Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Алдарында тізілген 1 страница




Гіме

Әңгіме – қазақ фольклорында өзіндік орны бар прозалық жанрлардың бірі. Ол ертегі сияқты кең тараған жанрға жатады. Оның себебі – қазақ болмысындағы, көшпелі-бақташылық тұрмыстағы рухани әрі танымдық талап пен қажеттілігі екені сөзсіз. Мұндай жағдайда ауызша әңгіме тұрмыс-салттық қана емес, қоғамдық та мәнге ие болады. Қоғамдық мағынасы бар әңгімелер тыңдаушыларға қажетті мәлімет берумен қатар оларды ойландырады, бірте-бірте олар алғашқы пайда болған ортадан, автордан алшақтайды, өзінше өмір сүреді, сөйтіп, қоғамдық сананың фактісіне айналады. Міне, осындай әңгімелерді фольклорға жатқызады.

Ауызша әңгімелер көбіне шын деректерден құралады. Оларды оқиғаға қатысқан я басынан өткен, немесе сол оқиғаға куә болған адамдар айтады.

Қазақтың ауызша халық әңгімелерінің пайда болу жолдары әртүрлі. Олар – көбіне көңіл көтеретін емес, қайта үйренетін және танып-білу түріндегі әңгімелер. Кейде есіне ерте кездегі оқиғаларды сақтап, белгілі бір шын, немесе ойдан шығарылған дерекке сүйенеді. Ауызша әңгімелер халықты өмір сүруге, өмірдің құнын түсінуге, жақсылыққа, қайырымдылыққа үйретеді, халықтың тарихымен, еліміздегі оқиғалармен таныстырады, зұлымдықты әшкерелейді.

Халық прозасы жанрларының ішінде ұлттық көрініс ауызша әңгімелерде басымырақ байқалады. Көптеген соны сюжеттер сонда кездеседі. Кейіпкерлердің мінез-құлқы, географиялық ортасы, халық көңілін көтеретін сауық пен күлкі, көркем нақысты сөз құралы және ең негізгісі, ерекше тақырып, міне, осының бәрі ауызша әңгімелердің ұлттық айқын көрінісінің басты белгісі болып табылады. Ауызша әңгіме ұғынып-түсінудің тамаша үлгісі бола отырып, халық өмірінің әртүрлі жағдайларынан хабардар етеді (еңбек, достық, махаббат, айтыс-тартыс, рулық және ру ішіндегі ұрыс-талас, шапқыншылық, ауыртпашылық, арғы ата-бабаларының істерін, халық батырларын еске түсіру).

Халық әңгімелері халықтың тарихын, адамдар мен ұрпақтың тағдырын білу үшін керек. Табиғаты жағынан халықтың ауызша әңгімесі - өте өміршең жанр, сондықтан онда халық өмірінің барлық жақтары қамтылады. Мысалы, өтіп жатқан той кезінде әртүрлі қызықты оқиғалар еске түседі, бірнеше күнге созылатын бораны бар қатты қыста, суық күндерде өткен уақыттағы ауыртпашылықтар туралы әңгімеленеді.

Ауызша әңгімелер қоғамдық сананың бір түрі болып табылатындықтан өзі пайда болған уақыттың ғана емес, сондай-ақ өмір сүріп, елге тарап, айтылып жүрген, яғни пайда болғаннан кейінгі дәуірдің әртүрлі сипаттары мен белгілерін (әлеуметтік және этникалық) сақтайды әрі бейнелеп көрсетеді.

Әңгіменің фольклорлық жанр ретіндегі қасиеттері: ауызша орындалуы, оқиғалылық, сюжеттің динамикалық дамуы, жағымды кейіпкер мен ғибраттылығы, тарихи негіз, кейіпкерлер мен әңгімеші қолданатын сөйлеу тілінің ұйқастырылған өлеңге жақындығы, сөйлеу тілінің ерекшелігі, белгілі бір композициясының болуы олардың фольклорлық айналымдағы ерекшелігі тұрғысынан танылады. Фольклордың басқа жанрлары сияқты қазақтың ауызша әңгімесінің де өзіндік композициялық құрылысы бар. Ауызша әңгімелердің алдында экспозициясы, яғни бастама бөлімі болады. Әдетте, әңгімеші әңгімесін алдымен оқиғаның қай жерде, қай уақытта, кіммен болғанын немесе кімнен естігені туралы баяндайды.

Экспозициядан кейін оқиға басталады. Бірақ қазақтың ауызша әңгімелерінде кей жағдайларда оқиғаның басталуы экспозициямен дәл келуі мүмкін. Мұндай жағдайда сюжет бірден өріс алады. Ауызша әңгіменің түйіні оқиға басталатын жерде туындайды. Әңгімеші ситуацияның бастапқы жіптерін жинай бастайды. Мақсат пайда болып, оқиғаның бағыты белгіленеді. Бұл жерде сюжеттік желінің жекелеген элементтері араласады, сосын оқиға шапшаң дами түседі. Бұл – оқиға басталатын шекара. Шағындау ауызша әңгіменің композициясын қарастырайық:

«Сырым жиырма алты жасында бір жолдасымен Нұралы ханның үйіне барса, Қараман тана Малайсарымен сөйлесіп отыр екен.

– Балалар, аман ба? – депті де, елемей, өздері сөйлесе беріпті.

Сырым жолдасына дауыстап: – Жүр кетейік, бұлар бізді адам деп отырған жоқ қой! – дейді. Малайсары жалт қарап:

– Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без,

Ана тұрып, қыз сөйлегеннен без.

Сырнайдай сайраған мына бала кім еді? – дейді.

– Ата тұрып, ұл сөйлесе, ер жеткені болар,

Ана тұрып, қыз сөйлесе бойжеткені болар, – дейді Сырым.

– Сен толған екенсің, мен болған екенмін, – деп Малайсары Сырымды қасына шақырған екен».

Ауызша әңгіменің фабуласы оқиғаның тез дамуын және оқиғаға кейіпкердің енуін талап етеді. Баяндауды созу, оқиғаны түбегейлі сипаттау, пейзажды суреттеу оған тән емес. Оқиғаны табиғи дамыта отырып, әңгімеші баяндауды жайлап күрделендіре түседі. Оқиға өрістеудің шыңына жетеді. Бұл шың шарықтау шегі болып табылады. Мұнан кейін оқиғаның аяғы – шешілуі болады.

Ауызша әңгімелердің композициясының соңғы элементі эпилог болып табылады. Сонымен бірге ауызша әңгіме тек өзіне ғана тән мінез-құлқы бар жеке адамға назар аударады және өмірдің маңызды мәселелерін көтереді. Сөйтіп, әңгіме деп баяндау түріндегі шағын прозалық шығарманы айтамыз. Тақырыбының өзгешелігі мен құрылысының толықтығы, оқиғаның мақсатқа бағыттылығы немесе кейіпкердің уайым-қайғысы, бейнеленген заттар мен құбылыстардың табиғи, сенімді пропорциялары болуы да ауызша әңгімені жанр ретінде мінездейді.

Бұрынғы әңгімелерде өмірдің ащы шындығы бейнеленеді. Халықтың мұң-мұқтажын, арманын, байларға деген ашу-ызасы мен күресін бейнелейтін әңгімелер өмір сүруін тоқтатпай, дамып отырды. Халық оларды тыңдап, ұзақ уақыт бойы есте сақтап, ауыздан-ауызға таратып отырды. Әңгімелерден сол кездегі уақыт ағымын, халықтың дүниетанымын сезуге болады. Кей әңгімелер өзінің көркемдік түрі жағынан қанша әлсіз болса да, тарихи танып- білерлік материал ретінде құнды болып табылады. Тарихи анықтық, нақты шындық – міне, осылар өткен ғасырлардағы әңгімелердің сапасын білдіреді.

Ауызша әңгіме бірнеше рет қайталанған соң, тұрақты түрге ие болады, сонымен қатар фольклорлану процесі кезінде олар өзі түскен ортаның ерекшелігіне қарай қайта жөнделеді, әртүрлі өзгешеліктерге ие болады. Әңгімелердің құндылығы сонда: олар - ұлттық фольклор ішіндегі ең ширақ қимылдайтын, қоғамдағы, не жеке өмірдегі оқиғаларға бірінші болып баға беретін жанр, яғни ауызша әңгіменің негізгі белгісінің бірі оның шапшаңдылығы болып табылады. Фольклордың басқа жанрларына қарағанда ауызша әңгіме қандай да бір оқиғаға негізделіп туындайды. Болған оқиғаны бейнелеп шығады. Тарихта белгілі, атақты адамдардың көбінесе ауызша әңгімелерде бейнеленуі, міне, сондықтан. Оқиға болып кеткеннен кейін бірден туындаған ауызша әңгімелердің фольклорлық өмірі көп жағдайларға байланысты. Егер әңгіме өмір ағымына сай келіп, әрі қызықты болса, кең тарап, халықтың жадында жақсы қалады. Олардың мазмұны өзектілігімен, қоғамдық маңыздылығымен, көпшілік сұранысымен ерекшеленеді.

Фольклорлық әңгімеде ең бастысы – сюжеттің тұрақтануы. Ауызша айтылып, ауызша өмір сүретін болғандықтан, оның сюжеті негізгі оқиғаны сақтаса да, түрленіп отырады, нұсқалар туғызады, оны әдеби әңгімеден бөлектеп тұратын да – осы айырмашылықтар. Ауызша орындалу мәнері де оны әдеби жанрдан ерекшелендіріп тұрады.

Көпшілік назарын өзіне аударушылық – ауызша әңгіменің тағы бір маңызды ерекшелігі болып табылады.

Ол әрқашан әңгімешінің өміріндегі, не құбылыстағы ерекше маңызды оқиғаларды бейнелеп, сол ортаның талап-талғамына сай болуы керек. Ауызша әңгімелер, әдетте, ел арасында аты шыққан адамның жеке өміріне қатысты ғана емес, сонымен қатар белгілі бір жаңа қоғамдық өзгерістерге байланысты да туып отырады. Олар тек өз заманын бейнелеп қана қоймайды, соған қоса оқиғалар мен оған қатысушыларға баға береді.

Әңгіме жанрына жататын шығармалар көбінесе шынайы шындықты бейнелейді, нақты бір сюжетке құрылады. Әңгіменің құрылымы көп ретте қарапайым, есте қалуға лайықты болып келеді. Осының арқасында әңгіме ел арасында жиі айтылып, фольклорлық циклге түседі, сөйтіп, көпшілікке кең тараған сюжетті әңгімеге айналады. Әр орындаушы өз әңгімесін айтады. Бірақ естіген әңгімесінің негізгі сюжеті мен мағынасын сақтап, басқа компоненттерді өзінше өрнектейді. Кейде халық әңгімелеріндегі шын дерек белгілі бір жағдайға байланысты ойдан шығарылған сияқты болады. (Мысалы, соғыс кезіндегі ерекше операциялар, партизан тойлары).

Әңгіменің негізгі мазмұнын есте сақтап қалу үшін арнайы дайындықтың керегі жоқ. Егер әңгіме шынымен қызықты болса, онда тыңдаушы әңгіменің мазмұнын есіне тез сақтап қалып, басқаларға да әңгімелеп береді. Және естіген әңгімесінің көркемдік қасиеті қаншалықты екеніне аса мән бермейді. Бұл жерде әңгіме мүлде көркемсіз болады деген ой жоқ. Мәселе - әңгіменің атқаратын қызметінде және оның айтылу мақсатында. Егер әңгіме тыңдаушыларға белгілі дәрежеде бір мәлімет беру мақсатында айтылса, яғни танымдық қызмет атқарса, оның мазмұнына көңіл бөлінеді, әңгімеші сюжетті әрлеуден гөрі нақты баяндауды мақсат тұтады.

Ауызекі әңгіме бекерден-бекерге айтыла салмайды. Оны айту үшін белгілі бір жағдай, яғни әңгімені тыңдайтын алқа топ қажет. Сонда ғана әңгімелер айтылады. Және әңгіменің жанрлық сипаты әңгімешінің шеберлігіне қатысты ашылады. Мұндай шығармаларда фольклорға тән басты қасиеттер көрініп, әңгіме сол дәстүрдің аясында болады. Оның басталуы, сюжеттік дамуы, шарықтау шегі, шешімі болады, әрі оқиға әсерлі баяндалады. Ал, әңгіме белгілі дәрежеде көркем беріліп, оны ең бір мықты орындаушы, әңгімеші айтып берсе, бірақ оның мазмұны қызықсыз болса, онда ол әңгіме өзінің тыңдаушыларын таппай, ұмыт болады. Себебі тыңдаушыға өнердің аумағы тек бір әдемі сәтпен шектеліп қомайды. Оқымысты емес, жай қарапайым адам ретінде өмірде, табиғатта адамды не қызықтырады – соның барлығы тыңдаушының да ықыласын тудырады.

Ауызша әңгіме фольклор жанрының негізгі категорияларын да иемденеді. Фольклорлық әңгіме көркем шығарма ретінде қабылдану үшін ондағы айтылып отырған оқиға көп ретте тыңдаушылары тыңдап отырған уақыттан бұрын болған жағдайды баяндайды. Ол үшін әңгіме тұрақталған сюжетке ие болып, шығармалардың әртүрлі мазмұнына тән қасиет бойынша кейіпкердің бейнесі, мінез-құлқы өз ерекшеліктерімен берілуі керек. Тек жылдар өткен соң ғана ауызша әңгімелер фольклордың шығармалары бола алады. Әңгіме халық талқысынан өтіп, оның санасында өмір сүреді. Көпшіліктің көңіл-күйі мен пікірін білдіретін нағыз халықтың шығармасы ауыздан-ауызға тарап, ұзақ жыл өмір сүреді. Қызықсыз, көркемдігі мен танып-білетін белгілері жоқ әңгіменің өмірі қысқа.

Ауызекі әңгіменің тақырыбы әр алуан болып келеді. Ол халықтың өмірі, тұрмыс-салты, тарихы, жергілікті әдет-ғұрпы, кәсібі секілді әртүрлі саланы қамтиды. Әр тақырыптағы әңгіменің өзіндік кәсіпшілік және қоғамдық ерекшелігі бар. Оның тақырыбы әңгіменің айтылып отырған жағдайына байланысты болады. Айталық, аңшылар демалып отырып, әңгіме-дүкен құрса, олардың әңгімесі көбінесе аңшылық туралы болады. Ал, жиналған топ өздерінің жас кезінде көрген-білгенін сөз қылса, әңгіме тақырыбы соған сәйкес болады. Демек әңгімеден сол топтың, әңгімешілердің, күллі жұрттың талғамын, ой-арманын байқауға болады. Әңгіме дереу тыңдаушының алдында айтылуы керек. Сол жағдайға байланысты әңгіме мазмұны қызық па, жоқ әлде айтушының өзінің беделі ме, сол сюжет көпшілікке керек пе, - міне, мұның бәрі - әңгіменің сипатын айқындайтын нәрселер.

Кез келген әңгіменің фольклорлық сипатын айқындау оңай емес. Ол үшін белгілі бір белгілерді ұстанған дұрыс. Мәселен, фольклорлық сипаттың басты белгісі - әңгімедегі оқиға айтушының өзінен де, сөз болып отырған адамдардан да қол үзіп, өз бетімен өмір сүріп, ел арасында айтылуы.

Әңгімешінің қабілеті мен қасиетіне, оның қай жанрға бейімділігіне байланысты әңгіменің тақырыбы мен құрылымы жасалады. Әңгімеші әңгімені жай айтып қоймайды, ол онда өзінің оқиғаға қатысы бар екендігін айтады, оны өзінше сипаттайды, әңгімеге кірген белгілі бір жағдайға байланысты өз пікірін қосады.

Әрине, әңгімешінің тіл байлығы неғұрлым мол болса, соғұрлым оның естелік-әңгімесі де қызықты және құнды болады. Әңгімеші өз көзімен көрген, өзі басынан кешкен оқиғаларды баяндап қоймайды, сондай-ақ ол өзгеден естіген әңгімелерді де шертеді. Мұндай жағдайда әңгімеші өзгеден естіген әңгімені де өзінің әңгімесіндей етіп айтуға тырысады. Ал, егер әңгімеге арқау болған оқиға оның құрдасы немесе өзімен қатарлас адамның басынан өткен болса, онда айтушы әңгімеге түрлі әзіл-оспақ қосып айтуы ғажап емес.

Ауызша әңгімелердің қалыпқа түскен қорытындысы болмайды, әр әңгімеші оны өзі жасайды. Ауызша әңгімелерде баяндау көбіне бірінші жақтан айтылады. Ертегі, аңыз, хикаят секілді ауызша әңгімелер де бір немесе бірнеше эпизодтан тұрады. Әңгімеші жалпы оқиғадан тыңдаушыға өз өмірбаянының ең қызықты сәтін, ең мағыналы эпизодын алады.

Жалпы, ауызша әңгімеге сырлы сезім онша тән емес. Олардың негізгі міндеті - оқиғаны дәл, анық көрсетіп, кейіпкерлерді бейнелеп шығу. Ауызекі әңгімелердің кейіпкерлері – негізінен өмірде болған адамдар. Олар өз есімдерімен аталады. Оқиғаның болған жері мен географиялық атауы көрсетіледі. Бірақ олар әңгімеде қалай болса солай көп қолданылып, жиі қайталанбайды, яғни әңгімені географиялық атаулармен, сандармен, жеке аттармен күрделендірмейді. Ауызша әңгіменің ықшамдылығы – сюжетіне байланысты. Оған да фольклордың басқа жанрлары секілді өмір сүру заңдылықтары тән. Ауызша әңгімелердің екінші ерекшелігі – баяндаудың ықшамдылығы. Мәтіндердің көпшілігіне нақты құрылым, бір эпизодтан екінші эпизодқа логикалық ауысу тән.

Бір ауызша әңгіменің ел арасында түрліше қолданыста болуы мүмкін. Әңгімеші бір мәтінді әр жерде түрлендіріп айтатыны бар. Оны әңгіменің құрылымынан да, стиліндегі өзгерістерден де, жекелеген бөліктердің түсіп қалуы немесе жаңа эпизодтардың қосылуынан байқауға болады.

Нұсқалардың пайда болуы – көптеген жағдайларға байланысты. Алдымен, оны әңгімешінің өзі жасайды. Өзінің айтып отырған әңгімесіне деген тыңдаушылардың ынтасын, қызығушылығын сезсе, әңгімеші өзі де әсерленіп, әңгімесін одан сайын қызықты ете түсуді ойлайды. Сөз арасында, тіпті, өлең, мақал-мәтел, жұмбақ, т.б. қосып отырады. Алайда, кейде сол әңгіме қызықсыз, іш пыстыратындай, әсерсіз айтылуы мүмкін. Бұл әңгімешілердің, тыңдаушылардың көңіл-күйіне де байланысты болады.

Мәтіннің негізі шын деректен, реалды оқиғадан, нақты кейіпкерлерден жасалуы керек, әрі дарынды әңгімешілер қарапайым ғана қысқа да ықшам әңгімесінде оқиғаны дәл, нақты бере отырып, бір оқиғаның өрбуін анық, айқын көрсетеді. Әңгімеде кейіпкер мен эпизод шағын болады. Мысалы, бір сюжеттен тараған төрт нұсқалы мына әңгіменің үшеуін қарастыралық:

«Кебекбай шешен үйі күзгі қорада отырғанда мынадай бір оқиға болады. Түн ортасында иттер арсылдап жүрген соң, Кебекең далаға шықса, екі көкжал қасқыр бос қорадан түк таппай, арсалаңдап жүреді. Ертеңгі ас үстінде ол ауылдастарына: «Жеті күн елден, жеті күн жерден» күнелткен қасқырлар қорама келіп, мал таппағанына бір ұялдым-ау», - депті. Тыңдап отырған ағайындары: «Сіз қасқырдан ұялсаңыз, біз сізден ұялдық», – деп, қырық-елу қой жиып беріпті[1119].

«Қыпшақ Досбол би кедей болыпты. Мал дәметіп, бай құдасына барады. Қонақта отырғанда құдасы биден: - Ешкімнен жеңілдің бе? – деп сұрайды. Сонда би: - Жоқ, жеңілгенім жоқ, тек екі рет ұялдым, - депті. Бірде –қасқырдан, екінші рет – сенің қызың, менің келінімнен. Ерте тұрып, қотанда жүр едім, бір қасқыр қотанға шауып кірді де, маған тілін жалаң-жалаң еткізіп, өте шықты. Сонда ұялдым, жаңағысы «Досболдың қотанын шауып, құрауыз шықтым-ау», - дегені еді.

Келінім түскен соң, мал келгенде шелек алып, қотанға кіріп барған ғой. Басқа қатындар: «Бидің үйінде мал болмайтын, шырағым, қайта ғой», - депті. Келінім шелекті құр әкелген соң ұялдым, - депті»[1120].

«Күздің күні Бірәлі бай Сейдахметке соқса, ол кісі жабырқаулау отыр екен.

- Неғып отырсыз? – депті Бірәлі.

- Ұялып отырмыз, - депті Секең.

- Неден?

- Ит үргенге ертеменен сыртқа шықсам, қорамнан екі қасқыр шығып келе жатыр екен. «Бізден қай малыңды қызғандың?» дегендей, екеуі отты көзімен қарады да, жөнеле берді. Жауыз болса да, келген қонақтың үйімнен құрауыз шыққаны ұят болды,- депті Сейдахмет.

- Жарайды, Әлімжанды жіберіңіз, - деп, бай он қой бөліп қойған екен.

- Енді бұны қалай айдап кетесің? – депті бай.

- Әкем айтып еді: «Алдыңа қой салса, айдататын атын да берер», - деп. – «Сөз тапқанға қолқа жоқ», – деп, Бірәлі бай ат мінгізген екен»[1121].

Міне, орындаушы автор ауызша әңгімелерді түрлендіргенде тұрақтылықты сақтай отырып, шексіз мүмкіндіктер жасай алады. Осылайша сюжеті бір әңгіменің бірнеше нұсқасын салыстырсақ, мынадай ерекшеліктерді көруге болады: олар көркемдік сапасы тұрғысынан бірдей болмайды. Ол көлемі мен қатысушы кейіпкерлерінің құрамы жағынан да әртүрлі. Бір әңгімеші болған оқиғаны толық баяндап, тіпті, ұсақ бөліктеріне дейін көрсетіп, кейіпкерлердің бейнесіне дейін суреттейді. Ал, енді бір әңгімеші оқиғаға егжей-тегжейлі тоқталмай, тек нақты, дәл деректерді келтіреді. Ауызекі әңгімелер неғұрлым халық көп жерлерде жиі-жиі айтылса, соғұрлым ықшамдалып, тұрақты түрге ие болып, фольклорлық шығармаға айналады.

Халықтың өз өмірінің ерекше құрылысына байланысты аңыз бен ауызша әңгімелердің өзара араласып кеткені соншалықты, кейде, тіпті, оларды ажырату өте қиынға түседі. Бұл туралы С.Қасқабасов еңбегінде былай дейді: «Бара-бара бұл әңгіме басқа тайпаға, бүкіл аймаққа тарайды, жай ғана тарап қоймайды, неше алуан өзгеріске ұшырап, басқа бір детальдармен толықтырылып, әсемделіп отырады. Бастапқы айтушының (әңгіме кейіпкерінің) аты да, айтылу ситуациясы да ұмытылуы мүмкін, бірақ сюжет – негізгі оқиға сақталып отырады. Ендігі айтушылар оқиғаны өзіне қатысты қылып немесе өзіне, көпшілікке қажетті жағдайға байланысты етіп айтуы ықтимал. Енді алғашқы әңгіме басқа жанрға көшеді. Ол – аңыз я болмаса хикая болуы мүмкін»[1122].

Бұл жерде екі заңдылық байқалады. Біріншісі – ауызша пайда болған сюжеттің тұрақталып, фольклорлануы мен фольклорлық процеске түсуі, ал, екіншісі – осы процестің барысында әңгіменің аңызға айналып кетуі, яғни әңгіме мен аңыздың жақындығы. Рас, қазақтың ауызша әңгімелерін таңқаларлық және таңғажайып белгілері бар әпсанадан, хикаяттан айыру жеңілірек.

Әңгіме көптеген қасиеттерімен аңызға жақын. Рас, аңыз сияқты, әңгіме де шындықты, нақты өмірді бейнелейді. Аңыздан айырмашылығы - әңгіме қоғамдағы не жеке өмірдегі бір ерекше жағдайды баяндайды. Әдетте, әңгімеші өз басынан кешкенін немесе замандасымен болған оқиға жөнінде айтады. Егер әңгіме халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне байланысты оқиғадан алшақтап кетсе және әр алуан қоспаларға жол берсе, аңызға айналады. Алайда, әңгіме аңызға айналғанымен, ол айтушының шыққан ортасы мен тұрған жерінің өзіндік белгісін бойына сіңіріп, содан хабар береді.

Фольклорлық белгілері бар ауызша әңгімелердің бәрі бірдей аңызға жата бермейді. Себебі аңыз қазіргі болып жатқан жайды емес, баяғы өткен уақытта болған жайттарды әңгімелейді. Аңыз бен ауызша әңгіменің айырмашылығы онда берілетін уақытқа да байланысты. Аңыздағы уақыт – ертеде өткен шақ, ал, әңгімедегі мезгіл – онша алыс емес кезең, тіпті, қазіргі әңгімеші, яки орындаушы өмір сүріп отырған дәуір болуы да ықтимал. Құрамында аңыздың немесе ертегінің белгілері бар шығармаларда шындықты реальды бейнелеу ме, әлде ойдан шығарушылық па - соны нақты анықтап алу қажет.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 815; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.045 сек.