Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Жалпы сипаты 12 страница




Үміткерлер той алдындағы садақ ату сынынан өте алмай қалғанда, Бәрік те, Одиссей де сыннан сүрінбей өтеді. Мұндайда олардың жеңуі сөзсіз. Өйткені, алға қойылған сынақта шарт бойынша бұл кейіпкерлердің садағымен ату мақсат етіп қойылған. Бұл жағдайда, әрине, өз садағын иесі ғана меңгере алады. Сыннан сүрінбей өткен соң, жауларын жеңіп, кейіпкерлер өздерін жұртқа танытады. Ал, әйелдеріне шын күйеуі өзі екенін таныту үшін ерлі-зайыптылар өздері ғана білетін жағдайды айтады. Бәрік жүзік туралы айтса, Одиссей өзі жасаған некелік төсек орынның қалай істелгенін баяндайды. Бұл үшеуі де өздері жоқта әкелерінің бейшара күйге түскенін көреді.

«Одиссей» жырындағы бұл сюжетте бір ғана айырмашылық қосылған. Пенелопа өзіне үміткерлерді күйеуі келгенше алдандырып, уақыт созуды ойлап, Лаэрт қартқа арнап тоқыма тоқып бергенше күте тұруды өтініш етеді. Бірақ бұл жұмысы тез бітіп қалмауы үшін тоқығанын сөгіп тастап, ертесіне қайта тоқып отырады.

«Алпамыс батыр» жырының көнесі алтайлық нұсқа болып есептеледі де, «Қорқыт Ата кітабындағы» «Қам Бура бек ұлы Бамсы Бәрік әңгімесінің баяны» архаикалық белгілерді сақтай отырып, оғыз мемлекетінің елдігін қорғаудағы ерлікті, екінші жағынан, VІІІ ғасырлардан бастап ене бастаған ислам дінін жақтау мақсатын білдіре жасалған. Ал, «Алпамыс батыр» жырының қазақ нұсқалары көне белгілерді – перзентсіздік, ғажайып туу сарыны, т.б. сарындарды жоғалтпай, таптық қоғамның қайшылығы күшейіп, дамыған кезеңдегі сипатын кең ашуға бейімделген. Ұлтан құлдың кейіпкер болып енуі оқиғаны шарықтау шегіне жеткізген, Тайшық хан діні бөлек, елі бөлек болуымен қатар оның таптық мәртебесі де жырдың мазмұнын да, құрылымын да кеңейтіп, тақырыпты кеңейткен. Дегенмен:

 

Қалмақтың өлмей қалғанын,

Дін мұсылман қылады[577], -

 

жолдарын сақтаған. Сөйтіп, фольклорлық мұра ұзақ өмір сүру жолында әр дәуірдің талабына сай қоғамның рухани қажетін өтеген.

Бұл жырда қанның қасиетті есептелгеніне тағы бір дәлел бар. Онда Бамсы Бәрік кәпірлердің тұтқынында он алты жыл болып, еліне қайтып келгенде әкесі Бай Бура бектің көзі көрмей қалады. Сонда Бай Бура бек:

– Бармағын қанатып, қан жұққан орамалымен көзімді сүртсін, көзім ашылатын болса, ұлымның шын келгені, – дейді[578]. Ақыры, Бәріктің қаны әкесінің шырағын жағады.

«Қорқыт Ата кітабында» оғыз батырларының ерлігі жырланғанда архаикалық некелік сынақ та қамтылып отырған. Мәселен, Бай Бура бек ұлды болып, атын Бамсы Бәрік қояды. Ол Бай Бижан бектің қызы Бану Шешекпен атастырылған. Бану Шешек Бәріктің іздеп келгенін біліп, оны таныса да, өзін танытпай, онымен ат та жарыстырады, оқ атысып та көреді, күресіп те көреді. Қыз жауырыны жерге тиген соң өзінің Бану Шешек екенін айтып, Бәрік қалыңдығының қолына жүзік салады. Мұнда қыз жауырынын жерге тигізбеу – Бәріктің жігіттік намысына нұқсан келтірер еді, яғни бұл патриархаттық мүддеден қосылған сарын, қыз өзіне тең болған соң ғана Бәрік оған көңілі толып, жүзігін берген.

Төртінші – «Қазан бек ұлы Ораз бектің тұтқын болған әңгімесінің баянында»[579] «Қазан оң жағына қарап, қарқ-қарқ күлді. Сол жағына қарап, қатты қуанды. Қарсысына қарап, ұлы Оразды байқап, қолын кеудесіне қусырып, кемсеңдеп жылады», – делінген. Әкенің мұндай күйге түсуінің себебі «Күні ертең мен өліп, сен қалсаң, тәжімді, тағымды саған бермей ме деп ойлап, жылағаным», – деп түсіндіріледі. Бұл да патша тағына тек батырлық күш-қайрат көрсеткендер лайық саналатын архаикалық сынақ сарынының орын алғанын көрсетеді.

Бесінші – «Доқа Қожа ұлы Дели Домрул әңгімесінің баяны» кітапқа енген эпикалық кейіпкерлер Байындыр хан мен Қазан бектің, басқа да оғыз бектерінің есімдері кірістірілмегендіктен өз алдына бөлек жасалған. Әйтсе де, Домрулдың Әзірейілмен күрескісі келгені Қорқыттың Әзірейілден қашуы, Селжұқтың өліммен күресіне арналған сюжеттердің жасалуымен қатар алғанда оның да негізі түркістандық екенін танытады, бұл сюжет хикаят жанрына бағындырылған.

Бұл бесінші жырда «Қызыл айғырдың қашанда жау иісін сезсе, аяғымен жер тарпып, тозаңын көкке шығаратын еді»[580], – делінген. Және оныншы жырда осыған ұқсас – «Секірек ұйықтап жатқанда ат шылбырын тартып, иесін оятады»[581] деген көрініс келтірілген. Аттың жауды сезуі, яғни адамға қастық жасайтын күшті білуі оны қасиетті деп білген ежелгі дәуірдегі сенімнің ықпалын танытады.

Алтыншы – «Қазылық Қожа ұлы Икенек бек әңгімесінің баянының» сюжеті де Түркістанда туған. Түркі халықтарына ортақ жырларда жауға жалғыз шабам деп өрікпіген батырлардың қалай болса да, зынданға түсуі, т.б. қиын жағдайларда қалуы халықтың ондай әрекеттерді қолдамайтын талабы алғашқы қауым адамдары түрлі қаһарға ұшыраудың себебі аруақтарды сыйламау, табуды бұзу, т.т. деген түсінігінен бөлек, яғни кейін пайда болған. Бұл жырда өрекпіген Қазылық қожа он жеті жыл тұтқын болып жатады. Фольклорлық шығармаларда негізгі кейіпкердің батырлық көрсетуіне бірнеше себеп таңылады – кәмелеттік сынақтан өту, қаһармандықпен үйлену сарыны және «Ер Төстік», т.б. біраз ертегіде кездесетіндей мұнда да бөтен, өзіне тілі тиетін біреуден тұтқында ағасының, әкесінің жатқанын не жоғалып кеткенін білу. Бұл сарын Икенек бек сұхбат құрып отырып, үйлесе алмай қалған Қара Көнеұлы Будақтан естуімен көрінеді. Ал, Х баянда Секірек ағасы Екіректің кәпірлер қолында, Алыншы қаласында тұтқын екенін өзінен таяқ жеген тілі ащы жетім баладан естиді.

Жетінші – «Қаңлы Қожаұлы Торалы әңгімесінің баяны» жаңа Отанда туған делінгенімен, бұл бөлімнің екі бөліктен тұратыны, соңғысының ежелгі оғыз сюжеті екені әрі оның сарындарының көнелілігі мойындалады. Сонда да оны Тарабузанда (Трапезунд), Кіші Азияда жасалған, сюжетке кейіннен қосылған қатпар деп есептеледі. Оның мәнісі – Кіші Азияда туған сюжетте Қаңлы Торалының ішкі оғыздан да, тыс оғыздан да өзі қалағандай қалыңдық таппай, Тарабузандағы кәпірлер бегінің асқан сұлу қызын алуына, оның әкесінің талаптарын орындауға, тойдың сонда өткенін баяндауымен бұл бөліктің оғыздардың өз мекенінен бөлек жерде өткенін, солайша, сюжет те сол жақта туған деген оймен қабылданған. Екінші бөлікте Қаңлы Торалы оғыз дәстүрі бойынша үйлену тойын өз Отанында, әке-шешесінің алдында өткізу үшін қайын атасының үйінде қалыңдық отауына бармайтыны айтылады. Мұнда ежелгі эпикалық сарын – кейіпкердің алып ұйқыда жатып, қапыда қолға түсу жағдайына сәйкес Торалының ұйқы кезінде қайын атасының қыз соңынан қуып келіп, екі арада соғыстың болғанын баяндайды. Бұл жетінші баян батырлық ертегі жанрына жақын. Сюжет нақты Кіші Азияда жасалған дегенге қарсы ой – кейіпкер Тарабузанда қалып, сондағы тірлігі айтылмаған, оның үстіне бұл оғыздың жас батыры Торалы ерлігіне арналған, ол үшін қалыңдықтың әкесі қойған үш талап бойынша арыстанды, қара бұқаны, қара бураны өлтіріп, көне эпостың қаһармандықпен үйлену сарынындағы некелік сынақтың қолданылуын кейіннен қосылған қатпар есебінде көру, оны озаншының әдісі деп қабылдау аздық етеді.

Сегізінші – «Басаттың Төбекөзді өлтірген әңгімесінің баяны» жырындағы Төбекөз бейнесі, оның өлтірілу жолы, негізінде, әлемдік фольклорда кең жайылған.

Негізі, пері фольклорлық шығармаларда екі сипатта: бірі – қаскөй күш ретінде, екінші – кейіпкерлердің ерекше қасиетте көрінетін сұлу жары бейнесінде танылады. «Қорқыт Ата кітабындағы» сегізінші жырда шопанға кездесіп, оған Төбекөзді тастап кететін пері – адамға қаскөй күш. Өйткені, «...бұлаққа перілер келіп қонды, қойлар үрікті»[582] әрі одан туған Төбекөз оғыз еліне адам қоймайтын тажал болып шығады.

Ежелгі грек мифологиясында Гея мен Уран құдайлардың бірінші буыны, олар титандар мен киклоптарды, т.б. құбыжықтарды тудырған. Ал, Гомердің «Одиссей» жырындағы киклоп мұхит құдайы – Посейдонның баласы, ол өздігінен ештеңе өндірмейді, тек жердің қойнауында өсетін жеміс-жидекпен – дайын нәрсемен күн көретін қорқынышты нәрсе ретінде бейнеленген. Төбекөздің үңгірді мекен етіп, көп малдың иесі болуы, оның адам жегіштігі ерте замандағы каннибаллизм туралы түсінікпен қабаттасып кеткен.

Жалпы, оғыздарға арналған жырлардың белгілі болып отырған көнесі - «Ұлы хан ата Бітікші сөзі». Оның «Қорқыт Ата кітабындағы» Төбекөз бен Басатқа байланысты жақындығы көп. Екеуінде де Басаттың да, оның әкесі Арус (Аруз) есімдерінің, Төбекөзді өлтіру тәсілінің ұқсастығы, Төбекөздің шешесі пері, оның суға жақын жерді мекен етуі - Төбекөздің шешесі ұлы мұхитты мекен еткен пері, ал, «Қорқыт Ата кітабында» Төбекөздің әкесі оның шешесі перімен су жағасында кездесу жағдайлары екі еңбектің пайда болуында бір байланыстың болғанын танытады.

Жанрлық түр жағынан бұл сегізінші баян ертегіден туған, өйткені, Басаттың Төбекөзді өлтіруін баяндауда батырлық, күш-қайратқа сенуден, ерлікті жырлаудан гөрі бүкіл денесінде еті бар жанды жер тек қана көзі екенін біліп, оған отқа қыздырылған пышақ тығып, ағызып жіберуі, одан құтылғанда да, қой терісін жамылып құтылып кетуі, т.б. тапқырлық әрекеттер алға шығарылған.

«Қорқыт Ата кітабындағы» Төбекөзге П.В.Остроумовтың қазақтар арасынан жинаған екінші мәтіндегі бейне[583] өте жақын көрінгенімен, оған Г.Н.Потанин жариялаған «Жалғызкөзді дәу» көне ертегісі географиялық байланысымен әрі генетикалық бірлігімен туыс. Оның мәні – сюжеттің қорытынды бөлімінде ашылады. Егер Остроумов нұсқасында Төбекөз өкініштен өз-өзін, басын жарға соғып өлтірсе, Потанин нұсқасында ол аңшы батырға жалынышты күйде көрінеді. «Мені осы күйде қалдырма. Сенің қаруың маған өтпейді. Менің қылышымды ал да, осымен өлтір», – деп сұрауы және батырдың оны өлтіруі әңгімені ширата түсу үшін табылған тәсіл емес, аңшы мергендер туралы әңгіменің жанрлық туу, қалыптасу заңдылығына сай, адам күшін қалайда артық етіп көрсету мақсатынан туған. Қазақта да, қырғызда да аңшылардың жезтырнақпен, Қойлыбай бақсының албастылар патшасы - үлкен маңдайында тостағандай жалғыз көздімен кездесуі[584], Төбекөз туралы сюжеттің тым ерте шыққанына дәлел.

Бұл жырда да ежелгі нанымдар орын алған. Төбекөздің жанды жері – жалғыз көзі болуы көздің фетиш болуынан. Ал, Төбекөзге пері анасының:

– Ұлым, саған оқ өтпесін, тәніңді қылыш кеспесін, – деп, баласының саусағына жүзік салуы[585] магиялық түрде әсер еткен. Осы орайда «Еркемайдар» ертегісінде Еркемайдарға атса – оқ өтпесін, шапса қылыш кеспесін деген тілекті қарындасы айтып, кейіпкердің күш-қайрат иесі болуымен қатар керемет қасиетті көрінуі түсінікті болады. Мұндай тілекті Төбекөзге шешесі айта отырып, қолына жүзік салуы да – темірден жасалған заттың магиялық күші бар деп есептелуімен байланысты.

Басаттың және Одиссейдің Төбекөзді өлтіруіне арналған сюжетте типологиялық байланыс бар. Әрі Одиссей де, Басат та Төбекөзге шын есімдерін айтпай, өздерін «Ешкім» деп таныстырады, бұл ежелгі дәуірлердегі есімнің магиялық күшіне сенуден туған қолданыс[586].

Сюжеттер ұқсас болғанымен, атап өтерлік айырмашылықтар да орын алған. Одиссей Төбекөздің көзін күйдірер алдында үш ақыл ойлап табады. Бірінші – кемесін Төбекөзге көрсетпейді; екінші – Төбекөзге шарап беріп, оның басын мең-зең қылады. Одиссей қасындағы төрт жолдасын қойлардың бауырына байлап, құтқарады. Ал өзі үлкен қойдың бауырына жабысып, үңгірден шыққан соң достарының байлауын шешкен.

Зерттеушілер Одиссей есімінің этимологиясын түсіндіргенде «өкпелі»[587] деген сөз десе, жырдың өзінде ол қу, тапқыр адам деген эпитет арқылы тұрақты түрде аталған. Одиссейдің Төбекөзге байланысты жасаған қулықтары, әрине, ақылды қулық, тапқырлыққа жатады. Ал, Басат Төбекөзге қарсы қулықтарды қолданбаған. Тек Төбекөзге тамақ пісіріп, қызметші болып жүрген екі қарттан оның өлімі неден екенін біліп алған. Басат қасына жолдас та ертпеген. Төбекөздің Басат үшін тудырған қиындығы да көп. Басатқа қанжар салмақ болып, кең жерге шығарып та көреді. Ол ойы жүзеге аспаған соң қамап та қояды. Одан үңгірге кіргізіп, өзінің қылышын тапқызып, сол арқылы оны жоқ қылуды да ойлаған. Ақыры, Басатқа өлім жоқ екенін біледі. Оған Төбекөз өзінің жүзігін берген[588], ерлігіне қоса Басаттың өлмеуінің сыры жүзіктің – темірден жасалған заттың магиялық қасиеті де ашылады.

Мұндай жағдайда Төбекөз аңқаулық жасаған, адамнан ақылы аз құбыжық болып танылады. Төбекөз көздің қасіретінен әрі Басат оны бурадай тізерлетіп шөктіріп, оның өзінің қылышымен мойнын шауып, өлтіреді. Сонымен Одиссей мен Басаттың ерліктерін салыстырғанда Басатты ел қорғайтын батыр ретінде тұлғаландыра түсу мақсатында көп жағдай қосылған, сол үшін Одиссей жасайтын қулық істер батырға қол емес деп ұғынылады.

Басаттың Төбекөзді өлтіруі ел мүддесін қорғаудан туса, Одиссей үшін бұл сарын ұзақ сапарда жүріп, еліне қайтар жолында кездескен түрлі қиындықтарды жеңе отырып, өзін және қасындағы жолдастарын сақтау мақсатында қосылған.

Тоғызыншы – «Бегілұлы Еміре әңгімесінің баяны», оныншы «Үшін Қожаұлы Секірек әңгімесінің баяны» оғыздардың жаңа мекенінде туған. Қаңлы Торалының ерлігін баяндауда ертегі сипаты молырақ болса, Бегілұлы Еміреге арналған баян, шын мәнінде, ерлік жыры. Ол ерлік жырына тән қасиеттің бірі – тұтастану құбылысын бастан кешкен. Бегіл өзі дұшпан елдің батырларын атымен сескендіретіндей-ақ қаһары бар батыр. Оның ұлы Еміренің кәпірлерге қарсы шығарылуы – бұл жанрдың толыққанды қалыптасқаны.

Әке мен баланың бір-бірін танымай соғысуы, ақырында, екеуінің табысуы архаикалық жырларға тән сюжет. Он бірінші жырда кәпірлер Қазан ханды ұлы Оразға қарсы шығарғанда баласы әкесін іздеп келсе де, оны танымай, арқасына қылыш ұрып, төрт елідей жара салады. Сонда Қазан ұлына дауыстап:

 

– Қара тауымның биігі, ұлым!

Қараңғы көзімнің айдыны, ұлым!

Алыбым – Ораз, арыстаным – Ораз,

Ақсақалды әкеңді өлтірме, ұлым![589] –

 

дейді.

Оныншы жырда ағасы Екірек кәпірлердің қолына тұтқын болып қалғанында інісі Секіректің іздеп барып, оны босатып алуы да әкесі баласын іздейтін осы сарынмен үндес жасалған.

Әкесі жоқта баланың тууы, оның әкесіне көмекке барып, құтқаратынын баяндайтын сюжеттің шығуы – перзентсіздіктен зар илеп, Құдайдан тілеп алған бала, ең алдымен, Құдайдың берген баласы ретінде бағаланып, әкесі қиналған кезде Құдайдан келетін көмек түрінде әкесін іздеп шығып, жауын жеңуге көмектеседі[590] деген сенім арқылы болған.

Оғыз батырларының есімдері аталғанымен «Қорқыт Ата кітабындағы» жырлар тарихи жырлар емес, фольклорлық архаикалық сарындарды молынан пайдаланған қаһармандық жырлау екені анықталады.

Ерлік жыры болғандықтан оның құрамды басты бөліктерінің бірі болып табылатын жоқтау жанры, мәселен, Бану Шешектің Бамсы Бәрікті жоқтауы, т.б. батырларға қатысты кең орын алған. Қазан бектің тұтқындағы ұлы Оразбен, Бамсы Бәрікті көргенде анасының айтқан өлеңдері – арнау. Оң бата мен теріс бата да кейіпкерлердің қай жақтың мүддесін көздейтініне қарай қолданылған.

Негізі, қарғыс нақты бір адамға бағытталады, бірақ фольклорда оның жасалу жолында түрлі тәсілдің бар екені де белгілі. Солардың үлгісі «Қорқыт Ата кітабында» да бар. Мәселен, Бұқаштың өлім халінде жатқанын көрген анасы:

Қазылық таудың көп суы,

Ағар екен, ақпасын!

Қазылық таудың көк шөбі

Шүйгін екен, тапталсын!

Жүйрік сенің киігің

Жортпасын енді тас болсын[591], –

 

деп қарғауы ұлына қастандықтың неден болғанын білмей, дал болып айтуынан туған. Ал, Әзірейіл келгенде Дели Домрул үшін әкесі де, шешесі де жандарын қимағанда әйелі:

 

Қалар болсам өзіңнен

Тауларыңнан не пайда,

Жайлар болсам, көрім болсын[592], –

 

деген өз-өзін қарғау арқылы серт бергені.

«Ат аяғы – көлік, озан тілі – жүйрік», «Көп қорқытар, терең батырар», «Жаяудың үміті жанбас, жалғыздың жұлдызы болмас», т.б. мақал-мәтелдер жырдың мақсатына қызмет ететіндей қолданылған. Ал, кітаптың алдындағы «Қорқыттың нақыл сөздері» құрастырушылар тарапынан кейін қосылған.

Қорқыт – тарихи тұлға деп, оның этникалық тегін анықтап көрсету әрекеттері болғанымен[593], ол заманның қолға ұстатарлық дәйегі жоқтығына қоса кейіпкерге арналған шығармалар жанрының ерекшелігін ескеріп, оны әлеуметтік жинақтау түріндегі халық аңызы туғызған жинақты образ деп тану туралы пікірдің де салмағы басым[594]. «Қорқыт Ата кітабы» қолжазбасының алғашқы (титул) бетінде «Оғыз тайпаларының тіліндегі Қорқыт Ата кітабы», кіріспеде «Баят бойында Қорқыт Ата дейтін біреу тұрыпты. Ол кісі оғыз ішіндегі ең білгіші екен» деген жазуларды ғылыми дерекке алудан гөрі бұрыннан түркілік бірлікке ортақ есімді оғыздардың да құрметтеп, өздерінің ерлік жырына қосу маңыздылығы қажет болса керек. Оның есімі кірістірілген шығармалар оғыз-қыпшақ заманындағы тарихи аңыздарды танытады. Ол аңыздар Қорқыт есіміне шоғырланған, оның ажалдан қашып, дүниенің төрт бұрышын шарлауы, т.б. керемет жағдайлардың қосылуынан әпсана-хикаятқа айналған. Ал, «Қорқыт Ата кітабында» оның ерекше қасиеттері - қыз ағасының жаман ниетіне қарай қолын қатырып, кейін жалынған соң оған қайта жан бітіруі - әпсана-хикаят жанрына тән қосылған жағдайлар. Қорқыт есімінің пайда болу жолын бағамдайтын лингвистикалық бірнеше дәйек бар, оған қоса мұсылман дінінде әулие, аруақты адамдардың атына да, ісіне де шәк келтірмейтін сеніммен қатар теріс сөз айтуға болмайтын ел арасындағы қорқыныш бақсыларды ерекше күштің, Құдайдың таңдаулысы, мифтік әлемдермен байланыс жасаушы дәнекерші деп танудан басталса керек. Үлкен күштің алдындағы адамдардан өздерінің қорқуы әрі ел сеніміне қарсы сөз айтқанды қорқытады деген психологиялық байлаулы сенімнен ұзақ уақыт бойында Қорқыт атау тұлға, есімге айналып, қалыптасқан. Қорқыт есіміне телінетін күйлердің арқауы бақсылардың архаикалық сарыны болса керек.

Оғыздар мекен еткен кең байтақ далаға қыпшақтар үстемдігі орнаған кезеңде жазылған шығармаларда да фольклормен генетикалық байланыс көрінеді. Солардың бірі – Жүсіп Баласағұнның 1069-1070 жылдары жазылған «Құтты білік» дастаны. Дидактикалық мақсатты көздеген бұл шығармада өзіндік сюжет бар. Айтолды Күнтуды Елікті іздеп келіп, оған шын көңілімен қызмет етеді. Ол өлер алдында ұлы Өгділмүшті аманат етеді. Күнтуды Өгділмүшті өз баласындай тәрбиелеп, нәтижесінде, ол бала Айтолдының орнын басады. Бір әңгімесінде Өгділмүш өзінің Одғұрмыш деген ағасы бар екенін, оның білім иесі екенін, бірақ оның иен далада тұратынын айтады. Күнтуды Елік Одғұрмышты өзіне шақыртып, екі рет хат жазады, бірақ Одғұрмыш келмейді. Үшінші ретте Өгділмүш Еліктің өтінішін айтып, ең болмаса, келіп, қонақ болуын тілеген тілегін жеткізеді. Одғұрмыш келіседі, келіп, Елікке біраз насихат айтады да, өз үйіне кетеді. Кейін Одғұрмыштың халі төмендеп жатқанын айтқан хабаршы келеді. Айтолды мен Күнтуды, Өгділмүш пен Күнтуды, Одғұрмыш пен Күнтуды әңгімелері диалогқа құрылып, сан-салалы тақырыпқа байланысты насихат жасалады.

Мұндағы кейіпкерлердің есімі де мағына, символдық мәнде берілген. Атап айтқанда, Күнтуды – әділет, Айтолды – бақыт, құт, Өгдүлміш – ақыл-сана, Одғұрмыш қанағат бейнесін танытады. Бұл шығарма дидактикалық мақсатта жазылғандықтан мақал-мәтел молынан пайдаланылған. Мәселен,

Көп жасамай, көп көргеннен сұрадым[595];

 

Сақтансаң тек сақтайды[596];

 

Таяқ-еттен, сөз сүйектен өтеді,

Сөз қалады, таяқ табы кетеді[597];

 

Білім білсе ер – шығарар елдің даңқын,

Қылыш ілсе ер – қорғайды елдің даңқын[598];

Нені ексем – соны орармын ақыры,

Нені орсам – соны алармын асылы[599], –

деген мақал-мәтелдердің қолданылуы аясы тереңде жатқанынан хабар береді. Сондай-ақ ежелгі дәуірлердегі түсініктер – шыбын жан, бақ құсы туралы да жиі айтылады.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 1296; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.047 сек.