Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 50 страница




– Мен арақты оған ерегесіп, кейіннен бастадым ғой, жайыным тіпті жалаңдап тұрады, лаж не, жаман атқа қалмайын деймін!... Ал, бұл жойт араққа мен туылудан бұрын-ақ дәнігіпті. Денесінің жуандығына мақтанып сілтеп жүріп, өртеніп біткен!...

Екі тантық ұзаққа созды әңгімесін. Қоғамдық пікірге, саяси жағдайға аяқ басар емес. Бұрыннан қалған идеялогиялық сыз, аңдысу бар сияқты араларында. Ақияда өзінің қортығының «өнерін» айтып күлдіріп қояды. Әлдеқашан ымырт түсіп, өздерінің шам жаққандарын да ұмытқандай. Арақ соңынан шай құйып, сораптай отырып тантысты. Күлкі құмарларынан әбден шығып, күрсінісіп алып, клеттен шығар кезінде ғана Мақпалдың жөнін сұрады Ақия. Семіз қатынның ол жөнінен бейхабарлығын естіген соң жалына өтінді.

– Мақпалдың менде қарыз ақшасы бар еді, Алтынгүл. Сонысын жіберіп берейін десем, адресін таба алмай жүрмін. Дәуіңнен сұрап анықтап берші жаным!

– Мақұл, мақұл, ол білсе, бұрынғы құмыралардың жұғынын шайқап беріп-ақ айтқызып аламын ғой. Әлгі маған беретін бөтелкеңді сен де ұмытпа! Ертең түс уақытына дейін-ақ сұрап біліп келейін!... Ал күлдіретін әңгімем әлі көп. «Халық үшін істейік», сау тұр!– деп шықты арақ бөшкесі. Ол шығысымен үңгірден мен де шығып, терезеден қарасам, бұлтты түнек қараңғы түн екен. Сонда да буаз жайындай жайқалып көрінеді Алтынгүл. Ақия оның қасында шабақ қана сияқты.

Ақия қақпасын құлыптап қайтып, үйіне, кірді де қортығына зекіре жөнелді: «тұр, өзің жу анауыңды!» дегеніне қарағанда, қортығы «төңкерістік жұмыстан» недәуір «міндет» орындап болған көрінеді. – «Сен менің кішкене балам емессің, осыдан бастап, мұндайыңның бәрін өзіңе тазалатамын. Егер тазаламасаң, көше бастығын шақырып әкеліп көрсетемін де некеден ажырауға куәлікке тартамын!... Ұқтың ба, серт осы!»– деген кесіммен «байын» шырқырата жалынтып тастап шықты да кілеттен шлапшын, шаугім апарып кіргізіп қайтып дастарқан жасады.

– Өлтірді, өлтіріп кетті!– деп шаңқылдаған әйел дауысы естілді осы шақта. Көшені бір-ақ көтерді басына. – Құдай үшін шығыңдар, ағатайлар, шығыңдар, Мақұлбекті өлтіріп кетті!... Өлтіріп кетті, Мақұлбекті, Мақұлбекті!

– «Мақұлбекті өлтіріп кетті» дейді, әлгі Алтынгүл! – Ақияның көзі шоқтай жайнады маған қарағанда. Жүрегін қолыммен басып, сипалай түстім. Алтынгүл шаңғырлай жүріп, көрші қақпаларын сақылдата жүріп, осы қақпаға жақындады. Ақия мені үңгірге түсіріп, қақпағын көмірмен бастыра сала жөнелді.

– Байқа, қараңғыда шошынып қалып жүр ме!– деген сақтықты әрең ескертіп қалдым.

Оқиға жайын Ақия маған түн ортасына таман қайтып кеп жеткізді. Алтынгүл мен қорадан шығып өз қақпасына жеткенде Мақұлбектің біреулерге өз жатқан үйінен дауыстап сөйлеген сөзі естіліпті: «жігіттер қанша өзгеріп келсеңдер де танып тұрмын, алған нәрселеріңді тастап кетіңдер!»– осы сөзінен соң-ақ бақырғаны естіліпті. Ішінен бекітілген қақпаны тепкілей берген Алтынгүл бір топ жігіт қаулап шыға жөнелген соң ғана жүгіріпті үйіне. Кіріп барса, мойны қайрылып, екі пұты екі жаққа айрылған Мақұлбек сұлап жатыр екен...

