Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Биологический режим 3 страница




Қарастырылып отырған кезең жеке коллекция жинау ісінің гүлденуімен ерекшеленеді, бұл үрдіс жалпы музей ісінің дамуына және музей заттары арқылы блім беру міндеттерін шешу үшін оң ықпалын тигізді. Осы жерде Флоренциядағы Медичи банкирлік үйінің қызметін айтуға болады. Бірнеше он жылдықтар бойы жинақталған көркем коллекциялар оның иесінің эстетикалық талғамын ғана көрсетіп қойған жоқ, сонымен қатар, оның байлығының да көрсеткіші болды. Олар Микеланджело, А.Вереоккио, С.Боттичелли және т.б танымал италияндық шеберлер үшін кәсіптік көркем білім алудың негізі болды. ХVІ ғ. соңында Мантуедегі герцог Гонзагоның, Мюнхендегі Альбрехт Баварский және Флоренциядағы Медичидің жеке коллекциялары көпшілік қауым үшін ашылды.

1591 ж. суретші Дж.П. Ломаццо өзінің «О музах» (1591) атты трактатында коллекциялар жинаудың дамуына қорытынды жасай келіп, музейдің көпшілікке өнер туындылары және әр түрлі сирек заттарды көрсету орны екенін көрсетеді.

Қайта өрлеу кезеңіне тән қоршаған ортаға деген қызығушылық заттар мен раритеттерді, әсіресе жаратылыстанушылық сипаттағы жәдігерлерді жинауға өз әсерін тигізді. Осы кезде әйгілі болған ғылыми-танымдық бағыттағы әр түрлі табиғи таңғажайыптар жинайтын кабинеттер тек ғалымдар мен университеттердің ғана емес, сонымен қатар, ақсүйектердің де мақтанышы болды. Я.А. Коменский «Orbis Sensulium Hidus (1658)» атты өз еңбегінде бірінші рет осындай коллекциялардың педагогикалық аспектілерінің құндылығын көрсетті. Оқытудың көрнекілігін қолдай отырып, ұлы педагог «музей» терминін, барлық мазмұны танымға бағытталған ғалымның кабинетіндегі дидактикалық кілт ретінде қолданды. Кейіннен мұндай кабинеттер кунсткамералар деп атала бастады, онда кең көлемде өнер туындалары мен жаратылыстану-ғылыми сипаттағы сирек кездесетін заттар жинақталған еді. Жалпы ғылыми білім дамуының аталмыш тенденциясының негізінде Ресейдегі алғашқы жаратылыстанулық ғылыми музей – 1718 ж. І Петрдің бұйрығы бойынша құрылған Санк-Петербург кунсткамерасын айтуға болады. Осылайша, ол білім беру міндеттерін орындайтын мекемеге айналды.

Сондай-ақ, І Петр көркем коллекцияларды жинауды да бастаған еді. Өз кезегінде Батыс Еуропаға барған сапарларында патшаның өзі де және оның қасындағы сенімді тұлғалар да Петергоф пен Летний сад саябақтарын безендірген картиналар мен мүсіндерді әкеліп отырды. Кейіннен бұл дәстүрді Эрмитаждың негізін қалаған ІІ Екатерина және т.б ресейлік патшалар жалғастырған еді.

Батыс Европа және Ресейдегі музей ісінің дамуына француз және неміс ағартушыларының идеялары негіз болды. Энциклопедистер Ф.Вольтер, Д.Дидро, Г.Лессинг, И.Гердер, И.Кант, И.Винкельманның гуманистік философиялары өркениеттің құндылықтарын тануға бағытталды, ол өз кезегінде гуманитарлық ғылым мен өнерге деген белсенді қызығушылықты тудырды және оны білу әрбір адамның борышы деп есептелінді. Ағарту кезеңінде бүгінгі күнде өзекті болып оырған музейдің білім беру және әлеуметтік мәдени қызметтері пайда болып, одан әрі дамыды. Мысал ретінде Лондондағы Британ музейі мен Париждегі Лувр музейін атауға болады.

