КАТЕГОРИИ: Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748) |
Кэрол Дуэк 34 страница
Күн жылыған сайын төбемізден үміт құсы ұшып жүргендей аспанға телміре түстік. Бірақ, маңынан жыл құсы да өтпейтін қора екен. Әйтеуір үй қаланып болып, цемент сылақтан басқа жұмысымыз жеңілдей бастады. Бір күні кешкі үйрену уақытында дүйжаң сары шатырымызға кіріп келді де тізім бойынша менен бастап, Құйынсоққан, Тоқты Басит бар, он шақтымыздың атымызды шақырды. «Орын-көрпелеріңді буыңдар!» деді жалғыз-ақ. Секіріп-секіріп тұра буынып-түйіндік те жүргелі тұрған автомобильге лезде шығып та үлгердік. Өз түрмемізге қуана жетіп, бұрынғы әтіретіміздегі босаған бір жатақтың сәкісіне шыға құладық. Қыс бойы сызды жерде жатып, осы сәкіні де сағынып қалыппыз. Ал, Мақпал мен Асқарға деген сағынышым да шек бар ма. Ол екеуіне қосып сағынатындарым тіпті көбейіп кетті. Жүрек дегенің бір көкірегіме мың болып қамалғандай, тіпті сиыспай тіресіп-сіресіп, сыздап-қоздап, тыншымды ала берді. Енді солардың көрінгенін шөпілдетіп сүйе беруді аңсағандаймын. Гүлниса ғой өз алдына лапылдаған бір от, ең жанашыр жақынымның бірі сол болмады ма!... Ал, Күләш екеуіміздің жүрегіміз 44-ші жылдан бері қосылып кеткен жүрек. Денеміз жақындасып көрмесе де ол екеуі жайшылықта да жабысып, аймаласып жатқандай сезілетін. Енді міне, көріскен жерде-ақ ерніміз де жабыса түсетіндей!... Осылай ала бөртіп, түн бойы ұйықтай алмай аунақшып шықтым. Қатты зарыққан тұтқын құс, арман кернеген қанатын әлемге тұтас жайғысы келеді екен. Таңертеңіне күрең момы мен оның «сорпасын» қосып қылғып алғанымыздан соң әмір бойынша буыншақ-түйіншегімізді қол арбамен сүйреп, Көказық бақшасына көштік. Сондағы үш ауыз үйдің біреуі бізге тиді. Мұнда тым шаһар айқайшыл болса да ағаш кереует бар. Талас–тартыс, бүйірлесу–тебісу жоқ, бір адамға дербес бірден ғой. Менің кереует сағынғаныма да қанша болды десеңші!... «Келгенде Асқарымды осы шақырлауық кереуетіме әкеліп ойнатамын!... Мақпалымды да осының кенересінде құшақтап бір отырып көрсем!... Ол қандай құштар маған, қошқардай бір ұлдың білімді анасы болғанда да балаша еркелеп жабысатын ғой!... Бірақ, бұл үмітім орындалмай бара жатты. Егіс жұмысы «зор секіру» бойынша күндіз-түні жүгірткендіктен «үлкен жексенбі» құйрығын қысып тағы қалды. Оның үстіне, басқа көрісушілер әр тұстан көрініп қайтып жүрсе де менің ешкімім көрінбей қойды. Мұнда келгенімді естімей жатыр ма, қыс бойы іздеп таба алмаған соң алыс бір жаққа әкетті деп торыққаны ма, иә, өз жағдайларында бір өзгеріс болды ма, хабар ала алмай тағы да сүмірейдім. Пошта арқылы хат жолдасам да жауап келмей қойды. Жарқырап жаз келді, көңіліме сонда да жылу жетер емес, тітірей бердім. Бір күні кешке жақын шақырушы келіп, мені түрмеге әкетті. Тәлім-тәрбие гансысы шақыртыпты. Бөлмесіне кіріп, столының алдына тұра қалдым. – Жә, сені, өз денсаулығың үшін де қолайлы бір міндетке қосуды ойластырып жүрміз. Ашып айту керек, қазір ішіп-жем жақтарың өте нашар. Ал, асхананың өзінде істеушілердің тұрмысы жақсырақ. Қазірше соның есеп-қисабына көмектесіп, одан бос уақыттарыңда сәй тазалауына көмектесіп қана тұрсаң болғаны. Кейінірек дербес запхоздық міндетке көтермекшіміз. Онда тұрмысың бүтіндей жақсарады. Бұған қалай қарайсың? Лаужяу орнына келгеніме он төрт ай болып қалса да қайтарудан титтей үміт көрсетпегеніне қынжылғаныммен лаж жоқ қой, бұл қамқорлығына да разы бола тұрғым келді. – Әрине қарсы емеспін, істей тұрайын!? – Ал енді олай болса, оған дайындық шарт толтыру қажет. Сенің қабілетіңді біз толық білеміз. Қандай зор қызметті де атқара алатын, дегенбай интеллигенттің өзі болатынсың. Әрқандай адамның жүзіне қарап қана ішіндегісін білетіндігіңе шүбәміз жоқ. Сондай қабілет иесі бола тұра қазірге дейін маңайыңдағы Лаужяулардың ешқайсысының мәселесін әшкерелемей келесің. Алдымен осы позицияңды өзгерт! – Маңайымнан сезген – білген қателік – кемшіліктің ешқайсысын жасырған емеспін гансы! Нанбасаңыз, группамыздың жиын естелік дәптерін қарап көріңіз, әр күні көргенімді сол күнің кешіндегі үйрену жиынында ортаға қойып, тойтару, түзету айтып келемін! – Басшылыққа жақындасу дегенді білемісің?... Осында келіп бізге бірер Лаужяудың мәселесін жеткізіп, жол-жорық алған жерің бар ма! – Гансы, мен біреудің сыртынан сөйлеуден, ғайбат-өсек айтудан қатты намыстанатын адаммын. Әрқандай адамның бетіне айтуға ғана әдеттенгенмін. Мәселен, әр апталық тұрмыс тексеру жиындарында да келмеген адамдардың үстіндегі пікірімді сақтап қойып, өзі келген соң ғана сөйлеп жүрмін. Қалай да әркімнің ісін өз алдында айтуым қажет. Сондықтан мәселелерді жиында ғана әшкерелеймін! Гансының көзі де, сөзі де бадырая түсті. – Күмәнің болса да, рас болса да басшылыққа келіп мәлімдеп, өзгертуге – тәрбиелеуге көмектесу, сөйтіп, саяси мәселемен қашудың алдын алу қажет емес пе? – Қандай мәселесі болса да мен әрқандай адамның өз көзінің алдында сөйлеуге борыштымын. Тәрбиелеп – өзгертуге де, мәселе анықтауға, мойындатуға да, либрализмге соққы беруге де, жалақор – пәлеқорлықтың қараңғы базарын жойып, шыншылдыққа тәрбиелеудің де ең ұтымды жолы осы деп білемін. Ал, қазір маған көрініп жүрген мәселе, ұрлықтар ғана,– бұл сөзге келгенде күліп жібере жаздадым. – Лаужяулардың ұрлықтары ұсақ-түйек. Сонда да жиынға салып түзетіп жүрмін. Мұндай мәселелерді сіздерге келіп мәлімдеп құлақтарыңызды тоздырғым келмейді. «Мәмет бүгін бір жарым сәбіз жеп қойды, Сәмет екі лобы жеп қойды» деп сыбырласам, сізге де өзіме де намыс емес пе! – Буржуазиялық идея деген осы!– деп гансы столды шарт еткізді. – Сенің «ұждан», «намыс» дегендеріңнің барлығын буржуазияның жұртында қалған қоқыр-қоқсығы!... – Гансы, не десеңіз де мен өз бойымдағы шындықты айтып тұрмын. Тағы айтайын, мен басқалардан көрген-білген мәселелерді өз алдыларында айтып түзетпей, жымиып келіп сізге ғана сыбырласам, «өсекші» дейтін қаракүйеден бетім қалай сақталмақ. Адамдығым – адалдығым қайда қалар еді!... Мәселе әшкерелеудегі мақсат, «ауруды емдеп адамды құтқару» емес пе! – Бар, бар, кет!– деп гансы қолын екі сермеді. Шығып жүре беріп едім. Ере шығып соңыма біреуді салып қайтарды. «Бетімді күйелеп, енді жасос болсам-ау саған!»–өзіме-өзім күбірлей қайттым. –«Сендерге Мақұлбек пен Құлжан сынды апаттар ғана қажет! «Ауруды жойып, адамды құтқарамыз» деп сиқырсымай-ақ қойыңдар енді!... Ар-ұжданды жойып, ауру індетті, құлшылық дертті құтқарушы болғандықтарың ғана рас!» Ертеңіне Лопнорға отыз шақты Лаужяу айдалатын сыбыр жетіп келді де біздің группадан Тоқты Баситті түрмеге қайтарып әкетті. Бұдан қалғаны түс көрген сияқты сезілді маған. Басымды шайқай жүріп «ояндым» да өткен кештегі гансыға білдірген позициям сақшы назаратына жеткен соң шақырылатындығымды сездім. Хат жазғаныммен семьяма жетпей қолға түсетіндігі белгілі болған. «Лопнорға менің де айдалатындығым сөзсіз. Көрісуге келген адамдарға хабарлай жүріңдер!» деп Құйынсоққаннан бастап, қалғандарының бәріне ескерте жүрдім. Шақырту ымырт жабыла жетті маған. Біреу ғана емес, екі құралды сақшы келіп жүгімді қол арбамен сүйреткізіп әкетті. Таң ата тізілген отыз адамның соңына отыз бірінші болып тізіле қалғанымда он шақты үйткен бас жалт-жалт қарасты маған. Иықтарын қымырлатып, көтерілісе күбірлесті. Олардың жайраңдасып-қуанысып қалғанын сездім. Былтыр күздегі шолғыншы келіншегім үлкен омырауын қайда соғарын білмей қалғандай керіліп, құшағын жая қарады. Тоқты Бәсит күлімсіреп, көзін қысып-қысып қалды. Лопнорға бізді әкетуге келген сақшы да отыз шақты екен. Аузы кере қарыс, жылмиған ақсұр бастығы алдымызға келіп, бізді қандай «жәннәтқа» апаратындығын түсіндіруге кірісті. Ең алдымен балықтың молшылығын айтқанда өзінің де сілекейі шұбырып барып жиылды. Жұтынып тамсанып алып, Лопнорда малдың көптігін де көсіп жіберді. «Жайлау емес пе, малымыз семіз, ет жейтін ауыз аз. Бүкіл егіншілік майданымыздың адамы үш мыңға да жетпейді. Барлық байлықты солар ғана пайдаланады»– осы сөзіме қарайған жүрегімізді жалғап, аузы-мұрнымызды майлап жіберді де автомобильге тиеп ала жөнелді. Екі бүйірімдегі екі бүйрек сурылып қалып бара жатқанына жүрек-бауырым қоса суырылып, бір түрлі қиналысты халге түстім. Өзен арнасының күншығыс жағасындағы жолға шықтық. Осы түтек қаладағы барлық қимасым мына үш қабат үйдің ар жақ қарсысында ғана қалып барады ғой, әттең еркіндік, екі жүз метр қасынан ғана өтіп барамын!... Жайнаған аналы-балалы төрт көзден төгілген жас тұп-тура жүрегіме құйылғандай, тынысымды тарылтып барады. Жалтақтап қарай бердім сол жаққа. Егіліп, солқылдап тұрған екеуінің арт жағынан ақ шашын жайып салып шешем көріне қалды. «Қош ана, бақыл бол анашым – ақыл-парасатым, аяулым!» деп күңіреніп жібере жаздадым. Мол қоңыр көзілдірігімді кие салып, үнсіз бұлақтаттым мен де. Бәсе, баяғыда айрылысарымызда үлкен әжем көзіме толтыра құйып берген мол көз жасы менде де бар емес пе еді. Міне, табан 28 жыл іркіп, өз еңбегіммен шалқарға айналдырған сол көлімді енді ағыттым. «Құлыным, күшігім деп көтеріп өсірген әкеңе тірлігіңді де білдіре алмай, қолыңнан бір уыс топырақ та сала алмай қалып едің ғой, күнім-ау!»–деп боздайды шешем, – «қайда барасың, тым болмаса менің бетімді жауып кетсеңші!»– дейді. Бигелді, Биғазы, Биғаділ, Биғайша... бәрі жылайды, бәрі дауыстап шақырады. «Әке, әке, жүй-жүй!» деп Асқарым шырқырайды, – «мен әлі кішкенемін ғой, іздеп таба алмаймын ғой, әке, әке!... Сағындым ғой, келсеңші, келсеңші!»– дейді. Менің денсаулығымды аяп, Мақпалым ғана үнсіз егіледі, жасырып төгеді көз жасын. Иә, «бізге алаң болма, өз денсаулығыңды ғана ойла!» деп жұтынып-жұтынып әрең айта алды. «Денсаулығыңнан басқаны ойлама!» деп Күлән сақ ете түскендей болды. Тоқтата қойдым ыстық бұлақты. – Ендігі мұң-зарым көзімнен емес, ойымнан-санамнан ағытылды: «осыншалық не жазығым бар еді бұл дүниеге!... Бар қылмысым, өз халқымның сана көзін ашуға, сауаттандыруға талпынуым ғана ма!.. Адам баласына ор қазбай, жасос болмай қойғаным ғана ма!... Ей, атын өзгерткен гомендаң, оның табанын жалап жатқан күшіктері сендерде тыңдап қой, мен сендерге шағым арыз айтып отырғаным жоқ, ақыл-санасы оянған адамзатқа шертіп отырған мұңым!... Енді көр, бұл мұңдар мыршқа айналып, оқ болып атылады. Сендерге!.. Халықтың жаудырған қарғысы, жер ананың алып шапалағы болып ұсатады жағыңды!» Лопнордың «балық сорпасы» қуаттандырғандай, сапарластарым былай шыға бере ғазалі мен нахшасын тұс-тұсына қоя берді. «денсаулық-денсаулық!» деп қойып, мен де зорлап сергуге бекіндім. – Жақсылап бір жылап алдыңыз-ау деймін!– деп қалды бір бүйірімде отырған кексе сары татар әйел. – Көз жасы адамның қасіретін жұмсартып тынысын кеңітеді. Рухани күш хасыл қылады. Шол үшін жылап алсын деп күтіп отырдым. Шолай болса да өзіңізді бекітіп ала қойдыңыз. Енді сөйлайын! Қайта жігерленіп алып, «осыншалық не жазығым бар еді?» деп қалдыңыз ғой, өз башыңызға осы сөзіңіз гана жараспай қалды, сізнің жазығыңыз көп әлі!– деп күлімсірегенінде назарлай қарадым жүзіне. Екі-үш рет сыртынан ғана көрінген мына пісте тұмсық, көк көз «абызтай»[72] қарапайым әйел емес екендігін енді байқатты. – Иә, айтыңыз, айтыңыз, жазығымды білсем жылаймын ба!– деп мен де күлімсіредім. Автомобиль Дауаншы жолымен заулап барады. Жол тегіс екен. – Сіз туралы біраз сауатым бар, Биғабіл әфәнді. Жазығыңыз, ақ-қараны толық айыра алатын білім иесі болып қалғандығыңызда. Мұндай хүкүмәт сіздей көзі бар элементтерді қасқыр деп біледі. Сіз қасқыр болып жей қоймасаңыз да қылмыссыздығыңызды дәлелдеп, соқыр әулиенің көзіне түрттіңіз. Өзін құдаймын деп жариялап отырғанда бұл қылығыңыздың қаншалық қылмыс болатындығын түшінуіңіз керек! – Жала жаба көрмеңіз, мен үкіметтің ондай айыбын әдейілеп бетіне бір басқан емеспін! Жаңа «жалақорым» күліп жібергенде жүзіндегі таяз әжім молайып, бадырая түсті. Күле сөйледі. – Айттым ғой, өз жазығыңызды әлі білмейді екәнсыз!... Күрәш уақытында өзіңізді ақтаған болып, тазларының малақайын талай рет жұлып алғандығыңызды ештканбыз. Һа–һа–һа...а... Башқаларды сұйындыратын талай қиын жауаптарыңыз болған! – Онда қайда едіңіз? – Сәйдамен бірге түрмеде жатқанмын, бәрін естіп жатқанбыз. – Оның қасына қайдан келіп, қалай жатып жүрсіз?... Ат-жөніңізді де енді сұрауыма тура келді! – Есімім Ләтипа, (Ләлә), ерімнің есімі Сайдолла. Ілелікпіз.... Біз Шаңхайдан ұсталып келган соң ошындағы түрмеде болдық. Үстімізге Сәйда да балдақпен келіп қосылған. Ол тентек қыз қорлаумен қинауға шыдамай, терезеден секіріп бір жіліншігін сындырып алған екан. Таңылып біраз тәуір болған соң маған әкеліп қосып қойған. Менің біраз емшілігім бар... тіс дохторы болғанмын. – Бәсе, көз жасының рөлін жақсы біледі екенсіз.... Жә, Шаңхайға қалай барып қалып жүрсіздер? – Біз Түркия гражданымыз. Туысқандарымыздың бәрі шонда. Шолардан шақыру қағаз да келген. Парахотпен кету үшін Шаңхайға барғанбыз. Толық рәсмият өтәп, жолхатпен, барлық қағидасымен барсақ та оңшыларға қарсы әрекет басталысымен бізді де қолға алып, ошында әкелді. «Шет елге байланған шпион» дей ма, «шет елге капитал алып қашушы» дей ма, әйтеуір тексеріп-тексеріп, мені лаужяу етіп осында жіберді де ерімді алып қалды. Соттайтын ұқсайды. – Соттауға лайық қылмыс шықты ма, иә, әкетіп бара жатқан капиталдарыңыз көп пе еді? – Не қылмыс болмақ. Пәлендей капитал да жоқ, тек күмән. Бұлар жазалағысы келгенде заңын бүктеп қойып, қара сырмен сырлай бермей ме!... Мен шағынсам, тіпті қиналамын. Ерім түрмеде. Бір балам Құлжада, бірі Шаңхайда, бірі Австралияда, үй мүлкіміз Бижінде пешеттеулі. Мен міне, Такламаканға кетіп барамын, быт–шыт болдық!... Біздің халқымызға қарағанда сіздің хасірет, жай ғана ғой, және жассыздар! – Бала-шағаммен көрістірмегеніне көп болып еді. Әйелім де қалпақты, режимде. Менің қайда кеткенімді білмеген күйінде қалды. Шәуешектегі шешем қартайған. Ал, ең жаманы, менің хатымды жүргізбейді. Нахақтығымызды біліп отырып-ақ әдейі осылай адастырып, тоздырып жібермек! – Социализм деген ең қатерлі апат болды ғой! – Олай дей көрмеңіз, социализмнің өз табиғатында, өз идеялогиясында титтей де апаттық-арамдық жоқ. Мұндай мала матаншылықтың барлығы бұрмалаушылар мен бұзғыншылардың ісі! Суды лайлап балық аулаушы сұмдардың бірлесіп алғандығынан болып отыр. Бұл жаулар басқа, социализм басқа!.. Сіз солшыл социал шоунизм мен социал империялизмді социализм деген осы ғана деп иянаттауыңыз мүмкін!... – Бұл, маған ышана қоймағандығыңыздан айтып отырғаныңыз ғой,– деп Ләтипа тағы да күліп жіберді. – Сіз, еркін мүтәпаккүрдің адамысыз. Құлдық-мүриделік аңнан құтылып болған кішісіз. Еркіндік пен ақиқи демократияның қайда екендігін толық біләсіз! – Менің еркін іздегенім рас. Адамзат тіршілігінің мұқтажы сол екеуінде болғандықтан бұл жөнінде өз бетіммен талаптанып, тәп-тәуір білім алғаным да рас. Сол білгендерімнің ішінде менің таңдап тапқаным, диялектикалық материализм мен тарихи материализм ғана. Алдыңғысы, кейінгісінің анасы ғой. Мен соның ғана мүритімін. Бұған бағыныссыз пәлендей еркіндік пен пәлендей демократия бар дегеннің бәріне қарсымын. Бәрі де көз бояушы, сұм саясаттың жемісі. Бәрі де жалған. Бәрі де тар шеңбердегі таптық бұйымдар!... Өзінің табиғи бабымен, тарихи шартымен жүргізсе, жалпыға тең – көлемі кең жақсылық социализмнен ғана табылады. – Сіз расында ошылай ғанасыз ба?– деп аңыра қарады Ләтипа. – «Осылай ғана» емес, дәл осылаймын, жасандылығы жоқ, табиғи қызылмын. – Сіздің көпшілік естіп-біліп жүрген пікірлеріңізге қарап, сойласуга, өз ойымды кеңітуге құмар едім... Таңданбай-ақ қойыңыз, расында шолай едім, енді айтысатын болдым, айып етпеңіз, жолдың қысқаруына да, хасіретімізді ұмыта тұруымызға да жақсы! Сөйтіп, Ләтипа деген бұл кексе редакцион – өз теориясы жөнінен жетілген, нағыз пәле редакцион болып шықты. Ол таласпаған Америка демократиясы, ол білмейтін Тито социализмі, ол шоқынбайтын капитализм «заңшылдығы», «әділеті» болмай шықты. Ал айтыс... Тито социализмінен басқа көз қарасына мен де қатты тиістім. Жалалардың өзімді жауға айналдырып қойғаны болмаса, қас жауып бетпе-бет келе қалмады ма!... Ол тіпті қасарыса түсті. Екеуімізде бетпақ екенбіз. Көрші отырғандығымыз үшін көріністе күле соғысқанымыз болмаса, ішімізден шындап-ақ «атом бомбы» атылып жатты. Бұл соғыс, кешкі қоналқы орынға жете малша маталып екеуіміз екі қораға қамалғанда тыныстап, құзғын сәріде автомобилімізбен бірге қайта от алып келді де, үшінші күні сәскеде тосыннан тоқтады. Тоқтайық деп ымыраға келу арқылы шарт бойынша тоқтағаны емес, соғыстың өзі үркетін жерге жеткенде тоқтапты. Борбас топыраққа түншығып, машинамыз бырылдай қалғанда білдік, алдымыз тым үрейлі екен. «Құс ұшпас, құлан жортпас құла дүздің» дәл өзі! Машинаны бірнеше сағат бырылдатып, шойқаңдатып барып, шексіз созылған тырбық қамысты сап-сары сахараға кірдік. Сары қамыс көрінгенімен сұп-сұр борбас тағы да бырылдата берді. Аспаны да сап-сары. Шөлден талықсып үзіліп бара жатқан шаңды бет күні көкжиекке жығыла кеткенде тоқтады автомобиль. Күн батса да тымырық ыстық иен борбас әлі де созылып жатыр. Тізім бойынша шақырылып, «еркек мал» түгел түсірілді. Айырылысатындығымызды енді білдік. Әріптес жауым жылап сөйлеп қоштасты. – Сіз болмасаңыз, мынадай сапарда шашым түгел ағарып кетеді екен, Биғабіл әфәнді, рахмет, аман болыңыз! – Мені қиялға жұлмалатпай, мына «жәннәтқа» күрес жігерімен бүп-бүтін жеткізген сізге көп рахмет! – Осы сөздермен жылай күлісіп қол қысып айырылыстық. Шолғыншы келіншек тіпті қатты қысты қолымды. – Бір майдандармыз ғой, көрісіп тұрайық!– деп үміт отын көзінен ойната айырылысты. Қайта бырылдай жөнелген автомобильдің шаңы көме кетті бізді. Буыншақ-түйіншегімізді сол жерге үйгізіп қойып, жиырмамызды он «жепаңжүн» күншығысқа қарай айдады. «Бұл жер біз біледі, нәрселеріңді жейді. Ит жоқ, қасқыр келе алмайды, алыс!»– деп ыржыңдасады. – Ұры әкетпей ме?– дегеніме тіпті күлісті. – Барлық ұрыны біз ұрлайды, мұны кім ұрлайды, ха–һа–һа–һа...а... Сорға толарсақтап батып, түн ортасына дейін айдалдық. Жақын маңнан майдан түгіл бірер тірі мақұлықтың да дерегі білінбейді. Тымырсық тозаң тұманға бөккен тырбық қамысты қараңғылыққа сүңгіп барамыз. Бір жазаң өзекшеге енді құлдай бергенімізде алдымызда келе жатқан Тоқты Басит сүрініп кеткендей болды да ыңқ ете түсті. Тоқтай қалып қарасақ жығылған жерінен көрінбеді. Сақшылар қарық болып күле жөнелгенде Тоқты Бәситтің зарланған үні жер астынан естілді. – Ой белім, ой белім!... Әй анаңны с... теппе! Теппе деймін!... – «Ни сүй?», «Кім бұ?», «Сүй-сүй-сүй?»[73]– деп «жер астындағы ғалам» да әртүрлі дауыспен даурығыса жөнелді. Дереу шақпақ шағылып, Тоқты Баситтың түсіп кеткен «құдығынан» жарық жылтырады, жер үйдің түңлігі екен. Тоқты Басит жермен жер болып жатқан сол түңліктен лоп лаужяуларының үстіне түсіпті. Дәл желкеден құнжиып тұрған дөңде ұйықтап қалған пос, сол дауыстан оянып, мылтық затворын зекіре шақылдатты бізге. Алдыңғы жағымыздан қолшырақты сақшы жүгіріп келіп, бізді бастап құлдатып өзекке түсірді де басқа бір жер үйдің есігін нұсқады. Өзектен сатылап, тағы да тереңдете қазылған каридормен тағы да құлдап барып кірдік. Терең үңгүр екен. Төселген қамыс үстіне құлай-құлай кеттік. Тоқты Баситты екі сақшы коридор баспалдағынан зарлата сүйемелдеп түсірді де табалдырықтан үстімізге құлата сала жөнелді. Мұндағы тіршілік үні, таңертеңгі жұмысқа шығу қоңырауы соғылғанда естілді бізге. Бірақ шын тіршілік үніне ұқсамай, өлеусіреп, мертіккен Тоқты Баситше ыңыранып–ыңырсып, ыңқылдап естілді. Түрегеліп, баспалдақпен өрлеп барып қарасам, өрт шалған қу шіліктей өңшең сидиған көтерем аруақты тізіп, қақпалап айдап барады. Жаным түршігіп кетті. Шолақ көйлек-штандары борша-борша. Шидей білектерінде бір-бір орақ. Ыңырсығандары, ілесе алмай сүйреліп бара жатқандары екен. Азаттық армия жауынгерлері олардың орақтарын мойындарына жіппен асып қойып сүйреп барады!..
Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 352; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы! Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет |