Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Алдарында тізілген 6 страница




Майданға аттанып бара жатқан жігіттердің қоштасуы,жол-жөнекей көрген-білгені мен әсерін бейнелейтін сәлем хат түріндегі өлең үлгілері туды. Оларда майдан көрінісі, ұрыс процесі тілге тиек етіліп, солдаттардың ішкі сезім күйлері, елге деген сағынышы, жүрек тебіренісі, ой толғанысы баяндалды. Өлең түйінінде жауынгердің ерлік ісінің нәтижесі төгілген тер, аққан қанның текке кетпегендігі мақтан етіліп, шаттық сезімімен жырланды.

Сөз болып отырған кезеңде фольклордың жаңа жанры хат өлеңдері бұрынғыдан да жаңа мазмұнда дамыды. Ол алғашқыда хабарласу мақсатын ғана көздесе, келе-келе түр мазмұны жағынан байып, әлеуметтік, қоғамдық мәні бар жайттарды қозғайтын көркем шығармашылық дәрежеге жетті. Хат өлең лириканың басқа түрлеріндей емес, автордың өз атынан жазылатын болғандықтан мұнда көпшілікке ортақ ой, жалпыға тән пікірден гөрі жеке адамның өзіндік сыр-сезімі мол беріледі.

Майданға және майданнан тылға жолданған өлең-хаттар соғыс кезіндегі ел өмірінің өзіндік бір шежіресі болды.

Қорыта келгенде, кеңес дәуіріндегі халық әдебиетінің өзге түрлері секілді өлең жанрының өзіне тән даму ерекшелігі болды. Оны былайша тұжырымдауға болады:

Ең алдымен, кеңес дәуірінің алғашқы жылдарында жаңа идея, жаңа тақырыпқа лайықты жаңа көркемдік форма жасала қоймағандықтан бұрынғы дәстүрлі өлеңдердің дайын үлгісі пайдаланылды.

Екіншіден, кеңес дәуірінде саяси-үгіттік өлеңдердің рөлі артып, гимн, марш екпінді жырлардың ықпалымен жаңа сипатты өлеңдер пайда болды.

Үшіншіден, халықтың дәстүрлі тұрмыс-салты жаңаша мазмұн иеленгендіктен, салт өлеңдері де түрліше өзгеріске түсті.

Төртіншіден, халық өлеңдерінің тақырып, мазмұн жағынан байып, тез қарқындап өсуі Ұлы Отан соғысы кезеңінде кең өріс тапты.

Бесіншіден, халық өлеңдерінің даму жолында көркем жазба әдебиетінің ерекше мол әсері болды. Дәстүрлі өлеңдердің көркемдік бояу мен өрнегін, бейнелеу мен кейіптеу тәсілдерін жаңаша пайдалана отырып, халық өлеңдерін шығарушылар профессионал ақындардың туындыларындағы жаңа ізденістерден үнемі үйренумен болды. Өлең-жыр шығарушылар құрамының жасара түсуі де халық поэзиясының мазмұны мен түріне, көркемдігі мен стиліне күрделі өзгерістер енгізді. Сөйтіп, фольклор мен әдебиеттің арасы жақындай түсті.

§ 4. Жұмбақ

 

Қазіргідей заманда көптеген фольклорлық жанрлар өмірден ығысып, біржола өшіп жатқанда жұмбақ өміршеңдік танытуда. Дегенмен, мәні біршама өзгеріп, басқаша сипатта ғұмыр кешіп отыр. Әуелде халықтық жұмбақтар ауызша туып, ауызша таралып, сақталып келсе, енді оқырман жұмбақтармен кітап, газет-журнал беттерінде қауышады. Бұрынғыдай фольклорлық жұмбақтар үздіксіз дамып, ұдайы тоқтаусыз жаңа нұсқалар туып жатыр деп айту қиын. Өйткені, ертеректе ересектер өзара сынасатын болса, осы бір жарасымды дәстүр ұмытылып бара жатыр. Жастар түрлі жиын-отырыстарында, сауық кештерінде жұмбақты сирек айтатын болып жүр. Жазба әдебиет күшейіп, оқу-білім ошақтары көбейіп, газет-журнал, теледидар адамдар уақытын көбірек алған кезеңде жалпы ауызша мәдениет, фольклор аясының тарылып, бәсең тартуы заңдылық.

Соңғы алты-жеті жыл көлемінде республикамыздың және одан тыс өңірлердегі қазақтар арасынан жұмбақтарды үздіксіз хатқа түсірумен қатар осы жанрдың сақталу, таралу, айтылу ғұрпына назар аударғанда байқағанымыз: жасы егде тарта бастаған адамдардың дені ертеректе естіген жұмбақтарын қиындықпен еске түсіреді. Мұның себебін жұмбақты көп айтпағандығымен түсіндіреді, айтса да, тек балаларын, не немерелерін алдарқатып, көңілін аулау үшін айтады екен. Ал, жастар жағынан сұрау салғанымызда өзі білетін жұмбақтарының негізін газет-журнал беттерінен оқып, мектепте оқып, жаттаған болып шығады. Балаларға арналып шығатын газет-журнал беттерінде ертегі, тақпақ, жаңылтпаш секілді жанрлар қатарында жұмбақ та ауқымды орын иеленіп отыр.

«Балдырған» журналы мен «Ұлан» газеті фольклорлық мұраларды таратып, насихаттауда игілікті қызмет атқарып келеді. Егер тарихқа жүгінсек, қазақтың ең алғашқы журналы «Айқап» өз сандарында жұмбақтарды жариялап, оның шешімдерін табуға оқырмандарын араластырған. ХХ ғасырдың 60-жылдары сатиралық бағыттағы «Ара» журналы арнайы рубрикамен әзіл-сықақ түрінде жұмбақтар беріп тұрды. Соңғы кезде «Ана тілі» газетінде «Атың шықпаса, жұмбақ шеш» деген тартымды айдар ашылып, жанды іске мұрындық болуда. Газет-журналдардың мұндай бағыты фольклорлық мұраларды насихаттауға ықпалын тигізіп қана қоймай, ел ішінен жинауға да қозғау салды. Жұртшылық өздері естіген, білген халықтық жұмбақтарды редакцияларға жіберіп отырады. Кейбір адамдар дәстүрлі қалыпқа сүйеніп, өздері де жаңа жұмбақ шығарады, яки газет-журналдар халықтың жұмбақ шығармашылығының тот басып қалмай, керісінше, жалғастық табуына демесіндік жасауда деген сөз.

Қазіргі қаламгерлер ұлттық шеңбердегі фольклорды екшеп, жариялаумен қанағаттанбай, басқа халықтардың мұраларына көз тігіп, олардың жарамды дегендерін аударып беріп жүр. Бұл тәжірибені «Балдырған» ертерек бастап, басқа ел жұмбақтарын насихаттауға даңғыл жол ашты. Әлем халықтары жұмбақтарын қазақ баспасөзі үзіп-жұлып ұсынып келсе, соңғы уақыттарда танымал ақын Қадыр Мырзалиев бұл жұмысты құнттап, онымен жүйелі түрде айналысуға кірісті. Қ.Мырзалиев тәржімалаған өзге халық жұмбақтары газет-журнал беттерінде тұрақты түрде жарияланып келеді, оның аударған әлем халықтары жұмбақтары кітап түрінде оқырмандарына жол тартып та үлгерді[1211]. Қазақ оқырмандары ұлттық фольклорлық қазыналарымызбен сусындап қана қоймай, жат жұрттардың жұмбақ асылдарымен қанығуға мүмкіндік алып отыр.

