Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Тарихи трагедия 2 страница




Драмалық шығармалар актілерге не оқиғаларға бөлінеді. Бұл актілерге бөлінушілік сахна жағдайының керек етуінен шығады. Актілерге бөлудің кейде оқиғаны дамытуға да керектігі бар. Өйткені сол актыға бөлу арқылы оқиғаны уақыт жағынан кідіртуге болады. Актілердің араларында болатын үзілістер немесе антракт ойын көрушілерге демалыс беру үшін, декорацияны өзгерту үшін, актерлердің боянуы үшін керек.

Кейде декорация жиі ауысып отырады. Пьесаның бұл қысқарақ бөлімін - көрініс (картина) деп атайды. Әр акт (сонымен қатар және көрінісі) құбылыстарға бөлінеді. Әуелгі қатысушылардың тобы өзгермей тұрғандағы пьесаның бір бөлшегін құбылыс деп атайды. Егер біреу келсе, бір құбылыс болады да, біреу кетсе, басқа құбылыс боп саналады. Бұл құбылысқа бөлушілік театр ойынының өзгешеліктерімен, актерлер мезгілінде кіріп, мезгілінде шығып отыруын бақылау қажеттігімен байланысты.

Драмалық шығармаларды сахнаға қойғанда, әдебиет тексі, декорация, актерлердің ойыны - үшеуінің басын қосады. Сондықтан да бұл - қиыннан қиысатын нәрсе.

Драмалық шығармалар сахнаға шыққаннан кейін сөз арқылы жасалатын образдарды қолданушы сөз искусствосы ғана емес, сонымен қатар жанды қимыл, ым, адамды тартатын тағы басқа нәрселерді де пайдаланатын театрлық өнер болып шығады. Осылардың арқасында театрлық өнер көруші жұртшылыққа түсінікті және көп әсер етеді. Мұның жұртшылыққа тәрбие беру ісінде мәні зор.

Әдебиет тектері - эпос, лирика және драма туралы сөз қозғағанда, айта кететін бір нәрсе, бұлардың бір-бірінен өзгешеліктерін мәңгілік және бір-біріне ауыспайды деп ұқпау керек. Эпос, лирика, драмаларды тарихи дамуы жағынан алып қарасақ, бұлар бір-бірімен тығыз байланысты. Алғашқы қоғамда жеке эпос та, лирика да, драмалар да болған емес, барлығы бір нәрсе болды. Кейінірек өзара бөлінді. Бірақ олардың байланысы, күні бүгінге дейін мүлде жойылған жоқ.

Драмалық жанрлардың драма, трагедия, комедия сияқты тарихи қалыптасқан ірі 3 түрі бар. Бұлар өзара суреттемек болған оқиғасын және оқиғаға қатысушыларды талғап алу түріне қарай айырылады. Трагедия жанры тарихи-эволюция ұзақ даму кезеңінен өтті. Эсхил, У.Шекспир, Ф.Шиллер, Г.Ибсен, М.Метерлинк, Ж.Б. Мольер, Ю.А. Стриндберг, Әуезов, т.б. қаламынан туған трагедияларды бір жанрлық қатарға қоя алмаймыз. Әдеби дәуір, ағым мен бағыт әрбір жанрға ықпал етеді. Сонымен қатар әрбір суреткердің даралық, ұлттық, классик. стилінің жанр табиғатына өзгеріс енгізетіні де әдебиеттану ғылымында белгілі. Драмалық жанрлар іштей жанрлық түрлерге бөлінеді. Трагедия мен комедияның бір-бірімен ұштасқан трагикомедия, ал комедияның лирикалық комедия, сатиралық комедия, водевиль, фарс, т.б. түрлері бар. Комедияда өмірдің келеңсіз құбылыстары, адам мінезіндегі мін — күлкі, әзілмен беріледі. Ал трагедияның жанрлық ерекшелігі — шығарма күрделі оқиға, ымыраға келмейтін тартысқа құрылып, соңы қайғылы аяқталады. Әлем әдебиетінде трагедия жанры У.Шекспир шығармалары арқылы биікке көтерілді (“Отелло”, “Гамлет”), қазақ әдебиетінде трагедия жанрның үздік үлгісін Әуезов (“Қаракөз”, “Абай”) жасады. Жалпы драмалық жанрларға оқиғаны ширыққан тартысқа құрып, мейлінше шиеленістіріп, шарықтау шегіне жеткізе суреттеу тән.