Британ музейі 1753 ж. парламенттің шешімімен ашылған болатын. Оның негізіне X.Слоун, Р.Коттон, Р.Харли, У.Гамильтон және т.б. жинаушылардың жеке коллекциялары жатты. Оның экспонаттарының басым бөлігін қолжазбалар, археологиялық ескерткіштер, түрлі табиғат таңғажайыптарының экспонаттары құрады. Әсіресе, музейдің кітапханасын ерекше атап айтуға болады. Музейдің ажырамас бір бөлігі ретінде саналған ол бүгінгі күнде де әлемдегі ең ірі кітапханалардың бірі болып саналады. Бас кітапханашының қызметін музей директоры атқарды. Британ музейінің жинақтары оған келушілердің танымын арттырып қана қоймай, сондай-ақ, археология және тарих сияқты ғылым салаларының дамуына ықпал жасады, сондықтан да оны білімдік-ғылыми музей деп толық айтуға болады.

Лувр тарихы әйгілі музейтанушы К.Хадсонның «музейлерде христиандық сияқты, өмір сүріп отырған қоғамның таңбасы бар» деген көзқарасының мысалы бола алады. 1791 ж. 26 мамырдағы Республикалық үкіметтің декреті бойынша Лувр «королдік резиденция, ғылым мен өнер ескерткіштерінің жинағы, халықтық білім беру мекемелерінің бас ғимараты» болып жарияланды. Кейінірек ұлттық Конвент оның «әсем өнердің орталық музейі» деп атауын өзгертеді. 1802 ж. «Наполеон музейі» деп аталып, ХІХ ғ ортасында музей есімі король сарайының атымен – Лувр деп аталды.

ХІХ ғ. музей ісінің қарқынды дамуымен ерекшеленеді. Әлемнің әйгілі музейлерінің осы кезеңде пайда болуы осының дәлелі бола алады. Қарастырылып отырған ғасырылардың ортасына қарай тарих ғылымының және урбанизацияланған мәдениеттің дамуы, «музей – адамзаттың мәдени тәжірибесін сақтаудың бірден-бір формасы» деген пікірді қалыптастырды. Егер ХІХ ғ. І жартысында Европада «өнер ғибадатханалары» – көркем музейлердің саны көп болса, өнеркәсіптің дамуы қоғам өмірінде, өнерде, суретшілердің кәсіптік білім алуында ғылымның алатын орнына деген көзқарасты өзгертті.

Өнеркәсіп төңкерісі және қоғамды демократияландырудың нәтижесінде ғасырлар бойы ақсүйектік пен байлықтың белгісі болып келген суреттер мен мүсіндер музейлер иелігіне немесе коллекционерлердің қолына өтті. Сол кезеңнің көркемдік зиялысы адамды қоршаған өмірдің сұлулығының бастапқылығын қолдады, сондықтан да енді коллекция жинаушылардың назары кескіндеме және мүсіннен көпшілікке тән қолданбалы өнер туындыларына ауды. Адамның өндірістік-тұрмыстық өмірін эстетизациялауға бағытталған бұл ұстанымды Д.Рескин және У.Моррис қолдады. Олар өздерінің теориялық және практикалық қызметінде сұлулық пен ізгіліктің бірлігі идеясын ұстанды және техникалық прогреске қарсы болып, халықтық кәсіп пен дәстүрлі қол ебегінің туындыларын жақтады.

Көркем қызметте қолданылатын материалдың бастапқы әдемілігіне ерекше назар аудара отырып, Д.Рискин мен У.Моррис қоршаған ортаны эстетикалық ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін ұсынды. Сол кезеңдегі эстетикалық ойдың аталған өкілдерінің идеялары 1852 ж. Лондонда ашылған «өнер библиясына» бағытталған музейінде біртіндеп іске аса бастады. Музей келесі мақсаттарды анықтайды:

– өнерді қоғамның барлық тобының өкілдеріне тарату;

– жалпы көркем білімнің дәрежесін көтеру;

– индустриалды өнер сапасын жақсарту.

Оңтүстік-Кенсингтон музейі өзінің басты міндеті – қолөнершінің қолынан шыққан күнделікті тұрмыста қолданатын заттар арқылы адам өмірін жақсартуға ықпал ету деп түсінді, сондықтан да өз жинағындағы заттардың үлгісі бойынша заттарды жасауға оқытуды қолға алды. 1880 жж. музейде мектеп мұғалімдерінің арасында бір-біріне ықпал ету қызметі ұйымдастырылған еді, оның мақсаты ғылыми-техникалық және көркем тәрбие, білім беру жағынан оқушыларды оқытуда мұғалімдердің бірігіп жұмыс істеуін ұйымдастыру болды. Қоғамның барлық топтарына барынша әсер ету үшін музей мен мектепті бріктіре отырып, оның бірінші директоры Г. Коль музейдің білім беру мәнін алғашқы болып көргендердің бірі болды, оның «музей мен галереялар білім беру мақсаттарын алдына қоймағанша, олар іш пыстырар, пайдасыз мекемелер болып қала береді» – деген сөзі осының дәлелі. Г. Кольдің бұл ұстанымының мектеп оқушылары мен студенттер үшін зор маңызы болды, музейдегі білім берудің жаңа үлгісін қалыптастырды.

Қорыта айтқанда, Англияда тұңғыш рет музейдегі білім беру функциясы идеология және қолөнершілерді оқыту шеңберінде жүргізілді. Бірінші рет әлемдік тәжірибеде музейдің мектептегі оқу-тәрбие жұмысына ықпал етуін дамыту мақсатында орта мектеп мұғалімдерімен жұмыс орталықтары ашылды.

Ресейдегі музейлік білім беру дәстүрі

Ресей Германиямен ұзақ уақыт бойы тығыз байланыста болғандықтан, белгілі бір дәрежеде оның мәдени ықпалы болған еді, Ресей музейлерінің білім беру қызметі көп жағынан неміс тәжірбиесін өзіне қабылдады.

Алайда музейлердің құрылу уақыты, саны жағынан алғанда Ресей Германиядан біршама артта еді. Атақты Третьяков галереясы, Мәскеудегі Тарихи және Политехникалық музей, императорлық Эрмитаждың танымалдылығына қарамастан, елдегі алғашқы мемлекеттік музей – император III Александрдың Орыс музейі Петербургте тек 1898 ж. ашылған болатын.

Әрине, А.Лихтварк және К.Фолльдің еңбектері сол кездегі ресейлік мамандарға жақсы таныс болатын. Олар музейлік педагогиканың теориялық және практикалық аспектілерінің қалыптасу үрдісіне, сондай-ақ, Н.И. Романов, Ф.И. Шмит және әсіресе, А.В. Бакушинский дамытқан көркем музейлер саласындағы аталмыш мәселеге сөзсіз ықпал жасаған болатын.

Бұлармен қатар ресейлік зерттеушілер көзқарасына атақты философ, орыс космизмінің өкілі Н.Ф. Феодоровтың ықпалын атап өту керек. Ол музейді адам қызметінің мәні мен мақсатына белсенді әсер ететін өнегелі-тәрбиелік мекеме деп санады. Өзінің «Музей – оның мәні мен міндеті» атты еңбегінде Н. Феодоров музейлерді «бірліктің жоғары мекемесі» деп атады. Ғалым музейлерден әлеуметтік естелік институтын және өткеннің қазіргі кезден көрініс беруін көрді. «Әкелеріміз» және олардаң заттары мен қызметі туралы есте сақтай отырып, «өткеннің қалдықтарын» өмірге қайтару арқылы музей адам жанын білімдендіреді. Н.Ф. Феодоровтың осыған байланысты «музей өзіне шіркеу, сақтау орны, мектеп сияқты қызметтерді біріктіре отырып, өзінің барлық мазмұнымен, қоғамның барлық өкілдері үшін, олардың білім деңгейі мен әлеуметтік жағдайына қарамастан ашық болуы керек» деген ойы бекер айтылмаған. Көрнекті орыс философы музейдің үш негізгі қызметін бөліп көрсетті. Олар: зерттеу, оқытушылық және қызметтік. Ол «бұлардың бірге іске асуы – руханилық пен шығармашылықтың қалыптасуының бастауы» деп есептеді.

Ресей музейлеріндегі педагогикалық жұмыс тәжірибесі туралы ой тұжырымдау, 1916 жылғы арнайы шығарылымының толығымен, музейлердің оқушылармен жұмысына арналған «Экскурсиялық хабаршының» шығуымен байланысты болды. Ол жарияланымдардың ішінде Мәскеудегі Румянцев музейінің қор сақтаушысы Н.И. Романовтың «Өнер бойынша экскурсияның мақсаттары мен әдістері туралы» атты мақаласының орны ерекше. Онда автор өнерді оқытудың алдында, оның адам жанына ықпал ететінін терең түсіну керек екендігі туралы ой айтады. Өнер туындыларын мәдениет тарихына немесе жалпы тарихқа қосымша ретінде ғана емес, құнды эстетикалық нысан ретінде оқып білу керек. Н. Романов эстетикалық экскурсияны түпнұсқамен қарым-қатынас жасау құралы деп санады, оның мақсаты – «көрерменді эстетикалық толқуға кіргізу және атақты шығармаға байыпты да терең талдау жасай білу» деп есептеді.

Көрермен мен шығарма арасында эстетикалық байланыс орнатпайтын, тек музейді көрерменге «жүгірте» таныстыруға бағытталған шолу экскурсияларына қарсы бола тұрып, Н.Романов К.Фолль сияқты «өнер тарихын оқыту тек мектептегі басқа пәндерді оқыту үшін ғана пайдалы» - деп есептеді. Музейлік ескерткіштер жоғары дәрежедегі көркем қабылдауды талап ететіндіктен, оның өзіндік құндылығын есепке ала отырып, ғалым нақты методикалық міндеттерді шешуге көмектесетін біраз ұстанымдарды қарауды ұсынады, олардың мағынасы төмендегідей:

1. Қысқартылған түрдегі сұқбат көмегімен қабылданған туындыға деген әсерленушілікті ояту;

2. Көрерменнің әсерленуі негізінде туындының көркемдік формасын және оның стилін анықтау;

3. Өзіндік жұмыс (реферат т.б.) арқылы экскурсия нәтижесін көрермен түсінігінде бекіту.

Автор «оқушылардың белгілі бір деңгейдегі көркемдік дайындықтары болған жағдайда ғана экскурсия олар үшін пайдалы болады, ал бұл тек 14 жастан асқандар үшін ғана мүмкін» - деп есептеді.

Романов ресейлік көркем музейлердің білім беру қызметін алғашқы саралағандардың бірі болды. Ал оның одан кейінгі дамуы жаңа әлеуметтік- экономикалық жағдайдалармен байланысты болды.

1917 ж. қазан төңкерісінен кейін, музейдің жаңа көрерменге бағытталған, ағартушылық қызметін жандандыра түскен музей ісіндегі реформа, эстетикалық тәрбиеге негізделген білім реформасымен қатар жүрді. 1918 ж. ағартушы қызметкерлердің Бүкілресейлік бірінші съезінде ағартушы халық комиссары А.В. Луначарский: «Бізде эстетикалық білім беру техникалық және физикалық білім берумен байланысты. Сондықтан біз слесарьлық (темір ұстасы) немесе ағаш шеберлігін оқытуда баланы тек кәсіпке ғана оқытып қоймаймыз, сонымен бірге оны өз өмірін жасай алатындай тамаша адам болып қалыптасуына да үйретеміз» – деді. Дәл осы 1918 ж. Мемлекеттік ағартушылық комиссиясының шешімінде былай делінді: «Эстетикалық білім беру деп - біз қандай да бір қарапайым балалар өнерін оқыту ғана деп түсінбеуіміз керек, керісінше, әсемдіктен лаззат алатын және оны жасайтын сезім органдарының және шығармашылық қабілетінің жүйелі түрде дамуын түсінуіміз керек. Осындай элементтері жоқ еңбек және ғылыми білім беру жансыз болар еді». Мұнда жасампаз және үйлесімді тұлға қалыптастырудағы жаңа еңбек мектебінің концепциясы туралы сөз қозғалып отыр.

Музейлік реформаның мәні – жаңа көрерменге бағытталған ағартушылық қызметтің жедел жандануында болды. Музей ісі саласындағы жаңа биліктің ресми саясатының көрінісі, сол уақыттың рухына сәйкес жалынды түрде жүріп жатты. Көрнекті орыс философы және діни қайраткер П.А. Флоренскийдің 1918 жылғы Тройцк-Сергиев Лаврыдағы өнер ескерткіштері мен жәдігерлерді қорғау комиссиясының отырысында айтқанындай: «Музейлерді орталықсыздандыру музейді өмірге енгізу және өмірді музейге енгізу, музей - тек қана «өнер талғампаздары» үшін сирек кездесетін заттарды жинау емес, музей - өзінің жанына топтасқан көпшілікті тәрбиелеуші, музей – халық өмірі, музей бірнеше оңашаланған маманның емес, өнерді түсінетін халықтың да өмірлік шығармашылығы, міне музей реформасының ұраны осындай» – деп көрсетеді.

Алайда әртүрлі әлеуметтік категорияларға жататын көрермендер ағынының ұлғаюы жаңа әдістерді белсенді түрде іздестіруді тоқтата алған жоқ. А.Лихтварк, Г.Фолл, Н.Романовтардың әдісі мұқият зерттелді және зерттеушілер тарапынан одан әрі жетілдірілді.

1923 ж. Харьковте Ф.И. Шмиттың «Өнер оқу пәні ретінде» атты жұмысы жарияланды, мұнда балаларға эстетикалық тәрбие берудің мақсат, міндеттері қарастырылған еді. Өнерді белсенді психикалық қызмет ретінде түсіне отырып, автор шығармашыл тұлға қалыптастыруда мүмкіндік жасайтын тиімді құрал ретінде, оны мектеп бағдарламасына кіруін қолдады. Білім берумен салыстырғанда тәрбиелік функциялардың басымдықтарын (приоритеттерін) бекіте отырып, Шмит «мектеп қалыпты психикалық дамуға жағдай жасай отыра, балаға әлемді белсенді тану үрдісіне және алған білімді өмір тәжірибесінде нәтижелі пайдалануға дайындайды» деп есептеді.

Ғалымның ойынша, оқу үдерісі тұтасымен баланың табиғи даму заңдылықтарына сүйенуі керек және осы себепті, бастауыш оқыту сенсорлы және эмоциялы әсерді, баламен қоршаған орта арасындағы байланысты біріктіретін, өмірлік тәжірибені жинақтайтын белсенді үрдіс болуы тиіс. Шмит «балаларды тар кластарда емес, бала пайдалы тәжірибе ала алатын барлық жерлерде: табиғатта, барлық мүмкін болған шеберханаларда тәрбиелеу керек» деп есептеді. Бұл дегеніміз баланы күн сайын бірнеше сағаттан қозғалтпай отырғызып қою емес, керісінше, оларды қозғалуға, үнемі қимылда болуға итермелеу керек.

Берілген ұстаным Ф.Шмитке жасы кіші балаларды оқытудағы негізгі әдіс пен оқытудың құралы өнер екендігі жөнінде тұжырым жасауға жол ашады. А.Лихтварк пен Н.Романов сияқты, ол өнер тарихын көркем музейлерде оқыту мүмкіндігін жоққа шығарды (әсіресе, жасы кіші балаларға). Ол өнер алдындағы табиғаттың басымдылығын көрсете отырып, балалардың кәсіпқой шеберлердің жұмысын түсінуі, қабылдауы және музей аралауы олардың шығармашылық дамуына қауіп төндіретін стереотиптерді туындатады деген көзқараста болды.

Бұл мәселелер өз заманының теоретигі, өнер тарихшысы, сыншысы және көрнекті педагогі А.В. Бакушинскийдің шығармашылығында үлкен орын алады. Ол өзінің көркем тәрбиелеу теориясын көркем музейлердегі экскурсиялық жұмыс әдістерімен дәйекті үйлестіре отырып қарастырған еді. Ол бос «жол көрсетушілік» пен тарихи факт немесе сюжетті қайталап баяндауға батыл қарсы шыға отырып, шығармашылық белсенділікті тұлғаның ескерткішпен қарым-қатынас жасауы, тілдесуі арқылы оятуды жақтады.

Музейдегі жұмысты педагогикалық үрдіс деп қараған А. Бакушинский көрерменнің жас ерекшелігін қатаң сақтауды негізге ала отырып, оларға «әсер ету нысаны» емес, нағыз әріптес ретінде қарауды ұсынды. Ол «өнер туындысын қарастыруда иллюстративтік ыңғайға қарсы шығып, егер көркем шығарма суретшінің қызметін көрсететін символы іспеттес болса, онда ол көрерменнің де дәл сондай шығармашылық қызметін оятуы керек» деп сендірді. «Өнердің терең әлеуметтік құндылығы мен мәні және оның шығармашылық толқынысы осында» деп жазды ол.

А.Бакушинский өнерден «суретші шығармашылығының материалданған және тек сыртқы әлемнен алған әсері ғана емес, шынайы әлемнің өзін шығармашылық безендірудің нәтижесі екендігін» көрді.

А.Лихтварктің «өнерді музейде оқыту – бұл бәрінен бұрын көркем қабылдауды дамыту» деген ұстанымымен бөлісе отырып, ғалым өзінің тәжірибелік қызметінде негізгі назарды экскурсия өткізудің әдістемесіне аударды. Ол бұл туралы өзінің «Музейлік–эстетикалық экскурсия» (1919 ж.) атты еңбегінде баяндайды. Музей педагогын режиссермен қатар қойған А.Бакушинский «тұтас алғанда музейлік экскурсияның өзі дәл өнер сияқты шығармашылық жұмыс» деген тоқтамға келді.

Сонымен бірге, А.Бакушинский көркем тәрбиелеу әдістемесінің негізгі мақсаты – көрермен мен өнер арасындағы көркем ағза (организм) ретіндегі тікелей байланысты ашу деп есептеді.

Шмит және басқа да мамандардың ерте жастан баланың жан-жақты белсенділігін дамытудың қажеттілігін қолдай отырып, ғалым жасы кіші балалардың музейге баруына қарсы болған жоқ, алайда дәстүрлі өнертанушылық экскурсиялар емес, баланың ішкі жан дүниесін есепке алатын сабақтарды негізге алған еді.

А.Бакушинский экскурсиялық жұмыс тәжірибесінде негізгі үш шартты қоя отырып басты назарды оқытушыға аударды. Олар:

1. өнер туындысын өз басынан өткізе білу;

2. өнер туындысының тарихи-өнертанушылық мән-мәтінін білу;

3. топпен психологиялық амалдар арқылы жұмыс істеу.

А.Бакушинский тұлғаның толыққанды дамуына мүмкіндік жасай алатын мектеп аясының көркемдік ұйымын жақтады. Мұғалімді «мрамор» немесе «емен ағашына» ұқсас талғамсыз мектеп интерьерінен сақтандыра отырып, ол оның назарын балаларға, олардың осы ортаны құрудағы «ұжымдық көркемдік еркіне» аударды.

А.Бакушинский «балалар шығармашылығы үдерісінің өздері жасамаған көркем шығарма шабыт беретін аяқталу кезеңінде, жаңа шығармашылық қатарға қосылатын кіріспе кезеңінде болатын эстетикалық пайымдаудың мектептен алып тасталынуын өрескел педагогикалық қате» деп есептеді. «Мұндай шығармашылық пайымдаудың тәрбиелік және терең мән мағынасының – әсіресе ұлы шеберлердің өнер туындыларын уақыт пен кеңістіктің шегінен тыс бастан өткізу, оның жалпыадамзаттық мағынасын терең түсінудің маңызы зор және өте қажет».

Ғалым Н.Федоров идеяларының ықпалымен, мұндай эстетикалық пайымдау өзінің мазмұнының қарама-қарсылығына қарамастан, баланың шығармашылық тұлғасын қалыптастыруға әсерін тигізіп қана қомайды, сонымен бірге баланың жеке қабылдау түйсігіне де әсерін тигізеді.

А.Бакушинский өз жұмысының нәтижесіне саралау жасай отырып, өзінің шетелдік әріптестері сияқты, негізгі арқауы экскурсиялық цикл болатын музейлік–педагогикалық жұмыстың жүйесін құру қажеттігі туралы қорытындыға келеді. Бірақ осылай дей тұрғанмен, музейді аралау алдындағы алдын-ала дайындыққа назар аударылмады. Бұған қарамастан А.Бакушинскийдің Ресейде алғашқы болып кәсіптік өнертану мен педагогикалық тәжірибені біріктіру арқылы баланың көркем дамуына музей және мектеп арқылы ықпал жасауды ұсынуының маңызы өте зор.

А.Бакушинскийге Эрмитаждың көне (ескіліктер) бөлімінің сақтаушысы, көрнекті музей қызметкері және Петербургтің білім беру мекемелерінде өнерді оқытуға көп көңіл бөлген О.Ф. Вальдгауер өзінің көркем музейлердің педагогикалық мақсаты туралы көзқарастарымен жақын болды. Осы орайда ол мектепте көркем оқытудың бес сатысын біріктіретін өзіндік жүйесін жасады (1-8 сынып аралығында). Оның алдына қойған мақсаты - өнерді визуалды қабылдау және түсіну арқылы шығармашыл адамды қалыптастыруды еді. Сондықтан автор әдісінің негізгі тірегі - ескерткішті пайымдау және оған анализ жасай білу болып табылды. Өкінішке орай, О.Вальдгауердің тәжірибесі мен теориялық тұжырымдарының соңғы жылдары қажеттілігі аз болып қалды.

Осы орайда, XX ғ. алғашқы он жылдығында Ресейлік көркем тәрбиелеудің мақсаты – білім беру қызметіне ептілігі бар шығармашыл тұлға қалыптастыру екендігі анықталды. Осы мақсатқа жету үшін төмендегідей ұстанымдар анықталды:

– баланың жас ерекшелігін негізге ала отырып, бала қажеттігіне тірек болу;

– мұғаліммен ынтымақтастық;

– өнер туындысын түсінуде бастысы білім емес, көркем бейнені түсіне білу.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-05-26; Просмотров: 843; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.007 сек.