Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 48 страница




– Бұл жөніндегі үкім өзімнен-ақ шықсын, сен араласпашы!

– Дәл осы кезеңде өліп қалса, алдағы ісімізге кесірі тимей ме!

– Тимейді!... Мұны мен де өз қолыммен өлтірмекші емеспін. Бірақ ата-бабасы көрмеген «рахатты» көрсетемін. Оған сен іш жиюшы болма!... Мақпал екеуіңнің табысуыңа титтей де бөгеті болмайтын менің бұл ісіме сен де бөгет болма жаным, мақұл ма!... Жүр, менің кереуетіме барып жатайық!

– Анау итің жатқан төсегіңе жатқызбақпысың?

– Жоқ, оны өз кереуетіме бір рет те жатқызып көрген емеспін!... Жүре ғой, бүгін қауіптенетін мәселе де жоқ!...

Бұрын өзім қонақ қабылдайтын ісханама кіріп, Ақия жайған төсекке шешініп жаттым. Иіс майын шашып, іш көйлекпен ғана келіп кірді ол. Лебімен де, бәдән нұрымен де, ырықтылығымен де Мақпалымды елестетіп бейғам алқына, күле кірді қойныма. Бірақ темір қақпа сол сәтте тықылдап, жат төсек екендігін жарқ еткізгендей болды. Селк ете түсіппін. Ақия шырақты өшіре қойып, «жата бер!» дей түрегелді. Портушка ашып қойып тыңдап, темір қақпа үшінші рет тықылдағанда зейіл үнмен дауыстады.

– Бұл кім?

– Мен, Мақұлбек!... Аш есігіңді!

– Ашпаймын, Құлжан жоқ, сұраққа әкеткен!

– Не сұрақ?– Мақұлбектің дауысы қалтырап, тым бәсең жалынышпен шықты енді. – Ащы, ағатай, қарызға жарты бөтелке ғана арақ шығарып берші, кетейін!

– Арақ жоқ, жоғал әрі, арақ дүкені емес бұл! Қай уақытта келіп тұрғаныңды білесің өзің, дереу қайт!

– Ей Ақшы, ей, тыңдашы! Мен жаңа шықтым сол сұрақтан. Құлжанды қамап қойғанын хабарлап парткомға телефон бере қойсаң, дереу босатады, ұқтың ба біздің кім екенімізді! Ей Ақшы, ей, осы жақсылығым үшін!... Тым болмаса бір рюмка әкеліп берші, үш күн болды татпағаныма, ағатай, өңешім қатып қалды!.. Ағатай дедім ғой, ағатай!

– Үй кет деп тұрмын мен саған, бұл тілемшілігіңді қазір барып хабарласын демесең, жоғал!

– Мақұл-мақұл, ит қатын болдың ғой сен де!–Мақұлбек осы сөзбен жоғалды.

– Менің адам болатындығымды мына мақұлықтың осы қарғауынан да түсінген шығарсың! – Қойныма тығыла кіріп күлді Ақия.

– Қапияны жындандырған соң мұның алғаны қандай әйел болды?– деген сауалым Ақиямен бірге бүктетіліп қалып, екі-үш минуттан соң жауабын әрең тапты.

– Әлгі бір... мектепті Қапиялардан бір жыл кейін бітірген... жуансары келіншек,– деді Ақия, есіне әрең келтіргендей үзіп-үзіп, ентіге сөйледі. Сол шақта... Көрген де шығарсың... Қазір борсықтың дәл өзі... Бір ерден шығып келіп оқыған.. ол да «қып-қызыл аптық» болатын. Мақұлбекке шексіз разылығымен тиіп еді. Шексіз сорға батқанын алғашқы айында-ақ біліп, «сүйіктісінің» басын арақ бөтелкесімен жарды. Содан бері күнде төбелес. Бір күні бірінің жүзі, бір күні екіншісінің жүзі, кейде екеуінің жүзі бірдей көгеріп шығады. Ол екеуінің мына құл екеумізден бір ғана айырмашылығы – екеуі тең мас. Мақұлбектің көрсеткен «рахатына» шыдамай, қысаспен ішіп жүріп, ол да маскүнем болып кеткен.

– Құлжаннан сенің де тартып ішкен күндерің болыпты ғой. Ал, ұрысқанда қайсының көбірек жеңдіңдер?

– Алғашында мен онымен теңдескім келмей, жабатын даяр жаласы болғандықтан қорқып жүрдім. Әйтеуір арақпен алдап қана алысырақ жасап келдім. Сонда да таяқты аз жегенім жоқ: арақ, иә шай сұрап шақырғанында қарсы үйден тез шыға алмасам-ақ басыма таяқпен шақ еткізеді. Шашымды қанға бояп талай рет жарды. «Қай байыңның құшағынан шыға алмай қалдың» дейтін айыбын ұрып алып тағады. Сонысынан жаным күйіп, мен де бассалып буындыратын болдым. Оқыс ұрғызып алмаудың әдісін тапқанымнан соң ғана буындыруым азайды: жатын орнын тінтіп, таяқтарын жиып алып, үйіне, көсеу де қалдырмай кететін болдым. Кейін қойнына жұдырықтай-жұдырықтай тас алып жататын күндері де болды. Байқаусызда сол құралымен де екі-үш рет ұрып алды. Одан сақтану үшін қолшырақ жағып кіремін де сұрағанын, қолын көтертіп қойып беріп шығамын. Бірақ, ең сенімді әдіс, мағдырынан айырып, мас қып тастау екен. Қазір жиырма–отыз грам ақпен-ақ есеңгірейді. Ол болмаса қатерлі. Ал, арақ көбірек берілсе тіпті әуре. Алды-артынан жіберіп, маңайын түгел былғайды. Сондықтан, өзі әкелген арақты мен де ішкен болып алып кететін болғанмын (оның «арағымды тартып іштің» дейтіні сол). Таңертең сыртқа шығарында оның қалталарында тиіннің тегершігі де қалмайды.

– Бұдан құтылу жолын іздемедің бе?

– Мұнымен тұрмыс құрған күнімнен бастап менің мінез-құлқым кектің үстемдігінде ғана қалған. Бірақ, өлтіріп құтылуға да, ажырап құтылуға да жағдай туылмай келеді. Ең тынышы, көшеде өлсе еді!... алғашқы кезде өзімді өлтіруге де оқталып көрдім. Өзімді өлтірсем, кек үстіне кегім қалады екен. Ал, «сасыған етке борсыған май» болайын деп жаман стильге ауыссам жұрт алдында, оқушыларым алдында масқара болу тіпті қорқынышты!...

– Менімен бұлай жатуың жаман стиль емес пе?

– Сенімен менің қазіргі жағдайымыз да бұдан үлкен бақыт жоқ!– Ақия құшырлана аймалап алып, ойнақы қуанышты үнімен жалғастырды сөзін. – Уақыттық болса да мен үшін өмірлік жігер бағыштайтын үш түрлі жеңіс қалуы мүмкін!

– Қалай?... Қандай жеңістер ол?

– Қазір айта алмаймын!– Ақия сықылық қақты, аймалай түсті. – Мұным үшін... мұным үшін жалғыз-ақ, аяулы Мақпалдан кешірім ала алсам болғаны!... Арман деген де әр түрлі жолмен орындалады екен ғой!...

Таңертеңгі шайды кілетте іштім де Тарымнан келгендегі сиқыма қайта келіп, бір балдақ, бір таяқты қолыма қайта алдым. Ақия қақпадан шығып барлап тұрып ым қаққанда шойнаңдай жөнелдім. Ол сық етіп күліп жіберді де, суырша лып етіп кіріп, қақпасын жауып ала қойды.

Мен Тарымнан келісіммен Тоқты Баситтің үйін екі күн паналап, Асқар туылған шақта қолғабысшы болған ұйғыр кемпірдің шет көшедегі үйін тауып алғанмын. Бүгін сонда қайта шойнаңдап бардым. Кемпірдің Мақпалдан хабар таба алмағандығын білген соң жетерлік ақша беріп, екі міндет тапсырып шықтым: бірі, Гүлнисаны автоном райондық бірінші түрмеден іздеп, табылса, немерелес әпекесі атымен тамақ кіргізу. Одан Мақпалды сұрау. Екінші міндет, Мақпалдың қайда екенін Гүлниса білмесе Санжы, Құтыби аудандарындағы еріксіз еңбек майдандарынан іздеу.

Түс ауа ол үйден шығып, Тоқты Баситтің үйіне бардым. Ол, аңдушылардан секем алып, бала-шағасының қасына ел жатпай келе алмайтын болыпты. Атымды атамай жазып кеткен қысқаша хатын оқыдым. Ақша керек болса, әйелінен тартынбай, керегімше сұрауымды ескертіпті де қазірше үш аймақ жаққа жүрмеуімді қатты тапсырыпты. «Үлкен жол түгіл, басып өтер жер жоқ» екен. Күнбатыс жаққа беттеген жерлік адам сөзсіз қолға алынсын деген бұйрық, коммунаның кіші әтіреттеріне дейін қатал тапсырылпты. Үрімжі сыртындағы халық жасақтарының негізгі міндеті сондай саяқтарды іздеу екен. Егер біреуін қоя берсе, Совет шужыңжуйына байланысқан сатқын ретінде қолға алынып, шпион қолға түсіргеніне мол сыйлық берілетін болыпты.

Тоқты ахұнның өзінің күн көру ахуалын сұрағанымда «жақсы» деп күлімсіреді әйелі. Бірақ ерінің қолға түсіп қалуынан қорқатындығын жыламсырап күбірлеп қана айтты.

Осы райондағы бастауыш мектептің бұрынғы ғылыми меңгерушісінің қазір кәнігі ұры болып жүргені, хатынан да әйелінің қаупінен де айқын байқалды. Өзіне мен де қысқаша хат жазып, бала-шағамнан әлі де дерек таба алмай жүрген ахуалымды баяндадым да менің тұрмысыма қазірше қаражаттың қажетсіздігін айтып, өз әрекетіне сақтықпен қанағатты бекем ұстауын екі рет қайталап тапсырдым. Заулығалам өзімен күндіз сөйлесуім қажет бола қалғанда қайдан іздейтіндігім де сұралды.

Ол үйден шығып қиралаңдап барып үлкен көпірден өттім де төрт көшені айлана шойнаңдадым. Бүгін аяз сынықтау болса да сұрланып алған аспанның жалғыз көзі қызарып, қыдырстана қарайды. Әлде кімде айықпас кегі бардай, тым ашулы сияқты. Аспанның сол райынан қорыққаны ма екен, үлкен көшеден адам сирек көрінді. Олай-бұлай өткендерінің көбі Маузыдұң знагын омырауларына мен сияқты самсытып алған шал-кемпір. Сол құдіреттеріне сиынып шыққандай. Көрінгеннің бәріне үзінділерін сәлем бергендей иіле оқып, жалбарақтай өтеді. Жеңдеріне қызыл шүперек киіп алған жасақтары жүгіріп өте шығады да лезде ғайып болады.

– «Халық үшін істелік!» жақсы махорка бар, керек болса соңымнан еріңіз!– деп бір шал алдымнан теңселе өтті.

– Маужуши түмен мың жасасын! Килосы қанша? –деп мен сұрадым.

– Арзан, жетпіс юан ғана!

Бір жарым юандық темекінің жетпіс юанға шығып алып, «арзан» аталуына ызаланып келе жатқанымда одан да сұмдығын көрдім: бір кемпір артымнан қуып жетіп қойнына қағаздарын жұқа алақандай ғана ақ нанды жылт еткізді.

