Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Алдарында тізілген 2 страница




Әңгіме фольклорлық жанр ретінде оның синкреттілік қасиетін қабылдауына байланысты ертегінің, хикаяның да элементтерін бойына сіңіре алады. Мұндай жағдайда мәселенің барлығы әңгімешінің баяндау шеберлігіне байланысты: оның мағлұматының тереңдігі мен көп білетіндігіне, көп оқығандығына және тілдік қорының байлығына тікелей қатысты болады. Ертегілік элементтер әңгімеге көркемдік пен қызықтылық бере отырып, түпкі шындықтан айтарлықтай алшақтатпайды.

Ауызша әңгімені ертегіден айыру қиын емес, өйткені, ертегі қиял-ғажайып, авантюралық, фантастикалық мазмұндағы сюжеттерден тұрады. Ертегінің мазмұны, оның сюжеті мен идеясы қиялға құрылған, бұл ауызша әңгімеге тән қасиет емес.

Әңгімеде оқиғаны шын бейнелеуден ауытқушылық байқалса, оның негізі фантастикалық сипатқа ие болса, ол шығарма кейбір шын тарихи деректері болса да, ертегіге жатады. Ауызша әңгімеде кейіпкерді көркем бейнелеу үшін кейде ертегі сияқты сөйлеу әңгімеге көркемдік, қатысушы кейіпкерлерге ғажайып мінездеме, баяндауға әдемілік дарытады. Мұның бәрі әңгімелерді есте сақтап, әрі қарай ауызша таратуға зор мүмкіндік береді.

Қазақ халқы билердің көрнекті шешендік сөздерін де зердеге түйіп, ауыздан ауызға тарата отырып, фольклордың игілігіне айналдыра білген.

Мысалы: Ертеде бір байдың жалғыз қызы - Ақбалық сұлу толықсып, бойжеткен шағында мырза, серілердің бірін де бойына теңемей, кедейліктен басқа міні жоқ, өз үйінің жас қойшысы Қозыбаққа ғашық бопты. Ата-ана, жақын туыстары Ақбалықты жылатпай, өзінің сүйгеніне қосыпты. Ақбалық төркінінен түк жасау алмай, қотан шетіне отау тіктіріпті. Бұған намыстанған ру басшылары Қаздауысты Қазыбекті шақыртады. Қазыбек қызды сынау үшін әдейі бір топ кісімен Ақбалықтікіне кеп түсе қалады. Қозыбақ қойын жусатып тастап, үйіне жаңа келген екен. Қазыбек би амандық үстінде Ақбалық сұлуды қағытып: - «Е, қарындас, мәнді сөзден мән шығады, бимәнді сөзден не мән шығады? Жапалақ үйрек іліпті, өйткенмен, одан не мән шығады?» - дейді. Ақбалық сұлу осы арада мүдірмей тіл қатып: - «Рас, мәнді сөзден мән шығады, бимәнді сөзден не мән шығады? Жапалақ үйрек ілгеніне таңырқайсыз, оның енді бір қоңыр қаздан дәмесі бар!» – дейді биге күлімсірей қарап. Қазыбек қыздың қойшыны шын сүйгеніне риза болып, намысқой ақсақалдарға:

– Байлық мұрат емес,

Жоқтық ұят емес,

Теңін тапқанды текке бер,

Қосағымен көгерсін! - деп тоқтатып кетіпті»[1123].

Осы әңгіменің сюжетіне ұқсас, Сырым батыр жайлы вариантында оқиға былай болады:

«Сырым тағы бір жол сапарында жолдастарымен бір үйге келіп түсе қалады. Бұларға сый, құрмет көрсетіп жүрген келіншектің сүп-сүйкімді түріне, әдептілігіне іштей толқып отырған Сырым:

- «Шіркін-ай, мына келіншектің күйеуі қандай екен, дүниедегі армансыз жандай ма екен?» – дегендей ойда отырады. Кешікпей көзге қораш, егде тартқан бір адам кіреді. Келіншектің күйеуі сол екенін білген Сырым:

- Мәністің де мәнісі бар,

Мәнсіздің мәніспенен не ісі бар?

Құладын қу іліпті

Япырай, оның не әдісі бар? – деп, жолдастарына сұрақ қойғандай болады. Бұл тұспалды түсіне қалған келіншек:

- Мәністің де мәні бар,

Мәніссіздің де мәніспенен бір ісі бар.

Құладын қу ілсе, әдісі бар,

Тағы да бір аққу құстан дәмесі бар, -

деп, күйеуінің мәніссіз емес екенін айтқан екен»[1124].

Келтірілген екі мысал бір қарағанда, шешендік сөз болып көрінеді: екеуінде де басты кейіпкер қазақтың әйгілі шешен-билері – Сырым мен Қазыбек, екеуінде де билердің ақылдылығы мен әділдігі дәріптеледі. Алайда, осыған қарамастан бұл екі шығарма шешендік сөз емес. Бұлар – бір сюжетке құрылған фольклорлық екі әңгіме. Біріншіден, мұнда екі қайраткердің есімінен басқа тарихи немесе нақты дерек жоқ. Екіншіден, әңгімелердің сюжеті біреу-ақ, бірақ Қазыбек туралы әңгіменің сюжеті біршама орныққан, тұрақталған, фольклорлық сипатқа ие, сол себепті онда фольклорға тән басталу, оқиғаның өрбуі мен аяқталуы бар. Үшіншіден, екі әңгімеде де барлық халықтың фольклорында кездесетін «ұтымды жауап» және «ақылды қыз» мотивтері жақсы баяндалған, демек екі әңгіме де фольклорлық циклдан өткен. Оның үстіне бұл сюжеттің басқа да нұсқалары бар[1125]. Рас, олар көбінесе новеллалық ертегілерде кездеседі, тіпті, эпостық шығармаларда да ұшырасады[1126].

Яғни тарихи тұлғалар туралы прозалық фольклор тек тарихи аңыз емес, сонымен бірге ауызша әңгімелер түрінде де болады. Олар белгілі бір оқиғаға байланысты туындайды. Бірақ оқиғаның түрі, жағдайының баяндалуы, сондай-ақ құрылымы да түрлі болып, бірте-бірте нұсқалар қалыптасады.

Ауызша әңгімелердегі оқиғалардың тарихи дұрыстығына пікір айту қиын. Уақыт өткен сайын бастапқы оқиғадан қашықтап, ойдан шығарылған эпизодтар мен жағдайлар қосылып, кейде алғашқы реалды негізінен алшақтап кетеді. Тарихи деректер мен кейіпкерлердің әрекет ететін орындарынан жылжуы байқалады. Бұл жерде ауызша әңгіменің аңызға, әпсана-хикаятқа айналуы байқалады. Мұнан біз әңгімелердің ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыру процесі кезінде белгілі бір контаминацияға ұшырайтынын байқаймыз. Талдауға алынған мысалдардан әңгіменің тарихи түрі анықталады. Жетпіс үш сюжеттен тұратын барлығы 216 мәтінді қарастыру барысында әңгімелердің мемуарлық (өмірбаяндық, естелік) және новеллалық, анекдоттар деген түрлері бар екендігі анықталды. Қазақ әңгімелерінің ішінде мемуарлық және новеллалық түрлері ерте кезден бар, ал, анекдот кейінгі кезеңде пайда болған. Мемуарлық әңгімелер көп жағдайда естелік сипатында болады. Сөз болып отырған оқиғаға қатысқан, оны көзімен көрген адамның әңгімесі бірнеше рет қайталанып, тұрақты бір сюжетке айналады, содан соң фольклорлық процеске түседі: әңгіме естелік сипатынан алыстайды, алғашқы айтқан адамынан қол үзеді, әңгіме айтылып отырған ортаның ерекшелігіне қарай жөнделеді. Мысалы, 1916 жылғы көтеріліске қатысты әңгімелер, Ұлы Отан соғысы туралы әңгімелер осындай процесті бастан кешірген. Бұл – фольклордың нағыз өмірі. Оны зейін қоя зерттеу тек қана фольклортану ғылымы үшін маңызды емес, сонымен қатар елдің тарихына қатысты деректерді, мәдени өмірдің қызықты сәттерін қамтуы арқасында ғылымның басқа салалары үшін де қажет.

Естеліктер мен өмірбаяндар көбінесе бірінші жақтан айтылады. Егер әңгімеші шебер болса және тыңдаушылары қоштап отырса, ол оқиғаны асықпай, дамыта отырып, ара-арасында, кей тұстарда лирикалық шегіністер де жасайды, тіпті, кей эпизодтарды өз алдына жеке әңгімеге айналдырып жібереді.

Әдетте, естелік әңгімелерді көргені мен түйгені көп, әр жерде болып, көп елмен араласқан, сөзге жүйрік, тілі шешен адамдар айтады. Әңгімедегі оқиғалар мен сюжеттер тек көпшіліктің сұранысы болған жағдайда ғана фольклорлық айналымға кіреді. Белгілі бір ортаның тұрақтанған фактісі болмайынша, естелік әңгіме фольклорға айналмайды. Фольклорға айналғанның өзінде естелік әңгіме міндетті түрде эстетикалық мақсат көздемейді, сол себепті ол түгелдей дерлік көркем болмайды. Өмір сүріп отырған ортасында қоғамдық маңызы бар кейбір әңгімелердің сюжеті тыңдаушыны да, әңгімешіні де бірдей қызықтыруға тиіс. Ал, егер естелік әңгіме көпшіліктің сұранысын, я талабын орындамаса, ол әңгіме, айтушы кім болса да, ол қандай шешен болса да, фольклорлық циклге түсе алмайды. Сондықтан да естелік әңгімелер, егер сейілдік мақсатта айтылмаса, көркемдігі жағынан айтарлықтай жоғары болмайды. Мұнда бейнелік, яғни астарлық көркемдік әдістер көп қолданылмайды.

Әдетте, новелла терминін шындық белгісі бар шағын прозалық шығармаға қолданады. Ал новелла сияқты ауызша әңгімелер деп белгілі бір оқиға, тұрмыс, адам жөнінде шағын, бас-аяғы жинақы баяндауды айтамыз. Жанрдың бұл түрі тарихи және өмірбаяндық әңгімелерге жақын, ұқсас, себебі жалпы ауызша әңгімелерге тарихи мен өмірбаяндық белгі тән. Бір әңгімелерде бұл белгі айқынырақ көрінсе, екіншісінде әлсіз болып келеді.

Ал, новеллалық әңгіме тарихи әңгіме мен өмірбаяндық әңгіменің аралық түрі болып табылады. Жанрдың бұл түріне: сықақ, күлдіргі, тұрмыстық, аңшылық әңгімелер жатады. Оның тақырыбы алуан түрлі және сюжеті қарапайым, қысқа. Оның оқиғасы бірден іс-әрекетті баяндайды, кейіпкерлері аз. Ауызша әңгімелердің бұл түрінің негізгі ерекшелігі – тұрақталған сюжет пен айқын композициялық құрылым. Өмірбаяндық әңгімеге бірнеше эпизод тән болса, новеллалық әңгімеде – бір эпизод. Новеллада мысалға келтірілген бір дерек немесе эпизод арқылы белгілі немесе белгісіз кейіпкердің бейнесі, тарихи жағдайы суреттеледі. Мұнда маңызды тарихи оқиға не тарихи адамдар, немесе әңгімешінің өміріндегі тамаша деректерден гөрі өмірдегі белгілі бір қызықты жағдайлар мен оқиғалар жөнінде жиі баяндалады. Әңгіменің назары тек бір жағдайға, тек бір кейіпкерге бөлінеді. Сонымен бірге новеллалық ауызша әңгімеде әңгімеші өзінің шеберлігі, ептілігі арқылы болып жатқан көптеген оқиғалар ішінен ең керектісін, мағыналысын, ең даулы жағдайларды таңдай білу керек.

Тұрмыстық әңгімелер әртүрлі мамандықтағы жұмысшылар мен ауыл адамдарының Қазан төңкерісіне дейінгі және кейінгі өмірі мен еңбек жағдайларын баяндайды. Әңгімеде өткен өмір мен қазіргі өмірді салыстыру кездеседі. Кейбір тарихи тақырыптағы әңгімелерде қиын тағдыр баяндалады. Әлеуметтік теңсіздік пен қанаушылыққа қарсы күрескен халық батырлары ойда қайта жаңғырады.

Новеллалық ауызша әңгімелерге жататын күлдіргі, сықақ әңгімелердің көбінде шын фактілер мен шын кейіпкерлер бейнеленеді. Олардағы баяндау жандылығымен, еркіндігімен, күлкілі, көңілділігімен ерекшеленеді.

Мысалы: «Тілеміс қырғыз манабының үйіне келсе, өзі жоқ екен. Әйелі қара құмғанмен шай қайнатып жатады. Ақ самаурын төрде жарқырап тұрады. Тілеміс түк көрмегендей жағасын ұстап:

- Әсияш-ау, анау не зат? – депті. Әсияш күліп: - Ол самауыр ғой, қоқи, бұрын көрмеген бе едіңіз? Тілеміс таңырқаған болып: - Қойыңыз, самауыр деген осы ма? Суды қалай құяды, отты қалай жағады, шайды қалай қайнатады? – депті. Мақтанған Әсияш самауырға суды құйды, отты жақты дейді. – Қазақта мұндай жоқ па? - депті ол. Тілеміс: - Жоқ, біздің атақты Ноғайбайға да мұндай зат біткен емес, - деп қойды Тілеміс. Ақ самауыр шайына қанып алып, «ал, қош» деп жүріп кетеді. Ертеңіне манап келсе, әйелі ішек-сілесі қатып күледі: - Үйге бір қазақ келді, әлі самауыр көрмепті, - деп, бастан- аяқ көргенін айтып береді. Сонда манап санын бір соғып:

- Қап, құдай ұрған, ол Тілеміс болар. Сені масқаралап кеткен, оның көрмегені жоқ еді ғой, - депті[1127].

Күлкілі әңгімелер орынды айтылса, еңсесі түсіп, не қайғы-қасіретке тап болып отырған отбасының бір мезгіл көңіл көтеріп, сергуіне әсер етіп отырған. Күлкілі әңгімелерді айту арқылы әлсіздің әлдіге кеткен ренішін, әділет жолындағы күресін жұртшылыққа жеткізе білген.

Қазақ фольклорындағы әзіл-қалжың, күлкілі сөздер алдын-ала дайындықпен айтылмай, шешен, тапқыр адамдардың түрлі бас қосулардың үстіндегі әңгімелесу барысында туындап отырған. Сөйтіп, орынды айтылған қалжың әңгімелер, күлкілі сөздер ешкімнің арына-намысына тимей, тәрбиелік мәнімен есте қалып отырған. Дегенмен де, күлкілі сөздер, әзіл-қалжыңдар кей уақыттарда есе қайтару, жұртшылық алдында қарсы адамды ұятқа қалдырып, оның дүниеқоңыздығы, қаттылығы, сонымен бірге жылауықтығы жұртшылық арасында сыналып, мінеліп отырған.

Бұлардың шеберлік, өткірлік, тапқырлық күйлеріне қарап, сол әңгімелерді шығарған ортаның талантын, өнерпаздығын тануға, бағалауға болады. Осы әңгіменің барлығын ел іші әр заманда да, жаппай әңгіме қылатын, көпшілік ортасында ешуақытта ескірмей, көп заман бойында ұмытылмайтын, жойылмайтын әңгіме болып келген. Мәселен, ертеректе өмір сүрген, тіпті, қазір де халық арасында кездесетін белгілі, жергілікті қулардың күлкілі іс-әрекеттері, күлдіргі сөздері туралы әңгімелер ел арасында көп кездеседі. Олар арнайы зерттелмегендіктен бәрі Қожанасыр, Алдар көсе, Жиреншенің атына телінуде.

Әрі «бәленше, түгеншелермен» қоса Қожанасыр, Алдар көсе аттары да қосарлана айтыла береді. Бір жерде күлдіргі әңгімені айтып отырған адам осы әңгіменің иесі өзі сияқты болып, көсілтіп, тыңдаушыларын күлкіге бөлеп отырса, екінші бір жерде Қожанасыр немесе Алдар көсе атынан айтыла береді. Күлдіргі әңгіменің тыңдаушыларын әбден масайратып алғаны сондай, «бұл әңгімені анау айтты, мынау айтты, не Алдар көсенің сөзі ғой» деп, ешкім қарсылық жасамаған. Қайта «Ой, пәле!» деп, қоштау сөздер көбірек айтылғанда, сөзге шебер әңгіменің иесі қолма-қол күлдіргі әңгімелердің басқа түрлеріне көшіп отырған.

Бұл әңгімелер халықтың мақсаты мен мүддесін, аңсары мен арманын, өнегелі шындықты, қайғы-қасіретті, ренішті, мұңы мен тілегін, әділет жолындағы күресін, күнделікті тіршілік-тұрмысын тұтас, түгел қамтып отырады.

Алдар көсе – ақылды айлакердің, зерделі қудың жиынтық образы. Ол өзінің асқан айлакерлігі арқылы мұратына жетіп отырады. Оның юморының уыты, ащы күлкісі халықтың қас жауы болған элементтерге – байлар мен билерге, алыпсатар аярлар мен қуларға, молдалар мен бақсы-балгерлерге қарсы бағытталған. Оның бұл әрекетін бұқара халық айыптамайды, қайта құптап, қошеметтеп отырады.

Қазақ фольклорында Алдар көсенің өмірде болғанын, қай заманда өмір сүргенін, әлеуметтік қызметін дәлелдейтін тарихи дерек жоқ. Тек кейбір аңыздарда ол ХIV-ХV ғасырда жасаған. Жиренше шешенмен замандас адам бейнесінде көрінеді. Бұл жөнінде М.Әуезовтің мынандай пікірі бар: «Алдар көсе әңгімесінің жеке-дара, өз басына келсек, ең алдымен, мұның әуелгі туған заманын дәлдеп айтуға болмайды. Пәлен ғасырда, пәлендей қоғам ішінде туды деп, бір дәуірді байлап айту қиын.

Алдар көсенің өз туысы, өмірбаяны туралы да ешбір мөлшер, дерек жоқ...»[1128].

Алдар көсе күлкісінің түрі мен құрылысындағы өзгешеліктеріне қарасақ, күлкілік жағдай ең әуелі адамның атында тұрғанын байқаймыз.

Алдардың әлеуметтік мән-мағынасы күшті, оның бейнесінде нағыз қарапайым халықтың образы сомдалған. Ел қиялы Алдар көсенің басына көп оқиға мен әрқилы әңгімелерді теліп, көптеген сюжетті соның маңайына топтаған. Алдар көсенің аты сондықтан жеке-дара ат емес, жалпы ат болып кеткен. Алдар көсе жайындағы әңгімелердің бір зор ерекшелігі осы. Мұның алғашқы, ерте кезде шыққан бір топ әңгімесін сүйіп, көп қолданып кеткен ел бері келе берген сайын, сол алғашқыға қоса берген.

...Алдар көсе туралы әңгімелердің негізгі тақырып, мазмұнын алсақ, бұл көпшілік бұқара қалың еңбекші ел санасынан туған шығармалар[1129]. Сондықтан Алдар көсенің бойына елге жағымды, ең қажетті қасиеттер жинақталған. Соның арқасында ол үнемі жұртты алдаймын дегендердің өзін алдап, жер қаптырып кетеді.

Алдар жөніндегі әңгімелерде күлкі өте ащы, өйткені, олар көп уақыт қоғамдағы тартыстың құралы болып келді. Және бұл құрал, бұл күлкі – өлмес елдің өшпес күші. Сондықтан ол үнемі жаңғырып, өсіп, көбейіп отырады. Сол себепті де қазақ аңыз әңгімелерінде Алдарды өлді деп айтпайды. Алдар аты –күлкі аты, күлкіге өлім жоқ. Ендеше сол күлкі өшпейтіндей Алдар да өлмес жан бейнесінде әңгімеленеді. Қазақ әңгімелерінде Алдардың тууы туралы айтылады, бірақ өлімі айтылмауының мәні осыдан.

Енді сөзіміз дәлелді болу үшін Алдар көсе туралы әңгімеден мысал келтірейік:

«Алдар көсе бір байдың үйіне қонақ болып түсіпті. Оның байда өші бар екен. Бай Алдар көсенің неге келгенін білмейді. Қонақ кәдесімен күтіп алады. Алдар көсе түн ортасында тұрып, байдың тауықтарын қапқа салып қояды. Таңертең ерте тұрып, кетуге ыңғайланады. Орнынан тұрмай жатқан бай оған:

– Әлі ерте емес пе? Әлі тауық та шақырған жоқ, қайда барасың? – дейді.

Алдар көсе:

– Шақырмаса, жолда шақырар, – деп кете береді. Таң атқан соң бай неге шақырмады деп қараса, тауықтары жоқ екен. Сонда байдың есіне қонағының айтқан сөзі түседі. «Шақырмаса, жолда шақырар» дегені осы екен ғой деп, өкініп қалыпты.

Осыған ұқсас мына бір әңгімені алалық:

«Болат деген ақындығымен қатар тілге жүйрік, сөзге шешен, әзілқой қуақы болған адам. Бір жылы Болат алысқа жолаушылап бара жатып, бір ауылға келіп, лұқсат сұрап қонған екен. Жатарда үй иесіне айтыпты. Мен «тауық шақыра жүремін» депті. Салқынмен жүргісі келіп жатқан қонақ бір ұйықтап, қайта ояна беріпті. Атын суарып келіпті, шақырар тауық болмапты. Ағашта қонақтап отырған тауықтан әтешті ұстап, сөмкесіне салыпты да, үйге келіп, қамшысын іздепті. Үй иесі оянып: «Қонақпысың?» – дейді.

– Иә, мен, жүргелі жатырмын, – дейді. Үй иесі: – Тауық шақыра жүремін деп ең ғой, ертерек емес пе? – депті.

– Шақырса, шақырар, шақырмаса, жолда шақырар, – деп жүріп кетіпті Болат. Үй иесі ертеңгісін біліпті әтешті алып кеткенін».

Мысалға келтірілген ұқсас екі әңгіменің алғашқысында Алдардың бейнесі – зілді, ауыр, қатыгез. Оның іс-әрекеті арнайы мақсатқа құрылған, мұнда кездейсоқтық жоқ, қулығы, алдауы әдейі.

Күлдіргі әңгімелерімен атағы шартарапқа тараған Қожанасыр тарихта болмаған адам тәрізді. 1960 жылдары Қожанасыр мәселесін шұқшия тексерген К.Дәулетовтың пікірінше, сатиралық қожа бейнесі – Күншығыс халықтарының өмірінде болған бір ұлы оқиғалар дәуірінде, елеулі бір тарихи кезеңде, атап айтқанда, Иран мен Орта Азия халықтарының халифатқа қарсы күресі тұсында халықтың өзі жасаған, өзі тудырған бейне[1130].

Қожанасыр әңгімелерінің бар қасиеті, ең қызығы – соңғы түйінінде, көбінесе Қожаның өз аузынан айтылатын тапқыр, шешен сөзде жатады. Сондықтан әңгіме түйінінің әрі қысқа, ықшамды, әрі ойнақы, тапқырлықпен айтылған сөз болып шығуына көп көңіл бөлінеді.

Қожанасыр туралы күлдіргі әңгімелер сонау Атлантика жағалауынан бастап, Тынық мұхитқа дейінгі елдерге кең тараған. Көп халық Қожаны өз адамы, өз Насыры санайды. Тек айырмасы – бір ел Насырды «қожа» (ұстаз, ғұлама ғалым деген мағынада) деп қошеметтесе, екінші бір ел «молда» (бұл да алғашқы мағынада) деп атап, үшінші бір ел «әпенде» деп еркелетеді. Қай жерде жүрсе де, Қожанасыр сырттай қарағанда, аңқау жан бейнесінде көрінеді, бірақ, шынтуайтқа келгенде, әлгі аңқаулықтың арғы жағында ащы мазақ, терең қулық жатқаны байқалады. Қожа әрқашан-ақ ерегескен адамын жер соқтырып кетіп отырады.

Қожанасыр туралы әңгімелердің сюжеттері әдетте бір ғана (кейде екі, үш) қысқа, тұжырымды, оқиғалық логика принципі бойынша біріккен, ықшам эпизодтардан құрылады. Әуелінде түрлі кейіпкерлердің аттарымен байланысты айтылып жүрген бұл әңгімелер кейіннен ел арасында Қожанасыр атымен байланысты айтылатын болған. Бір жерден екінші бір жерге, бір халықтан екінші халыққа ауыса келе Қожанасыр туралы әңгімелер тобы ел ішінде өзге кейіпкерлердің аттарымен байланысты айтылып жүрген әңгімелердің кішігірім топтарын өзіне сіңіре берген.

Қожанасыр туралы әңгімелер халық арасында кең тарап, сюжеттік қоры байи келе, Қожанасыр бейнесі де күрделене түскен. Ол енді әрі фольклорлық, әрі тарихи кейіпкерлердің сипаттамаларын бойына жиған бейнеге айналады. Қожанасыр бейнесінің бірде қу, бірде ақкөңіл, ақылды, бірде аңқау, бірде ақымақ, бірде жомарт, бірде сараң болып көрінуінің сыры осында жатыр. Қожанасыр туралы әңгімелердің басым көпшілігі – нағыз халықтық, бұқаралық шығармалар.

Көптеген әңгімелерде де Қожанасыр қала тұрғыны болып көрсетіледі. Оның іс-әрекеті – шаһар өмірінің көрінісі, ал, адамдармен қатынасы – даладағы қазақы емес, қаладағы өте тығыз отыратын адамдардың өзара қатынасы, оның тіршілік алаңы – көп жағдайда базар, немесе көше, яғни адам көп жиылатын, я болмаса ары-бері көп жүретін орын.

Сонымен бірге Қожанасыр кейбір қазақ әңгімелерінде өзінің таза қалалық сипатында емес, дала тұрғындарына тән қазақи мінез-құлық та көрсетеді. Демек, Мұхтар Әуезов айтқандай, Қожанасыр туралы әңгімелерге «әрбір ел өз ерекшелігін білдіргендей жаңалықты бір қосса, әрбір орта және де өз белгілерін көп жамаған»[1131]. Осындай процеске түскенінің нәтижесінде Қожанасырдың бойында дала тұрғыны, көңілі ақ, кеңпейілді қазақи қасиеттер мен қалада тұратын, барлық нәрсені есеппен істейтін, бір бүкпесі ішінде болатын адамның мінез-құлқы араласып кеткен де, қазақ әңгімелерінде бірде өте аңқау, не болса, соған сенетін, бірде өте қу, айлалы Қожанасырдың бейнесі қалыптасқан. Сол себепті қазақтар Қожанасырдың іс-әрекеті мен мінез-құлқынан ешбір бөтендік, я болмаса сөкеттік көрмейді. Оның аңқаулығы білімсіздігінен емес, сенгіштігінен, адалдығынан екенін білетін айтушылар мен тыңдаушылар, бүкіл қазақ жұрты Қожанасырды еркелетіп, «әпенді» деп атайтын болған. Тіпті, мұндай адамдарды «Қожанасыр» деп те атаған. Басқаша айтқанда, Қожанасырдың есімі жалпылық сипатқа да ие болған.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 1052; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.049 сек.