедиялық тартыстың өзегі әлеуметтік-тарихи, қоғамдық-саяси қабырғалы күштердің шайқасында жатыр. Бұл қақтығыста кең құлаш, қоғамдық мағына, философиялық тереңдік бар. Трагедиялық шығарманы оқыған, яки сахнадан көргсн адам орасан зор тебіреніске түсіп, сан алуан ойға қалып, кейіпкер қайғысын бөлісіп, бір алуан сезім толқынына бөленіп, қапалы ой қүшағына енеді. Бұл идеялық- эстетикалық әсер ету ерекшелігін Аристотель - жан ашу, қорқыныш һәм қуаныш сәттерінің шарпысуынан туған ерекше күй деп атайды. Дәлірек айтқанда, көрерменді қаһарман қайғы-азабын бөлісу, оның ауыр тағдырынан шошыну және күнәдан құтылып, тазару сезімдері билеп, ол өзі сол халдерді бастан кешкендей, өзі өліп-тірілгендей болып толқымақ. Трагедия сахнаға арналып жазылады. Мұндағы көрсетілген күрестің өзгешелігі, автордың пікірінше, кездесетін қиыншылықты жеңіп болмайтын тәрізді. Трагедияның көпшілігі-ақ қаһарманның өлімімен аяқталады. Адамның жолындағы «жеңуге болмайтын» ең қорқынышты, ең маңызды күштер қайсы, - ол жазушының өмірді қалай танитындығына, таптық көзқарасына байланысты. Әр таптың жазушысы «жеңуге болмайтын» қиыншылықтарды өзінше түсінеді. Ескі гректердің трагедияларында (мысалы Эсхилдің трагедиясында) жазмышпен, тағдырмен күресте қаһармандары өлім табады.

Мысалы, Софоклдың «Патша Едип» трагедиясында, Едип әкесін өлтіріп, өз шешесіне үйленуге тиіс деп, жазмышта солай жазылыпты-мыс деседі. Едип бұдан қашуға түрлі амалдар қолданады. Бірақ Едиптің өзі білмей қалып, жазмыштың айтуын орындап шығады. Оқиға солай болып құрылады. Өмірді бұлай түсіну - бүтіндей тағдырға бағынушылық. Табиғаттың, қоғамның даму заңдарын білмегендіктен туады. Бұл туралы Маркс: «Гректің ұлы ақындары, Микен мен Фивте болған корольдардың өмірін жан шошырлық драма ғып жазғанда, сол заманның білімсіздік қараңғылығын тағдырдың ауыр бұйрығы деп ұғындыра көрсетеді», - дейді.

Жаңа дәуірдегі трагедияның ұлы жазушысы Шекспир болды. Шекспир XVI ғасырдың аяғында, XVII ғасырдың басында Англияда феодализмнің құлдырай бастаған дәуірінде өмір сүрген жазушы еді. Шекспир феодализмнің сол құлдырауын өзінің үздік трагедияларынан көрсете алды. Осы дәуір туралы Маркс: «Бұрынғы таптардың жойылуы, мысалы, рыцарьлық дәуірдің жойылуы, искусствоның ұлы трагедиялық шығармалары үшін мазмұн бере алады», - деді. Мысал үшін Шекспирдің трагедиясы «Гамлетті» алалық.

Гамлеттің образында феодалдық кек, «қанды қанмен жуу» және сол борышты орындай алмайтын әлсіздіктің күресінен көреміз. Гамлетке буржуазия мәдениетінің әсері тиген. Бұрын дүниеге оның феодалдық көзқарасы бола тұрса да, бірақ феодалдық қатынасының топсасы босаумен, ол көзқарас өзгере бастайды. Гамлеттің өлімі - оның психологиясындағы буржуазия мәдениетінің әсері мен ескі қалдықтың күресінің нәтижесі еді. Шекспирдің трагедиясында бірінші орынды белгісіз жазмыш алмайды, адамда болатын әртүрлі ішкі мақсаттардың күресі, адамның жасайтын амалдары, сол амалдардан шыққан нәтижелер алады. Шекспир трагедияларында адамға, оның психологиясына үлкен көңіл бөлінеді. Бұнысы адам мінездерінің әртүрлі жақтарын қалдырмай жете тексеруімен байланысты. Шеспир өмірдегі мінездерді дұрыс, ашық етіп суреттейді. Және мінездердің неше түрлісін көрсетеді. Шекспирдің шығармаларында сурет көп болады және қысылмай-ақ, оқиғаны бір орыннан екінші орынға ауыстыра береді. Мезгіл жағынан арасы ұзақ бірнеше уақыттарды алып көрсетеді. Шығармасында көп адамдар қатысады. Олардың араларына күлдіргі адамдар да кіреді. Шекспирдің трагедиясы басқалардан өзінің жандылығы, шындықты (реализм) суреттеуі арқылы айырылады.

Драма - сахнаға қоюға лайықталып жазылатын жанрдың бір түрі. Драмаларда әлеумет өмірінде кездесетін үлкен, ауыр халдермен қатар салт-тұрмыста күнбе-күн кездесетін күлдіргі жайттар да ұштастырыла, араластырыла көрсетіледі. Егер трагедияда күлкінің кездесуі шарт емес болса, комедия түгел дерлік күлдіргі оқиғаға құрылады, өлім мүлде болмайды. Драмада бұл екі элементтің екеуі бірдей кездесе береді. Сондықтан бұл трагедия да, комедия да емес, өзінше бір түр болып есептеледі. Тарихи жағынан алғанда, драма трагедия мен комедиядан кейін туған. Алғашқы туа бастаған кезінде (ХVIII ғасыр) драма көпке шейін «қарапайым адамдардың үй ішіндегі трагедиясы» немесе «салмақты комедия» деп аталып келді. Сөйтіп, драманың аты ХVIII ғасырда пайда болған. Бірақ оның көрнекі үлгілері Шекспирден де табылады. Бұл туралы Белинский драманың атасы ХVIII ғасыр әдебиетінің өкілдері емес, Шекспир деп ашық айтады («Венецианский купец»). Әйтсе де ол кезде оны драма деп атамаған. Өйткені онда «драма» термині әлі жоқ болатын. Трагедиямен, әсіресе оның ескірек түрлерімен, салыстырсақ, оларда қаһармандарға кездесетін қиыншылықтар әр басқа екендігі аңғарылады. Трагедия адамның жеңуіне болмайтын, адамның күшінен тыс күштермен күреседі. Автордың ойынша, бұның көпшілікке және әр дәуірге айнымайтын мәні бар сықылды көрінеді. Ал драмадағы қиыншылық ондай емес, мезгілмен, белгілі жағдаймен байланысты болып келеді. Трагедияның тағы бір маңызды сипаты - басты кейіпкер үлкен қателік жіберіп, зор адасуға ұшырайды. Бүл - әлеуметтік жағдайлар мен қоғамдық қарым-қатынастар тудыратын, кейіпкердің өз еркінен тыс, оның идеал-мұраттарын күйретіп, мақсатына жеткізбей мерт қылатын зауал іспетті, тағдыр, жазмыш бұйрығы тақылеттес ерекше ситуациялардан шығады. Сөз жоқ, трагедиялық қателік, адасу, қаһарманды әуре-сарсаңға салады; ол басын тауға, тасқа соға жүріп, мақсатына ұмтылады, бірақ ақыры өзінен әлдеқайда сұрапыл күштер соққысынан мерт болады. Реалист суреткер қаһарман өлімінің ішкі мәнін, объективті себептерін көркемдік құралдар арқылы аша білмек. Сөйтіп, трагедия - драматургияның қаһарлы тартыстар мен адасулар шайқасы - қат-қабат өмірдің объективті кайшылықтарын терең образдар арқылы ашып, зор айқастар, үлкен күрестерді бастан өткеріп, шындыққа жету жолында опат болатын күрделі түлғаның қайғы-шері, мұң-ызасы эмоциялық-эстетикалық ғаламат әсермен оқырманға (көрерменге) берілетін, болмыстың қаны сорғалаған сүрапыл шындықтарын айқара ашып, қопара бейнелейтін іргелі жанры. Әрине, қалыпты өмірдің өзіндік тілек, талап, шарттары мен тарихи, трагедиялық тұлғаның мақсаты арасындағы күрес конфликт, тартыс атаулының әр қоғамда, әр дәуірде, әр әлеуметтік, ұлттық ортада сан алуан форма, көрінісін тудыруы - объективті зандылық. Трагедиялық тартыстар мен адасулар табиғатын, эстетикалық-эмоциялық әсер ерекшелігін, сюжеттік материал мен көркемдік-композициялық құралдар жүйесін, тақырыптық идеялық нысананы ескере отырып, қазақ трагедиясын мынадай салаларға бөлуге болады: а) эпикалық трагедия; ә) тарихи трагедия; б) адамгершілік-тұрмыстық трагедия.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-26; Просмотров: 2036; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.043 сек.