Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Алдарында тізілген 5 страница




§ 3. Өлең

 

Халқымыздың рухани өміріндегі үлкен өзгеріс Қазан төңкерісінің нәтижесіндегі саяси-әлеуметтік, экономикалық өмірдің түбегейлі жаңаруымен байланысты. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарының өзінде-ақ кеңестік жаңа дәстүрді қалыптастыру жолында халықтың рухани қазынасынан сан ғасырлар бойында қалыптасқан фольклоры мен ауыз әдебиетін заманға лайықтап дамытудың талаптары қойылды. Дәстүрлі фольклордан үйреніп, оны шығармашылық тұрғыдан игеру арқылы жаңа жанрлар туып қалыптасты. Ескі дәстүрлі өлеңдер мен жаңа кеңестік өлеңдердің өзара байланысынан, бір-біріне жасаған ықпал әсерінен бұрынғы дәстүрлі өлеңдердің біразы композициялық, образдық, стильдік жағынан жаңғырығып жатса, енді бір топ өлеңдер өзінің бұрынғы функциясын өзгертті. Яғни көне заманнан бері қарайғы кезеңдегі фольклордың өлең үлгілері әрбір қоғамдық құрылыста өмір шындығына сәйкестеніп, өзгеріп отырды. Кейбір жанрлар жоғалды, оның орнына жаңа жанрлар пайда болды.

Мәселен, жаңа тұрмыс пен күнкөріс кәсібінің өзгерісіне байланысты көне заманға тән «Шопан ата», «Зеңгі баба», «Ойсыл қара», «Қамбар ата», «Бақсы сарыны», «Бәдік», «Жарамазан» сияқты өлеңдер жаңа үлгі туғызып дамымағанымен, дәстүрлі халық мұрасы ретінде ел аузында өмір сүрді.

Кеңес үкіметінің негізгі мақсаты таптық теңсіздікті жою болғандықтан, бұл бүкіл қоғамның, заманның жаңаруы ретінде сипатталды. Ол бұрын кемдік көріп, заман лебінен қайта түлеген ақын көңілінен өлең боп өрілді.

Әрине, алғашқы кезеңдегі өлеңдерде көнеден келе жатқан көркемдік әдістер басым болды. Мысалы, совет үкіметі қыран құсқа баланды.

 

Қыран бүркіт қалықтап,

Шыңға шықты шарықтап.

Баршаның халі, жайынан,

Алып тұр хабар анықтап.

Қисайғанды түзетіп,

Тура жолды танытпақ

Залымдарды зарлатып,

Момындарды қуантпақ[1189].

 

Толғау түріндегі өлеңдерде кешегі заман мен бүгінгі күн сипаты салыстырылып, бүгінгі күннің маңызы баса көрсетіліп, жаңа кезеңді «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бұрын-соңғы тарихта болмаған заман ретінде әсірелей сипаттаулар мол орын алды. Ал өткен дәуір «қара түнек», «бақытсыз кезең» ретінде алынып, оған халықтың кеңес үкіметі кезеңіндегі бақытты өмірі мен теңдікке жеткен шаттықтағы көңіл-күй қарсы қойылды.

Кеңес үкіметі тұсында үлкен өзгеріске ұшырап, жаңа мазмұнға ие болған тұрмыс-салт өлеңдері заманның, қоғамның талап деңгейінен табылып, өмір шындығын бейнелеуде әрі идеологиялық, әрі көркемдік құрал қызметін атқарды. Яғни орындалу формасы мен эстетикалық мақсат-мүддесі бүтіндей өзгерді.

Бұл кезеңнің басты ұраны коммунистік сана қалыптастыру жолында ежелден үй-тұрмысында орын алған сәбидің дүниеге келу, қыз ұзату, келін түсіру, өлік жөнелту сияқты әдет-ғұрыптарына жаңаша мән беріліп, тәрбиелік мақсатқа жұмылдырылды.

Қоғамдық-әлеуметтік өзгеріске сәйкес қазақтың дәстүрлі ұғымдарына да елеулі өзгерістер енді. Ол үйлену салт өлеңдерінің орындалу жағдайы мен мазмұн-мағынасынан, эстетикалық мақсат-мүддесінің өзгешелігінен де көрінді. Бұрынғы әлеуметтік теңсіздік салдарынан бас бостандығы мен еркіндігіне қол жеткізе алмаған жастардың өз тағдырын өзі шешу хұқына ие болуы салттың сипатына түбегейлі өзгеріс енгізді. Той жас пен кәріге, жалпы әлеуметке ортақ қуаныш ретінде қабылданды.

Үйлену салтындағы беташар, тойбастар, жар-жар өлеңдерінің мазмұны мен мәні өзгеріп, жаңаша сипат иеленді. Мысалы: көне салттардағы жар-жарды қыздың ауылында айтып, жігіттер жағы қызды жұбататын болса, ендігі жерде жар-жар қыз үйінде емес, екі жақ бірігіп жасайтын тойда айтылатын дәстүрге айналды. Және жиналған жұрт екіге жарылмай бірігіп, жас жұбайларға ізгі тілек тілеп, пайдалы ақыл-кеңес ұсынады.

 

Еңбектегі жолыңыз,

Суынбасын, жар-жар.

Өмірдегі табысың,

Туындасын, жар-жар.

Толды өріске тамаша,

Мал торпағың, жар-жар.

Қарсы алыңыз жаңаша

Таң шолпанын, жар-жар[1190].

 

Немесе:

Жаңа енер босағаң

Мықты болсын, жар-жар!

Таңдап тапқан қосағың

Құтты болсын, жар-жар!

Махабаттың желегі

Желбіресін, жар-жар!

Адалдықтың ақ гүлі

Мөлдіресін, жар-жар![1191].

 

Ал, «Беташар» өлеңдерінде бұрынғы салт өлеңінің формасы сақталғанымен, мазмұны жаңа айтар тілек пен заманға лайық талаптан тұрады.

Келін, келін, келіңіз,

Қуанышпен күтіп тұр

Жиналған топ еліңіз.

Ескі салттай ренжіп,

Қараймасын көңліңіз,

Тәжім етіп бүгіліп,

Иілмесін беліңіз.

Шат-шадыман тамаша

Жаңа салт біздің теңіміз.

Ой-й-й,

Жаңа салтқа жаңаша

Келін-келін, келіңіз.

Ашық та жарқын мінезді

Жайдары болсын сөзіңіз[1192], -

 

дей отырып, жас келінге ұлағат боларлық ақыл-кеңестер беріледі. Жағымсыз жайттардан сақтандырады.

 

Мініңді айтса түзел деп,

Оған ешбір жасыма!

«Жақсы келін» дегенге

Шалқақтап тағы тасыма!

Әдепті бол, үлгі бол,

Ізет қыл кәрі-жасына!

Сонда бақыт қонады

Жаңа келген қасыңа[1193].

 

Дәстүрлі өлеңнің ескі формасын пайдалана отырып, жаңаша сипаттағы ой айтудың үлгісі – тойбастар өлеңдерінен де анық көрінді. Ол тек үйлену салттарында ғана емес, өзгеше той-думандарда кеңінен қолданылды. Әсіресе, кеңестік идеологияға негізделген әртүрлі тараптағы мәжіліс, мәслихаттарында, колхоз, совхоз, комсомол, т.б. тойларында арнайы шығарылды. Мысалы:

 

Ал, қанеки, жолдастар,

Шық біреуің тойбастар.

Той дегенде демей ме,

Домалайды қубастар.

Бас, бас, басайық,

Колхоз тойын жасайық.

Сырнай тартып, би билеп,

Аққан судай тасайық![1194].

 

Әсіресе, бүкіл халық болып тойлайтын 1 мамыр, 7 қараша күндері тойбастар үлгісіндегі толғау өлеңдердің небір үлгілері толғанған[1195].

Колхоз, совхоздар мен комсомол жастар бригадаларының түрлі бастамасын, шопандар тойын, қысқасы, әрбір игілікті істі тойлаудың дәстүрі қалыптасуына байланысты тойбастардың да мазмұны түрліше сипатта дамыды.

Қазақ даласындағы өнеркәсіптің дамуы мен колхоздасып өмір сүру үрдісі де өлеңде өрнектелді. Қайнаған қызу еңбек тақырыбы басымдық алып, түрлі салалардағы еңбекшілдердің есімі мадақталды. Еңбек – қуаныш пен ізгіліктің, шат-шадыман өмірдің қайнар көзі ретінде дәріптелді:

 

Еңбек жанды, жер ана қойнын ашты,

Ен дәулет елімізде судай тасты.

Екпінді, стахановшы еңбекші ерлер,

Еңбектің қиясына ұр құлашты[1196].

 

Халық түсінігіне жаңадан енген трактор, колхоз, самолет ұғымдары қазақ өлеңдерінің мазмұнында кеңінен көрініс тапты.

Халық өлеңдерінің бір парасы – коммунистік партия, совет органдарына өтініш, жарлық түрінде жергілікті колхоз-совхоздардағы қарсылықтармен бүлдіргі әрекеттерді өлең тілімен жеткізу үлгісінде туған. Мыс:

 

Борсықтай сорған момынды,

Қанішер қасқыр баласы.

Кешегі дұшпан – бүгін «дос»,

Жүргенін алдап қарашы.

 

Оныкі емес бұл орын,

Ол құлақтың баласы.

Осы істерді білдіріп,

Аупарткомға жолдадым.

Орталықтан Қасымды

Жазалауын қолдаймын[1197].

 

Мұнда заман өзгерісіндегі жаңа қауымның ой-сезімі, жаңаша көңіл-күйдің лебі бар. Осы мазмұнға сәйкес жаңа сөз орамдары көркемдеу әдістері қолданылады.

Бұл кезең өлеңдеріндегі негізгі сарын – рушылдық, діншілдік, дарашылдық деп бұрынғы дәстүрлі көзқараспен күресті көздеп, жас қауымның санасына жаңа таптың тартыс идеясын алғы кезекке шығарумен ерекшеленді. Мысалы: ел арасына тақпақ түрінде кең таралған төмендегі «Қызыл жас» деген өлең мазмұны осыны айғақтайды:

 

Жаңа талап, қызыл жас,

Ұмтылайық, алға бас.

Міндеткері кеңестің,

Езілген ел, көзіңді аш.

 

 

Біз еңбекші еріміз,

Күншығыста жеріміз.

Талпынайық, кел, жастар,

Артта қалған еліміз[1198].

 

Совет үкіметінің алғашқы жылдарында «Тайпалмалы» деген әннің сазына лайықталып айтылған жаңа мазмұндағы «Біздің арман» деген өлең халық арасына кең тарады.

 

Жиналған көп жолдастар,

Шүйіншіге ел бастар.

Жаңа өспірім, біз жастар,

Аңқау, надан, артта қалған

Еңбекші елді көркейту,

Біздің арман-ай[1199].

 

Кеңес үкіметінің алғашқы кезеңдерінде фольклор мазмұн, тақырып жағынан байып, кеңейгенмен, түр жағынан жетілмеген күйде бұрынғы форманы қайталады.

Бұл кезеңде дамыған фольклор түрлері – жыр, арнау, толғау, жоқтау, қара өлең, тақпақ түріндегі тұрмыс-салт жырларында ұрандау, жырлау, таныстыру, үндеу түрінде және кемшілікті сынау түріндегі өлеңдер. Халық аузындағы әнмен айтуға лайықтанып шығарылған елді сауаттандыруға байланысты өлең үлгілері де сақталған:

 

Жас азамат, талапкер,

Қолы жетті жеміске,

Жас азамат, себепкер,

Сүйре үлкенді кеңеске.

Жасы үлкендер сауатсыз

Қараңғылық жойылар

Тралалай алға бас[1200].

 

Сондай-ақ ескі өлең үлгісінде ғана емес, жаңа мазмұнға лайық, жаңа сарындар да туған:

Бұл заман сенікі,

Өз еркің қолыңда.

Кеңеспен бірлесіп,

Таптың түс жолына.

Жояйық жауызды,

Қызыл ту қолға алып.

Ортақшыл партия

Бізге тұр жол салып[1201].

 

Сондай-ақ халық арасында Қызыл Армияны дәріптеген өлеңдерде кең тарады.

Сондай-ақ, сөз болып отырған кезеңде мазмұны өзгеріп, тақырыптық тұрғыдан мүлде жаңаша мән иеленген – жұмысшылар өлеңі. Бұл жанрдың алғашқы үлгілері төңкеріске дейін көрініс беріп, ондағы жан-жақты қанауға түскен жұмысшылардың аянышты ауыр халі мен тұрмысы бейнеленген болатын. Ал, кеңес дәуіріндегі бұл жанрдың мазмұны жұмысшы еңбегінің социализм тұсындағы ең басты фактор екендігін атап көрсетіп, қарапайым жұмысшының еңбегін мадақтады. Қазақтың жұмысшылар жайлы өлең жырларының алғашқы нұсқалары әуенді, ырғақты әнге лайықталып шығарылған.

Көрген бәрін кешегі ауыр азаптың,

Қарапайым баласы едік қазақтың.

Ту көтерген қазақ деген ел болдық,

Ұлы Октябрь тудырған соң азат күн.

Ей-й-и, ұлдары қазақтың,

Құтты болсын-ай, азат күн[1202].

 

Келе-келе қазақ жұмысшы жырларының жанрлық, тақырыптық ауқымы кеңейіп толыққан. Төңкеріс және азамат соғысы жылдарында қазақ фольклорында орыс және қазақ еңбекшілерінің бауырластық қарым-қатынасының әсерінен революциялық және үгіт-насихаттық өлеңдер пайда болды. Қазақ кедейлерінің таптық сана-сезімінің оянуына патша қысымымен қуғындалып келген орыс адамдары арқылы жеткен өлең үлгілерінің де әсері болды. Халыққа кең тараған революциялық мазмұндағы өлеңдер уақыт талабынан туды. Үні көтеріңкі, марш екпінді, ырғағы дәстүрлі әннен бөлек өлеңдер жаңа заманның әсерінен пайда болды.

 

Тұр, сілкін, қамықпай, Қасірет шегу жойылды. Малға сату қойылды, Көтер, қыздар, бойыңды[1203]. (қыздарға арнау) Бұл заман сенікі, Өз еркің қолыңда. Кеңеспен бірлесіп, Таптың түс жолына[1204]. (кедейлер маршы)

 

Жаңа ән-марш ұран түріндегі өлеңдердің бір саласы орыс тіліндегі өлеңдердің қазақша ел арасына кең тарауы түрінде көрінді. Мысалы:

 

 

Таңға қарап, алға бас,

Қарысып, жолдастар,

Найза мен он қамалды,

Қиратып жол бастар.

 

Тайынба, қайтпа бұл жолдан,

Жастар тобы түйдектеп,

Жұмысшы қара халықтың

Біз жастар әскері[1205],-

 

дейтін өлеңде әскери, жорық сарыны, жаңа марш үлгісі бар. Мұндай өлеңдік түр жазба поэзияға да үлкен ықпал етіп, кейін кең қанат жайды.

Ұран, тақпақ, өлеңдердің негізгі дәріптейтіні – кедей, шаруа адамдардың өмірі, солардың басын біріктіру идеясы болды. Мұндай өлеңдер ел арасына әрі тез, әрі кең тарады.

 

Кел, қазақ кедейлер,

Ұйымдас жалшымен.

Байларды, молданы,

Қойдай қу қамшымен[1206].

 

Бұл кезеңдері өлеңдердің мазмұны мен тақырыбы жалғыз қазақ ұлтының өкілі ғана емес, өзге де халықтардың қаһармандарын, дүниежүзіне ортақ ұлы оқиғаларды сөз етті. Яғни қазақ фольклорының, соның ішінде өлеңдердің тақырыптық аясы кеңіді.

Марш екпінді, үгіттік мәні ерекше мол, жігерлі жырлар кеңес үкіметінің жаңалығын, жетістігін халық санасына сіңірудің ең бір ұтымды үлгісі болды. Мұндай өлеңдер кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы түрлі күрес жолдарында еңбекшілердің өздерінің өмірлік құқықтарын ұғынуға, бостандыққа, кеңес үкіметі үшін күреске жұмылдыруда маңызды қызмет атқарды. Коммунистік партияның революциялық ұрандарын бұқараға нақтылы түрде кең, әрі түсінікті түрде жеткізудің белсенді құралы болды. Ал, гимн тектес әндер кедейлердің басын қосып біріктіруде, сондай-ақ барлық халықтардың арасында тең құқықты дәріптейтін кеңес үкіметінің саясатын насихаттау мақсатында жұмсалды.

Кеңес дәуіріндегі үгіт-насихат өлеңдерінің мол саласы – қазақ халқының көшпелі өмір тұрмысын өзгертіп, колхоз, совхозға біріктіру мақсатына арналған. Мұндай өлеңдерде таптық тартыстың терең сыры ашылып, түрлі тап өкілдерінің психологиялық хал-күйін бейнелеу басым. Сондай-ақ, алыс ауылдардан өндіріс ошақтарына келген ауыл адамдарының ой-сезімі мен жаңа тұрмысты меңгерген қазақ жұмысшыларының психологиясын танытатын «Паровоз», «Түрксиб», «Завод», «Темірші», «Қарағанды», «Миллион толқын», т.б. тақырыптағы өлең үлгілері туды.

Кеңес дәуірінде қазақ фольклорындағы кең жырланған тақырып В.И.Лениннің есімімен байланысты. Оның алғашқы үлгілері совет өкіметі үшін күрес үстінде туды. Ленин туралы өлеңдер халық поэзиясының көркемдік дәстүрі негізінде дамыды. Әсіресе, Ленин қайтыс болғаннан кейінгі жоқтау үлгісінде пайда болған өлеңдер жеке бір арна құрайды.

 

Бастады, бізді бастады,

Бастаусыз бүгін тастады.

Сонда да өсиет сөздерін

Жүрекке халық сақтады.

Бастады бабам, бастады,

Дұшпаннан мың сан саспады.

Қараңғы қара халыққа

Бостандық болды-ау шашқаны[1207].

 

Мұнда халқымыздың адамның қайғылы-қасіретке кез болған тұстағы мұңы мен зарын шығарудың салттық үлгісін сол кезеңнің ең беделді тұлғасы – Ленин есімін дәріптеу мақсатында қолданған. Аталған тақырыптағы өлеңдерде қазамен байланысты халық қайғысы оптимистік тұрғыдан бейнеленіп, Лениннің адамдық қасиеттері мен халықтың оған деген сүйіспеншілігі кең тұрғыда жырланады. Қайғы бүкіл ел басына түскен ауыртпалық ретінде сипатталып, В.И.Ленин бүкіл дүниежүзі еңбекшілерінің көсемі, ақылы асқан данышпаны образында мүсінделеді.

 

Анам – Ленин емізген,

Түрлі жеміс жегізген.

Жетім-жесір нашарды,

Еркелеткен негізбен[1208].

 

Халық ақындарының шығармашылығындағы Ленин образы кеңестік кезеңнің бүкіл даму жолында басты тақырып ретінде ұзақ өмір сүрді. Халықтың социалистік құрылыста қол жеткізген жетістіктері мен табыстарын жырлауды да оның есімімен байланыстыру дәстүрге айналды. Ленин ісінің мәңгілік мұрагері – коммунистік партия асыра дәріптеліп, бүкіл адамзаттық бақыттың бірден-бір қуатты қолдаушысы ретінде мадақталды.

 

Партия Ленин туын нық ұстаған,

Халықты алға тартып, көш бастаған.

Бір тілек, құрыш білек шын жүрекпен,

Жұмылған бір мақсатты жұмысқа адам[1209].

 

Халық поэзиясы Ұлы Отан соғысы кезінде де белсенді жанр болды. Себебі, дәл осы қысылтаяң, сұрапыл кезеңде поэзияның рухани қажеттілігі артып, идеялық-эстетикалық міндеті күшейе түсті. Тұтқиылдан басталған соғыс зардабы халық поэзиясының барлық жанрларында көрініс тапты. Отан қорғау тақырыбы мен қазақ жауынгерлерінің отаншылдық сезімін, ержүрек батырлығын көрсететін және елде қалған еңбек адамдарының жанқиярлық ерлігін бейнелейтін үгіттік өлеңдердің үздік үлгілері туды. Жауға деген ыза, халықтың қаһармандық рухы дәстүрлі фольклордың арнасынан асып, қарқынды дамыды. Әдебиет пен фольклордың арасы жақындай түсті. Соғыс кезіндегі халық жырларының сөз құрамы, тіл байлығы, суреттеу құралы ерекше болды. Жанрлар тұтастай дамыды.

Бұл кезеңде дәстүрлі фольклорлық жанрлардың көмескілене бастаған кейбір жанрлары қайта жанданды. Ер азаматтардың майданға аттануы мен қан майданда ерлікпен қаза табуы, елге қаралы хабардың «қара қағаз» арқылы жетуі мұң-шер өлеңдерінің (қоштасу, естірту, көңіл айту, жоқтау ) кеңінен орын алуына әсер етті. Халық басына түскен қайғылы халді бейнелеуде фольклордың дәстүрлі жанрлары басты мәнге ие болды.

Фольклор үлгілері дамып, жанданып, майдан өмірі мен тыл еңбеккерлерінің арасын байланыстыратын хабаршылық қызмет атқарды. Майдандағы батырлық ерлік істерді елге таратып, рух берді. Халықты қорғауға батырды үгіттесе, майданға көмек үшін аянбай еңбек етуге елді үгіттеді. Халық ақындары ел-елді аралап, еңбек майталмандарын дәріптеп, ортақ жауға қарсы күреске өз үлестерін қосты.

Ұлы Отан соғысы кезінде айтыс қайта жанданды. Бұл жанрдың дәстүрлі екі жақ боп айтысып, кемшілікті сын тезіне салатын дәстүрі халықты жеңіс жолына жұмылдыруда елеулі идеологиялық қызмет атқарды. 1943 жылы республика деңгейіндегі онан кейінгі уақыттары облыс, аудан аралық айтыстардың болуы осының дәлелі.

Ұлы Отан соғысы кезінде жауынгердің жорық жыры тылдағы ерлер өмірін суреттеген өлең-жырлар, майданға аттанған ер-азаматтың қоштасу, сәлем өлеңдері, соғыс кезінің саяси, шаруашылық ұранына үн қосқан үгіт-насихат жырлары мол туды. Майдан даласынан ел арасына жеткен өлеңдердің бірінде жаралы солдаттың қайтпас қайсар рухы өрнектелген.

 

Жазылып, жауға барамын,

Кегіңді жаудан аламын.

Пулеметті қолға алып,

Неміске ойран саламын...[1210].

 

Майданнан елге арналған өлеңдерде соғыс картинасы мол болса, елден майданға арналған өлеңдерде ел тұрмысының суреттері басым болды.

Халықтық дәстүрдегі өлімнің суық хабарын суыртпақтап, сазды күймен, сындарлы өлең-жырмен тұспалдай, жұмбақтап жеткізу – қайғы салмағын жеңілдету мақсатынан туған. Соғыс кезеңіндегі естірту мен көңіл айтуда да осы шарт қатаң сақталды. Бұл кезеңдегі естірту өлеңдерінің композициясында өзгешелік болды. Ең алдымен, ақын жауынгердің майдандағы ерлігін, Отан аманатын абыроймен орындаған адалдығын айтып, жауынан кегін алып, ерлікпен қаза тапқанын хабарлайды. Яғни батырдың абыройлы азамат болғанын мақтанышпен мәлімдеп, майданның жаңалығын хабарлап, сосын барып қаралы хабарды жеткізеді. Азаматтың қайғысын бүкіл кеңес халқына ортақ қайғы ретінде сипаттап, марқұмға жақсы тілек тілеп, ел үшін еткен ісінің өлмейтіндігін айтумен аяқталады. Бұл кезеңнің естірту, жұбату, жоқтау тәрізді өлең-жырларының негізгі өзегінде қасірет-қайғыны сергітетін дертке дауа, әлге қуат беретін мазмұнмен бірге, отаншылдық сезімді күшейтіп, патриоттық рух, оптимистік жігер беретін сарын басым болады.

Демек, бұл тұстағы бүкіл халықтың күшін бір мақсатқа, жауды жеңу мақсатына жұмылдыру міндеті фольклорды мазмұн жағынан ғана байытып қойған жоқ, сонымен бірге түр, жанр жағынан да жетілдіріп, молықтырды.

Алғашқы кезеңде соғыс сарынын хабарлаған, халық азасын, аттаныс лебін білдірген, Отанды қорғауға шақырған үгіт-ұран түріндегі ұсақ өлеңдер кең тарады. Сондай-ақ, арнау өлеңдердің түрлері жеке адамдарға арнау, елді мекен, майдан шебіне арнау мазмұнында көрінді.

Соғыс кезінде ақыл, өсиет, ғибратқа негізделген дидактикалық мағынадағы термелер де кең таралды. Өмір тәжірибесінің ғибраттары іріктеліп, тізбектеліп айтылатын терме жанры өмірге белсене араласып, халықтың рухани қажетін өтеді. Онда батырлық, ерлік, татулық, бірлік, еңбекқорлық қасиеттер басты тақырыптар ретінде жырланды.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 687; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.122 сек.