КАТЕГОРИИ: Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748) |
Жалпы сипаты 13 страница
Бірде Елік, – деді өртеніп, шыдамай: «Қандай ерді жоғалтқанмын, Құдай-ай! Төңіректе сүйретілген тірі көп, Тындырымды, сүйенетін бірі жоқ!»[600] –
деп Айтолдының қадірін сезіне отырып толғануы жоқтау жанрының үлгісін танытады. Ал, «Айлалыдан арыстан да жайраған»[601] деген бір жолдың өзінен түлкінің жалған мақтауына алданып, жардан секіріп, сүйектерін қиратқан арыстан туралы ертегіні меңзейді. ХІ ғасыр мұсылмандық діннің қазақ халқы үшін орныққан кезі, сол себепті ақын: Бар халыққа екі үйді жаратты: Бірі – тозақ, бірі – ұжмақ жәннаты[602];
Мейірім жаса, мұңлыққа қарасын, Ұжмақтың төрінен жай табарсың[603], –
деп, мұсылмандық мифологияға сүйенеді. Ал:
Шыншыл, сара басшы керек халыққа, Халық үшін түсіп шығар тамұққа[604], –
дегенінде көркемдік тәсіл бар. Жүсіп Баласағұнның шығармасының негізгі идеясы – әділеттілікті, білімді, адамгершілікті насихат ету. Ал, фольклорлық мәтіндер көркемдік тәсіл деңгейінде қолданылған. Махмұд бин Хусаин бин Мұхаммед Қашқаридың «Диуани лұғат-ит-түрк» еңбегі – ХІ ғасырдың мұрасы. Ол Ирак жерінде 1074 жылы жазылып біткен. Бұл қолжазбаның жалғыз көшірмесі Стамбулда сақтаулы, ол 319 беттен тұрады. М.Қашқари «Диуани лұғат-ит-түрк» еңбегінде сөздердің түсіндірмесін жеткізудің ұтымды жолы ретінде фольклорлық жанрлардың түрін пайдаланған. Ғалым өзі қолданған жанрларды хикмат сөздер, сежілер (ұйқасты, үйлесімді сөз), мақал-мәтелдер, өлең-жырлар, режез (қаһармандық жыр), несір (көркем сөз) деп атағанымен, олардың қатары мұнымен шектелмеген. Мұнда Зұлқайнарынға байланысты аңыздар, Афрасиабқа (Алып Тоңға ер) арналған жыр үзінділері және оны жоқтау, түркі тармақтары – түрік, түбіт, түркімен, елке бұлақ, шігіл сөздерінің шығуына және Алтын қан тауының аталуын түсіндіретін аңыздар, «Тұплықа тол!», яғни «көрге кір!» және «Тәңірінің қарғысы соның үстіне (жаусын)!» деген екі қарғыс, т.б. бар. Қазақ тұрмысында жыл қайыру – мүшелге арналған «Хайуанаттардың жыл басына таласуы» атты мифтік ертегіден бөлек сюжет келтірілген. Ол: «Түрік қағандарының бірі өзінен бірнеше жыл ілгеріде өткен ұрысты талдап үйренбекші болған, сөйтіп, сол ұрыс болған жылды анықтаған кезде жаңылысқан. Сол мәселе хақында қаған халқымен кеңесіп, құрылтайда: «Біз бұл тарихты анықтағанда қалай қателессек, біздің келешек ұрпақтарымыз да солай қателеседі. Сондықтан біз енді он екі ай мен аспандағы он екі бұржыны негізге алып, әрбір жылға бір ат қояйық»,- деп, барлық жабайы хайуанды Іле өзеніне қарай қууды бұйырады. Он екі хайуанның түрі судан шығу ретіне қарай жыл атын алып, мүшелді құрайды[605]. «Хайуанаттардың жыл басына таласуы» атты мифтік ертегіге қарағанда бұл сюжеттің жасалуы кештеу болған, өйткені, мұнда негізгі салмақ мифтік ертегідегі жануарлардың таласына түспей, кім озатынын бақылайтын сырт көз арқылы шешілген өзгешелеу сарынға түскен. Бұл басында түрік қағанына арналған аңыздан туып, оны дамытуда жыл қайыру ретін пайдаланып, өңдеген. Мұнда, сондай-ақ, барақ иттің шығуына арналған миф те бар. Онда: «Түріктердің аңыз, нанымдарында бүркіт қартайғанда екі жұмыртқа тауып, соларды басады, сол жұмыртқаның бірінен барақ шығады екен. Иттердің ең ұшқыр, алғыры, аңшы итінің ең мықтысы осы барақ иттер болады екен. Екінші тұқымнан бүркіттің балапаны шығады екен, бұл оның ақырғы балапаны болады-мыс»[606],- дейді. Бұл мифтік кейіпкер құс - құмайдан жүйрік ит туатыны туралы миф түркі халқына ортақ, ал оның отаны - Орталық Азия[607]. М.Қашқаридың қолында таңғұт, ибақұл, мыңлақ елдеріне қарсы күреске арналған жыр мәтіндері болған. Сөздік жасаудың ретіне қарай пайдаланылғанымен, олардан барлаушы атынан:
Бөктерлерге шығып жүрдім, Жақын барып, қара көрдім. Оны біліп, жақын бардым. Тұтас тұрды жаудың шаңы,-
деген сөз, ханды ибақұлға қарсы соғысуға шақыру немесе:
Бір-бірін ерлер жоқ қылар, Күш қосып, бірге он құлар. Бірін-бірі мақтасар, Елең етпей, оқ атар,- дегендей соғысты бейнелеп, тұтқынға түскен адамды айту, Афрасиабтың, басқа да белгісіз батырлардың өліміне күйініш, жоқтаудың берілуі – мұның бәрі М.Қашқарида осындай тұтас жырлардың нобайы болғандығына меңзейді. Сондай-ақ, «Диуани лұғат-ит-түркте» қыс пен жаздың айтысы да бар. Онда қыс: Ер, ат менен әл жияр, Ауру-сырқау азаяр, Тән-жаны да қатаяр,-
десе, екінші жолы:
– Сенде тұрар шаяндар, Шыбын-шіркей, жыландар. Мыңдаған ине-тебендер, Құйрық тігіп жүгірісер,- дейді. Ал, жаз оған:
– Сенен қашар сұндылаш, Менде тыншыр қарлығаш. Бұлбұл сайрар татымда, Еркек әйел ұшырасар, –
деп, қарсы жауап қайтарады. Жыл мезгілдерін айтыстыруда классикалық ұғымдағы ақындар айтысындағы басты қағида – бір-бірін қалайда жеңу мақсаты көзделмеген, сыртқы түр жағынан ұқсастықтың мәнісі –табиғаттың әр кезеңінің иесі бар деп, оны антропоморфты күйде танудан шыққан. Ал, бұл еңбекте кіріспедегі екеуін қоса есептегенде мақал-мәтелдің жалпы саны – 360. Оның жиырма бесі 2 рет, екеуі 3 рет қайталанған. Сондай-ақ, «кең тон тозбас, кеңескен білік азбас», «Кеңескен білік озар, кеңессіз білік тозар» деген мақалдың нұсқалары да талдау қажеттілігіне қарай қолданылған. Ахмет Иассауидің «Диуани хикметі» мұсылмандық діннің негізгі қағидаларын уағыздауға арналған көркем шығарма. Ақын мұсылмандық мифологияны, соның ішінде, сопылықты өзінің діни өмірлік ұстанымы ретінде алға тартқан. Сол үшін «Жаннат кіріп, хорлар құштым», «Жұмақ ішінде жібектен тон киер, достар», «Асылым-топырақ, нәсілім-топырақ, баршадан хар», «Имансыздарға дозақ есігін ашар, достар», «Жеті тозақ мұрсат бермес қас-қағымға», «Мәңкүр-Нүңкүр «Раббың кім?» - деп сұраққа алғай», «Сират көпірі тұрар, кісі малын жеме», т.т. деген насихат айтады. Ал, қырқыншы хикметте Баба Мәшін (Арыстан) Хакім Қожа Сүлейменге әмір етіп, бес жүз қамшы ұрдырғаны туралы айтылады. Сонда бәріне мыңқ етпей:
Соңғы қамшы тигенде естен танды... Ата айтты: арқасында бар оның дию-пері Қорғаған соң бес жүз қамшы соған тиді. Дию-пері арқасынан кеткен сәтте, Бір қамшы оған тиді, білгін, достар, –
деген сюжет берілген, бұл – жанр тұрғысынан хикаят. Ал, елу бірінші хикметте Мұхаммед пен Хадишаның некелесуі туралы аңыз қолданылған. Елуінші хикметте жұмақ пен дозақтың айтысы берілген. Біздің ойымызша, бұл айтыс фольклорлық мәтін емес, ақынның өз туындысы сияқты, өйткені, мұсылмандық мифологияда мұндай айтыс түрі жоқ. Сопылық дүниетанымға тән ұстанымды Қожа Ахмет Иассауи түркілік дүниетаным негізінде жаңғыртқан. Оның шәкірті Сүлеймен Бақырғани да білім, дидактикалық, ғашықтық өлеңдер жазған. Ахмед Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» кітабы да мұсылмандық мифология негізінде дидактикалық мақсатта жазылған, ол «білімді адамның [өзі] өлгенмен аты өлмейді»[608], «тіл жараласа жазылмайды, оқ жарасы жазылады»[609], «сырың өзіңде сақталып тұрмаса, досыңда сақтала ма?»[610], «мың кісі досың болса – көп көрме, бір дұшпаның болса – аз деме»[611] деген мақалдар қолданылған. Қорыта айтқанда, Х-ХІІ ғасырлар - Орта Азия мен Қазақстан жерін мекендеген түркі халықтары үшін әдебиеттің дамыған елеулі кезеңі. Бұл кезде араб үстемдігі жойылып, жергілікті Қарахан мемлекетінің дәуірі басталған. Әрине, мұсылман дінінің енуі де әдебиетке өз әсерін тигізді, мұсылмандық мифология халық санасына да әсер етті. Бұл кезеңде дидактикалық, имандылық, кемел адам тақырыбы алға шықты. Фольклорлық жанрлар әдебиетке осы мақсатта қызмет етті.
§ 3. Алтын Орда тұсындағы фольклор Алтын Орда дәуіріндегі әдебиетте оның алдындағы ХІ-ХІІ ғасырлардағы түркі әдебиетіндегі көркемдік ерекшелік пен мұсылмандық негіз жалғасын тапты. Атап айтқанда, Ахмет Иассауи, Жүсіп Баласағұн, т.б. бұл кезеңде де ықпалды болған. Соның өзінде Алтын Орда дәуіріндегі жазба әдебиетте мұсылмандық мифология ерекше кең өріс алды. Бұл кезеңдегі ақындарға Құран негіз болғаны белгілі. Байқап отырсақ, Алтын Орда дәуіріндегі шығармаларда адамгершілікті, имандылықты, махаббатты жырлай отырып, ол кезеңдегі ақындар мұсылмандық діннің насихатына да белгілі дәрежеде ықпал еткен. ХІІІ ғасырдың бас кезінде «Жүсіп-Зылиха» поэмасын түркі тілінде жырлаған Құл Әли бұл шығармасында Құранды атап өткен[612]. Дегенмен ол бұл туындыны жазғанда Құран тәпсірі ғана емес, сондай-ақ, Фирдоусидің поэмасын және басқа да парсылық шығармалармен таныс болған[613]. Бірақ ол тек аудармашы емес, белгілі сюжетке өзіндік жаңалық қосқан. Құранды өзі атап өтсе де, оның 12-сүресінде баяндалған Жүсіп оқиғасымен аз-кем өзгеріс бар. Мәселен, Құранда Жүсіпті ағалары құдыққа тастап, оны су іздеген бір адам тауып алып, Мысырға кетіп бара жатқан адамға сатады. Ал, Әлиде Жүсіпті ағалары құл ретінде сатады, жолда кетіп бара жатқанында ол аяғы бұғаулы күйінде анасының моласына қашып келіп, мұңын шағады, жылайды. Бұл соңғы сарын да Құранда жоқ. Дүрбектің «Жүсіп-Зылиха» поэмасынан[614] түркі халықтарындағы қаһармандық эпос пен батырлық ертегінің әсері байқалса[615], Құл Әли үшін Жүсіптің күш-қайрат көрсетуі басты ерекшелік болмаған. Құл Әли үшін Жүсіптің Құдайға деген сенімінің күштілігі маңызды. Әке мен бала сарыны да Құл Әли шығармасында маңызды, сондықтан Жүсіп Зылиханың дегеніне еріп кетпеуі үшін Жебірейіл оның әкесінің бейнесіне еніп, тоқтатқан. Жүсіпті өлді деп келген ағалары куәлікке қанды көйлекті көрсетеді, бұл «Қорқыт Ата кітабындағы» Бамсы Бәрікке арналған жырда Бамсыны өлді деп келген Ялташық та осындай амал жасайды. Бұл – фольклорлық шығармаларға тән жалған өлім сарыны. Бамсы Бәріктің әкесі соқыр болып қалғанда ұлының қаны жұққан орамалымен көзін сүрткен кезде жанары ашылған. Бұл шығармада да солай. Сүйікті баласының өліміне қайғырған Жақыптың көзі көрмей қалғанда да Жүсіптің жейдесі ем болған. Нақтырақ айтқанда, қан-фетиш ретінде қолданылған, бұл да ежелгі дәуірдегі фольклордың бір қызметі – наныммен байланысын танытады. Құл Әли Жақыптың өлімін айтқанда оның жаны құсқа айналып, ұшып кетуімен байланысты жеткізуі де ежелгі түркі халықтарына ортақ наным бойынша орын алған. Яғни адам тәні өлсе де, жаны өлмейді деген түсініктің орта ғасырларда да күшінде болғанын айғақтайды. Жүсіптің құл болып сатылуы – оны әлеуметтік төмен таптың өкілі ретінде танытады – осыдан бастап оның түрлі қиындық көруі, ақырында, әділ патша дәрежесіне дейін көтерілуі, оған қол тигізген, залымдық жасаған адамдардың Жүсіптің алдына жүгінуі фольклор эстетикасымен үндес. Бұл, тіпті, Жүсіпке байланысты шығармалардың бәрінде бар, ал бұл оның сюжеттік әрі композициялық желісінің ертегілік сипатта екенін аңғартады. Әрине, мұның бәрінде, мұсылмандық сенімділік басты лейтмотив екені даусыз. Түрік ғұламасы, шыққан тегі оғыз тайпасынан болатын Бұрһанеддин Насреддин Рабғузи 1310 жылы жазған «Қисса-сүл-әнбияда» пайғамбарлар туралы айта отырып, Құран мен Тәураттағы мифологияға арқа сүйеген. Дегенмен жекелеген жағдайлардан өзгешелік табуға болады. Мәселен, топан суға байланысты Жебірейілдің көмегі арқылы Нұһ пайғамбар жасаған кеме үш қабатты деп айтылады. Інжілде де мұндай ерекшелік айтылған, Рабғузиде ол кеменің сипаты: «Үшінші қабатына қанатты құстар кірді. Ортаңғы қабатына Нұһ ғ.с. қауымы кіріп, астыңғы қабатқа төрт аяқты жануарлар енді»[616], – деп баяндалған. Кеменің үш қабатты болуы, ондағы ерекшелік, әрине, ежелгі дәуірдегі мифтік түсінікке тән. Топан су сарыны әлемдік фольклорда бар[617]. Яғни мифтің әр халықта өзінше түсіндірілуі орын алған, оны фольклортану ғылымында эсхаталогиялық мифке (ақырзаман туралы) қосады. Топан су сарынын пайдаланғанда Рабғузи қарлығаштың құйрығы неге айыр болғанын баяндайтын этиологиялық ертегі кіріктірген. Бұл белгілі ертегіде жыланның ең дәмді ет тілейтіні туралы шарт қоюының себебі бар, яғни Нұһ жасаған кемені тышқандар тесіп, одан су кіреді де, пайғамбар: –Қайсы жануар бұл тесікті тауып, бітесе, тілеген тілегін берермін, – деген. Жылан тесікті тауып, құйрығын тесікке тығып, иіріліп жатады. Сол сәт судың кіруі де тоқтайды. Нұһ ғ.с. жыланның тілегін орындау үшін шыбынға: – Бар, мақұлықтардың етінің дәмін татып көр. Қайсы хайуанның еті дәмді болса, сол жыланға рыздық болсын, дұға етемін, – деді. Шыбын жер жүзін кезіп, кешіккен, оны тауып келу үшін Нұһ ғ.с. қарлығашты жұмсайды. Қарлығаш шыбынды тауып, қай мақұлықтың еті дәмді екенін сұрайды. Шыбын: – Адам етінен тәтті ет жоқ, – дейді. Алланың азанымен қарлығаш есіне адамның түрлі қасиеті түсіп, айла қылып: – Ол еттің дәмі тіліңде әлі сақталған болар. Мен де татып көрейін, – деп, шыбынның тілін жұлып алды. Сөйтіп, шыбынмен қуысып, қарлығаш Нұһ пайғамбарға келді. Нұһ шыбынның неге сөйлей алмай қалғанын сұрағанда қарлығаш: – Бұл кешігіп қалғандығы себепті ұялып, сөйлей алмай тұр ғой. Әйтпесе, бағана бақа етінен тәтті, ләззатты ет жоқ деп айтқан, – дейді. Нұһ ғ.с. мұнан соң бақа етін жыланға рыздық етіп тағайындады деп қорытынды жасалған. Бұл тақырыптағы фольклорлық мәтіндерге сай мұнда да жылан қарлығаштың жасаған айласын біліп, оған тұра ұмтылады. Сол кезде қарлығаштың құйрығы ортасынан үзіліп түсіп, содан қарлығаш айыр құйрықты болған[618]. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісі фольклорлық айналымға түскен себепті басқа түркі халықтарында, мәселен, қырғыз бен ноғайда бар[619]. Түс көру сарыны Жүсіпке байланысты қолданылған[620]. Түс көру сарыны, негізі, ежелгі дәуірлердегі тағдырға мойынұсынумен (фатализм) байланысты, Көрген түстің орындалуынан қорқып, Жүсіптің абыройы асқақтайтын болды деген қызғанушылықпен ағалары оған зұлымдық жасайды. Бұл жағдайға, бір жағынан, Жүсіптің шешесінің бөлектігі де әсер еткен, екіншіден, бір отбасындағы бауырлардың кенже баланы қуғындау – ертегілік сюжет бойынша енгізілген. Ғайыптан туу сарыны Мәриямға қатысты қолданылған. Мәтінде: «Мәриям елінен айрылып, күн шығыс тарапына барып, ғұсыл құйынбақ үшін өзіне перде тұтты. Сонда Алла тағала Мәриямға Жебірейіл ғ.с.-ді жіберді. Жебірейіл ғ.с. Мәриямға жас жігіт бейнесінде көрінді. Сол кезде Мәриям құрсағына бала түсті. Сегіз ай толғанда Ғайса туды»[621], – делінген. Мәриям баласын көтеріп, өз ортасына келгенде, олар күнәмен атасыз баланы дүниеге келтірдің деп сөгеді. Бірақ Құдайдың көмегімен дүниеге келген бала бесікте жатып, «Ақиқатта, мен Алла тағала құлы»[622], – деп жауап береді. Баланың құдіреттілігі осыдан-ақ көрінеді, ақырында, Хақ тағала Ғайса ғ.с.-ға өліктерді тірілту қасиетін берді[623]. Бұл орайда халық арасында ерекше қабілетті адамдарды Құдайдың таңдаулысы деген сеніммен ежелгі дәуірлердегі ғайыптан туу сарыны, ғажайып сыйлық сарындары қолданылған. Мәселен, бір кездегі тарихи тұлға – атақты Шыңғыс ханды да ғайыптан туу сарыны бойынша таныған. Фольклорлық шығармалардан бұл сарынның бірнеше түрде өрбігенін кездестіруге болады. Ал, шындығында, мұсылман мифологиясының негізі Құран болғанымен, оның өзіне дейін кең қанат жайған Көне өсиет пен Інжілдің ықпалы, пайғамбарлардың бәрі болмаса да, біразы тарихи тұлға екендігі аян. Ал, Көне өсиеттен бастап есімі қолданылған Авраам (Ибраһим), Исаак (Ысқақ), Иаков (Жақып), Иосиф (Жүсіп) пен оның ағаларының тарихи адамдар екендігін дәлелдеуге ешқандай дерек жоқ[624]. Діннің алғаш пайда болып, қалыптасуында қызмет еткен пайғамбарлар өз елдерінде о баста аңыз жанрына кейіпкер болса, бізге әбден діни сенімнің ыңғайымен өзгеріп, сюжеті көркемделіп, хикаят түрінде жеткен. Ал, тарихи прототипі жоқ пайғамбарларды мифтік кейіпкер деп түсінуге болғанымен, дерек сақталмаған деген пікірді де ұстанған жөн болар. Мұса пайғамбар туралы Рабғузи пайдаланған фольклорлық сюжет Көне өсиетпен үндеседі. Көне өсиет бойынша Моисейдің анасы оны сақтау үшін сандыққа салып, суға тастайды. Оны фараон қызы тауып алып, оған ана болса да, сәбиді емізетін – оның өз анасы болып шығады. Баланың сандыққа салынып, сақталуы – фольклорлық негізден туған сарын[625]. Рабғузиде бұл сюжет дамытылған. Яғни перғауынның әмірімен үйіне жаңа туған нәрестені өлтіруге келген уәзірлерден жасыру үшін анасы Мұсаны пешке тығып қойған. Ақырында, баланы пештен алып, оның аман-есендігін көреді. Ал, Көне өсиетте Моисейді шешесі үш ай жасырып ұстап, ақыры, баланы өздігінен сақтай алмайтынын біліп, суға тастағаны айтылған. Бұл сюжетті Рабғузи Нәзһәтүлму Жәлис кітабынан ұсынған[626]. Оның айтуы бойынша, Лауһаның өтініші бойынша сандықшы сандық жасап береді. Мұса сол сандыққа салынған соң сандықшы бала өлтірушілерге келіп, өзі білетін құпияны айтқысы келеді. Бірақ Алла тағаланың құдіретімен сандықшы сөйлей алмайтын болып қалады. Үйіне қайтып келгенде, тілі ашылады. Ойлаған мақсатын жүзеге асыру үшін тағы барады. Бірақ сол кезде тағы да тілі байланып қалады, содан соң екі көзі көрмейтін болды. Тек «Алла тағала көзімді көретін етіп, тілімді сөйлетер етсе, бұл ер балаға жәрдемші болармын. Ешкімге бұл сырды айтпас едім», – деген соң ғана жанары да, тілі де ашылған. Ежелгі дәуірлердегі аңыздауларға енген ғажайып сыйлық сарыны бір Құдайға табынуға үндеген діни кітаптарда да жалғасын тапқан. Мұның дәлелі – Ғайсаға өліктерді тірілту қасиеті болса, Мұсаның қолының қасиеттілігі және оның кереметті асатаяғы[627] да осы сарынның жалғасы. Мұндағы өзгешелік – тотемдер мен аруақтар тарапынан жасалатын ғажайып сыйлық діни мақсатқа бағындырылған. Мұсаға байланысты бұл сарын Құранның 20-таһа сүресінде де[628] айтылған әрі Көне өсиетте Моисейге[629] де байланысты қолданылған. Рабғузи, сондай-ақ, Құранда аталмаса да, мұсылмандық мифологияда кеңінен танымал Қызырға байланысты сюжеттерді кіріктірген. Атап айтқанда: Күндердің күнінде Зұлқарнайын патша өзінің дос періштесіне: «Алла тағалаға құлдық қылмақ үшін мен ұзақ ғұмыр тілеймін», – деді. Періште сонда: «Егер ұзақ ғұмыр тілесең, жер жүзінің түн жағында, қараңғылықта бір бұлақ бар. Содан су ішкен адам ақырзаманға дейін ғұмыр кешер», – деді. Бұл су Зұлқарнайынға нәсіп болмай, Қызыр ғ.с.-ға несіп болып, сол суды ішті. Сөйтіп, ақырзаманға дейін тірі болатын болды. Қызыр ғалайһи-уәссәләм үнемі ғибадат ететін. Бір күні Әзірейіл ғалайһи-уәссәләм жанын алуға келді. Қызыр пайғамбар қатты жылады. Сонда Әзірейіл ғ.с. «Ей, Ілияс! Аллаға баруға неге жылайсың?» – деді. Қызыр: «Жоқ, өлсем табиғат-ғибадаттан махрұм болам ғой, басқалар ғибадат қылар!» – деді. Сол сағатта Алладан хабар келді: «Құлым, Ілияс дұрыс айтады. Біз оған ұзақ ғұмыр бердік», – дегенде Әзірейіл ғ.с. ғайып болды. Қызыр Ілияс ғ.с. бүгінге дейін тірі. Қияметке дейін Алланың құлдарына жәрдем береді. Қызыр Ілияс ғ.с. далада адасқан адамдарды жолға салады. Суға кеткен адамдарды құтқарады[630]. Қызыр туралы мұндай түсінік кейінгі кезеңде де жалғасын тауып, ел арасына кең тараған. Жүсіп-Зылиха сюжетін Рабғузи да пайдаланған[631]. Әрине, «Жүсіп-Зылиха» нұсқаларында әр туындыгер өзіндік ерекшелік дарытқаны анық. Құл Әли Жүсіптің өз-өзінің сұлулығына масайраған сәттеріне мән берсе, Рабғузиде ол жоқ. Құран Кәрімде Лұқман сүресі бар, бірақ Құранның тәпсірін жазған зерттеушілер оның пайғамбар емес, аса дана, тәбип болған кісі, дәрігер деп жазады[632]. Құранда: «Сол уақытта Лұқман өз ұлына үгіт бере отырып: «Әй, ұлым! Аллаға серік қоспа! Күдіксіз ортақ қосу – зор зұлымдық»[633], – деп айтқаны жазылған. Рабғузи Құрандағы бұл уағызға құрылған әке өсиетін сюжеттік тұрғыда дамытқан. «Қисса-сүл-әнбияны» оқи отырып, оны жазу барысында Рабғузидың қолында көптеген еңбектер мен ауызша жиналған фольклорлық мәтіндердің болғанына көз жеткізуге болады. Соның бір дәлелі – Лұқман есіміне арналған қиссаны ұсынғанда «кейбіреулер айтады» деп, дидактикалық мағынадағы фольклорлық сюжеттерді алға тартқан[634].
Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 1030; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы! Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет |