Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Тарихи трагедия 5 страница




Комедия тарихына көз жібертсек, оның арғы тегі әріден, ертедегі Греция дәуірінен басталады. Комедия деген терминнің өзі де гректің сөзінен шыққан, «комос -көңілді, «оде» - өлең деген мағынаны білдіреді. Жанр жағынан комедия өз ішінен памфлет, пародия, фарс, водевиль болып бөлінеді. Бұлар комедияның шағын жанрлары болып табылады, ал ең жоғарғы түрі – сатиралық комедия. Осылардың әрқайсысының жанрық сипаттары мен ерекшеліктеріне қысқаша тоқталсақ, фарстың алғашқы белгісі орта ғасырда Батыс Еуропада халықтық театр көрінісінің бір түрі ретінде мерекелерде, көпшілік алдында ойналған. Ол мерекелерде сол ортаның қауымға таныс адамдарының жағымсыз мінездерін, істерін келеке, әжуа түрінде көпшілік алдына шығарған. Фарс әр елдің драматургия тарихында бар. Фарс – өлеңмен жазылатын шағын пьесалар. Мұнда жеңіл күлкі мен күлдіргі жағдайларға көбірек назар аударылады. Сонау ерте заманда, Аристофанның дәуірінде-ақ фарс биік дәрежеге көтерілген еді. Аристофанның фарсы жайында А.В.Луначарский: «В области комедии нам нужен монументальный аристофанский фарс» деп жазған еді. XVІ ғасырда фарс комедиядағы ең қажетті штрихтің қызметін атқарды. Мысалы, Мольер комедияларында фарс жиі ұшырасады; «Ревизордағы» Бобчинский, Добчинскийдің құлайтын жері де фарстық күлкінің бір түрі.Қазақ комедиясында «Айдарбек», «Торсықбай», «Шаншар молда» пьесаларында молдаларды масқара ететін күлкілі сәттерді фарстық элементтер деп қарауға болады.

Водевиль – ән, өлең, би аралас келетін жеңіл күлкіге құрылған шағын пьесалар. «Водевиль» деген термин француздың сөзінен шыққан. Вир өзенінің XVғасырда өмір сүрген ақын О.Басленнің юмористік өлеңдерін сол жердің атымен байланыстырып, «Во де Вир» Комедияның ішіне араласып, «водевильді комедия» деп аталған. Жеке сахналық жанр ретінде ұлы француз революциясының тұсында қалыптасып, тез арада бүкіл Европалық аренаға тарайды. Француз водевильдерінің классиктері – Э.Скриб, Э.Лобиш. Ресейде ХІХ ғасыр басында водевиль жазғандар – В.А.Соллогуб, П.А.Каратыгин, Н.А.Некрасов. Кеңес дәуірінде В.П.Катаев, В.В.Шкваркин, т.б. жазды. Водевильдік элементтер комедия мен опереттаның ішінде көп кездеседі. Театр қайраткері К.С.Станиславский оперетта, водевиль үшін жақсы мектеп екенін ескерткен.

Комедия жанрының даму тарихында айтарлықтай із қалдырағн дәуір – жаңару дәуірі. Ренессанс өкілдерінің ішінде драматургияда Шекспирдің алатын орны бөлек. Ағылшынның ұлы драматургі өз туындыларында адам бойындағы махаббат, достық, адалдық, қайырымдылық сияқты игі қасиеттерді басты идея етіп ұстанады. Сондықтан, ақылдың құдіретті күші, адамға деген парасатты махаббат – Шекспир комедияларының өзегі, негізгі қазығы. «Он екінші түн», «Венециан купеці», «Асауға тұсау», т.б. комедияларының бізге дейін жетіп, сахнада берік орын тепкендігі оның әлем әдебиетіндегі орнын айқындаса керек.

Актер әрі театр қайраткері, француздың ұлы комедиографы Мольер өз ұлтының халықтық театрынан нәр ала отырып, комедия жанрын аса бір жоғары сатыға көтерді. Ол дворяндық, буржуазиялық қоғамдағы әлеуметтік мешеулікті әшкерелейтін комедияның жаңа типін сахнаға әкелді. Оған дүние- жүзілік сахналарда қойылған «Тартюф», «Дон Жуан», «Мизантроп», т.б. туындылары мысал бола алады.

Бомарше комедиялары Мольердің орнын толтырып қана қойған жоқ, француздың ұлттық театрына жаңа дәуір ашты.Оның «Севиль шаштаразы», «Фигароның үйленуі» комедиялары Бомаршені әлемге танытты. Оның комедияларына тән ерекшелік – драмалық күшті тартыс, қызық оқиға, уытты сатирамен келетін диалогтар.

XVI-XVIII ғасыр аралығында Италияда дель арте (маскалық) немесе «импровизациялық комедия» деп аталатын комедияның түрі екі ғасыр бойы үстем болды. Сахнада ойын үстінде актерлер өз рольдерінің сөзін ойдан шығарып, әрі алдыңғы көріністерді қайталамай өзгертіп отырған. Сол себепті, актерден тапқырлық,өткір тіл,бай фантазия талап етілген. Сахнаға тұрмыстық комедияның келуімен байланысты дель арте сахнадан шығып қалды.

Ал тұрмыстық комедияны дамытып, аса биік дәрежеге көтерген – Италия драматургі Карло Гальдони. Ол туған халқының тұрмысын, салтын,дәуір шындығын жазуды мақсат етіп қойды. Комедиографтың «Өтірікші», «Қатындардың өсегі», «Екі мырзаға бір қызметші» сияқты пьесалары әлемге әйгілі. Гольдони пьесалары Ресейде XVIII ғасырда қойыла бастады. Оны орыстың ұлы драматургі А.Н.Островский аударған. ХІХ ғасырда Батыс комедиясы құлдилай бастады. Комедиографтар идеядан гөрі оқиға қызықтылығына көп көңіл бөлді.

Уытты, сатиралы комедия орыс әдебиетіне Фонвизин, Грибоедов, Гогольмен бірге келді. Олардың геройлары,характерлері реалистік сипаттарымен дүние жүзі драматургиясының алтын қорына қосылды. XIX ғасырда орыс драматургиясында комедия жазғандар аз болған жоқ. Айталық, И.А.Крылов «Триумф», «Модная лавка», «Урок дочкам» комедияларын жазды, А.А.Шаховский, Н.И.Хмельницкий, М.Н.Загоскин, т.б. комедияның әр саласында көрінді. Ұлы комедиографтар ретінде Грибоедов, Гоголь, Салтыков-Щедрин, Островскийлерді атаймыз.

Қазан төңкерісінен кейін сахнаға шыққан алғашқы пьесалардың дені комедия болып келуі осы жанрдың өмір талабынан туғанын дәлелдейді. Кеңес үкіметі орнағаннан бергі мерзімде жоғарыда аталған дүние жүзі комедиографтардың туындылары ұлт республикаларының театр сахналарынан берік орын алды.

Жиырмасыншы жылдардағы драматургия тарихына назар аударсақ,жаңа өмірдің қуанышты дабылымен қатар ескілікпен күреске шыққан юморлық, сатиралық әуенді де аңғарамыз. Бұл салада С.Дөнентаев, І.Жансүгіров, Б.Майлин сияқты қалам қайраткерлері ат салысты. Әсіресе фельетон жанры күнделікті өмірге қоян-қолтық келіп араласты. Молдалардың арамза пиғылдары, әйел теңдігін аяққа басып, қыз сатушы, қалың мал алушылар жайы – осы алуандас жолсыздықтар күнделікті баспа бетінде әшкереленіп отырды. Айталық, І.Жансүгіровтың «Қуыршақ», «Құқ», Б.Майлиннің «Жырым жегендер», «Түрт, шайтан, түрт» сияқты фельетондарын атауға болады.

Сатираның 20-30-жылдарда етек алуы тек қазақ әдебиетінде ғана емес, көп ұлтты кеңес әдебиетінің барлық республикаларына тән еді. Сатираның дамуына сатиралық журналдардың шығуы үлкен ықпал етті. Айталық, орыс әдебиетінде 20-жылдарда «Бегемот», «Смехач», «Ревизор», «Пушка» сияқты бірнеше журналдар шығып тұрды. Сол кезеңде белгілі сатирик, юмористер В.Шишков, Е.Петров, М.Зощенко шығармалары жұртшылыққа танымал бола бастады. Осындай журналдар басқа республикаларда да шығып тұрды. Мысалы, Грузияда «Карич», Арменияда «Зурна», Қазанда «Шаян»,Қазақстанда «Шаншар» (1925), «Жаршы» (1929), «Балға» (1932) деген атпен шықты. Осы сатиралық журналдардың беттерінде 1927 жылы фельетон мен сатиралық әңгімелерге бәйге жарияланған болатын.

Проффесионалдық ұлт театры ашылмай тұрғанда, комедиялық шығармалар әр түрлі жолдармен жұртшылық алдына шықты. Үйірмелерде, қызыл отауларда, жәрмеңке алаңдарында, мектеп сахналарында көрсетіліп отырды. Рахметжан Малабаев, Ж.Шанин, Б.Майлиннің шағын пьесалары жұртшылыққа сол 20-жылдарда кең тарады. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті жедел дамыды. Баспа орындары көбейіп,театрлар ашылды. Ғылым мен өнерге деген қызығушылық артты.Қазақ әдебиетінің кенже қалған саласы драматургия да жедел қарқынмен дами бастады. 1926 жылы қазақтың ұлттық театрының ашылуы еліміздің мәдени өміріндегі есте қаларлықтай оқиға болды. 1920-30 жылдарда ұлы өзгерістер (жер бөліс, ауылды советтендіру, колхоздастыру) жайлы үгіт-насихаттық пьесалар қойылып, дәуір талабына үн қосты. Мысалы, Р.Малабаевтың "Ғұрып күңі", «Үй тұтқындары», Ж.Шаниннің «Торсықбай қу», «Айдарбек қу», С.Нұржановтың «Бәйсейіт молда», І.Жансүгіровтың «Мін де, шап!», «Колхоз тойы», Қ.Кемеңгеровтің «Ескі оқу», «Парашылдар», т.б., Б.Майлиннің шағын комедияларын атауға болады.

Бұдан басқа комедияның психологиялық, лирикалық, тұрмыс-салттық, героикалық (қаһармандық) деген түрлері де бар. Бұлайша бөлу пьесадағы басты тақырып, негізгі оқиға қазығы қандай мәселе төңірегіне топтастырылғанына байланысты. Айталық, лирикалық комедия кейіпкерлердің көңіл-күйі, нәзік жан сыры, махаббаты жайында. Әрине, бүйтіп айтудың өзі шартты. Себебі геройлардың жан дүниесі, махаббат сыры комедияның басқа түрлерінде де кездеседі. Мысалы, испан комедиографы Дюмануар Деннеридің «Дон Сезар де Базан» комедиясында махаббат пен ерлік қатар дамиды. Бірақ негізгі оқиға, шығарманың идеясы геройдың ерлік сипатына негізделгендіктен, ол «героикалық комедияға» жатады. Лирикалық комедияда басты проблема – махаббат мәселесі. Сол себепті бұл комедия түрі өте жиі ұшырасады. «Махаббат пен өлім - мәңгілік тақырып» деп М.Горький айтқандай, бұл сонау гректердің трагедия, комедияларының бәрінде бар. Ренессанс дәуірінде Лопе де Веге,Кальдерон, Гольдони комедияларында берік орын алған тақырып осы махаббат жайы.Ресейде Тургеневтің «Месяц в деревне», Н.Погодиннің «После бала», қазақ драматургиясында «Беу,қыздар-ай!» комедияларын атауға болады.

