Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 25 страница




Біздің осы «бекер» отырысымызды бастықтар тағы да көре алмай қалыпты. Кірпішке лай жасап беруден оңай жұмыс жоқ екен деп қалған сияқты. Екінші күн өткенде Гүлнисаны кесек құюға шығарды да, мені ол группадан тас тасу группасына ауыстырды.

Тас болғанда да руда емес, өзеннің малта тасы. Мұның да «неғұрлым жуаны» қажет екен. Неге қажет екенін білмей-ақ зәмбілмен таси бердік. Менің зәмбілімнің артын төрт мықты «актив» кезектесіп көтерді. Мақсат қинау болғандықтан демалдырар емес. Бірі терлейін дегенде тыңы келіп түсіп, қуалай берді. Кейбірі маған жанашырлық ойлап, бір далдаға апарып демалдыратыны болмаса, бастықтардың мақсаты, зорықтырып жығып, «кері төңкерісшілдігімді» дәлелдемек екен. Бұл жайтты кірпіш құя жүріп Гүлниса да біліпті. Бастықтарға жақын жүретін еріктірек әйелдер арқылы мұңғыл малшылардан сүт-қатық алдырып, жатын орныма жасырын жіберіп беріп тұрды.

Үш-төрт күн өткен соң асқананың бастықтарға пысырған тәтті-дәмділері де менің бастығымның асынан табылатын болды. Араным ашылып, тамаққа қасқырдай тидым. Зорыққаным сол, күшейе түсіп, зәмбіл көтерісетін істестерімнің өздерін қайыстырыппын. Төртеуі жеке отырып күбірлесіп алады да зәмбілге қайсысы түссе де мені демалыспен қамдай берді. Зәмбілшілер сияқты ілбіп қана күн өткізетін болдық.

Лайды жарым күндік қана жұмыс көріп, бізден тартып алған екі белсенді үлгере алмай, ең мықтысынан үшеу болып малшынып жүріпті. Қасынан өткенімді Гүлниса маған соларды ымдап жымияды.

Үйген тасымыз таудай болғанда шақта зор бастығымыз айқайлай жетіп, басқа жерге тасытты. Домнаны басқа жерге жасататын болыпты. Ол тастың жарымын екінші рет тасып бола бергенімізде, Үрімжідегі мекемеге кеткен ұстамыз қайтып келіп еді. Зор бастық, штабынан тағы да жүгіріп шықты. Жұмысты түгел тоқтатып, демалыс жариялады. Соңымыздағы жандайшап бастықтарды түгел штапқа шақырып әкетті. Бір сағаттан соң түгел шығып, штап сыртындағы жерді өлшеді. Әр жерге қазық қақты. Тастың екі үйіндісін де сол қазықтардың маңайына тасуды бұйырды сонсоң. Сол жерден бірнеше бөлімді үй қалап, осында қыстайтын болыппыз.

Тасты үшінші рет тасуымыз менің демалысымды тіпті көбейтті. Өйтетіні, іс қузаушы жандайшаптардың үндері ішіне түсіп, өз ойларымен өздері болып, болбырап қалып еді.

Бастықтар ғана көңілді. Кешкі демалыстың уақыты ұзара берді. Тек зор бастық «сорлының жұмысы» ғана көбейгендей: «штабынан» шықпай, қыздарды кезек-кезек шақырып, «тәлім-тәрбие» беретін болды. Ал, өз алдыларына қыз шақыратын «штабы» жоқ, кіші бастықтар өзен бойлап қолтықтай жүріп «тәрбиелесін бе»...

Гүлниса мен бірге кесек құйып жүрген әйелдер ғана «тәрбиесіз» қалып бара жатқан сияқты еді. Екі-үш күннен соң олардан да шақырылушылар шықты. Лай құшақтайтын орындарына «тәрбие қабылдамаған» әйелдер ауыстырылды. Іле-шала Гүлниса да босай қалды кірпіштен. Зор бастық бірер сағат қана сөйлесіп шығарған соң оның еркіндігі тіпті кеңіді. Мас қалмақтың ертоқымымен келген бір жуас атын ертеңіне-ақ міне жөнелді. «Осы бір таза жанды сезімтал қыздың, азғын тәрбиесін тіпті тез қабылдай қойғаны ма?» деп күрсіндім. – «Ауыр жұмыстан құтылу үшін арын сататындай емес еді ғой?»...

Гүлниса төменгі жақтағы қатынас бекетіне қарай жорғалатып барып, белеске шығып біраз тұрды да қайта қайтты. Өзен бойына түсіп, жорғалай аяңдатты. Тұп-тура мен демалып жатқан далдаға беттеді. Абыройын сақтауды қысқаша ескертіп өткізгім келді менің. Бірақ, Гүлниса, жақындап келе күлімдеп, менен бұрын сөйледі.

– Биған аға, төменгі бекетте әскери емхана бар екен. Ертең жексембі, демалады екенбіз, сіз дохтырға көрінуге рұқсат сұраңызшы!

– Сап-саумын ғой, не үшін?

– Сізбен бір сөйлескім келеді!– деп күліп жіберіп түзеді сөзін. – Жай ғана...

– Соңымда «авчарка» бар ғой?

– Олардың бәрі арақкеш, сондағы арақханада қалатыны сөзсіз! – Соны ескертті де, атын қузай тебініп өте шықты.

Досты сақтандыру борышым бар ғой, кеңірек жерде кездесіп, мына жүрісі жөнінде өзіне де ақыл айтып қойғым келді. Ертеңіне таңертеңгі шайды іше салып, дохтырға көрінуге рұқсат сұрадым. Бастық, бұрыннан соңымда жүрген екі бақылаушысын қосып берді. Гүлниса асқан сұлу денесіне өз терісіндей қондырып тігілген қызыл пүлс көйлегін киіпті. Ұзын бұрымын тарқатып, шатырының алдында тұр екен. Кеттім дегендей бас изеп қалдым. Қыз мол шашын төге сілкіп, арқасына серпіп тастады да өзенге жүгірді. Дөңгелек қана аппақ жүз, жас шыбықтай толқыған қыпша бел, жел ұйытқытқан қызғыш қоңыр жібек шаш, жалт ете түскен қара көз, сүюге бейімделгендей ұмсұнған оймақтай ғана қып-қызыл ерні... Бәр-бәрі, әсіресе лып беріп секіре жөнелгендегі құлын мүсін, романтизм дастандарындағы перизаттың дәл өзін, ондайға сенбейтін көзіме көрсетіп, жүрегіме қондыра қойғандай сезілді. «Япырай мына сойқан Нұрияшыма жау боп тиер ме екен!» деген ой сап ете түсті басыма. «Жоқ, жоқ-жоқ, өрт болып жаласа да күймеймін!» дегендей басымды шайқап тастап, көзімді жұма қойдым да Нұрияшымның бейнесін сіміре тарттым жүрегіме. Өз сүйіктімнің көркем мінезі, тұнық махаббаты шипалы самал болып тыныстатты. Мұның мені қызықтыра қойған мүсіні өз жарымда да бар ғой, ал, онымның рухани дүниесі, мол ақыл-ойы, білім-санасы қай сұлуға қона қоймақ! «Лайлама тұнығымды, кез келген шөптің басын шала беретін мал емеспін!...»

Жолдың ойлы-қырлылығы болмаса, аралық екі шақырымдай ғана екен. Емханаға кіріп, тұмау дәрісін алдым. Ере кірген екі белсенді ере шықты да арақханаға қарап ымдасты. «Бұл кісі арақ ішсе... болмайды. Тағы бір шатақ тауып алмай қайта берсін!», «мені әкеп тастап кетті дей салса болмады ма!»– деп естірте күбірлесті де, иектерін көтере салды.

