Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 37 страница




– Өздерің соғым сойып жырғап қалған сияқтысыңдар ғой!... Келіндер қайда?

– Келіндеріңіз кер есекке мініп, төркіндеп кеткен!– деп ыржиды Жақан. – Ал, малымыз, қансыз-сөлсіз мал болса да әйтеуір қазіргі әлімізге жарай, «барға мәзір» дейміз ғой!

– Соншалық арық па?– деп Қапас сұрады. Маяковскиге еліктеп жазатын тура мінезді Тоқбай, төтесіне бірақ тартты.

– Мал емес, тері, әйтеуір пұшпақтарында жылтыраған шелі бар, семіз қойдың терісі!– деді де жолдастарына қарап қалжыңдады. – Биғаңды еттен дәмелендіріп, емісітіп алмайық!

Бұрын маған бұлай қалжыңдамайтын жас жігіттер қарқылдап күлісе жөнелді. Осыдан бастап құрдас болатындығымды біліп мен де күлдім. Ақбай барып, көмілген жер ошақтан төрт қойдың терісін суырып шығарды.

– Байқа, етімізге мұрныңның суын тамызып қойма!– деген Жақанның қалжыңына тағы күлістік.

Ұят-намыс жоқ, кеуіп бырысып қалған терілер екен. Бүктеп-жұмарлап көмілген соң тіпті құрысыпты. Қонақ иелері қонақасыларын созғылап-кергілеп, сілкіп-қағып, бір үйме топырақ шығарғанына мен тіпті күлдім.

– Сорға бөгіп, иі әбден қанған терілер екен, біріңе өлшеп тон пішіп берейін!– деп бәкімді суыра күлдім. – Талай ит жұлмалап, тістерін батыра алмаған байқұсты тағы жұлмалап қайтесіңдер!

– Жоқ Биға, айта көрмеңіз,– деп Тоқбай сасқалақтай қарады маған. – Бұл қотан біз көшіп келген күннің ертеңіне көшті. Онда анау шарбақ үйдің дөдегесіне жайулы тұрған жас терілер болатын. Жиып алмай ұмытып кетіпті. Өз қолыммен жиып бүктеп, жерошаққа көмген, мен! Қайта келіп алып кетпесін деп көмдім!

– Тап-таза, міне май дегеніңіз!– үшеуі шелінен арылмаған пұшпақтарынан кесіп-кесіп, стіктерге шаныша берді. Шиқылдаған аш түн, құйқаның күйігін иісін де зая жібермей, ызғарлы лебімен оуып, талап-таратып әкетіп жатыр. Жайраңдаған жас күлкі түнек басқан қарт Лопнорды да жадыратқандай, ғасырдың жаңа әндері айтылып жатыр. Мәз-майрам болдық та қалдық. – Міне Биға мынаны асап жібер, майы ішіне іркіліп тұр! –десіп, кеуектеліп құрысқан қара күйкі теріні кезек–кезек ұсынады маған. Ауыздарынан сілекей шұбырып, өздері жұтына-жұтына ұсынады. Дәмін татқан соң мен де құныға түстім.

– Өздерің жеңдер!– деп қойып тартқылаймын теріні. – Үй, мен төрт теріні жалғыз жейтіндей, аю алған «бөрі басар» емеспін ғой, «жолдаяқ», «мойнақ», «шұнақ» жеңдер, жеңдер!– бәріміз күлеміз бұлай аталуымызға. Түгел оқымысты, аттары шығып қалған жазушы, ақындар!... Жоғары мектеп бітіре салып, осындай «мәртебеге» жету оңайма, шынымен-ақ масаттана, сүйіне күлісетіндейміз. Күндіз-түні қайралып жетілген тістеріміз қарш-қарш етеді. Мына қарын көлдің қарсылдаған мұзындай, іштерінен кернеп сығылысқан сырлы кереметтерін паш еткендей қаршылдайды.

– Япырай, әлгі «таусоғар» мен «тайкүреңге» не болды, келмеді ғой!– Зарықбек пен Шайзадаға лайық аттың табылғанына бір күлісіп едік. Соңынан Асылбек дазужаңға қойған атымыз тіпті күлдірді.

– «Саққұлақтың» қасында жататындықтан ол екеуін шақырмадық!– деді Ақбай.

– Терінің қалың жондарын соларға қоя салыңдар, айыра алмай арсылдасын да жатсын! Ха-ха-ха-һа..а..

«Сауық кешіміз» қыза келе төрт терінің пұшпақтары мен жұқа шаптарын түгел жеп болыппыз. Әлі күлкі. Тоқбай темекі түтінін аспанға қарап бұрқыратты. Бар қасіретімізді сонымен бірге үрлеп, жұлдыздарға жөнелтетін үлкен жауапты қызметте отырған сияқты. Өз мекенінде жымыңдап, күлісе қарайтын жұлдыздар ауыр қайғыға батқандай жүдеп-жадап әрең көрінеді. Арғы жақтарындағы шексіз үрейлі түнектен қорыққандай тітірейді.

– Құдай тағала сонау түнектің қай тесігінен сығалап отыр екен, ә?– деп күрсінді Тоқбай. – Сыңар көзімен осы қылмысымызды да көре қойған шығар!

– Бұйырып жегізген – өзі, жеген – біз!– деп мен де қарадым аспанға. – Жаламен өтірікті харамға санайтын ол кісі қайтер дейсің, адал асына санайтын меңді иек пен оның Жаубасары көрсе, әке–шешеміздің терісін пысырып жеп қойды деп соттатуында шек жоқ, кеттік! – Күлдіре түрегелдім орнымнан. Мұздан ақырын ғана сырғып өтіп, орнымызға келіп жата-жата қалыстық.

– Осы тастаған бұғалығынан қалай аман құтылар екенбіз? – Қапастың бұл сұрауына жауап қайтпады. Қазіргі шешуі қиын жұмбақ, өткелі табылмай тұрған өзен осы ғой!...

Түн ортасында байланған екі адамның қиналыс үнін естісек те қайта ұйықтап кетіппіз. Таң бозында соғылған қоңырау мен бірге қамыс үстінен етігімізді сұға сала мұзға сырғып-сырғып түсіп, сырғанай жөнелдік. Алыпқашқан атымыздың басын әрең бұрғандай айланып келіп, жаппаға шықтық. Кетпен-керкеміздің үйілген жеріне барғанымызда асхана жақта әлі зарлап жатқан сол қос дауыстың бірі таныла кетті. Өзіміздің таңқы мұрын Еділбай екен. Асхана алдына үйілген көк лобыға барып ұсталыпты. Қолы желкесіне қайрылып, шектен аса қатты байланған көрінеді. Жөбішенкі байлауға қыңқ етпейтін піліміз бебеу қаға зарлайды. Оның ар жағында жатқан ұрының дауысы алғашқыдан әлсіреп, қырылға көшкенде айқындалды Еділдің дауысы. Екі жағында «Халық азаттықтан» екеуі тұр. Олардан арашалап кешірім әперу мүмкін емес. Мен Асылбек дазужаңға ымдап едім, Дәмелқан жауап қатты: «ұрының серігі деп ұстап, өзімізді тінтеді!» деді де Заманға біздің орын жақты нұсқады.

Жорғалай жүретін жіңішке мұртты тықыр қара Заманның ептілігі бәрімізге мәлім еді. Ол, Еділбайдың төсенішінің астынан бір дағар лобыны өз көрпесімен орады да ықтасындағы біздің орын жаққа қолтықтай жөнелді. Аз-аздан бөліп әркімнің астындағы қамысқа сүңгітіп, босаған дағарды қайтадан Еділдің орнына әкеліп төсей салды. Кетпенін ала жорғалап, біздің алдымызға түсе жөнелді сонсоң. «Бір дағарын толтырып әкелген соң Еділдің ұрлыққа қайта барар жөні жоқ тіпті!» деп күбірледі дазужаңымыз.

Сорғытқыш тоғанның бізден бұрын қазылған жері жоққа сәкін, қатты тоңды әр жерден жыралап–жыралап, қотырлап қана қойыпты. Маузыдауянның өзі еркелеп, зекіре бұйырды бізге: «күнделік жұмыс нормасы екі текше метр. Кешке жақын нақпа-нақ өлшеп аламыз. Егер кім орындамаса, кешкі тамақ берілмейді!»– деп бастап, «зор секіру» жөнінен екі минутта «екі текше метр» сөйлеп тастап қайтты. Кіші кадрмен дазужаң әркімге жер өлшеп сызып бере берді. Керкемен шақылдатып ал шапқыла тоңды. Тас болса тым болмағанда жұдырықтайы опырлар еді. Сіресіп қалған мына сары сағыз шімігер емес. Маңдайымнан тер бұрқ ете түсті.

– Үй бұлай істеп не жаның қалады, анда-санда бір тақ еткіз де тұра бер!– дейді Дәмелқан.

– Япырау тым болмаса бір аяқты тыға тұратын шұқанақ қажет қой!

– Кешке дейін екі аяқ тығатын жер қазылады әлі, асықпа, күн жылынсын!...

Сөйтіп тықырлатып тұрғанымызда сенделектей басып Еділбай келді. Қасындағы ұйғыр жігіт өліп кеткендіктен босатыпты. Мәйтті жаназалап көмеміз деп он нешесі жылай жөнелді.

Кешікпей таңертеңгілік тамағымыз жетті. Бұрынғыдай сықпа емес, жұдырықтай-жұдырықтай сары момы тиді қолымызға. Жаңа жүгері ұнының кебегі бір айдан бері көзге таныс болып қалған, сүп-сүйкімді. Әдейгідей ауыз толтыра асадық та дәмі қайда кеткен дескендей бір-бірімізге бажырая қарастық.

Кеше асханадан бірнешеу шығып, күйреуіктің бүрін жиып әкеліп қайнатып жатқанын көргендер түсіндірді дәмінің жайын.

Майдан басшылығы нормамызға жетпіс процент күйреуік бүрін қосып беруді белгілепті. Жиын ашып, «аш көз лаужяулардың көздері тоймағандықтан қырылып жатыр» деген қортынды шығарған екен. Жүгері кебегі мен күйреуік бүрінің түрі ұп-ұқсас болғандықтан момыны сонымен үлкейтіпті.

– Нандарың үлкейді, енді жақсы істеңдер!– деп тәлім-тәрбие гансы мәт сопы шыға келді бір жағымыздан. Әр группаның тұсынан «қуанышты хабар» ретінде жеткізіп, нәсихат айтып шықты.

Майдан басшылығының сол жиынында «лаужяулардың көздері емес, тұп-тура өздері тоймағандықтан қырылып жатыр» деп шынын айтқан бір доғдырғаң сол жерде байланып қолға алынғаны, мәт сопы өтіп кетісімен естілді. Мұндай сөздің «заңға толатын» нақтылы қылмыс болатындығын осы хабардан түсініп, наразылық айтудан тиыла қалды. Күйреуік бүрінің азықтық емес, сақар екендігін ұқтырып қоймақ болдым да оны да сарыжапырақ «сорпасымен» бірге жұта салдым.

Екі текшеметр тоң қазудың орнына екінтіге дейін екі текше дестеметр[79] жерді әрең қазыппын. Бұған егер жалаңаяқтанып, башайларымды бүктеп тықсам ғана екі аяғым сияр еді. Жұмысты сонымен доғара қойдым. Сол сағатта жұмыстан екі лаужяудың іркес-тіркес жығылғанын көзіммен көріп тоқтаттым. Жұмыс үстінде адам өлген күні тамақ берілмейтін жазаның тоқтап қалатыны, талай рет көрініп болған.

Сөйтіп әр күні бірден-екіден құлай берді лаужяулар. Ешқайсынымызды тамақтан жазалай алмай шиыршық атып Маузыдауян жүрді. Қолында қалған жүз лаужяудың бірін өз жазасымен өлтірген болса, бұлай құсаланбас еді. Шыдамы бір аптаға әрең жетті де өлік артатын көк есекке өзі мініп майдан штабына жөнелді. Біз енді Сағидың әкелген отынын тоқыртып қалап, жұмыс майданында қақталатын болдық.

Күйреуікке тойып алып малдас құра қақталған сол күннің бірінде көл жаққа дәретке кеткен Ақбай ақын асыға жетіп, мұрнының суын иығына тамызып жіберді, құлағыма сыбырламақ екен. Өзі барып қайтқан тұсты ұқтырып, дереу сол жреге «дәретке» баруымды асықтыра айтты. Тегін асықтыру емес екендігін байқап, қарнымды сипалай жүгіріп барсам, биік өскен бір топ қамыстың далдасында Тоқты Баситім отыр.

– Үй қалай таптың? –деп сұрағанымша жіңішкеріп қалған қолымнан қос қолдап ұстап сілкіледі. Өзі бұрынғыдан өңейіп таралып қалыпты. Әтіреті біздің осы қазып жатқан сорғытқышымыздың аяқ жағына келіп шоңқиған екен. Бүйімтайын бөгелмей, тез айтты да тездете басып қайта жөнелді.

«Мұндағы жолдастарың сенімді ме?... Әнеу үш түп жыңғыл өскен құм төбені көрдің бе?... Түнде барып соның күн жақ етегіндегі екі түп жыңғылдың дәл ортасынан құмды тартып түсіре бер, бос құм!»– оның сөзінен ұстап қалғаным осы ғана болды. Әйтеуір ет барын сезгендеймін. «Жолдастарың сенімді ме?» деп сұрағанына қарағанда шикі ет.

Көрсеткен шағылына қарай-қарай қайттым. Екі шақырымдай жерден көзіме оттай басыла берді. Жымиып келіп отыра қалдым от басына. Еңкейген күн құламай тұрып алғандай, екі сағат екі жылдай сезілді. Көк жиекке барып тіреле қалды бір шақта. Жатын орнымызға қайтып келіп, күйреуік момы мен «жапырақ сорпа» ішіп болғанымша қас қарайды. Тісі шыққан, сырға ең бергі де, жортуыл жөніне ең маманы да осы кісінің өзі шығар деген бағам бойынша Дәмелқанды ерттім. Қайта қайрылып, қотанды ошаққа отын-су жеткізіп қоюды Тоқбайға сыбырлап едім.

– А, Құдай!– деп қалды даңғойым. Төрт саусағыммен аузымды бір-ақ басып ымдап, изектете кеттім.

Дәмелқан екеуміз қамыс сыбдырын шығармай, шағылға жақындап барып тың тыңдап біраз отырдық та бара салып қопардық құмды. Теріге қолы тиісімен жасамыс, салмақты Дәкең қуанғанынан «сиыр!» деп серппедей секіре түрегелді. Тартып суыра алмады да кеңінен ашуға кірісті. Желкесіндегі құмнан недәуірін сырғытып түсіріп алып аштық. Семіз дөнен өгіздің омыртқадан балталап бөлген тұп-тура жарым еті екен. «Осыныңмен-ақ осындағы жиырма шақты туысыңды бір жолғы өлімнен құтқардың Биғаш!»– деді Дәмелқан жеңілдегендей күрсініп. Саны мен қолын ғана алдық та, басқасын сол шағылдың сырт жағына көміп, із қалдырмай өшіріп қайттық.

Екі шелекте түнімен семіз ет қайнап, таңға жақын бәрімізге май кекіртті. Бірақ, қайдан келгенін көбі білмей, Биғабілдің «сиқырынан» басқа ешбір қисын таба алмай, барлық разылық алғыстарын маған ғана жаудыра берді.

– Мына қарын көл қанша шиқылдаса да енді үш-төрт күнсіз жұтқыза қоймаспыз!– деді байлаудан әлсіреп қалған Еділбай, көзіне жас алды да, Асылбек дазужаң түсінбегенін сөз астарымен сұрап жымиды.

– Оғанға дейін осы малдың қотаны қайда екенін Биғаң біліп берер!

– Биғабіл қайдан біледі оны, құлағыңның өнерін өзің бір көрсетсеңші!– деп Тоқбай қойып қалды. – Бекерге «сақұлақ» сайлап па едік сені!...

– Далаға үрмей үйге үретін саққұлақты көргеніміз осы! – Жақанның бұл сқағына Асылбек күреңітіп, ширыға қарады да көпшілікпен бірге күлді. Ақтала берді сонсоң.

...Басқа қандай қалпақ кигізсеңдер де «саққұлақ» атамаңдаршы ағайындар, тағы да нахақ таңбаланбайын!

– Олай болса айт, кімдердің үстінен шағым жүргізіп дазужаң бола қалдың?– деп Ақбай тергей жөнелді. – Биғаңның алдында мойында!

– Дәл осы өзіміздің үйге қарап үрген болсам, ант атсын!

– Көршілердің үйлеріне қарап үріп қойған сияқтысың ғой?– деп мен қарқылдап күліп едім. Дәмелқан арашаға түсе кетті.

– Ондай мәселе өтті. Бірақ сонысы арқылы бізге теңдік әперді. Анау ар жақ шеттегі көршілерден шыққан сақұлақтар, біздің марқұмдардың көбінің қандықолы болған! (хұйзу тыңшыларын меңзегені екенін түсене қойдым). – Кадрларға жалқау деп жеткізіп қойып, ол марқұмдар дәрменнен айрылып жатып қалғанда кеуделерін топырақ толған зәмбілдермен бастырып өлтірген. Ол саққұлақтарға Асылбектердің саққұлақ болып тиіп, жарып беруі, дұп-дұрыс адалдық!... Теңдікті осы бауырлардың әперді деп, келісіңмен айтқанымыз сол болатын.

– Ол рас!– деді Қапас. – Бұл ісіне мен де көмектесіп жардемдесіп бергенмін.

– Мәселесі солай ғана болса, аса құрметті дазужаңымыз болғаны!– деп едім.

– «Олай болса, сырттан деп аталық!», «құтпан болсын!», «құтты аяқ болсын!»[80]– деген қалжыңдар қайта көтерілді.

– Кепкен тері жегенде болмаса, осы иттің аттарымызды тасталық!– деп келісіп тарадық.

Содан үш күн өтіп, күлкіміз тағы да таусыла бастағанда Дәмелқан екеуіміз қалған етті түпқотара кәкеліп, «күлкі уколын» екінші рет бердік. Семіз дөнен өгіздің қайдан табылғанын біле алмай, басқа ұрылардың ғана емес, менің де санам санға бөлініп еді. Іле шала майдан басшыларының лаужяу қанымен борлаған соғымдық өгізі жоғалған хабары жетіп, алал ақымызды дәл тауып жегендігімізге сүйіндірді. Ізделіп тексеріліп жатқанда онысының терісін де ыстық сумен жидітіп тазалап қайнатып жеп болғанбыз.

Көп өтпей әтіретіміз бестен-алтыдан қаурт қырыла бастады. Көміп үлгере алмай, шағыл үстіне сүйреп шығарып тастай бердік. Күйреуік жегеннен бергі жығылғандар алдымен ісіп «семіріп» алып жығылатын болды. Жұмысқа тақыстық істей алмайтын қайраттылары мен қомағайлары алдымен жығылды. Біз де алдымен қамданып, артық жұмыстан Сағи мен Шайзаданы шектеп едік. Шайзада біраз іркілсе де Сағи көнбей істей берді. «Әнеу күнгі сендерден екі есе артық жеген қалжам міне, қарнымда әлі тұр» деп күлдіріп қойып жөнелді.

Февраль айы басталғанда әтіреттің қалған елу шақты лаужяуы түгел ісіді. Сағидың да беті «семіре» бастады. Түнде жортып ештеңе таба алмай қайтып жүрген ұрыларымыз буындарынан айрылып қалды. Сырттан ештеңе таба алмай, түгелімен асхананы айландырды. Жуан сым темірден қармақ жасап, жыңғылдан тоқылған кілеттен ілінгенін тарта берді. Күйреуік момы да, кейде кадрлардың майшелпегі де ілініп тұрды. Көк лобы таусылған капустаның қураған сары жапырағы көп ұрланды.

«Жұқпалы ісік ауруы тарады. Суды аз ішіп, отырып алмай көбірек әрекеттеніңдер!» деп мәт сопы, «астық – гауһардың гауһары, біздің мына істеп жатқан ісіміз, сол гауһарды осы жазда көп өндірудің бірден-бір шарасы» деп Мазыдауян сарнайтын болды. Мұзды далаға дірдектетіп отырғызып қойып, іңір бойы кезектесе сайрайды. Шешендік жарысқа түседі екеуі.

Барлық қинауынан бізге осы шешендіктері қатты тиді. Олар сөзбен жарысқанда біз жөтелмен жарыстық, түп-түгел тымау. Аш лаужяулар суықтан аяқтарын жия алмай, жатын орындарына әрең жетіп жығылып, таңертең орындарынан тұра алмай қалатын болды. Біздің группадан жығылған Жақан. Өкпесіне суық тиіп, ыстығы өрлеп кетіпті.

«Даяужыңға қарсы жалқаулар» көбейіп кеткендіктен шабуылға әрине «халықазаттықтар» өтінбесін бе. Бір-бір шалма жіп әкеліп, аш аурулардың қылдай мойындарынан іліп-іліп ала сүйреді жұмыс майданына. Сол сүйреткілердің ең соңында сүйрелген Жақанның үні шықпай қалды. «Өлді-өлді» деп шу көтере біз ердік соңынан.

Сүйреуші мықтының алдын тоса қалдым мен. Қайран басымды қасқырға иіп, өзіміз көтеріп апаруды өтіндім. Талықсып қалған Жақанды тұзақтан босатып көтере бергенімде өзім етпетімнен түстім. Төрт аяқтап жіберіп қайта түрегелгенімше артымыздан көзі бұлаудай Сағи жүгіріп жетіп, ауруды көтеріп әкетті. Жұмыс басына апарып, шапан жайып жатқыздық.

Сыртымыздан қарап тұрған Маузыдауян дедек қағып жетіп, маған төнді. Көсе қара сұр қатпарлы жүзі жыбырлап, қанталаған тік көзі ойнақтай төнді. Бірақ, не деп кінә тағарын білмей, иығымнан тартып апарып, керке ұстатты.

– Бір айдан бері шапқан жерің осы ма?... Өзің істемегеніңмен қоймай, басқа жалқауларды қорғайтын неме екенсің, ал, шап!... Анауыңның міндетін де сен орындайсың, істетемін бүгін саған!

– Баугау зыдауян![81]– деп пікірімді тәртіппен тіктеле тұрып бастадым. – Осы әтіретке келген «ауруды» да сексен процентінің қырылып болған себебін де сіз білесіз, толық білесіз, мұндағы ең жоғары жауапты кадрымыз – сіз! Мен, мына ауру өліп бара жатқанда бәнжаңнан[82] сұрап алдым. Маған сіздің өшіккен себебіңіз осы ма, басқа қылмысым бар ма? Ең болмағанда осы ауруды ғана бір тексертіп көріңізші, егер жеңіл ауру болса, мені де жазалаңыз!... Таңертеңгі сәл жеңілдейтін уақыттың өзіндегі ыстығы қырық градус...

– Онда сенің не жұмысың бар?– деп сақ ете түсті зыдауян.

– Егер осы далада сіз ауырып қалсаңыз да қолымнан келісінше болысатын міндетім бар! Өліп қалсаңыз, әрине жылайтын да борышым бар!

Һы–һы деп Маузыдауян ышқынып қалғанда Дәмелқан қазақша сөйлеп, маған тоқтау айтты:

– Айтарыңды айтып болдың, енді салғылас па! Бұл ит бір өшіксе соңыңнан қалмайтын ит!

– Немене, немене?... Мынау не айтты?– сұқ көзі Дәмелқанға ауысты бастықтың. Ханзушаға аударып бер дегендей жалтақ-жалтақ қарады маңайына. Оған жауап берілгенше бір кадры келіп, сүйреліп келгендердің жолда үшеуі өлгенін айтты да, зыдауян дедек қағып солай жүгірді. Кеңшілік алғандай бой жазып қалдым. Төртіншісін өлтіртпей мен алып қалмадым ба!...

– Әй мынаны өзіңе өшіктіріп алдың-ау!– деп Дәмелқан отыра кетті қасыма. Қапас мені қуаттады.

– Нағыз жауапкерге майша сіңіріп айтылған мықты ескерту болды, бұдан зиян жоқ!

Бес-алты жерден жағылған от басына әтіреттің қалған қырық жеті көтеремі түгел отырыпты. Мүлдем құрығандай дағдарыс, түп-түгел қырылғандағы жым-жырттық басыпты. Қарын көлдің ышқына жұтынып шиқылдағанынан, алып кеңірдегімен күрс-күрс жөтелгенінен басқа дыбыс жоқ. Күннің көзінен де жан кетіп, сұрлана түсті. Ұрлана қарап кіші кадр ғана айланып жүр. Делбе болған малша шыр көбелек айланады. Жұмысқа қузаудан мүлде қалыпты. Келген таңертеңгі тамақсымағына лаужяулардың күндегідей таласа ұмтылатын талапкерлігі де жоғалғандай, бәрі нарау. Төрт аяқтап әрең түрегеліп, әрең жылжиды.

Маузыдауян да қайтып көрінбеді. Көк есекке тағы мініп, жықбыл-жықбылмен жөнелген сияқты. Кешке дейін тапжылмай отырдық.

Ертеңіне бір топ дәрігер жетті. Басқа орыннан келген шұқшиыңқы тәріздері бар. Жатып қалғандарды алқын-жұлқын тексеріп, Жақаннан бастап көтертті де қос аяқ арбаға шығартты. Тоңқалаңдатып дереу жөнелтті емханаға. Аяқ басып тұрғандарымызды жиып алып, жалғыз-ақ бұйрық түсірді біреуі: «жылы жатақтарыңа қайтыңдар, кеш қалмай дереу жүріп, жетіп алыңдар! Нәрселеріңді арттарыңнан арбамен жеткізеді!»

Тексеру группасы асығып, басқа әтіретке беттегенде жұртта күзетте қалатын болған Асылбекке жүгімізді өткізіп беріп, біз де жөнелдік.

Шамамызға қарай екіден-үштен бет-бетімізбен жылжып, кешке дейін қыстаулық тамымыздың жарым жолына әрең жетіп едік. Кадрларымыз әр шағылдан қарауылдап тұр екен. Мәт сопы сол түстігімізден, Мазыдауян оңтүстігімізден айқайлап шақырып жиып алды. Түгендеп жіберіп, төрт адамымыздың тағы да жолда қалғанын ести сала екеуі екі тұстан жүгірді. «Халық азаттықтан» жеті-сегізін ерте жүгірді. Жауапкерліктерін енді танығандықтарын сезіп күрсіністік.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 330; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.011 сек.