КАТЕГОРИИ: Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748) |
Кэрол Дуэк 46 страница
Сақал-мұртын сыпырып алып, көз жасын ағыл-тегіл үнсіз ағытып отырғанда кірді Ақия. Қолындағы ыдыс-аяғын қоя сала ол да еңірей келіп құшты қонағын. «Табылды Биғашым!... Бақытты Мақпалың аман табылады асылым, алтыным!»– деп бастап еңіреді ол. – «Мендей опасыз емес қой ол! Сенің жолыңда еш қатерден тайынған емес, әлі де тайынбайды, табады, қайтсе де табады, табылады! Өлді деп естілген сен табылған соң бәрі де табылады! Жалғыз-ақ Құмар ғана табылмасқа кетті!...» – Оған не болыпты!– деп шал басын көтеріп алды да, Ақия солқылдап егіле түсті. – Мен опасыз болған соң... ол... қарайма маған. Тоқсұнға барған соң бір....бір... ұйғыр әйелмен үйленіп алыпты! Шал енді күліп жіберді. Өзі опасыздық қып тастап кеткен сүйгенін мына жоқтаған жоқтасына Ақияның өзі де күле түрегелді. Сабын, құмған әкеліп, «тірілген шалдың» ақ бурыл шашты басына су құйып, өзі тазалап жуды да, жаңа орамалымен өзі сүртті. – Ағарса да бұп-бұйра!... шашың тіпті жарасыпты! – Соры мол шаштың жарасқаны не, жараспағаны не, бәрі бір!– деп күрсінді шал. – Шыда Биға!... Сабырлы едің ғой!– Ақия ошаққа көмір сала жүріп сөйледі. – Мақпалыңның бар тілегі, сенің амандығың ғана болатын. Енді ол шексіз бақытты. Өзіңді қайғыға бермей, мұқалмай шыдап тұр, табылады!... Ол маған өкпелі еді, сені оған.. аман болсаң, әлі де гүл жайнатып табыстыруға тырысамын!... Енді... – Ақия, Ақия!... Бармысың, қайдасың!– Құлжанның дауысы тағы да шыңғыра шықты. – Бармын!– деп дауыстады Ақия. – Бірақ, сен жарымеске жоқ сияқтымын, қазір! – Күліп жіберді өзі. – Арақ иісі бар су ғана беріп шығып едім, енді сірестіріп келейін!... – Таңдап тапқан «төңкерісші» байыңды өлтіріп алып жүрме!– деп қалған шалға Ақия қайрыла қарап күлімдей шықты. Көшеде кемпірше құрсиып, түнеріп жүрген жүзі осы бірер сағатта-ақ нұрлана қалғаны байқалды. Әлдеқандай бір мол қуанышқа бөленгендей. – Қайда бардың Ақа, арақ-арақ!– деді Құлжан, әйелі кіріп барғанда. – Әкеңнен қалғандай жарытпайтын болдың ғой! – Әкеден садаға кет, арақ жоқ енді саған! – Айналайын Ақашым, бірдеме табушы едің ғой осындайда!.. Табаныңды жалайын дедім ғой! – Мә, мынаны іше тұр, қалғаны осы! Үлкен көшеден арақ іздеп келейін, айқайламай тыныш жат! –Леген әкеліп, мені сүйеп жібер олай болса, сиіп алайын!– Осы талабы орындалған соң болса керек, –күннің батуына қанша қалды?– деп сұрады аз кідіріп. – Әйтеуір күн батпай кел. Қараңғыға қалсаң бір жүлік тоңқайтып кетеді. – Күн жаңа ғана шықпады ма! – Ақия шырақ кнопкасын ашып қап айтты бұл жауапты. Расында күн батқан шақ еді. – Мына термоста шай бар. Мынау сәй, мынау нан, мынау қызыл бұрыш, ішің күйіп бара жатқанда осыны же!...Есікті құлыптап кетемін! – Әйтеуір арақ таппай келме Ақа, ол болмаса... білесің ғой жайымды!... Кілет терезесінен тыңдап тұрған шал қолын артына қайырып арлы-берлі жүріп кетті. «Мұның ішкенін еркіндік уы деп атаса болады екен!»– деп ішінен. – «Ұстай алмаған шоқпар басқа да көтке де тиеді. Оңшыл–ұлтшыл деп сатқандарының бодауына тапқаны осы у болғаны ғой!... Алқагулікке айналдырып түбіне жетіпті. Бұдан енді кек алудың қажеті не!»– күрсініп жіберді. Борышы сәл жеңілдеп қалғандай сезілді өзіне. Жасаған тамағын клетке сыбдырсыз ғана тасыған Ақия каресін лампы жағып, кішкене терезесін саңлау қалдырмай жапты. Коньяк бөтелкесін ашып, толтыра құйды екі рюмкіге. – Сен режимге алынғаннан бері жадырағаным осы-ақ шығар, келші, аман қайтқан қуанышың үшін ішелік! – Тауыса ішіп, кең тыныстап алып сөйледі. – Бір оқушым күзде таудан әкелген жамбас еді, саған бұйырыпты! –Ақия өзі тураған майлы еттен алдымен қонағына асатты. – Бұл үйден хауіп жоқ, қамсыз жат! «Ұлы төңкерісшінің» үйі ғой, қуалаған ит те кірмейді. Егер қызыл қорғаушылар келіп тінте қалған күнде де сені таба алмайды!...Әнеу үлкен көмірдің астында жерасты үңгірі бар, ішінен түйе де табылмайды. Соғыс дайындығы деп қаздырған. Тамақ ал Биға!.. Көп-көп жеші!... – Күләннің денсаулығы қандай еді? – Өте жақсы. Күреске қанша көп түсіп, қалпақ кисе де бүйрегі әлі де бітеу қалпында болатын. – Ойына күлкілі бір іс түскендей сық етіп күліп жіберген Ақия, күрсіне жалғастырды сөзін. – Күләш, көп сыннан өтіп көніккен, аса шыдамды әйел ғой!... Ал, Нұрияшыңның денсаулығы да Тұрпанға кеткенше қаз-қалпында еді. Оны жау көп айландырды. «Шекараңды оңшыдан айыр» деп күреске көп тартты. Соңына жүні түзуірек жігіттерден де бірнешеуін салды. Нұрияш жауабынан танбады да тайсалмады. Оның бір ерекшелігі, ешкімді ерегестірмей-шамына тимей-ақ, өзінің тура сөзіне мойындатады екен!... Кел, соның денсаулығы, аман қайтуы үшін ішелікші!... – Ол, төменге қай уақытта түсті? – Қонақ ұсыныс етілген тосты бөгелмей алып жіберіп сұрады. – 62-жылы 2-айда. Үш аймақ халқының Совет одағына қашуынан екі ай бұрын түскен. – Ал, Күләннің көшіп кеткені қай уақыт? – 62-жылы үшінші айдың орта шені. Айтпақтайын Мақпал Тұрпанға түскен соң кешікпей... 62-жылы үшінші айдың ақырғы кезінде ғой деймін, Күләннің үйіне бір келіп қайтқанын естігенмін. Бірақ ол кезде олар маған қатты өкпелі болғандықтан араласа алмай қалғанмын. Тұрпанға анық қайтқан-қайтпағанынан хабарым жоқ! Ақияның бұл сөзінен «Мақпал дәл сол шақта Асқарды алып, Дөрбілжінге қайтқан шығар» деген үміт жылтырай қалды, шалдың көңіліне. Олай болғанда Қазақстанға үлкен үймен бірге аман өткен болар еді! – Кел, тағы бір алып жіберелік!– деді Ақия, тершіп, рахаттана қалған екен. – Есіл достарым, Биғаным!... – Мен біраз демалып ішейін! – Шал бір ұрттап қана жастыққа шынтақ тірей қисайды да, Ақия қолындағысын ішіп жіберіп күлді. – Ішуге де бүгін құмартқандаймын!... Жұртта қалған күшіктей болғаныма қанша заман өтті! –Күрсініп жіберіп, қонағына таяулап келіп отырды да оның кең маңдайын сылады. Денсаулығының бар жайын айқындап сұрады. Қапастың жайын сұрады сонсоң. Қонағы оның ахуалын қысқаша баяндап бола бергенде Ақия жылап жіберді. Қапастың Қапиясы есіне түсіпті. – Қапия жынды боп кетті!– деп үн салып жіберіп, аузын баса қойды өзі. Үйіне сол жынды күйінде қайтарылғандығын әрең сөйледі. Көз жасын сүртсе де мол омырауы солқылдай берді. – Онан соң одан да хабар ала алмай қалдым!... Соның жындануы да адамгершілік жөнінен менен әлдеқайда жоғарылығы екен!.. Мақпал осы жайды да маған ақыл етіп айтқан. «Бұл жындану, әрине шыдамсыздық-күйректіктің ісі. Бірақ, махаббаттың ерекше бір қасиеті болғандықтан оны кінәлауға болмайды. Дүниедегі ең-ең оңбаған іс – опасыздық!»– деген болатын. – «Мұндай кезеңде адамның нағыз адамдығы өз тілек-арманына, махаббатына, опалылығынан ғана көрінеді!»– деп неше рет кеңес берді маған. Осыны ести жүріп-ақ.. қорқақтығымнан... осы итке қаншық болып кеттім ғой! – Ақия тағы да еңіреп жіберіп құлады қонағының қатарына. – Сол абысындарымнан алабөтен жексұрын болып шықтым ғой!... Құмар қайтып қайрылмақ маған! – Жылама Ақияш, жылама! Бұл сәтсіздікті де сәттілікке айналдыруға болар! Енді жете түсініпсің! – Маған түсіндірмей қояма бұл ит!... Сол 60–жылы тұрмыс құрған кештен бастап неменемен некеленгендігімді үздіксіз көрсетіп келеді. Өз шындығымды айтсам тіпті құтырады! – Балалы болмадыңдар ма?– деп сұрады қонағы. Ақия азарда-безер болғандай түсін бұза бас шайқаған соң сыпайы қонақ күлімсірей айтты ақылын. – Тиерің тиіп болдың ғой, бір бала тауып беріп мойнына мінгізсең, айтқаныңа көндіріп, сәл түзетіңкіреп әкетуің де мүмкін еді. – Осыдан бала туып, дүниеге тағы бір қап у шашып, адамзатқа тағы бір қырсық қоспақпын ба! Құдай сақтасын мұның ұрығынан! – Енді қалай семья болып күн кешіріп жүрсің? – Қойшы, қыртыспайықшы Биға!... Сен екеуміз... Күләніңнің кейінгі осындағы ең көне, ең силасымды дос едік қой, есіңде ме? –Ақия басын көтеріп арақ құйды. – Кел, бір-бір рюмка ішейік!... Әсіресе сенімен бірге жүрген күндерімді қатты сағындым!... Өлді деген бір жаман хабар естіп зар шектім!... Тамақ же!... Көбірек жеші!... Қане, өзім бір асатайын!... – Мына «сүйіктіңді» қол-аяғынан айрып жатқызып қойғаннан саумысың? – Айрылып жүрген өзі, аузынан арақ кетпейді!... Қазір қызмет те, мектептерде оқу да жоқ. Сенің жасаған оқу құралдарыңды өртеп жіберген мынаның қолынан дәретханаға апаратын, отқа тамызық ететін сабан қағаздар ғана шықты. «Төңкеріс» деп аталатын бұзып-шағу мен өртеу, бірін-бірі ұрып-соғу ғана қалды. Менің мына қортығым мен Мақұлбек төбет «қызыл бірінші жасаққа қосылған болатын. Сондықтан «қызыл екінші» өлтірмек болып соңына көп түсті. Неше рет өлімші етіп сабады. Бұрынғы қылықтарына қарап әлдеде өлтіру ниетінде жүргендер көп. «Қызыл екінші» әсіресе солшылдыққа қарсы идеядағылар билейді. Мынау оларға жалынып-жабарынып кешірім сұрап, жау жағына қосылмасқа ант беріп үйде жатыр. Ал, бұларға қосылса «қызыл бірінші мен үшінші» өлтіретін көрінеді. Олар екі двизиядан құралғандықтан күші көп. Үкімет армиясынан жасырын құрал да алып тұрады. Сондықтан Құлжан батыр үйден шыққанды қойды. Арақты бұл ішіп, мұндай арақ ішіп... Құдайға шүкір қазір екеуі де таусылып қалды! Мақұлбек те солай. Бүгін көшеге шығып кеткен екен. Балалар итше тепкілеп айдап бара жатқанын көрдім. – Осы соғысушы екі жақтың негізгі таласы неде?–деп сұрады қонақ. – Сен бір кезде «қабанға ерген балшыққа аунайды» дегенсің ғой. Ірі жалданба жағымпаздардың әрқайсысына он мыңдап ілесіп, «балшыққа аунап» жатыр! – Жауабының жалғасын ойланған келіншек құрметті қонағымен бір жастыққа бас қойып, бірге жатқанын сезінер емес. Шығыңқы омырауы қонағының кеудесіне тиіп-тиіп кетеді. Бұрынғы жақын достықтың неше жылдық сағынышы ішек–ара сақтауды ұмыттырғандай. Толық ақ білегі де оның арғы иығына артыла түседі. Жұмсақ алақанымен маңдайын, арқасын сипалап қояды. Ой билеп жатқан қонақ та түйсінбегендей. Мына, соңғы сөзіндегі теңеуге күлімсіреп, ол да сылап қойды нып-нығыз әйел жонын. Ақияның жауап сөзі үзілмей жалғасты. – Сөйтіп, неше түмен жарымес «төңкерісші» бір-бір мәнсаптының ғана құрбандық лақтарына айналғандықтарын білмей де қалды. Төңкерісші аталғандықтарына мәз. Төңкерісші атап мастандырған сол бастықтарының тақтан түсіріліп, күреске тартылуынан бір жақ қорғайды да ол бастыққа қарсылау пікірдегі бастықты екінші жақ қорғайды. Жан қиятын арман-мұрттары сол бір-бір мәнсаптылары ғана. Сол жеке мәнсаптылардың ым-ишарасымен қырылысып, қан төгісіп жатыр!... Бізді ардақты армандарымызбен махаббатымыздан айырып, халықты тоздырған бастықтары үшін ғана қырылмақ! Ақия күрсіне тоқтатты сөзін. Қонақ бірге күрсініп, ойланып қалды. От тұтаған өткір қара көзіне жас іркіле қалды қонақтың. Ақия орамал алып, оның маңдайын, көз жасын сүртті. Жас баласын уатқандай, әлдилегендей қақты арқасынан. – Енді жыламайықшы Биға! Мақпалың табылады!... Мен кейінгі кезде мына иттерден қатты қорқуым арқылы сол аяулы досымнан қашқалақтап, бетіме кетпес күйе жағып алғандай болып жүр едім. Енді сол күнәмді, жан-сүйгенін өзіне аман табыстыру арқылы жуа алатын орайға ие болдым!... Сені енді ешқайда жібермей сақтаймын. Бұрынғы күтіміңмен бұрынғы күйіңе толық келтіріп көрістіремін! – Бұл ниетіңе мың рахмет! Бірақ мына заман, қияметқайымның дәл өзі болды ғой, аман табысу да қиын-ау. Сумаңдап сансыз жау жүр маңымызда, жүрегіміз ауыр жараланған, кең уымен менде қатты уланған жүрек. Бұл да балағымыздан алатын жау ғой! – Менің жүрегімде тамтық қалған жоқ!– енді Ақия жылады. – Өмірден өз теңдесімді іздеп сонша жыл сандалғанда еншіме осы ит тиіпті! – Тығыла түсті қонағының бауырына. – Ар-намыс дегеннен аяп-қорғайын дейтіндей ештеңем қалған жоқ. Өзімнен де ерден де әлдеқашан түңіліп болғанмын. Соның қасына жатудан дәретханаға түсіп өлуді жақсы көретін болғанмын. Соншалық жиіркенемін. Некеленген әйелі барын әлдеқалай ескере қалғанда кішкене балаға конфет ұстатқандай арағын ұстата салып, өз керуетіме жөнелемін. Ал енді қартаяр шаққа да жетіп қалыппын. Алданшы етер бала көргім келеді. Бірақ, бұл некеден тағы бір қырсық өндіру-ұрпақсыз өлуден де азапты өлім ғой! – Жаңағы «енді қалай күнелтіп жүрсің» дегенім осы емес пе!– деп жымиды қонақ. – Сенсең де сенбесең де көріп келе жатқан күнім осы. Сырт көзге ерім бар, көрер қызығымды әлдеқашан көрген, кексе әйел сияқтымын. Іс жүзінде көрмей жатып-ақ түңіліп солып болған кемпірмін. Отыз жастан енді ғана асыппын. Көңілім өліп, санадан солғаныма бес жыл болып қалды. Демек, жиырма бес жасымда-ақ өліппін. Енді осы дүниеден көрдім деп өтпекпін?... Осындай масқара сырын айтып жатқан әйелде ар-ұят бар дегеннен сен де түңіліп-жиреніп жатқан шығарсың! – Ақия осыны айтып көз жасын бұлақтата жөнелді. Қонағы аянышпен тартты бауырына. – Жоқ, жоқ Ақияш!... Дәл осы итке қосақталып қалғаның болмаса, сен, бұрыннан, тіпті қазір де көп жігіттің маңдайына біте қоймайтын ең таңдаулы әйелдің бірісің! – Ақияның ерніне ернін баса қойды. – Әлі де көз тартарлық сұлусың!... Ақылың мен көркі тең нұрланған жан болыпсың!... Алғашында көзін жұмып, үнсіз қалған Ақияның ерні де жабыса кетті. Құшырлана жабысты... Сәлден соң екеуі киімдерін түзеп, қайтадан қатарласып отыра қалды орындарына. Бір-біріне жалтақ–жалтақ қарасып, қызарақтаса күлісті. – Мен михұла Мақпалға арналған антымды жариялай салып, оған да опасыздық істеп қойдым ба!– деп Ақия бетін басты. – Өзімнің ішкі мұңымды саған арыз қып айтып жылай беріппін ғой!.. – Иә, сен жылай бердің де қайтсем уатамын деп от басып алғанымды мен де сезбей қалдым!... Өліп қалдым дегеніңе қарай әйтеуір тірі кезіңнен де тірі екендігің белгілі болды. – Екі таяқпен шойнаңдап әрең келген шалдың мұндай екенін қайдан білейін! – Ақия сықылық қақты да қонағының кеудесіне бұрымы қырқылған келте шашты басын сүйей күрсінді. – Менің алғашқы бірден-бір арманым сен болатынсың. Өліп қалды деп естігеннен бері жанымды жеген ең рақымсыз қасіретім де сен болғансың!... Бір ойдан мұны опасыздық деп өкінудің орнына мың шүкіршілік айту дұрыс екен!... Мені мен сенің ғана емес, бұл итте Мақпалыңның кегі де өлшеусіз зор ғой. (Некелеріңді бұзуға басқаларды қайрап жүрген осы ит болатын.) Сондықтан Нұрияшым кешіреді бізді! – Құлжанның қазіргі халін білген соң бұдан кек алудан өзімді тоқтатқан сияқты едім. Сенің зарың мен қызуың сабырымды құйындай өшірді, кешір! – Сенің қайғыңа ортақтасып, көңіліңді көтере алсам арманым не!... Мақпалың келгенше алданыш бола алатын сияқтымын ба?... Иә көңіліңдегідей бапшы бола алмай, ішіңнен жүдетіп қоярмын ба! Қонақ, баптаушы болғысы келген қамқорын жұлып алдына алды да көтере түрегелді. Сүйе берді алқымы мен ернінен. Екі білегіне қондырып шыр айналдыра сүйді. Мойнына жабысып алып Ақия да шөпілдетті... – По, жеткіздің ғой опасыз қатынды! – «Ғарышқа шығып», етегі желбірей түскен Ақия қолын жуып еді. Тамақты ысытуға бейімделгеніне қонағы білегінен ұстай алып, тағы тартты қасына. Баптаушысы енді әдейілеп шешініп жатты... Бір аздан соң ет плитадан қайта түсіріліп, коньяк қайта құйылды. – Сенімен алғаш танысқаныма міне 14–15 жыл өтіпті,– деп күрсінді Ақия. – Сенен... түсіне алмай қалған бір жайым бар еді. Өзіңнен сұрап түсінуге ол шақта бетім шыдамаған. Енді сұрайын, шынын жасырмай айтшы! – Қонақ аңыра қалды бұл өтінішке. Ақия сөзін қызғыш тарта күлімсіреп жалғастырды. – Есіңде қалмаған сияқты. Мен әліге дейін өзімнен-өзім сұраумен келемін. Сол шақта менен қандай кемшілік таптың?... Ол кез, Мақпалың жоғалып кетіп, Үрімжіге одан мүлде түңіліп келген кезің болатын... Саған мені Күлән ертіп апарып таныстырған. Осындағы ең таңдаулы қызымыз деп көрсетуге апарғаны мәлім. Маған сені де солай деп мақтаған болатын. Сен де, мен де қуанышты шыраймен танысқанбыз. Мұны қазір бетіңе басқаным емес, сол пәк – таза қыз кезімнің өзінде де саған жақбайтын әлдеқандай бір кемшілігім бар болса керек. Соны білуді әлі де арман етемін. Олай болатыны, сол танысқан бірнеше күннен соң, жеңге рөлін атқарып екеумізді қосуға баулып жүрген Күлән тәтенің өзіне жабыстың... Жап-жас мен көзім қызарып, ескерусіз қалдым. Күлән онда екі-үш ерден айрылған әйел еді ғой?... – Иә, есіме түсті, солай болған. Бірақ, ол жайым, сенен сол шақта бірер кемшілік тапқандығымнан емес... Күләш менің құрдастарымның ішіндегі бірден-бір жан досым. Ол жетімдік жағдайымен тұрмысқа тым ерте мұқтаж болып он үш-он төрт жасында бір жігіттен алданған. Екінші рет уәделескен жақсы жігітінен оның өлімі арқылы сорланған. Үшіншісінен мүлде қара күш арқылы зорланған. Қалай да үш ерден қалғаны рас. Соңғы зорекерден бір бала тастағанын да білетінмін. Бірақ соның бәрінде де өз басынан өткен біттей де қателік жоқ. Сондықтан ол жағдайларын мен кемшілікке санамаймын. Және бұрыннан қызығатынмын. 51–жылы жазда көшеде саған қатарласып келе жатып, өзіне ынтығатынымды білдіргенімде ол сені айлана қашқан ғой... – Сонда мен ішімнен қатты намыстанғанмын!– деп қосты Ақия. – Ең ғажабы сол, Нұрияштардан айрылғаннан кейінгі дүниеде сол кемпірден сұлу қыз бар дегенге сенбеймін!... Оны Мақпал да солай қасиеттейді! – Мақпал, сенің оны теңдессіз көретін райыңа қарап жақсы көретін шығар! –Ақия күрсіне сөйледі. – Ал, сен өзің оны неліктен соншалық жақсы көріп қалғансың, осы жайыңды анықтап айтшы!...Сонда оның несі артық көрінді менен? – Ерлерден көрі әйелдерге сыншырақ сияқтымын ба қалай? – Қонақ күліп жіберіп, көңілдене жалғастырды сөзін. – Сол кемпір әйтеуір маған қашан да керемет сұлу көрінеді де тұрады. Ол, менің алғашқы махаббатымның ең жақын қормалы болатын. Бір құрсақтан шыққаннан да жақын әпекесі сияқты. Сол арқылы маған тіпті күйінішті қамқор қайынбике болған. Содан бастап екеуіміздің жүрегіміз қайнасып біткендей. Оның мен анық білетін ең жоғары қасиеттері – өзінің жақсы көретін адамына жүрегін де жұлып беруге дайын тұратын адал жандылығы, мінезі мен санасы. Ол мені алғаш көрген күннен бастап іштей сүйе жүріп-ақ, сол кезде келіншек болып қалғандығынан өзін маған лайық көрмей, пәк сұлу Нұрияға қосылуыма бар ниетімен тілеулес пана болды. Кейін маған тіпті күйе жүріп-ақ, өзін әлдекімнен қалған кемпір санап, жас сұлу саған қоспақ болды. Көңілім өзінде екендігін сездірсем де саған итермелей берді. Мақпал табылғанда бар қуанышымен той жасап қосты. Басқаның бақыты үшін өз бақытын құрбан ететін осындай жүрек қанша адамда бар? Күләнді сол үшін теңдессіз әйел деп білемін. – Енді түсіндім. Мен сондағы сенің сыныңа толмай қалған қалысымнан-ақ кемсініп, дертке шалдыққанмын. Мына себептеріңді сонда білсемші!... – Су–су!... Ақия, Ақия!– деген Құлжанның шала жансар дауысы шықты осы шақта. Іш көйлекшең ғана жайнаңдап отырған ақ сазандай Ақия, сол жексұрын дауысты түнере тыңдады да, ауырлай түрегелді орнынан. – Тымау тиер, киініп барсаңшы! – Қарсы үйдегі кереуетімнен тұрған болып кірейін, сол халіне қарамай өзі асқан күмінқор, қызғаншақ ит! – Есік сықырын білдірмей шығып кетті. Көшеден шу көтерілді ол шығысымен. Тарс-тұс мылтық атылды. Ақия жүгіріп қайта кірді клетке. – Киін, киін, жер астына түсіп ал! «Бірінші» мен «үшінші» жеңіп, қуып келеді. Армия құралдандырып, көмектескен екен! «Екіншінің» адамдарын іздеп енді бар үйді тінтеді! – Ақия, Ақия!.. Мені жеткіз үңгірге тез жеткіз!– деп тілін шайнай ышқынған Құлжанға әйелі мұрнын тыжыра күлді. – Мені өлтіреді ғой Ақияш, өлтіреді ғой енді, тез әкет құлың болайын! –деп кемсеңдегеніне тіпті күлді. Қонағы киіне сала сақал мұртын жанқалтасына салып, екі таяғын ала ұмтылды үңгірге. Қол шырағын қонағына беріп, кесек көмірді аудара сала Ақия, үңгір аузына қойған қарақожалақ темір қақпақты жұлып алды.
Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 367; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы! Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет |