КАТЕГОРИИ: Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748) |
Ойлай-ойлай 3 страница
Халықтың ежелгі ел іргесі бұзылмаған дәстүрін аңсау сезімі қазақтың соңғы ханы – Жәңгір ханды жоқтаудан көрінді. Фольклордың ежелгі дәстүрі кейіпкерді мінсіз етіп суреттеу заңдылықтары сақталатын өлеңде халықтың еркіндік, азаттық аңсаған арманы мен елге тұтқа болған ерлерді дәріптеу идеясы алғы кезекке шығады. Жәңгір ханның тіршілігіндегі барлық қате-кемшілігі кешіріліп, ел үшін істеген игі істері ғана тілге тиек етіледі. Хан тұтас әлеуметтің қамқоры ретінде фольклорлық тұрғыда мадақталады:
Жетімдерге жем бөлген, Жесір үшін жер бөлген. Тентектер үшін тебіренген, Әулие ханнан айрылдық[1070], –
дей отырып, басты назарды Жәңгірдің ел үшін істеген ең ізгі ісі – мешіт салғандығына аудартады. Бұл ісі оның бүкіл қазақ хандарынан ерекшелейтін даралық қасиеті ретінде алынады. Мұның басты себебі – сол тұстағы саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты. Өйткені, басып алған жеріндегі негізгі тұрғындарды діннен, тілден, тарихи жадынан айыру сынды мемлекеттік дәрежеде ойластырылып, қуатталған, отаршылдық жоспарлардың жүзеге асырыла бастаған кезі болатын. «Мұндай шовинистік көзқарас төрт бірдей казачествоның қоршауында тұрған Еділ-Жайық – екі өзен аралығында, тіпті, қарқынмен өрістеді. Алтын айдары Айға шағылысқан Орал қаласындағы екі шіркеудің үлгісінде халық көп қоныстанған елді мекеннің бәріне православиялық дін орындарын салу міндеттелді»[1071]. Алайда, Жәңгір хан, ең алдымен, мұсылмандық мешіт салдыртты. Осы еңбегі жоқтаудың негізгі өзегіне айналды. ХІХ ғасырдағы Ресей еліндегі түрлі саяси, экономикалық өзгерістердің әсерінен қазақ даласына да капиталистік қатынастардың еніп, өндірістердің дамуы негізінде қазақ жұмысшы табының негізі қаланды. Қазақ-орыс шаруаларының бір кен орнында жұмыс істеп, тұрмыстың қатал шындығын басынан бірге кешіруі халықтардың рухани жақындасуына себеп болды. Орыс жұмысшыларының әртүрлі тұрғыдағы өлеңдері қазақ жұмысшыларына ықпал етіп, жаңа сипатты өлеңдердің тууына әсер етті. Қазақ даласында ашылған кен орындары ондағы жұмысшылардың жай-күйі ауыр тағдыры мен көңіл-күйі жөнінде халық өлеңдерінен көп сыр аңғаруға болады. Болыс пенен би алды, Қарны жуан бай алды. Мойны жуан мырза алды. Қазынасын ақтарып, Ағылшындар қол салды[1072].
ХІХ ғасыр поэзиясындағы көңіл аудартатын елеулі сарындардың бірі –дін қағидаларына сүйену, оны өмір қайшылықтарын шешудің бірден бір жолы деп қарағандығы байқалады. Яғни «Жуасып, жүдеген елге ақырғы тыныштық жұбаныш осыдан табылмас па екен, ендігі өмірдің емі бойұсынып, сабырмен шыдап, діннен тірек іздеу болмас па екен дейді. Әр заманда әр елдің тарихында, үміт кемесі су астындағы жартасқа соғылып, талқан болған шақта, әрбір жан өз жарасымен ыңырануға айналғанда, осындай момындыққа түсіп, мұңға батып, дін бесігін іздейді. Тағдырына бас иіп, үміт, тілекке қош айтып, жарық сәулені ол дүниеден күтеді»[1073], - дейтін М.Әуезов пікірінің жандылығы сол кезеңдегі шағын және көлемді өлеңдерден де байқалды.
Құдайға еш мүшкіл іс емес қиын Қанша қапа болсаң да, хаққа сыйын. Құдайым құдіретпен қылса рақым, Тас еріп, шешіледі, темір түйін.
Әгарда құдіретпен қылса қаһар Жоқ болар ғаламдағы жан-жануар. Жер тамыры тартылып, көк тұтылып, Дарияның суы құрып, тау қозғалар[1074].
Мұсылмандық сарын бір жағынан мұсылмандыққа үндеу, екіншіден, сол тұста зорлықпен ендіріле бастаған христиан дініне деген қарсылық идеясының құралы болғанға ұқсайды. Патшалықтың отаршыл-әкімшілік орындары қазақ қауымының ішіндегі бұрынғы феодалдық жол-жоралардың кертартпа тұстарын өздерінің өлкені билеуге байланысты жоспарларында айла-тәсіл ретінде пайдаланып отырды. Сөйтіп, ел ішін алашапқын етіп қойды. «Қазақ сияқты Россиядағы көп бұратана елді билеуге патша өкіметінің өзі рушылдық, ескішілдік қалыпты нық сақтап отырды. Бұл елдерде өмір өркендесін, мәдениет дамысын деген ой онда мүлде болған жоқ. Қайта жаңағы ескіліктің кертартпа құрылысын өз керегіне пайдалана жүріп, соны мызғытпай, сақтап отырды. Сондықтан да болыстық, отаршылдық, билік үшін ел жуандары қырқысса, соны патшаның ұлықтары әдейі қоздырта түсетін»[1075]. ХІХ ғасырдағы қазақтың өз ішіндегі билік мәселесінің шиеленісуі, қазақтарды болыстық билік үшін бірін-бірі өлтіру оқиғалары орын алғандығына – Әйекенің жоқтауы дәлел. Заман өзгерісіне байланысты дәстүрлі поэзияның ғасырлар бойғы бұлжымай сақталып келген, қағидаларына енген өзгеріс халықтың өлгенді даттамайтын дәстүріне қайшы марқұмның тіршіліктегі жағымсыз мінез-құлқын әжуамен шенеген сарындар жамыла бастағандығынан да байқалады. Билік құрған тұсында еліне жағымсыз болған Орал дейтін болыс Ташкент қаласына барып, шайханада шай ішіп отырғанда жер сілкініп, құлаған үйдің астында қалып өлгенде оны дәстүрлі жоқтау үлгісінде мадақтай отырып, соңында: Шай іштің келіп дүкеннен, Түсірді Құдай бүкеңнен. Зарлатушы едің талайды, Көріңде тұрғыр тікеңнен[1076], -
деп түйіндейді. Сондай-ақ «Көшенді жоқтаудың» мазмұнынан да осындай өзгешелікті көруге болады. Көшенім, менің еселім, Жан едің түгел есебің. Бір тоқтың өлсе жылайтын, Шық бермес, шығай, пес едің 75-ке келгенше өлмейтін Сен Құдайдың несі едің?[1077].
Сөз болып отырған кезеңде ел ішінде өтірік өлеңдер де кең тараған. Өтірікті құрал ете отырып, түпкі мәні заман шындығын бейнелейтін өтірік өлеңдер – қазақ фольклорында едәуір орны бар жанр. Мұнда «өтірік» айтылса да, оның арғы негізінде шындық жатады. Өмірдің шындығын ашық айта алмайтындықтан өтірікті желеу етіп, аллегориялық тәсілмен түрлі жағдайлар астарланып меңзеледі. Мұнда өмір құбылысы мен адамның әрекет, айласын бейнелеу, көбіне әсірелеу арқылы көрсетіледі. Өтірік өлеңдер әзіл, сықақ түрінде халықтың көңіліне қонбаған жағымсыз қылықтарды шенеп, күлкі арқылы ойлантуға құрылады. Мәселен, қалыңмал, ежеқабыл, құдалық сияқты салттардың өрескел тұстарын әжуа, сықақ етеді. Кейде бүкіл шығарманың мазмұнында ақылды, ақылсыз адамдардың мінез-құлқын айқын сипаттап кетеді. Түркі халықтарына кең таралған – бұл оның әр ұлттық жеке қалыптасуына дейінгі кезеңде туған «Тазшаның қырық өтірігі» дейтін өлеңде қойшы бала өзінің тапқырлығымен, тәкаппар ханды жеңіп кететіні белгілі. Мұнда өтірік өлеңге тән жанрлық ерекшелік, адам ойының алғырлығымен, қиял өрісі арқылы көрінсе, екінші жағынан, қарапайым тазша – қойшының, жағымды бейнесі арқылы халық өз-арман аңсарын бейнелейді. Өтірік өлеңдер – сын-әжуаны астарлы образдар арқылы беру таптық дәуірде дами түскен. Патша үкіметімен сыбайласқан қазақтың бек-феодалдары қазақ халқының бұрыннан келе жатқан қыз ұзату, келін түсіру, жесір дауы, құн дауына байланысты әдет-ғұрпын өз пайдалары үшін құрал еткен кезде де өтірік өлеңдер өзінің жанрлық міндетін орындады. Мұндай жағдайдағы салт-дәстүрдің кертартпалық сипаттары сын тезіне алынып, күлкіге айналдырылды:
Тілімнің келмейді ебі өтірікке, Ойлашы, осыным да өтірік пе? Қырық байтал қалыңмалға санап алып, Қыз бердім, отау тігіп кекілікке. Шындықтың күмбез еттім қу басынан, Масаның арқан естім шудасынан. Қырық қарға, отыз сона құда түсіп, Инелік киіт киді құдасынан. Беріпті бақа қызын көбелекке, Жүріпті қара шыбын жеңгелікке. Бір туын құмырсқаның ұстап сойып, Той қыпты, ат шаптырым төңірекке. Бай болдым төрт түлікке, тумай жатып, Балама қалың бердім, бәрін сатып. Білімін мал жыюдың ерте біліп, Сондықтан кедейлікке қалдым батып. Жыйынға, салтанатқа кидім құрым, Қытықтап зорға айтқыздым қыздың сырын. Келгенде қалыңдығым 84-ке, Қайныма бес жасымда бардым ұрын. Қайныма қарға мініп, ұрын бардым, Күйеуден өзім қатар бұрын бардым. Айғырын шегірткенің ұстап мініп, Алдынан қайын атамның қырындадым[1078].
Мұнда елдің бұрынғы салтындағы жағымсыз әдет-ғұрпы мен тіршілігі мінеліп, әзіл, әжуа көріктеу, бейнелеу, үнемі шендестіру (антитеза), әсірелеу негізінде сынға алынады. Патша үкіметінің отарлауы басталысымен-ақ қазақ даласында саудагерлер, алыпсатарлар көбейіп, қазақ халқына таңсық, болмашы заттарды қымбат бұлдап, қазақ арасынан бағалы заттарды өте арзанға алу арқылы қанаушылықты күшейте түсті. Ел ішіндегі атқамінер бай, ауқаттылардың өзін алдап-арбап, халықты екі жақты қанауға ұшыратқан саудагерлердің озбырлығы жайлы өлеңдер де сақталған. Орыс, ноғай байлары Қолында тұрған тауарын Сатайын десе халыққа Ақшасына өтпейді Несиеден іс бітпейді Тағы да тапты ақылды Қазақтың байын ұстады Несиені беруге Алып бер деп қыстады, Қызықтырып байларды. Кепілдікке он тиын Мың тиынға жүз тиын. Шығарды ойлап нұсқаны Кей жақсы мен кей байлар Нәсіп етер осымен Әр бақырда жүреді Тәмәм жақсы қосымен Мұғамиля күні туғанда Кеңірдектен буғанда Таба алмаған біреулер Айырылысады досымен.
Немесе: Бұл күндегі адамдар Несиеге бек ынтық Ақырғы бермек саудадан Саудагер болып көбейді. Қайсы біреу жаңадан Кепілсіз нәрсе алалмас Анау тұрған қаладан Неғып берсін бұларға Ілгергі өткен мегзілде Өз бетінен көп алып Беруге артын дау қылып Көбісі сынды жамаған[1079].
Және: Мен өтірік айтпаймын Зорлықпен өткен қу заман Қай күйіңді мақтайын Кедей қайтіп ұялсын Бай адамдар жүн сатады,
Кедей алып қояр деп, Қойына тығып қымтатады[1080].
Осындай алыпсатар саудагерлердің, кедейлерді несиеге, өсімге мол ақша беріп, алдап-сулап, қарызға кіргізіп, кіріптар еткен іс-әрекеттеріне деген халық наразылығы да өтірік өлеңдер арқылы астарланып берілген.
Серік боп құрқылтаймен қылдым сауда, Айналды бұл саудамның арты дауға. Борсыққа жарап жүрген міне шауып, Ұрандап, бір бүйірден тидім жауға.
Үш жаста мергеншілік кәсіп қылдым, Ши оқпен мың құланды атып қырдым. Ауынан өрмекшінің кілем тоқып, Ұялмай, 190-нан сатып тұрдым[1081].
Сондай-ақ өтірік өлеңдерде халықтың діни сенімдерге деген тым әсіре көзқарасы да сынға алынып отырды.
Басына Қап тауының қора қылдым, Бітер деп, бес мың жылқы жора қылдым. Топан су, тау басына дамыл бермей, Қылмасқа енді қора тәуба қылдым[1082].
Халық сүймеген жағымсыз әдет қылықтарды мазақ етумен бірге, өтірік өлеңдерде алдымен балалардың, қала берді, ересек адамдардың ой өрісін кеңейтетін фантазия, қиял элементтері басым болып келеді. Қиял мен жорамал арқылы болмағанды болғандай етіп көрсететін. Өтірік өлеңдер халық драмасы сияқты көңіл көтеру қызметін атқарып, мазмұны түгелінен күлкіге, сайқымазаққа құрылады. Егер күлкінің өзі қайшылықтан, яғни бір затты, оның әдеттегі қасиетіне үйлеспейтін жағдайлармен көрсетуден туады десек, өтірік өлеңдер де осы тәсілдерге негізделген. Мұнда өз алдына, өзімен өзі болып жатқан әрі анайы, әрі жабайы, әрі түсінікті, әрі қызық, күлкілі жағдайлар көп-ақ.
Аспанға алты жерден тіреу қойдым, Той қылып, мың масаны сонда сойдым. Жүрегін біреуінің төрт бөліп, жеп Нансаңыз, өмірімде бір-ақ тойдым[1083].
М.Әуезовтің: «Махамбеттен соңғы ақындар, бұрынғы Бұқар жырау тұсындағы өлең сөзді ойға әкеліп түсірді. Бұлардың тұсында өлең ел өмірінің ұсақ салаларына тарауға айналды. Бұрынғы ауыл қазақ өмірінің ұлы құрсауын, үлкен ауданын сөз қылса, бұлардың сөздері, күндегі өмірдің ұсақтаған жамаушысы сияқты болып, жеке-жеке дертке арналатын болды»[1084], - деп тұжырымдағанындай, ХІХ ғасырдағы фольклорлық өлеңдерде негізінен ел ішілік мәселелер көбірек орын алып, халықтың тұрмысына, әдет-салтына енген өзгерістерге деген наразылығы, қазақтың байырғы тұрмыс-тіршілігін аңсау сезімдері бой көрсетіп отырды. Сондай-ақ халықтың ішкі әлеуметтік жағдайы, бай мен кедейдің арақатынасы, байдың қытымыр сараңдығы мен отаршылдармен ауыз жаласқан екіжүзділігі, кейбір кедейдің шаруаға қырсық, жалқаулығы да халық өлеңдерінде сынға алынып отырды.
Байларды кедей сағалап, Жақсыларды жағалап, Кедей біткен кер болды, Көкіректері өр болды. Ойлағаны зор болды. Мырзаларды іліктеп, Көбісі сылқым сор болды Қымызын ішіп байлардың Кәсіпке мойны бұрылмай, Іс істеуге жалығып Ұйқы да оған сор болды. Сөйте-сөйте еңкейіп, Қайсы бір кедей шер болды Сүйкімі кетіп байларға Бишаралар қор болды Кедейге нағып мал бітсін Бір Құдайдан сұрау жоқ Кәсіпке шұғыл бойұсынып Халалдықпен құрау жоқ[1085]. Немесе:
Өңшең кедей бірігіп, Іздегені бай болар Аңдығаны байғұстың Өсекпенен шай болар Ішсе көңілі жай болар Бір тойып бойдан кеткен соң Қарынбайдай бай болар Кәсібі сол олардың Ойлағаны харамдық, Іс қылмайды халалдық.
Халық лирикасының ертеректегі үлгілері 7-8 буынды болса, келе-келе он бір буынды өлеңдермен аралас күйде көрінеді. Бұл заңдылықты Б.Уахатов қазақ халқының өміріндегі өзгерістермен байланыстырып, 7-8 буынды өлең үлгілерін ел басына күн туған ауыртпалық тұстарда, он бір буынды өлеңдер күнделікті, алаңсыз бейбіт, еркін өмір тұсында туған деп есептейді. Ғұрыптық өлеңде жеке адам сезімі ру мүддесімен тығыз тұтастықта көрінетіндіктен әрі топ болып орындалатындықтан онда ұжымдық сипат басым. Қоғам өзгерісіне сай уақыт өте келе жеке адамның жан сезім даралығына ұмтылыс басымдық ала бастайды. Мысалы: салтқа деген наразылық, қарсылық арқылы өлең тақырыбы мен түріне де өзгеріс енеді де, өлең әлеуметтік-қоғамдық ой айтудың құралына айнала бастайды. Қазақтың халық өлеңдерінің көлемі шағын болғанымен, өзіне тән композициялық құрылымы болады. Ең алдымен өлеңді айтушы өзінің ой-толғамының кіріспесінде өлең айтуды өзіне мәртебе көретіндігін баяндайды. Яғни алғашқы жолдарда кіріспе мен емеурін білдірілсе, 3-4 жолда ой қорытылады. Белгілі бір өлең өлшемі мен әуені бар бұл өлең түрінде көпшілік жиналған түрлі шаралардағы сәлемдесіп, тіл қатысудан бастап, қоғамның, елдің жағдайлары да тілге тиек етіледі. Қай мазмұн, қай тақырыпты айтса да, өлеңші адам өзін-өзі мадақтап көтермелеп, сонан соң барып негізгі айтар ойға: өмір, дүние туралы толғаныстарда немесе өз басына түскен кедейлік, қорлық-зорлық пен қоғамдық, халықтың арман-тілегін бейнелейді. Яғни әрбір өлең өзінше басталып, өзінше аяқталады. Демек, әу баста белгілі бір ғұрыпқа, салтқа байланысты туып, бірақ одан ірге ажырата келе жеке бір арна құраған халықтың лирикалық өлеңдерінің бізге жетуі дәрежесі әртүрлі. Оның негізгі мәселесі – адамның ақыл ой-еркіндігін, азаттық, бостандық сүйгіш ой-сезімін бейнелеуінде. Оның өзі сан-салалы сипат иеленгені көрінеді (тарихи, ғашықтық, салттық, т.б.). Ел басындағы елеулі оқиғалармен бейнеленетін тарихи өлеңдер мен қатар шағын көлемді лирикалық өлеңдер де қабат дамыған. Тек маңызды әлеуметтік-тарихи мәселелер кең қанат жайғандықтан, оларға көп көңіл бөлінбегендіктен бізге жетпеген сыңайлы. Ал ХІХ ғасырдағы лирикалық өлеңдерде халық тұрмысының күнделікті жайттары көбірек көрініс тауып, халықтың екі жақты әлеуметтік қайшылық қысымынан қиналған көңіл-күйі мен алдан күткен үміті бейнеленді. Ал кеңес өкіметі тұсындағы өлеңдердің саяси-үгіттік мақсаты жаңа қоғамды мадақтау, оны орнықтыру жолындағы қызметке жұмсалды. Яғни өлең жанрының даму эволюциясында салт өлеңнен лирикалық өлеңге, лирикалық өлеңнен кеңес дәуірінде туып қалыптасқан азаматтық немесе саяси-үгіттік өлеңге дейінгі даму, жаңару, жаңғыру жолдары танылады. Жинақтай келгенде айтарымыз: халық көңіліндегі қайғы мен қасіреттің, қуаныш пен шаттықтың серігі болған халық өлеңдері көп түрлі, көп салалы жанр. Көне рулық замандағы ғұрыптық өлеңдерден бастау алып, жеке адам сезімін тереңдете суреттейтін лирикалық мән иеленген кезеңдер мен саяси-үгіттік өлеңдерге дейінгі аралықта жанрлық тұрғыдан жіктеліп, салаланып, тақырыптық ауқымы кеңейіп, әртүрлі даму жолдарынан өткен.
§ 10. Қара өлең
Қазақ арасында бас-аяғы тұтас, төрт тармақты, он бір буынды өлеңдерді қара өлең деп атайды. Оның үлгісі:
Үстіме бешпет кидім кіл қарадан, Ілгегін інжу-маржан кім қадаған? Алыстан арып-ашып келгенімде, Көзіңнен, айналайын, бір қараған, –
түрінде келеді. «Қара өлең, – Шоқан Уәлихановтың айтуынша, – төрт жолдан тұратын кәдімгі өлеңдердің бірі. Мұның әр шумағы өз алдына жеке бір идеяны баяндайды. Бұлар, көбіне, дауысқа салып, әнмен орындалады»[1086]. Ал, академик В. Радлов мұны кішкене, шағын өлеңдер (маленькие песенки) дейді де, поэзияның бұл түрі, негізінен, суырыпсалу өнерін онша қажет етпейтін, біршама болса да, бұрыннан белгілі, үйреншікті сөздерді өлең етіп ұйқастыру кезінде қолданылатынын айтқан. «Мұндай жағдайда өлеңшінің жадында жатталып қалған екі жолды өлеңнің көптеген үлгілері дайын тұрады. Ал, негізгі айтар ойын үшінші, төртінші жолдарда баяндайтын болғандықтан, ол тек төртінші тармақтың ұйқасын ғана ойлап табады. Тегінде тұтқиылдан тумаған өлеңнің алдыңғы екі жолы тек үндестік үшін ғана алынады да, өлеңнің мазмұнымен ешқандай байланысы болмайды»[1087], – деп жазады. В.А. Гордлевский: «Өлеңнің негізгі сарынына көшпес бұрын ақын алдымен әлдеқандай бір табиғат суретін немесе ел тұрмысынан бір теңеу тауып айтып алады»[1088], – дейді. Бұл пікірдің құндылығы, тұңғыш рет қара өлеңнің алғашқы екі жолын «кездейсоқ», «мағынасыз», «жетім» жолдар деп қарамай, оған сол өлең туған тарихи-этникалық ортаның алуан түрлі бітім-болмысынан, жай-жапсарынан хабар беретін дара бітімді поэтикалық ерекшелік ретінде қарайды. Қара өлең қазақ фольклорының айрықша бір өнер түрі екенін жақсы аңғарған М. Әуезов бұл жанрдың екі түрлі ерекше сырын ажыратып: «Бір ауыз өлеңі екі үлгіге бөлінеді. Оның біріншісі – бастауыш түрі, ең оңайы – қайым өлең, екінші үлгісі – қара өлең»[1089], – деген. Шынында да, қара өлең мен қайым өлеңінің айтылу, орындалу формасында болмаса, өлеңнің жасалу жолдарында, өлең өлшемдерінде ешбір айырмашылық жоқ. Қайым өлең – қыз бен жігіттің бір-бір ауыз өлеңмен жауаптасу түрінде орындалса, қара өлеңде мұндай айтыс түрі болмайды. Бірақ екеуінің шығу тегі, үлгісі бір. Қара өлеңнің де, қайым өлеңінің де құрылысы – он бір буынды, төрт тармақты болып келеді. Әр шумақтың алдыңғы екі жолы ауыздан ауызға көшіп жүретін жаттанды, үйреншікті үлгілерден тұрады. Бұл бірде ер-тұрман, киім-кешек, дүние-жиһазды бейнелесе, енді бірде елдің көші-қонын, төрт түлік мал, табиғат суретін сөз етеді. Демек қара өлеңнің де, қайым өлеңінің де әр шумағының алдыңғы екі жолы негізгі айтылар ойға қатысы жоқ, жаттанды өлең тармақтарынан тұрады. Тыңнан туатыны тек соңғы жолы ғана. Оның өзінде де үшінші жол ұйқаспай, алдыңғы екі жолмен тек төртінші жол ғана ұйқасып келіп отырады.
Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 765; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы! Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет |