КАТЕГОРИИ: Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748) |
Сюжет пен мотив
Сюжет (фр. sujet - зат) - өзара жалғасқан оқиғалардың тізбегі, біртұтас желісі. Сюжеттің негізі - өмірлік тартыс, конфликт, кейіпкерлердің қарым-қатынасындағы қақтығыс. Ол тартыс, конфликт - әр түрлі адамдардың көзқарасындағы қарама-қайшылық. Мұндай кайшылықтар әр түрлі әлеуметтік топтардың ымырасыз күресі, таласы үстінде қандай айқын бой көрсетсе, сонымен қатар, баяндалған оқиға, жағдайларға кейіикерлердің әр түрлі қарап бағалауынан да жақсы аңғарылады. Кейіпкерлердің қақтығысы қалайда қоғамдық өмірдегі күрес-тартыспен қабысып жатады, жеке адамдардың іс-әрекетінен, тағдырынан оқырмандар заманның, дәуірдің шындығын көріп, әлеуметтік қайшылықтардың сырын ұғады. Шығармадағы қақтығыстартыстың өрістеп дамуы үстінде кейіпкерлердің қимыл-әрекеттері, ой-сезімдері, сөздері арқылы олардың характері ашыла, айқындала тұседі. Сюжеттің жүйелі тұтастығы да, жекелеген сәттері, яғни бастамасы, шиеленісуі, шарыктау шегіне жетуі және шешілу-аяқталуы да өмірлік тартыс, қайшылықтың даму-өрістеу заңдылықтарына сәйкес келіп отырады. Оқиға желісі болған соң, тартыс болған соң оның қандай да болсын бастауы, өрістеп, шиеленісіп, ширығатын кезі, аяқталуы болатыны түсінікті. Және мәселе окиғаның жай аяқталуында емес, көркем шығармадағы қактығыстар, жеке сурет-картиналар арқылы толысып, мағынасы кеңейе түсетін окиға тізбегі бара келе логикалык тиянактылык тауып, негізгі шиеленістің түйіндері шешіліп, бәрі-бәрі бір арнаға құйылып барып тынуы, сол арқылы шығарманың негізгі идеясы өсерлі толық ашылуы аса қажет. Сонымен бірге Сюжеттің беташары ретінде аңдату (пролог), ал соңында (эпилог) суреттемелер де беріледі. Мотив (қозғаушы, итермелеуші) – адамды белгілі бір іс-әрекетке бастайтын ішкі субъективті себеп, оның қажеттіктері мен мүдделерін білдіруге бағытталған саналы, мақсатқа сәйкес әрекет. Пиғыл, ынта, мақсат ұғымдарымен үндес. Мотивті жүзеге асыру тұлғалық әрекетке бағыт береді. Табиғи және қоғамдық ортаның талаптары адамның мотивтерін жүзеге асыру кезінде ерік-жігер жұмылдыруды қажет етеді. Тұлғаның іс-әрекеттеріне, қылықтары мен пиғылдарына баға беру үшін оның мотивтерін айқындау керек. 53. Драманың жанрлық турлері. Драмалық жанр трагедия, драма, комедия болып ушке бөлінеді. Көркем шығармалар түрлі оқиғаларды, күресті көрсетеді. Көздеген өз мақсаттарына жету үшін қатысушылар бір-бірімен ішкі(психологиялық) және сыртқы бөгеттермен күреседі. Трагедия сахнаға арналып жазылады. Трагедияның жанрлық ерекшелігі – өмірдегі шиеленіскен тартысты, бір-біріне қарама-қарсы күштердің ымыраға келмес күресін, қақтығысын суреттеу. Трагедияда қоғамдағы түрлі көзқарасты ұстанған күштердің, кертартпа топтардың арасындағы тартыс бейнеленеді. Өмірдегі ауыр жағдай мен қиын-қыстау кезеңдегі адамзат басына түскен ауыртпалық баяндалып, шығарма көбіне негізгі кейіпкердің қазаға ұшырауымен аяқталады. Бірақ жеке адамның трагедиялық халге ұшырауы оның үміті кесіліп, арманы орындалмады деген сөз емес, керісінше, ол ғұмырын арнаған арман-мақсаттың биік те зор екендігін танытады.Әдетте кертартпа топтар әшкереленіп, шығарма оқырманды алға ұмтылуға, ізгі арман-тілек, мақсат үшін күресуге жігерлендіреді. Мысалы, “Абай” трагедиясындағы жауыздыққа батыл қарсы тұратын, жазықсыздың жақтасы Абай бейнесі, “Ақан сері – Ақтоқтыдағы” өмір қыспағына түсіп, қиянат-зорлықты көп көрген Ақан бейнесі. Драма - сахнаға қоюға лайықталып жазылатын жанрдың бір түрі. Драмаларда әлеумет өмірінде кездесетін үлкен, ауыр халдермен қатар салт-тұрмыста күнбе-күнкездесетін күлдіргі жайттар да ұштастырыла, араластырыла көрсетіледі. Егер трагедияда күлкінің кездесуі шарт емес болса, комедия түгел дерлік күлдіргі оқиғаға құрылады, өлім мүлде болмайды. Драмада бұл екі элементтің екеуі бірдей кездесе береді. Сондықтан бұл трагедия да, комедия да емес, өзінше бір түр болып есептеледі. Тарихи жағынан алғанда, драма трагедия мен комедиядан кейін туған. Алғашқы туа бастағанкезінде (ХVIII ғасыр) драма көпке шейін «қарапайым адамдардың үй ішіндегі трагедиясы» немесе «салмақты комедия» деп аталып келді. Мысал үшін Мұхтардың «Түнгі сарынын» алалық. «Түнгі сарында» байларға қарсы шаруалардың көтерілісін көрсетеді. Сол көтерілістің негізгі себептерінің бетін ашады. Езілген еңбекші таптың өкілі етіп Жантас, Тәнекелер тағы басқаларды көрсетеді. Езуші таптың өкілі етіп Кәрім, Майқан тағы басқаларды алады. Бұл тартыста Жантас және сол сияқты бірнеше адамдар құрбан болады. Автор олардың күрестегі қайғылы халдерін, мезгілсіз өлімдерін көрсетеді. Бұндай көтеріліс пролетариат бастамаған, коммунист партиясы басқармаған шаруа көтерілісінің әрқашан да жеңілетінін, бұл біздің қазақ халқының жағдайында да болғанын айқындайды. Бірақ жеңіліс уақытша ғана жеңіліс, көтеріліс өшпейтін, өсетін, бүгін болмаса, ертең жеңетінін, жағдай соған тірелгенін көрсетеді. Мұны біз Жантасты өлтірген жердегі сөздерден анық көреміз. Сол сықылды жағдайда екі тап түйіскенде, кейде шаруаның басына түскен қиыншылық, ауыр халінсуреттеумен қатар, жеке қаһарманның басындағы қиыншылықты да көрсеткені байқалады. Үшиншиси- Комедия- өмір құбылыстарының, мінез-құлықтың, іс-әрекеттің күлкілі жақтарын көрсету мақсатымен сахнаға лайықталып жазылған драм.шығарма. Жанры түрліше; сатиралық комедия, юморлық комедия, лирикалық комедия, музыкалық комедия, т.бХарактерлер қақтығысы, мінездер шайқасы бірінші катарға шығады. Жағымды, жағымсыз кейіпкерлер тартысының үстінде жеке бастың мақсаты мен құлқынның қайы үшін ұнамсыз кейіпкерлер өзара кикілжіңге барады, күлкіге ұшырайды. Комедияның ерекшелігі тартыспен, сюжетпен, қызықты оқиғамен қатар тіл өрнегіне де қатысты. Дараланған, өзгелерге ұқсамайты нәр кейіпкердің тілі күлкі шақырса, сахналық туындының ажары кете бастайды. Бұл тұрғыда әсірелеу, ұлғайту (гипербола), өсіру (гротеск) сияқты көркемдік құралдары кеңінен пайдаланылады. Қазақ әдебиетінде алғашқы комедиялық шығарма Б.Майлиннің қаламынан тулы ("Шаншар молда", "Некеқияр", "Талтаңбайдың тәртібі", т б.).М.Әуезов ("Айман-Шолпан"), Ж.Шанин ("Торсықбай", "Айдарбек"), Ә.Тәжібаев ("Той боларда"), ҚМұхамеджанов ("Бөлтірік бөрік астында"), Қ.Байсейітов пен Қ Шаңғытбаев ("Беу, қыздар-ай"), ҚАманжолов ("Досымның үйленуі"), С.Балғабаев "Тойлан қайтқан қазақтар", Т.Нұрмағанбетов ("Қырманбайдың тойы"), т.б. көптеген комедиялар жазды. Бүгінде қазақ комедиясы белгілі жанрлық жүйесі бар арналы салаға айналды. 54. Әдеби реминисценцияның теориялық анықтамасы. Реминисценция - поэзиядағы, музыкадағы болсын, жалпы өнер атаулыда бірді-екілі сөз, сөйлемнің, тіпті, оқиғаның өзге шығармада қайталануы, жаңғыруы. Яғни ақындардың поэтикалық байланысының бір көрінісі. Бұл тарихи-табиғи категория. Осы заңдылық бойынша кейбір образдар, сөз орамы, тіркес, бірдей сөздер мен сөйлемдер, жолдар, жалпы ырғақ бір ақындардан ауысып, екінші ақынмен үндесіп жатса, ол ешқандай да ұрлыққа жатпайды. Төлеген Айбергеновтың: «Сен өзімді көрсең, Тұрысым осы менің. Ал мендегі ғаламат сезімді көрсең, Шошыр едің», - деп келетін өлеңі бар. Өмірзақ Қожамұратовтың да: «Білмеймін сені, Мен сені, Жолсерік болып тосып ем, Сезімді көрсең мендегі, Сен қазір, жаным, шошыр ең», - деген өлеңі бар. Дәл осы Өмірзақ Қожамұратовтың бір өлеңі Зейнолла Тілеужановтың өлеңімен үндеседі. Мұның бәрі - мен айтқан реминисценцияның жемісі. 55. Көркем туындыдағы деталь және оның қызметі Деталь - көркем шығармада белгілі бір мағыналық, идеялық-эмоциялық жүк көтеріп тұрған көркемдегіш құрал. Ол бірер сопы сөз, сурет-деректеме арқылы берілуі мүмкін. Детальда аз ғана сөз суретке айналып, оқырманды әсерлі сезімге белейді, шындықтық ой-қырын ашады, яғни шындыққа жанасымды келеді. Мысалы, эпопеяда келіні Қамқа қайтыс болған күйеуінің түсіне кіргенін айтып толқығанды, атасы Қодар: «Түс шіркін жұбаныш па, тәңір-ай» деп қысқа қайырады. Бірақ бұл жай ғана айтылған сөз емес, қыр елінің қатыгез тұрмысынан хабар бөретін деталь Мұның соңы Қамқа мен Қодардың ажалымен бітеді («Қайтқанда»). Көркемдік деталь (бөлшек, бедер-белгі) - мағыналық, көркемдік мәні бар ұсақ ерекшелік, сөз болып отырған нәрсенің жекелеген сипат-белгілері. Әншейінде оп-оңай көзге түсе бермейтін өзгешеліктерді байқағыштықтан, көрегендіктен туындайды, сондықтан ол өмір қүбылысының әр түрлі нәрсенің ерекшелігін сондай-ақ адамның бойындағы қандай да бір қасиет- сипатты дәл тауып, бейнелеп беру шеберлігін танытады. Кейіпкердің мінезіндегі, кескін-келбетіндегі, іс-әрекеті мен сөйлеу мәнеріндегі немесе шығарманың сюжеттік желісіндегі, композициялық құрылысындағы жекелеген ерекшеліктер немесе суреттеменің, баяндаудың дәлдігін, нақтылығын арттыра түсетін әр түрлі бояу-нақыштар - міне, осылардың қай-қайсысын да Көркемдік деталь ретінде алып карауға болады. Мұхтар Әуезов "Абай жолы" роман-эпопеясында жас Абайдың Тоғжанға деген ыстық сезімін суреттегенде қолданылатын портреттік деталь - қыздың бейнесін оның шолпысының сылдыры арқылы әсерлі елестетуі. Шолпы әуелі жиі сылдырлап, аздан соң баяулай бастап, тағы біраздан соң анда-санда бір ғана шылдыр ете түсіп ұзап барады. Абай өз жүрегінің аттай тулап соққан дүрсілін естіді. Шолпы үнін сол басып барады. Өзгеше ыстық, кымбат шолпы ең соңғы рет бір шылдыр етті де, білінбей кетті. Түн тыныштығын үрлап кеткендей жұтып кетті". Шолпының әдемі сылдыры жас қыздьщ қимыл-козғалысының, жүрісінің бір ажырамас белгісіндей көрініп, Абай мен Тоғжанның алғашқы кездескен сөттері суреттелгенде-ақ біздің көңілімізге берік үялайды. Шолпының дыбыстык әсері жас қыздың қимыл-қозғалысының айрықша келісті сәнділігін көзге елестетеді. Бұл көркемдік тәсілдің айрықша ұтымдылығы - аз сөзбен көп мағына беріп, өмір күбылысын ықшамды, орамды түрде, ұтымды бейнелеуге ұмтылуда. Айталық, адамның мінезін, қимыл-әрекетін суреттегенде, бірнеше дөп басып көрсетілген сипат-өзгешелік аркылы оның бейне-тұлғасын көзге тұтас күйінде айқын елестетуге мүмкіндік туады. Не нәрсе суреттеліп, қандай жағдай баяндалса да, бүтінді жеке бір бөлшегі арқылы, тұтас құбылысты кейбір дара сипаттары арқылы не- месе адамның іс-әрекетін, жүріс-түрысын бір-екі кимыл-қозғалысы арқылы әсерлі көрсету - міне, Көркемдік деталь қолданудағы жазушының шеберлігі осыдан жақсы аңғарылады.
56-сұрақ. Әдебиеттану ғылымындағы әдіснамалық мектептер. Әдебиеттану ғылымының тарихында көптеген мектептер мен ағымдар болған. Бағыттар қатар да, әр кезеңде де өмір сүріп кейде бірін-бірі ауыстырып та отырады. Филологиялық мектеп (филология-сөзге құмарлық) жазба ескерткіштерді тілдік және стилистикалық жағынан талдау арқылы адамзаттың рухани мәдениетін зерттейтін тіл білімі әдебиеттану, историография, текстология т.б гуманитарлық пәндердің жиынтығы. Көне мектептердің бірі-филологиялық мектептің дәстүрін ұстанған ғалымдар негізінен көркем шығарманың мәтінін зерттеп бағалауға бой ұрған. Эстетикалық догматизм мектебінің белгілі өкілі деп француз ғалымы - Никола Буалоны айтамыз. «Поэтикалық өнер» деген трактатында көркем шығармаға күні бұрын жасалған қалыппен келу принциптері бар. Үш бірлік: орын бірлігі, уақыт бірлігі, әрекет бірлігі сақталсын дейді. Көркем әдебиеттің даму процесі бұл мектептің жалғандығын айтылмаш шарттардың бекер нәрсе екендігін дәлелдеді. Биграфизм мектебі -19 ғасырдағы француз сыншысы Сент-Беф зерттеудің басты мақсаты, негізгі тенденция суреткердің рухын тану. Оның айтуынша, көркем шығарманы тудыратын фактор әлеуметтік орта, қоғамдық тартыс, таптық наным, дүниеге көзқарас, суреткердің өзі көрген, өзі сенген нәрсесі. Мәдени-тарихи мектеп – әдебиеттану ғылымындағы ең танымал бағыт. Бұл ағымдағы оқымыстылар Дарвин теориясын әдебиет ғылымына әкеп қолданады және дәлелсіз қолданады. «Ағылшын әдебиетінің» тарихы деген еңбектің авторы Ипполит Тен көркем шығарманы қаламгерлікті тану үшін үш буынға(нәсіл,орта, сәт) НАЗАР АУДАРУ КЕРЕК дейді. Белгілі бір халықтың әдебиетінің тууы қалыптасу,даму кезеңдерін география мен климатпен топырақпен байланыстырады. Бұл мектепте бірқатар фактілер жинақталғанымен, метофизикалық, идеолистік әдіс әдеби дамуды әдебиет пен қоғам арасындағы байланыстан шет қалды. Тарихи-салыстыру мектеб і немесе компративизм ағымының россияда туын көтерген Веселовский, Миллерлер. Мұндағы негізгі принцип- салыстыру. Компративистер әр түрлі халықтар әдебиетіндегі жанрларды салыстыра қарап форма мәселесіне сюжеттің шығуына байланысты көптеген пікірлер айтқан. Психологиялық мектеп – принципі б/ша әдебиетші көркем шығарманы тудырған суреткердің психологиясын зерттеу керек немесе суреткер жасаған бейнелердің психологиясына назар аудару керек. Психо-аналитикалық мектеп немесе Фрейдизм 20 ғ. Бас/да австрияда көрініс берген. Негізін салушы - З.Фрейд. Ол әдебиеттің әлеуметтік маңызын мойындамайды. Екі халықтың әдебиетін салыстыру қажет емес дейді. Оның назар аударатыны- суреткер санасының астарлы сырлары, түйсіктің жұмбақ құпиялары. Фрейд адам бойындағы ең басты қасиет- адам тіршілігін бағыттайтын қуат көзі нәпсі және қанға ұмтылу. Адамның қателіктері нәпсінің кесірі дейді. Формализм мектебі- өнердегі басты нәрсе түр деп қарайды. Сондықтан форманы зерттеу басты нәрсе дейді. Формалистердің ден қойған мәселесі- өлең құрылысы, әуезділік, ұйқас, ырғақ. Өкілдері: Жирмунский, Якобсон, Лотман. Социологиялық мектеп – әдебиеттану ғылымында 20 ғ. басында бет алған бұл бағытты дөрекі социолизм деп атайды. Бұның өкілдері – қоғам заңдарын әдебиетке механикалық түрде қолданып метофизикалық жолға түсті. Бұлар ең алдымен жазушының шығармасын оның таптық тегімен байланыстыра қараған. 20- жылдары Мирский –Пушкинді, Кравченко – Гогольді, Нусинов-Успенскийді орыс әдебиетінің тарихынан сызып тастады. Қазақта Абай және Мағжан қараланды. Осы ағымның жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ әдебиеттануына салқыны тиді. Проза жауһарлары саналатын «Қаралы сұлу», «Қараш-қараш» оқиғалары, «Қилы заман» сынды туындылардың кезінде әділ бағаланбауы эстетикалық талғамның саясыздығынан деп білеміз. Әдеби ағымдар мен бағыттар әдеби дамудың бет-бағдарын,табиғатын анықтауда маңызды орынға ие. Әдебиеттану ғылымындағы мектептер тарихы әдебиеттің зерттелу тарихынан хабар береді. 57. Аллюзия және оның түрлері Жағдаятты астарлы мәтін тарихи немесе әдеби болуы мүмкін, яғни оқырманның есіне прецедентті немесе тарихи фактілерді, оқиғаларды түсіреді. Жағдаятты (кейде ассоциативті де) астарлы мәтін құралдарының бірі аллюзия (фр. аllusiоn – әзіл, ым-ишара, кекесін) – мәтіннің адресатқа белгілі өткендегі немесе әдеби шығармалардағы сөздермен, тұрақты сөйлеу тіркестерімен шендесетін стилистикалық фигура. Астарлы мәтін поэтикалық шығармаларда айқынырақ байқалады. Астарлы мәтін-түрлі құрылымдық ерекшеліктерінің, сөйлемдердің өзінше байланысуының, тілдік фактілер символикасының арқасында сөйлемдердің қосымша мағына тудыратын қабілетінен шығатын лингвистикалық құбылыс. Тура және астарлы мәтін «тақырып-рема» қатысында тұрады: тура-тақырып (болғандық, шындық), астарлы мәтін-рема (жаңа). Астарлы мәтін ашық көрінбейді, бір оқығанда назарға ілінбейді, тек бірнеше рет қайталап оқығанда ғана мазмұндық-фактуалды ақпарат арқылы байқала бастайды.
58. Автор: нақты автор және имплецивті автор. Автор бейнесі. Нақты автор – көркем туындыны жасаушы. Мысалы, «Тұйық» романының авторы – Қалихан Ысқақ немесе «Қан мен тер» романының авторы – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Имлицивті автор немес автор бейнесі – оқып отырғанда оқырман санасында пайда болған ұғым. Әдеби туындының авторы тұтас туындыға қатысты болады, бүтіндей мазмұннан оған бөлінген ешқандай мезет жоқ. Автор сол бөлінбеген мезетте, яғни мазмұн мен форманың тығыз тұтасуы сәтінде көрінеді. Әдебиеттану бүкіл мазмұннан бөлінген тұстан – яғни дүниетаным, өмірбаян, уақыты анықталған адамнан авторды іздейді. Осыған сәйкес “автор бейнесі” шынайы адам бейнесімен тұтаса көрінеді. Көркем мәтін ‑ өзара ішкі байланыстары мол көпқабатты құбылыс. Әдеби шығармада сюжет оқиғалардың тізбегінен, яғни уақыт‑кеңістік қатынасындағы кейіпкерлерінің өмірінен, бір‑бірімен алмасып отыратын әрекет‑жағдайлардан тұратыны белгілі. Онда берілген үлкенді‑кішілі әрекеттердің бірлігі сюжет, идея, кейіпкерлер арқылы қабысады. Автордың толғамы әр түрлі ситуация ішінде шектеусіз көрініп отырады да, шығармадағы оқиғалар уақыттан тыс, кешенді де сипат алады. Көркем шығармада баяндаушы немесе әңгімешінің орны ерекше. Олардың ерекшелігі оқиғаны жеткізулерінен айқындалады. Біреуі оқиғаны үшінші жақтан баяндаса, екіншісі оқиғаның қатысушысы ретінде көрінеді. Әдебиет зерттеушісі В.Е.Хализев: “Оқиғаны өз атынан тікелей баяндайтын адамды әңгімеші деу керек”,‑дейді. Үшінші жақтан баяндайтын адам өзін бәрін білетін автор ретінде немесе белгісіз, жасырын әңгімеші ретінде көрсетуі мүмкін. Бірінші жақтағы баяншы тікелей автор да, нақты әңгімеші де, шартты түрдегі баяншы да болуы мүмкін. Осы жағдайдың әрқайсысында әр түрлі мүмкіндіктерімен ерекшеленеді. Енді бір жағдайда мәтіннің авторы өзінің нақты позициясын әр түрлі: өзі арқылы, жасырын автор түрінде, аты аталмаған басқа кейіпкерлер атынан да беруі мүмкін. Баяншы – оқырманға кейіпкердің әрекеттері туралы баяндап, оның өту уақытын белгілеп, кейіпкердің бейнесін, ортасын суреттеп, оның ішкі дүниесін ашады. Бұл кезде ол бәрінен тысқары тұрады. Баяншының міндеті бір мезгілде өзі бейнелеп отырған шектеулі кеңістікте көріне отырып, оның оқырмандарына да арналады. Яғни, автордың бейнелеп отырған кеңістігінің сыртына да шығып кетеді. Сонда баяншы белгілі бір адам бейнесі емес, ол қызмет, функция деген жөн. Баяншының автордан өзгешелігі ол суреттелетін уақыт пен кеңістіктен тыс тұрады. Көркем шығармаларда басым орында баяндау алады, яғни автор өз сөзімен оқиғаны баяндап береді. Ол қатысушылардың тартыстарының нақты себебін ашып кейде екі суреттеудің арасына дәнекер болады, қиюластырады, кейде көрсетейін деген өмір құбылысына бағыт сілтейді.
59. Әдебиеттің ұлттық сипаты Ұлттық сипат – шығарма авторы дүниетанымының көрсеткіші. Ақындық поэзиядағы шығармалардың лирикалық және эпикалық жанрларында авторларының халық даналығынан тағылымала жинақтап, түйіндеп толғаған жырлары дүниетанымның болмысын танытады. Дәстүрлі ақындық поэзияның кейінгі кәсіби жазба әдебиет дамуына ұласқаны – осы ерекшелігі. Көркем әдебиет шығармаларындағы автор дүниетанымының ата бабалық көзқарастардан сабақтаса жалғасқан болмысы оқырмандарды, тыңдаушыларды тәрбиелейтіні ақиқат. Ақындық поэзия шығармаларының ұлттық сипатпен жырлануына көркемдік негіз болған мұралар – халық даналығының қайнар бұлақтай көрсеткіштері болып саналатын мақал-мәтелдер. Қазақтың ата-бабалардан сақталып, ұрпақтарға ұлықталып жеткен ұлағаты – ұлттық қарым-қатынас мәдениетін, мінез-құлықтың ең ізгі қасиеттерін құрметтейтін дүниетаным көзқарастары. Ақындық поэзияның лирикалық-дидактикалық өлеңдерінде, айтыстарында, дастандарында қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ойлау дүниетанымына тән өрнектер мақал-мәтелдер арқылы ұрпақтар жадына жаңғырта ұсынылды. Ақындық поэзияның ұлттық сипаты мен көркемдік ойлау ерекшелігі классикалық әдебиет алыптарының шығармашылығымен сабақтаса бағаланады. Қазақ әдебиеті тарихының XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бірінші жартысындағы даму кезеңдеріндегі көрнекті шығармашылық тұлғалар әлем әдебиеттеріндегі классикалық мұраларға ерекше ықыласпен қарады. Олардан шығармашылық байланыс, ықпалдастық аясындағы өзара араласу құбылыстары байқалады. XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиетінің жаңа реалистік әдеби дәстүрлерін қалыптастырушылар Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы өздеріне дейінгі және тұтас классикалық әдеби дәстүрлердің озық үлгілерін шығармашылықпен игереді. Қорыта айтқанда қазақ әдебиеті тарихының байырғы арнасы дәстүрлі ақындық поэзия сөз өнері үдерісінің кейінгі жолына берік негіз болды. Ұлттық сана-сезімнің ұрпақтар жалғастығы жүйесіндегі өркендеуі, жетілуі дәстүрлі ақындық поэзияның халық жадында жатталған үлгілері арқылы жүзеге асырылып келеді.
60-сұрақ. Поэтикалық оксюморон. Қарам-қайшы түсініктердің тіркесуін, яки бір поэтикалық бірлікте үйлесуін сипаттайтын «оксюморон» әуелгі ұғымда «әсіре мағынасыздық» түріндегі антикалық стилистика термині ретінде таныс болса, енді оны қарама-қайшы ойлар мен сезімдер тартысын тұтастыра, үйлестіре берген поэтикалық тәсіл түрінде танығанымыз жөн. «Оксюморонді стилистикалық тәсіл ретінде әдебиет классиктері де пайдаланды, қазіргі қаламгерлер де пайдалануда. Оксюморон көркем сөздің эмоциялық әсерлілін арттырып, қарама-қайшылықтың бірлігін әйгілейді». Осы тұжырымға сүйенсек, оксюморонның туындауына, стилистикалық тәсіл ретінде көркемдік кеңістіктен орын алуына диаданың негіз болғанын бағамдау қиын емес. Диада сөзінің мәнін түсіндіре кетсек, грек тілінде екілік, екі жақтылық деген ұғымды береді. Диада – адам өмірінің шетке ысырылмайтын шындығы. Күллі ғұмыр екі жақтылыққа, сол негізде туындайтын күреске, қозғалыс пен дамуға негізделеді. Мифологиялық танымнан бастау алған диадалық ұғым поэтикалық ойлау жүйесінде адамның жан дүниесіндегі қарама-қарсы ойлар мен әрекеттердің күресін бейнелеудің «қайнар көзіне» айналды. Қазіргі көркем әдебиеттегі психологиялық талдау тәсілдерінің бірі – бір кейіпкердің бойына сыйдырылған «қос тұлғаның» күресін бейнелеу арқылы тұтас характерді таныту. «Қос жарылған» кейіпкер – көркем кеңістікте «ғұмыр кешуші» поэтикалық диаданың мысалы. Төлен Әбдіктің «Оң қол» әңгімесі мен «Парасат майданы» хикаяты, М.Мағауиннің «Жармақ» романы осындай «диада-кейіпкерді» сомдауымен ерекшеленеді. Диадалық ұғымнан туындаған айшықтаулар, тілдік ұғымдар поэтикалық тұрғыда түрлі жолдармен көрініс берді. Кереғар құбылыстардың бір адамның бойында тайталасуын бейнелеуде қаламгерлер жүгінген тәсіл сырт сипатының әр қилылығымен ерекшеленеді. Т.Әбдік пен М.Мағауиннің диада-кейіпкерлерінен Оралхан Бөкейдің кейіпкерінің болмысы өзгешелеу жолмен танылған. «Сайтан көпір» хикаятындағы Аспан шалдың психологиялық ахуалын бейнелеуде О.Бөкей жүгінген тәсіл де диадалық ұғымға негізделген. Алайда, қаламгер бір кейіпкердің ішінен «екі тұлға» шығармайды. Басқаша көркемдік ұстаным тұрғысынан келеді. Лирикадағы кейіпкердің көңіл күйі мен ой-сезімін, бір тұлғаға сыйған екі түрлі болмысты таныту мақсатында диаданы «қайта қарауға» суреткерлер саналы түрде ұмтылды. Диаданы көркемдік тұрғыда «өңдеп», түрлі қалыпта жаңғыртып, психологиялық тереңдік пен лирикалық нәзіктікке бөлеп, жаңа сипатта жаңғыртқан туындылар санатында Ж.Нәжімеденовтің «Қыз құйған шай», «Бетпақ даладағы шоқ гүл», Ф.Оңғарсынованың «Мен саған ғашық емес ем», Е.Раушановтың «Жолданбаған хат», «Өзім шөлдегем жоқ, жүрегім шөлдеді» өлеңдерін атауға болады. Диада ұғымынан бастау алған оксюморон тәсілі кереғар ойлар мен сезімдер тоғысуы, яғни компромисі екенін еске алсақ, аталмыш туындылардың табиғатына осы тәсіл тән екенін айтуға болады.
61. Нарратор ұғымы. Нарратология ғылымы. Нарратор - көркем туындыда тарихты мазмұндау, оқиғаны баяндау қызметтері бөлінген тұлға. Әлемдік әдебиеттануда қазіргі нарратология атты арнайы ғылыми саласы қалыптасқан. Бұл бағытта жазылған еңбектердің қатарында В.Шмидтің «Нарратология» еңбегі, сондай-ақ «Нарратология» атты ғылыми пікір тұжырымдар жинақталған 2 томдық жинақты атауға болады. Нарратор түрлеріне әңгімеші мен баяншы жатады. Адебиет теориясында автор мен нарратор ұғымын дәйекті турде қарсы қояды яғни автор туындыдан тысқары болса керісінше сол көркем туындының бөлшегі, онсыз баяндаудың болуы мүмкін емес. Адебиеттегі мұндай тқұлғаларда әнгімеші, баяншы терминдерімен атайды. Нарратор түрлері көркем туындыда атқарар қызметтерімен ерекшеленеді, неге біз авторды нарратордан бөліп қараймыз? 1) Бір ғана автор әр түрлі туындыда түрлі мәнерді таңдайды. Мысалы, Эрнест Хемингуэйдің «Қош бол майдан», «Шал мен теңіз» туындыларында баяндаушы әр қалыппен көрінсе, Л. Тольстойдың «Анна Каренина» мен «Әзәзіл» туындыларында баяншының тұлғасы әр түрлі. Гогольдің «Диканька хуторы түбіндегі кештер» мен «Шинелін» қараңыз мұндада автор біреу болғанымен оқиғаны баяндаушылар да бір біріне мәнері жағынан сәйкес емес. М. Әуезовтің «Көксерегі» мен «Қаралы сұлуын» алайық. Болмаса Ж.Аймауытұлының «Ақбілегі» мен «Әншісін» алайық. Бұдан өзге егер автор, мысалы, сатиралық бет пердені жасауда, баяншыдан әдейі алыс қашықтықты ұстап, онымен мүлде сәйкес келмейді. 2) Әдеби туындының қайнар көзі ретінде автор нарраторды яғни тарихты оқиғаны әнгімелейтін нақты немесе жалған тұлғаны жасайды. Ақырында көркем туындыда баяндалатын ойдан шығарылған оқиғаны нарратор шындыққа айналдырып, нақтылық сипат бере отырып, басынан өткендей, өмірде болғандай етіп жеткізеді. Нарратор автормен кереғар қалыпта ғана тұрмайды, бұл екі тұлға арасында түбегейлі айырмашылық жиі байқалады. Нарратор тұлғасының лирикалық эпикалық драммалық туындыларда көрінуінің де шектеулі шекарасы бар. Егер лирикада тек өз сезімін бейнелейтін лирикалық мен әрекет етсе драмада нарратор оқиғаға тартысқа орын беріп «қағажу» көреді. Ал эпикалық туындыларда нарратор автормен оның суреттейтін әлемі арасында өзгеше делдал қызметін атқарады. «Шұғаның белгісі» мен «Қазақ солдаты» туындыларындағы автор мен баяншы арасындағы қарым қатынас өзгеше сипатта болса, «Тар жол, тайғақ кешу» романында автор мен баяншы арасында тығыз сабақтастық бар. Көптеген қаламгерлер баяншыға өз міндетін толықтай жүктейді. Қаламгердің жеке өмірі мен шығармашылығы арасындағы байланыс өте күрделі. 62. Монолог пен диалог түрлері. Монолог – (гр. monos - дара, гр. logos - сөйлеу) кейіпкердің көпшілікке қарата немесе өзіне арнап айтқан сөзі, толғанысы, өсиет-уағызы. Монолог – сөз өнерінде кейіпкердің ішкі жай-күйін, толғаныс-тебіренісін бейнелеу мақсатында қолданылатын тәсіл. Монологтың ерекшелігі бір адамның ойы, сөзі көрініс табады. Сахналық Монологта кейіпкер өзімен-өзі сырласқандай болып, тыңдаушы не көрерменнен жауап күтпейді. Абайдың “ Болыс болдым, мінеки ” өлеңі лирикалық монолог болса, Алтай (“ Сұлушаш ”), Қоңқай (“ Ақан сері – Ақтоқты ”) репликалары эпикалық, драмалық монологтарға мысал бола алады. Монологта кейіпкердің ой-тұжырымдары айтылып, оның жай-күйі айқын аңғарылады. Монологты ғылыми тұрғыда интраперсоналды сөйлеу деп те атайды. Монолог сөйлеудің жанрлық сипатына байланысты, қызметтік-коммуникативтік жағдайға қатысты (хабарлау, пайымдау, үгіттеу, т.б.) кейіпкердің төл сөзі, ғылыми баяндама, насихаттық сөздер болып бөлінеді. Мәтінде монолог диалог үлгісінде де, диалогпен араласып та келе береді. Монолог – сөйлеуші өз ойын бір, бірнеше, көп адамдарға арнап айтатын ауызша сөйлеу әрекеті. Монолог тек қана ауызша сөйлеу ыңғайында бола бермей, жазбаша түрде де кездеседі. Екі жағдайда да (ауызша және жазбаша) негізгі ерекшелігі - бір адамның сөйлеуі немесе бір адамның ойы. Монологтың бір көрінісі ретінде көркем шығармада, әсіресе, прозалық дүниедегі авторлық баяндау, бір жағынан, әдеби тілді ауызекі сөйлеу тіліне біршама жақындатса, екінші жағынан, тыңдармандар мен оқырмандарды оқиғаға араластырып жіберетін ұлы сөз зергерлері де бар. Демек, монолог туралы сөз болғанда, тек көркем әдебиеттегі мысалдарды келтіру бір жақты болады. Ғылыми баяндамада да, көпшілік алдында сөйлегенде де, екеу, үшеу ара сөйлескенде де, монологтың шебер құрылуы арқылы тыңдармандарымен диалог құрып кететін шешендер де болады.
Дата добавления: 2014-12-25; Просмотров: 4357; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы! Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет |