Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Ыз Жібек» жыры 2 страница




Эпоста Сансызбай екі сипатта көрінеді: ағасын жанындай жақсы көретін бауыры және оның ісін жалғастырушы інісі. Бірінші сипаттағы Сансызбай – әлі жасөспірім, сондықтан оны бейнелеуде жыр лирикалық психологизмге орын берген. Қайын жұртына кетіп бара жатқан ағасымен қоштасқан сәттегі Сансызбайдың мінезі, ағасына айтқан сөзі – оның терең ойлы, ата-анасы туралы қам жейтін, келешегін ойлайтын бала жігіт екенін дәлелдейді. Мұңлы болған Сансызбайдың қайғыратыны: ағасы әкесінен бата ала алмай және жалғыз аттанып бара жатқаны, ол кеткен соң ата-анасының, ел-жұрттың халі не болатыны, өзінің тым жас екендігі, сол себепті әке-шешесін бағып-қағуға әлі жарамайтыны... Осының өзі-ақ Сансызбайдың ерекше жан екенін көрсетіп, оның келешекте нағыз азамат болатынын аңғартады. Ағайынды екеуінің қоштасу сөздерінен Сансызбайды алда үлкен де қатерлі сынақ күтіп тұрғаны сезіледі. Оны Төлеген де болжап, інісіне қажетті батырдың сауыт-сайманын дайындап қойғанын айтады және өзі мерт болса, Жібекті іздеп табуды, ешкімге қор қылмай, жар етіп алуды тапсырады. Міне, осылай жырдың эпилогі іспетті көрінетін Сансызбай мен Жібек жайындағы қосымшаның пайда болуы ақталады да, бүкіл жыр біртұтас көркем дүниеге айналған.

Жырдағы осы екінші сюжет эпосқа мейлінше қазақы сипат дарытқан. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы екінші бөлікте көбірек әрі жарқын көрінеді.

Егер бірінші бөлімде Төлеген Қыз Жібекті алу үшін екі жүз елу жылқы сатып алып, қалыңмал берген дәстүр көрінсе, екінші бөлімде қай істі бастар алдында үлкендердің батасын алу ғұрпына үлкен мән беріледі. «Ата қарғысы – оқ» деп түсінген халық Төлегеннің мерт болғанына аянышты болса да, таңданбаған, қайта оны заңдылық деп қабылдаған. Ал, «баталы ұл арымас» деген ұғымды ұстанған жыршы да, тыңдарман да Сансызбайдың ақжолтай болғаны - әкесінің оң батасын алғандықтан деген ой ұсынады. Сондай-ақ Жібектің әмеңгерлік салтымен Сансызбайға қосылуы да – ел үшін еш оғаш емес, керісінше, оны орынды деп білген.

Сонымен Сансызбай Жібекті алады, бірақ ол тек әмеңгерлік жолымен ғана алмайды. Сансызбай, кәдімгі қаһармандық эпостағы батырларша, ерлік жасап алады. Ол бұл жерде – Жібекті құтқарушы, түптеп келгенде, әділеттілік орнатушы, сондықтан да оның іс-әрекеті толығымен құпталады. Оның образы біржақты емес. Сансызбай – ең әуелі батыр.

Бізге жеткен «Қыз Жібек» жыры – таза сөз өнерінің дүниесі, сондықтан ол көркем шығарма деп түсініледі. Олай болса, мұнда жүйелі композиция, қызғылықты сюжет, бітіспейтін тартыс, кестелі тіл, яғни көркем шығармаға не керек, соның бәрі болуға тиіс және олар жырда айтарлықтай көрініс тапқан. Әрине, бұл әлі жазба әдебиеттің үлгісі емес, мұнда көпқатпарлы іс-әрекет жоқ, шытырман оқиға баяндалмайды, кейіпкерлердің мінез-құлқы, психологиясы, характері динамикалық түрде дамымайды. Дей тұрғанмен, «Қыз Жібек» жырында басты қаһармандармен қатар басқа да кейіпкерлер оқиғаларға араласып, шығарманы мазмұн жағынан байыта түскен. Олар екі топқа бөлінеді. Бірі – бас қаһармандардың жанашыр достары болса, екіншісі – олардың қарсыластары. Достары Жібек пен Төлегеннің, содан соң Жібек пен Сансызбайдың махаббатын қоштап, оларға әрдайым жәрдем етіп жүреді. Бұлардың арасынан Қаршыға мен Шегені ерекше бөліп алуға болады.

Жалпы, Қаршыға мен Шегенің образдары ежелгі көмекшілердің ғашықтық жырда өзгергенін көрсетеді. Мұның басты себебі – «Қыз Жібек» тұтас эпосқа, яғни көркем жырға айналған заманда (яғни ХV-ХVІ ғ.ғ.) және одан кейінгі дәуірлерде де (яғни ХVІІІ-ХІХ ғ.ғ.) ер адам туралы қоғамдық идеалдың ауысқаны. Ол – тек қана қара күштің иесі емес, оны-мұныдан хабары бар, шежіреші, ақылды әрі сөзге ұста адам. Бас қаһарманның өзі сегіз қырлы, бір сырлы болғандықтан, оның көмекші достары да сондай болуға тиіс.

Жырға үлкен серпін беріп, оған көркем шығармаға қажетті қасиеттерді дарытып тұрған нәрсе – кейіпкерлердің бітіспес тартысы. Оны күшейтіп, ширықтыруда бас қаһармандарға қарсы қимыл жасап жүрген Бекежан мен оның қарақшы жолдастары және қалмақтардың ханы – Қорен. Алайда, Бекежан мен Қорен бір-біріне ұқсамайтын дұшпандар. Бекежан – романдық эпостағы дәстүрлі кейіпкер, яғни екі ғашықтың ортасында жүрген қастангер (жігіт – қыз – қастаншы).

Ал, Қорен хан болса, ол Бекежаннан өзгеше дұшпан. Қорен – елдің ішіндегі қаскүнем емес, сырттан келген жау. Жау болса да, ол – нағыз батыр. Өз ойын ашық айтады, күшіне сенеді. Жібекті күшпен алатынын да жасырмайды, Сырлыбайға қызыңды бермесең, еліңді шабам деп, бүкіл ауылды қамап, тұтқында ұстайды. Әлбетте, адамгершілік тұрғысынан келгенде, бұл да – зорлық. Сансызбаймен жекпе-жекте өзін нағыз батырша көрсеткен Қорен жай күнде мақтаншақ әрі өз айтқанынан қайтпайтын, ешнәрсенің байыбына бармайтын, тек өзінің қара күшіне сенетін дүлей бейнесінде көрінеді. Эпос оны, бір жағынан, асқан ержүрек батыр етіп бейнелесе, екінші жағынан, анайы ақымақ етіп суреттейді.

Егер Қорен мен Бекежанды салыстыра қарасақ, екеуі де – жағымсыз кейіпкер, бірақ олар бір-біріне ұқсамайды. Эпос оларды бірі-біріне қарсы қоятын секілді. Қорен – ашық жау, ол – қазақ елінің ата жауының өкілі. Оның бүкіл ойы мен іс-әрекеті – күллі ел жауының әдеткі ісі. Яғни оның мақсаты – шапқыншылық жасап, Шекті руын жаулап алу, күш көрсетіп, мал-мүлкін талау, еркектерді қырып, әйелдерді – күң ету. Қорен Жібекті сүйгендіктен алайын демейді, оны салық деп қарайды. Өмірде де, фольклорда да сыртқы жау – қашанда жеңген елінен алым-салық талап етеді, міне, Қорен де осылай істейді.

Бекежан болса – сырттан келген жау емес, іштен шалған қаскүнем. Ол – өте пасық, өзгенің жақсылығын көре алмайтын адам. Сол себепті ол өзінің жымысқы тірлігін жасырын істейді, ойын құпия ұстайды. Өйткені, ол –қорқақ, арам. Жырда Бекежанның қалай өмір сүріп жүргені, бұрын кім болғаны айтылмайды. Эпос оны тек «қарақшы» деп атайды. Ал, қарақшының болмыс-бітімі белгілі. Қоренге қарағанда, Бекежан – айлакер, қу, бәрін алдын-ала ойластырып қояды, әрбір арам ісін залымдықпен жүзеге асырады. Сондықтан ол Қореннен де қауіпті. Сол себепті де жыр да, жыршы да, тыңдаушы да Қоренді емес, Бекежанды қарғайды, оны ит өлімге қияды. Бекежан – адам табиғатындағы ең жағымсыз қасиеттердің, зұлымдықтың, жауыздықтың белгілерін бойына жинақтаған, солардың символына айналған образ. Міне, бізге жеткен «Қыз Жібек» жыры – таза көркем фольклордың айшықты үлгісі екені осыдан да байқалады.

Сонымен қорыта айтқанда, қазақтың классикалық түрдегі ғашықтық жырлары – ежелгі рулық заманда пайда болған «жігіттің үйленуі» туралы түпкі сюжеттің негізінде орта ғасырларда үлкен эпосқа айналған түрі. Бұл сюжет, әсіресе, Қазақ хандығы тұсында көркем фольклордың тамаша үлгісіне айналған. Талантты ақындар мен жыршылар «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» мен «Қыз Жібек» сынды жырларды тамаша романдық эпос етіп жырлаған. Сөйтіп, қазақ фольклорының құрамында ғашықтық жыр жеке жанр болып қалыптасқан.

§ 5. Аңыз

Аңыз жанрының арғы түбірі, сөз жоқ, ежелгі ру-тайпалық қауым кезінде жатыр. Оның көмескі көрінісін рулардың шығу тегін баяндайтын шежірелер мен тайпалардың соғысы туралы әңгімелерден табуға болады.

Аңыз жанры тарихи шындық, тарихи факт негізінде қалыптасады. Алайда, аңыз аясында тарихи факт әр дәуірдегі айтушылар мен тыңдаушылардың түсінік-пайымына, ұғымына сәйкес өзгереді.

Рулар, тайпалар арасындағы дау-жанжал, ұрыс-соғыс туралы аңыздар ауызекі (ауызша) хроника іспеттес, онда шамамен болған оқиғаның мезгілі көрсетілуі мүмкін, сол оқиғаға қатысқан адамдар міндетті түрде аталады. Мұндай аңыздардың бейнелеу құралдары жұпыны ғана, ал дәріптеу мен көркем жинақтау мүмкіншілігі ертегі мен эпостан әлдеқайда аз. Рулар, тайпалар соғысы туралы аңыздар – батырлық ертегі мен қаһармандық эпостың тағы бір қайнар көзі.

Аңыз өмірде болған елеулі оқиғалар, ертеректе өмір сүрген көрнекті адамдар және белгілі бір жер-су, мекен жайлы баяндайды. Сондықтан ел арасында аңыздағы айтылатын оқиғалар мен іс-әрекеттер ақиқат нәрсе деп қабылданған. Жұрт үшін аңыз – ертегі емес, онда көркемделген қиялдың, көркем шарттылықтың белгісі аз. Әрине, объективті түрде қарайтын болсақ, аңызда да қиял (вымысел) бар, бірақ ол ертегідегідей, я болмаса эпостағыдай көркемделмеген.

Аңызда айтылатын хабар, оқиға еш күмән туғызбайды, өйткені, оның түп негізі – тарихи шындық. Бұл – біріншіден. Екіншіден, аңыздың мазмұнын растайтын дерек ретінде жердің аты, белгілі қайраткердің есімі, я болмаса жыл мезгілі аталып отырады. Үшіншіден, аңыздың айтылу мәнері тұрақтанған, ол ылғи үшінші жақтан және өткен шақта баяндалады.

Аңыздың түпкі мазмұны өмірдің танылған бір фактісі болып келеді. Әрине, ауыздан ауызға, біреуден біреуге айтылып жүргенде бұл фактінің кейбір детальдары, болмаса ол туралы жалпы хабар өзгеріске ұшырауы мүмкін, тіпті, кейде жалған болып шығуы да ықтимал. Бірақ соның бәрінде де ол факті туралы хабар шын болып есептелінеді, өйткені, дәстүр бойынша айтушы оны ғажайыпты нәрселермен түсіндіру керек деп ойламайды. Басқаша айтқанда, аңызда ешқандай кереметтілік, ғажайыптық сыр болмайды, өмірден тысқарғы фантастикалық кейіпкерлер көрінбейді.

Аңыздың тағы бір ерекшелігі – онда баяндалатын оқиға тек ұлттық сипатта болып, белгілі бір жерге ғана байланысты болып келеді. Яғни, аңызда тек жергілікті тарихтың ғана оқиғасы әңгімеленеді.

Аңыз дегеніміз – бір мекеннің, жергілікті жердің, я болмаса бір елдің, тайпаның, рудың ауызекі шежіресі (устная хроника), бір аймақта болған оқиға туралы, немесе атақты қайраткер жайында баяндайтын ауызекі әңгіме. Сондықтан аңыздардың сюжеті көп жағдайда ұлттық қана болады, бір елдің аңызы екінші елге ауыспайды, тіпті, аңыздың көпшілігі аймақтық (локальный) қана болады. Басқа елді былай қойғанда, Қазақстанның бір жерінде болған оқиға екінші жерде болмаған, сондықтан ол оқиғаға байланысты туған аңыз басқа аймаққа кең тарамаған. Мәселен, оңтүстіктегі мекендер жайлы аңыздар солтүстікте белгісіз. Я болмаса, керісінше. Әрине, бүкіл Қазақстанға белгілі болған, яғни бір ғана аймақ аясынан асып кеткен оқиғалар жайлы аңыздар барлық жерге тарауы мүмкін, бірақ мұндай оқиғалар жиі болып тұрмаған. Соның өзінде де бүкіл Қазақстанға тараған аңыздар өзінің пайда болған алғашқы аймақтық сипатын жоғалтпаған. Мұндай аңыздарға ақтабан шұбырынды оқиғаларына байланысты туған әңгімелер жатады. Ал, Исатай, Махамбет көтерілісіне қатысты пайда болған аңыздар да үлкен тарихқа белгілі болғанымен, өзінің алғашқы шыққан аймағына, яғни Батыс Қазақстанға кеңірек тараған.

Жалпы, аңыздың аймақтық сипаты оны фольклордың басқа жанрларымен салыстыра қарағанда айқын көрінеді. Мәселен, қаһармандық эпос пен тарихи жырда бүкіл қазақ еліне қатысты оқиға бейнеленеді, сондықтан батырлық жыры мен тарихи жырлар Қазақстанның барлық жерінде жырланған.

Ал, аңызда әңгімеленетін жағдай бір аймақтың ғана тарихына байланысты келеді, сондықтан ол шығарманың мазмұны нақтырақ болады. Сол себепті бір аңызды толық түсіну үшін кейде онда баяндалатын оқиғаны білу аз, сол аңыз пайда болған аймақты да жете білуге тура келеді, сонда айтылатын басқа да фольклорлық шығармалармен танысу қажет болады. Сөйтіп, аңыздың бүкіл «контексін» біліп барып қана оны жан-жақты талдауға болады.

Аңыздар бір халықтан екінші халыққа ауыспайды дегенде ескеретін нәрсе – бір аймақта отырған екі халықтың аңызы бір-біріне ауысуы мүмкін, бірақ ол кең жайылмайды. Сонымен қатар көрші тұрмайтын әр жақтағы екі-үш елдің де аңыздары ұқсас болуы ықтимал. Алайда, мұндағы ұқсастықты тарихи-типологиялық деп білу керек, өйткені, тұрмыс-тіршілігі, өмір салты, наным-сенімдері ұқсас елдерде бір типтес сюжеттер пайда бола беретіні белгілі. Сөйтіп, аймақтық жағдайға байланысты туған сюжет өзінің тарихи-стадиялық сипаты жағынан «халықаралық» болып көрінеді.

Сонымен қатар бір замандарда бөлініп, ыдырап кеткен туысқан халықтардың көне аңыздары да ұқсас болуы мүмкін. Мысалы, көп түркі жұртында кездесетін Қорқыт жайындағы әңгімелер – бір кездегі түркілердің тұтастығы онша бұзылмай, аралары алшақтамай тұрған кезде туған аңыздар. Бірақ кейінгі дәуірлерде әр халықта ол аңыздар өзінше өмір сүріп, дамыды. Сөйтіп, бір елде Қорқыт жайлы аңыз болса, екінші елде эпос пайда болды, ал үшінші елде ертегі туды. Қорқыт жайындағы көне аңыздар қазақ арасында хикаят жанрына айналды.

Аңызда ертегідегідей тұрақталған, бір типті, көп шығармаларға тән сюжеттік композиция болмайды. Онда қалыптасқан, бір аңыздан екінші аңызға ауысып жүретін канондық мотив пен сюжеттер өте аз. Сол себепті аңыз жанрында сюжеттік өзек (ядро) алуан түрлі болады және ол әрі қарай өрби түсуге бейім келеді. Әдетте, аңыздардың көлемі шағын болады, бірақ соған қарамастан олар айтылу мәнерінің қызғылықтығымен, мазмұнының тартымдылығымен, сюжетінің сонылығымен, композициясының қарапайымдылығымен тыңдаушыны өзіне баурап алады, оған зор әсер етеді.

Фольклорлық прозаның басқа жанрларына қарағанда, аңыздың танымдық қызметі айқынырақ, ол елдің өткен тарихынан, өмірінен мағлұмат береді, яғни аңыз жұрттың білімін көбейтеді. Аңыз – халықтың өзі айтып берген ауызекі тарихы десе де болады. Олай дейтініміз – қазақ тарихында аты белгілі қайраткерлер мен ірі оқиғалардың аңызда айтылмайтыны жоққа тән. Қазақтың жеке ел болу тарихында үлкен рөл атқарған Жәнібектен бастап 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске дейінгі аралықтағы Қазақстанның әр жерінде болған елеулі оқиғалар жайындағы аңыздың саны мол. Ол оқиғалар жалаң айтылмайды, олар көп жағдайда белгілі бір қайраткерлерге немесе мекенге байланысты болып келеді. Мысалы, Әз Жәнібек пен Жиренше шешен, Асанқайғы, Абылай, Қазыбек, Исатай, Сырым есімдеріне қатысты айтылатын әңгімелердің дені аңыз болып келеді. Сол сияқты ақтабан шұбырынды кезінде болған оқиғалар мен жер-жерде болған көтерілістер туралы прозалық ауызекі шығармалар да аңызға жатады. Сондай-ақ әртүрлі жер-су, мекенге байланыстырылып айтылатын да шығармалар бар. Оларды да фольклортану ғылымында аңыз жанрына жатқызып жүр.[791]

Аңыз – халықтың жадында сақтап, ауызша айтып келген тарихы дегенде, онда тарихи оқиғалар еш өзгеріске ұшырамаған, шындық сол қалпында әңгімеленген деген ой тумау керек. Аңыз жанры да, бүкіл фольклор сияқты, анахронизмнен құр алақан емес. Біріншіден, ауызша тарағандықтан, екіншіден, әңгімеленген оқиғадан көп уақыт өтіп кеткендіктен, үшіншіден, әңгімеге көркемдік элементтері әсер еткендіктен аңызда баяндалатын оқиға көмескі тартады, әңгіменің нұсқалары пайда болады, тіпті, оқиғаның мезгілі шатастырылады. Ал, айтушы мен тыңдаушылардың дүниеге көзқарасын, олардың әртүрлі мүддесін ескеретін болсақ, онда аңыздық шығармалардағы оқиға, ондағы адамдар, олардың іс-әрекеттері басқаша бағаланып, өзгеше сипатталуы мүмкін.

Демек, аңыз жанрында да белгілі дәрежеде көркемдік жинақтау болады. Сондықтан онда фактілер мен оқиғалар айтушы мен тыңдаушылардың қатынасы тұрғысынан баяндалып, тарихи жинақталған бағаға ие болады. Сол себепті аңыздық шығармалардың ішінде халыққа жат идеялы әңгімелер де кездесіп қалады. Алайда, бізге белгілі аңыздардың басым көпшілігі халықтық, бұқаралық сипатта. Әсіресе, басқыншылар мен қанаушыларға қарсы күресте қол бастаған адамдар туралы аңыздар халықтың жадында жақсы сақталған.

Әдетте, фольклортану ғылымында аңызды тарихи және мекендік(топонимикалық) деп екіге бөледі. Рас, бұлай болудың біршама шартты екенін ескеру керек. Топонимикалық деп бөліп жүрген аңыздарда да тарихи негіздер, фактілер болады. Ал, тарихи деп жүрген аңыздарда топонимикалық та мотив кездеседі, алайда, мұнда шығарманың өзі емес, ондағы сарын ғана топонимикалық сипатта болуы мүмкін.

Сондықтан «топонимикалық аңыз» деген атауды шартты түрде ғана алу керек те, оған белгілі бір жерге, мекенге байланысты оқиғаны баяндайтын әңгімелерді жатқызу керек. Екінші сөзбен айтқанда, топонимикалық аңыз деп жер-судың, тау-тастың пайда болуы мен атын мифтік ұғыммен, немесе мифтік кейіпкердің іс-әрекетімен емес, бір оқиғамен, я болмаса белгілі қайраткер атымен байланысты түсіндіретін әңгімені айтамыз.

Сонымен, қазақ аңызын біз де тарихи және топонимикалық деп екіге бөлуді жөн көрдік. Ал, күй аңызына келсек, онда әртүрлі жанр тоғысқан: миф, аңыз, әпсана, хикаят, ертегі, жыр. Күй түрінде орындалатын аңызды айтар болсақ, олардың басым көпшілігі тарихи оқиғаларға байланысты болып келеді. Сондықтан күй аңызы белгілі дәрежеде тарихи аңызға жатады[792].

Тарихи аңыздарда кейде оқиғалар мен фактілер көркем түрде жинақталып, қиял тұрғысынан бағаланады, яғни ел оқиғалар мен фактілердің өз ойына, арман-мүддесіне сәйкес болуын қалап, солай баяндайды, солай етіп көрсетеді. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, көп уақыт өткендіктен оқиғаның қалай болғанын дәл білмегендік, екіншіден, бұрынғы заманда болған шындықтың өзін емес, ел қалаған шындықтың көрініс табуы. Мұның бәрі аңызда көркемдеу саналы түрде болмайтынын дәлелдейді.

Бейнелейтін оқиғаларына, кейіпкерлеріне, жалпы тақырыбы мен мазмұнына қарап, тарихи аңыздарды шартты түрде мынадай топтарға бөлуге болады: а) оғыз-қыпшақ заманынан елес беретін аңыздар (оларға Қорқыт, Ахмет Яссауи және Арыстан алып туралы әңгімелерді енгізуге болады, VIII – ХII ғ.); ә) моңғол шапқыншылығы мен Алтын Орда кезіндегі оқиғалар жайындағы аңыздар (Шыңғыс, Жошы, Тоқтамыс, Темір есімдеріне байланысты әңгімелер, ХIII –ХV ғ.); б) Қазақ хандығы тұсындағы оқиғалар мен қайраткерлер туралы аңыздар (Жәнібек, Асанқайғы, Жиреншелер жайындағы әңгімелер, ХV- ХVII ғ.); в) қалмақтарға қарсы соғыс-ұрыстарға байланысты туған аңыздар (Абылай, Қазыбек, Әбілқайыр, Бөгенбай, Қабанбай аттарына қатысты әңгімелер, ХVIII ғ.); г) Сырым, Исатай-Махамбет, Жанқожалар бастаған көтерілістерге байланысты туған аңыздар (ХVIII-ХIХ ғ.); ғ) ХХ ғасырдағы өмір кешкен белгілі қайраткерлер туралы баяндайтын аңыздар.

Әрине, бұл 6 топтағы шығармалардың бәрі бірдей таза аңыз жанрының белгілеріне, аясына толық сәйкес келе бермейді. Әңгімеде баяндалып отырған оқиға неғұрлым қашық, яғни өте ертеде болса, соғұрлым ол әңгіме аңыздан гөрі әпсанаға немесе хикаятқа жақындай береді. Онда алғашқы оқиға көмескіленіп, оның сұлбасы ғана сақталады, әйтпесе, тіпті, ұмытылып кетуі де мүмкін. Уақыт өткен сайын аңыз көркемделе түсіп, ондағы іс-әрекеттер әсіреленеді, кейіпкерлер дәріптеледі, сөйтіп, аңызға әпсана мен ертегінің поэтикасы ене бастайды[793]. Осындай жағдайды, әсіресе, алғашқы үш топқа енген шығармалардан байқауға болады.

Оғыз-қыпшақтар тарихына қатысты аңыздар қатарына «Жанкент қаласы туралы»[794], «Арыстан алып пен Тойма сұлу»[795], «Көккесене»[796] сияқты шығармаларды жатқызуға болады, өйткені, бұларда көрінетін адамдар мен әңгімеленетін шаһарлар сол VIII-ХI ғасырларда болған оқиғаларда көрнекті рөл атқарған. Сондай қаланың бірі – Жанкент. Бұл шаһар Х ғасырда оғыз ұлысының астанасы болып, Орта Азия, Таяу Шығыс, Жетісу, Қытай, Еділ бойындағы елдердің сауда-саттық, мәдени, саяси байланыстарында үлкен рөл атқарғаны тарихтан белгілі. Жанкент қаласының қираған қалдықтары Қазалыдан 20-30 шақырымдай төмен Сырдарияның сол жағында жатыр.

Жанкент қаласының қашан, қалай қирағаны туралы нақты жылнамалық дерек әлі табылған жоқ. Қалай болғанда да, бұл қаланың құлауы жаугершіліктен болғаны дау туғызбаса керек. Мәселен, 1897 жылы мынандай бір дерек жарияланыпты: «Жент қаласын, оның төңірегін жаулап алғаннан кейін моңғолдар Жанкентті басып алды. Олар өзенмен құлдилап төмен түсіпті, бірақ бұл жорыққа Жошының өзі қатысты ма, жоқ па – белгісіз. Жент өлкесін түгел бағындырып алғаннан соң Жошы әкесіне қосылу үшін Бұқараға бет алғаны анық»[797]. Демек, оғыз-қыпшақ заманында гүлдеп тұрған Сыр бойындағы Жент, Сұнақ, т.б. қалалар сияқты оғыздардың астанасы болған Жанкент те Шыңғысхан бастаған моңғол шапқыншылығы кезінде қатты қираған.

Ал, бізге жеткен аңыздарда Жанкент шаһарының тарихы таза фольклорлық дәстүрде баяндалады. Бұл туралы Әлкей Марғұлан былай деп жазады:




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 1033; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.033 сек.