Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 30 страница




Басқасына ауыз былғамай, социализм мен коммунизмге мәңгілік адал болатындығына ғана ант еткеніне мен де сүйіне күлдім. Мақұлбек пен Құлжанның қылмыстарын нысаналағаны ғой!

– Ал, бұл ант бойынша әшкерелеуге тиісті факттерді толық білемісің?– деп сұрады өзінен.

– Мақұлбек пен Құлжанның барлық сөз-әрекетін білемін. Уақыты, орны, кімдердің алдында қандай жағдайда сөйлегендіктерін де ұмытқаным жоқ!

– Өшігіп өзіңді күреске тартса қайтесің?

– Бірінші, мен сайрап қалпақ киген емеспін. Екінші, үкіметке тілім тимейді. Үшінші, қолымда Асқар бар, маған не істемек. Күреске тартса тіпті жақсы, айқындап тереңдете қазбалаймын!... Осы антымды сөйлеп болған соң маған сұрау – тергеу жүргізе алмай қалып еді. Менің соңымнан іле шала «жүрек тапсырған» Ақияға қатты тиісті...

– Не деп?

– «Жүрек тапсыру деген құрғақ ант беру емес, тапсыр мәселеңді!» деп бір тобы шу ете түсті. –«Сен, Биғабіл ұйымының негізгі мүшесісің, оның фактілері көп!», «Құмардан шекараңды айырғаның рас болса, оның мәселесін тапсырасың!», «Биғабілдің көне досысың, оның да мәселесін тапсырасың!» деседі. «Биғабілдан да Құмардан да кері төңкерістік ұйым түгіл бірер кербақпа сөз естігенім жоқ!» деп Ақия алғашында шорт қайырды жауабын. Үш рет солай тойтарды. Соңында: «егер Құмардан мәселе табылса, партия мүшесімін ғой, әрине айрылысамын. Олай болмаса... некеленіп қойғанымнан соң айрылыс дегендеріңіз – заңсыздық болады» деп ескертті. Қарсы топ сонда да шуласып қалды: «егер шекарасын айырмаса, Құмар түгіл басқаларының мәселесінен де ештеңе әшкерелемейді. Төңкеріс мәнпағаты үшін әкімшілік бұйрықпен ажырату қажет!» десті.

– Бұл талапқа Ақия не айтты?

– Ақия, неліктен екендігін білмеймін, соңында әлгіндей босырақ жауап айтып қалды: «Құмар күреске түскеннен бері өзім де шекара бөлып тұрмын. Анықталған соң бірақ көремін!» деді. Мәселе жоқтығын анық біледі ғой, Құмарды сол бетімен үзіл-кесіл ақтап тұрып алуы қажет еді. Сөйтсе, менің кейінгі керісінше әшкерелеуімде де пайдасы тиетін еді!– деп күрсінді Мақпал. – Өзінің қызмет орны мен партиялылығын қимайтын көрінеді.

– Бізден шекараны қаншалық айырғандарыңмен де мәселе тауып бере алмай қорлайсыңдар ғой оларды,– деп ойлана жымидым. – Қайтадан қуарлайтындай болса сенде соның жолына түсіп, «шекара айыра» тұрғаның жөн сияқты!

– Жоқ, менің одан басқа жөнім көп!– дей салған Мақпал, Ақия жөнінде бір сезгенін айтты. –Ақияның өзі қорқатын бір мәселе бар сияқты, жылай береді.

– Ақияның қорқатыны, Асылқанның үйінде Құлжанмен «саражол» туралы айтысқан сөздері болса керек. Оның өзіне айтып қой, ол сөздерін Күлән сонда «жауды жабайылықпен жеңуге болмайды» деген мағынаға аудармап па еді, мәселе болып түсе қалса, Ақияның өзі де осы жолмен жауап берсе болғаны, қорқарлық мәселе емес!

– Басқа мәселесі болмаса, оны ұмытқаным жоқ. Ондағы пікірін менің де қуаттаған сөзім бар болатын: «жау тапты түгел аң деп, істі сол аңның өзінше жүргізсек, жер шары жабайы аңның ғана мекені болып қалмай ма» дегенмін. Біздің үйде Құлжан партияға қарсы былжырап алып, сенен қуаланды болған соң, Асылқанның үйіне барғанда саған жағайымсып, жоғары таптарды үрім-бұтағымен қырып-жоятын ең тұрпайы солшылдыққа бірақ көшкен. Біз сондай екі бетті ұждансыздығына қарсы шыққанбыз. Солай емес пе?

– Дәл солай. Ал сендердің сол жабайылыққа қарсы сол жауаптарыңды партия қазір де теріске шығара алмайды. Өйткені, өздерінің сорақы солшылдығын әлі де мойындамайды. Түйенің үстінде тұрып, жаяу адамға бұқ-бұқ дейтін түйсіксіздің өзі осылар болып қалмадыма!

Екеуіміз ұзақ күлістік бұл мәтелді теңеуге...

Қар ерігеннен соңғы бірнеше күндік мезет шөл де көл бойындай ылғалданып, желіндей қалмай ма. Дәл сол шақта Жаубасар тағы да шаңқылдап екі аяқтылардан ешкімімізді қалдырмай қуды. Зордан да «зор секіріп» барып, Үрімжінің күншығыс жақ сыртындағы су шықпайтын тастақты таз қыраттарды түгелімен ормандыққа айналдыра қоюға бұйырды. Бірақ, тағдыр менің ащы терімді бұл тандырға нәсіп етпегендей. Енді қазып болған шұңқырыма қара ағаш пұтағын қадай бергенімде шақыра жөнелді біреуі келіп. Жақын маңымдағы «оңшылдар» түгел солшылдарға үдірейе қарап қалыпты. Күбірлеп қана мекемеге қайтарып әкетті. Түске жақын әрең жетіп едік. Жаубасар кабинетінде Айғайкөкке иек қақты да шыға жөнелді. Сол орынбасары жеткізді үкімімді.

– Бүгіннен бастап сақшы назаратының қарамағына өттің. Еңбекпен тәрбиеленуге барасың, жоғары жақтан бұйрығың шықты. Ендігі ісіңді сол орын басқарады!

– Бұйрыққа қол қойған кім екен? – Тісімді-тісіме басып, бәсең үнмен сұрадым.

– Автоном райондық партком!– деді ол, қайтесің дегендей нықтап тұрып. Айырым бастығының атын атамады. – Қазір жүресің, үйіңе бар да тез дайын бол!

Үйге қайтып барып жайшылықси естірттім Мақпалға. Қызара қалса да ол да абыржығанын сездірмей құшақтады. «Денсаулығыңа мықты бол» деп күбірледі жалғыз-ақ. Алқымынан әлде не тіреп, сөзге келтірмей қойғанын ұқтым. Менімен бірге «секіріп» жүрген көрпені екеулеп таңдық. Үлкен жол сумкама керек-жарақтарымды салып, дайындап қойды да ұйықтап жатқан Асқарды оятып әкелді. Екеуін қоса құшақтап, кезек сүйіп тұрғанымда мекеменің ханзу тілмашы кіріп келді. Ол да күлімсірегендей шырай көрсетіп, иегімен ымдады, «жүр» дегені еді. Буыншағымды көтеріп шығарып велесипетіне таңды. Сумкамды өзім көтеріп шыға бердім.

– Бізден алаң болма!... Мүлде алаң болма!... Денсаулығыңды... денсаулығыңнан басқаны ойлама!– деп үзіп-үзіп әрең айтты Мақпалым. Мен де сондай бірдемелерді айта күлімсіреген сияқтандым. «Асқар бар ғой, әрқандай жағдайда да күреске түспейтін райда бол!» дегенім ғана анық. Ол да күлімсіреп бас изеді.

Асқардың қолын өз қолымен қоса көтеріп, бұрма көше мүйісінен өткенімше сермей бергеніне жалтақтап мен де қол сермей беріппін. Терезелерінен қарап тұрған көршілердің ешқайсысы шыға алмады.

Үрімжінің күншығысынан күнбатысындағы қызыл таудың дәл түбіне, үлкен көпірмен айнала жаяулап барып, «жаңа өмір машина ремонт завоты» дейтін вывиска жазылған қара қақпаға бір-ақ тоқтадық. Тілмаш кіріп жолдау қағазымды тапсырысымен ішкі босағадағы әйнекті үйшіктен автоматын көлденең ұстаған әскери пос шыға келді. «Лаужяусо»[55] сы осы екен. Мұның да нақтылы түрме екендігін, түгімді қоймай тінтуінен толықтап түсіндім.

Ішінен жанмылтық асынған бірі «зу!»[56] деп шақ ете түсті сонан соң. Биік қорғанның оңтүстік жақ бүйіріндегі шағын ғана ішкі қораға айдап апарды. Бір жатақтың сәкісіне нәрселерімді қойғыза сала тіпті қатал бұйырды. «Зу!».

Тағы да айдай жөнелді. Айдағаннан айдап, қызыл таудың солтүстік жағындағы бір шоқыға өрлетті. Алыстан шаршап келгендігімнен тіземді қолыммен тірей өрлеп әрең шыққанымда күн күреңітіп батып бара жатты. Менің теңдестерім быжынап сол шоқының арғы, тік беткейіне орман егіп жүріпті. «Зор секіріп ілгерілеудің» әкесін енді көрдім: су жұқпас айна таздың жалтыр төбесіне шаш еккеннен де қиын, шоқы қиясын шақылдатып тас босатып, жиде ұрығын көміп жүр.

Қосылған әтіретімнің көбі бала. Көшеден жиып алынған қалтамандар мен сотқарлар екендігі сұрқтарынан көрініп тұр. Ал, қатарымыздағы әтірет, шашын бұйралата бергендіктен сыпыра үйіткен басқа айналып кеткен бұзық әйелдер әтіреті болып шықты. Күлейін бе, жылайын ба!...

Еңбек уақыты бітсе де құйрығымды жерге тигізбей айдап, «ескерту» үшін әкеліпті. Солармен бірге тізіліп, қайта қайттым. Солармен таласа–тармаса тұзсыз-қатықсыз көкбұршақ ұнның қаракөк умашын ішіп, солармен бірге үйрендім. Алдымен түрменің тәртіп-ережесін оқытты. Бір сәкідегі он төрт лаужяудың арасына сынаша қағылып кіріп ұйықтап, құзғын сәріде ақырған дауыстан солармен бірге үркіп түрегеліп, кетпен, керке көтере жөнелдім. Әйтеуір артымыздан лаугайдағыдай[57] шошиған ұзын мылтық көрінбей, сары шапан етектерінен автомат пен жанмылтықтың тұмсықтары ғана жылтыңдады. Шірік жүгері ұны лайлаған сарысумен ашып кеткен сары момысы артымыздан ере барып, сол шоқы үстінде үлестірілді. Күн де сарғайып шығып, бәрімізді сарғайта көтерілді.

Тышқақтан күлгін сарыға айналған арық қара жігіт қатарымыздағы үйітілген бастардан ұялғандай, дәретке алыстап барып отыра қалып еді. Сары шапанды ұйжаңымыз соңынан ақырып барып, теуіп тұрғызды. Айдап келді де осы қазған жеріңе отыр деп, желкесінен басып шұңқитты. «Тыңайтқыш керектігін де білмейтін мал!» деп ескертті маған қарап.

Әйелдер әтіретіне ең жақын шеттегі бір ретте тұрған ұйғыр жігіт бұл оқиғаны байқамаған сияқты. Үстімізден төніп тұрған сары шапандыларға «рұқсат па» дегендей қол көтеріп ишаралай қойды да штанының бауын ұстай жүгірді ылдиға. «Хұйлай!»[58] деп ақырды дүйжаң сары. Дәреттен қысылған жуан қара жігіт әйелдерді көрсетіп, ұят болады дегендей өз бетін түрте сала тағы жүгірді. Ол құйрығына далда тауып отырып болғанша сары киімдіден екеуі түсіп тепкілей жөнелді отырған жерінде. «Біз адамбыз!» деп қана айқайлады ашынған жігіт. Әлуетті көрінеді, тепкендеріне қымырламай отырып, «мәселесін» бітіріп түрегеліп еді. Сарылардың бірі жанқалтасынан арқан шығарып, қолын желкесіне қайыра байлады. Құйрыққа теуіп айдап әкеліп тергеді. Қылмыскердің тағы да сондай адамгершілік қағида сөйлегеніне шамданды. Түскі келген норма момысын бергізбей, байлаған күйінде тұрғызып қойды да кешке қайтып барғанымызда түрмедегі жалғыз қара ағаш пұтағына байланған қолынан асып қойып шықпыртты.

Елуінші жылы қыздай мінезбен сызылып келіп, «халықтың өгізіміз» дейтін «халық азаттық армиясы» осылар еді. Енді бүгін далаға дәреттенгені үшін ғана қасқырша жұлып, мұншалық жауыздық көрсететінін кім ойлаған!...

– Үй мынау, қасапқа келген мал емес қой, іш ауру лаужяуды бұлай жазалай ма екен, айтсаңдаршы! –деп қалып едім, естіп тұрғандар көзін қысып, аузын басып, бастарын шайқап, шошына қарады маған. – «Лаужяудың қырық проценттік құқығы сақталады» дегені қайда?» деп еселегенімде группа бастығым болып көрінген бір хұйзу жеңімнен тарта жөнелді жатаққа. Мұндай сөздің үлкен қылмыс болатындығын түсіндрді. Мұндағы тамақ пен тәртіптің өзара қайшылығы аса қатерлі екен. «Денсаулық!», «денсаулық!», «денсаулық!» деп үш қайталап серпілдім ашудан. Машина ремонт әтіретінде істейтін еріктілеу бір лаужяу техникке жалынып, сақтық үшін іш ауру дәрісін алдырып ала қойдым.

Жаңа келген лаужяуды бір айға дейін семья адамдарымен көрістірмейтіндігі естілісімен Мақпалға ұқтырып хат жазып жөнелттім. Алаң болмауы үшін «жақсы орналасып, жайлы тұрғаным» баса айтылды.

Ашып кеткен жүгері үні ішімізге тоқтамай, шыға қашып әурелеп жүргенде ол да таусылыпты. Оның орнына күп-күрең болып «түтігіп» қызыл каулен ұны келе қалды. Мал да жемейтін «сыпыртқының басы» қастерленіп қасқанға түсіп, қатты пысқан бауырдай кертіліп-кертіліп жетіп келгенде тұнжырай түсті лаужяулар. Сөйтсе де кеңірдектерінен зорлап өткізісімен іш аурулардың қабақтары ашыла қалды. Жаңа тамақтың қасиетін құрсақтарының құрылдап-шұрылдамай қарсы алғандықтарынан сезе қойыпты. Ондай ауруды тас төбесінен ұрғандай тоқтата қоятын «дәрі» екен. Сол күні еңбек майданынан таяқ жемей бәрі де аман қайтты. Тіпті лаужяулықтарын да ұмытып, рахаттанғандай, жайраң күлкілері естілді.

Кеште қайтып келе сала сол дәм–тұзсыз «бауырды» қан күрең умашымен дымдап қылғып едік. Таң ата үрке түрегеліп дәретханаға барсам, әтірет бойынша өшіретке тұра қалыпты. Алдымен кіргендері орын босатар емес. Күшенеді. Ыңқылдайды, ышқынады. «Сыпыртқының анасын» тілдей отырып қыңқылдайды. Бақсам, «босана алмай», түгел толғатып жатыр екен. Кешегі жеген «сыпытрқы басы» бүгін сыпыртқының сабына айналыпты да ішектерімен бірге суырмаса түспейтіндей сіресіпті. Бар қаһарларын жиып бірнеше рет ышқынғанда сол жуан «саптан» лақтың құмалағындайы ғана әрең үгітіліп түседі екен.

Өшірет тиісімен мен де сөйтіп бір көріп, оңай шешілетін мәселе емес екендігін білген соң көп отырудан намыстанып шығып едім. Шоқыға өрлегенімде кереметін көрсетіп, көзіме қарашұбар жылан болып ұялады. Бізден бұрын жетіп істеп жатқан «үйітілген бастардан» ұялар жайым қалмады. Жиде егетін қорым тасты керкемен тыжырына қопарып, кенерелей сала, шапанымды желбегей жамыла шоңқидым. Ішегімдегі «спыртқы сабын» қатындар үркетіндей қаһармен мытқылап үгітіп түсіріп, есімді әрең жиып қарасам, әтіретіміз түгелімен-ақ шоңқиған екен. Ең «қуанарлық» жайыт, бізге күлетін әйелдердің өздері де шоңқиғаны болды.

Ендігі мұқажырымыз, іш тоқтататын дәрі емес, іш жүргізетін дәрі болып тамсандырды. Кешке қайтып бара сала сүргі іздедік. Жүгерінің шіріген ұны да жоқ, оның дәрі болып жасалғаны табыла қойсын ба!...

Ертеңіндегі таң бозында сәкіден бәрінен бұрын үркіп түрегеліп, дәретханаға бәрінен бұрын орналасып едім. Менен кейін келіп өшіретке тұрғандардың арасынан таныс дауыстар естілді: «дәретке бір отырғаны тұрмай қоятыны несі ей?» – Жақанның үні. – «Мына тықыршып тұрғандарына, күлкі үшін қысас қылғандары шығар!»– деп жауап бергені Тоқбай сияқты. –«Бір дәретке бір сағаттан отырып, күн өткізуді де ойлайтын шығар!»– деп күлген анық Қапас екенін таныдым.

– Жоқ шырақтар, жауаптарың дұрыс емес!– дей түрегелдім орнымнан.

– «Үй мынау Биған аға ма?», «соның үні ғой!» –десіп күбірлесіп тұрғандарында дәретханадан шыға келдім.

– Еңбекпен тәрбиеленушінің дәретте де жұмыссыз отырмайтындығын ертең таңертең түсінесіңдер!

Күлісе, шұрқыраса амандастық. Әлгі сөйлеген үшеуінен басқа Асылбек, Ақбай, Зарықбек, менің қызметтестерімнен «Құйынсоққан» да бар екен. Өткен іңірде айдалып, біз жатқан соң жетіпті. Ысқырық тартылып, ахуал сұрасуға мұрсамызды келтірмеді. Бірқаншасы қарнын, бірнешеуі штанының бауын ұстай жүгіріп, тізіле қалды.

Дүйжаң сары тізімге қарап, мені Биғабили деп шақырды да, Құйынсоққан екеуімізді көк азық егу группасына қосты. Жаңағы күрескен алты оқушымды түнде солармен қатарлас келген он шақты ұйғыр «ұлтшылға» қосып, кірпіш құю группасын құрды. Таудан әр күні түнде машина–трактормен ұрдалып тасылып жатқан қарағайларды далдалы қораға тасуға бір группа. Қайдан келетіні белгісіз, түн сайын көбейіп жатқан таза құмды қалтарыс бұрышқа тасуға тағы бір группа... Сөйтіп, қилы-қилы кәсіптен он шақты группаға бөлді. «Қосымша кәсіп әтіреті» деп аталатын осы әтірет сан қилы, сан сырлы кәсіптердің әтіреті екендігін сонда түсіндік. «Зор секіріп ілгерілеу» де әйтеуір сақшы назаратынан озатын ешқандай ұшар қанаттың жоқтығына күмәніміз қалмады. Өйтетіні, шебер ұрының барлығы лаугайда. Олардың жеткіншектері де лаужяуға жиналып жатыр. Өз кәсіптеріңмен секіріп ілгеріле десе, олардың қайсысы тартынбақ...

Сүргі дәрісін іздегендердің жан дауысы түрме басшылығына енді естілгендей, ұлттық кадр атаулыдан көрінген жалғыз татар гансысын сол күні кеште жіберіпті. Тәлім-тәрбие гансысы екен. Келе сала группаларды түгел жиғызып жіберіп, жаңа шыққан үгіт қолданбасын оқуға кірісті. «Астық – гауһардың гауһары» деген тақырыбын тамсана жариялағанда арт жақта отырған «оңшыл–ұлтшылдар» күле қарасты бір-біріне. «Енді түсініпті!», «енді түсініпті!» деп күбірлеседі. Былтырғы жариялаған сыңаржақты «құрыш–маршал» ұранының тамақ болмайтындығын енді түсініпті дегені екенін мен де түсініп жымидым.

«Елімізде астық тапшылығы былтырғы құрғақшылық апатынан пайда болды» деп шімірікпей жариялады кадр. – «Алдымен астық жағынан секіріп ілгерілемесек ашаршылық туылатындығын» сөйлей келе, алақандай бос жер қалдырмай егіндікке айналдыруға үндегенде күлкі тағы көтрерілді. «Зор секіріп егеміз деп, қалған түйірін енді тақыр далаға шашып құртады-ау!» деген күбірге күлісті... «Бар жерден бір-ақ өндіреміз деп бірінен де өнім ала алмай тоқитады ғой енді!», «күреп аламыз деп тұмсығын тасқа тіреп жығылатын ауру ғой бұл!» дескен күрсіністер де естіледі.

Біздің аурудың емін кадрымыз ең соңында айтты. Сыпыртқы ауруының кесірін лаугай әтіреттерінен көріп келген сияқты: «іш айдайтын дәрі бұған шипа болмайды екен. Мұнан соң лаж жоқ, табылғанынша каулен жейміз. Оны бір күні сүргімен айдай берген адам... өледі. Ең жақсы дәрі – қайнақ су екен. Көп ішу керек. Ішкің келмесе де зорлап іш!» –деп өзі де күрсініп шықты.

«Астық – гауһардың гауһары» екендігін барлық группа «үйренуге» осыдан бастап кірісіп, іңірлерде барлық жатақ «жарыса сайрайтын» болды. Бұл тақырып, қарындары ашқан адамдар сөйлегенде тіпті зор секіріп сөйленетін тақырып екен. «Құрыш маршалды лаугайға алып, орнына астық гауһарды қоймаса, ол гүй[59] құйрығымызға сыпыртқының сабын тығады екен» деп сайрады сотқарлар.

Мұны әнеу күні далаға отырып қойып таяқ жеген жуан тышқақ, жас содырларға сыбырлап сөйлетті. Аты Тоқты Басит екен. Сол таяқтан иығы шығып кетіп, таңдырып, еңбектен қалған болатын. Немен болса да қарынын толтырмай тоқтамайтын қомағай жігіт, басқалардан қалған кауленді де жұмарлап қылғып жүріп, ең көп «толғататын» да сол болған. Оның ішіне өнген сыпыртқы сабы, жеген жесіне қарағанда, сексен жылдық қарағайдан кем түсе қоймайтындығы, дауалға шалқалап сүйеніп, күндіз-түні отыратындығынан дәлелденіп еді. Әлгі сөз әтіретке түгел тарап барып, басшылықтың тергеуіне түскенде, «үш қызыл туға қарсы бұл кері төңкерістік үгіттің» түп атасы сол болып шыға келді. Күреске бір кеш тартып жіберіп анықтап, ауруына қарамай айдады еңбекке. Біздің көк азық группасына қосып айдады.

«Астық – гауһардың гауһары» ең көп оқылатын группа, осы группа. Түскі демалыс уақытында да демалмай атыз басында «үйреніп» жүргенбіз. Тоқты Басит келген соң кемелдене түсті бұл «оқуымыз». Мұндай өтірік үйренуге келгенде алдына жан салмайтын шешен жігіт екен. Біздің Құйынсоққанның демеуімен тіпті үдеді. Пікірін дәретке асығып, қарнын сипай отырып бастайды да сөз соңын, бір шұқанаққа түсіп, штанын төмен сыри жалғастырады. «Құрыш маршалы құрып кетсін, астық – гауһардың гауһары» деп ышқына-ышқына сайрайды.

– Ей, сен құрыш маршалды жаман айтасың болмайды, осы сөзіңнің өзін сөйлейсің жақсы!» деп ханзу зужаңымыз[60] зекіріп қояды. Группаның басқа мүшелері астықтың гауһарлығы жөніндегі құрғақ сөзге жақжұты болғандықтан Тоқтының сөйлеуіне зужаң мұқтаж да күлкілі әңгімелі сөзге біз мұқтаж едік. Осындай жақын далдаға отырып сөйлей беруін, бірге істеп жүрген үйткен бас әйелдер де құптады.

Гауһардың гауһарын «үйрене» жүріп, көк азық егетін ұңғыл-шұңғыл атызды көбейте бердік. Санпаку деп аталатын бұл сайда біз игермеген «тың» қалмады. Құлағалы тұрған жардың асты мен үсті. Суды аспаннан құймаса маңайынан тышқан да кіре алмайтын тұйығы. Тастақ белдердің кенезесі кепкен қапталдары, баяғы гомендаң әскерлерінің далдалану үшін қазып кеткен ұяшықтары... дәріпұрыштың[61] жайма дорбаларындай жүз бөлек, мың парша болып «ашылып» тегістеліп, атызымызға айналды. Кетпенмен шауып босатып қырлай салып, ұрық шаша бердік. Қолымен істей алмайтын Тоқты Баситтің жуан аяғы ұрықты көме берді. Әйтеуір оның түскі лекциясында құйрығын малып қойып сөйлейтін қуыстары көбейе берді...

«Зор секіріп ілгерілеудің» құйыны тыныштық бермей бір ай үйіріп, жаздық көк азықты егіп болғаннан соңғы бір жексембі күні ғана демалдық. Лаужяуларды семьясынан келгендерімен көрістіретін күн еді бұл. Шақырды дегенге Мақпал келген екен деп жүгіріп едім, дарбазаға келіп тұрғандардың арасынан қызыл жаулығын иығына салған Гүлниса ғана танылды. Балғынтайда бір киіп көрінген қызыл пүліс көйлегі, сол шырайы, сол көзі, кереметті сол шашы.... Мен сескене қарап кілт тоқтап едім. Көрістіруші кадрға айтып, Гүлнисаның өзі табалдырықтан аттай жүгірді. Қолында мықшия көтерген үлкен сумкасы бар, тамақ сияқты.

– Мақпалмен ұлыңыз аман!– деді қос қолымен амандасып. – Бірақ, бүгін мұнда келуге рұқсат ала алмады! – Маңайдағы бар көзді өзіне тартып тұрған «қарындасым» күбірлей сөйлеп, жан-жағына қарап қойды да бүктелген хат ұстата жалғастырды күбірін. – Мақпал екі-үш күннен бері күреске түсіп жатыр,– дегенінде жүрегім зу ете түсіп еді, – одан қауіптенбеңіз!–деді іле-шала. – Жеңіп шықпай қоймайтындай пікірі күшті, алымды болып шықты, өзіңізден де қиын екен. Сөзі мен үнінің сыпайылығы арқылы ешкімді ашуландырмай мойындатады! Әйелдердің бәрі қорғайды оны, бәрі жақсы көріп қалды!




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 305; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.044 сек.