Көптен өз еркіммен жол басқаным осы-ақ шығар, арқамнан ауыр жүк түскендей сезіммен аяғым жеңілдеп сала берді. Желсіз, жайма шуақ ашық күн сәскелікте жарқырап тұр. «Сұм қыз қай жағымнан көрінер екен» деп жан-жағыма қарай бердім. Жоқ, әтіретке жетуге бір белең ғана қалды. Қыз түгіл сайтанның да елесі жоқ. Бұл белеңнен асқан соң жол жап-жайдақ, штап есігінен бәрі көрініп тұрады. Алды-артыма қарап біраз тұрдым. «Жастық – әуестіктің соқпа құйнынан басқа не сөзі бар дейсің. Қарындасым, аңшы қақпанынан сақтан!» деп бір кезіккенде күбірлей салмаймынба!»– енді күткім келмей өрлей жөнелдім белеңге. Өзен жағасындағы терек арасынан сықылық қақты сұлу күлкі. Бір жуан ақ теректі далдалап ат үстінде тұр екен. Тебініп қалып ытып шықты.

– Білдім!... Кел мінгесіңіз, мына қыраттың асты иен екен!

– Нені білдіңіз?– деп артына, мінгесе салып сұрағаныма жауапсыз күлді. Менің әлгі кідіріп жалтақтағанымнан өзіне деген пейілімді байқаған тәрізді. Ал, өзі еркекше көйлек-сымын қайта киіпті де, сиқырлы шашын түйіп, қалпағымен бастыра салыпты. Сырт көзге алдымда отырған ересек бала жігіт болып көрінетіндей. Оның есесіне жұпары мұрнымды жарды. Қыраттың тігіл жарлауытына ат тіке өрледі. Сауырынан сырғып кете жаздап, ертоқымның алдыңғы қасына созған қолым қыздың дәл қуығының басынан сап ете түсіпті. От уыстағандай дереу тартқанымда қылмысты қолымның сыртынан оның ыстық алақаны жабыса қалды. Бір мезет жібермей, ішіне құшырлана басты да жоғары тартып апарып, жүрегіне басты. Алақаны да көкірегі де оттай, дезмалша қарыды қолымды. Қайрылып қарамаса да құмарлықтың қызара бөрткен жүзін, аппақ мойнының қызарып кеткенінен, жүрегінің атқылақтауынан сездім. Сол сұғанағымды отты алақанымен сипалай берді. Аялап-аймалай берді. Үн жоқ, тұқыра түсті өзі. Жастық сезіміне оқыс шабуылдап қойғанымды ұғып, қолымды зорлап тартып шығарып алып сөйледім.

– Пәк жүректі, аса құрметті қызсыз, кешіре көріңіз, ердің қасынан ұстамақ едім, жаңылыс болды!

Гүлниса күліп жіберіп күрсінді де, біраз ойланып алып тіл қатты.

– Менде сіз аяйтындай оншалық құрмет жоқ!... сондай ахуалдарымды айтайын деп шақырдым сізді...

– Менің де айтып қояйын деген аз ғана пікірім бар еді. Мына жерге түсіп отырайық!– Белден асқан соң аттан секіріп түсіп, оны қолтығынан сүйемелдеп тартып едім, қытығы келіп, қолымды қаға ыршыды мертігуден сақтау үшін құшақтай алыппын. Екі қолы мойныма асыла кетті де, айқара құшақтап алып, бетіме бетін баса күлді. Ойпаңырақ далдаға көтеріп апарып отырғыза қойдым да атты тұсай салып, екі қадамдай алыстап келіп отырдым. Қимылыма кірпік қақпай қадалған қыз демін соза алып төмен қарап сөйледі.

– Сізде кешіріңіз!... мені әдеттен асқан бұзық қыз екен деп қалған ұқсайсыз!

– Жоқ, олай жаман бағаламадым. Сіздің жүрегіңіз де мені таңдандыратын бір түрлі пәктік-адалдық бар!

Гүлниса жүзіме біраз қарап алып тағы да тұқыра жалғастырды сөзін.

– Расшылдық-ақиқатшылдық дегендерді мен сізден үйрендім. Және ең қиын жағдайда, өтірік қоспаса болмайтын күрес үстінде берген жауабыңыздың шыншылдығынан әсерлендім. Менің де сіздей расшыл болғым келетін болды. Сізді жақтап сөйлеп, тіпті, сізбен бірге күреске түскім де келді. Сөйтсем... сізге... ғашық болып қалыппын. Түн бойы қызамын, ұйқым келмейді. Ең болмағанда сіз көрінетін жерде отырғым келеді...

– Қарындасым-ау, баласы бар, сүйген әйелі бар адамға солай бола ма екен! Сендей қызға қандай жігіт бас қоймас, сені алтын таудай бақыт күтіп тұр!...

– Жоқ, олай болудан кеткенмін.. Маған енді шын сөйлеуден басқа парыз жоқ!... Мен қыз да емеспін. Кішкене кезімнен алданып, ит пен құсқа жем болған әйелмін. Сіздің мені қыз деп аяйтыныңызды білемін. Сондықтан толық сөйлеп бергім келді. Бірақ, ессіз бұзық әйел емеспін. Алданғанда бір жақсы көрінген жігіттің махаббатына, алалдықпен алданғанмын. Сіз айтқандай «алтын тауым» осы екен деп беріліппін!... Осы күрес үстінде бәрінің жайы мәлім болды. Мен тәуір деп білетін жігіттің бәрі қаражүрек алдамшы, тақсыпаз, өтірікшілер болып шықты. Ондайларға... ерсіз қалсам да бара алмайтындығымды түсініп жеттім.

– Жоқ, әлі түсініп жетпепсіз, туылғаннан кемшіліксіз кәмелетпен туылатын ешкім жоқ. Оған өзіңіз де мысал. Өтірікшілдік пен шыншылдықтың қасиет жөніндегі парқын менің үстімдегі күресте айырып өзгеріпсіз, өсіпсіз. Ал, ол жігіттер өзгермейді деп ойлағаныңыз – шалалық емес пе!... Қарама-қарсылық күрес бар жерде сана мен идеяда өзгеріс болмай тұрмайды. Ертеме-кешпе сіз сияқты олар да өзгереді, өседі.

– Ол жігіттер де ондай үміт жоғын, сөйлей алмай отырғаным болмаса, өзім білемін. Мұндай түпсіз терең айтысқа түсіп, әрең тапқан уақытымызды сырап етпелік, өтінемін!

– Мақұл, мұныңызда дұрыс. Мен алдымен сізге айтпақ пікірімді айтып алайын. Мына әтірет бастығы сізге қалай шапағатшы бола қалды, алдымен соны айтыңызшы!

Бұл тосын сұрауыма сақылдап күлді қыз.

– Кезептік мақсатпен жақсы көрінгісі келмей ме! Мұндайлар менің көптен сыралғы дұспаным. Көркемөнер қызметіне орналасқанымнан бері мені мұндай бастықтардың үлкендерінің де талайы айландырып келеді. Оңаша үйге талайы алдап апарып көрген. Ондай әуейліктеріне көнген емеспін. Зорламақ болса, парткомға мәлімдеймін деп қорқыта саламын. Менің алданғаным, тек, махаббаттық уәделесуден ғана болған!

– Сонда да мынадай доңыздан қатты сақтаныңыз!... Ондай ішкі байланыста болмағаныңызбен сырттағы абыройыңызды жояды!

– Түсінемін, бірақ, лаж жоқ. Бастық іс жөнін сылтау етіп шақырғанда бармаса болмайды екен!... Онымнан, менің сырымды білетін достарым күмән ойламайды. Мынау мені осы жаққа жүрерде-ақ айландырған. Өзімен бірге кабинкада отыруға бұйырғанда кузовқа шығып, одан сіздің қасыңызға барып отырып алғаным үшін, онан соң сазға келіп түнегенде өзімен бірге кабинкасында түнемегендігім үшін қалпақ кигізді. Одан да зор қалпақ кигізсе, тағы киермін. Жалғыз-ақ, сізді көріп жүрсем болғаны!... Мен қазір аурумын! – Көзжасын төгіп–төгіп жіберді. Гүлниса, менің тіземді жастана жығылды. – Қатты қиналып жүрмін!

– Не ауру? – Маңдайынан, шашынан сылай сұрадым.

– Сен!– деді қыз, жауабын шорт қайырып, ышқына солқылдады. – Мақпал екеуіңнің махаббатыңа зиянкестік істемеуді де ойландым. Көп семьяда жоқ ең үлгілі махаббат қой, қимаймын, аяймын. Бірақ, лажым қалмады. Өзімді тоқтатуға күшім жетпеді, қайтемін, ұйқы жоқ, жүрегім күйіп, ыс-түтекте тұншыға беретін болдым!

– Олай болма! Ар-намысты ардақтайтын адам бәрін де жеңе алады!.. Жастық сезім дегенді ақылмен басқармаса, адамгершілікті тонайды. Батпаққа да, дәретханаға да тастай беретін, ол бір ақымақ құйын. Үйіргеніне шыдап берсең, аз уақытта-ақ өте шығады, айығасың, дұрыс жолыңды сонда ғана табасың. «Япырай сонда қаймана бір қатын-балалы қалпақтыға да күйіп–жаныппын-ау!» деп күлетін боласың әлі!

– Олай деме!– деп мойныма асыла көтерілді Гүлниса. – Менің қатты бір егесім осы қалпағыңда. Сенде не қылмыс бар еді!... Нахақ қалпақ кигізеді де «мұны адам деп менсін бе» дейді тағы да... Туған елімнің қамын сенше ойлай алатын болғанымда ғана енді адам болдым дей алармын!... Ол идеяның ешкім таласа алмайтын шындығын айтып, сенше жеңе алатын дәрежеге жетсем!... Саған мені алдымен құштар еткен, осы жауынгерлігің. Жұрт қормалындай, ел тірегіндей көрінетін көп ұлтшылдың қайсысы сендей жауап айта алды? «Ұлтшылсың» десе, «ұлтшылмын» деп сүмірейе бергеннен басқа бұл нахаққа не жауап айта алды?... «Анау блогың» десе, «блогым» деп басқа бейуаздарды өзіне қоса күйдіргеннен басқа не берді жұртына!... Ал, сенші?... Сені құтқару үшін өзін құрбандыққа шалмақ болғандарды да қорғап қалдың!... Сен сөйтіп, менің арман-тілегімнің жалғыз ғана жарық жұлдызы болдың, қайтып қиналмайын сен үшін!.. Сенің басыңа жастық, көңіліңе сүйеніш болудан артық не өнер, не қымбат бар мен де!

Гүлниса осыны айтып, маңдайымнан, көзімнен, иегімнен сүйіп-сүйіп алды. Қарсылық ете алмай қалдым. Бұл сұлу сойқан көрсе қызарлықпен емес, жастық-мастық сезіммен, иә, бұзылғандықпен де емес, өзінің өзгеше оянған санасымен, өзіндік ақылымен, арман-мұратымен ұнатыпты мені. Мұны айтпаудың не жөні бар!... Өз аяғын шалыс басып келсе де әлеуметтік ой-пікір жағынан тез өсіпті!... Ал, бірақ, маған болған бұл құштарлығы үшін Нұрияшымды ұмытып, опасыздық істей алармын ба! – Маңдайымнан тер бұрқ ете түсті.

«Шын мағынасында бұл да көркем гүл. Бірақ, өзінің тым ерте ашылып қалғандығымен бойын жия алмай, мына өктем құштарлықтың жалынын түгел сіміріп, шегіне жеткізіп алған, нәзік гүл. Жақсылығын айтып жұбатсам, жабыса қалады. Жазғырсам жасып солады. Мына халінде тойтарсам, күйреп те түсер!... Ал, бірақ, менің де шыдамымды құртып барады мына от құшағы!...»

– Мені аяйтының қайда!– деп қалдым. – Мақпалға зиянкестік істемейтінің қайда!

– Мұндай ахуалды аймалаудан артық аяушылық жоқ. Көптен бері Мақпалыңның қасында бола алмай зарығып жүрсің. Нахақ жазаланып, көңілің жүдеп, азаптанып жүрсің. Осындайда рухи азығың болып жадырата алсам, сенің дертің үшін де, өз дертім үшін де шипа!... Мақпал қазір алыста ғой, бұл жерде сенің көңіліңді көтеріп, жұбата тұруым, оған зиянкестік емес, нервіден қорғаймын!

– Мағыналы адамға мағыналы махаббат қана жарасады ғой, өзіңді бұлай қорлама, қарындас!

– Сен де қорлама, ая мені!... Семьяңда бола алмаған осындай уақыттарда жанама әйелің боламын. Тек, мені кемсітпесең болғаны, таңдаған жолым осы! Басқа ешкімге тимеймін! Шикі надандардың енді біріне қосылып, арақ ішіп келгенінде «қатын екенсің» дегізіп сабатып отыра алмаймын! Ондайда менің әділетсіз-жазықсыз жәбірленетіндігімді сен түсінесің. Ондай қара көңілге ханым болудан, жанымның жарық күніндей сенің ғана қосалқың болып өткенім жақсы. Мақпалға сездіріп, рухи зиян салмайтындығыма серт етемін!... Мен тапқан ең мағыналы махаббат осы ғана!... Ал, мені қаншалық сағындырған кезеңде де алалың бола білемін! Бала бітсе тіпті жақсы, сыртқа білдірмей бағып өсіру маған қиын емес. Сенің перзентің ғана мен үшін ұлы табыс, өмірлік қуаныш бола алады!

«Бұл да көп ойлаумен таңдаған, өзінше ең дұрыс жолы шығар, кінәлауға болмас!»– дедім ішімнен. – «Шегіне жеткен құмарлық тым шешенге айналдырыпты өзін!... Бірақ, Мақпалыма олай опасыздық істеп, мен адам болмақпын ба!» –мұның көңілін енді тойтармай болмады, шыдамымнан таусылдым. Құшағын айырып, тез алыстауым қажет болды.

– Қарындас, «қатынмын» деп өзіңді арзандатқаныңмен де шыншылдықпен айтылған мына сырларың, менің алдымда басыңды тіпті қымбаттата түсті. Қате ойларың да адалдығымен құлпырып шықты. Бірақ, менің мына жайымды түсініп, кешірім ететіндігіңе сенемін: мен Мақпалдан басқаға еркек емеспін. Махаббаттың жүрегі біреу-ақ екен. Оны жарты-жартыға жарып, екеу етуім мүмкін емес екен. Ең жақсысы, маған қарындас болып қал!... Сені қор етпейтін жігітті мен таңдасып, өзіңнің разы-қоштығыңмен қосайын!

Бетін қос алақанымен баса еңіреді Гүлниса.

– Енді бізді іздейді, кешіктік. Екеуімізді осы жерден тапса, зор шатақ! –дегенімде орнынан әрең тұрды. Маңдайынан ғана сүйдім де атқа мінгізіп жөнелтіп, өзім жолдың төменгі жағынан түстім.

«Шіркін табиғат!... алуан түрлі гүлі өзді-өз алдыларына алуан-алуан көрік, бір-біріне мүлде ұқсамайтын алуан түрлі сүйкіммен иіс тапқан неткен бай сырлы дүние бұл!»– деп күрсіндім. – «Мына гүлі өз күлтесін өзі жұлмалап, масқаралап, масқаралап отырып-ақ мас ететіндей сезім, көз ұялтатындай келбет көрсетті-ау!... Әне, күн нұрына шағылысқан қар-мұзды асқар! Соның ар жақ етегінде ғана Асқарымды құшақтап, өз нұрым отырмайма, ертең-ақ жетпеймінбе оныма, кез келген нұрға телміріп, өз нұрымды – көз нұрымды өшірмекпін бе!...»

«Өзіңнің асың тұрғанда басқада әкеңнің басы барма» деген мақал есіме түсіп, қарқылдап күліп жіберіппін. Иен сайда хайуан қораз сезімге беріліп, бір мезет естен танып та кетіппін. Өзенге түсіп, жуынып-тазарып қайттым.

Гүлниса мінген ат тағы бір «масты» төңкеріп тастап шыққандай өрлеп, недәуір алыстап кетіпті. Мен асханаға барып, тамақтанып шыққанымша Гүлниса көрінбеді. Мүмкін ол төсегіне жете құлап, көз жасын жастығына ұрлап төгіп жатқан шығар. Жатағыма мен де жетіп сұладым. Мақпал мен ұлымның суретін алып, көкірегіме баса сұладым.

Гүлнисаның қатты «сырқаттанып» қалғанын күн еңкейе естіп, жаным ашыды. Көңілін сұрап, мүмкіндігім жетісінше демеп қойғым келеді. Шатырына кіруіме рұқсат жоқ. Мен де еңкейе жеттім өзен жағасына. Өрлеп-құлдап жағалай бердім. «Зор бастықтың» өзі жүгіріп, «оңшылға майылына» өзі күтуші болып, өзі дәрілеп жүр екен. Ашық тұрған шатыр есігінен Гүлнисаға көрінетіндей бір қойтас үстіне шығып ұзақ отырдым. Батыс жақтан қою қара бұлт шығып, күн жүзін жапты. Менің көңілімді де бүркей түскендей күңгүрттене берді. Гүлниса орнынан тұра алатындай болса бір көрінер еді, зым–зия. Осы жығылуына тағы да өзім қылмысты сияқтымын. Жатағындағы басқа әйелдерде де үн жоқ, бәрі тұнжыраулы көрінді.

Бұлт аспанды түгел торлап, жаңбырын бүрке бастағанда өз шатырыма жүгіріп едім. Бастықтар айқайлап, «пешкаларын» түгел шығарды сыртқа. Кірпіш жиюға шақырыпты. Плашымды кие сап қайта шықтым. Түйіле төнген күз, сүркей жаңбырын үскіре төккенде біз «секіре» тасыдық кірпішті...

Құрғаған кірпіштің үштен бірі, дегдіп қалған кірпіштің жарымы, жас кірпіштің бәрі күйреп, аяқ астында қалғандығымен ғана тізіп бітірген болдық. Бірақ, біткені сол, жұмысты тіпті көбейтіп алғанымызды ертеңіне көрдік: жауын суы іркілетін ойпаңға тізілгендіктен бұрынғы жал кірпіштерде түгел құлап, майданның ойран-асырын шығарыпты. Бүтін қалғанын теріп дөңге жиюға бұйрық түсті. Жоғарыдан кіші бастықтар тағы да «тез» бітіруге қузады. Қолдан–қолға лақтырып тасып, жауыннан аман қалғандарын да шағып болыппыз. Жаны сіңір екі жүз шақты кірпіштен басқасы расында да «тез бітті». Түстен кейін майдан тазаладық та кірпішшілерден басқамыз өзді-өз группамыздың міндетіне тарадық.

Жауыннан біздің үйген тасымыз ғана аман қалыпты. Бірақ, оны төртінші рет тасуымызға тура келді: қалайтын үйдің іргесі тасқында су басатын жерге қазылыпты. Оның орны тағы да дөңге ауысып, қайта қазылатын болған соң құйрығы қоныс таппаған сорлы тасымызды сол дөңге тағы тасуымыз қажет қой!... Сөйтіп осы өткен жиырма күн ішінде қанша секіріп, қанша ілгерілегенімізді өлшейтін нәтиже табылмады. Төккен терімізбен өлшей қалса, өте көп жол басқанымыз анық. Бірақ, ол сідікпен, өз жаны қиналмаған кім есептеспек.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 355; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.01 сек.