Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Жалпы сипаты 3 страница




Ертегі жанрының пайда болып, қалыптасу тарихы өте ұзақ. Оның түп-төркіні – алғашқы қауымда туған көне мифтер, аңшылық әңгімелер, хикаялар, әртүрлі кәде-ырымдар мен аңыздар. Өзінің қалыптасу барысында ертегі осы жанрлардың көптеген белгілерін бойына сіңірген. Бұл жанрлардың кейбірі өз бітімін мүлде жоғалтып, толық ертегіге айналған. Солардың бірі – миф жанры. Мифтің ертегіге айналу процесі бірнеше кезеңнен өткен.

Миф – алғашқы рулық қауымның қасиетті деп саналған құпия әңгімесі мен шежіресі. Оны ол кезде әркімге және әр жерде айта бермеген. Мифте маңайды қоршаған ортаның, дүниенің жаратылуы мен аспан әлемі жайында, рудың тотемдік бабасы, ілкі-атасы мен жасампаз қаһармандар туралы, олардың іс-әрекеттері жөнінде фантастикалық түрде баяндалған. Алайда, ол заманда осының бәрі ақиқат деп қабылданған, мифке жұрт кәміл сенген. Бірақ уақыт өтіп, адам санасы мен мүмкіндігі жетілген сайын миф өзгеріске ұшырап, бірте-бірте «қасиетті» сипатынан айырылған, құпия болудан қалған. Осының нәтижесінде мифке сенушілік те әлсіреген, ондағы оқиғалар мен кейіпкерлер басқа сипат қабылдаған, тіпті, мифті айтушы бара-бара өз жанынан да қосатын болған. Соның салдарынан іс-әрекеттердің де нәтижесі баяғы мифтік сипаттан айырылған. Мифтің себеп-салдарлық белгісі жоғалған. Бірте-бірте мифтің бұрынғы аясы тарылып, әңгіме жеке бір адамның тағдырын баяндайтын жағдайға келеді. Сөйтіп, миф хикаяға, содан соң ертегіге айналады.

Ертегінің тағы бір тамыры – алғашқы рулық қауым адамдарының аңшылық әңгімелері мен хикаялары. Алғашында шын болған оқиғалар негізінде айтылған әңгімелер (меморат) бірте-бірте ел арасына тараған сайын қоспалармен толықтырылып, хикаяға, одан ертегіге айналып кеткен. Осындай меморат түрінде айтылатын аңшы-мергендер жайындағы әңгімелер қазақ ертегілерінің құрамында аз емес. Әрине, олар біздің ертегіде сол ежелгі замандағы күйінде емес, көркем фольклорға айналған қалыпта көрінеді.

Алғашқы қауымдағы мифтік ұғымдар туғызған небір ғаламат мақұлықтар (жезтырнақ, жалғыз көзді дәу, албасты, жалмауыз кемпір, т.б.) бұрынғы аңшылар әңгімесіне кірігіп, хикая туғызады. Хикая жанры мифтің өзімен бірге ертегіге де айналады. Оның ертегі құрамында жүретіні де сондықтан. Бірақ мифтің ертегіге айналу жолында хикая мен ертегі қатар өмір сүреді, сол себепті миф, әсіресе, хикая өзінше жеке айтылып, елге жайылады. Қазақ халық прозасында осы процесс түгел дерлік із қалдырған. Жалпы, ертегілердің пайда болып, қалыптасуының алғашқы кездерінде ел оны қиял деп ойламаған, онда баяндалатын оқиғаға сенген, себебі ол шақта ертегі өз төркінінен алшақ кете қоймаған, сондықтан көркемдік қызмет те атқармаған. Ал, көркем фольклорлық жанр болып қалыптасқан классикалық ертегіде қиял мақсатты түрде пайдаланылады, сондықтан ол әсіреленіп, ғажайыпқа айналады және біршама өзінше дамып отырады. Ертегідегі ғажайып қиял (фантастический вымысел) адамның күнделікті көріп жүрген заттары мен құбылыстарын саналы түрде басқаша етіп көрсетеді, өйткені, бұл жанрда ғажайып (фантастика) көркем-бейнелеуіш құрал ретінде қолданылады.

Өмірде болатын нәрсенің өзін әдейі өзгертіп көрсету – ертегінің өзіндік қасиеті болғандықтан, ертекші де оның мазмұнын барынша әсірелеуге, ғажайыпты етуге күш салады. Сонымен бірге ертегідегі оқиғалар мен іс-әрекеттердің қаншалықты әсерлі болуы ертекшіге ғана емес, сондай-ақ тыңдаушыға да, ертегінің айтылу жағдайына да байланысты. Ертегіде қиял мен ғажайып әрі идеялық та мақсатта қолданылады, себебі классикалық ертегі адамның рухани азығы болуымен қатар идеологиялық та қызмет атқарған. Ертегінің көркем баяндалуында сюжеттен де гөрі композицияның рөлі артығырақ. Ертегінің композициясы бас қаһарманды дәріптеуге бағындырылады, сөйтіп, ол белгілі бір қалып бойынша құрылады. Мұның бәрі ертегіге идеялық, мазмұндық және көркемдік тұтастық береді. Осы тұтастық бұл жанрға басқа да қасиеттер дарытады: композиция мен эстетикалық мұраттың бірлігі әрі тұрақтылығы, уақыттың тұйық болуы, көркем шарттылықтың міндеттілігі, ауызекі сөйлеу тіліне сәйкестігі, тұрақты тіркестердің қолданылуы, т.т.

Ертегінің поэтикасы мен композициясы көркем әрі жүйелі. Композициясы бірнеше бөлшектен тұрады: бастама – эпикалық баяндау – аяқтау. Бастама, әдетте, өлең немесе ұйқасқан проза түрінде бас кейіпкердің ата-анасы, оның дүниеге келуі туралы айтып, тыңдаушыларды бас кейіпкермен таныстырады.

Эпикалық баяндау қаһарманның өсуі мен үйлену тарихын, оның бастан кешкендерін әңгімелейді.

Аяқтауда кейіпкердің сүйгенін алып немесе ойлағанын іске асырып, мұратына жеткені хабарланады. Бастама мен аяқтау көбінесе тұрақты тіркес түрінде болып келеді.

Өзінің ұзақ тарихында ертегі жанры әр дәуірдің, әр қоғамның болмысы мен түсініктерінің, нанымдарының әртүрлі іздерін сақтап қалған, біздің заманымызға жеткізген. Ертегіде, әсіресе, феодалдық қоғамның көрінісі молырақ бейнеленген. Қазақ ертегілерінде хандық заманның шындығы, сол шақтағы әдеттер мен нанымдар, салт-дәстүрлер, тұрмыс кейпі көбірек көрініс тапқан.

Қазақ ертегілері жанрлық әрі сюжеттік құрамы жағынан әр алуан. Ол іштей бірнеше жанрға бөлінеді: жануарлар жайындағы ертегілер, қиял-ғажайып ертегілер, батырлық ертегілер, новеллалық (хикаялық) ертегілер, сатиралық ертегілер. Сюжеттер құрамында тек қазақтың өзіне тән ертегілермен қатар, басқа елдермен ортақ ертегілер де бар. Олардың көбі тарихи-типологиялық жағдайда пайда болған, біразы тарихи-генетикалық, яғни туыс халықтарға ортақ болып табылады, кейбірі тарихи-мәдени байланыс нәтижесінде қазақ жұртына тараған. Сол себепті қазақ ертегілерінің арасында таза ұлттық та, халықаралық та, көшпелі де сюжеттер қатар өмір сүрген.

Этиологиялық ертегі. Бұл топтағы ертегілердің жанрлық ерекшелігі оның синкреттілік сипатында, яғни мұнда көзбен көріп, қолмен ұстап алатын жанрлық белгілер жоқ. Бұларды даралап тұратын нәрсе – себепті-салдарлық баяндау, бірақ соған қарамастан мұнда тұрақты композициялық құрылым жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда, бұл ертегілер этиологиялық мифке жақындайды. Ал, кейіпкер-жануарларды суреттеу мен олардың мінез-құлқын бағалауда ертегіге жақындайды. Рас, қазақтың төрт түлік туралы кейбір төл шығармаларында кейіпкер-жануар бейнесі тотемистік түсініктегі мифте көрінетін жануарлармен ұқсас болып келеді. Мысалы, ботасын іздеп боздаған бозінген жайындағы немесе иесінің қамын ойлайтын сырттан ит туралы шығармалар әлі шын мәніндегі ертегіге айналып үлгермеген, мұндағы жануарлар мифтегі сияқты «қасиетті» деп есептелген. Бұл – қазақтың жануарлар жайындағы этиологиялық ертегілерінің басты ерекшелігі.

Аталмыш ерекшелік – этиологиялық ертегінің мифпен жақындығы – «Мүшел», «Хайуандардың жыл басына таласуы», «Үркер» сияқты шығармаларда айқын сезіледі. Мұнда аспан әлемінің сыры, жыл он екі айдың болуы қазаққа жақсы таныс жануарлардың мінез-құлқымен, іс-әрекетімен байланысты түсіндіріледі. Қадым заманда ел шындық деп қабылдаған бұл мифтер келе-келе ертегілік сипат ала бастаған. Өмірді, әлемді практикалық түрде танып, тәжірибесі толысқан көшпенділерге қыстың ұзақ болатынына сиырдың еш кінәсі жоқ екені, сол сияқты он екі айдан тұратын жыл басының тышқан аталуына ашықауыз түйенің еш қатысы жоқ екендігі белгілі болған. Сөйтіп, ел бұл мифке сенбейтін болған. Бір кездерде дүниенің жаратылысы туралы болжам жасаған мұндай мифтер елді қанағаттандырған еді де, халық сол арқылы әлем туралы өз түсінігін пайымдаған болатын. Сондықтан да «Үркер», «Жыл басына таласқан хайуандар» сияқты ертегілер космогониялық мифке тән сипатын сақтай отырып, әлдеқашан ертегілер тобына қосылған және олардың сипатты белгілеріне ие болған[491]. Олардың құрамына ертегілерде кең тараған мотив-жануарлар жарысы енгізілген және мұнда түйенің аңқаулығы мен тышқанның қаптесер қулығы миф емес, көркем ертегі тұрғысынан бейнеленген. Олардағы жануарлар образынан адам бейнесі көрінеді, демек оларда хайуанаттар туралы ертегіге тән аллегориялық сарын, үн бар. Міне, осындай себепке байланысты аталған шығармалар жануарлардың белгілі бір қасиетін, шығу тегін түсіндіре баяндамаса да, этиологиялық ертегілер қатарына жатады.

Таза этиологиялық ертегіде шарттылық басым, аллегория айқынырақ. Сол себепті ондағы оқиғаға айтушы да, тыңдаушы да сенбейді. Сондықтан таза этиологиялық ертегілер күлдіргі болып келеді де, көбінесе балаларға арналып айтылады. Екінші жағынан, олардың құрылымы драмалық оқиғаларды кіргізіп отыруға ыңғайлы болады.

Көптеген этиологиялық ертегілерде жануарларға берілетін мінездеме классикалық ертегілермен бірдей. Мәселен, түлкі – өте қу әрі тақыс. Осындай жылпостығымен ол қоянды құйрығынан айырады. («Қоянның құйрығы неге қысқа, түлкінің құйрығы неге ұзын?»). Түйеге үнемі аңқау және ақкөңіл деген мінездеме беріледі («Түйе су ішкенде неге артына қарайды?»). Бұл сияқты этиологиялық ертегілер бұрынғы ел сенген мифтік сипатынан айрылған және олар классикалық ертегімен қатар өмір сүргендіктен соған жақындаған, тіпті, бір-біріне әсер де еткен. Кейбір жағдайларда классикалық ертегінің аяқталуы этиологиялы (себепті) болып келуі - осының айғағы. Мысалы, өте қу, залым түлкіні кішкентай ғана бөдененің алдап кеткенін баяндайтын классикалық ертегі бөдененің құйрығының қысқарып қалу себебін түсіндірумен аяқталады.

Хайуанаттар туралы этиологиялық ертегілер кейде қиял-ғажайып ертегілердің де оқиғасын пайдаланады және сол арқылы адамгершілік пен адалдық проблемаларын көтереді. Айталық, қиял-ғажайып ертегісінің өте бір айшықты кейіпкері айдаһар этиологиялық ертегіде бүкіл өзінің болмысын көрсетеді: өлгелі жатса да, қан ішуді мақсат тұтып, ол масаны дүниеде кімнің қаны тәтті екенін біліп келуге жұмсайды. Бәрінен де адам қаны тәтті екен деп айдаһарға хабар бергелі келе жатқан масаның тілін қарлығаш жұлып алады. Қаһарланған айдаһар қарлығашты жеймін деп шап бергенде, аузында оның құйрығы ғана қалады. Содан бастап маса тек ызыңдайтын болады да, ал, қарлығаштың құйрығы айыр болып қалады және ол адамға үйір болып, ұясын үйдің ішіне немесе қораға салатын болады. Міне, мұнда қарлығаш пен айдаһардың қақтығысы арқылы әділеттік пен зұлымдықтың күресі бейнеленіп, үш бірдей сұраққа жауап берілген.

Жануарлар жайындағы этиологиялық ертегілердің мазмұны мен композициясы бейнеленіп отырған жануар не себепті белгілі бір сипаттармен дараланады деген сұраққа жауап беруге бағындырылады. Сырт қарағанда, мұнда классикалық және мысал ертегілерде айқын көрінетін аллегория жоқ сияқты. Бірақ мүйізінен айырылған түйе де, түнде ғана ұшатын жарқанат та адамды суреттейді, адам мінезін сипаттайды. Ендеше бұлардың образы жаңа қасиетке ие болады, олардың қылықтарынан адамның іс-әрекеті аңғарылады.

§ 4. Қиял-ғажайып ертегі

Қиял-ғажайып ертегі – қазақ халық әдебиетіндегі ең көне жанрлардың бірі. Оның шығу мезгілі – алғашқы қауымдық қоғам дәуірі. Сондықтан ертегінің бұл түрінде адамзаттың ертедегі өмірінің көптеген белгілері сақталған. Мысалы, матриархат заманына тән аналық ру мен көптеген әдет-ғұрыптардың көріністері (дуальдық ұйым, аналық мекен, аналық неке, кувада, авункулат, т.т.), ерте заманғы анимизм, тотемизм, магия сияқты діни нанымдар мен сенімдер. Бірақ көне дәуірдің бұл көріністерін кейінгі заманда халық тек қиял ғана деп түсінген. Сол себепті де ертекшілер әңгімесін «ерте уақытта болған» деп ескертеді.

Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері жанрлық жағынан біркелкі емес, оның құрамында алғашқы қауымға тән қарапайым әңгімелер, батырлық ертегілер кездеседі, сондай-ақ тұрмыс-салтты авантюралық шығармалар да ұшырасады. Демек, ертегінің бұл түрі жанр жағынан синкретті.

Айтылмыш жанрдың сюжетіне, поэтикасы мен құрылысына батырлық жыр үлкен ықпал еткен. Көптеген қиял-ғажайып ертегілерінің сюжеттік желісінде батырлық жырындағыдай тұрақты прологтар мен эпилогтар бар. Әдетте, сюжеттің прологында ертегі қаһармандарының кәрі ата-анасы мен оның тууы туралы баяндалады: қартайғанша перзент көрмей, қубас аталған кемпір мен шал Құдайдан бала сұрап, әулие-әнбиелердің басына түнеп, жалбарынады. Кемпір-шалдың тілегі қабыл болып, бір бала туады. Ол – ертегінің бас кейіпкері, батыр, ержүрек жауынгер. Ал, бас қаһарман туралы әңгіме біткен соң негізгі сюжетке жалғасатын эпилогта кейіпкер мен оның жанындағылардың әрі қарайғы тағдыры сөз етіледі. Эпилогтағы бас кейіпкер, көп жағдайда, негізгі сюжеттегі қаһарманның баласы немесе інісі болып келеді. Ол ендігі жерде ағасы, не әкесі бастап, үлгіре алмай кеткен істі тындыруға тиіс.

Қазақ қиял-ғажайып ертегілерінің сюжеттік құрамы да әралуан. Атап айтсақ, онда барлық халықтың өзі шығарған халықаралық сюжеттер, бізге басқа халықтардан ауысқан және тек өзімізге тән сюжеттер бар. Бұл кездейсоқ емес. Қазақ халқы сахарада жеке, дара ғұмыр сүрген жоқ. Ол өмір бойы басқа халықтармен қоян-қолтық аралас, тығыз қарым-қатынаста болды.

Ерте заманда туып, көне дәуірдің көріністерін сақтап келсе де, қиял-ғажайып ертегілер халқымыздың тұрмысын, салтын бейнелейді, күнделікті өмірін көрсетеді. Әрине, өмір шындығын қиял-ғажайып ертегілер тікелей, сол қалпында емес, эстетикалық тұрғыда алып көрсетеді. Өмірдегі тартыстар, болмыс көріністері, адамдардың қарым-қатынасы – бәрі халықтың эстетикалық рухында түзіледі.

Сөз болып отырған ертегілердің бас қаһарманы, эстетикалық мұраты – халық идеалы. Ертегі тек халық мұратын мадақтайды. Қазақ ертегілерінің бас қаһармандары – аңшы-мерген, жауынгер-батыр, кенже бала, тазша және әлеуметтік теңсіздіктегі бұқара өкілі. Бұлардың бәрі халық арманынан әр кезде туған идеал кейіпкерлер, яғни идеал – тарихи құбылыс. Ертеде, ол табиғаттың дүлей күштерімен алысып, күнделікті өмір үшін аң-айуанаттармен күрескен кезде, халықтың арманы, идеалы – соларды жеңетін балуан, күшті батыр, мерген болды. Ертегіде ол – неше түрлі ғажайып тажалдармен соғысып, жеңіп шығатын аңшы-мерген.

Кейінгі дәуірде, адамзат рулық қоғамға көшкенде халықтың идеалы өз руын бөтен елден, шапқыншы жаудан қорғайтын жауынгер батыр болды. Бұл бейне қазақ ертегілерінің біразында кездеседі. Рулық қоғам ыдырай бастағанда – идеал басқа. Енді ол – ыдырап бара жатқан қоғамның дәстүрін қолдаушы, ата жолын қуушы. Ол қазақ өміріндегі қара шаңырақтың иесі – кенже бала. Біздің көп ертегілерімізде бас кейіпкер осы кенже бала болып келеді.

Қоғамда әлеуметтік теңсіздік шарықтау шегіне жеткен кезде ертегі идеал етіп, мадақтайтын бейне – әлеуметтік теңсіздіктегі бұқара өкілі, жәбірленуші, жапа шегуші. Бұл кезде қиял-ғажайып ертегілер өмірге тікелей жақындап, толық бұқараланады, бұқара арманын дәріптеп, халық мұратын эстетикалық мұратқа айналдырады.

Айтылмыш жанрдағы басты тақырып – сиқырлы заттардың көмегімен бас қаһарманның небір ғажайыптар мен қыруар қиындықтарды жеңіп, мұратына жетуі. Мұның үстіне үнемі әділеттік жеңіп, зұлымдық әшкереленіп отырады. Ертегілердің бұл түрінде дәстүрлі идеялардың жиынтығы оның композициясымен, сюжеттік желілерімен және қаһармандардың айқын анықталған идеясымен біте қайнасып кеткен. Бұл қатаң бірліктен сәл ауытқу қиял-ғажайып ертегісінің мүлдем бөтен түрін туғызады. Егер қаһарман барлық күшін сарқа пайдаланып, небір қиындықтарды жеңіп шықса, ол батыр атағына ие болады да, мұндай қаһарманы бар ертегі өзіндік ерекшелігімен дараланатын батырлық ертегілер деп аталады. Екінші жағынан, дәстүрлі композициядан ауытқу қиял-ғажайып ертегілеріне жақын әрі біршама бөтен идеялармен байланыстырылады.

Қиял-ғажайып ертегілердің классикалық типі қаһарманды басқа дүниеге аттандыру, ғажайып құралдарды табу, қиын тапсырмаларды орындау, құда түсу, жауыз күштерден құтылу сияқты композициялық бөлшектерді қамтиды. Ол көбінесе қаһарманның үйленуімен және таққа отыруымен аяқталады. Ертегілердің классикалық түрі шығыс пен батыс халықтарына кең таралған. Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері ерекше дара тұрған дүниелер емес, оның көптеген сюжеттері дүниежүзіне белгілі ертегілердің нұсқалары болып келеді[492].

Ертегі, әдетте қаһарманның үйден аттануымен басталады. Оның себептері де әртүрлі: бірде үйірімен жылқы ұрланып, ағайынды жігіттер ұрыны іздеп шығады («Сәрсенғали»), бірде мыстан кемпірдің алдын ала ескертуі бұзылып, әкесі оған ұлын жіберуге мәжбүр болады («Қаратай»), бірде қаһарманның шешесін Алып Қарақұс әкетіп, қаһарман оны іздеуге шығады («Қанбаба»). Басталудың мұндай типтері барынша көне болып келеді. Ғажайып образдар арқылы өрнектелген табиғаттың жауыз күштері мен адам арасындағы арасалмақтың бұзылуынан сюжет арқауы тарқатылып отырады.

Ежелгі рулық салттардың ыдырауына және отбасы ішіндегі алауыздықтың пайда болуына байланысты ертегіде де өзгеріс пайда бола бастайды. Айталық, полигамдық жағдайындағы күндестік өз көрінісін табады. «Алтын айдар» мен «Үш қыз» атты ертегілерде бәйбіше тоқалдан туған баланың орнына күшік салып қояды, хан тоқалды үйінен қуып жібереді. Ал «Байдың кенже ұлы мен пері» ертегісінде кіші ұлының берген кеңесіне шамданған әке оны үйінен қуып жібереді.

Кейінірек қоғамдағы қайшылықтар күшейе түскен кезде ертегілерге әлеуметтік сарын ене бастайды. Сөйтіп, ертегіде кедей жігіттің әйелін ұнатқан хан оны өлтіру ниетімен әртүрлі қиын жұмыстарға жұмсайды («Барып кел де, алып кел», «Адам білмес тас»).

Сонымен, қаһарман үй-ішімен қош айтысып, жолға шығады. Оның алдында неше түрлі сиқырлы заттарды немесе қалыңдығын табу мақсаты тұрады. Кейде оны сапар шегуге итермелейтін өзінің табиғи әуесқойлығы болады. Қолына темір таяқ ұстап, аяғына темір етік киіп, қаһарман беймәлім, жат сырлы дүниеге – алыс жолға сапар шегеді («Ер Төстік», «Қанбаба»). Жат сырлы дүние бірде жердің үстінде, бірде астында, бірде көкте болып шығады. Кейде ол адам басып өте алмайтын шөлді құм дала арқылы өтетін биік таулардың арғы жағында болады. Оған жету үшін дамылсыз қозғалып тұратын «жаны бар» алып таулардан, жанып тұрған теңізден немесе аспанды тіреп тұрған асқар таудан өту керек. Қазақ ертегілерінде жырақ жатқан тылсым дүние ашылып суреттелмейді, жалпылама аталады және ол кәдімгі қазақ жеріне ұқсас болып келеді.

Ежелден дала перзенті – көшпелі қазақ халқының ертегілерінде шексіз дала мен биік таулардың кездесуі – таңданарлық құбылыс емес. Оның пейзажы, көбінесе, шетсіз-шексіз шөлге айналып отыратын дала мен көз ұшында көкжиекпен астасатын таулар болып келеді. Рас, кей-кейде шекаралық бір меже кездесіп қалып отырады. Мәселен, биік таудың басында жалғыз үй тұрады, оның ішінде жалмауыз кемпір отырады. Алайда, бұл арадағы жалмауыз кемпірдің сақшылық қызметі қосалқы рөл атқарады. Көп жағдайда қаһарман айдалада немесе дарияның жағасында өсіп тұрған жалғыз бәйтерекке тап болады. Ол ағаштың басындағы Алып Қарақұстың немесе Самұрықтың ұяда жатқан балапандарын айдаһардың аузынан құтқарады. Сол үшін қаһарманды Самұрық жат сырлы дүниеге жеткізіп салады («Адам білмес тас», «Сиқырлы құс», «Үш қыз» және т.б.).

Қаһарманның Самұрық құстың көмегімен жеткен жері малға толы жайлау, көкорай шалғынды аңғар не үлкен қала болып келеді, кей-кейде сусыз шөл немесе адам аяғы баспаған құла дүз болуы да мүмкін. Бейтаныс қаланы ұзақ шарлап, ешбір адамды кездестіре алмаған қаһарман кенеттен бір балаға тап болады. Оған қарай асыға ұмтылып, тақап келгенде, бала шыңғырып жібереді де, құлап түседі. Сөйтсе, бұл қаланың тұрғындары – перілер екен («Онда бар да, мұнда алып кел»).

Жат сырлы дүниеде қаһарман бұрынғы келбетін өзгертіп, адам танымастай қалыпқа келуі керек. Қаһарманды бұлайша бүркемелеу көптеген елдердің ертегілерінде кездеседі. Самұрық құс кейіпкерді жұтып алып, қайта құсады да, оны танымайтын қылады («Қанбаба», «Адам білмес тас»). Бет перде жамылған қаһарман бірде қойылған сұрақтардың барлығына «білмеймін» деп жауап береді («Білмес»), бірде сүйкімсіз тазшаның кейпіне келеді («Әли мен Тәби»), бірде басына қойдың қарынын жамылып алады («Ермек»), т.т.

Қаһарманды жат сырлы дүниеде күтіп тұрған не? Ол – мұнда өзі күй шығаратын домбыра, адам білмес тас, қолма-қол тағам даярлайтын дастарқан, бүкіл дүниені көрсететін айна, ғажайып қазан сияқты сиқырлы заттар. Сондай-ақ ол мұнда су патшасының қызы мен көк Тәңірінің қызы Күнікей сияқты сұлуларға тап болады. Сиқырлы заттардың көмегі мен кеңесіне сүйенген қаһарман жат сырлы дүниеден іздегенін тауып, жер бетіне оралады. Қазақ ертегілерінің көпшілігінде қаһарман жерге қайту жолында зұлым күштердің кедергісіне ұшырамай, қайту сапары сәтті аяқталады. Алайда, зұлым күштер тап берген жағдайларда кейіпкер олардан қашып құтылуға мәжбүр болады: жалмауыз кемпірден қашқан қыз артына тарақ, ине, айна сияқты заттарды тастап отырады, ол заттар дереу орманға, тауға, көлге айналып кетеді; қаһарман кейде өзінің жауыз ұстазынан бірде түлкі, бірде үйрек, бірде балық болып, әртүрлі айла-әдістермен шебер жасырына қашып құтылады («Қыздар мен жалмауыз кемпір», «Тазша бала», «Оқымысты бала»).




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 1534; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.034 сек.