Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Слаидтар, кестелер. Бақылау сұрақтары: Аймақтардың табиғи ерекшеліктерін ата




Бақылау сұрақтары:

  1. Аймақтардың табиғи ерекшеліктерін ата.
  2. Топыраққұралу процесінің ерекшеліктері қандай.
  3. Негізгі топырақ типтерін ата.
  4. Ауыл шаруашылығында қолдану ерекшеліктері қандай?

Әдебиеттер:

  1. Почвоведение (под ред. И.С. Кауричева) – М., 1987 г.
  2. Жалпы топырақтану (Т. Тазабеков және авторлар бірлестігі) – Алматы, 1998 ж.
  3. Топырақтар геогрофиясы (Т. Тазабеков және авторлар бірлестігі) – Алматы 2000 ж.
  4. Топырақтану. Т. Тазабеков, С. Калдыбаев, Е. Тазабекова. Алматы, 2004 ж.
  5. Геогрофия почв. Г.В. Добровольский, И.С. Урусевская. М., 2004 г.

 

Дәріс 11

Таулы облыстар топырағы.

Дәріс мақсаты: Стеденттерді таулы аймақтағы топырақтардың таралу заңдылығы, ТМД елдерінің негізгі тау жүйелері топырақтары, олардың жіктелуі, құрамы, қасиеттері туралы мағлуматтар мен таныстырады.

Түйінді сөздер: Тік белдеулік, топырақ аймағы инверсиясы, топырақ миграциясы, аймақтар интерференциясы, тау жүйелері.

Сұрақтар:

  1. Таулы облыстардағы топырақ таралуы мен құралу жағдайлары.
  2. Тау топырақтарына сипаттама.
  3. Таулы жүйелер топырағы.
  4. Тау топырақтарын ауыл шаруашылығында пайдалану.

ТМД территориясында таулық топырақтардың жалпы көлемі 650 млн. га немесе 28,8 процент. Олар Карпат, Қырым, Кавказ және Орал таулары және Батыс пен Шығыс Сібір, Қиыр Шығыс пен Орталық Азия мен Қазақстанның тау жүйелері.

Таулы облыстардың топырақ жамылғысы, В.Докучаев ашқан, тік /биіктік/ белдеулікке сүйенеді. Тік аймақтық /зоналдық/ деп, тау жоталары беткейлерінде /абсолюттік биіктік өскен сайын/ климат пен өсімдік жамылғысы өзгеруіне сәйкес, топырақ алмасуын айтады. Кейбір жағдайда құрылық биіктігі өскен сайын, бірден-бірге топырақ алмасуы да бұзылады. Топырақ типтерінің дұрыс емес орналасу құбылысын топырақ аймағы инверсиясы дейді. Көп жағдайда бір топырақ аймағы екінші аймаққа еніп кетеді, бұл қапталдардың орналасу ретіне немесе тау өзендерінің аңғарлары мен топырақ аймақтарының кіруіне байланысты болады. Міне мұндай бір аймақ топырағының екінші аймаққа енуін ми­грация дейді. Кейбір таулы жерлерде бір қалыпты топырақтық аймақ құралымынан бір белдеу түсіп қалады, яғни кездеспейді, мұн­дай құбылысты аймақтар интерференциясы /түсуі/ деп атайды.

Таулы жерде топыраққұраушы табиғи жағдайлардың көптеген ерекшеліктері бар. Мұнда климат, жазықтыққа қарағанда, өзгеше қалыптасқан яғни жылдық температура төмен, жауын-шашын мөлшері мен ауа ылғалдылығы жоғары болады, күн қуаты /радиациясы/ да артық. Ғылыми анықтауларша, жота беткейімен жоғары көтерілген сайын әр бір 100 м биіктікке ауа температурасы 0,5оС төмендейді. Сондай-ақ белгілі биіктікке дейін жауын-шашын мөлшері артып, инсоляция /жарық/ үдейді.

Таулық климаттың /жазықтыққа қарағанда/ тәулік және маусымдық өзгешелігі артық /күн мен түн, жыл мезгілі/, сондай-ақ жыл бойындағы ылғалдану мөлшерінде біргелкі.

Топырақ құралу үрдісі тауда өте тілімденген бедерде жүреді де, топырақ жамылғысы алаланған және біргелкі емес. Үгілу үрдісі азықтарының жіктелуі мен топыраққұралуы және эрозия дамуы да жер бедеріне байланысты. Таулы аудандарда топырақтың су-жылу құбылымы қапталдар экспозициясына /беталысқа/ қарай өзгереді. Қорыта келгенде В.Докучаев айтқандай, таулы облыстарда жер бедері-топырақ тағдырын шешуші жағдай.

Таулы жерде топырақ жамылғысы күн сәулесі мен жел экспозициялық бағытына да байланысты. Оңтүстікке қараған беткей, солтүстіктікіне қарағанда жылы әрі құрғақ келеді. Атмосфералық ылғал мен жылу құбылымдары айырмашылығы өсімдіктердің өніп-өсуіне, сол арқылы, топыраққа әсер етеді. Экспозиция әсері барлық тауларда бірдей емес. Қапталдардағы топырақ айырмашылығы бірқалыпты немесе ылғалы тапшы таулы аймақтарда жақсы байқалады. Ал өте ылғалды және құрғақ таулы жерлерде, экспозицияның әсері бәсеңдейді /Шығыс Памир мен Батыс Кавказ таулары/. Топырақ жамылғы алалығы қапталдардың құрғақ немесе ылғалды, ыстық немесе суық жел өтінде орналасуына да байланысты.

Таулы аймақтарда топыраққұраушы жыныстар құрылымы әртүрлі және үгілудің жас азықтарынан тұрады. Көбінесе мұнда бор, үштік /әк, құм, тақта тас/ шөгінді және магма жыныстары басым кездеседі. Тау аралық жазықтар мен ойпаңдарда негізгі жыныстар, қалыңдығы және механикалық құрамы әртүрлі, төрттік дәуірдің шөгінділерімен көмкерілген. Кейбір топыраққұраушы жыныстар құрамында жеңіл еритін тұздар кездеседі /Тянь-Шань мен Памирда/.

Таулы облыстардың ө с і м д і к ж а м ы л ғ ы с ы атмосфералық түсім мен температураға байланысты және тік белдеулік бағытта өзгереді. Әр белдеулік пен беткейлер беталысына сәйкес биогидротермикалық /тіршілік-ылғал-жылулық/ жағдайлар мен топырақ түрлері де өзгереді.

Таулы облыстардағы негізгі топырақ типтерінің аумағы /процентпен, ТМД-ның жалпы топырақ алабынан/ мынадай: таулы тундралық-7,6; таулы шалғындық-0,7; таулы шалғынды далалық-0,5; таулық күлгін және тоңды тайгалық-15,3; таулы тайгалы карбонатты-1,4; таулы шымды-карбонатты-0,1; таулы қоңыр-ормандық-0,9; таулық-0,1; таулық күрең-0,3; таулық қара-0,5; таулық қара-қоңыр-0,6; таулық құба топырақтар-0,2; биік таулық шөлейт топырағы-0,2; ашық негізгі тау жыныстары-0,1.

Бұл топырақтардың, тау қапталдарында қалыптасуына байланыс­ты құралуында өздеріне тән ерекшеліктері бар. Мұнда, ішкі ағын мен үстіртін шайылу әсерінен, бүйірден келетін ағынды заттар мөлшері жоғары болады. Таулық топырақтар, кескіні жұқа элюви-делювилік шөгінділерде дамитындықтан және табиғи денудация /қырылу/ артық болғандықтан, ылғи жаңарып отырады.

Таулы тундыралық топырақ мәңгі қарлар мен шекаралас жерлерде, биік таулық климат жағдайында дамыған; мұнда тіршілік кезеңі өте қысқа, ауа температурасы төмен, ылғалдылығы жоғары болады. Химиялық және биологиялық үгілу бәсеңде, физикалық үгілу басым. Жоғары шөптесіндер өніп-өсуіне тиісті жағдай болмағандықтан, бұл топырақты мүк, қына және бұталар жайлаған. Микробиологиялық үрдістер тежелуіне байланысты, органикалық қалдықтар толық ыдырамайды, сондықтан топырақ кескінінің беткі жағын шала ыдыраған шымтезек /торф/ құрайды; оның қалыңдығы жұқа, гумусы фульватты, ортасы қышқыл, негіз сіңіру сиымдылығы төмен келеді. Топырақ кескіні қаңқалы және тасты келеді.

Таулы шалғындық және таулы шалғынды далалық топырақтар ерекше биік таулық жарандылар. Олар ылғалы көп белдеуде альпілік және оған таяу, түрлі шөптесінді-шалғынды өсімдік жамылғысы астында, түрлі топыраққұралатын жыныстарда қалыптасқан. Шымдану мен гумустену үрдістері соңғылар құрамына байланысты дамиды, карбонатты жыныстарда қалың кескінді және мол қарашірінділі таулы шалғынды топырақ дамыса, карбонатсыз жыныстарда шымды жиек жұқа және топырақ шамалы гумустенген. Шымды үрдіс дамуы мен топырақ кескіні қалыптасуына жергілікті бедер ықпал етеді. Айталық, альпілік белдеу таулы шалғынды топырағы аласа шөпті шалғынның жоғарғы белдеуін жайлаған болса, оған таяу белдеудің төменгі жағындағы биік түрлі шөпті тау шалғыны астында субальпілік таулы шалғынды топырақ дамыған.

Бұл топырақта шымтезектенген шым қабаты /20-40 см/ дамыған, түсі қоңыр. Оның астындағы ақ жиекше сәл шымтезекті, шаң-дәнді-кесекті құрылымы бар, темір тотығынан түйіртпектерді тот басқан. Топырақ кескіні қаңқалы /тасты/, карбонаттардан арылған /сілтісізденген/. Таулы шалғынды топырақта гумус саны 8-ден 20 процентке жетеді, оның құрамында фульвоқышқыл гумин қышқылынан артық түзілген. Гумустену үрдісі бәсең жүретіндіктен, топырақта тұрпайы қышқыл органикалық зат жиналған. Сіңірілген негіздер құрамында каль­ций, магниймен қатар, сутегі мен алюминий бар, сондықтан сіңіру кешені негіздерге толық қанықпаған және оның реакциясы қышқыл. Орталық Азия мен Қазақстанның таулы шалғынды топырақтары негіздерге толық қаныққан, сондықтан олардың ортасы бейтарапты немесе сәл сілті келеді. Бұл топырақтарда азот қоры жеткілікті /0,3-1,2 процент/, жылжымалы фосфор мен калий аз.

Таулы шалғынды топырақтарда күлгіндену белгілері болмайды, оған дәлел кескін бойы кремний мен 1,5 тотықтардың біргелкі таралуы. Бұл белгі тек рододендрон бітік өскен жерлерде ғана дамыған. Осы топырақ типі нағыз шымтезектілеу және шымтезектілеу-глейлі /сазды/ түрлерге бөлінеді.

Кавказдың тау жүйелері әртүрлі белдеулікте орналасқан, олардың ұзындығы, қапталдар беткейі бірдей емес, сондықтан тік бағыттағы белдеулік әр тау жүйесінде өзіне тән заңдылыққа бағынады. Топырақтың тік бағыттағы аймақтары тау жүйесінің қай терістік аймақ типіне орналасқанына байланысты. Тік бағыттағы белдеулік Кавказ тауының солтүстік беткейінде толық дамыған. Мұнда беткеймен тау шыңына көтерілген сайын жазықтық аймақта кездесетін топырақ типтерін байқауға болады.

Каспи теңізі жағындағы беткейде шөл далалық аймақтың құба топырағы Кавказ етегіндегі таулы далалық белдеуге ауысады, мұнда қара-қоңыр және қара топырақтар дамыған. Теңіз деңгейінен 200 м биіктіктен бастап, таулық орманды белдеу басталады, ондағы орман ағаштарының түрлері бір-бірінен белдеуленіп ажыратылады. 300-800 м биіктікті жапырақты орман жайлаған, оның астында ормандық сұр топырақ; 800-1200 м дейін бүкті орман астында қоңыр топырақ; 1200-1800 м дейін бүрі жапырақты орман астында таулы ормандық күлгінденген топырақ; 1800-2800 м биіктікте альпіге таяу, 2800-3500 м альпілік шалғынды белдеулерде таулы шалғындық топырақтар дамыған; 3000 м биіктіктен жоғары мәңгі қар мен мұзды белдеу орналасқан.

Қара теңіздің шығыс жағалауындағы тік белдеулік /Кавказ тауы/ қызыл және сары топырақтардан басталады, олар тропикке таяу өсімдіктер астында қалыптасқан. Беткей деңгейі биіктеген сайын, қызыл топырақ ормандық қоңыр топыраққа ауысады.

О р а л д ы қ т а у жүйесінің солтүстігінен оңтүстігіне қарай табиғи климат жағдайы күрт өзгереді, мұнда ұзақ созылған Орал тауы биік болмауына байланысты, тік белдеулік толық байқала бермейді, мыс., солтүстік бөлегі тундра аймағында жатыр, топырағы-таулы тундралық. Ол өте ызғарлы /континенталды/ климатта, мүк-қыналы өсімдіктер астында дамыған. Осы белдеуден төмен жатқан тау беткейінде ормандық өсімдіктер астында таулық глейлі-күлгінденген топырақ дамыған. Орал тауының орталық ормансыз биік бөлегінде таулық тундралық топырақ орналасқан. Ормансыз беткейдің альпіге таяу жерінде шалғындық орман топырақтары да­мыған. Одан төмен жатқан белдеуде бүрі орман астында таулық күлгінденген және ерекше күлгінденген қышқыл топырақтар қалыптасқан. Орал тауының солтүстік бөлегінде тік белдеулік құрылымы мынадай: беткейдің ең биік /1000-2000 м/ жерінде альпілік және оған таяу жолақ шалғындар астында таулы және таулық шалғындық /шымды/ топырақтар орналасқан. Ал қалған бөлегінде-орманды далалық белдеуде, ірі жапырақты ормандар астында, ормандық сұр топырақ және таулық күлгінденген, сілтісізденген қара топырақтар қалыптасқан.

О р т а А з и я т а у л а р ы - Тянь-Шань мен Памир таулары жүйесіне жататын өте ірі жоталардан құралған. Олардың беткейлеріндегі топырақ жамылғысы өте күрделі және ерекше орналасқан. Бұл өңірдің географиялық жағдайы ерекше, яғни мұхиттардан қашық, климаты құрғақ, географиялық құрылымы күрделі; аталған соңғы жағдай түрлі топыраққұрушы жыныстар қалыптасуына себептеседі, мысалы, үштілік дәуірдің сортаң шөгінділері жиі кездеседі.

Орталық Тянь-Шанның топырақ жамылғысы екі топқа жатады, яғни тау аралық ойпаңдар мен тау бөктеріндегі топырақтар, олардың орналасуы биіктік пен беткейлер экспозициясына байланысты, соған сәйкес тік белдеулік қалыптасқан. Тау қапталдарының 1000-2500 м биіктігінде, бұталар мен шалғынды-бетегелі таулы дала өсімдігі астында, таулық қара-қоңыр топырақтар дамыған /А.Мамытов,1963/. Тауаралық ойпаңдарда /300-1300 м/, жусан-бидайықты өсімдіктер ас­тында, сұр топырақ қалыптасқан, ал одан биік жерлерде /1300-3200 м/ таулық қара-қоңыр, сұр-қоңыр және қара топырақтар, солармен қа­тар шалғынды қара-қоңыр және шалғынды қара топырақтар кездеседі. Өте биік таудың сырт жазықтарында /3200-4000 м-ден жоғары/ шөлдік тақыр және шөлді далалық қоңыр, қара-қоңыр топырақтар дамыған. Сырттық топырақтар кескінінде карбонаттық пен сортаңдық белгілер басым.

Тянь-Шань жоталары қатарында тік бағыттағы топырақ белдеулілігі өте айқын Іле Алатауында байқалады. Оған себеп: жотаның абсолюттік зор биіктігі /Талғар шыңының теңіз деңгейінен биіктігі =5017 м/, солтүстік жағының еңкеулігі мен жотаның мұхиттардан қашықтығы және етегінің шөлді аймақпен жалғасуы.

Іле Алатауының солтүстік қапталында тік топырақ белдеулілік мынадай:

- тау етегінде /<600 м биіктікте/ қалыптасқан сұр топырақ ашық қара-қоңыр топыраққа ауысады. Жазықтықтағы типшесінен айырмашылығы жалпы фос­фор қорының шамалы өскені және кебірлік қасиетінің болмауы мен карбонаттылығында. Гумус пен жалпы азот қоры екеуінде де жақын;

- 600-900 м биіктікте ашық типше күңгірт қара-қоңыр топыраққа ауысады. Бұл типшеде гумус /3-4/ пен жалпы азот қоры /0,25-0,30 процент/ көтеріңкі; С:N арасалмағы 8-8,5-ке тең, топырақ кебірленбеген, бірақ карбонатты;

- 900-1500 м биіктікте таулық қара топырақ белдеуі орналасқан, оның үш типшесі ажыратылады. Беткейдің төменгі жағына /900-1000 м - Көктебе етегі/ оңтүстік қара топырақ жамылғысы келеді. Бұл типшеде гумус мөлшері 5-5,5, жалпы азот 0,4 процентке, С:N 7,5-8-ге, негіздер сіңіру сиымы ендік бағыттағы түршесіне тең. Бұл аз гумусты типше, кәдімгі және карбонатты тектері айырылады;

- 1000-1200 м биіктікте орташа гумусты қара топырақ белдеуі орналасқан. Гумус мөлшері 7-8, жалпы азот 0,5 процентке жетеді, С:N, жазықтық типшесіне қарағанда, тарлау -8-9;

- 1200-1500 м биіктікте көп гумусты қара топырақ жайласқан, онда гумус саны 10-12, жалпы азот 0,6-0,7 процентке жетеді; С:N арасалмағы мұнда да тар -9-ға тең; жалпы фосфор қоры аз-0,2 процент. Негіздер сіңіру сиымы жоғары -50 мг-экв 100 г топырақта. Бұл типше жиі сілтісізденген, яғни карбонат тұздары топырақ кескінінде терең шайылып барып, 90-100 см-де шоғырланған. Аталған қара топырақтар негізінен солтүстік беткейлерде жайласқан және оларда кебірленген тектері болмайды, себебі топыраққұрушы жыныстан-лөсты құмбалшықтың жақсы сусіңіру қаблеті арқасында, жеңіл еритін тұздар толық төмен шайылып кеткен;

- 1500-1800 м биіктікте, таулы орманды далалық белдеуде, кайың мен теректі орман және түрлі бұталар астында ормандық күңгірт-сұр және күлгінденген қара топырақтар қалыптасқан. Соңғылардың басқа топырақтардан айырмашылығы-А және В жиектер шекарасында жерлік кремнийдің сұр дақтары және сіңірілген негіздер қатарында сутек катионының болуында. Таулы орманды-далалық ашық және тегіс кеңістікте, биік шөптесіндер астында, сілтісізденген қара топырақ кездеседі, оның құрамында гумус өте жоғары мөлшерге-12 процентке жетеді;

- 1800 м биіктіктен таулық орманды белдеу басталады, мұнда негізінен Тянь-Шань шыршасы өседі, олар 2800-3000 м биіктікке дейін көтеріледі. Шыршалы шұбар орман астында таулы-ормандық топырақ қалыптасқан, оның гумустілігі жоғары /9-10 процент/, бірақ қара топырақтан айырмашылығы-қарашірінді жиек астында гумус саны күрт азаяды, яғни 20-30 см тереңдікте ол 2-3-ақ процент шамасында. Екінші ерекшелігі күлгіндену қасиетінің анық байқалмауы, себебі шыршаның органикалық қалдығы негіздерге бай болады. Бұл топырақта жалпы азоттың мөлшері 0,4-0,5 проценттен астам, яғни қарашірінді құрамындағы көміртегі мен жалпы азоттың арасалмағы қара топыраққа қарағанда жоғары С:N 11-12 тең. Негіздер сіңіру сиымы өте жоғары-50-55 мг-экв. /100. г топырақ, қатарында сутегі -5-6 процент;

- 2800-3000 м биіктікте альпіге таяу және альпілік шалғынды белдеу басталады; шалғынды өсімдік астында таулы шалғындық қалың және жұқа шымды топырақтар дамыған. Олар жоғары гумусты-15-16, жалпы азотта 0,7-0,8 процентке жетеді, С:N 11-12 тең. Негіздер сіңіру сиымы 45-50 мг-экв. 100 г топырақта, сіңіру кешенінде сутегі катионы /Н/ бар, оның мөлшері жалпы сіңірілген негіздердің 30 процентін құрайды. Таулы альпыға таяу, альпі топырағына қарағанда, топырақ өсімдік шымына бай, оның гумус қоры мол, бірақ қышқылдылығы төмен болады.

Сібір және Қиыр Шығыс таулы өлкесі бірнеше таулы облыстарға бөлінеді.

Сібірдің солтүстік-шығыс бөлегінде ірі аумақты Анадыр, Верхоян, Колыма, атты таулар жатыр, олар аса биік емес-теңіз деңгейінен 2000-2500 м. Солтүстік беткейлерін негізінен орман ағаштары басқан /балқарағай және сібірлік шырша/. Олардың астында таулық тоңды-тайгалық және күлгінденген топырақтар дамыған. Орманды тундра мен тундрада таулы тундралық торфты және тундралық глейлі топырақтар дамыған. Тік белдеулік Алтай мен Саян тауларында айқын байқалады. Алтайдың кейбір шыңдарының биіктігі 4620 м жетеді /Белуха/. Ең биік белдеулерде таулы-тундралық және таулы-шалғындық топырақтар, ормандық белдеуде таулық күлгінденген, ал дала белдеуінде-қара топырақтар дамыған. Оңтүстік-шығыс беткейінде тік белдеулік қара-қоңыр топырақтан басталады да, биіктік өскен сайын бұл топырақ қара, одан әрі таулы-ормандық күлгінденген, таулы-шалғынды және таулы-тундралық топырақтарға ауысады. Саян жотасының кейбір шыңдары 3490 м биіктікке көтерілген /Мунку-Сардын/. Тау етегіндегі далада, 400 м дейінгі биіктікте, қара топырақ қалыптасқан, орманды далалық белдеуге сілтісізденген қара топырақ тән, 600 м биіктіктен ормандық белдеу басталады, онда самырсын, майқарағай, шырша, балқарағай және кайыңдар кездеседі.

Батыс Сібір мен Байкалдан арғы таулы аймақта топыраққұралу үрдісі өте ызғарлы /континентальды/ климатта, яғни қары аз, температурасы өте төмен жағдайда өтеді. Сондықтан топырақ жыл бойы терең және үзақ тоңданады да, баяу жібиді. Бұл таулы өлкенің, осы жайға байланысты, негізгі ерекшелігі басқа жерде кездеспейтін тоңды тайгалық топырақтың кең таралғаны.

Тау топырақтары көбінесе өнімділігі жоғары әсем жайылым сапасында, ал ТМД-ның Еуропа бөлегінде жүзім, цитрустік, шәй, жеміс және техникалық /мақта, темекі, дәрілік апиын және тағы басқа/ дақылдар егуге пайдаланылады. Бірақ, жер бедерінің күрделілігі, қарашірінді жиектің жұқалылығы және топырақ кескінінің сынық тастылығы, типті негізгі тау жыныстарының құрылық бетіне шығуы, тасты үгінділер шоғыры т.б. жағдайларға байланысты тау топырағында механикалық жұмыстар жүргізу қолайсыз. Сондықтан таулы облыстар топырақтары егіншілікке шамалы көлемде ғана пайдаланылады. Негізінен жайылымға пайдаланылатын жерлер таулы-тундралық, таулы-шалғындық және таулы далалық белдеулерде орналасқан. Альпілік шалғындар тамаша жазғы жайлау. Көбінесе игерілмеген жерлер таулық күлгінденген топырақтар, себебі, мұнда тек 3 процент шамасында орманаралық ашық алаңдар кездеседі.

Егіншілік шаруашылығында қарқынды таулы-ормандық коңыр, таулық күрең, таулық қара және қара-қоңыр топырақтар пайдаланылады. Тау­лық дала белдеуінде жыртылған жер мөлшері 10-12 процент шамасында. Таулық шөлді және шөлейттік топырақтарда, суарылмайтын жерлермен қатар, суармалы егістіктерде жақсы дамыған. Бұл топырақтарда бидай, көкөніс, мақта және басқа техникалық дақылдар табысты өсіріледі. Мысалы, Іле Алатауы бөктеріндегі сұр, қара-қоңыр, қара топырақтарда көбінесе күздік бидай, жүгері, жоңышқа, қант-қызылшасы мен темекі дақылдары, бау және көкөніс өсіріледі. Тау топырақтарын игерген кезде эрозияға қарсы күрес ең маңызды шара. Ол үшін ормандарды сақтап, ағаштарын дұрыс күтіп және реттеп кесу, селге, өртке тосқауыл қою, үстіртін су ағынын тежеу, жайылымдарды дұрыс пайдалану, арнайы топырақ жырту /ылдиға көлденең/ тәсілдерін қолдану, тауда қапталдап ағаш отырғызу және беткейлерді сатылау /террас/ шараларын іске асыру керек.

Тау топырақтарының құнарлылығын арттыру үшін органикалық және минералдық тыңайтқыштар мен қышқыл топырақтарды әктеу шараларын қолданады.

Таулы облыстарда шабындықтар мен жайылымдарды мал шаруашылығының берік жем-шөп қорын жасау үшін тиімді пайлалану, оларды тозудан, мал таптаудан сақтау-мамандардың ең жауапты міндеттері.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2014-11-06; Просмотров: 1088; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.042 сек.