Бүгінгі таңда ересектер жұмбақты балаларға бағыштап айтады. Демек, жұмбақ тәрбиелік мүддеге толықтай бағындырылған жанрға айналған. Жас өспірімдер қиял-ғажайып әлеміндей ертегіні, қимыл-әрекет қажет етер ойынды жан дүниесімен қандай сүйсе, жұмбақты соншалықты ұнатады. Бүлдіршіндердің жұмбақ жасыруды да, шешуді де жақсы көру себебі неде?

Бұның сыры балалардың жас ерекшелігімен, таным процесімен байланысты. Ес біліп, ақылы кіре бастаған адам перзенті жан-жағындағы құбылыстар мен заттардың қасиеттері мен өзгешеліктерін танып-білуге талпынады, қоршаған ортаның бүкпелерін игеру, ара жігін, айырмашылықтарын ажырату, салыстыру, ұқсату процестері арқылы жүзеге асады. Үйренсем, білсем деген табиғи ұмтылыстар «неге олай?» деген тосын сұрақтарға әкеп тірейді. Жұмбақ та қоршаған ортаны жыға білу мақсатындағы танымдық жанр, ол да сауал қойып, соны салыстыру мен ұқсату жолымен табуды, ой жүгіртуді тілейді. Сондықтан айналасымен тереңірек танысуға құмарланған балалар танымдық нышаны басым жұмбақты жанына жақын тұтады.

Қазіргі мектеп оқулықтарын жұмбақсыз елестету қиын. Кітаптардағы жұмбақты балалар сабақ үстінде қызыға шешеді. Ұстаздар жұмбақты тіл дамыту, шәкірттер шаршаған кезде миын тынықтыру, сабақтардың тартымдылығын арттыру жолында кәдеге жаратады. Сабақтан тыс уақыттардағы әртүрлі кеш, викториналық ойындар жұмбақпен қаны кіріп, ажарланады. Ғасырлар сынынан мүдірмей өтіп келген жұмбақтың жас ұрпақ тәрбиесінде берері мол.

Педагогтарға қойылар талап – ақыл-ойды ұштауға жәрдемі тиерліктей жұмбақтың парқы мен нарқын дұрыс бағалап, тамыршыдай дөп басып, орнымен қыбын тауып, қолдана алуы.

ХХ ғасырда пайда болған жұмбақтарымыздың тақырыптық аясы кеңейіп, мазмұны байи түскені белгілі. Қазіргі таңда да оқу-білімге, техникаға байланысты жұмбақтар көптеп туындап отыр. Ескі кезеңдерде жұмбақтардың дені көшпелі өмір, қазақтың байырғы, төл кәсібі – мал шаруашылығына қатысты объектілерді көбірек қаузап, өзек етті. Жаңа дәуірде фольклорлық жанрлардың бірсыпырасы замана көшіне ілесе алмай жатқанда, жұмбақ жаңа зат, құбылыстарды бейнелеуде елгезектік танытты, бұрынғы қорымыз енді ұшақ, космос, т.б. туралы жұмбақтармен байыды. Сондай өріс алған жұмбақтардың бір саласы әліпбимен байланысты. Соңғы кезде «Балдырған», «Бастаушы мектеп», «Ұлан» тәрізді газет-журнал беттерінде әліпбилік жұмбақтар жиі беріліп жүр. Міне, солардың бірнеше үлгісін көрсетейік.

Халық жұмбақтары мен авторлы жұмбақтардың қарым-қатынасын екі жақты қарау жөн. Біріншісі – халық жұмбақтарының әдебиетке ықпалы болса, екіншісі – әдеби жұмбақтардың фольклорға тигізген әсері. Халық жұмбақтарын дүниеге келтіретін нақты адамдар, талант иелері, әсіресе, өткір тілді, шешен, ақындардың дүниеліктері ұжымдық қасиет алған, фольклорға қосылып отырған бұл мәтіндер ауызша әдебиет тұсында бола беретін құбылыс. Дегенмен жазба мәдениет өрістеген шақта да әрбір жаңа туындыны хаттауға, тіркеуге мүмкіндік туған кезде де бұл процесс сап тыйылып тоқталған емес. Ел аузында авторлы жұмбақтар халықтікіндей болып, жатталып, айтыла береді. Айтушы жұмбақты жанында ұстағанымен, оның авторына көңіл аударып жатпайды. Халық арасында жазылып алынған жұмбақтар жұмбақ жинақтарына білінбей, еніп кетеді. Әдеби жұмбақтардың ұжым иелігіне өтіп жатқаны көз алдымызда болып жатыр. Сондықтан кейбір жұмбақтың халықтікі, не белгілі ақындікі екенін тап басып, үзілді-кесілді шек қоя ажырату оңайға соқпайды.

Жұмбақ, мақал-мәтел сынды шағын жанрларда тұрақтылық, ұжымдық сипаты басым, онда даралық, индивидуальдық белгілер көріне бермейді.

Ғылым мен техниканы нысана еткен жаңа жұмбақтарда бұрыннан кәнігі образдар кең пайдаланылады. Бұлардың дені – төрт түлікке кіретін жануарлар. Мысалы, телеграфты:

 

Қаз-қатар қатарынан бір озбайды,

Аяғын анда-санда бір қозғайды.

Бозінген желіп кетсе желден жүйрік,

Жоқ оның ботақаны, құр боздайды, –

 

деп жанды түліктей бейнелейді.

Тракторды қара азбанға, аэропланды үлкен жорғаға, іс машинаны тайлаққа, поезды түйеге, керуенге ұқсатады. Жұмбақта әрбір нысана тура аталмай, меңзеледі, белгілі нәрсенің тұрпатына, бейнесіне салғастырылады.

Жалпы, трактор, машина, ұшақ, пароход тәрізді техника түрлерін төрт түлікке салғастыруда сабақтастық бар. Төрт түлік мал техника шаруашылық пен тұрмысқа кіргенге дейін көлік қызметін атқарып келді, сондықтан техника құралдары бұрынғы ат пен түйені ауыстырған көлік деп қабылданды. Отызыншы жылдары ауыл өміріне жаңалықтай болып енген, колхоз жұмысын қажымай-талмай көтерген, күй талғамайтын күшті техника – трактор.

Жұмбақ тракторды қара нарға балауда ежелден келе жатқан халықтық ұғымға сүйенген. Нар – күш көлігі ретінде пайдалануға берік бір өркешті еркек түйе. Жүріске көнбіс, жүк көтеруге белі қайыспас мықты нар – мал баласын жақсы тани білетін қазақ үшін қажырлылықтың, мойымайтын шыдамдылықтың символы.

Демек қара нар, қара атан, қара азбан ауыстырулары трактордың көліктік пайдалы қасиетін, жүріске, еңбекке төзімділігін, күштілігін көрсетеді. Ауыстырулар алдындағы «қара» айқындауы тұспал техниканың түсін меңзеумен бірге символдық мағына иеленіп тұр. Қара – көп мағыналы сөз, оның түс атауын білдіруден басқа қосымша мағыналары жетерлік, бұл тұста «мықты, күшті» деген мәнде жұмсалған. Поезд бен оның вагондарының алыстан бұлдырап көрінуін «бір керуен қатарында өңшең түйе» деп дәл кестелеген. Әрі ежелден түйемен кіре тартып, алыс сапарларға, сауда жолына түйе керуенімен шеру тартқан қазақ үшін таныс сурет. «Ботасы өлген боз інгеннің зары» дегенде терімізді құйқасына дейін шымырлататын қайғылы, мұңды дыбысты естігендей сезінеміз. Бұл дауысты құлақпен естіп қана қоймай, көзінен жасы көлдей төгілген асыл жануарды көргендей, қайғысына жанымызбен ортақтасқандай боламыз. Қазақ төрт түлікті тек тіршіліктің өзегі деп қарамай, адамша қайғыратын, жылағанда етегі толатын сезім иесі деп санаған.

Телеграф бағандары сымының ызыңды дыбысын жұмбақ дәстүр ізімен былайша бейнелейді:

 

Қатар-қатар боздаған,

Бірінен-бірі озбаған.

Ботасы өлген інгендей,

Аңырып тұрып боздаған.

Тағы бірде поезд дауысы мен інгеннің аңырағанынан ұқсастық табады. Аспанда шарықтаған ұшақты – қыран мен жайынды, алдындағы бидайды жапырған комбайнды – батырды еске алу арқылы бейнелеу де қазақ ұғымына жат емес.

Бұрыннан қазаққа етене «отау» сөзін ауызға алып, қоңырау мен қолшатырдың төбесін тұп-тура елестетеді. Халық поэзиясында кең тараған образ – бұлбұл, радионы жұмбақ ән салып, тынымсыз сайраған бұлбұлға телиді. Қазақ тұрмысына кеңестік дәуірде енген патефонды – қапастағы тотыға теңестіреді.

Моңғолия қазақтары арасынан профессор Иштван Қоңыр хатқа түсірген мына жұмбаққа зер салайық:

 

Бар еді бір жұмбағым ойлап қойған,

Үйірі қырық айғырдың байлап қойған.

Ішінде құлын-тайға көз жетпейді,

Сүтіне ауыл тұрмақ, аймақ тойған.

Бұл – малды бағуды кәсіп еткен халыққа жақын болмыс-тіршілік көрінісі. Алайда, шешімі күрделі жұмбақ көркем әдебиеттегі роман жанрын арқау етіп отыр. Жаңа ұғым байырғы суретпен астарланған. Жұмбақ кілтін табудың қиындығы сонда, мәтінде тұспал бейненің нақты белгісі аталмайды. Байлам терең ойлау, тек абстракциялау жолымен шешілмек.

Тікұшақ бейнесін инелікке ауыстырып алуы нанымды:

 

Пырылдар көкте инелік,

Инелік емес, үй делік.

 

Цирькульді біз ретінде суреттейді:

 

Бір сирағы біз,

Бір сирағы салады із.

 

Коньки хақындағы жұмбақтан да тұрақты «біз» ауыстыруы алдымыздан шығады.

Нәзік белі бұралған,

Ұзын біздей қадалған.

Қар үстінде жорғалап,

Басқан ізін бояған.

 

Музыкалық аспаптар туралы жұмбақтар көп. Бейтаныс мондалина аспабын былайша бейнелейді:

 

Бойы бір тұтам,

Сақалы қырық тұтам.

Аузы ордай,

Мұрыны құрдай.

 

Бұл жұмбақ ертегілерде кездесетін образдық қолданыстарды еске салмай қоймайды. Халықтың «Алтын жүзік» ертегісінде «Мұрын деген кісі айдалада жалғыз үйге кезігіп, сол тамақ берген әйел өз күйеуі туралы былай дейді:

– Менің күйеуімнің бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс. Ол қазір адам іздеп, әрі малын бағып, далада жүр. Ал оның маған көрсеткен қорлығы ұшан-теңіз, менің адам атаулыдан көрмегелі бірталай жылдар болды. Енді адам атаулыдан сізді көріп отырмын. Мені осы пәледен құтқара көріңіз»[1212], – дейді.

Кейде жұмбақтар бұрыннан дайын үлгі-өрнектерді қайталаумен шектеледі. Халық ауыз әдебиетінде бұған дейін ұшырасатын үлгіні тірек етіп, өңдеп, варияциялау арқылы да сәл өзгешелеу нұсқалар туындатылатыны байқалады. Мәселен, ұршық жайындағы:

 

Шаршамас кемпір көрдім жалғыз аяқ,

Аузына тістеп алған шиден таяқ,

Жүрген сайын белбеуін қабаттайды,

Беріпті әсемдікті аямай-ақ, –

 

деген жұмбақ аз-маз өзгеріспен іс машинасы туралы басқа үлгіде қайталанады:

Шаршамас кемпір көрдім жалғыз аяқ,

Аузына тістеп алған шиден таяқ,

Жүрген сайын белбеуін қабаттайды,

Беріпті әсемдікті аямай-ақ.

 

Ескі ұршықтың орнын басқан іс машинасының кемпірге балануы, бұндай сабақтастықтың пайда болуы заңды. Іс машинасы бөгде жұмбақтарда дәстүрлі ауыстырулар – жеңеше, тайлақ, қыз ретінде сомдалады.

Жаңадан дүниеге келген жұмбақтарда бүгінгі уақыт тынысын аңғартатын ұғымдар, заттар образға айналады. Мысалы, қоңызды «Әуеде ұшып жүрген аэроплан емес, құс емес», ал тракторды:

 

Сирағы темірден,

Тұяғы болаттан.

Май ішеді бензиннен,

Бұл не деген жануар?, –

 

деп кескіндейді.

Бүгінгі техникалық жаңалықтарды жаңа мазмұнда бедерлеген жұмбақтар көбіне байырғы пішінде жасалады, ол үшін кәнігі тәсілдерді бейнелеу құралдарын пайдаланады. Велосипед туралы жұмбақ осы ойымызды айғақтайды. Ол «екі аяқты» жануар ретінде алынып:

 

Жаны жоқ, басқан ізі бар,

Үзеңгілі, жүгенсіз,

Тартпасы жоқ, ері бар, –

 

дегендегі дәстүрлі «ат» ауыстыруы – қарама-қарсы шендестіріле алынған «жаны жоқ, дегенмен ізі бар» дегенде парадокс, әдеттен тыс жайтты суреттеу сынды ескі тәсілді ұшыратамыз.

Жаңа дәуірде дүниеге келген жұмбақтар өлеңдік құрылымы жағынан қарапайым, жеңіл, қысқа да нұсқа болып келеді. Мұның себебі бүгінгі жұмбақтардың дені балалардың ой-санасына, таным-түсінігіне, айтып-жаттауына лайықталып алынуында.

ХХ ғасырдағы жұмбақтар тақырыбы, мазмұны жағынан түрленіп, байи түсті, ғылым мен техника қажеттіктерін, оқу-білімге қатысты заттар мен пайымдауларды арқау еткен үлгілер молайды. Жаңа жұмбақтарда дәстүрлі образдар, бейнелеу құралдары көп қолданылып келеді.

§ 5. Мақал-мәтел

Өткен ХХ ғасырда мақал мен мәтел бұрынғы дәстүрлік сипатын сақтай алды. Саяси-қоғамдық өмір олардың мазмұнына өзгеріс әкелді. Жаңа мақал мәтелдер туып, олардың тақырыптары өзгерді. Енді еңбекке, Отан сүйгіштікке, оқу-білімге үндейтін мақалдар саны артты. Бұрын ауызекі дәстүрімізде дүниеге келген мақалдар бір адамдардың жадында ғана сақталып, сол арқылы таралып, буыннан-буынға беріліп келсе, енді жазу-сызудың кең өрістеуімен тікелей байланысты хатталып, кітап бетінде де сақталуына жол ашылды. Қазіргі дәуірде мақал-мәтелдерді таратуда, қолдануда баспасөз, жазба әдебиеттің, радио, теледидардың үлкен қызмет атқарып келе жатқанын атап көрсеткен жөн. Кеңес үкіметі мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәніне айрықша көңіл бөлді. Жиырмасыншы ғасырда қазақ мақалдарын жинау, жүйелеу, бастыру бағытында көп шаруа атқарылды. Алайда, ескінің көзіндей халық аузындағы шағын маржандарды түгел жиып, теріп алдық деуге ертерек. Кеңестік дәуірде фольклордың үгіт-насихаттық пәрменділігіне ден қойылды, сол қатарда мақал-мәтелдерді идеологиялық құрал ретінде пайдалану мақсаты көзделді. Аталған мезгілде мұраға деген солақай, сыңаржақ көзқарастан мақал-мәтелдер де сырт қалмады. «Байтал шауып бәйге алмас» деген тәрізді мақал-мәтелдерді феодальдық-діни көзқарастардың сарқыншағы деп, тұрпайы таныммен бағалау, мансұқтау белең алды. Сол уақыттағы газет-журнал беттерінен ел, Отан, партия, социализм, еңбекті мадақтаған мақалдарды жиі ұшыратамыз. Кеңестік дәуірде жарық көрген мақал-мәтел жинақтарында жоғарыда аталып өткен тақырыптардағы мақалдар да ең алдымен берілетін. 1959 жылы Ө.Тұрманжановтың құрастыруымен басылған топтамадан жиырмасыншы ғасырдың отызыншы-елуінші жылдары дүниеге келген мақалдарды жазбай танимыз1. Мәселен:

Табы бірдің - ары бір, Шын достың жаны бір.

Есепсіз колхоз – есіксіз үй.

Жеке-жеке қарып болдық, Колхоз болдық, халық болдық2.

 

Ынтымақты колхоздың шаруасы сай,

Шаруасы сай колхоздың өмірі бай3, –

 

деген сол кезеңдегі үкіметтің таптық ұстанымын, ұжымдық еңбекті дәріптеу сезілсе, ал төмендегі мысалдардан партияны елдің көшбастаушысы, ақылшысы ретінде көрсету мүддесі айқын көрінеді:

 

Партия айтса болғаны,

Жеңістің қолға қонғаны;

 

Партия жеңіске бастайды,

Келелі кең іске бастайды;

 

Партия - халықтың көзі, құлағы,

Партия - халықтың ақыл-шырағы;

 

Партия - айымыз, күніміз,

Партия - жеңісті туымыз[1213].

 

Міне, бұл мысалдардан жасандылық айқын байқалады. Халықтың өмірлік тәжірибесінен туындамаған мақалдар көпшіліктің жүрегінен орын ала алмай, қолданысқа ие болмай, шеттетіліп қала береді.

Еңбек тақырыбы Кеңес үкіметі тұсында кеңейтіле түсті. «Ердің атын еңбек шығарады», «Еңбек - өмірдің ажары», «Еңбек - дәулет, бедел - сәулет», «Еңбексіз өмір – сөнген көмір», «Еңбек – адамның екінші анасы», «Еңбек –ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деген мақалдың кейінгі дәуір жемісі екендігі сөзсіз. «Отан» сөзімен байланысты туындаған мақалдар көбейді. Мысалы: «Отан оттан да ыстық», «Отансыз Адам – ормансыз бұлбұл», «Отанға опасыздық еткенің, Өз түбіңе жеткенің», «Отан - елдің анасы, ел – ердің анасы», «Отанын сатқан - ант атқан», т.б. Отан соғысы кезінде Кеңес өкіметінің басты мақсаты елді күреске жұмылдыру, ерлікке үндеу, патриоттық тәрбиені күшейту, батырлықты мадақтау болды. Қатал да сын сәтте басқа да фольклорлық түрлер санатында мақалдардың тәрбиелік қызметіне айрықша мән берілді. Отаншылдықты, ерлікті, қаһармандықты ту еткен мақалдар бұрыннан келе жатқан мұраларымыздың ішінде мол болатын, соғыс уақытында бұл тақырып ұлғайып, толыса түсті. Жоғарыда аталып өткен Ө.Тұрманжановтың құрастыруымен шыққан жинаққа «Отан соғысы кезінде туған мақалдар» деген айдармен 82 мақал енген. Топтамадағы осы тақырып аясында берілген мақалдардың нақты авторлары бар екендігін айқындау қиындық келтірмейді. Мәселен:




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 770; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.093 сек.