Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 29 страница




– Бұл, компартиямен социализмнің өз денелеріндегі індет емес, солшылдар мен жандайшап жолбикелердің ісі екендігін білуші еді ғой! –деп қатты күрсіндім мен. – Күлән айтып есіне түсірмей ме оның?

– Айтқанда қандай, тіпті керемет,– деп Мақпал да күрсінді. – Мен Күләштің мұншалық марксизмші идеялог екендігін бұрын білмейді екенмін!... Ынтықбай оның түсінігіне мойындап, «е, солай екен-ау!» дей салады да аздан соң қайта есіреді. «Адамзатқа жаны ашымайтын тас бауырлар коммунизмші болып кімді жарылқамақ!» деп тағы да айқайлап жібереді сонсоң!...

Кеш батқан соң түтін жамыла барып, көңілін сұрап қайтуды ойлап едім. Кеш бата өзім тітірей жығылдым диванға. Екі шекем солқылдап, бас көтертер емес. Соны айтқанымда Мақпал басымды құшақтап отыра қалып күлді: «жолдасыңның біреуі қыз болмағандығынан ба?»[53]– деп күлді де бар жүрегін жайып сала аймалады. – «Дүниеде менен артық қыз бар дегенге сенбейтінсің ғой жаным, міне мен!.. Міне қасыңдамын күнім, қасыңдамын!» – Жаңбырдан кейінгі аспандай тұнық, аумақты көзінен қос тамшыны тастап жіберді де,– «менікі не әлі!»– деп қайта күлімсіреді. – Нерві қиыншылығына өзің де ұшырап келгеніңде Ынтықбайға көрінбей жата тұруың жөн екен!» төсекті қалыңдатып салып, сүйемелдеп апарып шешіндіріп жатқызды да Асқарды ірге жағыма әкеліп отырғызды. Не тамақ ішкім келетінін сұрады сонсоң. Асқарға ымдап, басымды уалатып қойды да өзі тамақ жасауға кірісті.

Шешесінен көргені бойынша Асқар да күлімдей отырып уалады шекемді. Бұйрықты тапжылмай орындап отырып, қолы талды ма екен, басымды біраздан соң білектеуге көшті. Қарқылдап күліп жібердім. Пысылдап, ыржың-ыржың күліп алып, білектей берді ол...

Бір шақта көзім қарауытып, дүние шыр көбелек айлана жөнелгендей болды. Мақпалды шақырып, жұқпалы ауру болар деген оймен баланы өз кереуетіне жатқызуды тапсырдым. Асқардың қасымнан кеткісі келмей жылап айрылғаны естіліп еді. Онан соң не болғанын сезбей қалыппын.

Үш тәулік өткенде жиыппын есімді. Құлағымның дәл түбінен соққан өз жүрегімдей бір жүректің екпінді лүпілімен өз өкпеммен дем алғаннан парықсыз, бір түрлі жағымды ыстық тынысты естіп, жалт қарадым, Асқар екен. Басымды тағы да құшақтап, маңдайымнан сүйіп жатыпты. Шешесі күлімдей қарап түрегеп тұр.

– Мынаны неге әкелдің жаным-ау?

– Ауруың жұқпалы емес екен. «Оңшы» врачтың біреуін жасырын шақырып әкеліп тексерттім. Нерві дейді!... Кішкене «бақсың» әкемді өзім емдеймін деп келіп отыр.

– Нерві?.. Нерві ғана ма екен?– деп басымды көтеріп алдым. Осы құтырған жалған коммунизмшілердің соқтырған жынынан жығылыппын ба?... Не деген масқаралық!.. Әкеле ғой киімімді!

– Жоқ, жатсын, неғұрлым ұзағырақ тынықсын деді! Нерві жүйелері қиналып шаршаудан бұзылуға айналған, ыза мен қиялға берілмесін дейді. Жата тұр күнім, дәрет қыстаса, міне леген!

– Яу деген, олардың жындандырып өлтіру мақсатын орындата қояйын ба! Әкел киімімді, «суық тиген екен, терлеп жазылды» дей сал сұрағандарға!.. Ендігі сауығу өзімнен!...

Түрегеле салып дене тәрбие қимылын істедім де жуынып, дымды орамалмен денемді түгел ысқылап алып қайта жаттым. Қатты ұйықтаппын. Кеш бата тағы да дене тәрбие ойнап, ысқылап алып тамақтандым. Мақпалдың әнін тыңдап, оны құшақтап тансыға түстім. Біз не істесек соны істеп күлдіріп Асқар жүрді. Дәрі де, арақ та ішпей, осы тәртіпті әрекетті қайталай бердім.

Сол ес жиғанымнан төртінші күні Мақпалды толық сауыққандығыма сендіріп, Ынтықбайдың халін біліп қайтуға жібердім де өзім ел жата барып амандастым. Ыршып тұрып құшақтай алған Ынтықбай үн сала жылап жіберді. Күлән екеуіміз кезектесе сөйлеп сабырға, шыдамға шақырып мойындатып, беріктеп едік. Бұрынғыдай салмаққа келіп, шай дастарқанына қатар отырды да көрген–білгенін асықпай сөйлеуге кірісті.

Сап қазақ малшылары отырақтасып, егіншілік кәсібін кооперацияға ұйымдасқаннан бері ғана игерген бір коммунаға барған екен. Былтырғы «ашылу – сайрау», «оңшыл – ұлтшылдарды соғу» науқандары мен биылғы «құрыш қорыту» науқаны егіншілік өнімін құртып, астықтан мүлде тотитып кеткені бара сала көрініпті Ынтықбайға. Ашаршылық жайын баяндаған адам, табанда оңшылдарға қосылады. Малдары пәйға шағылып, түгел жиып алынған. Мал иелері түгел «оңшы», «кері төңкерісші» аталып, үй мүліктері де сыпырып алынған. Бірлі-екілі малы коммунаға қосылып, кедейлері де тақыр жерге отырып қалған. Бір тайпа ел бір ғана тайқазанның ылай суына қарайды екен. Үйлеріне ешкімнің от жағуына рұқсат жоқ. Моржасынан ондай айырым түтін шыққан «жекешілдердің» қазаны мен шәугімдері шағылып болған.

Тамақ нормасын тайқазанның түбіндегі қоюынан алып, бұрын ішіп алған активтер бір шөміш суына да өшірет ала алмай тұрған «керітартпаларды» сағат толысымен қуа жөнеледі...

Осыны айта келе Ынтықбайдың үні өрлей түсті.

– Ендігі қалғанын айтпай-ақ қой, ұқтық!– деп тоқтатпақ болған Күлән екеуімізге сүзе қарап алып, «мұрындығын жұла» жөнелді.

– Неге тыңдамайсыңдар? Ұнның бір шөміш нілін екінші күні таңертең тағы да алып іше алмай, тарғыл тас көтеруге айдалып бара жатып жан үзген момын шалдың шиқылын тыңдағыларың келмей ме? Үйінде шырылдап жатқан баласының аузына шандырын салып қайтуға тәнтіректей бара жатып, отын тасуға сүйреліп кеткен келіншектің зарын тыңдағыларың келмей ме? Қасыма жасырынып келіп ағатайлап көже сұраған кішкене балалардың үзілген жалынышын тыңдағыларың келмей ме?... Ыдысымдағыны соларға бөліп беріп, аш қалған өзімнің сол балаларша кеңкілдегенімді тыңдағыларың келмей ме?

– Болды, болды!– деп жіберіп кеңк ете түстім мен де. Күлән еңіреп жіберіп, ауыз үйге шыға жөнелді. – Ендігісін айтпа!– зорналып қайта күлімсірей өтіндім де сөзін басқаға аудармақ болдым. – Ал, ол аудан шойын – темірден бірдеме өндіре алды ма?

– Өндірді ме дейсің бе?... Ол жерде таскөмір жоқ, не өнбек! Таудың сәл құрғақтау ағашы мен қараған, тобылғысын, тіпті даланың сирек шиі мен жусанының тамырына дейін жұлып өртеп болды. Ұсақталған темір тастың күйік шеке қоқысын шойын деп үйіп жатыр! Жөн білетін, еті тірілеу адамдарының «кері төңкерісші» қалпағын кимегені қалмапты. Олар аштық пен таяқтан, суық абақтыдан қырылады. Жазадан өлгендердің сүйегін де үйіп жатыр. «Темір өндірудің» ендігі отыны сол шығар!...

– Ынта, сабырлы да берік, мұқалмайтын бекем алмасымыз едің ғой. Осы ахуалды...

– Е, тағы да тыңдағың келмей қалды ма?... Жан үзгелі жатқан қалпақты әкесіне атау суын апарған баласын «кері төңкерісшінің ұрпағы» деп сабап шырылдатқанын да тыңдағың келмей ме? Қалпақ киген әке-шешенің қиналысына шыдамай жылап қойғандығынан қорқып, иенге қашқан баланың қасқырға жем болғанын естігің келмей ме?... Иен жартас ішінде тасқа бастырылған әке мүрдесін, «әке-әкелеп» құшақтап шырылдап жатқан өлген жалғыз ұлдың ақырғы дауысын да естігің келмей ме?... Күрес үстінде додадан жығылған ұлын қорғаймын деп бұрынырақ өлген жесір ананың табан астындағы беу-беуін де тыңдағың келмей қалды ма?..

 

Әділетті тергеушім, мұндайларды сіздің тіпті де тыңдағыңыз келмес. Естіп қалсаңыз, айтқан адам түгіл тыңдаған адамды да нақ кері төңкерісші ретінде жоятындығыңызда сөз бар ма! Бірақ, әке-шешенің басына іс түскенде «жаман идеясын жұқтырмау үшін» танымай кет дейтін нұсқауларыңызды адам баласы да тыңдай қоймас. Зорлықпен тыңдаса да «иттен туып, іннен шыққан азғын!» деп өздеріңе тісін баса тыңдар. Өйтетіні, олардың бәрі адам, әрқандай таптың бәрі де адамнан құралады. Бәрінде де өзді-өз иқуаттарынша рақым мен адамдық махаббаттың жүрегі бар. Амалияттарыңыздан іздегенде мұндай қасиет тек, сіздерде ғана жоқ. Демек, адамзаттан басқа, оған мүлде жат жыртқыш мақұлықсыздар!.. Социализм мен коммунизмді Маркс пен Ленин кім үшін құрамыз деп еді. Ал, сіздер кім үшін құрмақсыздар?... Коммунист Ынтықбайдың жауап таба алмай жынданып жатқаны осы сұрау ғана. Адамзат үшін оның жылауы – сіздер үшін күлкілі – қанға жерік күлкі!!!


ҮШІНШІ БӨЛІМ

 

АҒАЙЫНДЫ АПАТТАР

 

І

 

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

1959-шы жылдың февралы жартылай бере мекемеміздің қызметі қайтадан басталғаны естіліп еді. Қалпақшылар қайтадан Самсақ сторжының қолына өтіпті. Соның әмірімен сынық зәмбілдерімізді қайтадан көтеріп шықтық. Жан алып – жан беріп өндірген «құрышымыз» мекеме ауласының бұрыш-бұрышын түгел иелеп болған екен. Енді соны тағы бір жаққа тасимыз-ау деп күлісе жетіп едік.

– Ол немеде нелерің бар!– деп Самсақ әфәнді зекіріп қалды. – Қар тасыңдар, қар! Арттағы сәйлікке апарып төгесіңдер!

– Әфәндім, маршалымызды «неме» демеңіз!– деп Құйынсоққан әдейі түсін бұза қарады оған. Сыр тартпақ екен. Самсақ сторжы «маршал» атауына тіпті шамданды.

– Қой маршалыңды, бір жапырақ нан болмайтын немеңді маршал деп тағы... Қар тасы деймін мен саған!

Қыс бойы аулаларды басып қалған қарды жұл-жұл зәмбілімізбен сырттағы көк азық атыздарына таси бердік сөйтіп.

Қалпақсыз қызметкерлердің бастаған қызметі тағы да жүрек тапсыру екен. Мойындарын іштеріне тығып келе қызмет бөлімдеріне кіріп шығып, жиын залына қарай шұбайды. Қып-қызыл жүректің үлкен суреті әлі де сол залдың төргі қабырғасында. Біздің үстімізден жазылған қара бояулы дазыбаулар қара бауыр бүйіше қаптап әлі тұр. Мақұлбек пен Құлжанның қолдары әлі де драп пальто қалталарында. Басқа қызметкерлер қарапайым келте бешпет-сымымен қалтақтап, жүргенде ол екеуі тіпті сіресіп, талтаңдай басатын болыпты. «Оңшыл», «жерлік ұлтшыл» қалпақ кигендердің қызмет орнына солар көтерілгені естілді.

Менің январьда Сорбұлақтан жазған арыздарыма жауап қайтаратын ешкім табылмады. Естуімше бар сенгендерімнің өздері де зәмбіл көтеріп жүр екен. Сөз өткізерлік адам, мәселе айырарлық дұрыс таразы қалмағанын білген соң шағыну мен ашынуды менің де тоқтатуым қажет болды. Нерв ауруы – бір танысып алған соң жуырманда соңынан қала қоймайтын ауру. Ашу-ызамен қайғы-қасірет көрсе мойныма жайдақ міне шабатын жын. Сабыр – салмақ желпуішін қолдан тастамай желпініп, кең тынысты, көңілді жүруді басыма мықтап орнатуға тырыстым. Оны ұмытсам, бір құйынға шыдамай жындансам, кек үстіне кек кетпей ме. Жандарын жалдап жүріп оқытқан ата-ана, аға-бауырдың күткен үміті селге, өз арман-мұратым желге кетпей ме!... Қайткенде де артын шыдаммен күтуім қажет!

Маңайдағы барлық қораның қар-мұзын таситын ұзақ жүрісті осы жұмысымызға бір аптадан соң Ынтықбай да келіп қатынасты. Бірге жүрдік. Бірақ, қайталап басталған «жүрек тапсыру» әрекеті бізге тағы да пышақ қайрамай қояр ма, тағы да қосақталып бауыздалмау үшін бір-бірімізден тағы да алыстай жүрдік. Артымыздан аңдитын «авчарка», аузымызды аңдитын тыңшы жоқ, ыңғай қалпақты іріктеліп шұбасақ та, басқа сөз сөйлеспеуге түгел келісіп алғандаймыз. Сөйтсек те жай қалжың мен жаймашуақ күлкіден айрыла қоймадық. Бұрынғы қалжыңшыл Нұралы ғана қалыпты одан. Былтырғы жазда тышқақтаған сиырша бәрімізді бір-ақ былғағаны үшін «оңшыл–ұлтшылдар» оны түгел-ақ шықбайталға айналдырып шеттетіп тастаған жайы бар. Оған әсіресе Қалық пен Өлзебаты суық қарайды екен.

– Егер сен болмасаң мына ит бәрімізді құртады екен!– деп Өлзе күбірледі маған.

– Онсыз да бізге көзігіп келген апат қой, «шекараңды айырғаныңды көрсет» деп оны бізге зорлап салғаны белгілі. Нұралы сонда да біздің жаладан құтылу жағымызда тұрды: әлгі «программа» болмысындағы балалардың ұрлығын сол программаны жоққа шығаратын факт ретінде маған әдейілеп ұстатып тұрмады ма... Ондай бишараға өштесудің қажеті жоқ! –дей жүре беріп едім, Өлзе қайтар шақта мықтап ескерте кетті маған.

– Аса кешірімшіл екенсің Биған, Нұралыға қалай қарасаң да өз ішіңде болсын! Белгілі болды ғой, оған мұнан соң жақын жүруші болма, әлі де былғай беретін тышқақ ол. Мыналардың бәрнің де қорқып жүргені осы тыңшы!... Ал, тергеумен аңду мұнан соң тіпті күшейетін сияқты. Құрыш қорытуы масқараға ұшырап, халық алдында жек көрінішті болып қалмады ма. «Таз ашуын тырнадан алады», енді бізге артады бұл сәтсіздігін. Мұнан соң тіпті қысады. Сенімділеріне де сенбей, қайтадан жүрек тапсыртып, тексеріп жатқанда бізді оңдыра ма!... Саған тіпті көзігеді. Алды-артыңды қазбалап, ұзақ тексереді. Ендігі батырлық – ызаға шыдауда ғана болып қалды. Әйтеуір денсаулығыңды мықтап сақтағайсың!. Қалықтың да Юсуп Қасымның да саған айт деп тапсырғаны осы!...

Ертеңіне түске жақын көк азық атызында демалып отырған бізге Самсақ жақындап келіп, ақыраңдай шақырды мені.

– Биғабіл, мұнда кел! – Жақындай бергенімде тағы да ақыра бұйырды. – Сенен анықтайтын мәселе бар, тез жүр! –«Анықтайтын мәселе» дегеніне асыға жүгіріп жеткенімде күбірледі. –Біздің үйге, ешкімге көрінбей кіріңіз! –Осыны айта сала үлкен көшеге қарап жантаңдай жөнелді Самсақ. Артқы қақпадан байқап тұрып, босағадағы кішкене есікке сып ете түстім. Келіншегі табалдырықтан амандасып, шыға жөнелді. Балшық пештің далдасында Гүлниса отыр екен. Күлімсірей түрегеліп амандасты. Созған қолымды бос қана ұстады. Үйреніскен сырлас досым болғандығым үшін жандаса келіп отыра қалып едім. Сәл сырылып алыстаңқырап отыра күлді.

– Бек жақын отырмайықшы, және ауырып қалармын!... Бір ай жатып әрең жазылдым!

– Балғынтайдан қайтқаныңнан бері тілейтінім, осылай сауығу еді, қуандырдың қарындасым!... Ал, Мичуандағы «құрыш қортуға» бар деп қузамады ма өзіңді?

– Әлгі полковниктерің үш рет шақыртты, бармай қойдым. Шақыртқан мақсаты белгілі. Қызметінен қуса, қуа берсін, енді қуыршақ болмаймын!... Ешқандай жігіттің де қажеті жоқ!

– Қажеті жоқ емес, ол табиғат заңы ғой. Бірақ асықпай таңда!

Көз қиығын жалт еткізіп бір қараған Гүлниса төмен қарап күбірледі.

– Таңдап болғанмын, енді қойдым!– дей сала көтеріліп, сөзді басқаға аударып әкетті. –Жу внлай зұңлидің жаңа бұйрығын естідіңіз бе?.. Бүгін соны сізге жеткізіп қояйын деп шақырттым, кешіріңіз!

– Мына Самсақтың үйіне шақыртқаныңыз... жала болып жабыспай ма?

– Жоға, бұл менің шешеме жерлес, бауыры. Маған қас қылмайды!

– Ал, Жузұңли не бұйрық шығарыпты?

– «Еңбекпен өзгертуден» басқа «еңбекпен тәрбиелеу» деп атап, тағы бір жаза орнын құратын болыпты. Еңбекпен өзгерту дегендері заң жазасына кесілген қылмыстылар баратын, нақтылы түрме ғой. Ал, «еңбекпен тәрбиелеуі», қылмысы заң жазасына толмайтындар баратын, мекемелердің әкімшілік жазасы ғана екен. Уақыт мүддесі үш ай, алты ай, ең көп болғанда тоғыз ай ғана екен. Жексембі күндері үйіне келіп тұрады. Тәрбиелеу мүддеті біткен соң еңбек ақысы бұрынғы дәрежесі бойынша толық қайтарылып, бұрынғы қызметіне орналасады екен.

– Мұны кімнен естідіңіз?

– Кеше ханзуша радиода Жузұңлидың өзі сөйлепті. Сізге жеткізіп, көңіліңізді орнықтыру үшін келдім. Қылмысыңыз жоқ қой, ең қиын болғанда сол лаужяуына[54] барып қайтарсыз, одан артық не істемек!... Әйтеуір басқа қастықтарынан сақтана жүрсеңіз болғаны!... Денсаулығыңызға мәңгі тілеулеспін!

– Рақмет қарындас, сенің денсаулығыңа мен тіпті тілеулеспін! Сол үшін өзіңе ең лайықты бір орынды ойлай беретін болдым.

– Соны айтпаңызшы, менен құтыла алмай жүрсіз бе? – Гүлниса назбен еркелеп бұртия қарады маған.

– Құтыла алмағандық емес, құтты орнына қонбай, әйел заттың бақыты орнықбайды ғой. Аяулы қарындасының келешегін ойламайтын аға бола ма, сенің денсаулығыңның шартын білгендігімнен алаңдаймын.

– Алаң болмаңыз, ес қатармын әлі! – Гүлниса осыны күле айтып қалды да мен күле иіліп шыға бердім.

Жүрегін жүгендей алмай, жастықтың жалынымен қателесіп, мол ақылын сезімге тұтқындатып алған сұлу ғой бұл. Сауықтым дегенімен де тез айыға алмас. Құштарлықтан жүдеп барып мүлде ақымаққа айналып кетпеуі үшін өз теңдесін тезірек табуын шынында да жиы ойлайтын болып қалып едім. Менен өзін толық жиып алуын, бұл кездесуде де үзіл-кесіл, жақсы айтып шыққандаймын. Бірақ, «құтыла алмай жүрсіз бе» деген назы мен «ес қатармын әлі» деп ескертуі мені тіпті ойландырды: «маған деген көңілін мүлде орнықтырып, арман-тілегін менен айнымастай байлағаны емес пе?... «Ес қатар» бір кезеңін мөлшерлеп, содан тосатынын білдіргені ме?... Осылай үміттеніп жүріп, шыдамы таусылғанда Нұрияшыма қас қылар ма екен?... Қой, көңілін жыртпай-ақ күдер үздіремін деп жүріп, көкейіме найза ұрғызып алмайын! Өзі де жастық өмірін жаңсақ үмітпен зая кетіріп алмасын, мүлде торықтырып, енді көріспей қояйын!»

«Лаужяу» жөніндегі хабарды Мақпалға кешкі кең уақыттан пайдаланып жеткіздім. Балам мен әйелімді екі тіземе қондыра құшақтап, алма кезек сүйе отырып баяндадым. Көкірегіме басын сүйей тыңдаған жар, белімнен құшақтап қыса түсті. Аянышын сездірмей, қимастықпен қысады. Аумақты дөңгелек көзі тұна жаудырап, ой тереңіне батып барады. Аппақ маңдайына ернімді басып сора беріппін. Онымды көріп, Асқар да маңдайын сипай қыңқылдатты. Күліп жіберіп оған да соны істедім.

– Сендейлерге келгенде «үш ай, тоғыз ай» дейтін кесімін бұзады ғой!– деп күрсініп қалды Мақпал. –Сені үкімет те «қимас», қара қақпасына бір апарып алса, босатпай қояр ма екен!... «Зор секіріп ілгерілеуі» қиындаған сайын қысатын шығар!... Өйтетіні халық тұрмысы нашарлап, наразылық көбейген сайын, ең зор хаупі сендерде болады ғой. Қымырлаған пұта басынан селк ететін болып отырғанда жастармен оқушыларды көтеріп жібереді деп қорықпайсың ба!... «Бауырына» баса түсер сені!... Мейлі, секіру түгіл аяқ баса алмай тұралағандарында көрісерміз. Ол да алыс емес. «Оңшылдар» пікірінің дұрыстығын сонда түсініп, сонда босатар. Әйтеуір денсаулығыңды дәл осылай сақтай білсең болғаны!... Мен, өз күткенімнен де бақыттырақпын жаным. Оқыттың, мұратыма жеткіздің. Енді тозағына да шыдайтын сенімім бар, әрқандай жағдайда да Асқар екеуімізден алаңдамайтын бол!...

Мен, өзіне төнуі мүмкін болған қастандықтан, әсіресе, Күләннан басқа әйелдерден сақтана жүруді сонан соң айтып едім.

– Менің күндесім соншалық көп пе еді?– деп Мақпал күліп жіберді.

– Көп,– дедім мен. – Сенің күндесің ғана емес, менің өз күндестерім де саған зиянкестік істеуі мүмкін. Сені жойса мені де жойғаны болып есептелмей ме. «Мұратқа» солай жетпек болатындары бар. Ал, сені, еркек күндестерім өз қолдарымен жою орайын таба алмаса әйелдерді салуы мүмкін. Басқа әйелдердің қолынан, тексермей су да ішпе!...

– Өзіңе менің де бір ескертпегім осы еді, жақсы айттың!...

Қандай сезімнің күші екені белгісіз, осы кештен бастап түн бойы құшақ жазбай аймаласатын болдық.

Гүлнисаның жеткізген сол хабары екі-үш күннен соң газеттерде де жарияланды. Жузұңли ол сөзінде еңбекпен тәрбиеленушілердің қырық проценттік құқығы сақталатындығын да анықтап айтқан екен. Еңбекпен өзгеру шарты қойылған жау емес, жартылай құқығын сақтап тәрбиеленіп, қайтадан халық қатарына қосылатын адамдар екендігін осылай түсіндіріпті.

Март айының соңғы күндерінің бірінде, Мақпал, мектептің үлкен залында «жүрек тапсырғанын» айтып келді. Не деп тапсырғанын жазбасының қалдығынан маған да оқып берді: «мені феодализм бұғауынан – күңкілдіктен азат еткен, тек, компартия ғана. Бесіктен белі шықпай жатып малға сатылып кеткен бір күңді төңкеріс сабына – партия қатарына тартып, ата-анам оқытпаған мектептен оқытып, ғылым сабына қосқан да компартия. Бұл жақсылыққа мәңгілік жақсылықпен жауап қайтаруға ант етемін! Бұл сынды ұлы мұратқа опасыздық істеген қаскүнемдерге тілі тәтті, іші у, екі тілді орайшылдарға, компартия үшін де айқайлап жүріп сіңіп кіріп алып, компартияның сіңірін қиғысы келетін тап жауларына, өздерінің ұсақ мүддесі үшін қоғамдық ұлы істі былғап жүрген қара күйелерге, азғындарға, жалақор жандайшаптарға жан ұжданыммен от ашамын! Ондайлардың өзім білетін мәселелерін асықпай толықтап жазып әшкерелеймін!» – Мақпал осы жазған антын залдағыларға толық естірте анықтап оқып беріпті де жоғарырақ сенімді біреуінің қолына ұстатыпты. – «Мынау сізде тұрсын, осы антыма титтей қайшылық істесем табанда жазалануға ырзамын, деген антымды оған да дауыстап айтып тапсырдым!»– деп күлді Мақпал.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 298; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.041 сек.