Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Хайуанаттар туралы ертегі 7 страница




Ал, Ә.Марғұлан былай дейді: «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының қай кезде шыққанын жақсылап айыратын белгінің бірі – оның күмбезі. Бұл күмбез өте ерте уақытта, исламнан көп бұрын, ғұн заманында не Түркі қағанаты кезінде тұрғызылған белгі»[783]. Осы еңбегінің тағы бір жерінде Ә.Марғұлан бұл күмбездің, оның ішіндегі тас мүсіндердің жасалған мезгілі – Түркі қағанаты, яғни VІ-VІІІ ғасырлар шамасы» деп нақтылай түседі[784].

М.Әуезовте де, Ә.Марғұланда да әңгіме «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының бізге жеткен осы күнгі үлгісі жайында емес, сол жырдың ең ескі, түпкі сюжеті туралы деп ойлаймыз. Егер бұл эпостың қазіргі түрік халықтарындағы (айталық, башқұрттағы, қазақтағы, алтайлықтардағы) нұсқаларын жалпы мазмұны, кейіпкерлері, мифтік ситуациялары мен жер-су атаулары, т.б. компоненттері бойынша салыстыра қарасақ, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлудың» ең алғашқы, түпкі сюжеті, шынында да, сонау Түркі қағанаты тұсында пайда болғанына көз жеткізуге болады. Оған дәлел көп[785].

Алғашында Алтай өлкесін мекендеген түркілерде әңгімеленген жігіт пен қыздың үйлену тарихы туралы сюжет Түркі қағанаты ыдырап, туыс тайпалар жан-жаққа ауа көшіп кеткенде әр тайпаның меншігіне айналып, солармен бірге әр жаққа тарайды. Сөйтіп, ол Алтайдан Еділге дейінгі аралықта әңгіме, ертек түрінде айтылады. Әр ұлыс-тайпа өзінің барған жерінде сюжетке өз қосымшасын қосады. Біреуінде сюжеттің мифологиялық сарыны күшейе түссе, екіншісінде оқиға қоюлана түседі, сөйтіп, алғашқы сюжет кеңейеді, әр жанрда көріне бастайды. Жігіттің үйленуі қиындатылып, неше алуан кедергілер мен жағдайлар енгізіледі. Біреуде аңыз, біреуде ертек, біреуде өлең болып баяндалады, бірақ тұтас жыр әлі тумайды.

Жүйелі жырдың әдепкі үлгілері Алтын Орда заманында пайда болған тәрізді. Тарихтан белгілі: бұл мемлекеттің құрамында қыпшақ тілді түркілер басым болды. Әділін айтқанда, ол империяның тұрғындары осы күнгі қазақ, ноғай, татар, башқұрт, алтай, т.б. этностардың бабалары еді. Сөйтіп, баяғыда Алтайдан тараған түркі тайпалары, ықтиярсыз болса да, бір мемлекетке енген, өзара қарым-қатынасын қайтадан күшейткен. Осы тұста әрқайсысы өзінше айтып жүрген жігіттің үйленуі туралы сюжетке негізделген әңгіме-аңыздар, ертек-өлеңдер енді топтаса бастайды, фольклорлық тұтастану процесіне түседі. Соның нәтижесінде сюжет бұрынғыдан да күрделенеді, қосымша оқиғалар, эпизодтар пайда болады, кейіпкерлердің саны көбейеді. Бірте-бірте жүйелі жырдың нұсқасы қалыптаса бастайды.

Алайда, бұл үрдіс Алтын Орданың ыдырауына байланысты қайтадан үзіледі. Үлкен мемлекеттің орнында пайда болған хандықтар әрқайсысы өзінше өмір сүріп, өзінше дамиды. Қазан, Астрахан, Қырым және Қазақ пен Сібір хандықтары халқының құрамы тағы да осы – қыпшақ тілді түркілер болады. Олар енді бәрі айтып жүрген сюжетті тағы әрқайсысы өзді-өзіне алып кетеді, сөйтіп, «Қозы Көрпеш» жырының осы күнгі әр ұлттық нұсқасының алғашқы үлгілері туады.

Жеке отау тігіп, өз мемлекетін құрған қазақ халқы бұл сюжетті үлкен жырға айналдыра бастайды. Қазақ елінің тұрмыс-тіршілігі мен өмір салты эпикалық дәстүрді қайтадан жаңғыртады, елдік пен ерлік мәселесін көтеріп, бұрынғы қаһармандық эпостарды жырлаумен қатар, кейінгі жаулармен шайқастарда ерекше көзге түскен батырлар мен хандар, сұлтандар туралы жаңа туындыларды, яғни тарихи жырларды өмірге әкеледі. Ежелгі аңыз-әңгімелерді қайта түлетеді. Бұндай процеске Қозы мен Баян тарихы да түседі, оның сюжеті тұтастанады, оқиғалары молығады, кейіпкерлердің іс-әрекеттері мен тартысы ширыға түседі, кейбірі өзгеріске ұшырайды. Енді Қозыға қастандық істейтін адам – қалмақ Қодар болады. Сөйтіп, Қазақ хандығы тұсында «Қозы Көрпеш – Баян Сұлудың» эпостық негізі қаланады, ол таза жыр формасына көшеді.

Ал, оның бізге жеткен қалпындағы нағыз көркем шығармаға айналуы – ХVІІІ және ХІХ ғасырға тұспа-тұс келеді. Бұл кезеңде қазақ елі, басқа да біраз түркі халықтары сияқты Ресей империясына қарайды. Бұл оқиғаның қайшылықты салдары көп болды. Бір жағынан, халық басқа жұртқа бодан болып, ұлттық тәуелсіздігінен айырылса, екінші жағынан, бұрын жиі болып тұратын сыртқы шапқыншылықтан құтылды. Ата жауы болған жоңғарлықтардың шапқыншылығынан құтылған соң қазақ фольклорында қаһармандықтан гөрі лирикалық сипат алға шықты. Осы тұста батырлық және тарихи жырлармен қатар романдық эпос та кең өріс алып, ақындар мен жыршылар байырғы «Қозы Көрпеш» тарихын үлкен, кең құлашты эпосқа айналдырады. Енді ежелгі сюжет көптармақты, эпикалық пафосты, нағыз сөз өнеріне лайық көркем туынды болып баяндалады. Шығарманың сюжеті бірнеше есе өсіп, кеңейіп, композициялық жүйеге түседі, сөйтіп, жырдың басталуы, коллизиясының дамуы, шарықтау шегі, аяқталуы – түгелімен бір ізге келеді. Сонымен бірге кейіпкерлердің образдары сомдалады, олардың тартысы күшейеді. Эпостың тілі көркем, бейнелі сипат алады. Көптеген ескі мифтік ұғымдар шеттетіліп, шығарма біршама реалистік, әсіресе, романтикалық сарынға ие болады.

Эпостың басты тақырыбы – сүйіспеншілік мәселесі жаңаша, сол кезеңге сәйкес түсіндіріліп, жырланады. Қозы мен Баян – бір-біріне жай ғана ғашық болған жігіт пен қыз емес. Олар екі әкенің сертін орындаушылар болып суреттеледі. Сөйте тұра, олар бірін-бірі көргенде үлкен сезімге бөленіп, шын ғашықтарға айналады. Жалпы, бізге жеткен жырда сүйіспеншілік пен имандылық, адалдық пен адамгершілік мәселелері ең басты, ең негізгі болып көрсетіледі.

Сонымен, ХVІІІ-ХІХ-ғасырларда «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жыры ежелден келе жатқан сюжетті мүлде жаңа сапаға көшіреді, жаңаша әңгімелейді. Жігіттің үйленуі туралы ескі әңгіме ендігі жерде махаббат үшін күрескен екі жастың тағдырын баяндайтын әдемі жыр ретінде орындалатын болады. Талантты ақын-жыршылардың арқасында бұл шығарма елдің сүйіп тыңдайтын жырына айналып, бүкіл Қазақстанға тарайды. Орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің бұл жырдың мазмұнын Орал өңірінен жаздырып алуы – осының айғағы.

Қазіргі шақта «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының бізде хатқа түскен 33 мәтіні бар. Олар Қазақстанның әр түкпірінен жазылып алынған. Кейбірі – жыр түрінде, енді біреулері – проза үлгісінде, ал, кейбірі – орыс тілінде. Қалай болғанда да, мұншама текстің болуы – бұл жырдың халыққа өте қымбат, сүйікті шығарма екенін көрсетеді.

Бұл жыр сюжетінің өте көне екенінің тағы бір дәлелі – оның бірнеше түркі халықтары фольклорында болуы. Мәселен, айтылмыш жырдың татар халқында 28 мәтіні хатқа түссе, башқұрт елінде – 10 шақты, ал, алтай жұртында 6 мәтін жазылып алынған. Аталған халықтарда жырдың негізгі сюжеті – жігіттің үйленуі. Бұл көне сюжет әр халықта әр түрде баяндалған. Мысалы, алтайлықтарда сюжет мифологиялық сипат алған. Ол батырлық эпосқа айналған және мұнда кейіпкерлер де, оқиғалар да ертегілік әрі мифтік сарында бейнеленген. Біздің байқауымызша, алтайлықтардың нұсқасы ең алғашқы сюжеттің көне белгілерін молырақ сақтаған сияқты.

Башқұрт версиясында да ертегілік мотивтер мен мифологиялық кейіпкерлер ұшырасады. Алайда, олардың архаикалық мәні сәл өзгерген. Мысалы, бас кейіпкерге қастандық істейтін болып дию мен перілер көрсетіледі және олар алтай нұсқасына қарағанда басқа мақсатпен, яғни басқа себепке байланысты қас болады. Олар Қарабайға да, оның баласы Қозыға да мұсылман болғандары үшін дұшпан. Ал, Қарабай мен Қозыға көмек беруші болып ақ сәлделі әулие көрінеді, ол өзі желеп-жебеп жүрген бас қаһарманға ылғи Мұхаммед пайғамбарды есте ұстап, соған сиынып жүруді өсиет етеді.

Көне сюжеттің, атап айтқанда, кейіпкерлердің исламдық сипат алуы, әсіресе, татар версиясында басымырақ. Жалпы, татар тіліндегі мәтіндер ертедегі сюжеттің дастанға айналғанын аңғартады. Олардың барлығы дерлік Сібір татарларынан жазылып алынған және бәрі қара сөз түрінде, тілі, негізінен, қазақшаға жақын. Мәтіндердің ішінде өлең жолдары кездеседі және бақташылық өмірдің белгілері айқын көрінеді, тіпті, кейбір варианттарының мазмұны қазақтікімен бірдей, әрі татар тұрмысында баяғыда ұмытылған мал шаруашылығы мен оның ұғымдарын сақтап қалған. Мысалы, Қозы қой бағып, оны кешке қораға айдап келеді, отардағы кәрі қойлар Қозыны танып қояды, т.с.с. Әсіресе, өлеңмен айтылатын жәйттерде ескі бақташылық, малшылық өмірдің белгілері, қазіргі татар тілінде жоқ мал атаулары, көшпеліліктің іздері мол.

Қазақтың «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуына» келер болсақ, қай нұсқасын алсақ та – төгіліп тұрған жорға жыр, жарқырап тұрған сөз маржаны, нағыз классикалық эпостың өзі. Ол өзінің таза поэзиялық үлгіде болғанымен ғана емес, сондай-ақ образдардың сомдалуымен, композициясының жүйелігімен, тілінің өрнектілігімен, әуенділігімен және көне діни нанымдар мен мұсылмандық түсініктерді шебер ұштастыруымен, көшпелі-бақташылық тіршіліктің өзіне ғана тән әсемдігін даланың қатал дүлейлігімен жымдастырып, бәрін жарасты етіп көрсете білуімен басқа халық версияларынан оқшауланып тұрады. Әрине, мұндай көркемдік көп ғасырдың жемісі, талай жыршы-ақындардың еңбегі. Жоғарыда айтқан бірнеше халықтың нұсқаларын салыстыра қарағанда осы жырдың сюжеті оу баста әңгіме, ертек түрінде айтылғаны байқалады. Мұны «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының композициялық құрылымынан айқын көруге болады. Жырдың құрылымдық реті мынадай:

1. Балалар (ұл да, қыз да) әкелері үйде жоқ кезде, бір мезгілде дүниеге келеді.

2. Қозы өзіне айттырылған қызды іздеп, сапар шегеді.

3. Қозы болашақ қайын атасының аулына келеді. Ол өзінің пішінін өзгерткен; оны ешкім танымайды. Ол қыздың әкесіне малшы болады.

4. Қозы өзінің қайын атасымен қақтығысқа түседі, оны жеңеді, сөйтіп, сүйікті Баянымен қосылады. Бірақ қапыда мерт болады.

Кейбір нұсқаларда:

5. Дұшпандарын жеңіп, Қозы Баянға үйленеді, сол елді билейді.

6. Қозы өзінің атамекеніне қайтып келеді, балалы болады. Баласы әкесінің ісін жалғастырады.

Міне, бұл – жырдың шартты түрдегі схемасы. Осы схеманы ертегілерде де кездестіреміз. Әдетте, қазақ ертегілері көбінесе болашақ кейіпкердің дүниеге келуімен басталады. Ол туардан бұрын әкесі әртүрлі себептермен үйде болмайды: ол ұзақ жолда жүреді, немесе басқа жұртпен соғыста болады, я болмаса жас нәрестенің дауысын естігенде қуаныштан жүрегім жарылып кетер деп, әдейі үйден кетіп қалады, т.с.с.

Дүниеге келген бала ержетіп, өзіне жар іздеуге аттанады. Ол небір қиындықтардан өтіп, болашақ әйелінің еліне келеді. Оны ешкім білмейді, ол енді қыз әкесінің өте ауыр шарттары мен талаптарын орындауға мәжбүр болады. Кейбір ертегіде кейіпкер өзінің қайын атасымен күш сынасып, шайқаста жеңіп шығады. Қыз әкесі амалсыздан оған қызын, патшалық тағын береді. Сөйтіп, әлгі жігіт қайын атасының тағына отырады. Содан соң ол біраз уақыт осы елді билеп тұрады да, әйелін алып, еліне аман-есен оралады.

Ертегідегі бас кейіпкердің қайын атасының тағына отыруы мен қайын жұртында біраз уақыт мекендеуі – ежелгі матриархат дәуіріндегі дәстүрдің елесі. Ол дәстүр бойынша үйленген жігіт әйелінің елінде тұратын болған. Мұны матрилокалдық неке деп атаған. Ол ХХ ғасырға дейін Африка мен Океанияның, Индонезия мен Солтүстік Американың байырғы тұрғындарында сақталған[786]. Бұл дәстүрдің басты ерекшелігі – үйленетін жігіт қыздың үйіне бір-екі жыл жұмыс істеуге міндетті. Оған достары да жәрдемдескен. Егер болашақ күйеу бала жұмысты нашар істесе, оған қызды бермейтін болған.

Міне, қызды алу үшін оның үйіне қызмет ету дәстүрі – қалыңмалдың ең ескі, алғашқы түрі десе болады. Қызды осылай «сатып» алу әдісі – ертегілердегі қыз әкесінің жігітке қиын шарттар қою мотивінің арғы түбірі, көне төркіні. Және жігіттің ол шарттарды еш сөзге келмей орындайтыны – да сол дәстүрдің көмескі сарқыншағы. Әлбетте, бұл өте ескі дәстүр және ол фольклорда сол қалпында емес, өзгерген түрде көрініс береді, себебі ол дәстүрдің өзі өмірден өшкен. Сөйтіп, болашақ күйеу баланың қалыңдықтың үйіне, руына атқарған істері енді ертегіде болашақ қайын атаның жігітке орындалуы өте қиын тапсырмаларына айналады, яғни бұл жерде фольклорлық поэтика әсер етеді. Енді ертегідегі тапсырмалар – жігітті сынау болып қабылданады. Бұл эпосқа да енеді.

Қозы Көрпештің айттырылған қызы – Баянды іздеп, оның аулына басқа кейіпте, танылмай келуі, Қарабайдың малын бағуы, ақыр аяғында, Қарабай мен Қодарды жеңіп, сүйгеніне қосылуы, сол елді билеп, бірнеше жыл тұруы – көркем эпостың поэтикасына сәйкес көрсетіліп, оның әдемі композициялық желісіне арқау болған. Әлбетте, бұдан «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жыры – ертегі екен деген ой тумауға тиіс. Бұл жерде әңгіме, біріншіден, түпкі сюжеттің тым көне екендігі және ол сюжет әу баста әңгіме-ертегі түрінде баяндалғандығы туралы болып отыр. Өте ерте заманда туған әңгіме-ертегі бірте-бірте эпосқа айналған. Ол ұзақ уақыт аса күшті эпикалық дәстүрдің құшағында болғандықтан эпос жанрының ең басты қасиеттерін бойына сіңірген, сөйтіп, орта ғасырларда әдемі жырға айналған. Жігіттің үйленуі туралы ежелгі сюжет батырлық мәндегі емес, екі жастың сүйіспеншілігіне арналған, ғашықтық мәндегі жырға айналған.

Сөз жоқ, бұл жырдың тууы оп-оңай болған жоқ. Ол ұзақ уақытты қажет етумен бірге сыртқы жаулармен ұдайы соғыс жүріп, тек батырлықты дәріптеген заманда ерлікті айтпай, махаббат сезімін жырлау белгілі дәрежеде алғашқы авторлар мен жыршылардан батылдықты әрі шеберлікті талап еткен еді. Оның үстіне адамның отбасы мен некесіне арналған жыр шығару да сол дәуірдегі қоғамның рухани, имандылық мәселесін көпшілік алдына жайып салумен бірдей болатын. Мұның өзі ондай жырды жұртшылық қалай қабылдайды деген де сауал туғызуы мүмкін еді. Жас жігіттің ұрыста ерлік көрсетудің орнына жеке басын күйттеп, қыз іздеп, сергелдеңге түскенін және қыз бен жігіттің қиындықтарға қарамай, бір-бірін сүйіп, махаббат үшін күрескенін баяндайтын жырды тарату үшін алғашқы авторлар мен жыршылар сол заман ауанына сәйкес көркем шешім тапқан. Олар екі жастың өз бақыты үшін күресін – олардың әкелерінің антын орындау үшін күрес етіп көрсеткен. Яғни Қозы мен Баянның тағдыры, олардың өзі әлі тумай тұрғанда, Сарыбай мен Қарабайдың ежелден келе жатқан ежеқабыл салты бойынша құда болып серттескен сәтте шешілген еді, ал, Қозы мен Баян осы салтты орындаушылар ғана деген мәндегі жыр етіп шығарған. Осының арқасында жыр әлеуметтік-имандылық проблемаларын және жеке адамның бас бостандығы мен махаббат еркіндігі туралы идеяларды ашық айта алған. Осылай жігіттің үйленуі туралы ежелгі ертегі таза махаббат жайындағы үлкен романдық эпосқа айналған және өз уақытының қоғамдық, әлеуметтік мәселелерін қамтып, өмір шындығын біршама дәлдікпен суреттей алған. Екінші сөзбен айтқанда, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жыры – нағыз көркем туынды болып шыққан, алайда, бұл жолда ол талай өзгеріске ұшырап, жөндеулерден өткен. Мұхтар Әуезов: «Бізге мәлім болған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырларының кейбір варианты – ерте заманның өзіне байланысты айтылса, енді біреулері бергі ХVІІІ-ХІХ ғасырда өңделіп, жаңғырған. Және кейде «ноғайлы» деген ескі атаулары жойылып, оның орнына Кіші жүздің Шеркеш руы, не Орта жүздің Бағаналы (Найман) руларының аттары аталады. Бірақ бұл нұсқалардың қай-қайсысын алсаңыз да, алғашқы сюжет асылы – біреу. Әр дәуірдің, әр жердің ақындары өз ортасындағы тыңдаушыларының ыңғайына тартқанымен, оның негізгі мазмұны, оқиға желісі бір арнаға саяды»[787], - деп жазады.

Ұлы Мұхаң бір эпос туралы ғана айтып отырса да, жалпы фольклор теориясының бірнеше заңдылығын қамтып кеткен. Оның бірі – фольклорлық процестің ерекшелігі. Яғни бірде-бір фольклорлық шығарма кейінгі ұрпаққа сол алғашқы қалпында жетпейді, оның түпкі сюжеті сақталады, бірақ ауыздан-ауызға көшкенде оқиға күңгірт тартады. Қоспалар көбейеді, айтушылардың ой-пікірі енеді немесе тыңдаушылардың талабы ескеріледі. Екінші заңдылық – фольклорда болатын тарихи тұтастану (циклизация). Мұндай тұтастануда әр дәуірдің шындығы, фактісі, оқиғасы, адамдары араласып кетеді. Себебі әр дәуір мен қоғамның талабы бойынша бұрынғы шығарма қайта жаңғырып орындалады да, сол шақтағы көкейкесті делінетін қажеттіліктер шығармаға енеді, сөйтіп, не ескіні ығыстырады, не өзгертеді, не қатар пайдаланады. Мұхаң айтып отырған «ноғайлының» ығысып кетуі осыдан. Үшіншісі – географиялық тұтастану. Әдетте, жырдың өзінің ареалы болады, оқиға белгілі бір өлкеде өтеді. Сонымен қатар жыршылар өзі жүрген жерлерді, немесе өзінің ру-тайпасы мекендеген аймақты, я болмаса тыңдаушылардың өлкесін қосып отыруға тырысады. Осылай кейде бір шығарманың бөлек варианттарында кейіпкердің іс-әрекеті тұрақты ареалдан басқа да жерде өтіп жатады.

Осы айтылған заңдылықтар «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» эпосында да бар. Мұнда тағы ғұмырнамалық тұтастану да айқын, яғни шығармада бас қаһарманның туғанынан бастап қаза болғанына дейін, демек, оның бүкіл ғұмыры қамтылады. Тіпті, Қозы мен Баянның өмірге келуіне дейінгі жағдай, яғни перзентсіз екі қарияның жай-күйі баяндалады, ал, мұны ғылымда «пролог» деп атайды. Мұндай пролог дүниеге келетін кейіпкердің келешекте ерекше адам болатынын, оның Құдайдан тілеп алған бала екенін көрсету үшін пайдаланылады. «Қозы Көрпеш» жырының кейбір варианттарында эпикалық жанрдың тағы бір дәстүрі қолданылады. Ол – Қозы мен Баянның арманына жетіп, Күлеп деген баласының болғанын әңгімелейтін эпилогтың болуы. Міне, осының бәрі «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жыры біздің дәуірімізге жеткенге дейін талай өңделіп-өзгергенін, шыңдалып-шымырланғанын көрсетеді. Бұл ойымызды Мұхтар Әуезовтің мына сөздері тамаша қуаттайды. Абай туралы айта келіп, Мұхаң былай деп жазады:

«Белгілі әнші-күйші емес, жәй орташа айтушыларға да халық жырларын немесе өз тұсындағы ақындар жазған дастандарды жырлатып отырады.

Топай Бейсембай деген ақынға «Қозы Көрпешті» Жанақ үлгісімен жырла деп тапсырады. Бірақ бар өлеңін бір қалыпты әуенмен айту жөн емес деп, Қарабай, Қодар, Тазша, Сақау қатын, Баян, Қозы – барлығына кей сөздерін өз әуенімен айтқызатын болады»[788].

Сонымен, біз оқып жүрген «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жыры – ұзақ даму жолынан өткен классикалық эпос ретінде нағыз фольклорлық сөз өнері екені күмәнсіз. Мұнда нағыз өнерге лайық ширатылған сюжет, қызғылықты мазмұн, сомдалған образдар, шиыршық атқан конфликт, жүйелі композиция, кестеленген өрнекті тіл бар, яғни бұл шығарма болмысты көркем түрде бейнелеген туынды. Бір ғажабы – бізге жеткен кейбір нұсқаларда фольклорда, соның ішінде эпоста да көп кездесе бермейтін кейіпкерлердің өсіп-жетілу динамикасы мен ішкі сезімдері көрініс тапқан. Мұны Қозы мен Баянның бейнелерінен анық көруге болады. Олардың туғаннан кейінгі ғұмыры батырлық эпостағыдай емес. Екеуі де «сағат сайын» өспейді, жастайынан ересен қимылға бармайды. Қозы өзі қатарлы балалармен асық ойнап өседі, кәмелетке жеткенде ғана Баян туралы естіп, есейгенін сезеді. Баян да он төрт жасқа дейін ештеңе ойламай, еркелеп өседі, тек он төртке толғанда ғана Ай мен Таңсықтың айтуынан Қозыға деген сезімге беріледі.

Жырда Қозы мен Баянның бір-біріне деген махаббаты бірден лап ете түспейді. Олардың сүйіспеншілік сезімі өрбу, күшею үстінде көрсетіледі. Қозы алғаш рет анасынан Баянның өз қалыңдығы екенін естігенде қызға бірден ғашық болмайды. Бірақ оны іздеп шығады, себебі ол қыз – Қозының әкесі атастырып қойған «заңды» қалыңдығы. Әуелде ол қалыңдығын көргісі келеді, оған қызығады, алайда, әлі есін жоғалтқандай ғашық емес. Баян туралы жол бойы әркімнен естіген сайын ынтыға түседі. Тек қалыңдығын іздеп жүріп, қиналғанда, шаршаған тұста қызығушылық енді іңкәр сезімге айналады. Бірақ әлі ғашық емес. Тек Баянды көргенде ғана оны махаббат оты шарпып, ол қызды ынты-шынтымен сүйеді, ғашықтық сезімге оранады. Қозының осы сезімін жырдың өзі де екі кезеңге бөледі. Баянға жолыққанға дейін ол «айдай Қозы» деп аталса, екінші кезеңде «ер Қозы» деп аталады.

Баян Сұлу да Қозыға ә дегеннен ғашық болмайды. Оған Қозы туралы жастайынан Ай мен Таңсық айтудай-ақ айтқан. Өзінің атастырып қойған жары екенін біліп, бір іздеп келер деп, іштей күтіп жүргені рас, бірақ жігітті көрмейінше қыздың жүрегі лаулап жанған жоқ. Егер бұрын есімін естіп, сырттай білдірмей күтіп жүрсе, Айбастан Қозының жайын естіген соң Баян енді жәй қызығып қана қоймай, Қозыны бір көруге ынтық болады. Осы ынтызарлық күшейе түсіп, жүрегінде от тұтатады. Сонда да ол Қозыны әлі «сүйікті жарым» деп емес, «әкем қосқан жарым» деп, оны тосып жүреді. Тек Қозыны көргенде ғана оны махаббат сезімі еркінен тыс билеп, қыз басымен ұйықтап жатқан жігітке өзі баруға мәжбүр етеді. Осыдан кейін ғана екі жас өздерінің таза сезімін қорғайды, ғашықтық отына күйіп, соның құрбаны болады...

Осылай адам сезімін сатылап, біршама дамыта көрсету – жалғыз бұл жырдың ғана емес, жалпы романдық эпостың табысы, бәлкім, бұл әдебиеттің әсерінен болған шығар. Бірақ мұнда әлі психологизм жоқ, ол фольклорға тән емес. Ғашықтық жырдың басты мақсаты – ерлікті емес, махаббатты жырлау, шайқасты емес, еркін сүйіспеншілік үшін күресті дәріптеу, сол себепті мұнда ел ішіндегі бейбіт өмір, халықтың тұрмысы, салт-ғұрпы молырақ көрініс табады, кейіпкерлер соғыс алаңында емес, имандылық майданында айқасады.

 




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 829; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.04 сек.