Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Хайуанаттар туралы ертегі 4 страница




Алпамыстың нақты тарихи тұлға болғаны туралы ешқандай мәлімет жоқ, ол халық қиялынан туған фольклордағы қаһарманның жиынтық бейнесі болуы керек. Оның соғыс үстінде көрсеткен бейнесі:

 

Буырқанып, бұрсанып,

Мұздай темір құрсанып,

Ашуы қысты денені

Айдаһардың тіліндей,

Салса кеткен білінбей

Қынабынан суырып,

Қолына алды беренді,[681] –

 

деп көрсетіледі. Осы орайда қазақ фольклорында батырдың жаны – оның қаруында екендігі айтылатынын ескеру керек. Атап айтқанда, қылышта («Үш батыр»), бәкіде («Бай мен баласы»), семсерде («Ұшар ханның баласы») деп көрсетіледі[682]. Мұның мәнісі – темірден жасалған заттардың магиялық күші бар деп сенуде жатыр. Ал, «мұздай темір құрсанып» деген таныстыру батырдың тұтас денесін магиялық сипатта көрсетумен сабақтас. Алып Манаш Ақ ханның еліне барар жолда өзін кең дариядан өткізген қартқа «егер садағымды тат басса – өлгенім, ал, өлмесем – бұл күндей жарқырап тұрады» деуі батырдың жаны мен оның темірден жасалған қаруының бір ұғыммен байланысқанын танытады.

Қазақ жырында Гүлбаршын эпикалық дәстүрге лайықты бейнеленген. Ол рухы биік адал қалыңдық, адал жар, ал, әйел ретінде нәзік. Алпамыс оған шынайы түрде қорған[683].

Өзінің атастырылған қалыңдығы сұлу Гүлбаршынды алып келгенінде әкесі қалмақтың ханы Тайшықтың бар малды алып кеткенін айтады. Бірақ батыр әке малын түгендеуші ғана емес, ол бүкіл ру намысын қорғайды. Рулық қоғамда ру – Отан проблемасын көтерген. Сондықтан Алпамыс енді ел намысын қорғайды.

Тайшық үшін Алпамыстың оңай жау болмайтыны оның түс көріп, одан қатты қорыққанын:

 

Құрсаулы қара нар келіп,

Қарсы қарап шабынды.

Көзімнің жасы егілді,

Қабырғам менің сөгілді,[684] –

 

деп баяндайды.

Жырдың бұл екінші бөлімінде Тайшық хан Алпамыстан қорқып, көмектесетін адам іздейді. Көрген түсті болдырмау үшін әрі батыр сапарының оңай еместігін білдіру мақсатында жау жаққа көмектесуші мыстан кемпір кіріктірілген. Жырда мыстан деп[685] аталғанымен, оның жырдағы қызметі хикаялық кейіпкер – жалмауызбен үндес. Фольклорлық шығармаларда, атап айтқанда, «Дотан батырда» жалмауыз кейіпкердің ағаларын да, өзін де жұтып, қайта шығаруға мәжбүр болған.[686] Алпамыстың аты да Дотанның аты сияқты жалмауыздың адамға қас ниетте екенін бірінші болып сезеді. Ол жырда:

 

Байшұбарға мінбекке

Дұшпан зәлім, қу мыстан,

Оңтайланып келеді.

Адамнан есті жануар

Қос аяқтап тебеді,[687] -

 

деп берілген. Ендеше «Алпамыс батыр» жырындағы мыстан кемпірдің жай тұрмыстық деңгейдегі жамандық жасаушы емес, адамзатқа қас екенін ат өзінің қасиеттілігі арқасында сезе білген.

Бірақ түс нақты түрде жүзеге асады, яғни қазақтың «Алпамыс батыр» жыры қалыптасқанда фатализм әлі өз күшінде болған.

Мыстан кемпірдің қолынан келмейтіні жоқ, ол қаншама айлалы болса да, Алпамыстың ажалы жоқ екені белгілі болады. Мыстан кемпірдің Алпамысты қулықпен мас қылып, ұйықтатуы батырдың магиялық ұйқы сарынының өзгеріске түскен түрі. Мұны түсінуге алтай жыры көмектеседі. Ол жыр бойынша Алып Манаш Ақ ханның еліне бару үшін кең дария өзеннен өткенінде қалың ұйқыға кетеді. Мұның мәнісі – ол өзге әлемге түскен, соның салдарынан болған магиялық құбылыс. Осы себептен Алпамыстың қалың ұйқысының себебін және ондай батырлық ұйқының үстінде оған ешқандай зияндық жасалмайтынын түсінуге болады.

Ақыры, бәрібір, қандай қиындық көрсе де, кейіпкерлер зынданнан шығып, жауды мұқатқан соң еліне келеді. Көнелік сипаты бар фольклорлық шығармаларда Алып Манаш та, Алпамыс та, жиырма жыл мұхит кезіп, сиқыршы Кирканың тұтқынында бір жыл болып, одан да босап, елге келген Одиссей де өз еліне адам танымастай күйде келеді. Өйткені, кейіпкерлердің мұндай сапары олардың «өліп-тірілгенін» білдіреді[688]. Демек зындан кейіпкерлердің сынақтан өткенін білдіретін сынның өзгертілген түрі.

Қазақтағы «Алпамыс батыр» мен өзбектегі «Алпамыштың» сюжеттік өзегі әрі композициялық құрылымы, негізінен, бірдей[689]. Екі жырдың да кейіпкері батырлық көрсеткенімен, өзбек нұсқасында романдық сипаттар басым.[690]

Қазақ жырының мақсаты айқын – жауға қарсы тұра алатын қайратты, намысқой батырды жырлау. Архаикалық жырлардың кейіпкерлері некелік сынақ кезіндегі бәйге, садақ ату, мергендік сайыстарына қатысады, ал, Алпамыс қаһармандық жырға тән шынайы батыр тұлғасында дәріптелуі үшін Гүлбаршынды қалмаққа беріп қоймай, қалыңдығын жаудан азат етеді, әрі жауға қайрат көрсетеді. Өйткені, бұл жырдың пайда болуындағы тарихи үлкен мәселе – қалмақпен соғыс болған. Сондықтан жыршылар жырды тудырғанда некелік сынақты архаикалық жырларға ұқсатпай, бар маңызды қалмаққа қарсы күшке аударған.

Алпамыс Гүлбаршын туралы естігенде тоғыз-он жаста екені айтылады. Яғни қалмақпен соғысқан кезінде ол бала батыр типінде көрінеді. Соған қарамай қаһармандық жырдағы батырды дәріптеуге сай Алпамыс қалмақ ханы Қараманның өзіне де, оның әскеріне де бір өзі үрей туғызады. Нәтижесінде:

 

Сөйте-сөйте Қараман

Кесектеп қанды құсады.

Ұстады бала жағадан

Айрылды хан бағадан[691], –

 

дегенге келтіреді.

«Алпамыс батыр» жырында әйелінің тойының үстінен түсу сарыны қолданылған. Бұл сарын«Алып Манашта» да, «Одиссейде» де бар. «Алпамыста» күңнен туған Ұлтан құл, «Алып Манашта» батырдың досы болған Ақкөбен бас кейіпкердің әйелін зорлықпен алуға ниет қылып, той қызығын бастап кетеді. Ал «Одиссейде» үміткерлер саны – бірнешеу. Мұндай сарынның шығу тегінде әмеңгерлік салт жатыр. Одиссейдің алғашқы нұсқасында Пенелопадан үміткерлер иесі жоқ үйдің тамағын ішіп-жеуші дөрекілер емес, олар – туысқандар. Сондықтан олар Одиссейдің үйінде болып, бір дастарқаннан тамақтанады[692].

Одиссей алыс сапарға шығар кезінде «ұлым ержеткенше күт» деп уақыт белгілеп кеткен, ал, Алпамыс дәл осылай кесіп айтпай-ақ, «әйелімнің ішінде жеті айлық бала қалып барады, ұл туса, атын Жәдігер қойыңдар»[693], – дейді. Гүлбаршын да, Пенелопа да күйеулеріне адалдығын сақтаған, ол туралы жыр мәтіндерінде анық айтылады[694].

Алпамыс Қаракөзайымға үйленіп, Кейқуатты сол елге хан етіп қояды. Өз еліндегі жағдайды түс көріп біледі де, шұғыл жолға шығады. Одиссей де әйелінің тойы туралы естіп, бір күннің ішінде сиқырлы кемемен жетеді. Ақыры, өз әйелінің бөгдемен некелесуіне жол бермейді.

«Қорқыт Ата кітабында» Бәрік Бану Шешекке неке жүзігінің, Одиссей Пенелопаға неке төсегінің ерекшелігін айтып, өздерін танытқан. Және бұл шығармаларда батырдың өзінен басқа ешкім игере алмайтын садағы болады, зорлықшының жариялаған сайысында сол садақпен ату міндеттеледі. Ал «Алпамыста» Гүлбаршын «мына диуананың басындағы лыпасы болмаса, құдды менің еріме ұқсайды екен-ау», – деп, Мапия сақауды бал аштыруға жібереді[695]. Сол арада Алпамыстың Бадамшамен айтысы басталады, ал, «Одиссейде» мұндай айтыстың болмауы түсінікті, грек халқында мұндай жанр жоқ, ертеде өшіп қалған. Демек «Алпамыс батыр» жыры сюжеттер қатарын толықтыру барысында алдыңғы сюжеттердің сығымдалуының әсерінен кейіпкер садағымен бақ сынасу қысқарған. Өйткені, бұл кезде жыр бойынша Ұлтанқұл той қызығын бастап, Жәдігерді көкпарға салмақшы, ал, Қарлығашты жамбының бәйгесіне тіккен. Бұл бәйгеде Қарлығаштан үміткер алпыс адамның оғы далаға кеткен де:

 

Нәубеті келіп Алпамыс

Жамбыны атып салады.

 

Осыдан кейін «бәйгемді бер», - деп Ұлтанқұлға барады, Алпамысты таныған ол қашпақшы болады. Алпамыс оны ұстап, баласы Жәдігер найзамен шаншиды, доптай теуіп домалатады, ақыры, итке жем болады.[696]

Алпамыстың ұлы Жәдігер, Одиссейдің ұлы Телемах әкелеріне көмекші болып, зорлықшыларды өлтіруге атсалысады. Тек Жәдігер ғана емес, Алпамыстың әке-шешесі де, қарындасы да өте қиын жағдайға тап болады. Одиссейдің әкесі Лаэрт қарттың да тағдыры осылай. Ел қорғанышы болған бас кейіпкердің әкесінің әлсіз болып көрсетілуі – жалпы эпикалық дәстүр[697]. Расында да, жыр бойынша Жәдігер әкесі жоқта бейшара күйге түскен, Телемахтың да жастығы, әлсіздігі айтылады. Бірақ күш көрсету керек сәтте олар қайраттанып шығады. Ал, бұл жай айтылмаған, оны Алпамыс пен Одиссейдің қиын жағдайда қалған әкесіне қамқор болуымен сабақтастырып қарасақ, екі арада логикалық байланыс бар. Бұл әр ұрпақтың алдыңғы буынмен салыстырғанда кемелдене түсуін аңсаған халық мұраты екенін айғақтайды.

Алпамыс қалыңдығын қорғауда екіойлы болмай, қалмаққа бірден аттанған. Бірақ оның жолда:

 

Ат қойып жалғыз барсам деп,

Жазым болып қалсам деп,

Артында көмек жоқтығы

Ойына ердің келеді.

Ата-анасын ойланып,

Жалғыздық түсіп басына

Көзінің жасын төгеді[698], –

 

деп айтуының мәні бала – батыр өзіне қымбат шаңырақ, ата-анасы мен қарындасының қорғаны болған соң оларды Аллаға тапсыруымен логикалық үйлесімділік жасалған.

Бұл жалпы ислам дініндегі орта азиялық нұсқалардың бәріне тән.

 

Түркістанда Қожахмет,

Самарқанда палуан Ахмет,

Бабай Түкті Шашты Әзиз,

Қолыңа ал балаңды[699], –

 

дегені жырдың қалыптасуында сол кезде ислам дінінің орнығуымен объективті сана ықпалымен енген. Халық мойынұсынған сенімге батыр да қарсы келмеуі керек, бұлай болмаған жағдайда елдің сенімінен шыға алмас еді. Тіпті, Алпамыстың зынданнан шығуын жыршылар:

 

Ғайып ерен, қырық шілтен

Көтерді жерден қауғалап.

Бабай Түкті Шашты Әзиз

Келе жатыр аймалап[700], -

деп пірлермен байланыстырған. Сонда мұндай өзгеріс мифтік аттың қызметін ығыстырған болып шығады.

Құлтай баба бейнесі алғашқы түрдегі нұсқаларда малшы болса, кейін сол отбасының толық мүшесі ретінде көрінуі рулық-патриархальді қоғамның ерекшелігімен сіңісті болған. Осындай жағдайларды ескергендіктен қазақ жерінде ХVІ ғасырда қалыптасты деп есептелетін қоңыраттық нұсқаға дейін қазан татарлары мен башқұрт ертегілеріне ұқсас аңыздаудың ежелгі түрі болған деген болжау жасалған[701].

Алып Манаш терең шұңқырда жатып қаздың қанатына хат жазып, елге хабар жібереді. Бұл «Алпамышта» да бар. Қазақ жырларының тұтас күйде қалыптасқан нұсқаларында қолданылмаған бұл сарын Ә.Диваев жариялаған «Алып Алпамыстың» прозалық түрінде бар. Сондай-ақ Алпамыс қаруының иесінің жанымен байланысты екендігі айтылмауы жыршылардың «мұздай темір құрсанып» деген таныстыруы енген соң ығыстырылған болуы мүмкін. Бұл жағдайлар кеңестік дәуірде жинақталып жеткен қазақ нұсқаларына дейін көне тұтас жырдың болғанын және оның бөлшектенгенін білдіреді.

«Алпамыс батыр» жырының халық арасындағы ықпалы тарихи дәуірлердің бәрінде белсенді болған. Соның ықпалымен Алпамыстың немересі, Жәдігердің екі ұлы – Жапарқұл мен Алатайға арналған жыр[702] қазақ еліне Ресейдің қанаушылық саясаты жүргізілуіне байланысты туған. Мұнда Жапарқұл – хан, Алатай батыр болып сомдалған. Сөйтіп, белгілі жыр шежірелік тұтастануға түскен. Бүгінгі күнде белгілі «Алпамыс батыр» классикалық жырларға тән көркемдік дүниеге айналған. Ол тарихи сана бойынша әр дәуірде халық санасында жаңғырып, көне сарындар мен кейінгі замандардың ықпалымен енген жағдайлар бір-бірін толықтырып, қажетінше екшеліп, жырдың классикалық дамуына жағдай жасалған. Нәтижесінде «Алпамыс батыр» жырында ғұмырнамалық тұтастану жүзеге асқан. Бұл классикалық қаһармандық жырға сай бала батырлық ойын көрсетуден бастап, ерлікпен үйлену, Тайшық ханды жеңуі – ғұмырнамалық тұтастануды құраған негізгі жағдайлар.

Фольклор заңдылығына сай бұл жыр бірнеше нұсқада жасалып, кең тарап, жыршылардың шығармашылық ерекшелігіне байланысты кемелденіп отырды. Мәселен, Құлтай бабаның:

 

Бедеу аттың бестісі-ай,

Адамның азбас естісі-ай,

Қайда кетіп барасың,

Қарағымның артында,

Аманат қойған ешкісі-ай[703], -

 

деп зарланып айтатын сөзі басқа түркі нұсқаларында кездеспейтін сурет.

Қорыта айтқанда, «Алпамыс батыр» жыры ежелгі дәуірлерден басталған аңыздауларды жинақтау арқасында сюжеттердің қатарын молайтып, тарихи жағдайларға орай рухани қажеттіліктен орта ғасырлық оғыз нұсқасы мен қалмақтардың соғысымен байланысты жырларды қайта жаңғыртып, дамытып отырған.

Қобыланды батыр

«Қобыланды батыр» жыры – адамзат дамуының сан ғасырлық тарихын бойына жинақтаған, көп қабатты классикалық қаһармандық эпос үлгісі. Ерте замандардан жұрт жадысында мықтап орныққан айтулы оқиғалардың ауқымын құшағына сыйдырған эпос мұраты – елдің ерлік рухын дәріптеуге қызмет еткен. Аталмыш жырды халқымыздың көне тарихымен қабыстыра отырып, әртүрлі мақсатта зерттеген ғалымдарымыздың қай-қайсының да ой-пікірлері аса бағалы[704].

Алайда, фольклордың, соның ішінде эпос жанрының тарихи шындыққа қатынасының өзіндік ерекшелігі болатындығына жарқын мысалдарды осы эпос бойынан анық байқауға болады. Ол, ең алдымен, көркемдік жинақтауды (іс-әрекетті жинақтау, уақытты жинақтау, арманды жинақтауды)[705] негізгі тәсіл ете отырып – батырлық эпостың өз заңдылығына сай образ сомдауынан көрінеді.

Эпостың негізі – еліне қорған, езілгенге қамқор, жауға жалғыз шауып, бейбіт өмір орнатуды мұрат тұтқан батыр ұлды дәріптеу болса, бұл мақсат көне замандардан келе жатқан әдіс-тәсілдерге сүйену арқылы іске асқан. Жырдағы «баласыздық зары» көне заманнан келе жатқан, қоғамдық-әлеуметтік мән иеленген үрдіс[706]. Өйткені, мал-мүлік, билігінің мұрагері жоқ адам қоғамдық-әлеуметтік тұғыр иелену құқығынан айрылған. Жырдағы «перзентсіздіктің» Тоқтарбай мен Аналықтың зары ғана емес, қалың қыпшақтың қабырғасын қайыстырған қайғысы болатыны сондықтан. Осы мақсатқа сәйкес қанша қасірет шегіп, жол азабын тартса да, екі қарт пірлері аян бергенде, әйтеуір, бала емес, «тәңірім өзі қалаған, бір өзі мыңға баланған» баланы ғана қалайды. Ол: «отыз» ұлға татитын ұл (Жаңбыршин нұсқасы), көпке татитын бала («Ноғайлы Қара қыпшақ» версиясы). Мұның барлығы фольклор кейіпкерінің дүниеге келмей тұрғандағы жағдайын суреттеу әдісі. Яғни жыр ғұмырнамалық тұтастануды басынан өткерген. Өйткені, перзентсіз ата-ана, ғайыптан туу, ерлікпен үйлену, елін жаудан қорғау, қартаю секілді маңызды бөлшектер жыр сюжетінде толық көрініс тапқан. Ел кезіп, әулие-әнбие қоймай, табанынан тозған екі қарттың (Тоқтарбай 80-де, Аналық 60-та) балалы болуы, (әулие әсері) батыр анасының жеріктігі, дүниеге келуінің өзінде көне замандардан келе жатқан таным-түсініктің ізі бар. Ежелгі матриархат заманынан келе жатқан ғажайып туу мотивінің мұсылманданған түрі қолданылғанымен (басында ақ шалмасы, қолында ақ таяғы бар қарт, Баба Түкті Шашты Әзіз), батыр анасының жеріктігін көрсететін тұста одан да көне түсініктер пайдаланылған. Мысалы: жалғыз көзді айдаһардың жүрегіне жерік болу, (Сүйіншалы нұсқасы), қара тасты қарш-қарш шайнап жерігі қану («Ноғайлы Қара қыпшақ» нұсқасы), арыстан, жолбарыстың еті мен пілдің сүтіне жерік болу, т.б. (Құлзақ варианты). Мұның барлығы болашақ кейіпкердің болмысының ерекшелігін айқындайтын белгілер. Негізгі мәтінде бала беруші пірі ретінде аталар аруағының мұсылманданған түрі басты мән иеленеді. Битілеу Нұрсейіт нұсқасында ғана тотемдік сенім мен мұсылмандық аралас көрінеді. (Қырық шілтен аққу болып, топ жасап кеп, аян береді). Жырдағы бала тілеп, дүние-мүлкін шашып той жасау, құрбандық шалу да ең көне замандардың сілемі. Ол адамның тылсыммен тамырластығына ерекше мән беріп, «киелі күштерді мейірлендіру үшін» түрлі ғұрыптар атқаратын ерте рулық замандарға меңзейді. Сол құрбандықтықтың өтемақысы ретінде дүниеге бала келеді. Адамның қолдаушы пірлерімен байланысы жырдың өн бойына таралып, оның көркемделіп, кеңейген кейінгі түрлерінде де көрініс табады. Бұл жырдың кіріспесі мен түйініндегі, я болмаса оқиға арасын байланыстырудағы жыршы сенімі ғана емес, бас кейіпкердің болмысына да сіңген. Ең алғашқы сапарына аттанған батырды жаратушыға тапсырудан бастап, түрлі сынақ пен соғыстарда да кәміл пірлері жебейді. Тек жақсылық, ізгілік жолындағы іс-әрекетін қолдайтын пірлерінің бұл жолдан ауытқыған тұста қырын қарайтындығын жыр Қобыландыны Көбіктіге кіріптар ету арқылы берген.

Бағы тайып басынан,

Пірлері тайып қасынан

Жанторсыққа ұқсады[707].

 

Батырдың бағын тілеп, өзі жоқта еліне жасалған зорлық-зомбылықты жеткізіп, жаудан кек алуға шақырып, қажыр-қайрат беретін де осы 7 кәміл пірі. Батырдың өзі де ұрпағына бата беріп, жауға аттандырар тұсында да осы пірлеріне тапсырып, медет тілейді. Қобыландының ел жұртымен қоштасуындағы жылқы иесі Қамбар, қару иесі Дәуітпен қатар мұсылмандық әулие-әнбиелерге тапсыруында ескі мен жаңа түсінік қабаттары аралас көрініп, көркемдік мақсатқа жұмсалады.

Сонымен бірге жырда көне эпос пен ертегілік көне сюжетке тән ерлікпен үйлену мотиві де қолданылады. Негізгі мәтін мен қосымша варианттардағы өзгерістерді салыстырғанда бұл мотивтің өзінің түрлі кезеңдерге тән өзгерген, түрленген, дамыған сипатын тануға болады. Негізгі мәтіндегі күйеу таңдау Құртқаның әкесінің ісі болып көрінсе, Біржан мен Нұрпейіс вариантында Құртқаның шешесі хан деп көрсетіледі. Ал Айса мен «Ноғайлы Қара Қыпшақ Қобыланды» нұсқасында Құртқаның анасы жар салса, Сүйіншалы вариантында да Құртқа анасы басты рөл атқарып, екі жасты қосу үшін сиқырлық әрекеттер жасайды. Қобыланды кәмелетке жеткендігін айғақтап, «күйеу таңдау» сынынан ай астындағы алтын теңгені атып түсіріп, сүрінбей өтеді. Ал Құлзақ нұсқасында Құртқа мен оның елін мифологиялық жау (айдаһар) тырнағынан құтқарып, ерлікпен үйленеді. Жырда батырдың ерлікпен үйленуі екі жерде көрінеді. Екіншісі: батырдың Ноғайлы жұртын жаудан құтқаруға кеткенде қалмақ Алшағыр елі-жұртын жаулап, Құртқаны алмақ болып, қамауда ұстайтын тұсы. Бұл – ертегілік сюжеттің кейінгі уақытқа сай өзгерген түрі. Яғни мұнда сюжеттік әрі тарихи тұтастану бар. (Мифологиялық жау: айдаһар, қара дәу қаупінен және реалды жау қалмақ қолынан құтқару). Сондай-ақ ерлікпен үйлену мотивіне батырдың Қызыл ермен (Қызылбас) соғысын да жатқызуға болады. Негізгі вариантта оның сөзіне намыстанып, батырлықпен жеңсе, Құлзақ нұсқасында Қызыл ер Қобыландының артынан өзі келіп, жекпе-жекте өлгенімен, балалары Алшағыр, Қазан, Көбіктілерге шағынып (барлық дұшпандар бірге аталады), Қазанның соғысына себепкер болады. Ол Қыпшақты шаппас бұрын ноғайлы, қият елдерін шабады.

Жырдағы аталатын тарихи оқиғалардың аралық мерзімі ел тарихындағы өте ұзақ кезеңдерді қамтиды. Бірақ ол тарихи тұтастану нәтижесінде бір адамға, Қобыландыға телініп, жыр оқиғасында біртұтастыққа айналған. Батырдың шыққан тегіне (Қара Қыпшақ) ғана мән берсек, ол белгілі бір ру тарихының оқиғасы, ру батырының ісі болып көрінер еді. Алайда, жырдағы қалыңдығын еліне алып келіп, алаңсыз тіршілікке кіріскен Қобыландының, ең алдымен, тек Қыпшақтың қамымен емес, ноғайлының жұртын қорғауға аттануы батыр әрекетінің аясын кеңейте түседі.

«Қыпшақ» этнонимінің жеке этностан (б.з.д. ІІІ ғ. белгілі) тұтас тайпалық бірлестікке дейінгі тарихының өзі күрделі де ұзақ процесс[708]. Қыпшақтар Оңтүстік Сібір мен Солтүстік Қазақстан жерін мекендеп[709], ІХ-Х ғасырларда қимақтармен бір одақта ірі этно-мәдени саяси-бірлестікке айналғандықтан қыпшақ атауы ХІІІ ғасырда жеке этноним емес, этникалық бірлестікке қолданылған. Яғни күшейген, (Дешті Қыпшақ) тарам-тарам болып бөлінген[710], (ХІІІ-ХІV ғ.ғ.) кезеңдеріне тарихи деректер арқылы қанығамыз. Қыпшақ тайпасының 4-ке жіктелуі үш жүз жүйесінен көп бұрын болғандығы жайлы ғылыми[711] пікірді ескерсек, қыпшақ ұғымының өзінің ұзақ тарихи мәні айқындалады.

Қобыландының тарихи негізін іздеуге тырысқан ғалымдардың ой-пікірлерінің бірінде Ноғайлының ыдырау кезеңіндегі ауызекі әңгіме, шежіре негізге алынып[712], белгілі бір ғасырға телінсе, енді бірінде Қобыланды тарихи антропонимінің поэтикалық өзгерісі тұрғысынан қарастырылады (Құбағұлан Қобылан)[713]. Ауызекі деректе Қобыланды Тоқтамыстың тоғыз биінің бірі ретінде де аталады.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 932; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.012 сек.