Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Баяндауыш 8 страница




Себеп бағыныңқылы сабақтас сөйлемнің бағыныңқы компоненті басыңқы компонентпен мынадай тәсілдер арқылы байланысады:

1.Бағыныңқы сөйлем –дықтан,-діктен қосымшалы есімшеге аяқталады: Шетінен ақын жастар болғандықтан, бұлар соңғы кездерде өлең шығарудың әр алуан үлгілерін байқап көрсететін (Әуезов). Сондағы кетпес кегі қазір Абай басына түйілгендіктен, ол соңғы екі-үш жыл бойында Абайдың басына үнемі тор құрумен болған (Әуезов).

2.Бағыныңқы сөйлем соң шылаулы өткен шақтық есімшеге аяқталады: Сенгені жыл құсындай көріне бастаған соң, Олжабектің ойына үміт дүниесі келіп қонды (Мұстафин). Раушан барамын деп кесіп айтқан соң, Бәкен амалсыздан көнді (Майлин).

3.Бағыныңқы компонент –ып, -іп, -п, -а,-е,-й жұрнақты көсемше тұлғалы етістіктерге аяқталады: Түнде жылқышы ұйықтап қап, қалың жылқы егіске түсіп кетті (Әуезов). Қуанышым қойныма сыймай, үйден шыға жүгірдім (Сәрсенбаев).

Себеп бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемде компоненттер орын жағынан тұрақты келеді, мұнда себепті білдіретін компонент әрдайым бұрын, нәтижені, салдарды білдіретін компонет кейін келіп отырады.

Қазіргі қазақ тілінде бағыныңқы сыңары формалық жағынан да, мағыналық жағынан да тиянақсыз болып келіп, басыңқы сөйлемнің бір мүшесіне меңгеріліп тұратын сабақтас сөйлемнің бір түрі - амал бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлем. Өйткені ондағы бағыныңқы сыңар тұтасымен басыңқы сыңардың бір мүшесіне меңгеріліп, соның бір ғана тұрлаусыз мүшесі қызметінде келеді де, қалыпты амал пысықтауыш сияқты қалай? қайтіп? деген сұрақтарға жауап береді. Осындай сипатына байланысты ертеректе ғалымдар мұндай сөйлемдерді «амал пысықтауыш бағыныңқы сабақтас» деп атаған.

Бағыныңқы сөйлем басыңқы сөйлемдегі істің қалай орындалғанын білдіретін сабақтастың түрін амал бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем дейді. Қазақ тілінде амал бағыныңқылы сабақтас сөйлемдер синтетикалық тәсілмен де, аналитикалық тәсілмен де жасалады.

1. –а,-е,-й және –ып,-іп,-п тұлғалы көсемшеден болады: Кейде үлкен көзі жарқ етіп, кісінің өңменінен өте қарайды (Ахтанов). Еркежан қатты қайрат көрсетіп, кешегі Шұбарға берген жауабынан аумай тұрып алды (Әуезов).

2. Есімше тұлғасына –дай,-дей жұрнағы жалғанып жасалады: Кең бөлме бос қаландай, ой ұясы қаңырап тұр (Мүсірепов). Әр өңешке бір өгізше кіріп бара жатқандай, әркімнің аузына қадалады (Мұстафин).

3.Амал бағыныңқылы сөйлемдерді жасаудың аналитикалық жолы деп көмекші етістігі арқылы жүзеге асады. Тың адам келді деп, айтып отырған әңгімесінің желісін өзгертпейді, қайталамайды (Әуезов). Мәжит кішкене сәби өзіме үйрене берсін деп, бала қызығатын әдемі нәрселерді сатып алып беретін (Бұлқышев).

Компоненттерінде баяндалатын іс-әрекет, жай-күй бір-біріне салыстырыла, теңестіріле көрсетілетін сабақтас құрмалас сөйлемнің түрін салыстырмалы сабақтас құрмалас сөйлем дейді. Сабақтастың бұл түрі А.Байтұрсынұлының «Тіл құралынан» бері қарай сөз болып келеді. А.Байтұрсынұлының еңбегінде салыстырмалық мәні бар сабақтас сөйлем «сын пысықтауыш бағыныңқылы сабақтас» деп аталған. 1936 жылы жасалған «Қазақ тілінің бағдарламасында» Қ.Жұбанов мұндай сөйлемді «шақтас бағыныңқы» деп атаған. «Салыстырмалы сабақтас» деген атау алғаш рет 1939 жылы С.Аманжолов пен Н.Сауранбаев жазған оқулықта қолданылған. Бұл автордың пікірінше, аталған сабақтас сөйлем екі түрлі жолмен жасалады:а) бағыныңқы сөйлемі –дай, -дей жұрнақты есімшеге және ә) сияқты шылауына тіркесе айтылған есімшеге аяқталады. Құрмалас сөйлем синтаксисін арнайы зерттеген Н.Сауранбаев еңбектерінде –дай,-дей жұрнақты есімшенің дәнекерлігі арқылы жасалатын сабақтас сөйлем поэзияда қолданылса, салыстырмалы сабақтасқа, прозада қолданылса пысықтауыш бағыныңқылы сабақтасқа жатқызылған.

Тіл фактілеріне қарағанда, құрмалас сөйлемде компоненттер мағыналары бір-біріне салыстырыла, ұқсастырыла, теңестіріле айтылатын сабақтастың барлығын және оның амал бағыныңқылы сабақтастан өзгеше екендігін байқаймыз. Мысалы: Майдандағы сіздердің халдеріңіз қандай болса, мұндағы біздің халіміз де сондай (Әбішев).

Сабақтас сөйлемдердің бойындағы салыстырмалық мән ондағы жеке сөздердің қолданысына байланысты болады. Салыстырмалы сабақтас сөйлемдерде соңғы тиянақты компонентте баяндалған жай-күй, әрекет алдыңғы бағыныңқы компоненттегі жай-күймен, әрекетпен салыстырылады. Мұндай сөйлемдердегі салыстырмалық мән кейде бір-бірімен өзара тең түсіп жатса, енді бірде тең түспей, әртүрлі ыңғайда жұмсалады.

Салыстырмалы мағына төмендегідей тәсілдер арқылы жасалады.

1. Шартты рай формалы етістікке аяқталған бағыныңқы компонент құрамында әрқашан қандай, қанша, қалай деген сұрау есімдіктерінің бірі келеді де, басыңқы компонентте сонымен тұлғалас, соған жауап ретінде айтылатын сондай, сонша, солай деген сөздердің бірі айтылады. Сөйтіп, екі компоненттегі жай-күй, әрекет бірдейлік, теңдестік барлығы салыстырыла көрсетіледі. Еңбекті қанша істесең, табысты сонша аласың. Бөлекбастың жүрісі қандай паң болса, сөзі сондай паң. Кісі қалай жүрсе, көлеңке солай жүреді.

2. Салыстырмалы бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем бағыныңқы

компоненттің баяндауышы қызметінде –дай, дей жұрнақты өткен шақтық есімше келу арқылы жасалады. Құлпырған масаты дала денем шамданбасын дегендей, айнала толқыған сағымнан ақырын ғана сілкінеді. Сондай өмір өзіне еліктіргендей, Дәулет ауылдағыдан әлдеқайда сауықшыл болып кеткен сияқты.

Сабақтас құрмалас сөйлемнің келесі бір түрі-үлестес сабақтас құрмалас сөйлем.

Үлестес сабақтас сөйлемдердің басқа сабақтардан елеулі айырмасы бар. Онда бағыныңқы компонент басыңқы компонентті мағыналық жағынан айқындап, соған тәуелді болып тұрмайды. Әр компонент өзінше дербес мағынаға ие болып тұрады. Ал басыңқыға бағыныңқының тәуелділігі тек алғашқы сөйлемнің баяндауыш тұлғасының тиянақсыздығынан ғана көрінеді. Сондықтан мұндай сөйлемдерге бағыныңқы деген термин тіркелмейді, тек формалық тиянақсыздығына байланысты «үлестес сабақтас сөйлем» деп қана аталады.

Мұндай сөйлемдерді сабақтастың басқа түрлерінен қалай ажырату керектігі жөнінде мынадай пікір бар:

1. Үлестес сабақтас сөйлемдерде басқа сабақтастардағыдай себептестік қарсылықты, шартты, амалдық, мақсаттық, салыстырмалы қатынастар болмайды;

2.Компоненттер арасындағы тәуелділік тек формалық жағынан болады;

3.Мұндай сөйлемдер бір мезгіл ішінде бірінен кейін бірі іркес-тіркес жалғаса болған я болып жатқан, біріне-бірі тәуелсіз іс-әрекетті, жай-күйлерді баяндайды;

4.Олар көсемшенің –п формасы мен шартты рай тұлғасынан жасалады.

5.Мұндай сөйлемдердің компоненттерінде бір тұлғалас сөздер жұптаса, іліктесе айтылады.

Мысалы: Дастарқан жайылып, қымыз да құйылып жатыр. Жастар жылқы айдап, ересектер ұсақ малдарын түртпектеп жапа-тармағай көше бастады. Бір үйлерде күй тартылып жатса, енді бір үйде ән айтылып жатыр. Ара-тұра үкі үһілеп, әлдеқандай белгісіз құс шар ете қалады.

Демек,бағыныңқы компоненті басынқы компонентке тек баяндауыш тұлғасының тиянақсыздығы арқылы ғана тәуелді болғаны болмаса, мағыналық жағынан өз дербестігін сақтап, басыңқы сөйлемнің ешбір мүшесіне меңгерілмей, бір мезгілде өтіп жатқан немесе іркес-тіркес өтіп жатқан әрекетті, жай-күйді білдіретін сабақтас құрмалас сөйлемді үлестес сабақтас құрмалас дейді.

Көп бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемдер

Құрамында екі не одан да көп бағыныңқысы, бір басыңқысы бар сабақтастың түрі көп бағыныңқылы сабақтас деп аталады. Көп бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемдерге тән басты ерекшелік бір-бірімен ұласа байланысқан жай сөйлемдік үлгілердің соңғысынан басқасы тиянақсыз тұлғада тұрады. Тиянақсыз тұлғалы сыңардың кемі екеу болып келуі де басты нысан.

Екіншіден, құрам сыңарларының бағыныңқы немесе басыңқы сипатта болуы жеке предикативтілік бөліктердің тиянақсыз немесе тиянақты түрде тұлғалануына тәуелді емес, яғни тиянақсыз тұлғалы сыңар да басыңқылық қызмет атқарады. Кеш батып, үй іші қараңғы болса да, Ділдә от жақпапты (Әуезов).

Үшіншіден, мұндай сөйлем құрылымдарында грамматикалық мағынаның сақталуы тиіс, яғни жеке предикативтілік бөліктердің қарым-қатынасында синтаксистік те, мағыналық та байланыс түзілім құрғаны жөн. Мысалы: Күндізгі жауап сонымен бітіп, Амантайды қайта апарып қамағанда, үйде отырғандардан ол не айтып, не қойғанын жасырған жоқ (Мұқанов).

Төртіншіден, тиянақсыз тұлғалы сыңарлар соңғы тиянақты тұлғалы сыңармен осы баяндалған өлшеммен ғана байланыспайды. Кейде әр тиянақсыз тұлғалы сыңардың соңғы бөлікке байланысы ерекше болып келуі ықтимал. Қамаған үйдің терезелері темірмен құрсауланып, есігіне жуан темірден баспа істелініп, ол баспаға үлкен құлыптар салынып, маңайына мықты күзет қойылды (Мұқанов).

Көп бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемдердің құрамындағы тиянақсыз тұлғалы бөліктерінің басыңқы бөлікпен байланысы жарыспалы және сатылы ыңғайда болады. Оның жарыспалы бағыныңқылы түрінде басыңқымен болатын байланыс еркін болады, кез келген тиянақсыз тұлға басыңқымен грамматикалық мағына құрайды. Асқар Көкшеге көзін салса, ызғар жалаған бергі жақ қабағы қорғасын тәрізді сұрланып, күн сәулесі шағылысқан төбесіндегі қар аппақ күмістей жарқырап тұр екен

(Мұқанов).

Жарыспалы бағыныңқылы сабақтас сөйлемнің бағыныңқы компоненттерінің баяндауыштары бірыңғай тұлғалы сөздерден болуы да, түрлі тұлғалы сөздерден болуы да мүмкін. Демек, көп бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемнің жарыспалы түрі жеке сыңарларының тұлғалық өзгешелігі мен мағыналық қатынастың ерекшелігіне орай бірыңғай және әр алуан жарыспалы деп екі топқа бөлінеді. Күні бойы жаңбыр жауып, оның үстіне қатты жел тұрып, бараққа зорға жеттік

(Мұқанов). Осындай аз топ екі ұдай болған енжар көңілмен ақырындап келе жатқанда, күн анық батып, ымырт әбден жабылды (Әуезов). Алдыңғы сөйлем бірыңғай себеп мәнде, ал соңғы сөйлем мезгіл - амал мәнде келген.

Сатылы бағыныңқыда әр бағыныңқы компонент басыңқы компонентпен өз бетінше, тікелей байланыспайды, өзінен кейінгі бағыныңқыға байланысады да, сол арқылы сатылап барып басыңқымен құрмаласады. Сыртта біреулері сүйсініп, біреулері сұқтанып, тағы біреулері қызғанышпен күңкілдесіп, сыбыр-жыбырдан тыным алмай жүр (Әуезов). Мұндай түзілімді сөйлемдерді көп бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемдердің сатылы бағыныңқылы түрі деп атайды.

Аралас құрмалас сөйлем

Құрмалас құрамына енген жай сөйлемдер әрдайым не бірыңғай салаласа, не сабақтаса байланысып отырмайды. Көп жағдайда құрмаласудың осы екі тәсілінің бір сөйлем ішінде қатарымен келетіні болады. Құрамына енген жай сөйлемдері бір-бірімен салаласып та, сабақтасып та байланысатын құрмалас сөйлем аралас құрмалас сөйлем деп аталады. Жертөле тұсаулы аттай бір секіріп қалды да, оның төр жақ іргесі құлап, үстімізге су топырақ сау ете түсті (Нұршайықов). Басқа көп сыңарлы құрмалас сөйлемдер түріндегі негізгі предикативтілік бөліктер саны көбіне төрт-бестен аспайтын болса, аралас құрмалас сөйлемнің құрамында бұлардың көрінісі жиі және сыңарлардың одан әрі жайылмалануында шек болмайды. Оларды төмендегідей құрамда топтап көрсетуге болады:

Төрт сыңарлы аралас құрмалас сөйлемдер. Басын жастықтан көтерейін деп еді, оған бірақ кеудесі қысылып барып жатқан соң, өзінің әлсіздігіне ыза боп, ақ кірпігін серпіп қалды (Нұршайықов).

Бес сыңарлы аралас құрмалас сөйлемдер. Бауыршық жанталаса қылыш ойнатты, қарсыластың қатты тойтарғаны соншама- алақаны жаңғырып, сай-сүйегі сырқырады, қаруды түсіріп ала жаздады

(Досжанов).

Алты сыңарлы аралас құрмалас сөйлемдер. Жәкейдің тыққаны бар екен, баяғыда ақтар Жабағы бидің жылқысын топырлата айдағанда, әр жерде тай, құнан қалыпты, әр жерде бес-ондап құлынды бие қалыпты, жұрт абыр-сабырболып жатқанда, бәрін Жәкей жинап алыпты, аулақты ұстапты (Мағауин).

Жеті, сегіз сыңарлы аралас құрмалас сөйлемдер. Ымырт қоюланып барады, әуелі су бетіне батар күннің қан қызыл бояуы төгілді, бара-бара ол да семіп, өзен суы қарауытып, түпсіз тұңғиық тартты, құдды жұтып қоятындай көрінеді, сол тұңғиықтан алғашқы жұлдыздар жылтырады (Нұрманов).

Аралас құрмалас сөйлем жай сөйлемдер құрмаласуының салалас пен сабақтастан бөлекше тұратын, үшінші тәсілі емес, сол негізгі екі тәсілдің – салаласу сен сабақтасу тәсілінің бір құрмаластың ішіне топтасқан түрі болып табылады.

Бөгде сөз, оның түрлері

1.Бөгде сөз туралы жалпы түсіік.2.Бөгде сөзің түрлері.3.Төл сөз, оның өзіндік белгілері мен берілу жолдары, орын тәртібі.4. Төлеу сөздің жалпы сипаттамасы.5. Төл сөзді төлеу сөзге айналдырудың жолдары.

Адам сөйлегенде, я жазғанда сол өзі баяндап отырған мәселеге байланысты немесе соған қатысы бар басқа біреудің сөзін, пікірін келтіретіні белгілі. Ондай келтірінді сөздер автор үшін басқа біреудің сөзі, яғни бөгде сөз болып табылады.

Бөгде сөздерді қолдану тәсілі түрлі-түрлі болады: бір жағдайда бөтен біреуден алынған сөз ешқандай өзгеріссіз, түп нұсқасы бұлжытылмай қолданылса, екінші бір жағдайда ол азды-көпті болса да өзгертіліп, грамматикалық тың формалар қосылып немесе грамматикалық жеке формалар түсіріліп айтылуы мүмкін. Соған қарай бөгде сөз төл сөз, төлеу сөз болып екі топқа бөлінеді.

Төл сөз деп жазушының я сөйлеушінің сөздігі жағынан болсын, грамматикалық формалары жағынан болсын, ешқандай өзгеріссіз, бұлжытпай алып, өз сөзі ішінде қолданылған біреудің сөзін айтамыз. Сөйлеуші я жазушы адам өз сөзінің ішінде басқа біреудің сөзін өзгертпей сол күйінде келтірсе, ондай сөйлемді төл сөзді сөйлем дейміз. Мұнда басқа біреудің сөзі төл сөз болады да, сөйлеуші я жазушы адамның сөзі автор сөзі болады. Төл сөз құрамы жағынан әр алуан болып келеді. Ол жеке бір сөз болуы да, бір сөйлем болуы да, әлденеше сөйлемдер тізбегінен құралған тұтас бір үзінді болуы мүмкін.Төл сөз қандай құрамда, қандай мағынада айтылса да, ол автор сөзімен байланыста болады. Төл сөз бен автор сөзі арасындағы мұндай байланысты қамтамасыз ететін байлауыш дәнекер де көмекші етістігі. Төл сөзді автор сөзімен байланыстыру қызметінде қолданылғанда де етістігі деді, деген, дейтін, дейді, депті, деп, десе түрлерінде айтылады. Құнанбай тыңдап болды да: Жарайды, айтам деп әкелгенің екен. Бірталай жерге жеткізіп айттың. Енді осымен тоқталайық!-деді (Әуезов).Ұзамай фельшер де шығып: Енді қайта беріңдер. Ұзақ жатады, көп емдеукерек болады, - дегенді түсіндірді (Мүсірепов).

Қолданылу орнына және қолданылу мақсатына қарай төл сөз дәйексөз немесе диалог түрінде келеді. Дәйексөз түріндегі төл сөз негізінде, саяси әдебиеттерде, ғылыми және әр алуан публицистикалық еңбектерде қолданылады.Дәйексөз ретінде келтірілген төл сөздің айналасында оны пайдаланып отырған жазушының немесе сөйлеушінің өз сөздері қоса қолданылады. Ол - автор сөзі деп аталады. Автор сөзінің негізгі қызметі- төл сөздің кімдікі екенін, қайдан алынғанын, т.б. білдіру. Ал диалогты төл сөзде автор сөзінің біраз өзгешеліктері бар. Автор сөзінің әрбір сөйлеушінің сөзі сайын қолданылып отыру шарт емес.

Автор сөзі орналасуы жағынан да түрлі-түрлі болады:

1. Төл сөз – автор сөзі (төл сөзден кейін автор сөзі келеді). – Мені қайда апарасыңдар?-деді Ботакөз ашулы дауыспен (Мұқанов).

Автор сөзі- төл сөз (автор сөзінен кейін төл сөз келеді). Ол баласына ұрсып тұрып, былай дейді:- Сен білмейсің, ол кішкентай ғана жіп болса да, малға сатылып алынған жіп, ал малдың табылуы оңай емес

(Алтынсарин).

3. Автор сөзі - төл сөз – автор сөзі. Бірдеме айтқалы келе жатқан Омардың бетін қайтарып тастау үшін: - Үйшінің ешкілерін осы күнге шейін жеткізіп бермегенің бекер болған,- деді де, Игілік жегулі тұрған пәуескені мініп, жүріп кетті(Мүсірепов).

4. Төл сөз – автор сөзі – төл сөз. – Олай болса,- деді Жақыпбек, - Сапар сөзіне сенбейтін жөні жоқ (Иманжанов).

Автор біреудің айтқанын, я ойлағанын төл сөз күйінде бермей, өз тарапынан өзгеріске түсіріп беруі мүмкін. Мұндайда біреудің сөзінің не туралы айтқаны, негізгі ойы сақталады да, оның өзіне тән басқа ерекшеліктері: ритмика-интонациялық бояуы өз тарапынан сөздер, қосымшалар қосып, кейбір сөздерін алып тастап, грамматикалық кейбір формаларын өзгертіп пайдаланады. Сонымен, біреудің сөзінің автор тарапынан өзгеріске ұшырап берілу түрін төлеу сөз дейміз.

Төл сөз бен төлеу сөз бір емес. Бұл екеуі сөйлеушінің я жазушының өз сөзі ішінде бөгде біреудің сөзін, пікірін келтірудің екі түрлі тәсілі. Бұл екеуінің арасында бірсыпыра өзгешеліктер болады:

1. Төл сөз сөйлеуші, я жазушы бөгде біреудің сөзін ешқандай өзгіріссіз, қоспасыз, бұлжытпай келтіретін болса, төлеу сөзде олай болмайды: оның бірер сөзін болса да өзгертуі, өз тарапынан кейбір сөздер қосады, бірер сөздің бастапқы морфологиялық

формасын, соған байланысты синтаксистік қызметін өзгертеді.

2. Төл сөздің айналасында міндетті түрде автор сөзі жүреді және ол екеуінің жігі айқын байқалып, бір-бірінен бөлектеніп тұрады. Төл сөзді автор сөзімен байланыстыру үшін оған тұлғалық өзгерістер енгізу қажет болмайды, тек дәнекер ретінде де көмекші қолданылады. Төлеу сөзде олай емес. Мұнда ол автор сөзімен араласып, тұлғалық өзгеріске ұшырауы арқылы онымен тығыз байланыста тұрады. Автор сөзінсіз өз алдына сөйлем бола алмайды, өйткені төлеу сөзде төл сөздегідей өзіне меншікті баяндауышы болмайды. Сондықтан төлеу сөз автордың қоспасымен бірігіп, бір-ақ сөйлем болады да, де етістігін қажет етпейді. Мысалы:

Төл сөз. «Әлі бұл өңірде көк шабан тебіндеп келе жатыр, қыс ызғары әлі түгел айығып болған жоқ»,-деп әңгіме қып отырды.

Төлеу сөз. Әлі бұл өңірде көктің шабан тебіндеп келе жатқанын, қыс ызғарының әлі түгел айығып болмағанын әңгіме қып отырды (Әуезов).

3. Төл сөзде сөйлемнің әр алуан мағыналық түрлері болады: хабарлы, сұраулы, лепті болып келеді. Соған қарай оның әр сөйлемінде өзіне лайықты сазы, интонациясы, ритмика-мелодиялық ерекшеліктері болып отырады. Төлеу сөзде мұның бірде-бірі болмайды, яғни сақталмайды. Өйткені төлеу сөз өзінің бастапқы түрінің қандай екендігіне қарамастан тек хабарлау түрінде ғана беріледі.

Төл сөз. Бұл кім?- деді Ушаков.

Төлеу сөз. Ушаков мұның кім екенін сұрады(Мүсірепов).

4. Төл сөз бен төлеу сөз жақтық жағынан, жіктеу есімдіктерін қолдану жағынан да біркелкі болмайды. Төз сөзде іс-әрекеттің иесі өзі болған жағдайда автор жіктеу есімдігінің бірінші жағын қолданып сөйлей береді. Ал, төлеу сөзде олай етуге болмайды. Егер төл сөзде тәуелдік, я жіктік жалғауы жалғанған сөз бірінші не екінші жақта тұрса, төлеу сөзге айналдырғанда олар автор тарапынан үшінші жақпен айтылуы мүмкін.

Төл сөз. Әуелі мына қонақтарға шай бердім,- деді Байжекең.

Төлеу сөз. Байжекең әуелі мына қонақтарға шай бергенін айтты




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-07-02; Просмотров: 4271; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.01 сек.