Водевиль [Vaudeville] — сөз француздың «val de Vire» сөзінен келіп шыққан- Вир даласы. Вир — Нормандиядағы өзен. 17 ғасырда Францияда «Chanson de val de Vire» деп аталатын әндер тарала бастады. Оларды 15 ғасырдағы Оливье Басселено мен Ле-Гу жазушыларына жатқызады, алайда бұл - жай ғана ерекше жанрдың жиниқталған мағынасы. Бұл жанр халықтық мінезі бар әзілқой әндердің, мазмұны бойынша күлкілі-сатиралық, ал шығу тарихы бойынша Вир жерінің тұрғындарымен байланысты болып келеді. Осы арқылы бұл сөдің кейінгі де қалыптасуын түсіндіруге болады- «val de Vire» сөзінен «voix de ville» («ауылдық дауыс»). 17 ғасырдың екінші жартысында Францияда шағын театрлық пьесалар шыға бастады, бұл пьесаларда оқиға барысында осы әндерді қосып отырған, сол арқылы да «водевиль» атауын алып кеткен. Ал 1792 жылы Парижде тіпті арнайы «Théâtre de Vaudeville» — «Водевиль Театры» ашылды. Француздық водевилдіктерден аса атақтылар қатарында Скриб и Лабишты атауға болады.

Фарс (французша Farce) — жеңіл мазмұндағы тек сыртқы комедиялық әрекетке құрылған комедия түрі. Орта ғасырларды фарс сонымен бірге 14-16 ғасырларда батысевропа елдерінде таралған ұлттық театр мен әдебиеттің түрі ретінде іштей дамып жетіліп, 15 ғасырда фарс өзінің тәуелсіздігін алып, келесі ғасырда театр мен әдебиет салсында ұлы жанрға айналады. Фарстық буффонада әдістері цирктік клоунадада да сақталған. Заманауи орыс тілінде фарсты әдетте қандай да бір процесті, мысалы сот ісін жасауда қолданады.

Фарстың негізгі стихиясы саяси сатира емес, қалалық тұрмыстың алаңсыз, ешбір мәжбүрліксіз оның барлық ұрыс-керісімен, дөрекілігімен, тұрақсыздығымен, қуанышымен көрсету. Ал француздық фарста көбінесе жұбайлардың арасындағы ұрыспен көрсетілген. 1960 жылдардан бастап фарс кино әлемінде өте жиі қолданылады. Ал 90-шы жылдардан бастап Ресей телеарналарында көріне бастады, мысалы Каламбур немесе Маскалар-шоуы іспетті теле бағдарламарын айтуға болады.

Жалпы драма түрлері өзара суреттемек болған оқиғасын және оқиғаға қатысушыларды талғап алу түріне қарай айырылады.

Көркем шығармалар түрлі оқиғаларды, күресті көрсетеді. Көздеген өз мақсаттарына жету үшін қатысушылар бір-бірімен, ішкі (психологиялық) және сыртқы бөгеттермен күреседі.

Егер әлем драматургиясы сан ғасырмен есептелетін ұлан-ғайыр жолдан өтсе, қазақ драматургиясының тарихы әлі ғасырға да жеткен жоқ. Соған қарамастан, қоғамымыздың әлеуметтік-экономикалық тарихи-мәдени қауырт өрлеп дамуы, халықтың мыңдаған жылдық дәстүрі бар фольклоры, кәделі өнері, бай әдебиеті жаһан мәдениетіндегі дәстүрлермен қауыша келіп, қазақтың жаңа сапалы өнерін - драматургия мен театрды өмірге әкелді. Сөйтіп, тұтас, жүйелі, жан-жақты әдеби-мәдени процесс пайда болды.

Қазір қазақ драматургиясы жалпы драмаға тән қасиет-сапарларға-жанрлық структуралар мен формаларға түгел ие. Аз уақыттың ішінде қалыптасқан, тарамдалған жанрлық жүйе ұлтымыздың жаңа мәдениетімен, әдебиетімен бірге есіп, жетіліп отырды. Әдебиеттің ерекше бір түрі - драматургия театрды нысана етеді, сахнаға қойылу үшін жазылады. Танымдық, тәрбиелік мәні бар, идеялық-эстетикалық әсері орасан күшті өнер - драматургия тоғысуы, характерлер қақтығысы, сезімдер шайқасын көрсетіп, аса қатал композиция талаптарын ескере отырып, ерекше көркемдік құрал - диалоггар мен монологтар арқылы болмыстың сан алуан шындықтарын ашады, өмір құбылыстарына баға береді, билік айтады. Драмалық жанрларға Аристотель "Поэзия өнері туралы" деген еңбегінде тиянақты анықтама береді. Буало ("Поэтикалық өнер"), Дидро ("Драмалық поэзия туралы"), Гегель (Шығармалар, XIVт.), Белинский ("Ақылдың азабы" -А.С. Грибоедов шығармасы", Шығ. жинағы. I том. 476-495-б.б.) еңбектерінде де драма жанрына берілген сипаттамалар бар.

Шетелдік оқымыстылардың бір тобы жанрларға психологиялық, екінші тобы грамматикалық категориялар арқылы түсінік жасамақ болады. Ал озық ғылым бұларға мүлде қарама-қарсы, объективті критерий ұсынады - жанрды қоғамдық, мәдени-әдеби жалпы дамумен сабақтас қарап, нақты әлеуметтік-тарихи, эстетикалық-көркемдік аспектіде анықтама береді. ("Әдебиет теориясы". Әдебиеттің тегі мен түрі. М., "Ғылым", 1964).

Жанр тудыратын элементтер деп - сюжет түзілісі, композиция, тақырып, поэтика, бір сөзбен, шығарма идеясы мен мазмұнын ашатын көркемдік құралдарды айтуға болады. Бүған драмалық эмоциялық әсер беретін формаларды да қосқан дүрыс: трагедия - қайғыртсын, комедия - күлдірсін, драма - толқытсын. Даму процесінде жанрлар өзара ықпал етеді, бірін-бірі байытады; кейбір жанрлар жаңғырып өссе, кейбіреулері өшеді, өледі. Жанр құбылысы дегенде - табиғи, диалектикалық өзгерістерді айтамыз, әйтпесе, шекарасыз, жағасыз, арнасыз жанрлық форма жоқ. Бұл талап ескерілмесе, шығарма босаң, болжыр тартып, көркемдік аяққа басылады, эстетикалық қасиет жойылады.

Кең мағынасында алғанда, типологиялық тұтастық сипаты бар эстетикалық категория - жанр өз структурасында көркемдік дамудың бұрынғы байлығын сақтай отырып, әрбір жаңа шығармада соны сипатта көрінеді. Эстетикалық мазмұн белгілі жанрлық қалыпта құйылып шығып, көркемдік элементтердің тұтастығын, логикасын сақтап, диалектикалық бірлік, гармониялық келісім табады. "Жанр, - деп жазды М.Бахтин, - әрқашан өзі, әрі өзі емес, әрқашан көне, әрі жаңа, жанр әдебиет дамуының әрбір жаңа кезеңіңде, әрбір жаңа шығарма тұсында қайта туындап жасарады... Жанр бүгінгі күннің тынысымен өмір сүреді, бірақ әрқашан өз өткенін ерекше қасиет ретінде өз бойында сақтайды. Жанр - әдеби даму процесіндегі творчестволық тұжырым түрінде қалады.". (М. Бахтин, «Достоевский поэтикасының проблемалары», М., "Советский писатель", 1972, 178-179-б.).

Тартыс пен характер – драма жанрының ең негізгі көркемдік категориясы болып саналады. Егер драмалық шығармаларда тартыс пен характер қызметі солғын болса, онда шығарма көркемдігінің төмен болатыны туралы зерттеушілердің еңбектерінде айтылады.

Әйгілі драматург, әдебиет зерттеушісі М.Әуезов: “Драматургиядағы кофликт мәселесі – пьесаның жанрлық белгісін көрсететін шешуші элементтердің бірі… драматургияның негізгі компоненті. Драматургиялық шығарманы нықтап, проза, поэзиядан бөлектеп тұратын шартты белгі жалғыз осы конфликт”, - деп атап көрсеткен. Сондай-ақ, драмалық шығармалардағы тартыс пен характер жайында С.Ордалиевтің, Ә.Тәжібаевтің, Р.Нұрғалидың еңбектерінде де кеңінен қозғалады.

Қазақ драматургиясы жүйесінде драма жанр ретінде трагедия, комедиямен бір мезгілде дүниеге келді. Жалпы ерекшеліктері жөнінде қазақ драмасы жанрдың дүние жүзі әдебиетіндегі сипаттарының қалыбынан көп ауытқымайды.

Күнделікті тұрмыстың єр түрлі құбалыстары драмада жан-жақты бейнеленеді. Сан алуан тартыстар драма қаһарманын ауыр шайқастарға салып, оның рухани-адамгершілігік қуатын сынап күреді, алға қойған мақсат, белгілі нысана үшін күресі үстінде адамдар мінезінің неше түрлі қырлары ашылады. Уақыт, заман талаптары, әлеуметтік шарттар қалыптастырған нормаларды бұзу, шеңберден шығып, шекарадан өту секілді қаһармандар әрекеті тартысты психологиялық ситуациялар, драмалық жағдайлар тудырады. Тұрмыстың, отбасының, жеке бастың сан қилы қақтығыстарын сюжет арқауы ететін драма гипербола, гротеск секілді көркемдік құралдарды сараң қолданады, оның есесіне дәуір, нақты детальдар, табиғи бояулар бұл жанрдың өмірді реалистікпен бейнелеуіне көбірек мүмкіндік береді. Драма кейіпкері көптеген көген көздің бірі, ол ауыр күйзеліс, үлкен сынға түсіп, тіршіліктің қиын бір кезеңін басынан өткереді; сол тар жол, тайғақ кешуде не күйреп, рухани жүдеп, тозып, тоналып шығады, не жалаң аяқ жар кешіп, маңдайына тас тиіп, сонда да мойымай, басқа түскен таудай ауыртпалықты қайыспай көтеріп, арып-ашып жүріп белге көтеріледі, салқын сабыр иесі болып марқаяды. Ерекше ескеретін бір жайт – драмалық әрекеттің ширақтық сипаты. Қатардағы жұмыр басты пенденің, көпшіліктің өзіне ұқсас қоңыр төбел жанның басынан өтетін драма ерекше оқиғалардың түйісуінен, ерекше характердің қақтығысынан туады. Кейіпкерлер басына бұлт үйіріліп, шешім қабылдайтын, күреске түсетін шақ туады; дос кім, дұшпан кім – осылар анықталады; сөйтіп кеше оң мен солын, ақ пен қараны дәл ажыратпай жүрген адам енді аяғын байқап-байқап басатын болады, өзгені де өзін де тартыс үстінде танып шығады, басынан белгілі бір драма өткізеді. Мұның бәрі сахналық шығармада әрекет, қимыл, күрес арқылы ашылмақ. Драма кейіпкері, негізінен, көпшіліктің қоңырқай өкілі, ол басын қанша тауға, тасқа соққанмен, аспандағы айды алатын трагедиялық қаһарман деңгейіне шыға алмайды; күтпеген күйге түсіп, керемет күлкі болатын, ішек-сілеңді қатыратын комедия кейіпкері де емес, ұмтылып құлап, қайта тұрып, тағы ентелеп жүріп, мақсатына жеткенмен, бәрібір қалыбынан аспайды, кµктемде б±лқан-талқан б±зылып, бір тасып басылған шолақ өзен іспетті арнасына түсіп, қайтадан жылап аға бастайды, бұрынғы мимырт тірлігіне қайта көшеді. Сондықтан да мінезі, іс-қылығы, дүниетанымы, сөзі, жүріс-тұрысы – күллі сипаты жөнінен бұл театрға ең жиі келетін қатардағы көрерменнің өзіне ұқсас, өзіне етене, өзімен туыстас кейіпкер. Әдебиетіміздің көп жылдар бойы жиналған фактілеріне, көркемдік процеске сүйене отырып, қазақ драмасын мынандай салаларға жіктеуге болады: а) қаһармандық драма; є) саяси-әлеуметтік драма; б) тарихи-ғұмырнамалық драма. Бұған қазіргі әдебиетімізде көріне бастаған психологиялық, лирикалық, дискуссиялық драмаларды, түрлі инсценировка-пьесаларды қосу керек.

Қаһармандық драма

«Қызыл сұңқарлар» драмасының шығармашылық тарихи туралы не айтуға болады? Рас, белгілі себептердің зардабынан С. Сейфуллиннің басқа шығармалары секілді бұл туындының да қолжазбасы, автордың алғашқы эскиз, жоспары секілді дүниелер жойылған. Дегенмен драматургтың эволюциясын аңғаруға, шығармашылық ұстаханасына енуге мүмкіндік беретін материалдар ретінде пьесаның әр жылғы басылымын тексерген жөн.

Шығарма 1922 жылы Орынборда басылып шықты. Пьеса революциялық драма, пролетарлық әдебиет принциптерін ұстанып жазылған туынды. 1926 жылы пьеса екінші рет Семейде басылып шыққанда көркемдік талаптар тұрғысынан бірқыдыру редакция жасағанын С. Сейфуллин алғы сөзде ескертеді. Үшінші рет, 1936 жылы драматург пьесаға қайта оралды, жаңадан жазылған екі перде жарияланды («Әбедиет майданы», 1936, № 9). Осы кезде пьесаның сахнаға қайта қойылуына байланысты бірқыдыру пікірлер айтылды. («Қазақ әдебиеті», 1936, 12 шілде; «Лениншіл жас», 1936, 12 желтоқсан; «Қазақ әдебиеті», 1936, 18 желтоқсан; «Қазақ әдебиеті», 1936, 24 желтоқсан).

Журналда жарияланған үзінді – «Қызыл сұңқарлардың» белгілі тексін қайта редакциялау, өңдеу, өзгерту негізінде туған нұсқа, вариант емес, мүлде тыңнан жазылған, жаңа оқиғалы, өзге кейіпкерлері бар дүние. Негізгі әрекет Маштай байдың шаңырағының астында өтеді. Совдеп құлатылып, қаланы қайтадан ақтар алғандықтан, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қайтадан өзгеріс түскен. Кеше ақыр заман орнағандай көрген жуандар бүгін қайта тіріліп, ауыздарынан от шашады, кеше зорлық атаулы жойылып, енді теңдікке қолымыз жетті ме деген кедей-кепшік қайтадан тұнжырайды.

«Қызыл сұңқарлар» драмасының жазылу мезгілі, бір жағынан, Сәкен Сейфуллиннің пролетарлық дүниетанымды ерте меңгеріп, көркем шығармашылықты төңкеріс платформасына бұлтақсыз, тура жолмен келгендігін көрсете, екінші жағынан, қазақ әдебиетінің эстетикалық-философиялық биік деңгейге тез, шапшаң көтерілгендігін дәлелдейді.

Сєкен Сейфуллиннің екінші драмалық драмалық шығармасы «Қызыл сұңқарлар» пьесасы тақырыбымен, образдарымен, идеясымен, стильдік көркемдік ерекшеліктерімен, бүкіл бітімімен қазақ әдебиетінің тарихындағы ерекше мәнді, кезеңдік туындылардың бірі болып қала бермек. Жиырмасыншы-отызыншы жылдарда, бір жағы, дөрекі вульгаризмнің салдарынан, екінші жағы, эстетикалық-әлеуметтік критерий - өлшемдердің ұмыт болуынан бұл шығарма терең, объективті бағаланбай келсе, кейінгі зерттеушілері (Ы. Исмайлов, С. Қирабаев), негізінен, әділ, пікір айтты. Дегенмен, осы туындының көркемдік структурасына, поэтикасына, идеялық нысанына, құрылысына байланысты тұжырым толық тамамдалып бітті деуге ешкімнің де аузы бармас деп білеміз.

Ең алдымен айтатын нәрсе, ұлт әдебиетінде әлі негізі, арнасы жоқ күрделі де қиын жанрда революция шындығын арқау етіп алу арқылы С. Сейфуллин жаңа санадағы қаламгер, қазақ әдебиетінде соны принциптерді көркем тәжірибеде бірінші болып қолданған жазушы екендігін танытты. Жанрлық жаңалығы өз алдына, туындының тосын, соны идеялық-эстетикалық сипаттары салған жерден ашыла бастайды. Қазақ арасында ғасырлар бойы тұрақты мағынада жұмсалып келген сөздерге автор жаңа әлеуметтік мән беріп, соларды метафорлық, тіпті символдық ұғымда қолданады. Енді тұлпар, сұңқар емес, асау тұлпар, қызыл сұңқар. Енді шабатын жүйрік ат, самғайтын құс туралы айтылып тұрған жоқ. Кесепат атаулыны, зорлықшы, қара жүрек атаулыны, әлеуметтік, рухани, нәсілдік, экономикалық теңсіздік атаулыны түгел жоятын, дүниені жаңғыртатын ер туралы айтылып отыр, оны күллі әлем тілінде ортақ сөзбен революционер деп атайды.

Драматург өте күрделі ситуациядағы адамдардың жан дүниесін, сезім күйлерін, негізінен, реалистікпен бейнелейді. Драма жанрының табиғатын терең түсінген жас Сейфуллин өмірде өзі, достары бастан кешкен қысталаң, ауыр оқиғаны пьесаға сәтімен арқау етіп алған. Бір камерада отырған қазағы бар, орысы бар кешегі Соведептің мүшелері әр түрлі характер танытады. Орынсыз патетика, тақпақты, қызылсөз жоқ. Іштей қыстыққан, тәні де жаны да шаршап шалдыққан, тіршілік үміті кесілгендей, шырағы сөнетіндей болып отырған адамдардың аузынан шығатын сөздердің сыртқы жарқыл, бояу-кестесінен гөрі астарлы мағынасы, түпкі салмағы басым. Сол кездегі қатардағы қазақтардай емес, шығарма кейіпкерлері заманның ең үлкен күресіне қатысу арқылы өскен нар өркешті адамдар, бұлардың сөйлеу мәнерінде бүкіл революционерге тән екпін, жаңа өрнектер бар. Пъесаның осындай ерекше жаңалығы, эстетикалық байлығы, қымбат сапасы, жиырмасыншы жылдардағы социалистік мұраттар бағытындағы әдебиеттің әдебиеттің негізгі принциптерін ұғып болмаған қаламгерлер үшін олқылық, зор кемшілік, өнердің ұлттық дәстүрінен қол үзу болып көрінуі жеке бастың антипатия-симпатиясынан туған нәрсе еместі, сөз жоқ, бұл дүниетанымға, көркемдік мұраттарға тығыз байланысты құбылыс еді. Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар», «Бақыт жолына» драмалары әдебиетімізде жаңа эстетикалық мұраттарды орнықтырған, жаңа жанрдың туып қалыптасуына зор ықпал еткен, өнер тарихында ерекше орын алатын құнарлы қазыналардың қатарына жатады.

Ілияс Жансүгіровтің қаламынан туған дүниелерді шартты түрде шағын жєне көлемді пьесалар деп екі салаға қарағанда олардың жанрлық, стильдік ерекшеліктерін ажыратып, көркемдік өзегін ашып, жалпы әдеби процестегі орнын айқындау негізгі нысана. Шағын көлемді, бір перделі пьесалардың барлығы да өлеңмен жазылған. Оқиғаға қатысатын кейіпкерлердің жасы, мінезі, әлеуметтік отбасылық тегіне байланысты тәптіштелген анықтама берілмейді, тіпті дәл аттары да айтылмай, жалпылай көрсетіледі.

Бұл шығармалардың негізгі сарыны – енді ұжымдық өмірге бет алған ауыл тынысы, адамдар санасындағы жаңғырулар. «Мін де шап» атты бір перделі пьесада шарттылық тәсілімен берілген сатиралық мотив бар. Жаңа өмірдің мағынасын терең түсінбеген, дүмбілез шала-жансар, ұйқыдан бас көтермейтін колхоз бастығының сиырымен, атпен диалогы арқылы берілетін көріністерде улы мысқыл жатыр.Балалар әдебиетіндегі ақынның татымды бір ескерткіші – «Мектеп» атты бір перделі өлеңмен жазылған пьеса. Автор шығарманың сахнада қойылуын ескеріп, қажетті ремаркаларды тиянақты көрсетіп отырған. Драматургтың бала психологиясын, баланың көркем шығарманы қабылдау ерекшеліктерін жақсы ескергені пьесадағы ситуациялардан-ақ сезіледі. Шығармада бала қиялына лайық шартты, ертгілік сипат бар. Бала мен қуыршақ арасындағы диалог сенімді берілген, әсіресе әрбір мамандық жайлы айтылатын монолог, екпін ырғағы, ұйқасы жаттап алуға ыңғайлы өлшем тапқан. Надандық, сауатсыздық, қараңғылық кішкентай көңілінен шығатын, фольклорда да үлгіні драмалық формада жаңғырта қолдану тәсілімен сыналады. Оқудың, білімнің керектігін бала өзі қажет санайтын халге жетеді. Ілияс Жансүгіровтің драматургиядағы алғашқы ізденістері поэзияда диалог, монолог формаларын қолданудан басталып, бір перделі шағын пьесалар жазуға ойысады. Бұлар адам характерлерін ашатын, күрделі тартыстарды көрсететін, жанрдың қатал талаптарына жауап беретін, төрт құбыласы бірдей, бас-аяғы теп-тегіс, жұмыр дүниелер емес, актуалды тақырыптарға арналған үгіттік-насихаттық идеяларға құрылған, әдеби монтаж, сценарий, скетч, либретто, фельетон сипатындағы туындылар. Ақынның жаңа, күрделі жанрдағы тәжірибесі шығармадан шығармаға ұлғайып, авторлық идеал, шығармашылық мақсат шарттары кең көлемді, терең тынысты, күрделі пьесалар жазуға алып келген. І. Жансүгіровтің зерттеушілер назарына ілікпей, тексеру объектісіне айналмай жүрген бес суретті «Райхан» атта драмасы тақырыбы жөнінен де, көркемдігі жөнінен де өз кезіндегі қазақ пьесаларының жуан ортасында тұруға толық мүмкіндігі бар дүние.

Саяси-әлеуметтік драма

Сәкен Сейфуллиннің "Бақыт жолына" драмасы қанша уақыт өтсе де ұлттық әдебиетіміздің тарихыңда әлеуметтік-эстетикалық маңызын жоймайтын, қымбат туындылардың бірі болып қала бермек. Мезгіл жағынан Мұхтар Әуезовтің "Еңлік - Кебек" трагедиясымен дүниеге қатар келген бұл шығарма - драматургия жанрындағы алғашқы үлгілердің бірі. Әйгілі трагедияның әр жылдардағы әр түрлі нұсқаларын салыстыра зерттеу арқылы Әуезовтің творчестволық эволюциясына, әдебиетіміздің өсу сатыларьна қатысты ой қорытсақ, Сейфуллин драмасыньщ варианттары, яки жоспары, не қолжазбасы жоқ, сондықтан сөз 1922 жылы тұңғыш жарияланған, кейін қайта басылған туынды, оның идеялық-көркемдік ерекшелігі, образ әлемі, композициялық-структуралық сипаты, өнер дүниесіндегі орны туралы болмақ. Үстірт қарағанда, "Бақыт жолына" драмасының тақырыбында жаңалық жоқ секілді. Әсіресе, XX ғасыр басындағы қазақтың демократ-ағартушы жазушыларының бәрі де қалам тартқан мөселе - әйел теңдігі проблемасы тағы сөз етіледі. Зер салып, ой жіберген кісіге Сейфуллин нысанасында әдебиеттегі дәстүрлі тақырып жаңа қырынан көтеріліп, өзгеше, соны сипатта бейнеленгендігін ұғу қиынға соқпайды: біріншіден, эпос, аңыз материалы емес, жұртшылыққа жақсы таныс кезеңнің көкейкесті, әркімге аян құбылыстары қамтылып отыр; екіншіден, авторлық концепция мүлде жаңа, пафос айқын, идея тың; үшіншіден, әлі әдебиетте жоба-жөні, нүсқа-өрнегі белгісіз жанрға бара отырып, драматург мазмұнды форма талаптарына жауап беретін шығарма жасаған.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-26; Просмотров: 1325; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.008 сек.