– «Жекелікке қарсы тұрып, шужыңжуиді сындалық! Сатылатын наным бар, қазір басқа жерден табылмайды. Әнеу бұрылысқа барып алыңыз!– деді.

– «Бірінші қиыншылықтан, екінші өлімнен қорықпалық!» бағасы қанша?

– Базар бағасынан да арзан. Ақ нан он юан, жүгері наны бес юан ғана!...

– «Жекелікке қарсы тұрып, шужыңжуйді сындайтын адам бір жапырақ нанды мұншалық қымбатқа сата ма?– деп сынай қарадым кемпірдің жүзіне.

– Дада, осы баға да табылғанына да тәубе деңіз!... Мына жақта атылып жатқан мылтық дауысын естімедіңіз бе? Ашаршылық үстіне соғыс болып жатқан қалада мұнан арзан нан таба алмай аштан өліп қаласыз, алыстан келген мүсәпір ұқсайсыз, табылғанын алып кетіңіз!...

Алпыс неше жастағы кемпірдің «дада» деп атағанына қуана шойнаңдадым. Қаланың батыс–солтүстік жағында атыс үдей түскендей, енді анық естілді. Оңтүстік дарбазаға жақындай бергенімде елу шақты ұзын қалпақтыны қызыл қорғаушылардың сартылдатып сабап қуып келе жатқаны көрінді. Көбі ханзудан шыққан «оңшылдар» көрінеді. Денелеріндегі жарақаттарының қаншалық екенін, найзадан қипақтап, жан ұшыра жүгіріп келе жатқан бейшаралардың өздері білер, жүздеріндегі қызылала, көгала таңбалар адам баққысыз. Оларға ілесе алмай жығылған біреуін екі қызыл қорғаушының тепкілеп-жұлмалап тұрғыза алмай жатқаны көрініп еді. Мен шойнаңдап жақындай бергенімде жатқан қалпақтыны сүйреп, оңтүстік дарбазаның бір қалтарысына апарды да мұрнына паужаңзы[111] тықты. Біреуі шақпақ шағып, білтесіне от тұтатты. «Енді түрегелмегеніңді көрейік!» деп от тұтатушы шегіне бергенінде тарс ете түсті паужаңзы. Недәуір қатты дауыспен жарылды. Шалқасынан жатқан қалпақты бір түрлі аянышты үн шығарып ыршып тұрмақ болды да ауызын жалғыз-ақ ашып жан үзді. Кектері енді қайтқандай күлкімен бірдеме дескен екі қызыл қорғаушы маған бір-бір қарай сала әлгі тізбектің соңынан жүгіре жөнелді.

Өлген қалпақты бір қозғалып қалып жан үзгенде мен ышқынып қалыппын. Сол қылмысым үшін өлікке қарамай, жеделірек шойнаңдап, оңтүстік дарбазадан алыстап кетуге асықтым. Өз қылмыстарын жасыру үшін екі қанішердің мені де өлтіре кетуі қиын ба!...

Жеңдеріне қызыл белгі тағып, қызыл қорғаушы сиқына еніп алған сары киімді жастардың көбі ұйымдасқан ұрылар екен. Күндіз жалғыз-жалғыздан ғана жортып жүріп, кеште жаратын сауда дүкендері мен склаттарды барлайтын сияқты. Үлкен көшемен өрлеп бара жатып, сондай жортуылшылардың бірнешеуінің әрекетін көрдім. Әр көшемен жүгірісіп келіп, бір түйілісте ұшқаса қалады екен де. Тонамақ орындарын бір-біріне көрсете кетеді екен.

Ақша – қазыналы, мүлікті жеке семьяларға бәрінен осылар қатерлі көрінді маған. Өйтетіні, өздерін танып қалған адамды өлтіре кетуді қарақшылар ұмытпаса керек қой. Ал, халыққа жаманатты болып қалған Құлжан тәріздестердің үйлерін не оңдырмақ!... Ақиямен ақылдасып сақтық үшін кеште ыңғай үңгірге түнеуді ойлай қайттым.

Уәде бойынша ымырт үйрілісімен жеттім қақпаға. Хауіптенбей кіре берудің белгісі ретінде сәл ғана ашып қойыпты. Ептеп басып барып, клетке кіріп алдым. Ақия жуынатын суды да жылытып қойған екен. Қақпаны қайта құлыптап кіре сала сақал-мұртымды сыпырып қолыма берді де шешіндіріп жуындырды.

– Шала өлігім түс уақытында келген. Тамақтандырып алып қайта өлтірдім, қауіптен бе!–деп күлді Ақия, киімімді ауыстырып жатып. Өзі бүгін толық жасанып-безеніп алған екен. Қыз кезіндегі өңіне келгендей құлпыра түсіпті. Сол кездегі кофта-юпкасы қазіргі толық денесіне тарлық етіп тырсиып тұр. Сайлары – сайша, дөңі – дөңше, бар-мәзірімен көрінді көзіме. – Қалай, бұрынғы Ақия танылама екен?– деп күлді. Қарай бергенімнен қымсына сықылықтады.

– Танылғанда қандай, жүзіңнің бұрынғы шырайын тапқанына қуаныштымын! Жалғыз-ақ, омырауыңа қос Хантеңгір[112], құйрығыңа Эверест орнағандай ғана парқы бар екен!

– І...і!– деп еркелей асылды мойныма. Құшағыма тарта бергенімде бұлқынып қайта шегіне қойды. – Шатақ шығарасың, тамақ ішейік!... Кейінірек!... Тойымда көрмеген қызықты енді көре түсейін дегенім қате емес шығар? Жаралы жүрегімізді осылай жамай тұрайық та. Сен әлі де жігіт қалпыңда екенсің!... Бүгін үш «жесірді» шақырып сөйлестім. Мақпал жөнінде бұлар да хабарсыз екен. Оларға да мықтап тапсырып қайтардым. Қонақтарды жөнелткен соң Мақпал келгенше сенің көңіліңді қайтсем жүдетпей сақтармын деген қаммен осылай жасандым. «Еберест» пен «Хантенгір» ауасы таза таулар ғой, оның әйелге орнағаны жаман емес болса керек, әйтеуір шалшық көл орнамағанына сенімім толық. Солай шығар?

Бұл сөзіне қарқылдап күліп жібердім де үйіндегі Құлжан есіме түсіп аузымды баса қойдым.

– Сен «мәпелеп» осылай тап-таза қалпыңда көрістірген Құдайға да, Құлжанға да рахмет! –дегеніме Ақия сақылдады. – Менің көңілімді көтеремін деп көп жұмыс таба берме, Ақияш!... Өңім түгіл түсімде көруді қаламайтын құртты көлді Тарымнан көріп келгенмін. Ал, сен деген безенбесең де ертегідегі перизаттайсың. Көзіңе мақтағаным емес.. әлі де ерге тимеген сияқтысың!

– Сенің аузыңнан осындай мақтаудың шыққаны үшін!– Ақия құюлы бір рюмка коньякты көтеріп салды да көз жасын парлатып жіберіп күлді. Маған бір рюмканы толтыра құйып ішкізіп, – енді ішпей қоя тұралық!– деді. Жаудырай қарап отырып тамақ жегізді. Мұңлы көзінің не дәуір ұзақ қадалғанын өзі сезбегендей. – Періштем!– деп күбірлегенінде өзі селт етіп оянғандай болды. – Мен анау өлексені бір байқап келейін! – Орнынан жас қызша секіріп тұрды. Сыртынан ескі плашын кие сала кілеттен шығып, есігін сыртынан құлыптай жөнелді. Мен терезе алдына бардым. – Құлжан, Құлжан!– деп дауыстап оятқаны естілді. – Тұр, тұр, үйге өрт кетті!

– Не, не?... Өзімнің Ақамбысың?... Су қоспай, су қоспай, екі жұтым арақ берші... Құдай үшін! – Тілі сәл күрмеліңкі шықты Құлжанның. Ақия жауап қатпай бірдеме құйып бергендей болды.

– Мә!..

Бес-алты минуттай уақыт өткізіп, күле қайтты клетке.

– Бүгін сенен бірінші рет өтінейін, не десем де, қалай ишараласам да тілегімді қайтармашы, мақұл ма! – Қолымнан тартып тұрғызды да жетектей шықты. Таңданыспен ілесе бердім. Түн қараңғы, үйлеріне шырақ жағылмаған. Құлжан жатқан үйге кіргізді. Ерінің дәл қасына төсек салған екен, ескі плашты тастай сала жау жағына алдымен өзі жатты да қолымнан тартты. Кек алудың ендігі бір сатиралы дастанын бастамақ екенін енді түсіндім. Қасына құлай кетіп, құша сүйдім. Ол, маңдайымнан бастап тамағыма дейін шөпілдете жөнелді.

– Құлжан!... Құлжан!... Ей керең!– дауыстап жұлқылап оятты ерін.

Мен тұрып шығып кетуге ыңғайландым да Ақияның өзі тар юпкасын жоғары түре қайырған соң орнығып шешіне бастадым.

– Ей, ей Құлжан, бүгін қасыңа жатамыз, разымысың?

– Лазы! – тым солғын үн шықты Құлжаннан. – Өз қатынымсың... ғой... осылай бірілге... қасыма... жатса...ңшы... қаталыма!... Алақ... арақ бал ма?... Бал ма?

– Бал! – сықылықтап күлді Ақия. – Қазір беремін!...

Ақия мені құшақтап өзіне көтере тартқанда Құлжан ұйықтағандай қор ете түсіп еді. Әйелі ыңырсып, мені емірене аймалағанда қорылы өше қалды.

– Естімейді!– деді Ақия. – Естісе ести берсін, түсінде көрсін! Неғұрлым!..

Байқасам, өзі мойнын бұрып салып, бір шекесімен Құлжанның құлағын сүзе жорықтап барады екен... Қыза шапқан жүйріктей езулеп, алқынысы үдей түсті. Тәуекел деп қасақана тебіне түстім мен де... Ол ышқына шапқылады. Бір кезеңнен асқандай соза-соза дем тартып тыныстады соңында... Ал, сүю жағынан тіпті, өзінің «неғұрлым» дегеннен де асырып ысқыртты.

Бас жағынан Құлжанның көйлегін алып төменгі жағымызға апара бергенінде білегінен ұстай алып едім. Қолымды қағып тастағандай қарсылықпен «қылмыстыларымызды» тазалап сүртті.

– Құлжан, мә, бал!– деп дауыстады сонсоң. Менің қарсы үйдегі кереуетке барып жатуымды күбірлеп тапсырды да сол көйлекпен Құлжанның аузын сүртуге кірісті. Еденге түкіре түрегелдім. Ақия Құлжан жаққа қарап жатты. – Арақ ішемісің, енді іш, мә!... Өй, мә, іш деймін! Тіршілігің үшін өзің еккен егіннің өнімі, мұны ішпесең өліп қаласың, мә, іш!... аш аузыңды!...

– Ойбай-ай мынауың немене, мынауың! Алақ емес қой!

– Ол – дәрі, міне арақ, міне!...

«Япырай!»– деп мен қатты күрсіндім. Қарсы үйге кіріп, кереуетіне екпетімнен түсіппін. – «Кек қуған адамның жабайы хайуанға айналуы оп-оңай екен-ау!...

Ақия сық-сық күле келіп, есік ілгегін салды үстіме көрпе жапты. Туфлин енді тастап шешініп, өзі де кірді көрпеге. Аймалай түсіп аударып өзіне қаратты.

– Не болды, өкпеледің бе маған?

– Бүгінгі қылығымыз, кек алудың әуейілік дәрежесінен әлдеқайда асып кетті!

– Ие, тәрбиеші мұғалімдік басыма бұл ісім үшін хайуандық қара ноқта кигізсең де заңсыз емес!... Әрқандай бәдік шығармадан да мендей ұятсыз әйел кейіпкер көрмеген шығарсың!... Менің бұл әрекетімді біреуге айтуға, иә, жазуға ұжданың да шыдамас, адамгершілік ар-ұят шегінен аттап кеткенім рас!.. Бірақ, осы қылмысымды, мына ұждансыз жауыз жалақордың махаббат пен сана атаулыға істеген қастықтарын былай қойып, мені малданған малданысына ғана салғастырып көрші жаным!... Нағыз адамға болған осы құштарлық сүйіспеншілігімнің сүртіндісін тартырудан басқа не дауа бұған?... «Ата-бабасы көрмегенді көрсетемін демеп пе едім».

Ақияның бұл өрескел ащы әділетіне басқа жауап таба алмай жұмсарып, жай қағида ғана айта алдым.

– Ит қауып алды деп өзіміз де сол итше қапсақ, адам болғанымыз ба?

– Менің бүгінгі ісім, махаббаттасу мен өштесуге келгенде әйел заттық еркектерден әлдеқайда қабілетті де әділетті екендігін көрсету ғана. Әйелдерді байлаулы малы санап басынатын еркек аз ба, әсіресе арақкештік жалпыласқаннан бері еркектердің не боп бара жатқанын білемісің, менің бұл ісім, сол танымдарын саған шегіне жеткізе масқаралап көрсету ғана. Итше қапқаным жоқ қой!

Күліп жіберіп, мен де құшақтадым.

– Меніңше, арақ екеуің бірлесіп, мына иттен кектеріңді алып болыпсыңдар, қалғаны болса осы беталысымен өзі-ақ өтеп өлетін болыпты. Енді мұндай өрескел тентектікті қоятын шығарсың?

– «Тентек» дедің бе мені? – Екі шықшытымнан екі алақанмен құшып, ойнақы үнмен сөйлеп кетті Ақия. – Бәсе, осылай атап еркелетші, уақыттық болса да ерге мен де бір еркелеп көрейін-дағы!... «Өрескелдігімді» қояйын, мақұл, мақұл! Бірақ, мұндай жұмысыма енді тек екі рет қана рұқсат етсең болды! Менің жаңағы тентектігім, өзімді алқымдап жүрген намыс азабын басу үшін ғана өтілді. Енді сенің кегің үшін бір, Мақпалдың кегі үшін бір «ойын» көрсетемін де сонан соң мұндай ұятсыз масқаралауды мүлде қоямын!... Әлде Мақпал екеуің оның жаласынан көрген азаптарыңды кек көрмейсіңдер ме?

– Мұндағы біздің кегіміз ұмтылмас кек болғанымен сенің қолданған жазаң – мұның сүйегімен бірге шығатын мәңгілік жаза болды. Орасан рақымсыздығымен осыныңның өзі үшке есеп!

– Сен бұл жазаны рақымсыздығымен ғана өшке есепте ме! Тірі кезінде көзіне бір көрініп қорламасаңдар, кек алу болып есептелмейді. Енді бұған күн аралатып екеуіңді екі рет көрсетемін! Сөйтіп, үш рет «сұмдық түс» көрсін! – Сықылықтап тұншыға күлді Ақия. – Сол «түстерін» мені шақырып алып, сайқалдықпен жорытуы мүмкін. Маған туралап айтудан қорқады. Ол менен, «тастап кетсе, иә қолға алынса қазір күн көре алмаймын» деп қорқады ал мен оның шебер жағымпаздығынан қорқамын. Өмірім зар-мұңмен жалғыздық, ішқысталықпен мағынасыз өтіп кеткендей көрініп, – Ақия солқылдап жіберіп жалғастырды сөзін. – Жындана жаздап жүргенімде келіп, мені үлкен масқарадан сен құтқардың. Енді ғана айығып келемін!




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 379; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.012 сек.