Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 35 страница




Бұл жерде орма басталып кеткенін енді ұқтым. Егіннің де «зор секіріп ілгерілеп» бір ай бұрын пысқаны ғой. Дән алып қурады ма екен, дән алмай-ақ «пыса» салды ма екен?... Күрсіне қайтып барып құладым орныма. Үрімжіден алдап айдап келген әлгі жайнауыз алдамшының «ет пен балыққа бөктіріп» жүрген лаужяулары осылар болды. «Қақпалаумен сүйреуге енді біз де түсерміз-ақ» деген қауіпке тереңдеп бата түстім.

Томсырайған тозаң бет, былшық көзді күн мына майданның Лаужяуларынша сүйреліп әрең көтерілді. Кеше түстегі Корладан жеген бір-бір зағырадан[74] соң нәр татпаған адамның күні жылжима. Тісімізді жараған буырша шақырлатып жатқанымызда жолда қалған мүлкіміз келді. Төрт ат тоңқалаңдатқан резеңке дөңгелекті қос аяқ арба шарқая арбакешті ойбайлата жеткенде–ақ көрден шыға жүгіріп, өзіміз түсіріп алдық.

«Құдай бергенде бәрі де өздігінен келеді», өзімізге таныс сасық сары момы мен оның «сорпасы» жетіп келді. Мына Лаужяулардың да ішегін шұбатып қойған осы» сүргі» екенін түсіне күрсіністік. Бұл, тіпті шіріп, құрттап кеткен «сүргі» екен. Қызыл бас құрттарын умаш бетінен қалқып тастай отырып қылғысымызбен дүйжаң алдына шақырылдық.

Ұйғырша шала-шарпы қосып сөйлейтін кексе, арық сұр Ли фамилиялы дүйжаң екен. «Лопнор Сауху лаужяу майданның бірінші әтіретінің бастығымын. Әтіретіміз түгелімен ханзу лаужяулардан құралған. Күші бар ұлттық лаужяулардан бір группа сұрап, майдан басшылығына қақсап жүріп, сендерді әрең алып қалдық» деп түсіндірді алдымен. Тізімдегі атымызға, таныстырудағы затымызға қарап-қарап алып, түске дейін демалыс жариялады. Тіпті жарылқап, үлкен тоғанға барып жуынып-тазарып қайтуымызға да қамқорлық етті. Бұл кеңшілігіне таңдана жөнелдік. Әскер қоспай, өзімізді-өзімізге тапсырып жымиды.

Тоғаны солтүстіктен оңтүстікке, осы өзекше ойпаңның аяқ жағымен өтеді екен. Егіндігі көрінбеді. Кәдімгідей зор күшпен түп-түзу қазылған үлкен тоған болғанымен суы «кәдімгідей» емес, жаңағы ішкен құртты умашымыздан қоюырақ, сап-сары лай. Мұның құрты тіпті қорқынышты көрінді: денеге жабысып, шайнап жейді екен. Ал, масасы одан да бетер, аш қасқырдай тиді. Тазарып қайтамыз деп барып, батпаққа аунап былғанып қайттық.

Тоған маңындағы ірі жыңғылдан таңдап жұлып, Тоқты Баситке екі таяқ әкеліп едім. Қатарымыздағы көрде ағаш аралап жатқан бір ұста ханзу шыға келіп, дереу балдақ қып жасап бере қойды. Тоқты Басит өзін қолтықтап жүргізетін бала-шағасы келгендей қуанды бұған. Алғысының барлығын маған жаудыра келіп, осы қос балдақпен Корлаға жетіп алатындығын айтты. Тісін, «осылардың ызасына...» деп шақырлатады. Жолдағы сусыз борбастан қазіргі ыстықта киік те өте алмайтындығын айтып, күте тұруға әрең көндірдім.

Көрімізден түстен кейін Ли дүйжаңның өзі айдап шықты.

– Қазір даяужың уақыты. Жаздық жиын-терім жұмысы біткен соң көп демаласыңдар!– деп өз сөзіне өзі мәз бола ыржиып өсиеттейді. – Жаздық бидайді орып бітіріп, «үлкен жексенбіні» тезірек қолға келтірулерің қажет!

– Бидай ору түгіл өзім жүре алмаймын!– деген Тоқты Баситқа осы өсиетін тіпті жадырай қайталап түсіндірген дүйжаң жымиып барып, бір мықтырақ зәмбілді сүйреп әкелді. Жымия келіп, Тоқты Баситтің өзінің жібін сұрап алды да орақты мойнына асып байлады.

– Даяужың уақытында жұмысқа қатынаспай бекер жатуға бола ма, солай емес пе!– деп күлімсіреді де алыптай Тоқтыны зәмбілге отырғызып, екі жігітке көтерте жөнелді. – Бүгін, меймансың, солай емеспе, ертең аяғыңмен жүрмесең, арқаңмен жүріп барасың, әрине солай болады!

«Жұп-жұмсақ» Ли дүйжаңның өзі ере жүрді бізге. Маса мен құмыты құжынаған қалың қамысты өзектен өткізіп, қыратпен бастады. Егіндік көрінбей, өзектің аржақ тақыр қабырғасында шоңқиып-шоңқиып отырған таңертеңгі «аруақтар» көрінді.

– Егіндік қайда?– деп сұрадым. Тағы да жымия жауап қайтарды Ли дүйжаң.

– Осы жақтың бәрі егін, әне орып отырмай ма!... Міне мына қамыстың арасы да түгел бидай. Адамымыз аз болып, шөптеп үлгере алмағандығымыздан қамыс басып кетті. Сонда да түгел орып аламыз. Қырманға барған соң қамыстан өзі-ақ айрылады, солай емес пе?

Шошына қарадым «егіндіктеріне». Кең өзектегі қалың қамыс арасында расында да бірен-саран өскен бидай бар екен. Ал, өзектің жазыққа айналып кеткен аяқ жағындағы бидай дегені, қурап кеткен селеумен жусан сияқты. Топырағы көрініп жатыр. Отырғандардың оған орақ салып, қымырлаған ешбірі көрінбейді. Жеке-жеке шоңқиып, бит теріп отырған көп маймыл, көз жететін өңірге түгел жайылыпты. Тым-тырыс. «Зор секіріп» қу даланың бәрін жыртып, ұрық шашқан да, бір тақтасынан да өндіре алмай қалған!..

– Ей, тез орыңдар!– деп айқайлады дүйжаң қабырғалап отырғандарға. – Даяужың уақытында кім берген демалыс, тез орыңдар!

Бұл бұйрықты кәрі маймыл қалыптары бұзылар емес. Дүйжаңның дауысымен аржақ қырат үстінен түрегелген екі сары киімді де сол бұйрықты домалатып, еш бірін қозғай алмады. Кадрларына группа бастығынша жареуке үн қосқан ешкім көрінбеді. Тегі ондай пысықтары да мағдырдан айрылған сияқты.

Дүйжаң енді бізді қузады.

– Ал, бастаңдар, осы өзектегі «бидайді» анау жатақтарыңа дейін тап-таза орып, мықтап баулаңдар!

Біз қалың өскен нар қамысқа тиіспей, арасындағы масақ бидайді теріп ора жөнеліп едік, дүйжаң жүгіріп келіп иығымыздан бір-бірден басып отырғызда да өзі де отыра қалып орып көрсетті. Қамыстың түбінен мықтап ұстап, нақтап-нақтап он шақтысын қырықты да.

– Міне осылай!– деді. – Қамысты түбінен қатты ұстап ормасаңдар бидай жерге түсіп қалады. Қамысты ормай қалдырып кетсеңдер, оның далдасында бидай да орылмай қалады!... Ұқтыңдар ма? Бір түйірін жерде қалдырмау үшін осылай ору керек! Даяужың, орталық комитеттің нұсқауы. Солай емес пе?

– Солай, солай!– десіп, жауапты ызалы күлкімен қайырып едік. «Кішпейілдік» көрсетіп өзі де изектей жымиды. Сол жымиысына қарап қалыппын. «Жеті ағайынды апаттың Даяужыңның соңғы екіншісі – өзіңізсіз ау, ә!» дегендеймін. «Уытын дәммсіздігімен сездірмей өтіп, сеспей қатыратын нағыз қатерлі у сияқтысың!»

Ли дүйжаң сол жымиғаннан жымиып барып, зәмбілде жатқан Тоқты Баситтің қасына тұра қалды да ауырған жерін сұрады. Белін, атылып кетуден сақтанғандай еппен ғана ашып, сұқ саусағымен түртіп көрді. Бізді шақырды сонсоң. Түнде құлағанда қатты бердемеге тиген бел омыртқа талаурап ісіп тұрған болатын. Тоқтыны домалата салып, астындағы зәмбілді төңкерді де соның томпақ сыртына шалқалатып жатқызуға бұйырды.

– Белі бүкірейіп қалмау үшін осылай таңып қою керек, солай емеспе, он минутта жазылады! Мен білемін, солай болады!

– «Солай болмайды» дүйжаң, омыртқасы зақымдалған болса у шығып кетеді!– дегенімше үш-төрт жігітке көтертіп, төңкерілген зәмбілге шалқалатып жатқызды да, басқызып қойып, зәмбілдің екі сабына екі шынтағынан өзі таңды. Шырқырап кетті Тоқты Басит. Екі аяғын екі жігітке бастырып қойып тағы таңды. Талықсып кеткен алып жігіттер тер басқан жүзіне қарай алмай жүріп кеттім. – Міне, міне, енді жазылды ха-ха-ха-һа...а... мен көрген, қазір жазылады. Міне, жыламайтын болды. Қарнын қанша маса жеп жатса да білмейді, көрдің бе, рақаттанып ұйықтап кетті! Солай болады, тез жазылады!

Дүйжаң бізден оқшауланып, беткейге барып отырды. Түсіміздің түгел бұзылып кеткенінен секем алған сияқты. Жан мылтығын шығарып, сүрткен бола отырып, тез оруға бұйырды. Мен, Тоқты Баситтің жалаңаштанып қалған қарнына қаптаған масаны үркітіп, шапанын жаптым да Ли дүйжаңның өзінше күлімсірей түрегеліп өтініш айттым.

– Дүйжаң, мынаны дохтұрханаға жіберіп беріңіз, белі жазылса, жұмысқа өте мықты азамат.

– Дохторханаға, ха-ха-ха-һа... ол арбамен бір күнде әрең жететін жерде! Мен өз қолымдағы лаужяудың бәрін осылай өзім емдеп аламын!

– Өз қолыңызбен «емдеп», бәрін еңбек істей алмайтын халге түсіріп қойыпсыз, әне отырған отырыстары! Бізді де солай отырғызып қойсаңыз жұмысты кім істейді, ойлап көріңіз!

– Сен кім?– деп үңіле қарады дүйжаң.

– Мен лаужяу, еңбекпен тәрбиеленуге келдім. Егер доғдырға уақытында қаратып, тұрмысымызға көңіл бөлмесеңіз, мен де анау отырғандар сияқты мейманыңмын!

– Солай ма, кім үйретті мұны саған?... Олай болса сен де осылай байланасың!

– Осылай байлай берсең, ешкімге жұмыс істете алмайсың!... Майдан басшылығына екі жүз лаужяуыңның осы отырған отырысының себебін мәлімдеп алып отырамын! Бұл майдан да өзіңізден үлкен бастықтар да бар шығар, солай емес пе? Әрине солай болады!

– Немді мәлімдейсің? – Дүйжаң орнынан ширай түрегелді.

– Анау отырғандардың бірнешеуі болмаса, көпшілігі бұзық емес. Мынау сияқты себепсіз жазалап, өзіңіз бұзып қойғансыз. Қазір ешқайсысы тіліңізді алмайтын болыпты. Себепсіз байласаңыз мені де бұзасыз! Сонда мына жұмысыңызды кім істейді, кім астық жиып береді? Қайтадан сұрайын, мына Тоқты Баситті босатыңыз! Келе салып, ешқандай қылмыс өткізген емес! Ахуалын түнде бізді айдап келген әскерлерден сұраңыз! Бүйтетін болсаңыз, бізді тілімізді ұқтыра алатын ұлттық әтіретке кетуге мәжбүр етесіз!

– Сенде де быңсы[75] бар сияқты, ә, көремін әлі!

Дүйжаң әтірет штабына қарай қайта жөнелді. Мен Тоқты Баситтің қатты таңылған қолын біраз босатып байладым. Шағынып, өксіп-өксіп қалды.

– Мені арашалаймын деп өзіңіз пәлеге ұшырайтын болдыңыз!

– Жоқ, ештеңе істей алмайды, бар жайы белгілі болды. Жұмыс істей алатын еш адамы қалмапты. Анау бетте отырғандардың бәрі саған ұқсайды. Қаталдық қылса, қалған кереметін біз де көріп аламыз!.. Аянатын неміз қалды!

Біздің жігіттердің бірнешеуі беттегілерге жақындап барып, семген бидай теріп жеп отырғандықтарын айтып келді. «Шіріген жүгері үні өлтіреді, бидай жақсы, мына қамыс арасындағы бидайдың басы бар, бізге де беріп тұрыңдар!» деп сұрапты.

Ли дүйжаң әтірет штабына бармапты, бес минутқа жетпей қайта оралды. Мен қамысты өзінше орған болып отыра қалғанмын. Дүйжаң Тоқты Баситтың қасына барып, аяғымен түртіп қаратты.

– Жазылдың ба?– деп сұрай жымиды.

– «Әлі өліп болмадың ба» деп сұра, ғаяр!– тісін шақырлата зекірген Тоқтыға бажырая қалған дүйжаң, менің атымды шақырды.

– Биғабили, мұнда кел!... Сен осы группаның зужаңысың, мұнан соң солай болады! Сен басқаларға істетесің, өзің істемейсің болады!

– Ауырғандарын доғдырға емдетіп тұрмасаңыз, әрине істе алмайды, мен істете алмаймын!

– Доғдырды сөйлесеміз, қазір сен басқарып тұр!–дей сала қайта жөнелген дүйжаң, қайрыла нұсқап кетті. – Ананы қазірше босатып қойсаң өзің біледі, сен жауап бересің!

Тоқты Баситтің қол-аяғын дереу шештім де өзіне, шындығында өзіне емес, дүйжаңға естірте ескерттім.

– Сені көлеңкеге апарып жатқызамыз, тыныш жатасың, ә? – Бұйрық соңына бидайы бар жерге отырғызатынымды күбірлеп қосып едім, қымырлай алмай жатқан Тоқты Басит күлімсіреп, кішкене балаша талпынды. Қолтығына қолым тие бергенде–ақ ыршып тұрмақ болды да шыңғырып жіберді. Арғы қолтығынан бір жігіт сүйей қалды келіп. Мертіктің қиналысы тері бұрқ ете түсті. Аштық азабының жанды ұмыттырып, мұншалық өлермен халге түсіргеніне көзімнен жас шыға қалып еді, Тоқты Басит жалт қарап, өксіп-өксіп қалды. Бір-бірімізге қарамай, енді үнсіз жыластық. Қалың қамыс ортасындағы бір топ бидайға жеткізіп отырғызып, балдақтарын қасына қойдым да, дүйжаңға сездірмей жеуді тапсырып қайттым.

Өзді-өз орып жатқан солымыздан да бір-бір ауызды қамдайтын масақ табыла берді. Көк бидайдың көрінген басын жұлып уқалап-үрлеп жіберіп, күйсей бердік. Шегірткедей тісті ғана емес, шаңтастай дөңгелейтін қолы да бар, ең жұт апатқа біз де айнала қалдық сөйтіп, бауланған соншалық көп қамыстан қырманға бір түйір бидай түсірмеуге міндеттелген сияқтымыз.

Тойғандығымыз, кешкі қайтқанда сасық момыға қарамай қойғандығымыздан ғана білінді. Ли дүйжаң, бөлмесіне шақырып апарып, шикі бидай жеушілерді қатал шектеуді тапсырды маған: «көне лаужяуларды бұл өзектегі басты бидайға жолатпадық. Оларға шикі бидай жейтін дерт пайда болған, іш ауру содан тарқалды. Сендер үйлеріңнен «жаңа келгендіктен» бидай жемейтіндіктеріңе сендік. Біреуіне жегізбейсің!... Егер қолыңдағы лайжяулардың үлкен дәреттерінен бидай табыла қалса, сені жазалаймын, солай емес пе? Әрине солай болады!» деп қадағалап «тәрбиелеп» шығарды.

Көк бидайдың бар ауруымызға түгел ем болғанын ертеңіне-ақ біліп, жадырасып қалдық. «Дүниедегі ең қуатты-қарымды тағам» осы екен. Күн сайын құныға түстік. Күнжарамызды дүйжаң көріп қоймасын деп мысықша мұқияттап көму артығырақ жұмыс сияқты көрінгенімен оның есесіне от жағып тамақ істемей, әуреленіп ыдыс-аяқ жумай, тауықшылап жерден теріп қана жеп жүре беру, қандай рахат. Аса жүдеп кеткен Тоқты Баситтің де буыны бекіп, ажарлана түсті. Сонда да замбілмен көтеріп апарып, өрістетіп жайып қайтып жүрдік. Бірнеше күнде қос балдақпен еріп жүре алатын болғанына Ли дүйжаң жымия қарады. Мойнына орағын асып беріп, бидай оруға бұйырды. «Еңбек істемесең тамақ берілмейді, солай емес пе, әрине солай болады»– деп жұп-жұмсақ қана ескертті. "Докторға көрсет, ауруым жоқ болса тамақ берме, солай болады"– деп Тоқты кесетті.

Дүйжаң далада жайылып жатқан екі жүз лайжяуына қарауды да қойып, кешке дейін бізді айландыратын болды. Барлық жұмысын бізге істетіп алмақ тәрізі бар. Қамысты бөліп беріп, бүгін бітіресіңдер дегенді шығарды. Арасындағы масақ бидайы таусылған қамысты шалғылап-шапқылап тастап ырыздыққа тез жету үшін алға ұмтыла беретін жігіттерімізден дәндеп қалыпты. Жыңғыл шыбықтан маған да біреуін әкеліп беріп, артта қалғанын қузауға бұйырды.

– Бұларға таяқ істетсеңіз, отырып алады!– деп мен көпшілікке әдейілеп естірте жауап қайтардым. – Бұлар да қорқуды білмейтін болып кеткен, анау отырғандар сияқты жанынан кешкен лаужяулар!... Ей ағайындар, дедім сонсоң жігіттеріме көз қыса қарап. – Мына таяққа қараңдар!– шыбықты ысқырта сермеп, білеп-білеп жібердім. – Алдыға түсіп орып бара жатқан анау екеуіне жете аласыңдар ма, иә, ли дүйжаң маған ұстатқан мына таяқты жейсіңдер ме?

– «Біз өгіз емес!», «күшіміз жетісінше ғана істейміз, ауырып жүрміз!», «істеген сайын зорлап істете бермек эканда!», «ей беғыраздар, сонша асығып орып қайда бармақсыңдар!»– деп жарыса даурыққан көпшілік қасақана маған да зекіріп жіберді. – «Әфәндім, сіз тастаңыз таяқты, ұрса өзі ұрсын!»

– Міне солай болады!– деп шыбықты дүйжаңның өз алдына тастай салдым да өз орныма барып орағымды ұстап отыра қалдым. Тағы да жымия сөйледі дүйжаң.

– Осы жаздық жиын-терім бітісімен бағалау жүргіземіз. Кім жақсы істесе соның қалпағын алып қоя береміз. Кім жаман істеп, жақсы істеген белсенділерге жаңағыдай соққы берсе, жазалаймыз! Ұқтыңдар ма, солай болады. Әне, анау екеуі осылай істей берсе, сөзсіз, үйлеріне кетеді!

Ли дүйжаң осы алтын сөзін бітіре сала маңайымызды айлана сүмеңдеп, күнжарамызды іздей жөнелді. Қамыс дестелер мен баулардың арасын, астын тінтті. Ештеңе таба алмай алыстап, кез құйрықша айлана берді.

– Ей беғраздар, біздің құлағымыз бір болса, анау отырған «маймылдардың» құлағы қырық,– деді Тоқты Басит. Алдыға түсіп оза орғандарға түйіле зекіді. – Жақсы істегендерді қоя берсе, олар отырып алып, өздеріне-өздері қастық істей ме, мына ашаршылықта бекер қиналмай жандарыңды бағыңдар!...

Дүйжаң қайта оралғанша жейтіндерімізді жеп, сөйлейтінімізді осылай сөйлеп аламыз да ол жақындай бергенде қамыс түбін өзінше мықтап ұстап отыра қаламыз. Жүзіне қарамай екіден-үштен тықырлатып қырқа берсек, көп тұрмай масадан қашып, қыратқа шығып кетеді. Біз орнымыздан тұра сала қамысты шапқылап тастап масаққа жетеміз де жым бола қаламыз. Жым бола қалуымыз, демалу емес, әрине ауыз жұмысының басталғаны.

Талап еткен дәрігеріміз жиырма неше күн өткенде әрең жетті, өзіміздің Ләтипа. Жаяу дохтор болып, қашпай-пыспай әтірет аралау сеніміне енді ие болыпты да бірінші әтірет аталған бізге алдымен жетіпті. «Өңейіп қалыпсыз, жүдемепсіз» деп маған қол беріп, қуаныш білдірді де жиған-терген тәуір таблеткаларын менің жанқалтама тықты. «Башқа әтіретларда өлім-жітім көп екан. Іш ауру, ашаршылық!... Сіздің інілеріңіз гана жақсы тұрыпты. Маған өздері іздеп барып, сізге сәлем айтты. «Қайткенде де өз дене қуатын сақтасын» деді. Майдан штабына ең жақын, төртінші әтіретте екан!»– Ләтипа өкпе-жүрегімді тексеріп жатып, осыны ғана айта алды. Тоқты Баситтің құйрығынан екі уколды қатар ұрып, беліне жапсырма дәрі берді. Демалыс қағаз беру құқығы жоқ екен.

Сол емнен екі-ақ күнде жазылған Тоқты Басит үшінші күні қамысты тақырлап орған орысымен дүйжаңды разы етті де ел жатысымен ғайып болып, таң атқанда бізбен бірге «оянды». Семіз қойдың қақтаған төстігі босап қалған қобдиымнан көрінгенде көзім жарқ ете түсті.

– Сен әкелгенсің ғой?

– Мыналарға білдірме, тексерсе айтып қояды!

– Қайдан таптың?

– Тоғамның ар жағынан қой маңырағанын әнеу күні естігенмін.

– Жекенің қойы емес пе, семіз көрінеді?

– Қазір жеке меншікте лақ та жоқ, үкіметтікі, біз де үкіметтікі!... Бүгін кеште жер тонар қазып от жағып, соған көміп келемін. Пысып дайын тұрады!...

Сол күні түстен кейін түстікті қамыс арасында жасырып жеп, балқып отырғанымда атымды атап шақырған бөгде ұйғыр дауысы естілді. Ішімді жарып тексермесе сездіре қоймаспын деген бекіммен жымия шықтым.

– Биғабіл деген зиялы сенбісің?– деп сұрады, қалың қырма сақалды ақсұр ұйғыр кадр. Түрі таныстау сияқты. Қай мекемеде, не қызмет істегеніме дейін сұрап, анықтап алған соң ғана айтты жұмысын. – Сен, біздің төртінші әтіретке бөлінгенсің. Сені әкетуге келдім. Ұйғыр-қазақ зиялылардың барлығы бізде. Қазір жүк-тағыңды алып маған ер!

Мен жүгімнің көптігін айтып, кейін сол жаққа жүретін арба мен жетіп алуды өтініп едім, көнбеді. Зынданымызға дейін еріп келген Тоқты Басит жүгімді көтерісіп жеткізіп қайтуды Ли дүйжаңға жалбарынып өтініп айтып еді. Ол, жұмыс майданына өзін қайта қуды.

– Қап, амал жоқ, сізге бұйырмапты!– деп күбірледі қимас ұрым. Көзінің жасын бір сығып тастап, жүре сөйледі. – Тірі болсақ әлі-ақ көрісерміз. Өмір бойы ұмытпаспын!...

Дүниелігімді арқама да, алдыма да, иығыма да таңып, екі боқшаны екі қолыма көтере жөнелдім ызадан. Мәт сопы гансы бұл қайратыма қарқылдап күле қуанды.

– «Биғабіл» аталған әфәнді сіз екансыз да!– деді иенге шыққан соң. – Бұрыннан білетінмін, қазір тани алмай қалыппын! – Көңілімді осылай көтермелесе де, зіл болып борбасқа батырып бара жатқан ауыр жүгімнен біразын велесипетіне бөктеру жөнін ойлай қоймаған тәрізді. Еріксіз өтініш айтып едім, «көне таныс» өзінің принципін айтты. – Сен лаужяусың Биғабіл әфәнді. Оның үстіне оңшы, жерлік ұлтшыл, тағы-тағы немене, қоғамымыздағы бар қалпақ сенде!... Ал, мен дектатура кадрымын. Оның үстіне жай кадр ғана емес, төте тәлім-тәрбие беретін гуанжяу[76] кадрың менмін. Сенің жүгіңді көтерісу, принципімізге мүлде қайшы, түсіндің бе?

– Түсіндім!– дедім күліп жіберіп. – Олай болса, осы жолда өліп қалсам, «тәрбиелей» алмай қаларсыз, демалып-демалып жүруіме рұқсат етіңіз!...

Данышпан тергеушім, ешкім көрмейтін, көрсе де жаман іс демейтін иен даладағы рахым-шапатта осы «принциптің» қаншалық әке құны, неке кегі барын өздеріңізден басқа адам баласы білмесе керек. Егер «принцип» деген көкіректі сіреп қатып қалған сіреспе дерт болса, ашығын айтыңыздаршы, айықтырушы мен-ақ болайын! Бейтаныс жердегі бейтаныс қойдың төстігін ойып жеп қойған маған, көзтаныс сіздердің көкіректі емдеудің несі қиын. Төстіктеріңізді төсқалдағымен қарсылдатып сыпырып алсам, кернеп тұрған дерттеріңіздің өзі-ақ барсылдап атылып шыға бермес пе! Ондай сауапты операция да не қылмыс болмақ!


IV

Егіндігінде жусап жатқандардан ауыстырылып, қыстаулығында қаусап жатқандарға келіппін. Мені қажыдан келгендей қауқалақтасып қарсы алған бауырлардың ортасында аулада отырғанымда көк есекке қауға қара сақалды біреуді өлікше көлденең өңгеріп қызылсары жігіт келді. «Енді өлімтіктерін артып өлтіретін болды ғой!» деп түтіге жетті де теріс жағына аудара салды өңгергенін. Өліктей сылқ ете түскен қарасақал, жерге бас тигенде ыңқ ете түсіп ыңырсыды. Тірі екен, жүрегім зырқ ете түсті. Қатты терлеп балқып отырған денем, қалтырап кетті. Ыршып тұрып барып, шала өліктің басын сүйеп, тіземе алдым.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 351; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.01 сек.