Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 45 страница




Тоқты Басит есегінен ыршып түсіп, белдік қынынан пышағын суыра ұмтылып еді. Хұңуйбең ысқырық тартты. Арт жағына бұрылып жедел ысқырды. Әскер шақырғандығын сезіп, жұлқынып бара жатқан жолдасымды тез қуып жетіп ұстадым да есегіне мінгізіп қуа жөнелдім. Соңымыздан әскери қуғын түсетіндігін естіген соң есін ол да тез жиып, есегін сабалай жөнелді.

Батқан күнді қуалағандай күншығыс жақтан қара түтек шаң көтеріліп аспанды бүркеп келе жатыр еді. Такламаканның құм бораны екен, Шаяр қалашығы көзден лезде ғайып болды. Қарғылақтаған екі есектің адымы мандымағанынан сонда да қатты састық. Ысқырыққа төрт хуңшяубең қосыла шу көтерді. Оларды да құйын жұтып бүркегенмен айқай-шуы соңымыздан қалар емес.

Біз, батыс-солтүстікке беттеген қанжолдан шығыс-солтүстікке қарап, кілт бұрыла қаштық. Құм боран келудің алдында ол жақтан қалың жыңғыл мен тораңғы тоғайы көрінген. Сол жаққа Күшарға төте жететін жалғызаяқ жолдар барын да естігенбіз.

Үлкен жолдан қараборанды жарып екі мылтық қатар атылды. Қуғыншы әскерлер екендігін білдік. Осылай бұлтара қашқанымызға қуанып келе жатқанымда Тоқты Басит есегінен түсе қалып, шылбырын маған ұстата салды.

– Анау тоғайға кіріп тоса тұрыңыз!

– Сен қайда бармақсың?

– Мына қараңғылықтан пайдаланып, анау жындардың бірін соға кетейін!

– Тоқта!... Соңымыздан қалмайтын қуғын таппақсың ба!

– Ақыр өздері де түсті ғой соңымызға, сөйтіп жүректеріне тие кетпесек соңымыздан қалмайды!

– Кісілері өлсе, бар жерде алдымыздан тоспай ма, қой бұл тәуекелшілікті! Жүр тез, қоршауға түспей алыстап кетелік!...

Жортақтата жөнелдік. Оқ әр тұсқа атылды да, бір-екеуі үстімізден зу ете түсті. Біздің беталысымызды енді тапқандай, іле-шала бірнеше оқ өтті үстімізден. Түнек түн жарылғандай ыңыранып, маңымызды қатер тінткіледі. Оңды-солды үшкүрген қою құйын тораңғы тоғайға кіргенімізде де бөгетсіз ұшықтай берді. Қуғын бері бұрылғандай, мылтық дауысы енді жақыннан естілді. Осы тоғайды тінтпей кетпейтіндігін сездім. Шағын ғана елсіз тоғай екен. Күншығыс жақ сыртынан жалаңаш алаңқы байқалды. Сол жалаңаш борбасқа шыға жөнелгенімде Тоқты Басит бір үлкен тораңғының түбіне түсе қалды. «Оқ тиеді, көрініп қаламыз!» деп дыбыстады маған. Қайта оралып келдім де бұл тоғайдан қоршалып қолға түсетіндігімізді асығып айта жетектедім.

Екі сұр есекті сұп-сұр борбасқа шығарып шаужайлап екі жерге жата қалдық. Сарт-сұрт аяқ дыбысы тоғайдың күнгей-теріскей екі жағынан да естілді. Дүлей боран, жынды құйын есектерімізді тәлтіректете бүріп, өзімізді көз аштырмай көмді. Қатер тінткілеп, ажал піскілеп, қойнымызда сумаңдап жүргендей. Қарға адым жер көрінер емес. Тоғайдың тұс-тұсынан атылды мылтық. «Тұрыңдар!» деп ақырысады. Лезде тораңғыларды аралай соққылауға кірісті.

Бір-екеуінің тоғайдан бері өтіп, бізге жақындап қалғандығы аяқ дыбыстарынан естідік. Отыз метрдей жақындап келіп, үңіле қалғандықтарын байқадым. Жүрегім қара құйыннан бетер ұйытқып, қасқырша жұлмалады. Есектерді көріп жетіп келсе екеуміз екеуіне сырттарына атылудан басқа амал жоқ қой. Үндерін шығармай баса алсақ!...

– Бұл жақта жоқ!– деді бірі аздан соң.

– Жиналыңдар!– деп артына қайрыла айқайлаған бірі тоғайға қарай жығыла-сүріне жөнелді. Тораңғы сүзе қаңғырласа-даңғырласа жиналып тізіліп, санақтан өтті де ары қарай алыстай берді. Санына қарағанда тұп-тура бір завот әскер екен.

– Әулие екенсің Биға, осы жолы қол қойдым!– дей түрегелді Тоқты Басит.

– Достым сен қанша күшті болғаныңмен ыза-ашудың алдында ең осал жігіт екенсің!– деп мен кінәладым.

Жүз метрдей ғана жердегі тоғай далдасына қайта кіріп, есектердің желқомын алып арқандадық. Тораңғы түбіне құм бораннан ықтай жатып, досымның бүгінгі қылмысын қазбалай сындадым.

 

Әділетті тергеушім, Тоқты Басит атты осы қылмыскерді сындауды былай қойып, пышақ сұқсам да рауа екенін енді түсінген шығарсыз. Өлген кемпірді тепкілеп ескіліктен арылтпақ болған сауапты ісі үшін ғана Маужушидың қызыл қорғаушысына пышақ ала жүгірген азғындығын адамзат кешірер ме! Мұндай арсыз тепкіні бүгін ғана көргендей ызаға шыдамай шыңғырып, қашып шыққан бірінші күніміздің өзінде-ақ қанды қолға түсіре жаздағанын қараңызшы! «Қуырдақтың әкесін түйе сойғанда көр» дегендей мұндай сұмдықтың әкесін өзіңізге жақындаған сайын көрмейміз бе. Әлден бұлай құтырса, сіздің өз «төңкерісіңізге» несін ала жүгірмек бұл! Жауыздық пен жыртқыштықтың теңізіне сүңгуге «белді бекем байлап» келе жатқан азаматтан бұдан зор қылмыс табу мүмкін бе! Осы шыдамсыздығын өлтіре сындап шектемесем, өзін де мені де теріс азуларыңызға түсіріп, шайнатпай жұтқызбай ма!

 

ІІ

 

Аспан сұп-сұр, қаһарын үйіріп, қырауын бүркіп тұр. Көп қабат үйлі үлкен көше алай-дүлей адам тасқыны, шуылдап әр жаққа үркіп барады. Қан-сөлден айрылған аппақ қудай. Қағылысып-соғылысып, таласып-тартысып барады. Әрқайсысының таласатыны өзді-өз шыбын жандары. Алыпқашатындары өзді-өз бастары ғана. Екі жақтарындағы қабат-қабат зәулім үйлерге қарай-қарай сапырылсады. Шағылған көп терезе көздерінен жұдырықтай-жұдырықтай тас атылып жатыр. Ол қатігез оқтар көшедегі халыққа емес, қарсы жақ терезелердегі жауларына атылса да жетпей халыққа жауады. Жеткендері де цемент қабырғаларға тиіп қайтып жауады. Қарсы жақтан атылған тастар да солай. Төменде сапрылысқан базаршы халықтың үстіне биіктен «ақырзаман» нөсеріндей құйылды. Көше у-шу. «Әйя» мен «ойжан»...

Сол алай-дүлей «ойбайлар» мен тас боран арасынан шоқша ғана ақ-сақалды ақсақ шал таңданарлықтай шапшаңдықпен атылып шықты. Шын сасқанда бір балдақ бір имек таяғын көтере зытады екен. Жанталасқан халықтан ол өнеріне қарап күлген де ешкім болмады. Өзі ғана жымиды да Дашызының[102] күншығыс жақ мүйісін айлана жөнелді.

«Қызыл екінші қосын» мен «қызыл 1-ші, 3-ші қосын»[103] соғысатындығын білмей, көшеге бейғам шыққан халық, екеуінің арасында қалатындықтарын тіпті түйсінбеген көрінеді. Көбі жараланыпты. Жауласқан екі жақ та қызыл, екі жақ та «Маужуши мен компартияны қорғаймыз» деген ұран тегеуірінімен ұйымдастырылған екі жақ та Маузыдұң шақырған ұранға қосылып, «көтеріліс жасау орынды!» деп шуласып жүрген. Ал сол екі жақ бүгін таңертең бір көшенің екі жақ бүйірінен терезелерді шағып тастап атысатындығын кім ойлаған?... Алдымен шабуылдаған, арқа тіректі, құралды қоспа екі қосын «бірінші, үшінші» екен.

«Сайқал саясаттың былығы!»– деп ақсақ шал күбірлей тыжырынды. – «Асқан демократ болып көрініп, төңкерісші жастарға толық ерік бергенсіп сүзістіріп қойып, лай судан әлі де балық аулап жатқаны!... Өзіне күдіктілеу көрінгендерін түгел құртпақ. Сөйтіп, қоғамнан желп етерлік пұта қалдырмай тақырлап тастамақ!»– ызалы ақсақ таяқтарын нықтап-нықтап тықылдатты.

Яңхаң көшесімен өрлеп барып тұрып қалды. Өйтетіні, жолы тағы да буылды: қызыл шашақты найза көтерген сансыз «кішкене қызыл батырлар» жоғары жақтан қаптап, ұрандатып келе жатыпты. «Көтеріліс жасау орынды!»– деп толассыз шұрқырасып, найзаларын үздіксіз шошаңдатады. «Төрт көнені құртамыз! Құртамыз! Құртамыз!», «тап жауларын жоямыз! Жоямыз! Жоямыз!», «Ит бастарын жаншып тастаймыз! Жаншып тастаймыз!»...

Төменгі жақтан дәл осындай ұрандармен тағы бір тасқын қаптай келеді екен. Жоғары, орта мектептерден құралған ірірек «батырлар» көрінеді. Бұлардың арқаларына ып–ықшам таңылған буыншақтары бар. «Бижинге жаяу барып, Маужушиға сәлем беруге шыққандар» деді бір кәрі, ақсақтың артынан өтіп бара жатып далдалана күлді. Ақсақ шалдың бар зейіні жоғары жақтан келген «кішкене батырларда». Көз алмай, араларынан сағынышты біреуін іздегендей, тесіле қарайды.

Көшенің екі шетіндегі жай халық қысталып-тұйықталып қалды. Бижін сапарына шыққандардың қарсы жағынан қызыл қорғаушы қоршап айдап келе жатқан қағаз қалпақтар көрінгенде күңрене тығылысты халық. Мына қысталаңда тас жауып кетсе, қиа басып құтылар жол жоқ еді. Биғаншылар әйтеуір ондай сойқан шығармай ғана ұзын қалпақты «жауларын» басып-жаншып өте берді. Олар келіп жұдырықпен соққанда шалқалап-шалқалап жығылған қалпақтылар аунап түсіп екпеттеп, үстілерінен өткізді.

Қағаз бен қамыстан жасалған қалпақтарының жанышталып, сабанға айналғаны болмаса, Жансебіл «жау» ыңқылдап-күрсілдеп қана бүтін-бүтін түрегелді. Көбі қасқабас, ірі денелі, қарынды «жаулар» екен. Ақсақ шалға алдымен танылғаны Бұрһан Шаһиди болды. Ғалым дипломат осы қоғамды қандай жын соққанын әлі де түсінбейтіндей, қызылсары жүзі әлемтапырық, аңыра қарады әр жаққа. Сөйтсе де тізбегіне жайбарақатси ілесті. Пальтосының артқы етегіне тігілген түлкінің құйрығын сүйретіп ілби берді. Соңындағы атақты биші Қамбар ханым қалпағынан айрылып жалаңбас түрегелгеннен ұялғандай бұғынып, бетін баса өтсе де ақсақ шал оның ұзын бойлы дене сымбатынан анық таныды.

Өткір нұрлы көзінен намыстың оты ұшқындап шыға келді ақсақтың. Ұйғыр биінің жасамыс ұстазының арқасына да масқаралаудың әлем-жәлемі жапсырылыпты. Шынжаңдағы ғылым мен мәдениеттің қалған тірі қызметкерлері жау қатарына түгелденіп-ақ тізілген екен. Жергілікті ұлттық көркемөнерге көбірек еңбек сіңірген ханзу композиторлары да, ұйғыр, қазақ өмірінен шығарма жазған жазушылары да бар. Арқаларына «кертартпа ғылым беделдісі», «кері төңкерісші», «құқық иесі» деген қара таңбалар басылыпты. Бәріне тігіле қарап қалған ақсақ шал, тері бөркін баса киді де қисық аяғын сиғызып өтерлік жол іздей шойнаңдады.

Январьдың ызғарлы қызылшұнақ күні түстен көтерілген екен. Шұнаңдап сұр түтек бұлт арасынан шыға келгенде ақсақ шал оған кекті көзімен қиыстай қарады да жеделдете шойнаңдады. Ырдашаузыдан өте бере алдындағы бір мешітті шағып жатқан «қызыл қорғаушыларды» көрді. Жоғары жақтан сенделектеп келе жатқан келте сары шапанды бір дәу (Мақұлбек екен) сол «төңкеріске» қарап тұра қалып еді. Арт жағынан семіз бір кадр келіп иығына қағып қалғанда жалт қарады Мақұлбек:

– Ассалаумаликум!– деп қалды сасқалақ дауыспен. Бұл шақта мұсылманша сәлемнің «төрт көне» көлемінде екендігін, әрі бұлай сәлем берудің тап жауларына тізе бүккендігін көрсететін қатерлі қылмыс екенін мас Мақұлбек ескерер емес.

– Маужуши мың-мың жасасын!– деп семіз кадр жылыстай жөнелді.

Мешіт қақпасынан қарап тұрған бір «қызыл қорғаушы» ысқырық тартып жіберді де, ағаш мылтық дүмімен Мақұлбектің көкжелкесінен түйіп-түйіп қалды.

– Мә ассалау!.. Мә ассалау!...

Мұзға тайып жығылған сәлемшіні бірнешеуі келіп тепкілей жөнелді.

– Жауға тізе бүгуші рақымсыз жазалансын! –Жасасын Маужуши!– түмен-түмен жасасын! – «Қызыл кішкене батырлар» қоршап алып, найзалай берді, ұрандай берді.

– Үшінші сақшыға апарып қамаңдар!– деп айқайлады, мешіт бұздырып жатқан бір бастығы шығып «қызыл батырлар» Мақұлбекті сүйрелеп тұрғызып желкелей жөнелді. Желкеленіп барады, жығылып тұрып жалынып барады. Жаңылғандығын айтады, мас екендігін айтады. Мастың қан болған мұрнынан шыққан міңгірді тыңдап келе жатқан ақсақ шал ғана. Көше шетімен балдағын мұзға қадай шойнаңдап ілесіп келеді.

Алдыңғы жағынан басын түбіт шәлімен орап, бетін пальто жағасымен жапқан ақбөрте әйел шыға келгенде тұра қалды ақсақ. Айдалып қиралаңдап бара жатқан қанды ауыз Мақұлбекке көз қиығымен ғана қараған әйел ақсақ шалдың қарсы алдынан өте шықты. Қаншалық телмірсе де назарын тарта алмаған шал сәл ілесіп барып тоқтап қалды. «Мұратыңа жеткен екенсің Ақия!» деп зілмен жымия күбірледі. Асықпай өрлеп, Ақияның шыққан бұрма көшесінің аузына жетіп тоқтады. Сол жерден тоспақ сияқты.

Ақсақ шал өксіп қалды да, өзін-өзі жия қойды. Үрімжінің оңтүстік жақ осы районын аралағанына екі апта өтіпті. Өзіне толық таныс адамдардан бүгін екеуін ғана көріпті. Оның бірі қолды болып, бірі танымай кетті. Бір көруге зар болып іздеген адамдарынан ешқайсысы табылмады. Орындары да қалмаған тәрізді. Іздегендері ыңғай қалпақты болғандықтан аттарын атап сұрастыра да алмады. Қазіргі жатқан үйіндегі ұйғыр әйел де іздеп дерегін таба алмай жүр.

Неше күннен бері әлденеше рет келіп, тексеріп қайтқан көшесіне тағы да тесіле қарады ақсақ. Осы қақпалардан көзіне оттай басылатын ең жақын жандары шыға келетіндей әлі де үміттене, еміне қарайды. Көзі жасаурап кетті. Сырт жағынан аяқ сықырын естіп, жалт қарады. Ақия қайтып келіп қалған екен. Басын төмен сала түнеріп, әлде не оймен келеді. Дүниеден түңілгендей, тым көңілсіз ақ жүзі әжімденіп, қартайып көрінді. Тағы да қарамай өтіп бара жатқанында ақсақ шал таза ұйғыр үнмен дабыстап сұрады.

– Қызым, Ақия дейтін ханымның қайда тұратынын білемісіз?

– Ақия?... Онда не ісіңіз бар еді?– Аңыра қарап тұра қалды Ақия.

– Пақырлері оңтүстіктегі Шаяр ауданына доқтырға емделуге келген. Сол ханымға достарының айтқан сәлемі бар еді, осы көшелердің бірінде деген. Анық қайсы көше екендігін білмей тұрмын!

Ақия жан-жағына қарай берді. Ойлана түсіп, күбірлеп қана сұрады.

– Олар кімдер?

– Биғабіл әфәнді, Қапас және бірнешесі бар.

– Биғабіл?... Тірі ме еді ол?– дегенінде қара көз жарқырап кетті. Жүзі қызарып барып сұрланды.

– Тірі, денсаулығы қалпында.

Көзі жасаурай қалған Ақия күрсініп жіберіп, демін жұта қойды. Жан-жағына енді ұрлана қарап, сұрлана түсті. Ақсақ қарттың тұла бойына тінте қарап кідірді де, тағы күбірледі.

– Ақияны енді басқа ешкімнен сұрамай-ақ қойыңыз, мен тауып беремін!... Осы жерде сәл күте тұрыңызшы! – Осы сөзбен Ақия аяғын тездете басып жүріп кетті де, сол Биғабілдің бұрынғы өзі тұрған үйіне барып кірді. Бұрынғыдан жалғыз-ақ парқы, көше жақ терезелерін дауалмен қоршап, бұрынғы қақпа орнына кішкене ғана темір есік орнатып алыпты. Кейінгі науқандар да қызыл жасақтардың шарлауы көбейіп кеткендіктен қала тұрғындарының көбі есік-терезелерін осылай бекітіп алған екен. Әр семья өзді-өз алдыларына бір-бір жамбыл сияқты. Күндіз-түні құлыптап, ілгектеп, өздері де сыртқа бейсауат шықпайтын, үйлеріне бейсауат адам кіргізбейтін әдет қалыптастырып алыпты. Ақсақ шалдың екі аптадан бері таныс ешкімін таба алмай, иә, тексеріп бітіре алмай жүрген себебі осы болатын.

Пальтосын тастап, жеңілденіп шыққан Ақия жан-жағына қарап тұрды да ақсақ шалға қол бұлғап қалып, кішкене есігіне суырша сүңгіді. Қарт бүкшеңдеп балдағын тақылдата жеткенде есік ашыла қалды. Есік далдасынан көрінген Ақия ымдап клет үйіне кіргізді шалды. Кішкене флиталы ошағына от жағып қойыпты. Ұйғырша шала тілмен «хапа болмай осында отыра тұрсаңыз!» деп күлімсірей күбірлей шығып бекітті есігін. Бұл кілет Биғабілдің бұрынғы жатын үйінің қарсы жақ бұрышына салынған екен.

– Ақия, Ақия!– деп шақырған Құлжанның дауысы терезесінен естілді. Өле мас сияқты, тілін шайнап жыламсырай шығарды үнін. – Қайда жүрсің? Қайдасың?... Неғып жүрсің?

– Ей, мен мұнда, бірдеме жеп кетті деп пе едің!

– Арағым қайда, арақ, арақ!...

– Мә!...

– Ой... ой айналайын-ай, осының, осының ғой сенің!...

Кілетке термос пен дастарқан көтере кірген Ақия ескі киіз үстіндегі аласа столға шай құя отырып, мас болғанда шатақшыл болып кететіні бар. Сізді үйге бастай алмадым, кешіріңіз! – Қарай берді шалдың жүзіне. – Биғабілдар қайда тұр екен?... Айта беріңіз, Ақия дегеніңіз – мен!

– Шаярдың Тарым лаугай майданында. Біздің мәліге хошна, жақын тұрады.

– Лаугай ма?

– Лаугай емес, оңшылдық қалпағы да алынған. Сол майданға уақытша орналасып қалды. Сізге сәлем айтты, бала-шағасының қайда екенінен хабар ала алмапты. Сіздің білетініңізді айтып, анықтап сұрап біле келуімді өтініп еді!

– Осы маңайдағы ешкімнен сұрамадыңыз ба?– Аңди қарап сұрады Ақия.

– Сізді сұраған адамдарым білмейміз деп қайтарды.

– Иә, бір көшеде отырғанымызбен араласпаймыз. Біз басқа жақтан жақында көшіп келгенбіз. – Ақия бұл жолы әдейі өтірік айтты. Осы кісінің өзі Биғабіл болса өтірікке қарсылығымен-ақ сездірер дегендей көз астымен қарай берді. Өзін сынап-тексеріп отырғанын ақсақал шал да сезіп, сыр бермеуге тырысты. Ақия меймандостық көрсеткенси өтінді сонсоң. – Бас киіміңізді алып жайланып отырып ішіңіз!

– Рахмат қызым, ішіп болдым!.. Биғабіл әфәндінің бала-шағасының тұрағын айтып берсеңіз, ертерек тауып біліп қайтсам!... Жатқан үйім алыс!

Ақия ойлана кідіріп, шалға қарай түсіп жауап берді.

– Олардың қазір қайда екенін мен де білмеймін. Әйелінің қалпағы бар, мұғалім еді. Тұрпан жаққа төменге түсіріп жіберген. Баласы Күлән дейтін әпекесінің қолында қалып еді. Алдыңғы жылы социалистік тәрбие жүргізілерде ол да бір жаққа көшіп кетіпті. Содан бері оның да қайда кеткенін білмей қалдым! – Осыны айта отырып, шалдың өңі бұзылып сақалы дір ете түскенін көрген Ақия тосыннан жылап жіберді де таза қазақ тілімен сөйледі. – Маған сенбейтін де жөнің бар ғой! Бірақ, қанша азғын болсам да дәл Биғабілдің ардақты басына қастық істермін бе!... Бір көруге зар болып жүргенімде... Әрең келіп көрініп отырып, осындай оңашада неге жасырынасың менен?... Қаншалық ұйғыршаласаң да түсіңнің жаңағы өзгерісінен бұрын-ақ көзің мен мұрныңнан танып отырғанмын. Ант атсын қас қылсам! – Шалдың баса киген тері бөрігін басынан жұлып алды осы сөзбен. – Міне дәл өзісің!– деді де асыла құлады шалдың мойнына. Үн сала еңіреді.

– Ақия, Ақия!– деп бар дауысымен Құлжан шырқырады үйінен. Ақсақал шал жауының Ақиясын серпи түрегелді.

– Ит ұлып жатыр, абыржымай-ақ қой!– деді Ақия да түрегеліп, көз жасын сүртті. – Баяғы өзіңді қапқан ит болғанымен қазір жөндеп үре де алмайды. Мен барып келейін, бейғам отыра бер!... Не болды, не болды!– деді үйіне кіріп барып.

– Арақ, арақ!... арақ!

– Үй жаңа ғана беріп едім ғой!

– Ол ма, ол... мысықтың сідігі!... Арағымды басқа ыдысқа.. құйып алдың, қаншық!... Бөтелкені иіскетіп кеттің!... Ана үйге апарып қай байыңа құйдың, кері төңкерісші жалап?

– Дәл қазір өлейін демесең, тарт тіліңді!...

– Қойдым, қойдым, Ақа...а...а!– Құлжанның дауысы қырылдап әрең шықты. – Ақа, ақа... ағатай, қыспашы тамағымды, қойдым, қойдым!... Хы–хы–һы–һы... арағымды берсең болды!

– Мә, өзің-ақ іш уыңды!

– Ә, міне, бар екен ғой!... Бар болды!... енді сендім!... Әлгі... Мақұлбектің қатынына... беріп қойды ма десем, бір жұтып алғандай тамағын қырынып, бір лоқсып қалған Құлжан тағы бір әуенге көшті. – Қарама маған, қарама!... Маған ерегесіп... бәрін бір-ақ ішіп... алайын деп тұрсың ғой!... білемін ол қулығыңды!... Көшеде арақ жоқ... бар бара бер өз жұмысыңа!...

Ақия күлімдей кірді кілетке. Баяғы жуан құйрық байландидың бір бөтелкесін, екі рюмкасымен әкеліп дастарқанға қойды да, «енді ешқайда баруға асықпай-ақ қой, әңгіме шертеміз!» дей сала көмір алып шығып, клет есігін тағы құлыптай кетті. Лезде шағын кілем мен көрпе-жастық ала кіріп, қонағының астына жайды. Шалдың қисық аяғы түзеліп, жеп-жеңіл түрегелгеніне күле шығып, тағы құлыптады.

«Әке, әке, жүй-жүй-жүй!» деген Асқардың ауық-ауық естіліп, жүректі езетін шырылы құлағына тым жақыннан естілген шал елеңдей қарады жан-жағына. «Бізге алаң болма, өз денсаулығыңды күт!» деп қалды аяулы жар. «Өз денсаулығыңды ғана.. өз денсаулығыңды ғана...» – Күміс қоңыраудай тұнық-таза үн өздіксіз сылдырады құлағына. Жас парлай жөнелді шал көзінен. Құшағын кең жайып еңіреп жіберді. – «Мақпалым!...Нұрияшым – күн жүздім, бармысың?... Қайда жүрсің?»– бар дауысын сол Асқарынша ағытып жібере жаздап, тына қалды...




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 319; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.011 сек.