Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Жалпы сипаты 9 страница




Бір шұңқырда мың шұңқыр (Оймақ).

 

Немесе:

Секірме тастың үстінде

Сексен қойдың ізі бар (Табақ үстіне жайылған құрт).

 

Алпыс кісі аяқтасты,

Ертеменен таяқтасты (Кірпік).

дегендегі «сексен», «алпыс» сандары көп дегенді ишаралайды.

Сонымен, қазақ жұмбақтарының поэтикасына тән хас ерекшеліктер бар екеніне көз жеткіземіз. Оларда дыбыстық қайталаулар: ассонанс, аллитерация, буын, сөз қайталау мол. Жұмбақтардың ішінде өлең түрінде келетіні де аз емес. Образдық жүйесінде ең көп қолданылатын поэтикалық құрал – ауыстыру. Бұл жанрда тұрақты формулаға айналған образдар, сөз тіркестері баршылық.

Көптеген жұмбақтардың ұзақ уақыт өміршеңдікпен халық жадында ұмытылмай сақталуы сыры – жұмбақтардың сүреңсіз, қарабайыр жолдар болып келмей, маржандай тізілген айшықты әсем образды сөздерге толы болуында. Қиыннан қиысу, ықшамды, қысқа болуына қарамастан ойнақы болу жұмбақтарға тән қасиет.

 

ІІ-БӨЛІМ. ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ФОЛЬКЛОР

Адамзат тарихының ең бір ұзақ мезгілін рулық қауым қамтыды. Рулық қауым неолит дәуірінде ыдырап, осыдан жеті-сегіз мың жыл бұрын алғашқы мемлекеттер пайда болды. Жер бетіндегі ең көне мемлекеттер Египетте, Месопотамияда, Үндістанда, Қытайда, Грекияда, Иранда, Италияда орнығып, құлиеленуші сипатта болған да, біздің дәуіріміздің ІІІ-ІV ғасырларында феодалдық сипаттағы қоғамға ауысқан деп есептеледі[545]. Осы уақыттан басталатын заман әлем тарихының ортағасырлық дәуірі деп саналады. Бұл ХVІІІ ғасырға дейін созылған да, одан бергі кезеңді жаңа заман деп атайды. Қазақстан тарихы да осылай дәуірленеді[546].

Қазақстан жерінде алғашқы мемлекет б.з.д. І мыңжылдықта, сақтар дәуірінде орныққан. Сақтар «көшпелі, жартылай көшпелі және егінші ел болатын. Бірақ олар, ең алдымен, тамаша шабандоздар еді. Дүниеде атпен шауып келе жатып, садақпен оқ атуды бірінші болып сақтар меңгерген. Қайтпас қайсар кісікиік (кентавр) бейнесінің үлгісі салт атты скиф және сақ адамы болған... Сақтардың өз жазуы, мифологиясы және дүниежүзілік деңгейдегі үздік өнері болды, ол әдебиетте «Аң стильді өнер» деп аталды. Сюжеттері – жыртқыш аңдар мен шөппен қоректенетін жануарлар, солардың арасындағы күрес»[547].

Сақтардан соң сарматтардың, үйсіндердің, қаңлылардың, түркілердің мемлекеттері болған, олар мың жылдан астам уақытты қамтып, Қазақстан тарихында ерекше із қалдырған. Аталған мемлекеттер де, олардан кейін құрылған оғыздардың, қыпшақтардың, қарлықтар мен қарахандықтардың мемлекеттері де, кейінірек дүниеге келген Алтын Орда да, Қазақ хандығы да орта ғасырлық феодалдық сипаттағы мемлекеттер болды. Олардың әрқайсысы өз қоғамына сай мәдениет тудырды, бірақ рухани жалғастық үзілген жоқ. Әр дәуір мәдениеті өзіне дейінгіні пайдаланды, соны негізге алды, жаңғыртты әрі дамытты. Ертедегі орта ғасырдың, яғни сақтар мен ғұндардың, қаңлылар мен үйсіндердің тұсындағы рухани мәдениет дамыған орта ғасыр мен соңғы орта ғасыр кезінде сақталынып қана қойған жоқ. Ежелгі замандағы мифтер мен аңыздаулар, т.б. фольклорлық дүниелер әрі қарай өзгертіле, кеңейе дамыды. Олардың классикалық фольклорға айналуы осы дамыған орта ғасырға тұспа-тұс келеді. Рулық замандағы көптеген ұғымдар мен нанымдар, мифтік әңгімелер ендігі жерде көркем фольклордың құрамында танымдық, эстетикалық міндет атқарады. Сөйтіп, ескі мен жаңаның кіріккен түрі, яғни біртұтас мәдениетке айналған руханият қалыптасты, ал мұның өзі фольклорды көпсатылы, көпсипатты және көпқырлы өнерге айналдырды.

Сонау сақтар заманында туып, кейінгі дәуірлерге жеткен фольклорлық шығармалар миф түрінде, аңыз ретінде ертедегі гректер мен қытай жазбаларында орын алғанының арқасында бізге жетіп отыр. Олардың сюжеттері мен кейіпкерлерінің іс-әрекеттері кейінгі уақытта туған жырлар мен ертегілерде, аңыздауларда көрініс тапқан. Мысалы, атақты Геродот «Тарихындағы» Томирис пен Кирдің арасындағы қақтығыс туралы сюжет классикалық фольклорға тән[548]. Мұнда қаһармандық эпостағы мотивтер бар. Айталық, парсылардың патшасы Кирдің жорыққа шығуы, оның өз ақылмандарымен кеңесуі; Томиристің Кирге берген жауабы және Кирге қойған шарты; Кирдің шайқас алдында түс көруі; Томирис ұлының тұтқынға түсуі, оның өзін-өзі өлтіруі; екі қолдың шайқасы; Кирдің қаза табуы және Томиристің кек қайыруы.

Бұл сюжетте ежелгі заманның нанымы сақталған. Кир өзінің түсінде болашақ патша – Дарий аспанға ұшып, бір қанатымен Европаны, екінші қанатымен Азияны жауып тұрғанын көреді. Ал, Дарийдің әкесі Гистасп (парсыша - Виштасп) – Зардуштың қамқоршысы. Осы арқылы Кирдің жеңілуі Ахурамазданың қолдамағанынан болды деген сол шақтағы ел арасына тараған аңыз көрініс береді. Демек «түс көру» мотиві – ең ерте кезде туып, біздің дәуірімізге жетіп отыр. Жалпы, «түс көру» мотиві Геродоттың кітабындағы біраз патшалардың өмірінде кездесіп отырады.

Сақтар мен ғұндар кезінде туындаған фольклорлық сюжеттер мен мотивтер кейінгі замандарда да жалғасын тауып, жаңаша әңгімеленетін болған, сөйтіп, ескі сюжеттер негізінде соны шығармалар дүниеге келіп отырған және мұндай туындыларда бұрынғыға ұқсас немесе жаңадан қалыптасқан тақырыптар мен сарындар баяндалып отырған. Мәселен, ғұндардың патшасы Мөденің табғаштарға қарсы соғысы туралы аңыздың бүкіл сарыны кейінгі түркілер дәуіріндегі фольклорда жалғасын тапқан, яғни Мөденің өз атамекенін, елінің бірлігін, амандығын сақтау үшін жүйрік тұлпарын да, сүйікті жарын да құрбан етуі, алған сыйларына қанағат етпей, басынған жауға қарсы жорыққа шығуы, оны күйрете жеңуі – осы сияқты тақырыптың түркі қағандары туралы тас жазбаларда кең баяндалатынын айтуға болады.

Жоғарыда айтылғандай, Қазақстанда орныққан ортағасырлық мемлекеттер, негізінен, феодалдық сипатта болды. Ол мемлекеттердің басты ерекшелігі – құлдық қоғамның болмауы, әрі патриархалды рулық өмірдің, оның салттарының, руханиятының феодалдық болмысқа сіңісіп, араласып кетуі, тіпті, әлеуметтік құрылымға негіз болуы. Бұл, әсіресе, Түркі қағанаты тұсында айрықша көрінді, себебі қағанат құрамына енген ру-тайпалар бұрынғы өмір салтын сақтай отырып, феодалдық мемлекеттің талаптары бойынша тіршілік жасады. Осындай қоспаның арқасында ежелгі руханият енді мемлекет мүддесі тұрғысынан молынан пайдаланылды әрі патриархалды рулық қауымның мәдениетін де жаңа сапаға көшірді. Ежелгі мифтер мен нанымдар, сюжеттер мен мотивтер Түркі қағанаты тұсында бірыңғай идеологиялық сипат алып, қағанды дәріптеу үшін біршама көркем қасиетке ие болды. Мұны Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі жазбалардан айқын көреміз[549]. Ол мәтіндерден көне түркі заманындағы мифологиялық ұғымдардың ежелгі мифтік түсініктермен байланысты екені байқалады. Аспанға табыну, оны Тәңір деп білу, Көк Тәңір деп құрметтеу, ал жерді Ұмай-әйел ретінде қастерлеу, жалпы, табиғатты қадірлеу сияқты ежелгі анимистік нанымның, сондай-ақ түркі жұртының бабасы – Көкбөрі деп, Ашинадан тарағаны туралы тотемистік ұғымның іздері Құлтегін, Білге Қаған, Тоныкөк туралы жазуларда жақсы сақталған[550]. Ал, бұл мәтіндер өзінің мазмұны мен стильдік-көркемдік қасиеттері жағынан ерте заманғы жырдың үлгісі болып есептеледі. Олардағы бейнелілік, кейіпкерлердің сипатталуы, қағандардың ерлік іс-қимылдары, олардың астындағы аттарының бейнеленуі – осының бәрі батырлық эпостың поэтикасына лайық. Ендеше, Орхон-Енисей ескерткішіндегі мәтіндер – VІІ-VІІІ ғасырда хатқа (тасқа) түскен фольклорлық шығармалар деуге толық негіз бар. Аталмыш мәтіндердің кейбір тұстарында жоқтаудың үлгілері, мақал-мәтел, шешендік сөз тәрізді тіркестердің, тұрақты формулалардың кездесуі сондықтан. Осы Құлтегін мен Білге қаған және Тоныкөк туралы шығармалардан Түркі қағанаты кезіндегі фольклор туралы, тіпті, сол шақтағы әдеби-көркем жүйе жайында толық мағлұмат алуға болады. Ол ғана емес, сол замандағы Түркі мемлекетінің тарихы, өмірі, мәдениеті, басқа елдермен қарым-қатынасы, басты-басты саяси, әскери оқиғалары жөнінде кең ақпарат табуға болады. Сол себепті де ол мәтіндер тарихи дерекнама ретінде де зерттелді[551], сондықтан да оларды ғалым И.В. Стеблева тарихи-қаһармандық поэма деп атады[552]. Қалай болғанда да, бұл жазбаларда фольклорлық сипат айқын, тіпті, әлемнің, адамның пайда болуы туралы рулық замандағы мифологиялық түсінік, сондай-ақ ел билеушінің ерекше жаралатыны жайындағы наным анық сақталған. Мәселен, Құлтегіннің үлкен жазуында аспан мен жердің, адамзаттың жаралуын «Үстіде Көк Тәңір, Астыда жазық жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған» деп айтса, Кіші жазуда «Тәңір текті, Тәңірден жаралған Түрк Білге Қаған. Бұл шақта отырдым» деп, қағанның жай адам емес екенін айтады. Патшаның жай адамнан тумай, құдайдың құдіретімен ерекше жағдайда туатыны туралы ұғым ежелгі рулық фольклорда ғана емес, құлиеленуші мемлекеттер тұсындағы мифтерде (мысалы, Александр Македонскийдің, Иса пайғамбардың ғайыптан тууы), тіпті, орта ғасырдағы аңыздар мен шежірелерде де кездеседі (Шыңғыс ханның күн нұрынан жаралғаны). Бұл – ғайыптан туу мотиві ежелгі тотемизмнің өзгерген түрі. Мұндай жағдайды біздің көркем фольклорымыздан да таба аламыз. Алпамыстың, Қобыландының, Ер Төстіктің дүниеге келу жағдайын еске алуға болады. Көркем фольклорда бұл көне наным өзгертілген, мұсылманданған түрінде де бас қаһарманды дәріптеудің бір амалына айналып кеткен.

Исламның Қазақстан жеріне енуі (VІІІ ғ.) Түркі қағанаты қалыптастырған мәдениетке өзгерістер әкелді, фольклорға мұсылмандық қасиеттер дарытты және басқа да ескі дүниелерді мұсылмандандырып, басқа арнаға түсірді. Мұның өзі фольклорды жаңа биікке көтерді, сөйтіп, толыққанды классикалық фольклордың қалыптасуына игі ықпал етті. Әсіресе, оғыз-қыпшақтар мен қарахандар тұсындағы мемлекеттердің мәдениеті барынша жанданды, өйткені, бұл кезде қазақ жеріне ислам өркениеті кең етек жая бастаған еді. Соның арқасында қала мен дала мәдениеті, дәстүрлі түркі мен ислам мәдениеті етене жақындасып, біртұтас көркемдік-эстетикалық жүйеге айналған болатын. Алтын Орта заманында да бұл процесс үзілген жоқ, оған тағы бір арна – моңғол фольклоры мен мәдениеті келіп қосылды. Осының бәрі, сайып келгенде, нағыз классикалық фольклорды тудырды, яғни бұрынғы фольклор алуан түрлі өңдеулерге түсті, тұтастану құбылысын бастан кешірді, бірнеше мәдениеттің дәстүрін бойына сіңірді. Міне, осындай тоғысу мен дамудың арқасында дамыған орта ғасырдың өзінде-ақ көркемдік қасиеті жоғары, өзіндік көркем жүйесі бар фольклор қалыптасты. Соның нәтижесінде ежелгі сюжеттер толығып, кеңейіп, жаңа сипаттарға ие болды, бұрынғы аңыздаулар үлкен эпикалық туындыға айналып жатты.

Нақтылап айтар болсақ, Алтын Орда тұсында ежелгі космогониялық, тотемистік, этиологиялық және эсхатологиялық мифтер өзінің бұрынғы «танымдық-ақпараттық» міндетімен қатар енді біршама «тәрбиелік» қызмет те атқарды, себебі ол баяғы құпия-сакралды қасиетінен ада болған еді. Оның үстіне үлкен күш алып келе жатқан ислам дінінің ықпалының артуына байланысты ол мифтер біртұтас жүйелену процесіне түспей, ыдырай бастады. Олар бірте-бірте өзінің алғашқы түрінен айрылып, басқа жанрға (мәселен, хикаяға) айналды немесе өзге жанрлардың құрамына сіңіп кетті, соның салдарынан бізде ертедегі құлиеленуші мемлекеттерге тән жүйеленген үлкен мифология қалыптасып үлгермеді. Есесіне, ғұрыптық фольклордың түрлері, ертегілер, батырлар туралы әңгімелер, мақал-мәтелдер қарқынды түрде дами бастады, жаңа жанрлар туып, фольклордың құрамы байи түсті.

Бұл үрдіс өте-мөте Қазақ хандығы кезінде үлкен қарқын алды. Фольклор – халықтың ең негізгі руханиятына айналды, оның жанрлық құрамы баюымен қатар сюжеттік һәм тақырыптық аясы кеңейді. Фольклор жанрлары бұрынғы көпфункциялықтан арыла бастады. Өмір талабына сәйкес батырлық жыр жедел дамып, басты рөл атқарды. Сонымен қатар қазақ пен қалмақ арасындағы ұзаққа созылған ұрыстар жаңа жанрды, яғни тарихи жырды дүниеге әкелді. Байырғы «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Сайын» сияқты жырлар қайта жырланып, Жәнібек хан, Есім хан жөнінде, кейінірек Абылай, Бөгенбай, Қабанбай туралы жырларға әрі үлгі, әрі поэтикалық негіз болды. Ежелгі мифтер мен ертегілер, аңшылық әңгімелер мен аңыздар жаңа мемлекеттің саяси-қоғамдық ауанына сай жаңғыртылды, сөйтіп, тағы бір жанр – шешендік сөз пайда болды. Дәл осы Қазақ хандығы тұсында ғашықтық жыр да өріс ала бастайды, ерте уақыттан бері айтылып келе жатқан Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу туралы аңыздаулар үлкен эпосқа айналды, «Қыз Жібек» жыры дүниеге келіп, ел арасына тарай бастады. Тағы басқа жырлар туып, фольклорлық циклге түсіп жатты. Бұларда көне сюжеттер мен мотивтер, ескі ұғымдар жаңаша пайымдалып, заман талабына сай жырланып жатты. Олар енді, негізінен, көркемдік міндет атқарды да, эпосты, бүкіл фольклорды эстетикалық тұрғыда түрлендірді.

Тарихтан белгілі, Қазақ мемлекеті пайда болған кезінен бастап бейбіт өмірді, тыныш тіршілікті білмеді. Ол барлық уақытта экспансия объектісі болып, жау мемлекеттер тарапынан жасалған шабуылды тойтарумен болды. Жоңғар хандықтарымен соғыстар өте ұзақ уақыт болды және қиян-кескі жүргізілді, олар әлсін-әлсін қайталанып, үш ғасырға созылды. Бұл дәуірде фольклордың, әсіресе, эпостың рөлі ерекше артты. Жыршылар бұрынғы батырлық жырын асқақтата қайта жырлады және өз замандас батырлары туралы жаңа эпос туғызып, олардың ерлігін мадақтады. Жыршылар, әрине, фольклорлық дәстүрді пайдаланды, олар ескі жырлардың поэтикасына сүйеніп, жаңа жырдың өзіндік сипатын қалыптастырды. Ал, ескі жырдың өзін де жаңа заман мен қоғамның талап-тілектеріне байланысты өңдеп отырды, сөйтіп, екі түрлі эпос қатар өмір сүрді. Мұның өзі эпос жанрын тарихи тұтастануға әкелді. Яғни ерте кездегі эпостың оқиғалары жыршылардың өмір сүріп отырған уақытына көшірілді де, енді бұрынғы рулық-тайпалық жырда өз руы мен тайпасының бақыты үшін ындыстарға (индустар), қызылбастарға (парсыларға) қарсы соғысқан Алпамыс та, Қобыланды да, Сайын да, Көкше де, Қамбар да, Қырым батырлары да Қазақ хандығы тұсындағы нақты жаулармен – қалмақтармен шайқасып жүреді. Сөйтіп, бір жырда бірнеше ғасыр тоғысады да, әр ғасырдағы оқиғалар мен кейіпкерлер араласып жүреді, ежелгі және кейінгі жаулар бір дәуірдің өкілдері болып көрсетіледі (Мұны ғылымда тарихи тұтастану дейді, басқаша айтқанда, бұл – фольклордағы тарихи анахронизм). Осындай процестің барысында эпос жанры бірте-бірте бірнеше тұтастану түрінен өтеді: тарихи, өмірбаяндық, шежірелік, географиялық. Осылайша бізге жеткен классикалық эпостың түрі қалыптасты, ол – феодалдық мемлекет дәуірінің эпосы болатын.

Нағыз мемлекеттік эпостың үлгілері – Қазақ хандығы кезіндегі қалмақтармен шайқасқан батырлар мен хандар туралы эпикалық туындылар, яғни тарихи жырлар («Есім хан», «Олжаш батыр», «Абылай хан», «Бөгенбай батыр», «Қабанбай батыр», «Өтеген батыр», т.б.). Бұл жырлардың бұрынғы батырлық эпостан бірнеше өзгешелігі бар. Біріншіден, бұл шығармалар оқиғалардың ізі онша суымай тұрғанда пайда болды; екіншіден, сол себепті оларда шындыққа жақындық басым; үшіншіден, бұл жырларда әсірелеу едәуір аз, ал мифтік, я болмаса қиял-ғажайыптық белгілер өте сирек, төртіншіден, тарихи жырларда кейіпкерлердің кейбір кездерде көрсететін өзіне ғана тән мінез-құлқы көрініс беріп қалады, яғни батырлар бұрынғыдай аса дәріптелмейді, олардың образы өз прототипіне жақынырақ; бесіншіден, бұл туындыларда батырлар ру мен тайпа үшін емес, бүкіл қазақ үшін күреседі, қазақ жерін, мемлекетін азат ету үшін соғысады. Бұл – ең басты ерекшелігі; алтыншыдан, батырлар бұрынғыдай жеке-жеке, өз бетінше жауға шаба бермейді, олар мемлекет басшысы – ханның маңайына топтасып, оның бұйрығымен соғысқа аттанады. Бұл да – мемлекеттік эпостың айырықша белгісі.

Сонымен, орта ғасырларда, әсіресе, оның дамыған кезеңінде және соңғы дәуірінде қазақ фольклорының барлық дерлік жанры түгел қалыптасып болды және біртұтас руханиятқа айналды. Жаңа дәуірде олар өзінің бүкіл көркемдік-эстетикалық жүйесін орнықтырып, жаңа сападағы классикалық фольклор түрінде дами түсті.

 

1-ТАРАУ. ТҮРКІ ЖАЗБАЛАРЫНДАҒЫ ФОЛЬКЛОР

§ 1. Түркі қағанаты кезіндегі фольклор

 

Түркі қағанаты дәуіріндегі жазбалардың фольклорлық сипаты сөз болғанда, ең алдымен, олардың жанрлық ерекшелігіне ой бөлінуі қажет. Рас, бұл төңіректе айтылған ғылыми ой-пікірлер де аз емес. Бірақ оларды белгілі бір жүйеге түсе қойды деп айту ертелеу. Мысалы, көне түркі ескерткіштерін зерттеген И.Стеблева Орхон жазбаларын «ақындық шабытпен жазылған туынды» ретінде бағалап, тарихи-ерлік дастан деген пікір айтса[553], А.Щербак Орхон жазбаларын әдеби шығарма емес, қысқаша тарихи деректер деп білген[554]. В.Жирмунский пікірі де осыған саяды.

Белгілі қазақ ғалымы Ғ.Мұсабаев Түркі қағанаты дәуірінде эпикалық дастанның үлгісі болғанын айтып, оның негізгі сипаттарын саралаған. Соның бірі ретінде мәтіннің әнге құрылуын атап: «Мейлі ол сарын әлде қара өлең болсын, белгілі бір әуенге құрылған. Ерте кездегі ән-өлең сөзі, музыкасы бөлінбейтін дәстүр түркі халықтарында біздің заманға дейін келгені анық»[555], – деп жазған еді.

Түркі жазбаларының әдебиетке қатысын М.Әуезов, С.Сейфуллин, Ә.Марғұлан, Қ.Жұмалиев, С.Аманжолов, Е.Ысмайылов, Ғ.Мұсабаев, Ә.Қоңыратбаев, Б.Кенжебаев, Ғ.Айдаров, Х.Сүйіншәлиев, М.Жолдасбеков, Қ.Өмірәлиев секілді қазақ ғалымдары да атап көрсеткен. Мысалы, М.Әуезов Орхон жазбаларында эпосқа тән баяндау стилі басым десе[556], Х.Сүйіншәлиев тасқа басылған кітап ретінде бағалаған[557]. Ғ.Айдаров өзгеше пікір ұсынып: «Орхон-Енисей ескерткіштерін поэзия түрінде жазылды дегенді мақұлдай беруге болмайды. Ол дәуірдегі фольклордың, әдебиеттің, ауызша поэзияның сипаты қандай болды деген сұрауға жауап бере алмайды. Бұл деректер - өлең өлшемінде туған таза поэзиялық туындылар емес, олар көркем сөз негізінде жасалған шығармалар»[558],- десе, Қ.Өмірәлиев Түркі қағанаты дәуіріндегі жазбаларды шартты түрде ғана сөз өнерінің басы ретінде қабылдаған[559].

Бұл пікірлердің бірі дұрыс, екіншісі бұрыс деген ой айту артық. Себебі олардың тұжырымдары зерттеп отырған ғылыми проблема аясында сабақталған. Атап айтар болсақ, жоғарыда аталған ғалымдардың басым көпшілігі түркі жазбаларын әдебиет тарихы тұрғысынан сөз еткен. Сондықтан олардың ғылыми ізденістерінен бұл ескерткіштердің фольклорлық сипатына қатысты пікірлерді іздеу шарт емес.

Зерттеушілерді «Күлтегін» жазбасының сюжеттік желісі де қызықтырған. Л.Гумилев үлкен жазбаның екі түрлі оқиғаны баяндайтынын анықтап, бірі – 550-718 жылдар арасындағы түркі тайпаларының тарихы, екіншісі – Күлтегін эпитафиясы деп көрсеткен[560] болса, И.Кормушин үлкен жазуды алты сюжеттік желіге жіктеп, оларды "хикаялау циклы" деп атаған[561].

Орхон жазбаларына қатысты зерттеулердің қамтыған ғылыми мәселелері де әрқилы: бірі - жазбаның текстологиялық ерекшеліктеріне, екіншісі - тастағы жазудың орналасу тәртібі мен мазмұнына, үшіншісі жанрлық табиғатына қатысты болып отырады. Осы реттен келгенде, «Орхон ескерткіштері VI-VIII ғасырлардағы түркі тайпаларының тарихынан, мәдениетінен, әдебиетінен, әдет-ғұрпы мен күн көру тұрмысынан, дәстүр, салт-санасынан толып жатқан құнды деректер беретін тарихи әңгімелер болып есептеледі»[562], – деген пікірдің әлі де анықтай түсетін тұстары жоқ емес. Бұл жазбаларды поэзия көрінісі емес деген Ғ.Айдаров та олардың әдебиетке қатысын жоққа шығармайды.

Орхон жазбалары – түркі тайпаларының этникалық үрдісіне негізделген эпикалық туындылар. Олардың сюжеттік желісі мен құрылымы өзара жақын. Мысалы, «Күлтегін» жазбасының баяндайтын оқиғалары мынаған саяды:

1. Бумын, Істемі қағандар кезіндегі Білге, Алып қағандардың елдік, ерлік істері. Мұндағы Бумын (551-552) – Түрік қағанатын құрушы да, ал Істемі (553-576) Батыс Түрік қағанатының тұңғыш билеушісі болатын. Жазбада осы тарихи-этникалық үрдістің елесі жатыр. Бұл қағандар өмірден өткен соң, олардың ұрпақтары жалтақ болып, ымырасыздыққа салынып, елдігін жойып, табғаштарға тәуелді болған.

2. Қырылуға, жойылуға қараған түріктердің елдігін қалпына келтіру жолындағы Елтеріс қағанның жорықтары. Ол жиырма рет соғысып, тізеліні бүктіріп, бастыны еңкейтіп, ақыры, өзі де дүниеден өткен.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 925; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.008 сек.