Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Тарихи трагедия 6 страница




Театр сыншылары Ғ.Тоғжанов, І.Жансүгіров, Қ.Қуандықов, Б.Құндақбаев, О.Қайдалова, У.Садықова, А.Тоқпанов, Ә.Сығаев, Қ.Уәлиев еңбектерінде драматургия туралы құнды тұжырымдар бар.

ХХ ғасырдың басында жанр есебінде дүниеге келіп, басқа халықтардың драма жанры тарихымен салыстыра қарағанда, аз ғана уақыттың ішінде әлемдік деңгейде дамып үлгерген қазақ ұлттық драматургиясының қалыптасу жолы күрделі. Егер әлем драматургиясы сан ғасырмен есептелетін ұлан-ғайыр жолдан өтсе, қазақ драматургиясының тарихы әлі ғасырға да жеткен жоқ. Соған қарамастан, қоғамымыздың қауырт өрлеп дамуы, халықтың мыңдаған жылдық дәстүрі бар фольклоры, кәделі өнері, бай әдебиеті жаһан мәдениетіндегі дәстүрлермен қауыша келіп, қазақтың жаңа сапалы өнерін – драматургия мен театрды өмірге әкелді. Қазақтың алғашқы пьесаларын заманның талабына сәйкес сомдағандар ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында алаштың ардақты ұлдары Ишанғали Меңдіханов, Жиенғали Тілепбергенов, Жүсіпбек Аймауытұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Қошке Кемеңгерұлы, Жұмат Шанин, Сәкен Сейфуллиндер болды.

Қазақ драматургиясы шын мәнінде ғылыми айналымға, нысанға алынып зерттеу ісі 1950 жылдардан басталғанын көруге болады. Осы жылдардан бастап диссертациялар қорғалып, монографиялық еңбектер жарыққа шыға бастады. 1951 жылы А.Маловичко “Қазақ совет драматургиясындағы тарихи өмірбаяндық пьеса”, 1956 жылы С.Ордалиев “Соғыстан кейінгі қазақ совет драматургиясы”, 1963 жылы Н.Ғабдуллин “Ғ.Мүсіреповтің драматургиясы”, 1965 жылы Р.Рүстембекова “Б.Майлиннің драматургиясы”, 1967 жылы Р.Нұрғали “М.Әуезовтің трагедиялары”, 1975 жылы Е.Жақыпов “Қазақ драматургиясындағы батырлық эпостың түрлері”, 1986 жылы Т.Есембеков “Ә.Әбішевтің драматургиясы”, 1990 жылы С.Дәуітова “Проблема изображения исторической личности в драматургии М.Әуезова”, 1992 жылы М.Ысқақов “Казахская драматургия в литературной критике”, 1993 жылы С.Құлбарақов “Т.Ахтанов драматургиясы”, 1994 жылы Ж.Таубайұлы “Қазіргі қарақалпақ-қазақ драматургиясындағы фольклорлық негіздер”, 1995 жылы Ж.Әбілов “Қ.Мұқаметжанов драматургиясы”, 2001 жылы Ә.Шапауов “С.Жүнісов драматургиясы”, 2002 жылы Н.Нәсиева “С.Мұқановтың драмалық шығармаларындағы мінез бен тартыс”, 2004 жылы Л.Серғазы “М.Әуезовтің “Хан Кене” трагедиясының тарихилығы” атты кандидаттық, 1970 жылы Ә.Тәжібаев “Қазақ драматургиясының тууы мен қалыптасуы”, 1983 жылы Р.Нұрғали “Қазақ совет драматургиясының жанр жүйесі”, 2001 жылы Ж.Әбілов “Қазақ комедиясының генезисі мен жанрлық негіздері” атты докторлық диссертацияларды қорғап, ғылымға үлкен серпіліс әкелді. Сонымен қатар монографиялық еңбектердің өзі біршама.

Қазақ драматургиясын зерттеген ғалымдарымыздың көптеген ғылыми еңбектеріне шолу жасай отырып байқайтынымыз, олардың басым көпшілігі қазақтың драма жанры Қазан төңкерісімен бір туғандығын айтады. Алайда, көркемдік жағынан елеулі кемшіліктері барлығына қарамастан, Қазан төңкерісіне дейін біраз пьесалардың баспасөз жүзін көргендігін нақты ашып айта аламыз. Олар: “Надандық құрбаны” мен “Манап” атты пьесалар. 1915 жылы “Айқап” журналының бірнеше нөмірінде Алматы уезінің бастығы А.И.Лиханов деген орыстың қазақ өмірінен алып жазған “Манап” драмасы басылып шыққан. С.Сейфуллиннің “Манап” туралы сыны да осы кезде жарияланған Бұл пьесада қазақ даласындағы сорақы істің, зұлымдық әрекеттің салдарынан болған трагедиялық оқиғалар суреттеледі. Ауылдағы қараңғылық пен надандықты пайдаланған жуандардың зорлық-зомбылығы, өрескел қылықтары, қазақ әйелдерінің бас бостандығының жоқтығы суреттелген. Осы “Манап” драмасына алғаш пікір айтқан – М.Дулатов. Ол “Манап” драмасы деген атпен “Қазақ” газетінде сын мақала жариялады. “Бір жұрттың жайынан мұндай нәрсе жазу үшін жазушы әуелі сол жұрттың өз баласы, иә өзіндей болып сіңіскен, ол жұрттың жайын білуде зәредей кемшілігі жоқ болуы шарт. Екінші көргенін, білгенін әм сезінгенін оқушының дәл көз алдына елестегендей суреттеп жаза білерлік туа шебер, жүйрік (талантты) болуы шарт. Осы айтылған екі қасиет бір кісінің бойында түгел болмаса, ол кісі әдебиет майданында қалам ұстап шығып жазушы бола алмайды” дейді. Автор шығарманың осы екі үлкен талап өресінен шықпағандығын, әсіресе, халық өмірінен хабарсыздығын драманың мазмұнын баяндай отырып ашады.

М.Дулатов осы мақаласында “Манаптай” шығармаларды кітап етіп бастыруға асықпай, білікті кісілердің сынынан өткізіп, көркемдігіне көңіл толған жағдайда ғана шығаруды ұсынады. Міржақыптың “Манап” драмасы” атты мақаласы – қазақ әдебиетінің көкейкесті мәселесін көтерген. Әсіресе, алғаш көрінген драманың кем-кетігін тізіп айтып, ондайды аудару-аудармау, жариялау-жарияламау туралы өз пікірін ашық білдіруі әдебиеттің көрікті де ажарлы, тартымды да шынайы болу талабына ұласып жатқаны айдан-анық.

“Манап” драмасының сюжетін де, аудармасын да ұнатпағандардың бірі – Сәкен Сейфуллин. Жас дарынның әдебиет жайындағы алғашқы үні көп ретте М.Дулатов ойларымен қабысып жатады. Сәкен шығарманың мән-мағынасына түсініп, эстетикалық талап-талғаммен қарауға және өз ойын дәлелдей баяндауға, жанрлық сынның ерекшелігін сақтауға талаптанғанын көреміз. Қазақ тұрмысынан жазылған бұл драмада қазақтың әдет-ғұрыптары бұрмаланғанын, сюжеттік желісіне өзек болған оқиғалардың шындыққа жанасымы жоқтығын атап өткен. Ал драмаға қатысушылардың диалогтары қимыл-әрекетті өрбітуге құрылмай, құр баяндау формасында берілгені және қазақ ұғымынан тумайтын, көңіліне қонбайтын сөздер көп айтылғаны сыншыны бірден сақтандырған.

1920 жылдары драмалық шығарма, театрдың қазіргі өміріміздегі орны мен болашағы жайында алғаш рет сындарлы ой айтқан – Мұхтар Әуезов. Ал драматургия жанры, драматург, жекелеген пьесалар, спектакльдер, театр тарихы, режиссерлер,актерлер туралы түбегейлі мәселелер көтеріп, нақтылы ойлар қозғаған мақалалар мен монографиялық зерттеулер бертін келе жарық көре бастады. М.Әуезов 20-30 жылдары сахнаға арнап пьеса жазумен ғана тынған жоқ, драматургия туралы теориялық мақалалар да жазды, жалпы қазақ театрының тууына аянбай еңбек етті. М.Әуезов өзінің “Жалпы театр өнері мен қазақ театры” атты зерттеуінде ертедегі грек елінің театр тарихынан бастап орта ғасыр, Еуропа театрларына шолу жасайды. Қаламгер драматургия теориясын дамытудағы сол бір игілікті бастамасын әрі қарай дамытып, 1934 жылы “Жақсы пьеса – сапалы әдебиет белгісі” атты көлемді мақаласын жазады.

М.Әуезов жоғарыда аталған “Жалпы театр өнері мен қазақ театры” деп аталатын зерттеу еңбегінде Еуропадағы көп елдердегі көркемөнердің халықтың әуелгі салтынан, әуелгі ұғымынан туатынына және қалай туғанына тоқтала келе: “Басында елдің өз денесінен болымсыз ойын-сауықтан шыққан кішкене театрлар аяқ кезде салт театрына айналған уақытқа шейін бір мезгіл елді тастаған емес. Бұл көптің қызығы, халық елдің театры болудан айныған жоқ. Ел өмірі, ел қалпымен қол ұстасып қатар отырады. Барлық салт театрының бетімен жазылған пьесалар бұл сөзге дәлел” – дейді. Мұхтар Әуезовтің бұл пікірін Әбділдә Тәжібаев жалғастыра келіп: “Қазақ елінде ертеде “драма”, “театр” деген сөздер болған жоқ. Бірақ ұлт поэзиясының түрлері, оның көпшілік ойын-сауығы үшін репертуарға айналған ғажайып үлгілері, көшпелі жұрттың өзінің ұлттық салтына, өмір өзгешелігіне лайық дәстүрлі театры болғандығын дәлелдейді” – дейді.

Ғалым М.Әуезов “Ерте күнде ас пен тойда, ұлы жиында ізденіп келіп өлеңмен, әнмен айтысатын ақындар өз заманында театр жасамай не жасады? Солар жасаған сауық елдің құр қуанып, құр көңілін көтергеннен басқа кәрі, жастың сай сүйегін босатып, аруағын шақыртып, барынша қыздырып желіктірген жоқ па еді? Одан соң ұзататын қыздардың тойында еркек пен әйел қақ жарылып алып айтысатын “Жар-жар” салт ойыны туғызған театрдың өзі емес пе? “Жар-жар” мен “Бет ашар” бүгінгі заманның сахнасына қою үшін ешбір қосымшаны керек қылмайды, солар сияқты толып жатқан айтыс өлеңдерінен қай-қайсысы болса да, қалай болса да қоюға болады. Бұл ескіліктердің тағы бір қасиеті, барлығы да арнаулы әнмен айтылатын; сондықтан жалғыз ғана драмалық театр емес, әнмен ойналатын операға емін-еркін жарайды”, – деген. “Қазақтың көп күлдіргі әңгімесі белгілі қулардың айналасында жиналады. Мәселен, Семей аймағындағы атақты күлдіргілер Шаншардың қулары, онан соң тапқыштық, шешендікпен аты шыққан Жиренше, Алдар көсе бар. Бұлардың барлық өмірі толып жатқан комедия. Ел сауығына ақыл, өсиет сияқты ой-санаға желі беретін үлгіні кіргізу керек болса, ертеде, заман шерін айтып зарнаған Асан қайғы, толғау айтқан Бұхар сияқты жырауларды тірілту керек. Осылардың барлығының жайында толып жатқан сұлу әңгімелер бар. Солар болымсыз ғана мәдениет иісін сіңірсе, әрі ел өнері тіріліп, әрі театрдың іргесі құрылады. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” сияқты ел поэмалары, “Бекет батыр” сияқты тарихи жырлар, барлығы да театрдың ішіне оп-оңай сыйып кетеді”. М.Әуезов осы аталған мақаласын қазақ драма театрының ашылар қарсаңында жазғандықтан, көбінесе “театр” деген сөзге баса назар аударған. Расында әңгіме театрдың репертуары, яғни драматургия мәселесі туралы болып отыр. Жазушы халқымыздың барлық рухани қажетін өтеуге жарайтын драмалық, трагедиялық және комедиялық пьесалар туралы материалдардың мол екендігін баяндайды және сол материалдар халық поэзиясының өз бойынан табылып жатқанын дәлелдеген. М.Әуезов қазақ драматургиясын аудармамен байыту, жақсы классикалық үлгілерді қазақшалаумен – қазақ тілінің драма жанрындағы ұсталығы мен шеберлігін арттыруды да қолға алған. Сондықтан да ол Шекспирдің кең тараған трагедияларының бірі “Отеллоны” және “Асауға тұсауды” тамаша аударып шықты.

Қорыта келгенде, М.Әуезов – қазақ драматургиясының өз топырағында қалай туатынын,халық әдебиетінен қалай нәр алатынын жетік білген, сонымен бірге өзге жұрттардың драмалық үлгілерінен үйренуге ғылыми нұсқау көрсеткен ғалым-жазушы. Ол драмамызға теориялық ойлар айтушы бола тұрып, өзі жазған пьесалары арқылы қалай оқып, қалай жазудың тәжәрибесін де көрсетті. Сондықтан біз М.Әуезов қазақ драматургиясының негізін салушы және оның теориясын бастап айтқан ғалымы десек артық айтпаймыз.

Қазақ драматургиясының зерттелуіне елеулі үлес қосқан ғалым-жазушылардың бірі – Ә.Тәжібаев. Ғалым “Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы” деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. Осы докторлық диссертация 1971 жылы “Жазушы” баспасынан кітап болып шыққан. Ғалым, драматург ағамыздың бұл еңбегінен әдебиеттің драма жанры туралы көптеген соны пікірлер оқимыз.

Ғалым қазақ әдебиетіндегі проза және драматургия жанры Қазан төңкерісімен бір туғандығын айтады. Дегенмен де, ғалым қазақ драматургиясын тереңдей қарауға, оның ұлттық халықтық тегін сырттан емес, іштен, яғни халықтың бай поэзиясының өзінен, халық өмірінің ұлан-асыр бай дәстүрлерінің жалғасы және дамуы ретінде іздеу керек екендігімізді ескерткен. Бұл ретте біз М.Әуезов пен Ә.Тәжібаевтың пікірлерінің бір жерден тоғысатынын көреміз. Ә.Тәжібаев та қазақ драматургиясының бастауын халық поэзиясымен тығыз байланыста қарастырады. Қазақ драматургиясының қалыптасып дамуында ақын-жырауар толғауларының, ақындар айтысының, шешендік өнердің, салт-дәстүрлік жырлардың, эпостық дастандардың маңыздылығын жазады.

Сонымен қатар Ә.Тәжібаев қазақ драматургиясының жарық жұлдызы саналатын М.Әуезовтің “Еңлік – Кебек”, “Қаракөз” пьесаларына жан-жақты талдау жасаған. Зерттеуші-ғалым М.Әуезовтің “Еңлік – Кебек” пьесасы туралы: “Қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі барлық асылды, барлық ақындық дәстүрді бір басына түгел сыйғызған, бүкіл Европа әдебиетін, әсіресе драматургия мәдениетін еркін меңгерген, оның шеберлік өнеріне жастай жетіккен М.Әуезов бірінші трагедиясымен жас әдебиетіміздің көгіне жарық жұлдыз боп туды. Бұл жұлдыз дүние жүзі классиктері жаққан ең ірі жұлдыздардың бірінен саналмақ, ұзақ ғасырлар бойы сөнбей жанбақ” – дейді.

20 жылдардағы әдебиет тарихына назар аударсақ, жаңа қуанышты дабылымен қатар, ескілікпен күреске шыққан юморлық, сатиралық әуенді де аңғарамыз. Бұл салада С.Дөнентаев, І.Жансүгіров, Б.Майлин сияқты қалам қайраткерлері ат салысты. Әсіресе, фельетон жанры күнделікті өмірге қоян-қолтық араласты. Ол фельетондар тақырып жағынан сан алуан: тап жауларының ақырғы тұяқ серпісі, олардың басты қызметтерге өтіп алудағы әрекеттері, молдалардың арамза пиғылдары, әйел теңдігін аяққа басып, қыз сатушы, қалыңмал алушылар жайы әшкереленіп отырады. Айталық, І.Жансүгіровтың “Қуыршақ”, “Құқ” фельетондары, Б.Майлиннің “Жырым жегендер”, “Пртокол істей салып едім”, “Қыздың зары”, “Түрт, шайтан, түрт” т.б. көптеген фельетондарын атап айтуға болады.

Театр − ұлттық сахналық өнер саласы. Қазақстан аумағында алғашқы театрлар XIX ғасырдың екінші жартысында құрыла бастады. 1860 жылы Оралда, 1869 жылы Орынборда, 1875 жылы Омбыда орыс драма театрларының негізі қаланып, жұмыс істей бастады. 1890 жылы Семей қаласында “Музыка мен драмалық өнер әуесқойларының қоғамы” ұйымдастырылды. Алғашқы драмалық шығармаларда Г.Д. Гребенщиков “Жақсы жігіт” пьесасының (1907) сюжетін қазақ тұрмысына құрса, Н.П. Анненкова-Бернар ұлттық дастан негізінде 1908 жылы “Бекет” атты драма жазып, кейін оны сахнаға шығарды.

Осы уақыттарда Қазақстанда жылжымалы татар труппаларының гастрольдері басталған. Олар Қызылжар, Семей, Орал қалаларында ұзағырақ аялдап жаңа ойындар дайындайды. Бұл жағдай өнерге ұмтылған қазақ жастарына сахналық үлгі болды. Міне, осы театрлардың ойындарын көрген қазақтың беделді жастары ұлттық сахна өнерін құруға талпынады. Сахнаға қоятын пьеса болмағандықтан, олар алғашқы қадамдарын қазақтың әдет-ғұрыптарын, ұлттық ойындарын сахналаудан бастайды. Бірақ аттөбеліндей аз ғана әуесқойлық дәрежеден әрі көтеріле алмады, әрі оған мүмкіншілігі де келмеді.

Бірақ өз жұмысын осындай жаңа шығармашылық арнамен жүргізген, ойын сауық үйірмелеріне қатысып, азды-көпті тәжиребе алған дарынды өнерсүйер жастар біздің бүгінгі кәсіби театрларымызды құруға себепкер болды. Халық шығармасының бай мұрасынан, сахналық өнер жолына түскен дарынды актерлеріміздің көпшілігі осындай үйірмелерден шығып, академиялық театрларымызды құрысқаны баршаға аян.

1911 – 1912 ж. Шымкент, Ақмешіт (Қызылорда), Ақмола (Астана), Қостанай, Петропавл, Орал мен Семей қалаларында ойын-сауық үйірмелері ұйымдаса бастады. Қызылжар қаласының театр сахнасында «Қазанға саяхат», «Алдадым, алдандым» деген пьесаларды қоюға рұқсат етілмегендіктен спектакльді жеке үйде көрсеткен. Ы.Алтынсариннің «Киргизская хрестоматиясына» енген «Жанақ пен Баланың айтысы» осы кеште екінші спектакль-инсценировка ретінде қойылған. Бұл спектакльде Ы.Алтынсариннің өз ұлы Ғабдылхамит Баланың рөлін ойнайды. Кеште өнерпаз, сауықшыл жастар Қ.Сәтбаев пен Т.Жомартбаев Абайдың «Қыс», Крыловтан аударған «Бұлбұл мен есек» атты шығармаларын орындаған.

Омбыдағы орыс театры мен татар сауыққойларынан азды-көпті үйренгендерін қазақ оқушы жастары елге таратуға ұмтылады. 1913 – 1914 жылы Семейде қазақ мұғалімдері мен оқушы-жастар бірлесіп, “шығыс кеші” деген атпен ойын-сауық кештерін ұйымдастырды. Ұлттық театр өнері тарихында мәні зор ойын-сауықтар қатарында: 1914 жылы Абайдың қайтыс болғанына он жыл толуына арналған әдеби-этнографиялық музыкалық кеш (ойын-сауықтың бағдарламасына қарағанда, кеште Абайдың өмірбаяны оқылып, жеке шығармалары мен ағартушылық қызметі баяндалған. Баяндаманы қазақтың қоғам қайраткері Нәзипа Құлжанова жасайды. Баяндаманың жинақы, мазмұны терең, әрі өте сауатты жасалуы «Айқап» журналында жоғары бағаланған), “Біржан мен Сара айтысы” (1915, екеуі де Семейде) және “Қазақша қыз ұзатудың” (1915, Атбасарда) сахнаға лайықталған нұсқасын атауға болады.

Қазақтың кәсіби театр өнері 1926 жылдың 13 қаңтарында Қызылорда қаласындағы Қазақ мемлекеттік драма театрында М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» қойылымы көрсетілуімен ресми түрде ашылды. Оның директоры және көркемдік жетекшісі Ж.Шанин, әйгілі әртістері мен әншілері Қ.Қуанышбаев, С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, Қ.Бадыров, И.Байзақов, Қ.Жандарбеков, Ә.Қашаубаев, Қ.Мұңайтпасов, Ғ.Абдуллин қазақ театры өнерінің қалаушылары болып тарихта қалды.

Қызылорда қаласында тұңғыш кәсіби ұлт театрының ұйымдастырылуы Қазақстанның мәдени тарихында мәні зор оқиғаға айналды. Қазақ театр өнерінің қалыптасып даму кезеңі спектакльдерде натуралистік, әлеуметтік-тұрмыстық және фольклорлық-этнографиялық бояудың қатаң сақталуымен, халық әндерін мол пайдалануымен ерекшеленеді. Мұның өзі бір жағынан театр мен көрермендер арасындағы қарым-қатынасты күшейтуге мүмкіндік туғызса, екінші жағынан актерлердің көп салалы өнерді меңгеруіне жол ашты. Осы кезеңде Қазақ театры ұлттық пьесаларды ғана қоюмен шектелмей, алғаш рет классикалық драматургия туындыларын игеруге талпыныс жасады.

1928 жылы бұл театр Қызылорда қаласынан жаңа астана Алматыға қоныс аударып, театрдың шығармашылық құрамында К.Байсейітова, Ж.Елебеков, М.Ержанов, Ш.Жиенқұлова, У.Тұрдықұлова сияқты өнер майталмандары өнер көрсетті. Әсіресе осы кезеңдегі Қазақ театры өнерінің қалыптасу жолында М.Әуезов драматургиясы мен Ж.Шаниннің режисер қызметінің мәні зор болды. М.Әуезовтің қуатты қаламынан туған “Қарагөз”, “Қара қыпшақ Қобыланды”, “Абай”, “Айман – Шолпан”, “Түнгі сарын”, т.б. драмалық шығармалары театр репертуарын жандандыра түсті. Ал 30-шы жылдардың ортасында Қ.Қармысов, С.Телғараев, Ә.Үмбетбаев, Р.Қойшыбаевалар қосылды.

Қазақ театры өнерін одан әрі өркендету ісінде 1933 ж. 8 қыркүйекте Қазақстан өлкелік партия к-тінің “Ұлт өнерін дамыту шаралары” туралы қаулысының рөлі ерекше болды. Осыған орай 1934 жылы Оралда (көркемдік жетекші Ғ.Төребаев), Шымкентте (көркемдік жетекші Ж.Арғынбаев), 1935 жылы Петропавл (1935 – 38) мен Ақтөбеде (1935 – 48), 1936 жылы Қарағанды (көркемдік жетекші Ш.Гатаулин) мен Жамбылда (қазіргі Тараз; көркемдік жетекші Арғынбаев) және 1938 жылы Гурьев (қазіргі Атырау; көркемдік жетекші А.И. Сусанов-Саянский) пен Павлодарда (көркемдік жетекші Н.М. Атаханов) облыстарында қазақ театрлары ашылып, халыққа мәдени қызмет көрсете бастады. Кәсіби дайындығы бар орыс режиссерлері қазақ актерлерін орыс театрының бай тәжірибесімен және К.С. Станиславский жүйесімен таныстырып, кәсіби сахна өнеріне шыңдады, әсіресе орыс, шет ел классикасы мен осы заман драматургиясының озық үлгілерін (Н.В. Гогольдің, Н.Ф. Погодиннің, К.А. Треневтің, У.Шекспирдің пьесалары) театр репертуарына енгізіп байытуда айтарлықтай еңбек сіңірді. 1934 жылы өткен Қазақстан жазушыларының 1 съезінде ұлттық әдебиет мәселесімен бірге драматургия мен театр жайы да кеңінен сөз болып, арнайы баяндамалар тыңдалды. Республика үкіметінің 1935 жылы “Колхоз-совхоз театрларын құру туралы” қабылданған арнайы қаулысынан кейін 30-жылдардың 2-жартысынан бастап көркемөнерпаздар үйірмелері негізінде пайда болған ауданда және ұжымшар, кеңшар театрлары кең қанат жайды. 1937 жылы ұйымдасқанына он жыл толуына байланысты Қазақтың мемлекеттік драма театры академиялық театр деген құрметті атаққа ие болды. Обл. қазақ драма театрлары 1937 жылдан арнаулы сахналық білімі бар жас кадрлармен толықтырыла бастады.

Алматы қаласында 1934 жылы Ұйғыр музыкалық драма театрының, Қызылорда қаласында 1937 жылы Корей музыкалық драма театрының ашылуы республикамыздың атаулы оқиғаларына жатады. Корей театры 1968 жылы Алматыға көшірілді.

1933 жылы Семей қаласында Орыс драма театры қалыптасты, ол екі жылдан кейін сол кездегі ел астанасы Алматыға қоныс аударып, 1975 жылы театрға «академиялық» атағы берілді.

1935 жылы Алматыда Мемлекеттік куыршақ театры ашылды. 80-ші жылдары осындай театрлар республиканың басқа да қалаларында көптеп ашыла бастады: Ақтөбе мен Жезқазғанда (1985), Ақтауда (1981), Шымкентте (1983) және Петропавлда.

30-шы – 40-шы жылдар бүкіл кәсіби ұлттық театрлардың шығармашылық құрамы қалыптасқан кезеңі. Солардың ішінде - Ш.Айманов, З.Құрманбаева, С.Майқанова, Б.Римова, Ш.Жандарбекова, А.Тоқпанов, А.Исмаилов, К.Арбенин, С.Ассуиров, М.Брандт, А.Дымский, А.Каменская, Е.Кручинина-Рутковская, З.Морская, В.Харламова (Орыс драма театры), С.Атамқұлов, М.Әбдікәрімов, Р.Есімжанова, Ш.Мусин, Ж.Сәкенова, Ш.Сәкиев, З.Сулейменова, М.Табанов, А.Шанин, Ж.Шәймерденова, Ж.Асимов, Г.Жәлелов, Х.Илиева, С.Саттарова, М.Семятова, Р.Тохтахунова, А.Шәмиев, Ким Дин, Ли Гир Су, Ли Хам Дек, Пак Чун Себ, Цой Бон До.

Қазақ театр ұжымдарының 2-дүниежүзілік соғыс кезеңінде бірқатар әскери-патриоттық тақырыптағы пьесаларды сахнаға шығарды. Майдандық концерт бригадалары ұйымдастырылды. Соғыс жылдары Қазақстанға келген Ю.А. Завадский, В.П. Марецкая, Н.Д. Мордвинов, Н.И. Сац, Н.М. Ужвий, Г.П. Юра, т.б. көрнекті театр қайраткерлерімен қазақ өнер шеберлерінің өзара шығармашылық қызметі сахналық шеберліктің кемелденіп өсуіне, жалпы рухани мәдениеттің дамуына игі ықпал етті. Режисер-педагогтар О.И.Пыжова мен Б.В. Бибиковтың бірлесіп қойған Шекспирдің “Асауға тұсау” спектаклі (1943, Петруччио – Ш.Айманов, Катарина – Х.Бөкеева) Қазақ драма театрының ең таңдаулы қойылымына айналып, ол актерлер үшін баға жетпес сахналық шыңдалу мектебі болды. Соғыс жылдары Жамбыл, Гурьев (қазіргі Атырау), Қарағанды, Павлодар облысы және 11 ұжымшар-кеңшар театрлары жергілікті көрермендерге белсенді мәдени қызмет көрсетті.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-26; Просмотров: 1250; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.025 сек.