КАТЕГОРИИ: Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748) |
Кэрол Дуэк 40 страница
Арс ете түсердей айбармен төнген Мәт сопының мылтығы, қорққан күшікше бұғып барып сүңгіді ініне. Зор іс бітіргендей жан-жағына дандайсып қараған гансы Асылбекті шақырды. Менің кетпенімді ала келуге бұйырды. – Анау шеттегі арықтың су жүрмеген жеріне барып істе!– деп сонда да қатал үнмен шығарды «үкімімді». – Істей алмасаң да отырып қалма, басқалардың белсенділігіне әсерің тисе қатал жазаға тартыласың!... Кетпенімді әрең көтеріп келген Асылбекке бірдемені күбірледі де қолтығымнан сүйемелдетіп, шығыс шеттегі құрғақ арықты жөндеуге жіберді. – Гансының «маузерін» көсеуге теңедіңіз бе?– деп күлген Асылбек бір қырдан сүйеп өткізе бергенінде жығылдым да ең шеткі қырдан қоңызша домалап өттім. – Анда-санда қымырлаған болып қойып кетпенге сүйеніп тұрыңыз!.. Штаптың арғы бұрышынан сығалап тұрған теке сарыны көрдіңіз бе?– дей сала қайтты көліне. Құрғақ жерде кетпенген сүйеніп тұрсам да, арықтың қасына сүйеніп отырсам да шым-шым, жыбыр-жыбыр етіп ісік кеулеп, ажал жылжып келеді. Біліп отырмын, жүрекке бармақ та, шағылға шығармақ. Лопнор күннің тымырық – шағырмақ, өткір ыстығы аяқ жағымнан сезілгенді қойды. Тіпті, аяз айдап тұрғандай тітіркендіріп тоңдыра берді. Әрине күннің емес, ажалдың аязы екендігі белгілі. Сөйтсе де тамырым дұп-дұрыс соғып тұр. Жүрегімнің қимылы қазірше қалпында екен. Түс уақытында Қапас әкеліп берген құрғақ мақалы шапан-сымды киген соң күйреуік үлесімді жеп, ұйықтап қалыппын. Ұзын ақ көйлегін киген Мақпал қарсы алдыма келіп тұра қалды. «Биған, сен онда бар ма! Істеймін деген үлкен ісің бар еді ғой жаным, ұмыттың ба соны!» дей бергенінде «барма құлыным, барма!» деп, ар жағынан шешемнің дауысы естілді. Оянып кетсем де сол түске жауап бере, құшақ жая ұмтылдым: «по, сағындырдыңдар ғой, келші нұрым, келші!»– орнымнан жеп-жеңіл түрегеліп жүріп кетіппін. – «Мақұл бармайын апатай, өзің де кетпей тоса тұршы!»– еңіреп жібердім. Құшағыма ілінген ешқайсысы жоқ!... Суға барып, бетімді жуа отырып қарасам, жүзім де ісіп кеткен екен. Ертеңіне таңертең сарытекенің орнына Мәт сопы келіп, жатаққа қалдырмай тағы да айдай жөнелді. Бет-аузым кешегіден де қорқынышты. Аяғым тіпті ауырлап, буындарым икемге келер емес. Тізе буыным кілтілдеп, енді сыртына қарай бүгілуді шығарды. Сыртына қайрылып кетсе қазір-ақ біткенім ғой, отыра қалдым да Мәт сопыға соны айтып, артынан жетуге рұқсат алып қалдым. Кешегі арық бойына бір сағат кейін жетіп жығылғаныма сарытеке делдиіп алыстан қарап тұр екен. Ұйықтап кетіппін. Тағы да түс көрдім. Иен бір кер жотадағы жалғыз тамның есігіне жеткен екенмін. Кіріп барсам, төрді тұтас алған сәкіде ұзынынан сұлап ақ жамылған ұзын біреу жатыр. «Адам пайғамбар» деді екі жағымнан екі адам, Дәмелқан мен Қапас көрінді екі босағадан. Өңімде өзім сенбейтін адам пайғамбарға түсімде иіліп тұрып сәлем бердім. Сәкіге шыға сала жүгініп, жамылшынан шығып жатқан бір қолын қос қолдап ұстап сөйлеп кеттім. Сөзім ап-анық, керемет бір шешендік тапқандай, ағыза жөнелдім арызымды: «адамзат, ақ-қарасы жоқ түгелімен сіздің ұрпағыңыз екен баба, басқа жануарлардан ерекше ақыл-парасат, қабілетімен дүниенің ерекше қожайынына айналыпты. Сенің де анаң болған жершарын қаптай өрбіпті. Әлемнің басқа байлығы, еңбек жемісі жетпейтіндей осы анаңның емшегін тістеп жұлып, қандала, бүрге, битше қанын сорып, қолқасын суырып, қасқырша талап, айдағарша ойып жатыр! Оған да тоймай күштісі күшсізін, тістісі тіссізін жеуді кәсіп етті! Қорқауы қанағатшылын, алдамкөсі әділеттісін, көз алдындағыны оба беретін ашкөздері келешегін ойлай алатындарын жеудің амалын көбейтті! Түрлі түспен, түрлі саясатпен, сайтан сайқалдықпен келіп, бірінен-бірі асып, бәсекелесіп қырғындауды шығарды! Пайғамбар баба, осындай азғындар болып қалды сенің тақ басар ұрпағың! Осындай озбырларыңа бата беріп талататындай, өзіңді пайғамбар етіп туған анаңда қаншалық кегің бар еді, осыны түсіндірші!... Ей пайғамбар баба, «хайуан – мақұлық емес, адам ұрпағымыз, адамдық қасиетпен жасаймыз» деп атыңды қастерлейтін мына қалың бейуаз ұрпағыңда не кегің бар еді!... Әлде өгей ме едік, айтыңызшы шындығыңызды!... Өгей болсақ, құр тұлыпқа мөңіремей, өз жөнімізді тауып адамзаттықтан біз-ақ шығып кетелік те өзімізге лайық басқа атпен аталатын болалық!.. Барлық жабайы жыртқыштан да жыртқыш тағыға айналып, адамбыз деуден намыстандыратын болды ғой мыналарың! Неліктен осыншалық үстем етіп қалдырдың осы қанды ауыздарыңды?...». «Адам атаның» жере жебіріне жетіп сөйлей беріппін, жылай беріппін. Өстіп жатып оянып кеттім. Көзімнен аққан жас малақайымнан сорғалап, мойныма құйылып жатыр екен. Өңімде мұндай пайғамбарлық көзқарасқа қарсылығым бойынша таңырқап отырып қалыппын. «Қалай, қайдан пайда болған түс бұл?...» Арыз тыңдарлық әділет төрешісін өңінде таба алмай күйзелген бейшара сананың түсінде аңыздағы «пайғамбар бабасын» тауып шағынғаны ма?... Бұл өмірдің ұзағанда енді екі-ақ күндік қонағы болып отырып, жан – сезімнің бұл сырын тереңдете ойлай алатындай нем қалды менің!... Шешем мен Мақпал, Асқарларға ақтық хат жазып қалдырудың жөнін ойластырдым. Арт жағымнан аяқ сыбдыры естілгенге жалт қарасам, қалтылдап Асылбек келе жатыр екен. Жатаққа қайтып демалуыма рұқсат алып келіпті. Төрт аяқтап түрегелдім де тойған қазыша мамырлап жүре бердім. Алдымнан малақай бауын менше шарт байлап алып талтаңдап бара жатқан бір дәу көрінді. Мақталы шапаны мен сымы айрылып кетердей тырсиып керіліп алыпты. Кім екенін айыра алмай келе жатқанымда өзі тұла бойымен қабанша бұрылып қарап тұра қалды. Дәу болғанда да әлгі тоғайдағы «оранқұтаннан» да дәу. Жақындап келіп үңілдім. Көзі мен аузы түгіл мұрны да табылмайтындай, доп-домалақ, теп-тегіс болып кеткен қараторы жүзінің терісі де жыртылардай керіліпті. Мүлде танылмады. Ол мені әлде не белгімнен танып тұр екен: – Осылай болып қалдым Биға!–деп өксіп-өксіп қалғанында дауысынан ғана таныдым, Шәйзада екен. Маған шағынып жылағандықтан өзімді де шағыну сезімі билеп кеттік. Іркіле қалған көз жасымды көрсетпей төмен қарап жүре бердім. Ол қатарласа талтаңдады. Аға тұтып, ақыл күтетін уыз жастың босаған көңілін бекіту үшін бірдеме айтуға ернімнің икімі келмей қисая берді. – Ештеңе етпес! Жазыларсың!– дегенді әрең айта алдым. Үнім қалтырап, аузым ойнақтап кеткендей сезілді. – Мен енді жазыла алмаймын!– Еңіреп жіберді Шәйзада. Орта жолдағы бір төмпешікке ентіге жетіп, қатар шоңқидық. Әлемтапырық бетімізбен бір-бірімізге баға алмай, екеуіміз екі жаққа қарап алдық. Ол ашық жылап жалғастырды арыздасуын. – Әке-шешем кәрі еді, менің күйігімнен олар да өледі ғой, оқыған, үміт күтетін аяулысы мен едім! – Шәйзада тіпті егіліп, сөзге аузы келмей біраз кідіріп барып жалғастырды. Ағасы мен інісінің аттары мен әдрестерін әрең айтты. – Соларға хат жазып... сүйегімнің қай төбеде қалғанын... анықтап хабарлап қоюды ұмыта көрмеңіз! Менің ойымда да осындай тапсырма болғанымен айта алмадым. Жылап отырғанымды біліп қойса онан сайын босайды ғой. «мұндай күйрек ойға берілмеуін, өлім дегенге мойындамауын» қысқа-қысқа айтып, жігер-қайратқа шақырған болдым да теріс қараған қалпымда жерді қос қолдап тірей түрегелдім. – Тезірек жүрелік, емдеу үйінің есігі ашылыпты. Доқтырлардан біреуі келген сияқты!... Маймаңдап басып әрең жеттік. Сарытеке едірейе қарап, біз кірген есіктен шыға жөнелді де бейтаныс дәрігер түп үйдің есігінен атымызды сұрады. Менің алақаныма аспириннен бес-алты түйірін салып қайтарды да Шәйзаданы алып қалды. Жатағыма қайтып бара жатып тастай салдым берген дәрісін. Орныма келіп жатысыммен тыңырақ ауруынан екі ханзу лаужяу кіріп, Шәйзаданың төсек-орнын сұрап, көрпе–жастығын алып кетті. Осы екеуімен бірге Шәйзаданың ауруханаға кеткенін кешінде естідім. Маған түн ортасында жас күшіктің тасағындай сәбізден бір дорба келді. Жарымын жеп-ап ұйықтадым. Кісіге ертең күндіз де керек қой. Келесі түннің қараңғысында болмаса, күндіз қай батыр әкеле алмақ! Ертеңіне лаужяулар жұмысқа айдалып, әтірет жатақтары иен қалған шақта Қарақұрбан аталған семіз қара лоптық асыға жүгіріп кірді жер үйге. Жүгіріп кіруінен жасырын келгені байқалды. «Бәсе, ауырған сіз екенсіз ғой Биғабіл әфәнді. Қашан жатып қалғансыз?»– деп жайымды сұрай сала, қазір ақшаға мал келмейтіндігін айтып, малшыларға өтімді киім сұрады. Өзі Көнші[84] қалашығының атақты алыпсатары екенін, алып-сату қылмысымен лаужяу болғанын естігенмін. Ал, бұл қылмысын осы майданда қайталаудан күреске тартылып, режимде жүрген болатын. – Кадрлар біліп қалса, өзіңізге жаза келмей ме, мүсәдіраланбайсыз ба?[85]– деп сұрағаныма күле жауап берді. – Мені Абыла дүйжаң жіберді: «осы гамыда[86] бір жақсы адам ауырып жатыр, соған бір қой әкеліп, өзің сақтап толық жегіз, мүсәдірадан мен қорғаймын, менікі деймін. Мына ауруды өлімнен құтқарып, қатарға қосуға сен міндетті бол!» деді. Абыла бұрын Үрімжідегі бір қазына орнының сақшысы болған. Сыртыңыздан толық біледі екен. Көп адам аяйтын азамат екенсіз, сізге арамдық істемеймін, сеніңіз!... Іші мен сырты екі түрлі пальто ретінде киілетін жаңа плашымды суырып бере салдым. «Қазір бұған ең семіз қой келетіндігін» қуана айтып шыға жөнелді Құрбан... Ертеңіне дәл сол уақытта келіп, қой әкелгенін хабарлады да екі сағаттан соң өзінің шөп күркесіне баруымды тапсырды. Егіндіктің күн батыс жағын қорғайтын оңаша күрке жасап алып, сонда тұратын. Айтқан уақытында екі жауымнан ғана жасырынып жеттім. Майын ерітіп бір шелектік қыш бөшкені лықа толтырыпты да қатыру үшін суға қойыпты. Еттің сүбесінен өлшеп, төрт килосын асып қойған екен. Бір дасы майлы сорпасына тонардың екі ақ нанын шылап, алдымен жегізді. Аштықтың «кендірі кесілген» дейтін сатысына бұл ат бекер қойылмаған екен. Қарнымның өзінен әлдеқайда үлкен ыдыстағы майға бөккен нан жұмырыма жұқ та болмады. Сол дасты үйме қып толтырып, аппақ майлы еті келгенде ғана терлей бастадым. Асай келе денемнен шүмектеген тер мен қосылып, әлдене мұрнымнан да кетіп жатты. Онымен ісім болған жоқ, екі қолдап асадым. «Сіз тез жазылады екенсіз. Алғашқы ретте зорлап болса да осылай көп жеу жақсы!»– деп разы болған Құрбан, бұрын мұндай майлы еттен қанша жей алатынымды сұрап, «зорланғанда жарты кило» дегенімде күрсініп жіберді. «Тәжірибеге қарағанда өлуіңізге бір күн ғана қалған екен. Енді барыңыз да ұйықтаңыз, үш күнге дейін ішіңіз бұзылмайды» деп қайтарды. Жатаққа жеткенде тағы да тамақ жегім келді. Біреу әкеліп бас жағыма қойған күйреуік момыны да қылғып алып ұйықтадым. Күн бата ояныппын. Қыш бөшкедегі май бас жағымдағы қамыс арасына келіп орнығып, өзімнің балшық шапанымды жамыла қойыпты. Жұмыстағылар қайту алдында Құрбан тағы да бір мескей сорпа мен етті әкеліп, «бір кило ғана, қазір жеп жібер!» деп бұйырды. Басқа ағайындарға ауыз тигізейтін дегеніме көнбеді. «Жауапкерлік менде, жеп жібер!» деп тағы бұйырды. «Жеп жібердім». Құрбан, сол бұйрығы орындалған соң ғана қайтты. Далаға бұрынғымнан сәл ширағырақ шығып едім. Жұмыстағылармен бірге қайтқан Абыла дүйжаң өтіп бара жатып көзінің қиығымен ғана қарады да танымасқа салып өте берді. Сирағымның жуандығына қарап түксиді. Ол, бұрын осы қыстауда қырылған әтіреттің дүйжаңы екен. Қазір қоспа әтіреттің орынбасар бастығы. Көп кіріспей, сырттап қана істеп жүрген болатын. Еттің ықтияры өзімде болмағандықтан жолдастарыма май үлестіріп едім. Алғашқы бергенімді үнсіз қабылдасты да ертеңіндегі үлестіруіме түгел қарсы шықты. Әсіресе Дәмелқан мен Қапас менің «шағылға шығып кетуге» бұл жолы өшіретті бұрынырақ ала қойған себебімді талдап, қатал тізгіндеді. Тойғандығым үш күннен соң білінді. Ішімнен ыңғай май ақты. Жеуді азайтып, өзімді-өзім тежей түстім. Денемдегі ісіктің азая бастағанынан сол маймен бірге ағып кетіп жатырма десем, шатыма жиналып жатыпты. Қол-аяғым шидей, мойным қылдай, арсиып қабырға, омыртқам ғана қалғанда шатымдағы ісік нәсілді сиырдың желініндей боп тырсия түсті. Бұқаның умасының да мұндай алыбын көрмегенмін. Екі пұтым екі жаққа кетіп талтаңдап жүре алмай қалғандығымнан сыртқа екі балдақпен шығатын болдым. «Осы ісік қайтқанда ғана толық жазыласың» деп қойып, мескеймен тамағымды таси берді Құрбан. Сорпалануыма апта толғанда ажалдың зым-зия қашып жоғалғаны сезілді. Бірақ, құйрығымның қуысы аюдың апанындай үңірейіп қалыпты. Мұның осыншалық қорқынышты емес екендігіне, ісімей қалқақтап сау жүрген жолдастарымның құйрықтарын дәретте отырғандарында көріп барып сендім. Қазіргі ең сау дегендеріміздің бәрінікі де менікі сияқты апан екен. Қаздаң қағып мен де жүріп кеттім. Буын дегенің серппедей ыршытты. Енді сол қуысты тездетіп толтырмаса, ажал қайта келіп ұялай қоюы кәдік қой. Әйтеуір ең жақсысы, асқазаным айдаһар болып алды. Бірақ, жұмысқа қайта айдалған соң оны толтыру тағы да қиындады. Бүтін киімімнен бір-екеуін қара Құрбанға тағы өткізіп қойып, ақ ұн, сары ұн, қара-қоңырмай[87] сатқызып ала бердім. Ал, толтыр сол қуысты. Оны киім сату емес, басқа әтіреттердің жаздық астығы пысқанда ат дорбалап атша жеген көк бидай ғана толтырды. Қайтадан тіріліп алғаныма басқалар қуанса да сарытеке реніш білдіріп, кіржие берді. Жақ сүйегім толып қалғанын көріп «тамадысын»[88] сырт айлана күбірлеп кететін болды. Онысын естігенде әкесін күбірлеп тілдеп мен де «жарылқайтын» болдым өзін. Бір жақсысы, маған көрнеу бақылауын азайтқаны еді. Тағы да «кезеңнен тосып» жүріпті: әтірет лаужяуларына майдан штабы жағынан жаздық киім шыққан екен. Менімен бірге маған жақын жүретіндердің бірнешеуін ол киімнен мүлде мақұрым қалдырды. Біздің Жансебілдер егін жиын-терімінде алды оның есесін. Қыстық азық жиып алуға түнгі ұйқыдан мүлде безе кірісті. Ауруханадағы Шәйзада мен Жақан да аман қайтып келген болатын. Тышқан ұялай алмайтын егілме құм төбелердің көбі біздің астық қоймамызға айналды. Әтіреттің дағарлары мен сыляу дорбалары жоғала берді сөйтіп. Бұл науқанды шаршылықтың ең қиын екі маусымының азығы анық есептеліп, толығымен көміліп болған соң ғана тоқтаттық. Соншалық қан-тер төккенімізбен атыздардың әр жеріне шоқ-шоқ қана өскен күрштің да жарым-жартысы құм төбеге сіңіп кетті. Сарытеке күзетшілерге тыныштық бермей қаншалық қадаңдағанымен биыл тағы да тақырға отырып қалды. Былтырғы «апаттарының» аттарын қайта тізіп алып, бақылдай отырды тақырға. Жүгеріден басқа егіннің жиын-терімі біткен соң, «қалпақ аламыз» дейтін антын теке сарының өзі «жоқ сөзге» шығара салды. Сөйтіп, үйге қайту үмітінен тағы айрылдық. «Оңшылдар» мен «жерлік ұлтшылдарға» бірлік сап мекемесі жағынан қарашарде үш айлық саяси күрес ашылатын болып, тірі қалғандары тізіммен шақырылып жүргізілгенде менің тобымдағылар бұдан да қағылып қалды. Студенттерді «қалпақтарың оңшыл да, жерлік ұлтшыл да емес, бұзық элемент» деп қалдырды. Сол екі қалпақты қабаттап киіп жүрген менің атымды да тізімнен шығарып тастапты. «Қалпағың анық емес, бір жақтылы болмапты» деп ұқтырды Мәт сопы. Енді не болса да осындай күйлі уақытымда қашып шығуды ойластырдым. Бірақ, ондай жасырын жүріске елеусіз бүтін киім қалмап еді. Корлаға жетіп, лайықты киім сатып алғанымша жалғыз кастюммен жалаң пұт жүруге болмайды ғой. Киім ала алмай жүрген жалаңаш бауырлармен бірге лаужяу киімін сұраудың ең жапалы, қиын күресін бастауыма тура келді: сау тамтығы қалмаған штандарымыздың ауындағы жыртықтарды ұлғайтып, ныспы жалаңаш жүруге келістік. Адам, ешкі ұрпағынан ұялушы ма еді, Маузыдауян қайдан қайсынымызға кезіксе де байқамаған бейнеде қарсы қарап жүремізден отыра қалуымыз ғана қажет. Ондай отырыста ауы жоқ штаннан шығып ғауреттің өзі-ақ сұрайды киімді. Қаншалық бетсіз болса да «тәрбиешіміз» бірдеме демейме сонда. Ертелі-кешті жортуылға маса шыққанда одеял жамыламыз. Сөйтіп бір апта жалаңаш жүрдік. Әр жерде отырып, «көзімізді» бәріміз-ақ көрсетіп болдық өзіне. Көз қырымен ғана қарап қойып, жүріп кететін болды. «Тәрбиеші ұстаз» бізге намыссыз деп ұрыса да алмады. Киім берудің сөзінен де дым шығармады. Бір күні кешке жақын жұмыстан қайтып келе жатып, лапас астындла екі-үш гансымен ғана жиын ашып отырғанын көріп түгенделдік те тура тарттық солай қарай. Сарытеке тік түрегеліп бақылдады. – Қайтыңдар, қайтыңдар, асығыс жиын ашып отырмыз! – Баугау зыдауян, біздің айтатын арызымыз тіпті асығыс!– деп барып, қарсы алдына тізіле қалдық – Біз ұяттан адамдар арасында жасай алмайтын халге жеттік!– деп Қапас бастады да, – Киімімізді беріңіз, бар-жоғымыз мынау ғана болып қалды!– деп Зарықбек ауын желпіп-желпіп қалды. Текесары түсін бұзып шамдана бақылдады. – Айтқамыз ғой біз сендерге, киім жоқ деген соң, жоқ!... – Бар!– дедім мен кесе сөйлеп, жүрелей қойдым. – Міне, сайманымыз ашылып қалып, жартысынан көбін маса жеп қойды. Киімін осының өзі-ақ тауып алады, ертең майдан штабына барамыз, айтпай кетті деме! – Бірдеме қалды ма?– деп зыдауян запхозына күбір ете түсіп, отыра кетті. – Басқа киім Чаңбуда[89] да қалмады, мен сұрағанмын!– деді зымиян ұры запхоз. Көйлек–штаннан бірнешеуін тауып бермек болған. Қыс жақындап қалды, жаздық киімнің енді қажеті де жоқ. Қыстық киім таратқанда сендерге толық әперелік, қайтыңдар! Майдан басшыларын мына қылықтарыңмен шамдандырып, жазаланып қаласыңдар! Ертең мен-ақ барайын! Осы сөзді қайталап сарытеке де жұмсара маңыраған соң қайта бердік. Ертеңіне запхоз майдан штабына бармай-ақ Асылбек дазужаңды шақыртып алып, көйлек-штандарымызды жұмыс майданына жіберіп беріпті. Ал, жаздық бешпет-сымға дауымыз онан соң да өтпей қалды. «Көзірлеріміздің» масадан жарақатты болғандығынан ба екен, қаншалық өндіршектесе де арыздарын онан соң өткізе алмады. Көреген тергеушім, саяси басшыға ондай қорқынышты «көзірлердің» көрінуі, біздің партияға қарсы мылтық шошайтқандығымыздың дәл өзі болып түскен шығар көзіңізге. Кешіре көріңіз, ол немелердің сондағы сол қылмысына басымыздың да, қолымыздың да қатысы жоқ. Өздері шығып, өздері көрінген болатын. Штансыз қалсақ-ақ сөйтіп құтырып кететіндері бар. Бүтін штанмен қазір кім қамдай алмақ оны. Енді тездетіп солардың өздерін жиып алмасаңыз, мұнан соң бізге де, сізге де бейғам өмір жоқ сияқты. Қылмыс қайнарларын құртпай қылмыс арылама бұ дүниеден! VI Үйден хат келмеді. Екі үйге менің жазған хаттарымның да бірі тимегені анық болды. Қайда кеткенімді білмейтіндіктерінен біреуінің мұнда іздеп келуі де мүмкін емес қой. Ал, қалпағымның не екендігін қасақана әлі де белгілемей, апат жаудырып жатқандарында қайтаруы мүмкін бе, кетуім керек! Қайда кетсем аман қалатындығымды, барған соң үй ішімен сөйлесіп, ақылдасып шешпеймін бе!.. Киім! Түс өзгерту! Азық! Жол расхот!... Жатсам-тұрсам осы қаммен ғана болып қалып едім. Отын таситын бір қазақ жігіт ертең демалыс екендігін ұқтырылған бір кеште маған жеке күбірлеп қана шығып кетті: «бір досыңыздан хат келіпті. Ләтипаға тиген екен. Ертең дәл түсте жол ортадағы аласа шағылға келіп тосып тұрамын, алып қайтсын» депті. «Сәйдадан болса да Ләтипа арқылы маған бір хабар келген шығар» деген үмітпен біреудің бешпет-сымын сұрап кие сала айтқан уақытында жеттім сол шағылына. Майдан доқтырханасына баратын жолдың жағасында болатын. Сырт жағынан бір әйелдің дауысы естілді: – Мұнда келіңіз! Аңқалаң қағып жетіп барсам, Ләтипа апай емес, әдемі киінген тығыршықтай қызыл сары келіншек қолымнан тарта жөнелді бір шұңқырға қарай. Сұлу безеніп алған жортуылшы келіншегімнің дәл өзі. Аңтарыла қалдым. – Тезірек, жолдан біреу көріп қоймасын!... Кешіріңіз Биған, бір сөйлесіп алайын деп алдап шақырттым, кешіріңіз! – Шұңқырға жайып қойған лаужяу шапанның үстіне отырғыза сала тәтті сөз, жұп-жұмсақ құшағымен орап кеп алды. – По, шәшіңіз ағарып кетіпті!... Көңіл дегенді көтеріп жүрмесек мүлде түгесіп кетеміз ғой!– дегеннен басқа «ғашықтық құштарлықтары» құлағыма кірмей де қалыпты. Жастықтың өзіме таныс-бейтаныс жындары түгелімен қаптап, құрыштап ала жөнелді. Жауабым, «ал ендеше» ғана болды, бассалдым. Ес-ақылымның қайда кеткенін білмей де қалыппын... Лезден соң сайқалдың бір өлімнен әрең қалғандай бейнемен қолтығымда жыламсырай алқынып жатқаны ғана көрінді. Атын да білмейтінмін есіме енді түсті.
Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 402; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы! Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет |