Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Материализм идеализм 8 страница




XX ғасырдың бас кезіндегі қоғамдық-саяси ойдың ең басты бағыттарының бірі діни философия болды. Бұл бағыттың өкілдері - Николай Бердяевтің, Сергей Булгаковтың, Павел Флоренскийдің және т.б. ойшылдардың есімі әлемге белгілі. Олардың шығармашылығына XIX ғасырдағы орыс философиясының дәстүрлерімен қатар (славянофильдерден бастап Ф.Достоевский мен Вл.Соловьевқа дейін), әр түрлі мистикалық және пессимистік көңіл-күйлерге толы сол дәуірдің өзі де үлкен ықпалын тигізді.

Орыстың діни философиясында сыртқы әлемнің танымдылығы туралы көзқарас кеңінен таралған. Бүл көзқарас өзінің шеткі формасында, дәлірек айтқанда объекті сол күйінде интуитивті тікелей пайымдау ілімі формасында көрінеді.

Киреевский және Хомяков бүтін ақиқат тек бүтін адамға ғана ашылады дейді. Тек өзінің барлық рухани күштерін - сезімдік тәжірибе, рационалды ойлау, эстетикалық перцепция, адамгершілік тәжірибе және діни парасатты, - бүтін бір тұтастыққа жинағанда ғана, адам әлемнің нағыз болмысын түсіне бастайды және Құдай туралы жоғары рационалды ақиқатты игереді. Дәл осы бүтіндік тәжірибе көптеген орыс ойшылдарының - С.Трубецкойдың, Е.Трубецкойдың, П.Флоренскийдің, С.Булгаковтың, Н.Бердяевтің, Н.Лосскийдің, С.Франктің, Л.Карсавиннің, А.Лосевтің, И.Ильиннің және т.б. шығармашылық қызметінің негізін құрады.

XIX ғасырдың 60-70 жылдары славянофильдер ілімін жалғастырған түбіршілдер болды. Олардың философиялық ізденістерінің басты идеясы - «ұлттық түбір» Ресей дамуының негізі. Барлық түбіршілдерді олардың дүниетанымының діни сипаты біріктірді. «Ұлттық түбір» ретінде православие идеалдары мен құндылықтары алынды. Бұл бағыттың негізгі өкілдері - А.А.Григорьев, Н.Н.Страхов, Ф.М.Достоевскийлер болды.

Түбіршілдер арасындағы ең көрнекті ойшылдың бірі - Ф.М.До-стоевский (1821-1881). Ол философ болмағанымен, таза философиялық шығармалар жазбағанымен, оның философиясы - ол қалыптастырған әдеби кейіпкерлерінің ойынан көруге болады. Оның шығармаларының философиялылығы соншалық, тіпті әдеби-көркем жанр шеңберінен шығып кетеді. Жазушы шығармаларында адам тағдыры мен мәнінің әлем және Құдаймен терең байланыстылығы туралы идеясын көтереді. Достоевский бойынша еркіндіктің «шынайы жолы» бұл Құдай-адамға жеткізетін жол, Құдайдың жолымен жүру. Ол үшін Құдай адамгершіліктің барлық кепілінің негізі болып табылады.

Достоевскийді үрейлендіретін нәрсе - бір нәрестенің болса да көз жасына құрылған әлем мен адамдар әрекетін жарқын болашақтың атымен ақтап алуға бола ма деген мәселе. Оның жауабы дайын - ешқандай да жоғары мақсат бейкүнә сәбидің қайғысы мен зорлықты ақтай алмайды. Бұл жолмен Құдай мен Әлемді келісімге келтіру мүмкін емес. Достоевскийдің ойынша, Ресейдің жоғары ұлттық миссиясы халықтарды христиандық тұрғыда біріктіру болып табылады.

Н.А.Бердяев (1874-1948) - көрнекті философ, персонализм мен экзистенциализмнің идеологы. Ғасыр басында жария марксизм дегенге жақындап, кейін діни философияға бет бұрды. 1922 ж. Кеңес үкіметі оны шет елге жер аударып жібереді. 40-тан артық кітаптарының ішінде философиялық түбегейлі трактаты «Еркін рух философиясы», мәдени-тарихи туындылары «Ресей тағдыры», «Орыс идеясы», әдебиеттану саласында «Достоевскийдің дүниетанымы» және өмірбаяндық «Өзін тану» эсселері бар.

Бердяев ұлт пен мәдениет, мәдениеттегі жалпыадамзаттық және ұлттық бастаулар, мәдениет және өркениет, соғыс және мәдениет сияқты түбегейлі мәселелерді талқылауға көп көңіл бөлді. Бердяев аталған сұрақтарды бірінші, батыл және ашық қойды және олар қалыптасып келе жатқан ғылым - мәдениеттануда үлкен қызмет атқарады. «Орыс рухы» туралы пайымдауларында орыс рухының «пейзажы» орыс жерінің «пейзажына» сәйкес келеді деді. Сонымен бірге, Бердяев орыс халқына тән бюрократтық орталықтандырылған билікті жақтау, саяси өмірдегі стихия мен иррационалдылық, ұйымдастыруға әлсіздік сияқты ділдік белгілерді атап өтті. «Орыс халқында, - деді Бердяев, - кез келген мәдениетке, тұлғалық бастауларға, оның құқықтары мен абыройлығына, барлық құндылықтарға қарсы мистикалық толассыз қарсы әрекет бар». Жалпы орыс мәдениетіне, оның пікірі бойынша, амбиваленттік тән. Орыс халқындағы мейірімділікті, тынымсыз адамгершілікті, қарапайымдылықты жоғары бағалады. Сондықтан 1917 жылдан кейін рухани мәдениетті талқандау ұзаққа созыла алмайды, түбінде мәңгі рухани күш қайтадан құдіретіне енеді деді.

В.С.Соловьев (1853—1900) діни орыс философиясының, білімнің біртұтастығы мен бүтіндігі туралы идеяның негізін қалаушы, орыстың көрнекті христиандық философы. В.С.Соловьев философиясы діни философиялық дәстүрдің бүкіл рухы мен кейпін білдіреді. Көптеген ірі философтар өздерін В.С.Соловьевтің ізбасарлары ретінде санайды. Соловьев дәуіріне Трубецкой шығармашылығын, Флоренский мен Бердяевтің ерте шығармашылығын жатқызуға болады.

В.С.Соловьев адамның діни және әлеуметтік өмірі сұраныстарын біртұтастыққа байланыстыратын бүтіндей дүниетанымдық жүйені құруға тырысты. Соловьевтің ойы бойынша мұндай дүниетаным негізі христиандық болып табылады.

Соловьев философиясының негізгі идеясы - жалпы тұтастық идеясы.Бұл идеяны дайындауда славянофильдердің соборшылдық идеясына сүйенгенмен, оған жалпы қамтушы, ғарыштық мағына береді. Болмыстың төменгі және жоғарғы деңгейлері өзара байланысты, өйткені төменгі үнемі жоғарыға тартылып отырса, ал әрбір жоғары өзіне төменгіні «енгізеді». Соловьевте жалпы тұтастық, «құдайдың қасиетті Үштігі барлық құдіретті жаратылыстармен, оның ішінде ең бастысы адаммен байланысты» деген тұжырымынан көрінеді. Жалпы тұтастықтың негізгі принципі: «Құдайда барлығы біртұтас». Жалпы тұтастық бұл ең алдымен жаратушы мен жаратылыс тұтастығы.

Соловьев жалпы тұтастықты үш түсінік арқылы суреттейді – теософия, теократия, теургия.

Теософия Құдайдың ақылдылығын білдіретін, құдайылық данышпандық, руханият.

Соловьевтің әлеуметтік идеалы теократиялық қоғам еді.

Теократия – дін мен шіркеу билігі. Қоғамдағы биліктің барлығы дерлік шіркеуге бағынуы тиіс. Осы жерде сұрақ туары сөзсіз: Орыс православтық па әлде католиктік шіркеулер ме? Вл. Соловьев осыларды қосу мақсатында жер бетіндегі шіркеу дегенді айтады.

Теургия – адамның Құдай берген еркіндігі. Бұл қоғамда адам баласы еркіндікті тек Құдайдан алады, алайда бұл анархия дегенді білдірмейді.

Вл. Соловьевтің философиясы бүгінгі таңда өз құндылығын жоғалтпаған, толыққанды көзқарастар қатарында қолданылып келеді.

11 - тақырып. Қазақ философиясы

Басқа халықтардың философиясы сияқты Отандық философия да өз қайнар көзін көне аңыздар мен дастандар, ертегілерден бастайды. Егер аңыздармен бай халықтарға үнді мен гректерді жатқызса, қазақ елі де олардан кем түспейтін болар. Өйткені, өне бойы көшіп-қонып жүрген халықтың бір ғана байлығы болды, ол оның тілі, бабалардан келе жатқан дәстүр, аңыз-хикаялар, нақыл сөздер. Олардың көбі жаңа ғана жарық көріп, философиялық тұрғыдан талдануда.

ХV-ХVIII ғ.ғ. философиялық ой - толғамдар негізінен жыраулық түрде дамыды. Қазақ халқының ақын-жырауларының ішінен Сыпыра жырауды, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Марғасқа, Ақтамберді, Бұқар жырауларды атауға болады.

Қазақ халқының тарихында XIX ғасыр ерекше орын алады. Бұл ғасыр қазақ мәдениетінде «ағартушылық философия» деп аталады.

Қазақ ағартушылық философиясының көрнекті өкілдері: Ш.Уалиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев.

Ш.Уалиханов (1835—1865) ұлтының ұлылығын әлемге әйгілеген ұлы ғалым. Болашақ ғалым дала әніне, ана уіліне, түркілердің елдігімен ерлігіне әлдиленіп өскен. Бабаларымыздың өсиетнамасын, елін, жерін, тілін сақтауға алтын арқау, аялы өзек болған фольклорды қадір тұтты. Ол «Ер Едіге» жырының үш нұсқасын өзара салыстырып, жаңа нұсқасын жасаған кезде Шоқан небәрі жеті жаста еді. «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын да сол кезде қағаз бетіне түсірген. Елінің тарихын, ауыз әдебиетін, этнографиясын, экономикасын жетік білген ел ағасы Шыңғыстан, өз заманының тек білімді ғана емес, сонымен қатар озық ойлы, парасатты, зиялы әкесінен болашақ оқымысты зор ғибрат алған.

Ш.Уәлихановтың азамат, ғалым және ойшылдық қалыптасуында орыстың озық мәдениеті мен ғылым қайраткерлерінің маңызды рөл атқарғанын атап өтуіміз қажет. Шоқан В.Г.Белинскийдің, Н.Г.Чернышевскийдің, А.И.Герценнің, Н.А.Добролюбовтың еңбектерін оқып-үйренді, олардың көзқарастары мен идеяларын қуаттады.

Ш.Уәлиханов тікелей философиялық мәселелер жөнінде еңбектер жазбаған, алайда, барша шығармаларынан дерлік философиялық пікірлер мен тұжырымдарды байқауға болады. «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы», «Сахарадағы мұсылмандық жөнінде», «Тәңір (құдай)» деген еңбектерінде философияның негізгі мәселесіне қатысты пікірлер айтады Қазақ жеріндегі шамандықтың орын алу себебін түсіндіргенде «сыртқы дүние - күн, ай, жұлдыздар және жер - алғашқы құдірет болып табылады» деп көрсетеді. Сонымен бірге шамандықтың шығу тегін мұқият зерттеулерінен және басқа да еңбектерінен Шоқанның себептілік заңдылығын құптайтындығы, себепсіз құбылыс болмайтындығына кәміл сенетіндігі байқалады. Мысалы, «Тәңір (құдай)» мақаласында қазақтардың малды қасиет тұтатын ырымдары себебін халықтың күн көрісі малға байланысты екендігімен түсіндіреді.

Сонымен, Шоқан сыртқы дүниенің санадан тыс өмір сүретіндігін, оның объективтік заңдылықтарға бағынатындығын мойындайтын философиялық көзқараста болғанын көреміз. Қазіргі кезде философияның негізгі мәселелерінің маңыздысы есебінде адам, оның қоршаған дүниеге қарым-қатынасы аталынады. Уәлиханов бұл мәселенің маңызды екенін сонау XIX ғасырдың орта кезінде-ақ айтып кеткен. «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбегінде табиғат пен адам, өмір мен өлім әрқашан түпсіз сырға толы ғажайып таңдану пәні болды деп көрсетеді.

Шоқан Уәлихановтың дүниетанымы өзіне материализм мен идеализмнің өзіндік үйлесімі, материалды мен табиғидың, рухани және құдайлықтың қатынасын көрсететін пантеизм түрінде сипатталуы мүмкін. Қоғам болмысы проблемасын ол натурализм мен географиялық детерминизм тұрғысынан түсінеді. Адам онда қалыптасуына үлкен ықпал ететін табиғи-рухани тіршілік иесі түрінде көрінеді. Қазақ философиясының басты ерекшелігі - оның космоцентризмі, адам мен ғарыштың үздіксіз байланысы оның шығармашылығында да көрініс тапты. "Қазақтардағы шамандықтың қалдығы" атты еңбегінде ол адамды әлемнің нағыз жоғары кұндылығы ретінде қарастырды. Бұл жан, бұл қабілет, бұл ойлаушы және талпынғыш рух осы ерекше Құдайдың мәңгі тылсым күштің болуын көрсетпей ме? Ол тірі рухқа (шаманға) және өлі рухқа онгунуға табынды. Бірақ бұл өмірдегі адамға, оның ішінде сәбиге табиғаттың ықпалы өте күшті, өте әрекетті, ол құпия табиғатқа, не істеп, не істемеуге қатысты басшылыққа алатын ережелерді жасауы керек", - деп жазады.

Оның дінге қатынасы шаманизм мен ислам туралы бірқатар еңбектерінде көрінеді. Ең әуелі ол Қазақстан территориясында зороастризмнен исламға дейін көптеген діндер болғанын дұрыс атап өтеді. Тіпті өзінің заманы - XIX ғасырда ол қазақтардың таза мұсылман болмағандығын, шаманизм мен ата-баба рухтарына табыну кең тарағанын айтады. Қазақ даласындағы мұсылмандықты қарастыра келіп ол өкінішке орай бұл дінді таратушылар инабатсыз, обскурантист адамдар, тіпті адамдар араб тілін Құранды да нашар білетіндігін Шоқан Уалиханов айтады. "Бүкіл далада өздерін әулие түрінде көрсететін шала сауатты татар молдалары мен Орта Азиядан шыққан фанатиктер қаптап жүр. Мұсылман кезбелерінің, әсіресе татар семинаристерінің (оларды мен пайғамбарға фанатизммен табынушылар деп танимын) жеке мүддесі - қырғыздарды өз ықпалымен соқыр діни бассыздыққа жеткізіп, осы қари, дәруіш, әулиелерге жеңіл өмір сүргізу болып табылады", - деп жазады Ш. Уәлиханов.

Осы факт негізінде көптеген зерттеушілер оны исламды сынаушы және атеист деп есептейді, бірақ бұл шындыққа сай келмейді. Шоқанның дүниетанымы материалистікті де, руханилықты да өзіне жинақтаған. Ол өз халқының адал ұлы бола отырып, исламды жоюға емес, халықты ағартуға, оларды қасиетті діни, әсіресе мұсылман кітаптары мен ондағы шығыстың рухани мәдениетті оқып-үйренуге шақырды.

Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) дүниетанымы қалыптасуына туған ел, халық ауыз әдебиеті, озық орыс әдебиеті мен Еуропа ойшылдарының еңбектері елеулі әсерін тигізді. Ш.Уәлиханов секілді Ы.Алтынсарин да өз халқының артта қалушылығын жоюдың бірден-бір жолы ағартушылықта деп сенді және Қазақстандағы халық ағарту ісінің ұйымдастырылуы мен дамуына белсене араласты. Ыбырай Алтынсарин арнайы философиялық тақырыпта еңбек жазбаған, дегенмен, ағарту және қоғам мәселелерін талдауға арналған шығармаларында дүниетанымдық ерекше пікірлер қалыптастырған. Ыбырайдың көптеген өлеңдері мен әңгімелерінен оның қоршаған дүниенің санадан тыс және тәуелсіз өмір сүретіндігін мойындайтынын байқаймыз. «Жаз», «Өзен» сияқты өлеңдері табиғатты өзінше тамашалау ғана емес, сонымен бірге оның адам санасынан тыс және тәуелсіз екендігі сезіледі. Бұл - ұлы ағартушының дүние туралы көзқарасының бір жағы. Екінші, Ыбырай дүниені жаратушы құдай деп біледі. Бұл ойды ол көптеген шығармаларында қайталап отырады. Мысалы, «Жаратқан мұнша таңсық жаббар құдай!» (Алтынсарин Ы. Таза бұлақ. А., 1988, 18-бет), «Жаратты неше алуан жұрт бір құдайым» деген өлең шумақтарында, «Мұсылманшылдықтың тұтқасы» т.б. еңбектерінде осы пікірді қуаттайды. «Мұсылманшылдықтың тұтқасында» бүкіл дүниені, жан-жануарларды айта келіп, «мұның бәрі де жалғыз теңдесі жоқ, ұқсасы жоқ бір құдайдың барлығына, бірлігіне һәм кәміл жаратушы халық - қадір екендігіне дәлел болса керек» деп тұжырымдайды. Ойды қайырып айтқанда, Ыбырай қоршаған дүниенің объективті өмір сүретіндігін мойындайды, сонымен бірге дүниені жаратушы құдай деп біледі. Бұдан Алтынсаринның дүниеге көзқарасы деизмге жақын екенін көреміз.

Өзінің "Арам төреге", "Жарлы болсаң да арлы бол", "Таза бұлақ" және басқа да шығармаларында ол әлеуметтік теңсіздіктің тамырын ашып оларды арсыздықпен байланыстырады. "Екіжүзді қазыға" өленіңде ол:

 

"Қарымтаның кезі келіп

Сен жеген жан түбіңе жетер", - дейді.

 

Ы.Алтынсаринның арманы халқының сауаттылығын көру болды: "Әрбір халық прогрессивті дами отырып ақырында көшпелі тұрмыстан отырықшылыққа көшуі керек, бұнымен ағартушылық тығыз байланысты", - дейді ол. Ыбырай байлық, билік, даңқ, сұлулық, денсаулықтың өздігінен бағасы жоқ. Олар белгілі бір жағдайда игілік немесе зұлымдық бола алады. Егер оларды арсыздық билесе, ол зұлымдық. Егер ғылым мен таным билесе ол ізгілікке әкеледі. Сол себепті білім - адамның мәні. Сөйтіп өзінің көптеген шығармаларында ойшыл білім беру үшін талмай еңбек сіңіре отырып, білім алуды талмай насихаттады.

"....Дала мектептеріне бүгінгі күні тек орыс тілімен сауаттылыққа үйрететін мекеме ретінде ғана емес, онда оқушылардың отырықшылыққа дағдыланып, заттарға әсем және сау көзқараспен қарауды үйренуі керек: Бір сөзбен оқушылардың тәрбиелік жағына көп көңіл бөліп, осы оқушылар негізді білім алып, белгілі бағыт алған соң, қоршаған ортаға өздерінің сау және жаңаша ойларымен айналасындағы халқына ықпал ете білуі керек", - деп жазады ол. Ыбырай Алтынсарин қазақтарды әлемдік мәдениетке еніп, өз дүниетанымын кеңейту үшін, орыс тілін үйренуге шақырады: "Қырғыз халқы үшін барлық мүмкін болатын бақытты алдағы уақытта үстемдік етуші орыс халқымен рухани біте қайнасу мен оның орыс-қазақ білім беруі көмегімен рухани, экономикалық дамудан көремін",- дейді.

Сонымен қазақ ағартушылары Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсаринның философиясы қазақ руханилығының гуманистік дәстүрлерді жалғастырып және оның әрі қарай мәндік дамуындағы маңызды кезең болды.

А.Құнанбаев (1845-1904) қазақ ағартушылығында, қазақ халқының бүкіл ұлағатты мәдениеті тарихында үлкен орын алған ұлы ақын, ойшыл. Оныңшығармашылық мұрасы өлең, дастан, философиялық проза, аудармалар мен әндерден тұрады. Абай - қазақ әдебиетінде сыншыл реализмнің негізін салушы. Ол «ақынның азаматтық парызы шындықты бейнелеуде, қоғамдық кесірді әділет пен ақылдың билігіне жүгіндіруде» деп білді. Дүниетанымдық мәселеде Абай Алтынсарин секілді деизмге жақын. Құдай - өз заңдары бойынша дамып жататын өлшемнің алғашқы себепшісі деп түсінді.

Абай Құнанбаев өзінің аса дарындылығы, ой-өрісінің тереңдігі, халқына деген қамқорлығымен әлемге танымал болды. Абайдың дүниеге көзқарасы ойы мен қыры мол, күрделі. Дүние туралы пікіріне келсек, деизмге жақын дедік. Біріншіден, сыртқы дүниенің санадан тыс өмір сүретіндігін қуаттайды. Мысалы, қырық үшінші қара сөзінде адам «...көзбен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады» (А.Құнанбаев. Шығармаларының бір томдық жинағы. А., 1961, 48-бет), - дейді.

Абайдың еңбегі қазақ халқының көшпелі өмір салтынан өз бойына оның ең жақсы жақтарын алған, отырықшы қала тұрмысына көшуге жағдай жасауында жатыр. Бұл ықпал номадтық дәуір адамының дүниетанымының, дүниені ұғынуының, дүниені сезінуінің, дүниені түйсінуінің өзгерісінен көрінеді.

Абайдың ішкі түйсігі Абайға қазақ халқының шектеулі өмір сүре алмайтындығын, оның адамзаттың бір бөлшегі екендігін, сол себепті әлемдік өркениет жолымен жүріп, оған қосылуы керектігін ұғындырды. Осыдан келіп өз халқына көмектесуге ұмтылуы, жолында кездесетін көптеген кедергілерден өтуі керектігіне күйінуі туады. Міне бұл ретте адамға, оның санасы мен жүрегіне, ең әуелі мейірімділік пен руханилығына сенімі Абайға күмәнді жеңіп, оптимист болуды әкеледі.

Абай далаға адам болмысының негізі принципін әкеліп, оны даму принципімен байланыстырды: ол оның халқының жалқаулықтан арылып қана қоймай, әлемдік мәдениет контекстіне қосылып, оның өлшеусіз қазыналарын игеру контекстіне қосылғанын қалады. Сананы жоғары көтере отырып, ол қазақтар үшін өмір құндылықтарының, адам бақытының мәнін жаңаша түсіну түрінде көрінген жаңа құндылықты, бағыттарды қалыптастырды. Бірақ адамның басты кредосы - оның ізгілігі, мейірбандығы, достығы, махаббаты. Сезім мейірімділікті зұлымдықтан ажыратып, қайырымдылықты басшылыққа алуға мүмкіндік береді. Білімнің санамен сезімдердің мұндай қатынасынан білімнің сезіммен, сеніммен байланысы туралы, адам эссенциясы мен экзистенциясының тұтастығы туралы қорытынды шығаруға болады.

Сонымен бірге көптеген өлеңдерінде, отыз сегізінші сөзінде жан-жануарларды, адамды, тіпті, машина, фабрикаларды алла жаратты деген тұжырым жасайды. «Мен» және «менікі» деген философиялық мәселені қарастырып, өзіндік тұжырымға келеді. Ақынның ойынша «мен» - ақын, жан, «менікі» - адам денесі. «Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, «менікі» өлсе өлсін, оған бекі» деп, дене өлгенімен жан өлмейді деген қорытындыға келеді. Абай таным туралы құнды пікірлер қалдырды. Түйсіктеріміз арқылы дүниеден хабар аламыз, пайда, залалды айыратын қуаттың аты - ақыл дейді.

Көптеген өлеңдері мен қара сөздерінен диалектикалық тұжырымдар бейнесін көруге болады.

Шәкәрім Құдайбердиев (1858-1931)кең ауқымдағы, тұтас, бөлек бітімді, салмақты ойы бар тұлға. Ол тек қана ақын, ойшыл, ғана емес, өз Отанының патриоты. 30 жылдардың басында Қазақстанда аштық пен ауру белең алып, халықты баудай түсіргенде, Шәкәрімнің бұл саясатқа наразы араша айқайына мемлекетте қалыптасқан саяси жүйе жазалаумен жауап берді. Дана ғалымның тазалығы мен тұтас болмысы басшылыққа жақпады. Уақыт шеңберінде билік өз дегенін жасап бағады. Егер тұлға белгілі бір жағдайда билік құрылымына бейімделсе, мәңгілік пен ақырғылықтың арасында өзіндік гармония тууы мүмкін. Алайда, талант ақырғыдан да асып түсуді талап етеді.

Сондықтан да тұлға билікпен тайталасқа түседі. Осы тайталасты жеңу мүмкін емес шығар, сол себепті Шәкәрімдей тұлғаның қайғылы өмірі трансцендентті, өз заманының тарихи шеңберінен асып түсіп күнделікті, сол бір мезеттегі сәттен жоғары тұрып, абсолютті мәңгіліктің көшбасшысы болып табылады. «Әр заманның, әр мәдениеттің, әрбір салт-дәстүр жиынтығының өз ерекшелігі, өзіне тән сұлулығы мен қатыгездігі бар». Кейбір азаптар оған табиғи, тән боп көрініп, оған көнбістік танытады. Гессенің «Дала қасқыры» романының кейіпкері Гарри Гадерд «Нағыз азап-тозақ деп адам баласының екі дәуір, екі мәдениет, екі дін қиылысып жатқан кездегі өмірін айтамыз», - дейді.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2014-11-20; Просмотров: 880; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.009 сек.