Ал героикалық немесе қаһармандық комедия сирек кездеседі. Зерттеушілер бұл қатарға «Дон Сезар де Базан» комедиясынан басқа А.Гладковтың «Давным-давно» (1940 ж.) пьесасын атайды. Мұнда жасырын еркек киімін киіп алып,1812 жылғы Отан соғысына қатысқан, ерлігі аңызға айналған Надежда Дурованың образы сомдалады. Басты оқиғалар комедиялық сипатта берілген.

Комедияның ең кең таралған түрі – тұрмыстық комедия. Қазақ әдебиетінде Ж.Шанин, Б.Майлин, Қ.Мұхаметжанов комедиялары тұрмыс-салттық, әлеуметтік сипатта болып келеді.

Комедияның негізгі құралы – күлкі. Күлкінің мысқыл, әжуа, сықақ, сайқы-мазақ сияқты астары көп. Зілді, ащы күлкі – сатира, жеңіл әжуа юмор деп аталады. Күлкінің күшті құрал екендігін дүние жүзі әдебиетінің классиктері В.Белинский, Н.Чернышевский, А.Добролюбов, Н.Гоголь, М.Горький өз еңбектерінде айқын көрсетеді. Н.Гоголь: «Өмірде еш нәрседен қорықпайтын адамның өзі күлкіден қорқады» деп жазады.

Дүние жүзі халықтарының қайсысының болмасын тарихына көз жібертсек, комедияның дүниеге келуі осы халықтың ұлттық ерекшеліктеріне, психологиясына, салт-дәстүр, әдет-ғұрпына тікелей қатысты екенін көреміз. Сахналық өнердің дамуы мен халықтық дәстүрдің тікелей байланысын басқа елдер тарихынан да, Кеңестегі одақтас республика халықтары тарихынан да аңғаруға болады.

Азербайджан театр тарихын зерттеуші ғалым Д.Джафаров халықтық мереке, ойын-сауықтарда көпшіліктің алдында ойдан шығарып айтатын шағын комедиялық фарстардың болғанын жазады. Солардың ішінде кең тараған «Гаравеллидің» мазмұны мен жанрлық ерекшеліктерін, халықтық сипатын атап көрсетеді.

Өзбек ғалымы Х.Абдуллаев халықтық комиктер (масхарабоз, қызықшы) және қуыршақ театры деп екіге бөледі. «Өзбек совет драматургиясының халықтығы» атты зерттеуінде ол өзбек драматургтері Хамза Хаким-заденің «Проделки Майсары», Маннон Уйгунның «Туркестанский лекарь» пьесаларын талдап, ондағы тәуіп, балгер, молдалардың сараңдығын, топастығын әшкерелейді. Өзбек театры жайында жазған Д.Уварова да өзбек театрының қалыптасуын халықтық дәстүрмен байланыстырады да, халықтық театрды мүллакид және танкид деп бөледі.

Театр өнері кеш дамыған Қарақалпақстан елінің де сахналық өнерінің бастамасы қуыршақ-масхарабоз сияқты халықтық театрдың әсерінен туған. Олардағы күлкі объектісі – хан, ханның қызметшілері мен байлар. Мұнда өзбектердің әсері байқалады. Театрдың тууына халықтық дәстүрдің ықпал еткенін түрікмен, армян, т.б. халықтардың тарихынан мысалдар келтіре отырып, жалғастыра беруге болады.

Қазақ халқында да ұлттық театр қалыптаспай тұрып-ақ, халықтық ортада туып қалыптасып, типке айналған дайын комедиялық тұлағалар мол болды. Ол жайлы М.Әуезов: «Қазақтың көп күлдіргі әңгімесі белгілі қулардың айналасында жиналады.Мәселен, Семей аймағындағы атақты күлдіргілер, Шаншардың қулары, тапқырлық, шешендікпен аты шыққан Жиренше, Алдар көсе, Қожанасыр бар. Бұлардың барлық өмірі толып жатқан комедия» деп жазады. Осы пікірді Ә.Тәжібаев та айтады: «Комедиялық пьесаға, оларды қоятын театр сахнасына қажетті приемдардың қызықты, күлкілі түрлері қазақ қулары мен айлакерлері жасаған әрекеттерден көп табылады».

Академик Р.Нұрғали:«Сөз жоқ, қазақ драматургиясының барлық жанрларының негізгі қайнар көзі, алтын арқауы, күре тамыры – ауыз әдебиеті үлгілері» деп жазады. Бұл пікірді драматургия зерттеушісі Ж.Әбілов те қолдайды. Ол өзінің «Қазақ комедиясының генезисі мен жанрлық негіздері» атты зерттеу еңбегінде халық ауыз әдебиетімен байланыста қарастыра отырып, оның монокомедия, диалог комедия, әзіл-қалжың комедия, қағытпа комедия,бет-қимыл комедия сияқты түрлерін атап көрсетіп, әрқайсысының жанрлық ерекшеліктеріне тоқталады.

Монокомедия – жалқы тұлғаның қимыл-қозғалысы, кескін- келбеті нәтиждесінде қалыптасқан жанр. Жұртшылық алдына шыққан жалғыз адам түрлі физио-психикалық қимыл-қозғалыстар жасайды. Мұнда екі элементке: дене және қиял қозғалысына баса назар аударылады. Ж.Әбілов комедияның бұл жанры ертедегі бақсылардың қимыл-әрекеттері негізінде пайда болған дейді. Бақсыны айнала қоршаған адамдар оның әрбір қимылын бақылап, бірақ күлмеуі шарт болды. Ал бақсының міндеті – ойнау емес, белгілі бір ғұрыптық міндетті орындау, эстетикалық сезім тудыру.

Диалог комедияның құрылымдық формалары әу баста сыңарланған диалогтан басталды. Ғалым қазақ комедиясының Қазан төңкерісіне дейінгі жанрлық түрін «диалог комедия» деп атайды. Аты айтып тұрғандай, комедияның бұл түрі бірнеше кейіпкерлердің қарым-қатынасқа түсіп, өзара диалог құруы негізінде қалыптасады.

Бет-қимыл комедияны «мимидрама» деп атау да кездеседі. Патри Павис бұл терминді «пантомима» атауының синонимі ретінде қарастырады. Комедияның бұл түрінің негізгі құралы - бет-қимыл құбылулары. Бет-қимыл жоқ жерде комедия да болмайды. Мұнда актер екі түрлі қызмет атқарады: өзінің бет-жүзінен күлкілі элементтерді шығарады және өзге адамның мінезін, іс-әрекеттерінің күлкілі элементтерін бейнелейді. Біріншісін туындататындар: сал-сері, әнші, қара өлең айтушылар, т.б. Ал екіншісін қулар, лепірмелер, масқарапаздар, сайқымазақшылар орындады.

Әзіл-қалжың комедия міндетті түрде іс-әрекет арқылы жасалады. Бірақ ондағы күлкі сол қимыл-қозғалыстың емес, ауызекі тілдің көмегіне сүйенеді. Бұл комедияның мынадай шартты түрлері бар: пародия, айтыс, жұмбақ жарыс, ойын-сауық өлеңдер. Қалжың комедия көбінесе сюжетті болып келеді. Сатиралық ертегілердің қай-қайсысы да әзіл комедияның формасына жатады.

Қағытпа комедия – екі адамның бірін-бірі қағытып сөйлеуінен туындаған комедия. Оның мазмұнынан міндетті түрде кекесіннің, келемеждеу, тіпті мазақтаманың белгілері аңғарылып отырады. Мұнда бейпіл сөз, сүзеген сөз, бірқақпай, шымшыма секілді күлдіру тәсілдері қолданылады. Қағытпа комедияның шешендік комедия деген түрі бар. Ол шешендік өнердің ең биік сатысында тұрған адамдардың тапқыр сөзі, ұшқыр ойы арқылы дүниеге келген. Солардың ішінде Төле, Қазыбек, Бекбосын, Шоң, Шорман, Досбол, Жамбыл, Қашаған, т.б. осы өнердің өкілдері болып табылады. Қағытпа комедия өз ішінен әлеуметтік-ғибраттық, танымдық-ғибраттық, тұрмыстық-ғибраттық болып бөлінеді.

Комедия жанрының жалпы табиғатына байланысты В.Фролов, В.Волькенштейн, Н.Федь, Ю.Борев, В.Сахновский-Панкеевтің еңбектерін атауға болады. Қазақ әдебиетінде Т.Нұртазин, Ә.Тәжібаев, Р.Рүстембекова, С.Ордалиев, Р.Нұрғали, т.б. қазақ комедиясының түрлі қырларын қарастырады. Соған қарамастан, комедияның барлық сипаттарын, жанрлық ерекшеліктерін ашып, бұл жанрға түбегейлі анықтама берген зерттеу жоқ. Олай болу мүмкін емес те. Себебі, қашан да өмір құбылыстары жанр кескініне өзгерістер енгізіп отырады. Р.Нұрғали өзінің «Драма өнері» атты еңбегінде комедияның жалпы сипаттарына қысқаша тоқталады: «Тегінде, комедия кейіпкерлері қатты қиналысқа түсіп, азап-қайғы шекпейді». Бұл ерекшелікті кезінде Аристотель көрсетіп: «Күлкілі жайт – ешкімге қайғы әкелмейтін, жанды қинамайтын қайсібір қателік, қисынсыздық»,- деп жазды.

Әдебиеттің басқа жанрлары сияқты комедия да өмір құбылыстарын көшіре салмайды, іріктеу, топтау арқылы жинақтап барып, жалпылық сипаты бар көркем образ жасайды. Шығармада комедиялық мазмұн, комедиялық характерлер, типтер, персонаждар, комедиялық тартыстар, көркемдік құралдар түгел сай келгенде ғана нағыз комедия болмақ. Комедияда характерлер қақтығысы, мінездер шайқасы бірінші қатарға шығады. Трагедиямен салыстырғандағы ерекшелік – мұндағы тартыс қарама-қарсы топтар емес, бір әлеуметтік топтағы, бір ортадағы адамдар арасында да жүре береді. Тіпті кейде комедияда жағымды кейіпкерлер де болмай, ылғи жағымсыз бейнелер арасындағы тартыс берілуі мүмкін.

Комедияның жанрлық ерекшелігі тек тартыста, күлкілі сюжетте ғана емес, оның тіл өрнегінде де жатыр. Әрбір кейіпкердің даралығын танытатын өзінің сөйлеу тілі болады. Комедияда көбінесе әсірелеу, гипербола, гротеск тәсілдері жиі кездеседі. Басқа жанрларға қарағанда комедияның финалы көбіне тартыстың жағымды шешімімен, жамандық жеңіліп, жақсылықтың үстем болуымен аяқталады.

Тұжырымдар

1. Әдебиеттің басқа жанрлары секілді комедия да өмір құбылыстарын көшіре салмайды, іріктеу, топтау арқылы жинақтап барып, нақты әрі жалпылық сипаты бар көркем образ жасайды. Комедияның жанрлық ерекшелігі тартыста, сюжетте, қызықты ситуацияда ғана емес, тіл өрнегінде де жатыр. Дараланған, өзгелеге ұқсамайтын әрбір кейіпкердің әрекеті күлкі шақырса, сахналық туындының жаны кіре бастайды. Әсірелеу – комедияның басты кркемдік құралдарының бірі. Гипербола мен гротеск яки ұлғайту мен өсіру әрқашан егіз, ұялас. Мұның алғашқысы шеңбер, мөлшерді сақтаса, екіншісі шамадан тыс өсіріп, өрбітіп, аспандатып жібермек. Кей тұстарда гротеск шаржға, карикатураға жақындап кетеді.

2. Драматургияның басқа жанрларына қарағанда, комедия финалы көбіне тартыстың жағымды шешімімен, жамандық жеңіліп,жақсылық үстем болған баянды күймен аяқталады.

3. Қазақ комедиясы әр түрлі даму кезеңдерін өткеріп барып, жүйелі жанрлық системасы бар арналы салаға айналғанын көреміз. Алғашқы туындылары жанрлық талаптар мен шарттылық толық сақталмауы кездейсоқ нәрсе еместі. 20-30 жылдардағы табиғатты сатиралық комедияны өмірге әкелді; Б. Майлин, Ж. Шанин қазақ әдебиетінде бұл жанрдың белгілі шеберлері болды.

Сабақ бойынша әдістемелік нұсқама

Студент комедия түрлерін, ерекшеліктерін, комедияның жанрлық ерекшелігі тартыста, сюжетте, қызықты ситуацияда ғана емес, тіл өрнегінде екендігін ұғынып, қазақ әдебиетіндегі комедиялардың мәтінімен танысып, оларды талдай білуге тиіс.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Нұрғали Р. Драма өнері. А., 216-219-б.

2. Рустембекова Р. Қазақ совет комедиясы. А., 1978, -29-б7

3. Әбілов Ж. Қазақ комедияының генезисі мен жанрлық негіздері. Канд. дис. Авторефератының қолжазбасы. А., 2001, 11-25-б.

4. Драма, драматургия // http://kk.wikipedia.org сайтында

5-сабақ. Қазақ драматургиясының қалыптасу, даму кезеңдері.

Драма және жағдай. Тарихи, әлеуметтік шындықтардың драмадағы көрінісі

Мақсаты: Қазақ әдебиетіндегі драма жанрының туып, қалыптасуы, дамуы, алғашқы қазақ драмалары, қоғамдағы тарихи, әлеуметтік жағдайлардың қазақ драматургиясына тигізген ықпалы, олардың драмада бейнеленуі, туралы мағлұмат беру

Сұрақтар:

1. Қазақ драматургиясының қалыптасу, даму кезеңдері.

2. Драма және жағдай.

3. Тарихи, әлеуметтік шындықтардың драмадағы көрінісі.

4. Қазақ театрының ашылуы және ондағы қойылымдар.

5. Әлеуметтік өмір шындығының қазақ драматургиясының дамуына әсері.

Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: сюжет, композиция, драматург, театр, фельетон, аударма.

Сабақ мәтіні (тезис)

Әдебиет – ақиқат өмірдің сырлы суреті, халықтың көркем тарихы. Халықтың шындық, әділет, ақиқат ұранын алтын арқау еткен қазақ әдебиеті – қалың қауым арманынан жаратылған, адам баласы қазынасына толымды қор қосқан жаңа сапалы құбылыс.

Қазақ әдебиеті аз ғана уақыт ішінде аса шапшаң даму кезеңдерінен өтіп, кемелденген өнерге тән жанрлық салалардың барлығын тудырып, жетілді, өрлеу бағытында реализмнің кең, даңғыл айдынына шықты. Қазақ әдебиеті мен өнері туралы ғылым салаларының туып, қалыптасып, дамуына А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, М.Қаратаев сияқты ұлы ғалымдарымыз еңбек сіңіріп, жаңа арналардың негізін салды.

Қазақ әдебиеттану ғылымында поэзия, эпикалық проза, роман түбегейлі зерттеліп келе жатыр. Ал драматургия туралы арнаулы еңбектерден С.Ордалиевтің “Қазақ драматургиясының очеркі” (1964), Р.Рүстембекованың “Қазақ совет комедиясы” (1975), М.Дүйсеновтың “Қазақ драматургиясының жанр, стиль мәселесі” (1977), Е.Жақыповтың “Дастаннан драмаға” (1979), Н.Ғабдуллиннің “Ғ.Мүсірепов – драматург” (1982), Р.Нұрғалидің “Арқау”, “Драма өнері” (2001) зерттеулерін бөліп атау қажет.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-26; Просмотров: 1377; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.013 сек.