Ақия жеткенде көршілерден екі-үшеуі ғана құралып, аңыра қарасып тұрыпты. Сақшылар мен қызыл кресті машина жетіп, өлікті тексеріпті де дереу ала жөнеліпті. Жүрегінен білінер-білінбес қыбыр байқалған екен.

Көреген тергеушім, осындай «төңкеріс» жүргізгендіктеріңізге не деп алғыс айтарымды білмей қалдым. Әсіресе мұны «пролетарияттың зор мәдениет төңкерісі» деп атағандықтарыңыз неткен данышпандық! «Атым – Маржанбүбі, пұтымда штан жоқ» дейтін бикештің қойған аты шығар-ау!... Қоғамды ең озық төңкерісші таптың мәдениетіне бөлеп, қазірдің өзінде-ақ ұжмаққа айналдырып болмадыңыздар ма!... Дүниежүзілік коммунизм қозғалысының жеңісі үшін қосқан бұл данышпандық үлестеріңізге марксизм қаншалық сүйінер екен!... Иә, бұл таланттарыңыз бүкіл адамзатты қылмыстан құтқарар-ақ!

 

IV

 

Ақия Ұланбайдағы қалпақсыз тұтқындар лагеріне екі рет барып, үш-төрт әйелден «хал сұрап» қайтыпты. Бұл лагердегілер, өздерінен үкіметке қарсы ешқандай қылмыс табылмағанымен желкелеріне ешқашан қылмыс жасамайды деген күмәннің сұрау белгісі қойылған қылмыстылар еді. Жақыннан бері қолға алынып, күреске тартылып жатқан «құқық иелерінің» қызметтегі әйелдері де осы лагерге айдалыпты. Бұлар, ақ-қараны, айыра алатындай оқыған әйелдер болғандықтан ерлерін ақтау жөнінен әрине «ешқашан қылмыс жасамаулары» мүмкін ғой.

Өзі сөйтіп некеленген жігітін тастап, жалданба жендетке тиген Ақияға бұл әйелдер күмәнмен қарап, жөндеп әңгімелеспей қойыпты. Тіпті апарған тағамдарын да арамға санағандай, «қазіргі қараңғы базардан да табылмайтын жарықтықтарды сенің «қолыңның ұзындығы» арқасында таттық-ау, рахмет!» деп мысқылдапты біреуі. Сөйтіп, күмән астындағылардың өздері күмәнмен қарағандықтан Мақпал мен Күлән жөнінне сөз шығара алмай, тым көңілсіз қайтты.

– Асылқан аға да сол лагерде екен!– деді маған жыламсырай қарап. – Сенің менен Мақпалдың әдіресін сұрап, «Тарымнан жазған» бір хатың болса, соны апарып көрсетсем, Асылқан менің тыңшылықпен жүрмегендігіме сенер еді. Күлән мен Мақпалды бұл лагерде кім білуі мүмкіндігін содан сұрайын!

Ақияның бұл ақылы тағы да қона кетті көкейіме. Ертең Асылқанға барып жолығып қайтуы үшін «Тарымнан» дереу хат жазып бере қойдым. Өз достарымның арасында Ақияның сенімін қайта қалпына келтіретін документ ретінде жазылды.

«...Қадірлі Ақияш, стиль түзету әрекетіндегі Құмардан бет бұруыңа сенің тек сол шақтағы қорқуың ғана себеп болғанын білемін. Ақыры батырға айналатындығыңа, жалақор итке әйел болмайтындығыңа сенімім тіпті толық!» деген сөзді амандық баяндап келе қостым да Мақпал мен Күләннің қазіргі хал-жайы мен әдрісін сонан соң сұрадым.

«Биғабіл бұл хатты Тарымнан доқтырға келген бір ұйғыр кәрия арқылы жіберген екен дей сал!» деп тапсырдым Ақияның өзіне. Менің бұл хатым арқылы достар арасында өзінің де жүзі жаритындығын байқаған «ерке тоқал» мені тағы да жылай күліп құшты. Ертеңіне жер астындағы маған дастарқан жасап, үйіндегі «еріне» итаяқ қойды да, қақпасын сыртынан құлыптай сала жөнелді.

Асылқан ақын, шағын ғана арақ завотының сасық қоқсығын қол арбамен сыртқа шығарып төгіп жатқанда жетіпті Ақия. Завоттың алдыңғы жағынан өтетін жалғыз аяқ жол үстінен дауыстаған екен. Асылқан, арт жағындағы жылғалы ойпатты көрсетіпті. Қалтарыс ойпатқа айланып барып түскен Ақияға ол да үдірейе қарапты.

– Е, кезбе қарындас, қайдан жүрсің?

– Амансыз ба, Асаға, денсаулығыңыз жақсы ма?–Ақия жалбарақтай амандасып ұсыныпты менің хатымды. – Сүйінші, Биғабіл аға тірі екен, хат келді, Шаяр Тарым майданында екен!

– Рас па?– Қапелімде қуанышын жасыра алмай, далбарақтай ұмтылған сақ Асылқан, «тыңшы жендеттің әйеліне» аңыра қарап тұрып қалыпты. «Биғабілдің тірлігіне қуанғанымды мына опасызға білдіріп алдым-ау» деп шошынғанын, жүзінің сұрғылт тартқанынан сезіпті Ақия, жылап жіберіпті.

– Асаға, итке тигендігіммен ешкімге иттік істегенім жоқ! Араларыңызда өсіріп едіңіздер, қастық істесем дәм-тұздарыңыз атсын, менен қауіптенбеңіз!– деп ұсынған хатты Асылқан күреңіте оқып шыққан соң сұрапты. Биғаң бала-шағасынан дерек таба алмай қалған екен. Осыған жауап жазып жіберейін десем, өзім де білмеймін, сізден көмек сұрай келдім!

– Мен де білмеймін ғой шырағым!... Ие, ие, тоқтап тұр, білсе осында бір адам ғана біледі!... парткомның саяси–заң бөліміндегі Әлібек жақында «құқық иесі» қалпағымен қолға алыныпты. Соның әйелімен таныстығың барма еді?

– Айтолқын апай ма?... Білемін!

– Әлібек қолға алынған соң Айтолқынды осы лагерге әкелген. Шошқа қорада істейді. Бұрын Күләнмен қызметтес болатын. Ал, Биғабілмен де Мақпалмен де жерлес. Биғабіл оны «Ақмарқа жеңеше» деп өте жақсы көретін. Содан сұрашы!... Істеп жүрген жерін көрсетіп жіберейін, бірақ, мен айтты деме!...

Ақия, алыстан ыбырсып-үңірейіп көрінген шошқа қораның сырт жағынан барыпты. Күн жылынып қалған лайсаң шағында мұның сасығына сырттан келген мұрын беттейме. Бір шарбақ қораның ішінде аса мұңлы әнді бәсең ғана сызылтқан Айтолқынның үнін әнші Ақия тани қойып сығалап, жалғыз тазалап жүргенін көре дабыстапты.

– Айтолқын апай!

Қора сыртын айлана жүгіріп шыққан Айтолқын Ақияны тани сала тосырқап түйіліп тұра қалған екен. Бауырмалдығымен өзінен кішілерді баурап әкететін көсем әпекесінің мынадай қорлықта жүргеніне ашына еңіреп жіберген Ақия құшақ жая кеткенде кеудесінен итеріп қалыпты Айтолқын.

– Тарт әрі арам құшағыңды, опасыз қаншық!

– «Опасыз қаншық» болғанымды сол шақтың өзінде-ақ мойындағанмын, әпекетай!– Ақия енді жүгініп отыра қалып еңірепті. – Әйел арының ең қатал сотына содан бері арнап келдім өзімді!.. Бүгін... бүгін... батылым бүгін ғана жетті сізге көрінуге!.. Бір аяулы досымның хабарын әкелдім!... Ол үшін сізден сұрап білейін дегенім бар!...

Жанқалтасынан менің конвертті хатымды шығарып ұсыныпты. Потшеркіме үңіле түсіп қолына алған Айтолқынның жұқалаң ақ жүзі қызғыш тартып, сырт айлана оқыпты. Көзін қолымен сипап жіберіп, қайта үңіліпті. «Есіл азаматым!» деп күбірлегені естіліпті Ақияға. – «Осындай азғындарды әлі де түзеп, адам қатарына қоспақ, әлі де ұстаз қалпы!» –деп күрсініпті.

– Тұр орныңнан, жүр бері! – Ерте жөнеліпті Ақияны жатағына қарай. Шошқа қораның өр жағына – бөктерге салынған аласа екі үйдің біріне кіргізіпті. Бір үйде ханзу әйелдер тұрады екен, түрлеріне қарағанда олар да «құқық иелерінің» әйелдері сияқты.

– Мұкарама, сіз бара тұрыңызшы менің орныма! –Айтолқын үйдегі семіз әйелді өз жұмыс орнына жіберіп сөйлепті Ақияға. – Сен Биғабілдің өзің туралы берген бағасына қарап, қылмыстан жеңілдеп қалдың ба?

– Жоқ әпекетай, дүниеде қорқақтықтан үлкен қорлық жоқ екен. Өзім де адам айтқысыз қорлықты көріп болғанмын. Менің көргенімді көріп тірі жүруден, өлімнің өзі жақсы екен!... Тек... мағынасыз өле салу да оқыған әйел үшін... дұрыс үлгі емес қой!

– Ал, тыңда, ол есебіңді кейін көреміз! Кеше, алдыңғы күнде осында келіп жүргеніңді сиыршы ханымдардан естігенмін. Биғабілдің сұрағанына жауап жазуға асығып жүргеніңді енді ұқтым. Мақпалдың қазір қайда екендігін біз де білмейміз. 62–жылы мартта Тұрпан жақтан Күләннің үйнде қалған баласына бір келген. Бірақ, біз де аңдуда едік. Бармай, амандаса алмай қалғанмын. Содан іле-шала Құлжа оқиғасы, үш аймақ халқының Совет одағына қашу оқиғасы туылды. Сол аралықта Мақпал, баласын алып Дөрбілжіндегі үйлеріне кетті ме, иә, өзі Тұрпанға қайтып кетті ме, білмей қалдық. Биғабіл сезгір еді, егер шекара ашыла қалатын жағдай болса, маған қарайламай үлкен үйлермен бірге кете бер деп ескерткен болса, Мақпалдың сол оқиғада кетіп қалған болуы мүмкін. Өйтетіні, содан бері Мақпал жөнінде ешқандай сөз жоқ. Ал, Күлән, Ынтықбайдың Такламакандағы Ділбар дейтін лагерде 61–жылы өлгенін 63–жылы естіген. Содан бастап оның таудағы жалғыз бауыры тіпті жиы келіп тұрды. Үй мүлкінен бөліп-бөліп тастып әкетіп жүргенін де сезгенмін. Күләннің өзі төменге айдалатындығын білетін. Құмылдағы бір еңбек майданына әкететін болғанын естіп, бір күні іңірде қош айтайын деп барсам, тұрған үйінде ештеңе қалмапты, қызы мен өзі де жоқ. Тауға шығып кеткені белгілі болды. Бауырының аты Ыбырай, Еренқабырғаның Санжы жақ тұсындағы Қостай дейтін ауылда тұрады екен. Соны аудандық үкімет арқылы біліп, соңынан қуып барғандар Ыбырайдың үйін де таба алмай қайтыпты. Қайда кеткенін ешкім білмейді. Меніңше Күлән табылса, Мақпалдың да дерегін табуға болады. Ол екеуінің шығарда жаны ғана басқа болатын... Биғабілға хат жазсаң, абыржытпай, бала-шағасының амандығынан-табылатындығынан толық үміттендіріп жаз! Неғұрлым, Мақпалының үлкен үйіне дер кезінде жетіп, солармен бірге кеткендігіне сенсе ғана тынышталады ол.

– Күләнді мен іздесем таба алармын ба? Сіз оны қайда кетті деп мөлшерлейсіз?

– Егер сенімді жол бастаушы болса, ол да Қазақстанға өтіп кетті. Болмаса, осы ұлы таудың бір қуысында, қалай да бауырымен бірге!... Меніңше Ыбырайдың қайда кеткенін ауылдастарында білетінде жоқ емес. Жіңішкелеп сұрасаң табылады. Маңайына аса жұғымды-сіңімді жігіт көрінген...

Ақия үйіне кеш бата қайтып кеп, Айтолқынның аузынан шыққанын түгел жеткізді маған. Ынтықбайдың өлімі ішімнен қатты мұжыды. 61–жылы Сахуда болған ашаршылықтың Ділпарды түгел жұтып кеткені соңынан естіліп еді ғой, соның арасында Ынтықбай да кетіпті-ау, есіл сабазым!... Тағы да жетім-жесір болып қалған Күләннің иен таудағы халі көз алдымнан кетпей қойды. Ал, Мақпалым қайда, Асқарым қайда?... Менің айтқаным бойынша үлкен үйге уақытында қайта алды ма, иә, жете алмай бір қырсыққа ұшырап кетті ме?... Тездетіп осы тауда Күләннің бар–жоғын анықтауым, халін білуім қажет! Одан Мақпалдың бағдарын біліп алып жортуым керек, енді не көрсем де тәуекел!...

Күләнді алдымен Ақия шығып іздеп көруді айтып еді. Оған мен көнбедім: өзі екі қабат қой, оның басқарып ұстап отырған мына қоражайы тіпті «төрт қабаттан» да қиын жағдайда. Екі бүйірінде өмір-бақи отаса алмайтын «екі бай» жатпай ма!... Мен шығып кетіп күн көре тұруыма болар еді. Өлімтік байы өліп қалады да Ақия зор тергеуге-саяси құныкерлікке қалады!...

Құлжанның қызыл документтерін алдымызға түгел жайып, екеу ара талқыға салдық. Тауға Құлжан болып шықсам, ең қолайлы жері, оның туыстары Іледе, тапалтақ шұбар екендігін бұл тауларда көп адам білмейді. Бірақ, оның атына өшігіп жүргендердің маған қас қылып, өлтіріп тастауы да мүмкін сияқты. Ал, Ақияның өз ата-анасы мен туыстары Боғданың теріскейінде, демек, бұл тауда Құлжанға қайын жұрт болып қорғайтын да ешкім жоқ. Бір тәуірі, Ақияның бұрынғы сабақтастарынан, оқушыларынан бірнешеуі бар екен. Солардың аты-жөнін жазып алып, жай-жағдайларымен таныстым. Түгелімен менің өзімді жақсы көретін бауырлар екен. Оларға шындығымды айтып паналауыма болатындығы қуандырды. Екі-үшеуіне Ақия хат жазып тапсырды мені...

Соғыс пен қарақшылық қайнап жатқан көшені бұрынғымша ұйғыр қарт болып шойнаңдап кездім. Екі жағынан қарсы атыс болып жатқан көшелерде қараңғы базардың қатқан зағырасын қасақана кеміріп, қайыршы болып та өттім. Тоқты Баситқа бір апта бұрын тапсырғаным табылған хабары үлкен көпірде естілді: мен мініп кететін атты Сәнпакудың сыртындағы бір хұйзу қоржасынан тапқан екен. Сол күні кеш түсе Тоқты Басит үш мықты серігімен барып, тоқтам бойынша Қаражамбы өткізді де қазақ ертоқымымен ерттеп алып шығып мінгізді маған. Айтулы жүйрік екендігін серіктері біледі екен. Тау қазақтарына бөтен көрінбейтін көнелеу малақай мен тоқыма жағалы жартылай пальто шапанды кенеп қоржынға салып, қанжыға майлады. Балдақты тақымыма қысып, бамбук таяқты қолыма алдым да, бар ыразылық алғысымды төртеуіне жаудыра қоштасып, Тоқты Баситтің қолын қатты қыстым.

Былай шыға бергенімде соңымнан екі атты көрінді. Апрелдің бас кезі, Жон таудан басқа жерде қар қалмапты. Желемікті салқын түн сондада ызғар байқатады. Жалтақтап арт жағыма қарай бердім. Екі атты, қаладан бірге шыққан Еренқабырғаның екі районының адамына ұқсап екі жаққа бөлініп кетті. Жем жеп тұрған тоқ атты әлден ұрындырып алмау үшін желе аяңдатып қана жүрдім. Басымда Тарым ұйғырларының тері бөрігі. Қартайып біткен ақсақалды баяғы ақсақ.

Түнқатып жүрген мұндай жақсы аты бар жарымжан шалды басыну, әркімнің қолынан келсе керек қой. Әлгі бөлініп кеткен екі аттының күншығыс беталысымен кеткені жақындай берді маған.

– Жол болсын, екеуміздікі жол бір екен!– деп қаудырлады. Дүңген екен.

– Сіз қай гүңшеден? – Үңіле қарадым жүзіне. Жуан қара сұр жігіт, мен сатып алған аттың, жолдан қайта тартып әкетуге шыққан иесі екендігін мөлшерлеп үңілдім. Сол мақсатпен шыққан болса, «ақсақ шалды» тірі қалдыруы мүмкін емес, бұрынырақ қамтымасам өлгенім!... Ол да қатарласып үңіле бергенінде бамбок таяқтың қалың темір қапталған жер тірерімен шекеден ала шақ еткіздім. Ол да жең шоқпарын ыңғайлап келеді екен, «әйя!» деп бақ ете түскенінде қолынан түсіп кетті. Басы бұлғаңдап, атынан ауа берді. Тізесінен едел-жедел екі соғып жіберіп құлаттым да шаба жөнелдім. Құстай ұшты қаракер. Күнбатыс жаққа кеткен серігі, құлаған мықтысының дауысын ести қойыпты, тасырлатып солай қарай шапқылады. Мен қара үзіп, түн қараңғысына сіңіп кеттім. Беталысымнан бұлтарып, күнбатысқа қарай біраз зымыраттым да хұйзулардың соңыма қайта түспегендігі анықталған соң тізгін тартып, бұлаңқұйрыққа қайта ауыстым.

45–жылдың күзінде гомендаңнан қашқандағы жолым, таң ата тау бөктеріне жеткенімде танылды. Сондағы біздің мылтықты кетік сары тонаушы келіп тапқан жарлы бұлақтан өтіп, біраз өрлеп барып айқынырақ бір сүрдек жолға түстім.

Көрінген далдалы тұйық сайға дамылдап, ат терін құрғатып алғым келді. Енділікте мен оңтүстіктің ақсақалды шойнақ шалы емес, сақал-мұртсыз, мәдениеттірек құлақшын, палшопкалы, сылти басатын, қысқа таяқты ғана қазақ болуым қажет. Балдақ пен артық киімді сақал-мұртыммен қосып белгілі бір тастың қуысына тыға салдым. Қызыл знактар ескі шапаннан жағалы сары палшопканың омырауына көшті. Жараса кетті кеудеме. Құралды қызыл қорғаушылар кездессе, атым Құлжан. Ауыл жасақтары кездессе, ақуалға қарап, иә, Құлжан, иә басқа біреу. Адамға кездескенімді білгенімде Биғабіл бола салады.

Күн жайыла жолға түстім. Жазып алған тізім мен ауыл мектептерінің жол планы қолымда. Әр мектептің тұстарына мөлшермен сызылған адыр–жоталарды таудың өзінен іздеп үңіле бердім. Күн түске көтерілген шақта коммунаның өзім нысалаған бір әтірет мектебінің тұсына жеткенімді мөлшерледім. Төмен құлдайтын сүрдікке бұрыла бергенімде алдымдағы кезең үстінен біреу айқайлап бұйыра шақырды.

– Ей жолаушы, мұнда кел, мұнда! – Нақтылы тау қазағынан қойылған қарауыл екендігін байқай сала салмақпен дауыстадым.

– Ей жолдас, «халық үшін істелік!» екінші әтірет осы тұста ма?

– Маужуши түмен мың жасасын! Сол тұста, бел астында ғана!

Рахмет айтқандай таяғымды көтере сала жөнеле бердім.

Белден асып, жайдағырақ сайдағы тас үйлі қыстауға құлдадым. Әр тұстан жаяу-жалпы шұбырған адамдар келіп жатыр. Зор жиын үстінен түсетіндеймін. Қауіптеніп тұра қалсам да лаж жоқ, көрініп қалдым ғой, енді бұлтара жөнелсем-ақ күдікті жолаушы боламын да соңыма қуғын түсіремін! Кідірмей-мүдірмей кіріп, араласа кетуге тәуекел еттім.

Сыртқа асылған тайқазан маңында тақтайға сақылдатып бірдеме турап жатқан әйелдер недәуір көрінді. Наурыз көженің уақыты өтіп кеткен. Той, иә, ас үстіне түстім бе?... Мына турап жатқандары қаншалық кепкен сүр ет болса да бұлай шақылдамаса керек еді. Темір рудасын ұсатып жатырма десем, докт пышақпен шапқылап, су қайнатқан тайқазанға салып жатқандай!...

Күнбатыс жағымнан қиыстап, бір атты түсіп келеді екен. Жаңағы кезең тосқан қарауылшы болса керек. Жеңіндегі қызыл шүперегі сескендірді. Мені көріп мектеп алдына мұғалім сындас ретті киінген екі-үшеуі шығып тұра қалды. Қызыл жеңді пәле келіп, менің аты-жөнім тергелгенше осылардың «мәдениет төңкерісіне» болған позициясын байқауым қажет көрінеді. Атымды қузап жеделдете аяңдадым. Сәлем беру орнына айтатын үзіндім, қазіргі позициясын да, санасын да байқататын дөрекілеу үзінді болсын!...

– «Бірінші қиыншылықтан, екінші өлімнен қорықпалық!» –деп айқайлап тұра қалдым алдарына келіп. Кекселеу қалың мұртты жуаны мырс ете түсті де, жіңішкелеу мұртты сұңғақ бойлысы езуін әрең жиып, зорланып томсара қабылдады «сәлемімді».




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 355; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.01 сек.