Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 49 страница




– Айықтыру емес, жындандырып алдым-ау деймін сені? Күліп жібердім.

– Егер бұл желпінуімді жындану десең де сорың емес, бақыттың жындандыруы болар.

– Мұныңды ағаттық санамаймын, тентегім! Қапалықтың қапасына жалғыздан-жалғыз ұзақ қамалған құс та кеңдікке шығып, қанат жаза қалғанда осылай желпінеді. Ал, бүгін көп жұмыс істепсің, шаршаған шығарсың, әңгіме-күлкіге ертең де күн бар, ұйықтап ал!

– Ертең күн жоқ! –деп «тентек» тартына күлді. – Ертеңнен бастап үш күнге дейін маңыма жолай алмайсың!

– Неге?

– Әлгі бір... айлықы... ертең келетін сияқты.

– Олай болса... қарманып қал десеңші!

Ақия сықылық қақты, тарта берді өзіне...

Таң ата клеттегі орныма барып ұйықтап едім. Мақпалым мен Асқарым екі жағымнан құшақтап күлкіге бөледі. Түске жақын ояндым.

Ақия жуынып, киім ауыстырып, қуырдағы мен шайын да дайындап болыпты. Қарақшылардың хаупін оған сол шай үстінде ескерттім. Бір тобы мұнда мен келудің алдындағы түнде ғана келіп, ақша боларлық ештеңе таба алмай шыққанын айтты Ақия. Тәуір нәрселерін үңгірге сақтап жүр екен. Тонаушылар Мақұлбектің үйіне, екеуінің де мас болып, соғысып жатқан уақытында басып кіріп, әйелінің алтын сырға, жүзігі мен тойлық киімдеріне дейін ештеңесін қалдырмай жиып әкетіпті.

– Қазіргі тонаушылар «қызыл қорғаушы» болып, түстерін бүтіндей өзгертіп келетіндіктен өздерін танып қояды деп қауіптенбейді. Өлтірмейді,– деді соңында. – Бірақ, үйдегі адам санын тексеруді сылтау етіп, санақ кнешкемізді көреді. Сондықтан, басы артық сені ұрысының да бөрісінің де көрмегені жақсы, оны білемін. Олар кіргенше жасырынып үлгересің, қамсыз бол!

– Ақия, Ақия!–деп айқайлады Құлжан осы шақта. –Неғып жүрсің, мұнда кел!

– Алдына итаяқтарын жайып келіп едім, мына иттің дауысы тірі ғой! – Ақия елеңдей қарады. – Осында кіруді талап етуі мүмкін, үңгірге кіріп тыңда, қақпағы ашық тұра берсін!– дей сала дастарқан мен көрпе–жастықты жиып, клет есігін ашық тастай жөнелді. Үңгір қақпағын алып дауалға сүйеп қойып түстім де үшінші баспалдағынан, үлкен көмірді далдалай баспалап қарап тұрдым. Өлексе Ақияның білегіне сүйене шығып, кішкене балаша есік алдына шаптырды. Бешпетін желбегей жамылып, шолақ штанымен ғана шығыпты. Оң жағына мойын бұрып, клет есігіне ісіп кеткен көзінің қиығымен қарап–қарап қояды. Арақтан ісіп, құрсақ салып, толған тұлыптай домаланып қалыпты өзі. Шұбар жүзі граниттей көкпенбек сұр.

– Өй-өй үлкен дәрет, үлкен, осы жерге отыра салайын Ақатай!– деді.

– Жүр әрі!– Ақия дәретхана жақты нұсқап итермелегенде домалай қалды. Ақия қайта көтермелеп тұрғызып тәлтіректетіп бұрыштағы дәретханаға әкетті. Талтаңдап қайта оралғанында Ақия оны қасақана клетке қарай жетектеді. Үнсіз келіп клеттің есігін тінте қарап тұрған сұмы жалына жөнелді бір шақта. Қарасам, Ақия қолтығына қысып клетке кіргізіпті.

– Енді үңгірге жат, үйді былғап болдың!– деп қатқыл үнмен зекіді.

– Ағатай, Ақашым, бүгін тыныштық қой, үңгірге қамай көрме мені, тіліңді алайын, тіліңді алайын!...

Ақияның «байы» үйіне қайта кіргенше ышқына жалынды да жер төсегіне қайта орнығып алған соң ер екендігін білдіре шаңғырлады. Терезеден келіп тыңдадым.

– Бәйбіше, мұнан соң айтқаныңның бәрін орындаймын. Жалғыз-ақ... ерлі-зайыпты жұбайлармыз ғой! Арамызда татулық болуы шарт екен. Сол үшін бір-бірімізге... әсіресе сыр жасырмайықшы!... Түнде менің қасыма... кімді әкеліп жатқыздың?

– Кім келіпті?– деп Ақия ақырды.

– Білмеймін әйтеуір... ыңғай жібек киімді, иіс майы бұрқыраған әйелді... сен емессің... саны жуан біреу келіп, аямай еңкілдетті. Менімен қосып... тіпті еденді солқылдатты. Әйелдің... әйел емес, қыз сияқты... құлын дауысын шығарды. Басымды көтеріп қуып жіберейін десем, өзімді соғып кетер деп қорықтым!

Ақия қарқылдап күліп жіберді де, тез тиылып, қай уақытта екенін тағы да айқайлап сұрады.

– Қайдан білейін, сағатым жоғалған ғой, әйтеуір түнде... Соққыдан мертігіп әлсіреп жатқан кезімде мұншалық басынғанына ызаланып жатып... ұйықтап кетіппін. Бір шақта қарасам жоқ!

– Жаның шықсын!– деп шаңқылдады Ақия. – Түн бойы қасыңда мен жатқамын ғой, бірін-бірі осында келіп шыңғыртса, саңырау сен естігенде мен естімеймін бе?... Арам жүрегіңе ұялап алған өз шайтандарың ол!

– Жоқ, анық, Құдай біледі ағатай! Тіпті өзімді қызға сүздіріп жатқанын да сездім. Қыздың біз өкше туфлиі тік көтеріліп бұлғаңдағанын да көргендеймін. Байпағы да жалаңаш саны да аппақ. Ал сенде біз өкше жоқ. Қызыл қорғаушыларға өзің тапсырып бергенсің ғой. Біздің қып–қызыл семьямызда ондай «төрт көнеден» ештеңе қалған жоқ қой! Ал, түндегі шайтанның өне бойы түгел шірік көне, шужыңжуий мүлкі!

– Сөйтіп кім деп ойладың оларды? –Ақия дауыстап естірте сұрап, рас жауап ала алмаған соң факт көрсете» шабуылдады өзіне. – Түнде іңірде бір құсқаныңнан кейін келіп қасыңа мен жатқамын ғой, өзіңе айқайлап тұрып айтпадым ба! Аузыңдағы құсығыңды сүртіп, шөлдегеніңді айтқан соң су да, арақ та бердім. Төсегіңе тағы да жіберіп қоймауыңды айтып неше рет ояттым ғой, ал кім келеді соның арасында!... Әлде менің өзімнен күмәнданып отырмысың?

– Жоқ, жоқ, оллаһи сен емессің, басқа, ыңғай жібек киімді қыз дедім ғой! Сен болсаң, еңкілдеп жылау түгіл елейсің бе ондайды. Тіпті танауының демі борандай соғып ысқырп кетті дедім ғой, шиқылдап бір жолата өліп кете жаздады дедім ғой!... Юпкасын төсіне дейін түріп тастапты, әлгі неме, екі-үш бүктеп аямай ышқынтты. Сен емессің, сен болсаң, үстіңе шыбын қонғандай да сезбей, әдеттегіңше тып-тыныш ұйықтай берер едің ғой! Әсіресе мені сүзгілеп оятатын жынды емессің ғой!... Басқа! Басқа біреулер! Екеуін сен шақырып әкеліп табыстырған екен дедім!

– Ей, сен енді маған біреуді-біреуге қамап беретін кезеп деп жала жаппақпысың? Қамап берсем кең үй тұрғанда, басқа жер құрығандай сен пәленің қасына әкеліп жатқызамын ба!

– Жоқ, жоқ, оллаһи енді жала жаппаймын Ақатай! Жала жаппаймын, сендім!.. Арақтан есеңгіреп жатып көрген жаман түсім болды!... Соның түс болғаны қандай жақсы! Одан да зорырақ біреу келіп сені бүктесе не оңар едім, тәубә-тәубә!... Болды-болды қойдым!... Таң атқалы осы мәселені шеше алмай қорқып, сенен сұрайын деп арағымды да ішпей қойыппын!– дайын тұрған бір ыдыстағысын жұта салғандай қырылдады. – Әкел тағы бір жұтым берші, көңілім жай тапсын, соның түс болғаны қандай жақсы!

– Енді шай ішіп, нан жеп ал, құрғақ іше берсең өліп қалып, мені зарлатарсың!... Мә, тамақтың артынан іш!... Алдымен көйлегіңді киіп ал!...

– Мақұл, мақұл!.. Өй мына көйлекке де құсық тиген бе?

– Көзіңе де құйылыпты, түнде келіп қасыңа жатқаным сол емес пе!... Үй, қоя тұр десем тағы ішіп алдың ба!

– Ендігісін қоя тұрам, Ақатай, қоя тұрайын!– деп Құлжан қырылдады...

Ақия үйінен шыға сықылықтап-шиқылдап келіп маған жабыса түсті де ішегі түйілгенше күлді.

– Бәрін естідің бе?... Кел енді тамақ жейік, ойынның бірінші көрінісі табыспен аяқтады!..

 

Тергеушім, сіздің алдыңызда өтірік қоспау жөніндегі антым бойынша, шіріктескен жер асты клубының арсыз сары ойынын да сарапқа салып, жас оқушылар алдында кешірілмес ұятқа қалдым. Бұлай аңқылдата берсем, сіздің көз бен ауыз-мұрныңызға да пайдасы тие қоймас, бұл комедияның екінші, үшінші көрнісі әшкере сөйленбей-ақ қалсын, кешіріңіз! Әйтеуір бірінші көрінісінен артпаса кем түспейтіні белгілі болды ғой. Бұл баян еткенім, төңкерісші саптасыңыздың біздегі махаббатқа жүргізген төңкерісі өзін қандай табысқа жеткізгенін, не ішкізіп, не жегізгенін ұқтырғанымыз ғана. Әрқандай адам не ексе соны ормай ма!...

Ал, Ақия өз арызын маған айту арқылы сізге де жеткізіп болды. Осы арқылы бар жайын түсініп болдыңыз. Оны тексеріп, мәселесін шешуден үмітіңіз кесіліп те болды, білем: оны жазаласаңыз да, ақтасаңыз да Құлжаныңыз өледі. Сүйгеннен айрылып, мораль жағынан әлдеқашан өліп болған Ақияға енділікте жалаңыздың да жазаңыздың да өтпейтіндігі, оның төңкерісшіңізді өз қолын былғап өлтірмейтіндігі де, сол төңкерісшіңіздің «қатыны» болғандықтан оның іш киімін қазіргі шақта құлыптай алмайтыныңыз да белгілі. Оның мәселесін осы бойында жауып тастаудан басқа амалыңыз жоқ. Асқынған мерез бұрқырап тасқындап бүкіл қоғамды, тіпті өз мұрныңызды да сасық қанды іріңге бөктіріп жатқанда Құлжанның төңкерістік семьясынан шіріктік түгіл қолаңса иісін сезуіңіз мүмкін бе, сондықтан қылмысымды мен де қамсыз баяндай берейін!

Сол құлыпталған кішкене қақпалы үйде мен Ақияны емдеп, Ақия Құлжанды емдеп жата бердік. Мақпалым мен Асқарымнан ешқандай дерек табылмады. Сәбиімнің «әке, әке, жүй-жүй» деп шыралдаған үні тіпті жиы естілетін болды құлағыма. Солардан хабар іздеп Ақия да мен де жорттым. Автобус табылмағанда есек арбамен секектеп кемпір де қаңғырды. Ол, Гүлнисаның бірінші түрмеде екендігін анықтап тапқанымен түрмешілер жолықтырмай, апарған тамағын ғана қабылдапты. Әке–шешесін де көрістірмейді екен. Кемпір білу үшін әдейі Мақпалға деп ұсынған тамағын алмай қайтарыпты. Ол түрмеде ондай есімді әйел жоқ екен.

Құлжанның қып-қызыл кінешкелерін түгел алып, Дөрбілжінге сол болып барудың да амалын іздеп көрдім. Бірақ, ол жаққа «төңкерістік қызмет әтіреті» болмаса жалғыз-жарым «қызылды» да жүргізбейтін болып қапты.

Сөйтіп, қанша кезгеніммен дерек таппадым. Көшеде өліп көмусіз жатқан, есінен айрылып жынданып кеткен, аяғынан айрылып шоңқиып, белінен айрылып бүктетіліп қалған адамдардан басқа сау таныстарымнан ешкім кезікпеді. Мол қара сақал-мұртын сыпырып тастап, бір күні тақыр иек қызыл қорғаушы, бір күні аппақ мұртты ұраншы болып жантаңдап жүрген Тоқты Баситті ғана танимын. «Не қажет болса үйдегі келініңізге айтып қой!» деп қана жөнелді ол.

Ақия екеуіміз екі жақтап жортып, жылт таба алмай жабығып қайтамыз да кеште бас қосып, бір-біріміздің көңілімізді жабдықтаймыз. «Сен келмесең қазірге дейін қападан жынданып, мына итті ажалынан бұрын өлтіріп арандайды екенмін!» деп ол жабысады да, «сен болмасаң, ызаға булығып барып бірдеме істеп қолға түседі екенмін!» деп мен жабысамын. Әлемде бір-бірімізден басқа көңіл жұбатарлық жұбай да дос та жоқ сияқты, тіпті өз десіп кеттік. Уақыт өте келе ол, қуанышын жасыра алмай қолымды құрсағына басып жататын болды. Бірақ, жеміс пайда болғаны өзіне де кейінірек айқындалыпты.

Бір күні доқтырхананың әйелдер бөліміне көрініп келіп кешінде бірақ айтты ол табысын.

– Бала!... Өз сезуімде де бір айдан асты!– деді.

– Одан бері «байыңның»қасына жаттың ба?

– Жоға!... Неге сұрадың?

– Осы іңірде соныңның қасына жатып қайт!

– Қойшы!

– Жолықпасаң кімнің баласы демексің оған?

– Өзінше жала жаба саламын, һа–һа–һа...а... мас болып алып маған не істегеніңді де білмейсің деп ұрсамын өзіне!

– Арамнан болған деп көңіліне бүгіп жүріп, сәті түскенде баламызды тұншықтырып өлтіре салса қайтпексің?

Селк ете түсті Ақия, өңі сұрлана қалды да тіземнен басын көтеріп алды.

– Рас!.. Өліп қалмаса ондайдан тайынбайды бұл жауыз! – Кілеттен асыға шықты да үйінен бір құмыра қара сұйықтық пен кірлеген ескі киім алып кірді. Дастарқанды асыға жайып шай құйып берді де термосты қасыма қойды. Өзі шешіне бастады сонсоң. Әкелген іш көйлегін кие сала ошақ алдына барды, қара дәріні мойыны мен омырауынан бастап, білегіне, балтыры мен санына, тіпті... бәр жеріне жағынды. Қарап отырмын, аңқиып таңырқап отырмын, ай нұрлы аппақ дене қара сұр бұлт жамылғандай өшкіндеп көгілдір қара сүп-сүркей бірдемеге айнала қалды. Орнымнан ыршып тұрып, қасына бардым. Нафталин бе, пармалин бе, сірке сума, тіпті, шуаш-қолаңса ма... әйтеуір бәрі араласқан бір түрлі жиркенішті иіс мүңкіді.

– Мұның не тентегім-ау!... Қасыңа теке болмаса кім жуиды енді? Күлмей, өзі де тыжырына жауап қатты.

– Әуелден осы «эстетикаға» үйреткемін оны!... Итті ләззәттандырып дәндетпекпін бе!

Бұзауын жанастырмау үшін сиырдың емшегіне өзінің жапасын жағып қоятын кей бір малшы әйелдерінің амалы еді бұл. Сонау үйленген тойынан бастап Құлжанды осындай «сасықтығымен» жирендіріп-түңілтіп келгенін енді түсіндім.

– Бәсе, мен келгелі әйелін бір іздемейтіндей бұл итте еркектік жоқпа деп жүрсем, арақтан басқа құмардан осылай жерітіп болған екенсің ғой!

Ескі белдемшені өлімге беттегендей көңілсіз киіп, плаш жамылды.

– Кешір періштем, балаңның амандығы үшін ғана барамын! – Кебісшең шыға жөнелді. Біраздан соң кілеттен мен де шықтым. Безенуі бұлай болғанда кезігуі тіпті керемет болса керек қой, ішкі есігін ептеп сәл ғана ашып қойып тыңдадым.

– Ей Құлжан, Құлжан!– деп құлағына айқайлап жатыр екен. Оянбаған соң шымшып алған тәрізді, шыр еткізді.

– Ойбай-ай... не болды, не болды, ә-ә?– деп басын көтеріп алды «байы».

– Әйелің барын ұмыттың ба?.. Бүгін еркексіреп келдім қасыңа!

– Е, солай ма екен.. бәлем!... Мен... керек пе... екенмін саған?... Қалжыңым ғой... ауру болып... қалдым ғой... әйтпесе... Ақатай, Ақатай, олай көтермеші, жата... жата тұрайыншы!... Ойбай бүйрегім!... Бүйрегім деймін, ақырын!... Үй–үй!... І,і, енді осылай жата тұрайын!... Әйтеуір үстіңе шықтым ғой... Сәл дем алып... шіркін, бір жұтым арақ!... Осындайда керек екен ғой!...

Үнсіз недәуір жатты екеуі. Көрпе анда-санда қымырлап қояды.

– Ал, болды, түс енді! – Әйелі домалата салып түрегелді.

– Ойбай-ай!... Үй, арақ бермей кетемісің енді!..

Мен сыбдырсыз басып қана кілетке барып алдым. Соңымнан Ақия ренжи кірді кілетке.

– Енді бұл иіс оңайлықпен кетпейді! – Босағадағы үлкен легенді әкелді де үстіндегі жаман киімін бұрышқа лақтырып тастап тыржалаңаш түсіп отыра кетті. – Қолым таза емес, шәугімнен су құйып берші жаным!– күліп жіберді. – Өзің жібердің ғой, енді өзің жуындырып ал керек болсам!... Көтерем тайыншаны бұлақ бойына айдап апарсам, судан қашып, жолайды деген не, желкесінен бассам, шегініп барып жағаға құлайды, ха–ха–ха–һа–һа...а.. сөйтіп, жерге жабысты да қалды. Мойынын созып апарып тұмсығын әрең тигіздім. Болған-біткені сол!

Бұл суреттеуінен жүзім қыза қалды менің. Бір шақтағы әдеп-ұятқа аса бай, сырбаз қыздың енді мұндай тантық қатын болғанын әнеу түндердегі үш көріністі комедиядағы істерінен көріп едім. Мына сөзі соның шыққан қайнары болды. Бірақ, жаным аши қалды өзіне: «болған-біткенім осы болды» деп жылайтынын көріп жүрмін ғой.

«Иә, мораль жағынан бәріміз де айырылып болып қалдық. Кешегі жас буындарды тәрбиелейтін бастауыш мектеп меңгерушісі бүгін кәсіптік жүлікке айналды. Кешегі жоғары мектеп оқытушысы болған тұтқын әйел мен маман педагог осы кілетте бас қосқаннан бері стиль азғындығының не қилы сұмдығын істеп болмады ма!... Бұл екеуіміз бұрын тіземіз тиісіп кетсе де қызара қалушы едік қой! Бұрынғы ерекше біткен нысап-ұятымыз қайда қалды? Бәрі де басымызға кейінгі түскен ұждан азабының дерті. Көкірегімізге симаған іш қысталықтың, құсаның кернеу күші. Жарылып кетуден сақтану үшін азғындық болса да қисыны табылған ойынға бой ұрып, жадырағымыз, іш кеңіткіміз келеді. Ал, білім иесі аталған біз, кепкен ішімізге дару таба алмай, осылай «құйрығымызға қол сұғып күліп» жатқанымызда басқа орайын тапқан, тұсауы кеңірек жұртшылық не істемей жүр дейсің!»

Алдыңғы жағын қайталап сабындап жуып тұрған Ақия күле берді. Мен арқасын, «еберестінен» де ештеңе қалдырмай ысқылап жуып болып, желкесінен сүйіп алдым.

– Үйбай ғалымым!– деп тағы күлді Ақия. – Сасық шығар әлі!

– Күле бер тантығым, күле бер, ішіңді кеңітіп ал сөйтіп!

– Мен тантықпын ба?– Ақия тұла бойымен бұрылып құшақтай алды мені.

– Жоқ, жоқ, тантық емессің!– көтеріп апарып кілемге тұрғызып аймаладым.

– Тоса тұр, дизенфекцилап алайын! – Иісмай насосын қуыс-қалтарыс қалдырмай жүгіртіп шықты да – ал, енді түгелімен сенікі болдым! –дей сала ақ сазандай бітіммен көрпеге шалқасынан түсті. – Кел, жат қасыма, әнеу күнгі бір айтқан, «өмірлік жігер-қайрат беріп тұратын үш жеңіс» дегенімді енді сөйлеп берейін!... Бірінші, Құлжандағы кегімді сол үш көріністі комедиямен негізгі жағынан алып болдым. Оған сол көрген «түстері» арқылы рухи азаптың өлтірмей қоймайтын уын ішкіздім. Екінші, тұңғыш перзентім алғашқы сүйгенімнен-көкейімдегі құштарымнан пайда болды да жүрегімді бақытқа бөледі. Үшінші, кейін танысқандығымнан айрылып қалған арманыма, уақыттық болсаң да жартылай болсаң да жетіп болдым!

Екеуіміз қатар күлдік. Іш киімінен бастап киіндіріп болғанымды енді білдім. «Тентек тоқал» құшақтап сүйіп-сүйіп алды да ыршып тұрды. Қолыма су құйып дастарқан жасады.

– Сен арақ ішсең іше ғой, мен мұнан соң баламыз емшектен шыққанша ішпеймін!

– Араққа жерік болсаң қайтесің?... Мақұлбектің қатынына қосылып аламысың?

– Айтпақтайын сол қатынымен іштесіп, Мақпалды содан да сұрайын ба?... Қайда екенін Мақұлбек білуі мүмкін ғой!

– Міне, міне, ақылды енді таптың! – Құшақтап алдыма алдым да күйшіл миығынан обына сордым. Дастарқанды бір қолымен қайыра салып, көрпеге қисая берді.

Ертеңіне оған, жұмыс істемей тынығып алуды тапсырып, өзім радио қабылдағыш пен термос алып, үңгірге түсіп жаттым. Үкімет радиосы әр қаладағы құралды қақтығыстарды тоқтата алмай әлі бажылдап жатыр екен. Үрімжі мен Шихаңзыдағы шайқас тіпті қатайып кетіпті. Бір жағы Уаңынмауды, бір жағы Угуаңды жоймақ болып, қан төгісіп жатыпты. Ішкеріде Люшяушиге таласқан жаңжал тіпті қатал көрінеді. Сондай қиқулы хабарлармен кеңірдек жыртысқан ұрандарды тыңдап жатып ұйықтап қалыппын.

Кешкі сағат үште үңгір қақпағы тақылдағанда ояндым. Ақия тамақ әкеліп, «хантеңгірлерін» көкірегіме арта қойды. Үйге Мақұлбектің қатыны шақырылмай-ақ келіп отыр екен. Онымен әңгімесін Құлжанға естіртіп алмау үшін клетке ертіп келіп сөйлеспек екенін айтып, дыбыс шығармай жатуымды тапсырып шықты.

Кілетке кірген дыбырларын естісімен түрегеліп, үңгір аузына бардым да қақпақтың сәл ашық қалған саңлауынан тыңдадым.

– «Сыпайы сырын жасырмайды» Ақияш, бүгін осы үйден араққа бір тояйын деп келдім!– деп саңғырлады Мақұлбектің «мәтіні». – Тығып қойған арағымды анау маскүнем қоймайтын болды!

– Менің маскүнемім де нысапсыз болған соң қараңғы базардан аз-аздан әкеліп жүрмін. Бар-жоғы міне, өзім ішпейтін болдым. Ертеңдер бір бөтелкені бұзбай саған-ақ сақтайыншы!

– Сөйтші жаным!... Сенің мынауың тіпті бас көтере алмайтын болып қалған ба?.. Әжетіңе жарап жүр ме өзі, сылаң қағып құлпырып алыпсың?

– Бәле, түніміз құр емес, қанды кенеше қадалады! –деп күлді Ақия. – Содан жүдеп бара ма, қоя тұр десем, ерегесе түседі! Сенің дәуің қалай?

– Бізде не қызық қалды дейсің, шуын жеп қойған сиырша, бір жолата суалды!– күрсініп жіберген абысын қонақ, арақтан ыстық шайша бір ұрттап қойып, абиыр дертін тіпті ақтара төкті. – Шандырын қанша тартсам да дым шығар емес. Сонысына жарай үстімнен түспейтінін қайтерсің! – Ақияның сақылдап күлгеніне мырсылдап қойып, тұлғалай түсті сөзін. – Құрысқан бүйенін қарныма жайып тастап қорылдайды келіп!

– Өзің де ұйықтайтын шығарсың, һа–һа–һа...а..

– Бір тонна балшық басып жатқанда ұйқы қайда, аударып тастаймын!... Төбелесіміздің басы осыдан шығады. «Еріңді қадірлегенің осы ма!»– деп ол, –еркек болғаның осы ма!»– деп мен зекіремін. –«Мұнан да қатын болдым деп мойындасаңшы, басқа бірдеме тауып алайын!»– деп күйіп кетемін тіпті!... Осындай тілімнен қорланама екен, кейде бірдеме қып шала-шарпы тіріле қалады. Бірақ, жылы орынға барысымен тағы ұйықтайды, ал, қайтып оянсашы!... Дым да жоқ, қымыр да жоқ!.. Тым болмағанда кіші дәреті тамсашы!... Өсти берсек, ұрпақсыз құрығанымыз емес пе!

Ақия сақылдап күліп отырып, соңғы мұңына келгенде томсара сұрады.

– Оған не болған сонша?

– Безін спирт күйдіріп тастаған да баяғы!

– Ал, сен де арақты қалыспай сілтеп жүрсің ғой, өзіңнің жайың қалай?




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 361; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.008 сек.