КАТЕГОРИИ: Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748) |
Жалпы сипаты 8 страница
Ағарды қасіреттен сақал-мұрты.
Қазық – Темірқазық, екі жылқы – Ақбозат пен Көкбозат, жеті Жетіқарақшы жұлдыздарының атаулары. Жұмбақтан тағы бір мифтің шеті қылаң береді. Ол Жетіқарақшының қызға ғашық болуы. Қыз – Шолпан жұлдызының ауыстыруы, Шолпан – аспандағы жарық жұлдыздардың бірі. Космонологиялық миф негізінде шыққан жұмбақ татарлар арасында да сақталған:
Казыкка бәйләнгән ике атым дулый, Дуласа да бер тирәдән китә алмый[539].
Бұл жұмбақта үш жұлдыз – Темірқазық, Ақбозат пен Көкбозат айтылған, Жетіқарақшы туралы сөз жоқ. Яки қазақ жұбағында миф кеңдеу, толығырақ қамтылған. Жұмбақта қолданылатын теңеудің басқа жанрларға қарағанда өзгешелігі бар. Егер басқа жанрларда теңестірілген зат анық айтылып отырса, жұмбақта жасырған затты табу тыңдаушыға жүктеледі. Теңеу әлгі жасырылған заттың сыр-сипатын, қасиетін астарлы түрде жеткізуге көмектеседі. Жұмбақта заттың, не құбылыстың бір ғана қасиеті айтылып қоймай, бірнешеуі қабаттаса беріледі. Сұм жүзді, құралай көзді, Киікше секірген, Бура санды, жолбарыс тонды – дегенде бес теңеу қолданылғанын санап шығуға болады. Жүзі – сұм, көзі – құралайға, секірісі – киікке, саны – бураға, тоны – жолбарысқа ұқсатылған. Тыңдаушы әлгі айтылған белгілерді көз алдына келтіре отырып, оның құрбақа екенін шамалауы мүмкін. Шегіртке туралы жұмбақта: Ат басты, Арқар мүйізді, Бөрі кеуделі, Бөкен санды, – деп, бірнеше қасиетін жұптап айту жолымен оның кескін-пішінін сурет салғандай елестете алған. Қазақ жұмбағында қолданылатын теңеулердің дені – көру теңеулері. Олай болу себебі – жұмбақ нысананы абстрактылы, дерексіз қозғалыстарға ұқсату арқылы емес, нақты деректі көзбен көретін қимылға ұқсатып, елестетуді қалайды. Жұмбақ жасырылған заттың барлық қасиетін айтып жатпай, бір ғана қырынан елес беруі мүмкін. Жасырылған заттың өзіне тән сипат белгісін, түсін, дыбыс-үнін не басқадай ерекшелігін жеткізуде поэтикалық құрал – айқындауыштың (эпитет) орны ерекше. Айқындау көбіне ауыстырулармен бірге жұмсалып, оны нақтылай түсуге септеседі[540]. Айталық, «көк» айқындауышы көбіне түтінге байланысты қолданылады, «көк көйлек», «көк ит», «көк сиыр», «көк өгіз» тәрізді айқындаулармен қабаттаса келіп, түтіннің түсін тұспалдайды. Аспан әлемін сипаттаған жұмбақта «көкше теңіз», «көк шатыр», немесе қарбызды «көк лаққа» телуі осы сөзімізге дәлел. Бұл жағдайларда ауыстыру бейнелі мағынада жұмсалады. Жоғарыда келтірілген мысалда түтін көйлекке, итке, сиырға, өгізге ұқсатылады, оның тұрақты айқындауышы – «көк», себебі – көк түс құбылыстың көзге түсер белгісі. Жұмыртқаны арқау еткен жұмбақтарда «ақ» тұрақты түрде қолданылады. «Кодекс куманикусте» мынадай жұмбақ бар:
Ақ үй – емшегі, аузы жоқ.
Қазақтың төл жұмбақтарына назар салайық:
Ақ отаудың есігі де жоқ, Тесігі де жоқ.
Айдалада ақ отау, Аузы-мұрны жоқ отау.
Айдалада ақ сандық, Аузы-мұрны жоқ сандық.
Бұл жұмбақтардағы метафораларда тұрақтылық жоқ, ол «үй», «отау», «сандық» түрінде ауысып келіп тұр, тек онымен бірге қолданылатын «ақ» эпитеті үш жұмбақта да оның ажырамас белгісі түрінде жұмсалған. «Қара» эпитеті бір нысанаға алынған заттың түсінен хабардар етсе, стильдік айшық түрінде келеді: Қара тоқтыны қайырып соқтым (Түндіктің ашылып, жабылуы). Қара атым қалтырауық, Қабырғасы жалтырауық (Су). Қабақта қара бурам шөгіп жатыр (Қазан). Қара тайым мықты, Қара бием сүтті (Қазан, ошақ).
Қара күшігім қабаған, Артына киіз жамаған (Қақпан).
Қара бием қалт етті, Қабырғасы жалт етті (Шалғы).
Топтанып келе жатыр қара қабан, Ойлаған жерлеріне тынбай барған, Аузынан қара көбік бұрқ-бұрқ шығып, Болдырып шаршамайтын сондай айуан (Паровоз).
Айқындаулар басқа көркемдегіш құралдар сықылды көп қызметті, әр жанрдың төл ерекшелігі, мақсат-мүддесіне орай айқындаудың қызметі ыңғайласып отырады. Метафора кейде кейіптеу түрінде бой керсетеді. Жұмбақ табиғат құбылыстарын құдды тірі адамдай суреттеп, оған жан бітіруге бейім. Жұмбақ неғұрлым қиын болса, оны шешу соғұрлым күрделі. Осыны күрделендіру мақсатымен көбіне жанды зат болса, оны жансыз затқа теңестіріп айтады. Керісінше, жансыз затты жанды затқа балап, соның қасиеттерін дарыта бейнелейді. Кейіптеудің түп-төркіні адамзат дамуының төменгі сатыларындағы анимистік түсініктермен тамырласады. Бағзы дәуірде адамдарға жаратылыстың, қоршаған ортаның сырлары құпия болған, кез келген құбылыстың жаны бар деген ұғым қалыптасқан. Табиғат құбылыстарының өзгерістері мен тынымсыз қозғалыстар себебін білмегендіктен бұрын жұлдыздар мен күн, ағаштар мен өзендер, бұлт пен желді тірі жандардай туатын, өлетін, дем алып, тыныстайтын, көбейетін, жүретін нәрселер деп ұққан. Сондықтан найзағайдың күркіреуі, жұлдыздардың ағуы, кемпірқосақтың шығуынан тірі пенделерге тән мінез-құлықты байқап, олардың қозғалыстарын жануарлардың әрекеті, тіршілігі деп бағамдаған. Анимистік түсініктер кейін із-түссіз жоғалып кетпей, мифтердің өзегіне айналған, ертегілердің сюжеттік желілерінде де оның сілемдері айқын. Сонымен түйіп айтсақ: адам баласы өзін қоршаған табиғат әлемінен ажырата алмай, тұтас қараған кезде өзінің төл қасиеттерін табиғат объектілеріне айналдырып айту өрістеген. Уақыт өте келе адамдардың ой-санасы, дүние тану дәрежесі биіктеп, әлемді өз қалпында ұғынуы қалыптасқан мезгілде кейіптеу стильдік-көркемдік құралға айналған, әдеби, эстетикалық сипат алған. Демек, кейіптеудің тұғыры боп, нәр берген арналары – атам заманғы діни сенімдер болғанымен, оның көркем категория ретінде берік орнығуы – соңғы дәуірлердің жемісі. Кейіптеудің ең ескі саласы табиғат құбылыстарына байланысты өрбіген, өйткені, мұнда көркемдік мақсаттан гөрі баян еткен нәрселердің жандылығына аңғырт сәбилік иланым басымырақ мән берген. Жұмбақтардағы кейіптеулердің бірсыпырасы байырғы сенімнен туғанымен араға уақыт сала, басқа кейіпке түскен, танығысыз боп өзгерген. Қазақ жұмбақтарында тек табиғат құбылыстары ғана емес, сонымен бірге тұрмыстағы заттар, шаруа құралдарына қызықты қимылдар жасатып, тың шырай беру мәнері өрістеген. Жұмбақ жансызды қимылдатып қана қоймайды, сонымен бірге сөйлетеді де. Кейбір заттар адамша сөйлеп, адамша ойлайды, хатты «аяғы жоқ, жүреді, аузы жоқ, сөйлейді» деп астарлап сөйлеу – осы ойымызға айғақ. Құйынды:
Ашуланып бұртиды, Аузы көпіріп құтырды, Ашушаң ақымақ Кез келгенді ұшырды, –
деп бейнелейді. Көк көйлекті жеңешем Көлбең-көлбең етеді. Артындағы баласы Елбең-елбең етеді, –
деген жұмбақты естіген адам оның түтін екенін тап басып, біле қоюы қиын. Самаурынды жанды адам ретінде сипаттау – қазақ жұмбақтарына тән. Оны бірде «келіншекке», бірде «кемпірге», «молдаға» балайды. Самаурынның бұрқылдаған сәтін «зікір салған қожа-молдаға» ұқсатып, жанды адамдай суреттеу тәсілі төмендегі жұмбақтан байқалады:
Ақсәлделі қожалар Зікір салып, сұңқылдар, Өз тамағы тойған соң Бейне жынды бұрқылдар.
Самаурынды хайуанға теңеп: «Салдыр-салдыр сары айғыр, ашуланса кісінер» деп суреттейді. Демек, жансыз затқа қимыл – әрекет дарытып, қозғалыс үстінде елестету – жұмбақтың ең сүйікті тәсілінің бірі. Жұмбақтың жиі қолданатын тәсілі – шендестіру. Ол бір-біріне кереғар құбылыстарды, мән-мағынасы әр тарап ұғымдарды, түр-түсі әр бөлек нәрселерді өзара бетпе-бет қою арқылы бұлардан мүлде басқа бір құбылыстың, ұғымның, нәрсенің суретін, сыр-сипатын, кескін-келбетін анықтау, аңғарту, елестетуді діттейді[541]. Ақ сиыр тұрып кетер, Қара сиыр жатып қалар.
Шешуі – қардың кетуі. Мұнда «ақ пен қара» бір-біріне қарама-қарсы түстер. Осылайша, алшақ жатқан екі түсті және «тұру» мен «жату» етістіктерін қатар қою арқылы қардың кетуін елестете бейнелейді. Сиыр – ауыстыру, яғни әрі шендестіру, әрі ауыстыру қызметінде жұмсалып тұр. Немесе: Қара сиырым қарап тұр, Қызыл сиырым жалап тұр, –
деген жұмбақта қазан мен оттың түстерін қарама-қарсы қою жолымен сипаттайды. Заттардың әртүрлі қасиеттерін тілге тиек ету арқылы жасалатын шендестіру үлгілері баршылық:
Базардан әкелген бұлымыз, Жан терісін тіліңіз. Еті – арам, сорпасы – адал, Мұны не деп біліңіз (Құдықтың суы, топырақ).
Отырса – аттан биік, Тұрғанда – аласа. Ойлап көрсеңіз, Бес жанды бір жансызға мінгескен, Айналып ақ тақырдан із кескен (Бес саусақ пен қалам).
Өзі – жаңа, Өзі – тесік (Елеуіш).
