Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Баяндауыш 3 страница




Бірыңғай бастауыштар біркелкі синтаксистік қызмет атқарады, белгілі-бір баяндауышқа біркелкі қатынаста тұрады. Бірыңғай бастауыштар жасалған сөзінің құрамына қарай дара, күрделі не үйірлі бола алады. Бірыңғай бастауыштардың соңғысының сөйлем құраудағы синтаксистік қызметі басым, салмақты болады.

Бірыңғай баяндауыштың бәрі бірдей бастауышқа бағынады. Бірыңғай баяндауыштардың барлығының мағыналық салмағы бірдей болғанмен, негізінен ең соңғы баяндауыштың сөйлем құрауда синтаксистік қызметі ерекше болады. Бірыңғай баяндауыштар етістікті және есімді болып келеді. Етістікті бірыңғай баяндауыштар қимылдың бірінен соң бірі болып жатқан үдетпелілігін және мезгілдестігін білдіреді: Мұң мен назы аралас Мұстапаның зарлы әні жорғадай тайпалып, құйындай екпіндеген Жарылғаптың «Алтыбасары» Дәрменді де қыздырды, екілендірді (Аймауытов). ...Совет үкіметі тұсында шығармашылық шаруадан қашықтай бердім. Ғылыммен айналыстым, қасиетті тілдің түп-төркінін ақтарып ғылым жасады (Досжанов).

Бірыңғай баяндауыштарда көмекші етістік оларға ортақ болуы мүмкін. Олар негізгі баяндауыштармен бірге қайта-қайта қайталанып отырмайды. Бірыңғай баяндауыштар біркелкі жіктік жалғауын қабылдап тұрады. Бірыңғай мүшелер морфологиялық тұлғалануы жағынан да алуан түрлі. Тұлғалаушы морфологиялық элементті олардың кейде әрқайсысы жеке-жеке, кейде ең соңғысы ғана қабылдауы мүмкін. Жеке-жеке қабылдауы оларға логикалық екпіннің түсуіне байланысты.

Есімді бірыңғай баяндауыштар субъектінің бір беткей әр түрлі сындық, не заттық сапасын білдіреді. Бірыңғай есім баяндауыш болатындар көбінесе сын, зат есімдерден жасалған баяндауыштар: Аттың желісі бір түрлі қатты, мазасыз (Әуезов). Бұрышта Төлегеннің ілулі киімдері екі шалбар, бірі қара шұға, бірі көк диагональ, күзен ішік, брезент сулық, шолақ кемзал, сырма шалбар (Аймауытов). Менің мұнда келетінім баяғыдан белгілі, ұлтшылмын, алашордашылмын, Комиссарсыңдар, большевиксіңдер, қызметтерің зор, наркомбыз деп шіренесіңдер, неге мұнда отырсыңдар?! (Досжанов). Әуе тып-тынық, тап-таза, жібектей жұмсақ (Сейфуллин).

Бірыңғай тұрлаусыз мүшелер

Екі не бірнеше тұрлаусыз мүшелер басқа тұрлаулы, тұрлаусыз мүшелердің біріне бағынып, бір сұраққа жауап болып тізбектеледі: Сонда баласы әзілдеп: - Баласын жазалаған, Бейсекті жаралаған, ашуы қара дауылдай, сөздері боран-жауындай, ата, қызыл шайдан, қызыл күрең бауырсақтан, шаш палаудан ала отырыңыз, - депті (Сөз тапқанға қолқа жоқ). Бақшадан жастықтан, бақыттан, шаттықтан, сұлулықтан тасып шыққан ешбір қайғы-уайымсыз, күмістей таза күлкі естілді (Ерубаев).

Жоғарғы мысалдардағыдай бірыңғай тұрлаусыз мүшелер көбінесе тұлғалас келеді. Кейде тұлғасы бөлек, бірақ тұр-тұрпаты жағынан әуендес, қызметі бірдей сөздер де (көбінесе анықтауыш, пысықтауыш) бірыңғай бола береді. Тұлғасы бөлек екі сөз, мысалы анықтауыш қызметінде, бірыңғай болып айтылу үшін, олар бөлек-бөлек әуенмен саналып айтылуы керек. ...Қайғысыз, күмістей таза күлкі естілді. Орта бойлы, ақ құба жігіт алдымыздан шықты. Соңғы сөйлемдегі анықтауыштарды интонация арқылы екі жікке бөлмей, әрқайсысына ой екпінін түсірмей, бірімен-бірін ұластыра айтсақ, олар бірыңғай болмайды.

Тұрлаусыз мүшелердің барлығының бірыңғай болу амалдары бірдей емес. Толықтауыштар бірыңғай болғанда, олар жалғаулықты, жалғаулықсыз байланыста тұрып, екі түрлі тұлғаланады: бірде (көбінесе) әрбір бірыңғай толықтауыш тиісті септік жалғауда айтылса, кейде ондай жалғау ең соңғы толықтауышқа ғана жалғанып, алдыңғыларды сол жалғауға сырттай телініп, жалғаусыз айтылады: Бір күні бай баласын үлде мен бүлдеге орап, киіндіріп, ат-тұрманын сайлап, қасына бір жас шешен жігіт пен бір ақынды қосып, ауыл-ауылды аралап, қыз көруге жіберіпті (Сөз тапқанға қолқа жоқ). Ақсақ, соқырды, жарықты, тазды, көксауды алмайды екен (Аймауытов).

Алдыңғы бірыңғай мүшелердегі септік жалғауларының түсірілуі тек зат есімдерге ғана емес -ып, -іп, -п жұрнақты етістіктерге де тән болады: Ахаңның соңғы тергеу үстінде қатты құлап, есінен танып, екі конвой камераға көтеріп кіргізгенін айтады (Досжанов).

Анықтауыштар анықтайтын сөздерінің алдында түрлі ыңғайда топтанады: кейде бірнеше анықтауыш бірін-бірі анықтап барып, ең соңғы зат есімге бағынып тұрады. Нарықтық-экономикалық құрылыстың жаңа міндеттері дегенде нарықтық-экономикалық деген анықтауыш құрылыстың дегенді анықтайды, құрылыстың, жаңа дегендер – міндеттері дегенді анықтайды. Мұндай бір сөзді түрлі жағынан сипаттайтын анықтауыштар әркелкі анықтауыштар болады.

Кейде анықтайтын сөзіне қатысы бірдей бірнеше анықтауыш бір сөзді әр жағынан анықтайды. Олар мағыналық грамматикалық белгілері жағынан ыңғайлас болады. Бұл үй кілемді, текеметті, алашалы, көрпелі меймандос мол үй (Әуезов).

Мұндай мағыналас, көбінесе тұлғалас сөздерден барлығы бірдей дәрежеде бір сөзге қатысты болып тұратын анықтауыштар – бірыңғай анықтауыштар – ойды көрікті, көркем етудің де тәсіл бояулары.

Кейде тұлғасы, мағынасы жағынан түрлі сөз табына жататын сөздер де бірыңғай анықтауыштар болуы мүмкін. Ондайда олар да айырым интонациямен айтылады. Мысалы: Орысша киінген, ақ құба, қара сақалды, орта бойлы адам үйге кірді.

Пысықтауыштар да анықтауыш сияқты бірыңғай болып жиі жұмсалады. Әсіресе, туынды үстеулерден, көсемшелерден болған пысықтауыштардың бірыңғай болу қабілеті күшті. Олар көбінесе интонация арқылы, кейде жалғаулықтар арқылы да байланысады: Ол хатты асықпай, баппен, жақсылап, тағы бір оқып шықты (Көбеев). Қартқожа үйге сүйеніп, ашамайды шынтақтап, ауылға қарап отыр (Аймауытов). Абай біресе қабақ шытып, біресе күрсініп тымағын қолына алды (Әуезов).

Бірыңғай мүшелердің әрқайсысы дара сөзді (жалаң) және сөз тіркесінен (күрделі сөздерден де) құралған күрделі (жайылма) болуы мүмкін: Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар, Мағжан, Сәбиттермен бірге көптеген жаңа жанрлардың негізін салуға қатысты (Аймауытов). Оның асқардай асқақ, Арқадай байтақ, тұлпардай желді, алыптай еркін, ащы айғайы аспанға құлаш сермеді (Аймауытов). Командирдің бұйрығы, оның әмірлі де қарсылықты басып тастайтын үні, сенімді де сабырлы дауыс ырғағы ауынгер кеудесіне сенімділік ұялататын, оның ерік күшін, жүйкесін ширата түсетін, парызын орындауға серпін беретін, жауынгерді жүрексіздің қолынан масқара болудан аман алып қалатын, жауынгерлік рух беріп, солдаттың ар-ожданын алдамшы, бірақ та жаман психологиядан – қорқыныш сезімінен сақтап қалатын Отанның ұлдарына берген бұйрығы болып табылады (Момышұлы).

Бірыңғай мүшелердің интонация арқылы байланысуы

Сөйлемнің бірыңғай мүшелері бір-бірімен салаласа байланысады. Бірыңғай мүшелердің салаласа байланысуы екі тәсіл – интонация және жалғаулық арқылы жүзеге асады. Интонация санамалы түрде, кезектесе кішкене пауза жасаумен атқарылады. Мақсат – қазақ тілінде қатесіз сөйлеу, қатесіз жазу (Газеттен). Алаш партиясының алдына қойған міндеті: патшалық Ресейдің отарлау саясатынан, басып кіріп қоныстанушылардан әбден зардап шегіп тозуға айналған қазақ жұртын дәстүрі, тілі, өнері бар халық ретінде сақтап қалу, жойылып кетпеуін көздеу (Досжанов). Солай десіп сұлтан мен бек пәтуаға келісті (Мағауин). Тау да, сай да, бұлақ та, тал да Дәрменге үн қосты (Аймауытов). Махаббат, мейірім, ән мен күй, ойын-күлкі, наз келді (Жамбыл). Байланысудың екі тәсілі бір сөйлемде қатар, аралас қолданылуы мүмкін. Интонация жеке сөздерден кейін де, немесе жалғаулық арқылы жұптасқан бірыңғай мүшелерден кейін де келіп байланыстыра береді. Қазақтың қара тырнағы мен көлеңкесінен, ұртын толтырып бауырсақ шайнауынан, сапырып сары қымыз ішуінен де ұлтшылдық іздеген зымиян темір қыспақ ендігі жерде ұлт тарихын, оның Абылай сынды арыстарын жазуға жол қалдырмаған еді (Досжанов).

Бірыңғай мүшелердің жалғаулықтар арқылы байланысуы

Бірыңғай мүшелерді байланыстыратын жалғаулықтар қазақ тілінде біршама бар. Олар мыналар: да, де, та, те, және, мен, бен, пен, бірақ, дегенмен, әйтсе де, сонда да, я, не, немесе, әлде, алайда т. с. с. Бұл жалғаулықтар өздеріне тән мағынаға сай байланыстыру қызметін атқарады. Сондай мағыналарға сәйкес бұл талғаулықтар мынадай үш топқа бөлінеді: ыңғайластық, қарсылықты, талғаулықты.

Ыңғайластық жалғаулықтары мыналар: және, мен, бен, пен, менен, тағы, да, де, та, те, әрі. Ыңғайластық аталатын жалғаулықтар бір топқа біріктірілгенімен олардың әрқайсысының өзінің дербес семантикалық өзгешелігі бар. Мысалы, және, мен жалғаулықтары бірыңғай мүшелерді жұптастыра байланыстырса, да, де жалғаулығы байланыстырумен бірге сөзге үстемелеу, күшейту мағынасын да жүктейтіні байқалады. Сондай-ақ, және, мен жалғаулықтары санамалап айтылған интонация тәсілімен байланысқан бірыңғай мүшелердің ең соңғысының алдында ғана қолданылу ерекшелігі байқалады. Қазақ халқының тарихымен қатар фольклоры сақталған бұл адамдар бірнешеу. Олар: Қорқыт, Асан Қайғы, Жиренше шешен, Алдар Көсе және жалпы Шығыс елінің бәріне ортақ - Қожанасыр (Ертегілер).

Қарсылықты жалғаулықтар: бірақ, дегенмен, әйтсе де, сонда да, алайда. Бұл жалғаулықтар бірыңғай мүшелер бір-біріне қарсы қойыла айтылғанда қолданылады. Дала аласа, бірақ тығыз бетегемен жайнаған. Ән арқаның қоңыр желіндей жай жылжып, бірақ кең жайылып барады (Әуезов).

Талғаулықты жалғаулықтар: я, не, не болмаса, немесе, әлде. Жалғаулықтардың бұндай түрі бірыңғай мүшелердің екшеліп, талғанып қолданылатын жағдайларында жүзеге асырылады. Сонымен бірге кезектілікті білдіретін мағынасы бойынша да пайдаланылады. Көзге түртсе көрінбейтін қара түн, Күңірене ме, күле ме әлде әлдекім? (Жұмабаев). Кезектілік мәнді көбінесе біресе, бірде, кейде жалғаулықтары білдіреді. Ағаларымыз да кейде сезіммен, кейде есеппен жәбірлепті, кейде әлдекімнің айтағына еріп кетіпті (Тәжібаев). Толқын біресе жарды сүзіп, біресе қайтып бұрқанып жатыр екен. Ботакөз біресе көлге, біресе айнаға қарап, көлдің толқынына еліктегендей толқынды бұйра қара шашын бұрынғыдан да жиі елпе түсті (Мұқанов). Мейлі, құй жалғаулықтары бейтарап мәнді білдіреді: Қылсын мазақ, мейлі тағдыр ойнасын, Жалмауыз жер мейлі жұтсын, тоймасын (Жұмабаев).

Бірыңғай мүшелер интонация және жалғаулық шылаулар арқылы байланысады.

Бірыңғай бастауыштар: Көргендер де, көре алмағандар да мәз.

Бірыңғай баяндауыштар: Жауабын айт, не сұрастырып көр.

Бірыңғай толықтауыштар: Азды да, көпті де бағала.

Бірыңғай анықтауыштар: Не қыздың, не жігіттің сөзі керек.

Бірыңғай пысықтауыштар: Барынша жайдары, бірақ алаңдай сөйледі.

Сөйлемдегі бірыңғай мүшелерді түсіндіріп, жинақтап тұратын сөздер болады. Олар жалпылауыш сөздер деп аталады. Бірыңғай мүше мен жалпылауыш сөз бір сұрауға жауап беріп, сөйлемдерде бір синтаксистік қызмет атқарады (Мысалы: Серік, Ләйлі, Гүлжайна – бәрі қуанышын бөлісіп жатыр).

Жай сөйлемнің үйірлі мүшелері

Сөйлем мүшесі өзі жасалған сөздің құрамына қарай дара, күрделі және үйірлі болып бөлінеді. Дара мүше бір сөзден жасалса, күрделі мүше екі немесе одан да көп сөзден жасалғандықтан солай аталады. Ал үйірлі мүшенің жасалуы құрамы жағынан күрделіге ұқсас болып келеді. Яғни, үйірлі мүше күрделі мүше тәрізді екі, немесе одан да көп сөздерден жасалады. Бірақ құрылымдық, семантикалық жағынан мүшеден ерекшеленіп ажыратылады.

Үйірлі мүшені құрайтын сөздер өз алдына предикатты бірлік болатын бастауыш-баяндауышқа бөлінетін жай сөйлем құрамдас болып келеді. Бұндай «жай сөйлемнің» баяндауышы есім сөз таптары, есімдік және есімше болады. Бұл өз алдына предикаттық бірлік болып саналатын құралым (конструкция) екінші негізгі сөйлемнің кез-келген мүшесі болып синтаксистік қызмет атқарып тұра алады. Бұл тектес құралымдар ең бірінші бастауыш қызметін атқарады. Білегі жуан бірді жығар, білімі толық мыңды жығар (Мақал).Алыпқа өмірі қала көрмеген, үсті-бастарын бит басқандар келді (Ерубаев).Ерлі-зайыпты бар, есі кеткен бар(Сүлейменов). Мен көрген бұл кісі емес. Баласы мерген қайсысың? Баласы мерген – мен. Жасы құрдас – құрдас емес, заманы бір – құрдас (Мақал).Осы тәріздес құрылымдарды баяндауыш орнына қойып қолдануға да болады. Алайда ондай құралым ықшамдалған күйде ғана баяндауыш бола алады. Ал шындығында ол тектес үйірлі мүше ықшамдалған есім баяндауыштың анықтауышы болып табылады: Ол білегі жуан кісі т. б.

Үйірлі мүше аталатын бұл тектес предикатты бірліктер толықтауыш, пысықтауыш мүшелері қызметін еркін атқара алады. Мысалға жоғарыда келтірген үйірлі мүшелерді толықтауыш, пысықтауыш қызметіне қойып көрсетуге болады: Ол білегі жуанды байқады, пысықтауыш қызметінде: Сен білегі жуанша сөйлейсің ғой т. б. Толықтауыш қызметіндегі бұндай құралымдардың бастауышы тәуелденген зат есім, баяндауышы есімше болып келген үйірлі мүшеге мысал келтірейік: Әкесі өлгенді де естіртеді (Мүсірепов). Кірме жұрттан мұндай келбеті келіскенді көрген емес (Сүлейменов).

Пысықтауыштардың бастауышы зат есім, баяндауышы көсемше болып келеді: Табиғат тау ғып өзін жаратқан соң, Жатады екен бір шеті жиналмастан (Асанов). Сіз бар деп жасық ойым батылданып, Көрсеңіз ақ жалын боп атылғанын (Сонда). Бұл кеште, ел жатқанша, Абай ағасының қасынан кеткен жоқ (Әуезов).Сирек те болса үйірлі мүшелі баяндауыш та кездеседі. Мысалы, -ғандай, -гендей жұрнақтары жалғанған етістіктің бастауышы жіктеу есімдігі болып келіп мүшелі баяндауыш жасалатынын байқауға болады: Есіркеп тұратын үйірдің іші сіз көргендей емес (Мұқанов).

Осындай құралымдардың бастауыштан кейін өнімді қолданылатын мүшесі – анықтауыш. Өйткені үйірлі мүшенің екінші сыңары көбінесе сын есім болып келеді. Ал үйірлі мүшенің бірінші сыңары зат есім, жіктік, өздік есімдіктері болады да, олар түбір күйінде не тәуелдік жалғауының көбінесе ІІІ жағында айтылады. Сондай-ақ үйірлі мүшенің екінші сыңары есімше және бар, жоқ, көп, аз деген сөздер болады: Шоқайұлы өзі аянышты тіршілікте жүріп елін, жұртын аяған жүрегі жылы азамат деп ойлаймын (Досжанов). Аласы аз қара көз нұр жайнайды (Абай). Қыз он беске келгенде, Шашынан көп жаласы (Байдалы би).

Расында сен көрген күтімді кім көрді? (Сүлейменов). Есіркеп тұратын үйдің іші сіз көргендей емес (Мұқанов).

Сөйлемнің үйірлі мүше арқылы күрделенуі. Өз ішінде бастауыш-баяндауыштық (предикаттық) қатынасқа құрылған, бірақ сөйлемдік дәрежеге жетпеген сөйлем мүшелері үйірлі мүшелер деп аталады.

Үйірлі бастауыш: Білімі толық мыңды жығар.

Үйірлі баяндауыш: Барлығы да – көз көргендер.

Үйірлі толықтауыш: Шындықты айтуы керектігін баса ескертті.

Үйірлі анықтауыш: Қолы ашық әйел екен.

Үйірлі тпысықтауыш: Сен келеді деп қымыз алдырғанмын.

Сөйлемнің айқындауыш мүшелері арқылы күрделенуі. Айқындауыш – анықтауыштың ерекше бір түрі. Анықтауыштан өзгешелігі: Анықтауыш анықталатын сөздердің алдында тұрып, оның өзіне тән, басқа заттан ерекше сынын, сапасын білдірсе, айқындауыш анықтайтын сөзінен кейін тұрып, көбінесе оның лексикалық мағынасын, мүшелік қызметін басқа сөздермен дәлдеп толықтырады немесе қосымша, көлденең сапасын көрсетеді. Құрылысына қарай 3-ке бөлінеді.

1. Қосалқы айқындауыш – зат есімнің қосымша сыны ретінде жұмсалатын сөздер. Олар анықтайтын сөздердің қосымшасы заттың сапасы, болғандықтан, анықтауыштардай, олармен тығыз байланыста болмайды. Сондықтан олар айқындайтын сөздерімен орын ауыстыра береді. (Алпамыс батыр, Баян бәйбіше, Үсен ақсақал). Қосалқы айқындауыш сөйлемде айқындайтын сөзімен ұласып, ол екеуі сөйлемнің біртұтас күрделі мүшесі болып жұмсалады.

2. Қосарлы айқындауыш деп анықтайтын сөзімен қосарлана жұмсалатын сөздерді айтамыз (телефон-автомат, батыр-ұшқыш, инженер-технолог)

3. Оңашаланған айқындауыш деп өзі қатысты сөзінен соң тұрып, онымен тұлғалас болатын және оның мағынасын түсіндіріп тұратын сөздерді айтамыз. Оқшау айтылып, екі жағынан үтірмен бөлінеді. Оңашаланған айқындауыштар айқындайтын сөздерін нақтылай түсу, сипаттау, мінездеу ыңғайында айтылады да, оның әр қырлы қайталамасы ретінде келеді. Сондықтан оңашаланған айқындауыштар айқындайтын сөзімен мағыналас, тұлғалас болып, оның соңында тұрады. Оңашаланған айқындауыштардың алдынан әсіресе, мысалы, көбінесе, яғни, не болмаса, басқаша айтқанда, мұның ішінде сияқты сөздердің келуі мүмкін. Сөйлем ішінде басқа жағдайға байланысты үтір қойылса немесе айқындауыш мүшелер бірнешеу болып, үтірмен ажыратылса, сөйлемнің бірыңғай мүшелеріне ұқсап кетпеу үшін олар сызықша арқылы бөлінеді. Мысалы; Біздерге, 4 курс студенттеріне, аса үлкен міндет – практиканы жақсы өткізу міндеті жүктелген.

Оңашаланған айқындауыш бірыңғай мүшелерден жасалса, оның алдынан қос нүкте, соңынан сызықша қойылады. Мысалы: Қазақтың ұлттық аспаптарының: домбыраның, сыбызғының, сазсырнайдың - әуені ерекше.

Сөйлемнің оқшау сөздер арқылы күрделенуі. Сөйлемде басқа сөздермен синтаксистік байланысқа түспей, олардың дауыс ырғағы арқылы да ерекшеленетін сөздер оқшау сөздер деп аталады. Олар жазуда басқа сөздерден белгілі тыныс белгілері арқылы, яғни үтірмен бөлінеді.

Оқшау сөздер тілімізде үшке бөлінеді:

Қаратпа сөз

Қыстырма сөз

Одағай сөз

Қаратпа сөз. Біреуге арналып айтылған сөйлемде оның кімге арналғанын білдіретін сөз не сөз тіркесін қаратпа сөз деп атаймыз.

Мысалы: Апа, бері келіңізші. Қаратпа диалогта, шешендік сөздер, поэзияда, түрлі хаттар мен іс қағаздарында қолданылады.

Қаратпа сөз сондай-ақ кісінің көңіл-күйін, модальдылықты, кісінің сезімін білдіреді.

Бишара-ай, қор болды-ау

Шырағым, сен қорықпа

Дүкенге баршы, қалқам, - деді.

Қаратпа қызметінде көбінесе кісінің аты, фамилиясы, әкесінің аты және кім? деген сұрақ қоюға болатын шырақ, нағашы апа, жолдас, балалар, оқушылар сияқты зат есімдер (көптеліп, тәуелденіп, түбір күйінде тұрып) жұмсалады.

Қаратпа сөз сөйлемнің басында келсе одан кейін, ортасында келсе екі жағынан, соңында келсе алдынан үтір не леп белгісі арқылы ажырайды.

Қыстырма сөздер. Сөйлемдегі ойға, оның айтылу тәсіліне айтушының қалай қарайтынын білдіретін оқшау сөз қыстырма сөз деп аталады.

Қыстырма сөздер сөйлемдегі басқа сөздермен байланыспай, белгілі сөйлем мүшесі болмай, олардан оқшау тұрады.

Бүгінгі мәселе, қорыта келгенде, осымен аяқталады. Осының бәрі, әрине, солардың міндеті.

Байқаймын, ертең кетесің. Сен ертең кел, кім біледі, мүмкін жолың бар.

Жаңылмасам, ол бүгін келер. Қыстырма сөзді мағынасына қарай былай бөліп қарастыруға болады.

1. Кісінің көңіл күйін, сезімін білдіретін қыстырма сөздер несін айтасың, бақытымызға, амал қанша т. б.

2. Жорамалдау, нануды білдіретін қыстырма сөздер әрине, әдетте, рас, сөз жоқ, сірә, мүмкін, шамасы, расында, шынында, өзіңіз білесіз, шынын айту керек т. б.

3. Ойдың айтылу амалы, тәсілін білдіретін қыстырма сөз қысқасы, сайып келгенде, былайша айтқанда, жалпы алғанда, демек, ендеше т. б.

4. Ойға басқаның немесе сөйлеушінің пікірі тұрғысынан қарағандықты білдіретін қыстырма сөздер.

Сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі

Сөйлемдегі сөздердің ғасырлар бойы жасалып, қалыптасқан белгілі бір орын тәртібі болады. Сөйлемдегі сөздердің орналасу тәртібі екі түрлі болады: сөйлемдегі бірқатар сөйлем мүшелерінің орын тәртібі тұрақты, бірқатарынң орын тәртібі жылжымалы болады. Сөйлем мүшелерінің қалыптасқан орын тәртібі төмендегідей болады. Баяндауыш сөйлемнің ең соңында, бастауыш одан бұрын анықтауыш анықталатын сөзінен бұрын, толықтауыш пен пысықтауыш сөздері қатысты сөзінен бұрын тұрады. Сөйлем мүшелерінің қалыпты орын тәртібін өзгертіп қолдану инверсия деп аталады. Мысалы: Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін… Қалыпты орын тәртібі бойынша жазбаймын баяндауышы сөйлемнің соңында, пысықтауыш мүше оның алдында тұруы керек еді. Инверсия жасау арқылы сөздерге логикалық екпін түсіріп айтуға болады. Сонда сөйлем мүшелерінің орнын ауыстырып, инверсия жасау стильдік қызмет атқарады.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-07-02; Просмотров: 3219; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.013 сек.