Жұмбақта адам ойына келмейтін оқыс, шындықтан шалғай құбылыстарды бейнелеп көрсете беру қалыпты машық болып табылады. Осылайша тыңдаушыны жауапты тап басудан адастырады. Мысалы, найзағай туралы:
Әуеден күбі түсті, Күбінің түбі түсті, –
деген жұмбақты алайық. Әрине аспаннан күбінің түсуі – өмірде болмайтын, қисынсыз, адам сенбейтін сурет. Оқыс сурет адамды бейжай қалдырмайды, шешуін іздеп, басын қатыруға жетелейді. Немесе:
Қырымда бір құдық бар суы батпан, Сол суы шілде күні мұз боп қатқан. Сіресіп, бауырдай боп қатқан мұздың, Бетіне бетегесі шығып жатқан, – деген шумақтағы образды жолдар, күрделі ауыстыру тыңдаушыға ой салмай қоймайды. Қырым – жер аты, қазақтың дәстүрлі фольклорында ежелден бар бір кездегі тарихи жағдаяттарды, Алтын Орда, Ноғайлы дәуірлерін еске түсіретін атау. Қырымдағы құдық ауызға алынады, алайда, оның суының шілде күні, жаздың ыстығында мұз боп қатуы кісіні иландырмайды, десек те, тыңдаушыны селт еткізеді, ой-қиялын әр тарапқа жүгіртеді. Образды ой одан әрі үстемелене, еселене түседі. Сіресіп қатқан мұздың бетіне бетегесі шығып жатуы қалай? Жұмбақтың шешуі күнде ішіп жүрген айранымыз. Алайда, оның шешуін табуға ойы ұшқыр болмаса, кез келген кісінің зердесі жете қоймайды. Жұмбақ әлгіндей оқыс сурет, парадокстарға әдейі ұрынады[542]. Мұндай поэтикалық тәсілді әдебиеттануда оксюморон дейді. Оксюморон –мағынасы, түр-түсі жағынан әр бөлек, тіпті, бір-біріне жуыспайтын құбылыстарды, нәрселерді жақындата, тоғыстыра бейнелеу. Бір қарағанда ауыстырулар абсурдты, күлкілі, сенімсіз болып көрінеді. Мұндағы мақсат – жұмбақтың табылуын қиындату, басқа жолға салып жіберу, таба алмаған адамды мазақ етіп, күлкіге айналдыру. «Қарағай басына қатық ұйыттым» деген шындықтан алшақ жатқанымен қызғылықты ауыстыру. Қатық миға ұқсатылып тұр. Адамның ойлау жүйесінің мүмкіндігі кең, қиялы қаншалықты жүйрік десек, оған жұмбақ мысал болады. Жұмбақ бір-бірінен алшақ, әр тараптағы құбылыс пен заттар арасынан шартты болса да, байланыс табады. Жұмбақта құбылтудың бір түрі – әсірелеу, яки гипербола.
Алып соғып, арс етті, Даусы Самарқанға жетті, –
дегендегі «алып» – мылтық, оның даусының құлақ жарардай қаттылығы бір қиырдағы Самарқанға жетеді деу адам сенгісіз, тек әсерлік үшін алынған. Екінші бір жұмбақта мылтықтың даусын былайша ұлғайтып суреттейді:
Қара күшігім қаңқ етті, Даусы Бұқараға жетті.
Немесе: Шешесі мәсісін кигенше, Қызы Мәскеуге барып қалды, –
деген жұмбақта түтіннің жылдам қозғалысы ақылға сыймайтын шамада бейнеленген. Осылайша ұлғайту арқылы тыңдаушыны оқыс сурет, образбен селт еткізуді, көңілін аудартуды мақсат етеді. Мәселен, нысананы ерекше үлкен жануарға ұқсатады:
Көк өгізім жүреген, Мүйізін көкке тіреген.
Көк өгіз – ескі мифтік түсініктің, халықтың байырғы діни нанымының негізінде пайда болған образ. Бұрынырақта хақ Тәңірінің әмірімен ең әуелі жер жаралды, одан соң көк жаратылды, жер мен көкті мүйізімен көтеріп тұрған бір алып көк өгіз бар, ол өзіндей бір үлкен балықтың үстінде тұрады деген сенім болған. Көк өгіз шаршаған кезде жерді бір мүйізінен екінші мүйізіне ауыстырғанда жер сілкіну болады, екі мүйізі сынса, ақыр заман болады деп иланған [543]. Сол сенім «Қыз Болық пен Елентайдың» жұмбақ айтысындағы сауалдардың арқауына айналған. Халық тұрмысынан алынған мына бір образ әсерлеумен сәтті ұштасады:
Үлкен, үлкен түйені Тастапты атам шөгеріп. Өркеші бұлтқа тиеді, Бауыры жатыр көгеріп (Тау).
Бұл айтылғандардан мынадай екі түйін жасауға болады: біріншіден, бір байламды бірнеше образды ауыстырумен береді. Ол таным процесімен кіндіктес, себебі бір заттың, не құбылыстың көптеген қасиеттері болуымен бірге оны көретін көз де түрлі, әрі көркемдік ойлаудың дәрежесі, нысананы мың құбылған бояумен айшықтайтын ауыстыру тәсілінің кеңдігіне, қолдану аясының шексіздігіне куә боламыз. Екіншіден, бірнеше байламды бір ауыстырумен, яки тұрақты образбен суреттеу бел алған. Қазақ жұмбақтарының көркемдігін сипаттайтын және бір қасиеті – формулалық қайталама тіркестердің, тұрақты образдық жолдардың молдығы. Мұндай формулалық сипатты тану фольклорлық жанрдың табиғатын тереңдеп түсінуге жол ашатыны шүбәсіз. Дайын машық, жаттамалы жолдар жұмбақтың ауызша туу табиғатымен байланысты, олар қолма-қол суырып айтуға мүмкіндік туғызады. Басқа фольклорлық жанрлар іспетті жұмбақтың тұрақты қалыпқа түскен жүйесі бар, оның ілгерілеп дамуы да үрдіс аясында болмақ. Осы дәстүрге иек артқан әрбір адамның жадында сандаған дайын баламалар жатталып тұрады. Олар керекті сәтте формулаларды аяқ астынан алып, қисынын келтіріп, қолдана береді. Жұмбақ айту – шығармашылықты керек ететін өнер. Ескі қалыптардың аясында шектелмей, үздіксіз жаңа нұсқалар пайда болып отырған. Бұл тұста формулалық сипат суырып салып айтуға, тыңнан соны жұмбақты ойлап табуға кедергі келтірмеген, керісінше, септескен. Фольклордың даму үрдісі тұрақтылық пен өзгерістің диалектикалық тығыз бірлігі арқылы жүзеге асады. Тұрақтылық – жаттамалы образ, сөз, клише, формулалардың әбден сіңісті болып, орнығуының кепілі. Сәтті айтылған образ, сөз кестесі келе-келе өз шеңберін кеңейтіп, көпшілік қолданатын айналымға енеді. Ұдайы қолдану нәтижесінде белгілі жанрдың тұрақты жүйеге түскен көркемдік машығы мен әдіс-тәсілдері, стилі сараланып, қалыптасады. Вариация – фольклордың жанды, тірі процесс, тоқтаусыз қозғалыс үстіндегі құбылыс екендігінің дәлелі. Фольклорлық түр үнемі құбылу, толассыз өңделу, іштей түлеп, соныға тарту, үздіксіз жаңару жолымен ғұмырын ұзартады. Задында варианттылық – ауызша туып, ауызша тарайтын фольклордың ішкі заңдылықтарынан өрбитін төл қасиеті, өмір сүру шарты. Жұмбақтағы вариациялар алмасу, трансформациялау тәсілімен пайда болып жатады. Тілші ғалымдардың көзімен қарағанда, трансформациялық дегеніміз – белгілі морфологиялық құрылымда келген конструкцияны өзімен мазмұндас екінші бір конструкцияға айналдыру[544]. Аспан мен жерді тұспал еткен мағыналас жұмбақтарға көңіл аударайық:
1. Екі тері, Екеуі де кең тері,
2. Тең, тең, тең киіз, Екі ортасы кең киіз.
3. Бір түкті кілем, Бір түксіз кілем.
Осы үш жұмбаққа назар салған адам олардың бір қалыппен жасалғанын жазбай таниды: аспан мен жер шендестіріле берілген, образдары мәндес, үшеуі де төсенішке баланып отыр: тері, киіз, кілем. Біздің ойымызша, ең әуелі тері баламасы шыққан. Себебі адамзат алдымен мал мен аң терісін төсеніш қып пайдаланған, басылған киіз, тоқылған кілем тәрізді жасанды төсеніш түрлері кейін эстетикалық талғамның өсуімен байланысты кейін шыққан. Бұл тұста іліктестік байқалады, тері, оның орнына киіз, оның орнына кілем ауыстыруы жүре алады. Бұл үшеуі тұрмыста бірін-бірі алмастыра алатын бұйымдар. Жұмбақтардың тағы бір стильдік өзгешелігі – экспрессивтік бояуы күшті, модальдық реңкі бар сөздерді образ үшін кәдеге жаратуы. Мұндағы мақсат – ойға алған заттың белгісін тыңдаушыға дәл әрі сезіміне әсері тиетіндей етіп жеткізу. Осы орайда еліктеуіш сөздерді жатсынбай пайдаланатынын баса көрсеткен жөн. Мысалы, қамырды «былық, былық, былық семіз», ал, түтінді «елбең, елбең етеді», «көлбең, көлбең етеді» дегендей бейнелеуіш сөздермен жандандыра суреттейді. Бұл мысалдар көзбен көруге арналған образдар болса, самаурынды «салдыр-салдыр сары айғыр», есікті «әрі лап, бері лап-лап», кілтті «кірт етіп кіріп кетті, сырт етіп шығып кетті» деген дыбысқа еліктеуден туған еліктеуіш сөздермен береді. Немесе түйе туралы:
Үш тың-тың, Екі жылтың, Төрт тап-тап, –
десе, Қалың қамыс, қалың қамыс, Астында қия қамыс, Пысылдауық, пысылдауық, Астында сақылдауық. Пысылдауық, сақылдауық, –
деген жұмбақта мұрынды «пысылдауық», тістерді «сақылдауық» деген экспрессивті сөздермен сипаттайды. Яғни жасырылған заттың шығаратын дыбысын негізге ала отырып, жасалған образды ауыстырулар. Осы ауыстырулар көмегімен байламның дыбысын тыңдаушыға «естіртуді», естіртіп қана қоймай, сезіміне тигізіп айту мүддесі ұсталған. Жұмбақтар сөз табының ішінен етістікті де шебер пайдаланады, көбіне етістіктер затты қимыл-әрекет, қозғалыс үстінде дәл беру үшін қажет. Мәселен, көлеңкені:
Еңкейсем – еңкейеді, Шалқайсам – шалқаяды, ерінді: Ти десем – тимейді, Тиме десем – тиеді, боранды: Қуып едім мойнын бұрмады, Ұстайын деп ем қолға тұрмады, –
деген тәрізді етістіктер көмегімен әрекет үстінде бейнелейді. Жоғарыдағы мысалдардан метафоралық ауыстыруларға арқау болатын сөздердің әртүрлі сөз табынан болатындығын, оның үстіне мағыналық-лексикалық құрамы да сан түрлі екендігін аңғардық. Олар туысқандық атаулар, мифологиялық негізде пайда болған сөздер, зат атаулар, т.б. болып келе беретініне көз жеткізуге болады. Бұдан басқа жалқы есімдердің қолданылатынын да айту қажет. Ауыстыру ретінде жүретін жалқы есім тұспалдаған нәрсенің мағынасына қатысы болмайды, оның сыны, түсі, көлемі хақында мәлімет бере алмайды. Дегенмен, жұмбақты ықшам, әсерлі образды жеткізуге ықпал жасайды, әрі оны ырғақтық-ұйқастық жағынан мүсіндеуге септігі айрықша. Мысалы:
Ермекбайдың екі ұлы ерегесіп келеді, Төлебайдың төрт ұлы төбелесіп келеді, Жағалбайдың жалғызы жағаласып келеді.
Халық жұмбақтарында молынан кәдеге жаратылған сөз табы – сан есімдер. Жұмбақтарда сан есімдер ауыстырулармен бірге келіп, нақты санды білдіреді, шешімді дұрыс болжауға көмектеседі. Мысалы: екі көз, екі құлақ, отыз екі тіс образды түрде былай жұмбақталады:
Бір таудың екі күзетшісі, Екі тыңшысы, отыз екі бөрісі бар. Төрт кісі төсек сал дейді, Екі кісі қарауыл қарайды, Үлкен әйел есік аш дейді, Кіші әйел төмпештейді.
Бұл жұмбақта түйенің төрт аяғы, екі өркеші, құйрығы, құмалақ тастауы бейнеленген. Бұл мал баққан өмір тұрмысынан туған жұмбақ, көшпелілер үшін таныс сурет.
Отыз омыртқа, Қырық қабырға. Бәрін ұстап тұрған, Ауыз омыртқа, –
деген жұмбақтың шешуін білу үшін көшпелі өмірдің тұрмыс-тіршілігінен хабардар болу қажет. Мұнда тұспалданып тұрған – киіз үй, оның уықтары, кереге, шаңырағы. Отыз омыртқа деп уықтың санын білдірсе, қырық қабырға дегені – керегенің саны. Кейде жұмбақтағы сандар нақты емес, көптік мағынаны аңғартады.
Мың қойым суға жүзеді, Қойшысы бірге жүзеді (Көже мен шөміш).
Мың қойымды бір шыбықпен айдадым (Ұстара).
Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 1030; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы! Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет |