КАТЕГОРИИ: Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748) |
Кэрол Дуэк 24 страница
Бірер қадам жылжи алатын «еркін» пешкалар сұқ саусақпен түртіліп, үнсіз жүріліп жатқанда мендей қамаудағы пешкалар қайтпек, қысқыш саусақтар шекеме таяғанда-ақ секіре түрегелдім. Жазып жатқан «томым» сол жазу столында жаюлы күйінде қалды. Артымды бағып жүретін «авчаркалар» құрыш қорту жұмысына алдымен кетіпті. Көрпе-төсеніштерім буылып-түйіліп, қара машина кузубына лақтырылып та болған екен. Мақпалым кішкене Асқарымызды құшақтап қақпа алдында тұр. «Әкең әне» дегендей мені нұсқады оған. Көре сала «пешкалықты» ұмытып, тұп-тура гардише[40] ұшыппын. Бөлініп тұрғанымызға үш айдан асты ғой, енді қашан көрісетінім түгіл, қазір қайда баратынымды да білмеймін. Екеуін қоса құшақтап сүйіп–сүйіп алдым. Бадырайған көп көзден именбей Мақпал да сүйіп үлгерді. «Бізден әрқандай жағдайда да алаң болма, аман бол, денсаулығыңды күт!... Әйтеуір оншалық жүдемепсің!» дей сала арқамнан қақты. Сөйлесіп қойды дегізбей жөнел дегені екенін қағысынан ұқтым да, «аяулым» деген белгісін, алақанын арқамнан сылай түсіргенінен түсіндім. Шығатын автомобильге жете бере қайта қайрылғанымда Асқардың кішкентай қолын көтеріп бұлаңдатып тұрғаны көрінді. Жауап ретінде мен де қол сілтеп қайтардым. Автомобильге шығысыммен бақылаушымның біреуі әкеліп, үлкен сомкамды тапсырып берді. Мақпалдан алып Жаубасарға тексертіп шыққан екен. Сыртқы қалтасынан екеуінің жаңа түскен суретін тауып, көкірегіме баса түстім. Машина от алысымен дәл қасымнан Гүлнисаның татарша әні естілді. Әртістердің автомобильінен қашан түсіп, менің қасыма қашан келіп отырғанын білмей қалыппын. Еркекше киініп алыпты. Мен жалт қарағанымда күліп жіберді. Қақпадан шыға бере Мақпалдың өз тойымызда айтқан бір әнін шырқата жөнелді. Бұл әнге мен де қосыла кеттім. Үйіме бұрылатын кішкене көшенің иінінен күтіп тұрған Мақпал, менімен қатар, алда отырған бейтаныс қыздың аузынан өз әнін естіп, қолын жайраңдаған күлкімен көтерді. Разы-қош, ыстық ықыласпен сермеді қолын. Оған Гүлниса да сондай шын достық ниет көрсетіп, қолын түрегеліп бұлғаңдата өтті. Гүлниса, үйлену тойымызға қатынасса да Мақпал екеуіміз көшеде кезіге қалғанда танымайтындай сырт айланып кететін. Енді маңымыздан ең жақын достарымыз да қашатын болған мына қиын кезеңде жанқияр достай жақындасып қалған себебін түсіне алмай қарай бердім жүзіне. Ойнап тұратын өткір қара көзін маған бір жалт еткізді де тұқыра күлімсіреді. Әйелім мен баламның жаңағы суретін қолымнан алып, үңіле түсті. Жамбасы жамбасыма, омырауы білегіме жабысып қалғандықтан, жасыра күрсінгенін сезіп қалдым. – Бек сұлу!– деп күбірледі. – Ұлыңыз әлден-ақ кішкене Биғабілмін деп тұр! – «Кішкене дұшпаныңмын, менен қорқыңыз» деген шығар? – Жоқ, мұны маған өзіңіз ескертіп отырсыз, білемін. Тіпті де дұспан емессіз! – Менің аурыуым, қазір обадан да жұғымтал! – Мұндай ақылды ауру жұқса жұға берсін! –деп Гүлниса тез күбірлеп жіберді де, сөзді Мақпалдың суретіне аудара қойды. – Мәдениеті тіпті жоғары екен. Сізді жаңағы... сүйгені, мені қатты сүйіндірді. Совет әйелі болмаса, мұндай әйелдер олай істей алмайды! – Жігітіңізге қосылған соң сіз де сөйтесіз. Өзіңізді ол да үш ай сағындырса... – Сіз режимге алынғалы үш ай болды ма? – Гүлниса үңіле қарап сұрады да менің бас изеп күрсінгенімді көріп, өзі де күрсініп жіберді. Мұнан соң сөйлеспедік. Сахнаның дағдылы әнші қызы тағы да Мақпалдан естіген «Ағажайды» шырқата жөнелді. Бес автомобиль керуеніміз қаладан шыға Еренқабырғаға беттеді. Қарашәрге асатын төте жолға түскен соң темір рудасы жақын Балғынтай дейтін жерге барып, темір өндіретіндігімізді басқа сапарластардан естідім. Бір сәтте машина тосын тоқтай қалды да Гүлнисаны шақырған зейіл дауыс естілді. Арт жағымыздағы әртістердің жабық автомобилінен бір бастығы қаһарлы қабақпен келіп, қайт дегендей бұйрықтың қолын жалғыз-ақ сермеді оған. Содан бастап Гүлниса маған жақыннан көрінбейтін болды. («Оңшылға бейім» атты қалпақ кигенін кейін естідім.) Сол кеште қарлы асу аузындағы жайдақ-жалаңаш сазға түнедік. Жатып демаларлық тепсең жер жоқтығын айтып зарланғандарға жауап берген ешкім болмады. Бастықтарымыз кабинкадан шықпай, алдының қорылға басқаны да естілді. Менің «ұйымдастарымнан» Ынтықбай, Рақымқан, Өлзе, Нұралылар халық коммуналарының құрыш–темір жоспарларына көмекке айдалыпты. Менімен бірге шыққан басқа қалпақтылар желкелерінен бір-бір «авчарканы» сұқситып әр жерде шоңқиып таң атырды. Сөйлестірер емес. Ал, менің соңымда екеу... Биік таудың мұзды жотасынан келген ызғар таңға жақын менің иығымды селкілдеткенде артымнан қыдиып тұрған күзетшілердің тісін де сақылдатып әкетті. Данышпан тергеушім, осы шақта пешка болмаған кім бар, сіз де көне пешкасыз. Осындай ақымақ сазда сіздің тісіңіз де талай сақылдаған шығар. Тістің бұлай сақылдауы, жауға қаратылған ыза-кектің қайнауы емес, әрине, сіздердің де менше сорланғандықтарыңыздың ғаламаты. Бізді «бөрі», сіздерді «бөрібасар» атап шайнастырып қойғаны болмаса, бәріміз бір шахматтың сорлы пешкаларымыз ғой. Осы тауда қыраттан, далдалы құрғақ жырадан көп жер жоқ. Ал, ілуде бір кездесетін осындай жалаңаш сазға қай Құдай айдап әкеп, шоңқитып түнеткенін ойлап көрдіңіз бе? Пешкалардың қиыншылыққа шыдамдылығын сынап көрмек болса, «Англиядан озғанға» дейін алдымызда талай күрес, талай қиыншылықтың саналы сын кезеңі әлі бар емес пе! Сол жеңіске жеткізетін жауынгерлерінің белін әлден шойрылтып не таппақ, қай мақсатына жетпек? Мені жау санап бүкшитсін, ал, сіздерді белсенді жауынгеріміз деп мүкшитпек пе?... Жанаптарыңызды «зор секіріп ілгерілеуге қарсы оңшыл-ұлтшылдардың үгітімен пассивтесіп мүкшитіп алды» десе, біз не бетімізді айтармыз! «Бұл, қойыртпақ қарабатқпақтан жаралған миыңның қылмысы» деуге біз бейшарада тіл бар ма! V
Әтірет бастықтарымыздың бастығы кім екенін күн шыға бақырып жібергенінен білдім. Күшіген тұмсық, өгіз қарын, бұқа қабақ, маймыл маңдай, дәу сұр екен. Сахнаға театрда помещик шабарманы рөлімен екі рет, күрес жиындарында өзі білмейтін мәселелерді әшкерелеп он шақты рет шыққанын көргенмін. Өтірік күлкісі ақпанның боранындай, өсегі өрттің морындай тыжырындыратын бедек[41] еді. Сол бедек алдыңғы автомобильдің кабинасынан шыға бақырды. Шындығында бақырмақ емес, сірік жасырған батпақ арасындағы тұғырдай–тұғырдай төмпешіктерде отырған «оңшыл–ұлтшылдарды» көріп, зейілдігі ұстағандықтан ақырмақ екен. Қатты ұйқыдан құрғаған кеңірдегі оқыс бақыртып қойыпты. Тамағын дереу қырынып жіберіп, ақырғанда сахнадағы помещик қожайынның дәл өзі болып шыға келді. Ұйықтамай шоңқиғандарымыз сол бұйрық бойынша секіріп барып, автомобиль жарендігіне жармасып едік. Іңірде келе сала сазға қисайып ұйықтап қалған сапарластарымыз орындарынан тұра алмай қалды. Белсенді бастары көтерілсе де, бөкселері қозғалмай «редакционға» айнала қалыпты. «Су перісі» жеңілірек соққандары үш-төрт домалап, төрт аяқтай түрегелді де, автомобильдеріне қарай өздіктерінен шойнаңдады. Ауырырақ соққандарын сауларымыз қаумалап көтеріп, кузовқа шалқасынан шығардық. Әйтеуір көп бастықтан активтеріміздің қол-аяғына жармаспа дегендей тойтарыс естілмеді. Бірақ, жатып алғандар көп болғандықтан сауларымыз кузовқа түрегеп тұрып әрең сиыстық. Бұл асу – Еренқабырғаның аты шыққан қанды асуы болатын. Басы – мұз, жүрегі – тас, етегі – саз тік құзарды тоғыз айланып өрлейтін шаппа жолының үшінші айланбасына шыққанымызда, жүк мая боп тиелген арттағы автомобиліміз қоңыздай боп әрең көрінді. Ұшпа тік жар үстіндегі тар жолдан машина дөңгелегі сәл тайса, иә, тормұзы секонттан жаңылса-ақ тозаңша тозғанымыз. Оқыста төменге қарап қойғандар лоқсып құса бастады. Бесінші айланбаға өрлегенімізден бастап иман дұғасы оқыла бастады. Жол мұзға айнала бастап еді. Арапша мінәжат дұғаларын білетін активтеріміз көп екен. Алланың мың бір аты түгел аталды. «Сімағызам» аталатын осы дұғаны қазір қала да оқыса, активтіктен айрылып қана қалмай, мақсатыңды айт деген бұйрық түсіп, күреске тартылар еді. – Қалада Құдай жоқ сияқты еді,– деп күбірледі біреуі. – Мына тауда көп екен! – Аспанға[42] жақындап қалмадық па!– деген жауапқа үш-төрті қатар күлгенде басқалары шу ете түсті. – Күлмеңдер!... Күлмеңдер!», «матордың дымы құрып келе жатқанда тайып кетпесін!», «қозғалмай тұрыңдар!»... Тұмсығымыздың ұшында ғана жыбырлап қалған жанымыз, асудан асқан соң денемізге әрең тарады. Күнгей беттің жолы кең де құрғақ екен. Түс ауғанша құлдай ағып келіп, ақ толқынды өзен көпірінен өттік те, сол өзенді бойлап, батыс–терістікке беттеген кең саймен қайта өрлеп барып тоқтадық. Балғынтай осы десті. Жып-жылы тиді ауасы. Жайдары, ырайлы қойнау екен. – Түсіңдер!– деп ақырды зор бастық. Біз түссек те «пері соққан» белсенділер қозғала алмады. – Түсіріңдер, түсіріңдер! – бірнеше бастық қатар ақырды бізге. Қайта шығып оларды түсірдік. Буыншақ-түйіншек, теңдерді арылтып түсіріп бола бергенімізде кузовқа ара мен балталар қайта лақтырылды. «Түспеңдер!» деген бұйрық шықты бізге. Алтау едік, «су перісінен» аман қалған мықтылардан таңдап он бес жігітті автомобильге қайта шығарған бір бастық кабинкаға кірісімен машина гүр ете түсті. – Жуанынан, ә, жуанынан кесіңдер!»– деп тастап зор бастық тамақ салған қалтасын өзенге қарай қолтықтай жөнелді. Темір жүректі автомобиль Үрімжіден шыққалы тамақтанбағандығымызға қарамай, келген жағымызға қайта ағызды. Суға қарап тамсана өттік. Бір-екеуі активтіктеріне қарамай, наразылықтарын жариялады. – Пешка болған соң тамақ пен судың керегі жоқ деп түсінеді екен ғой! – Мұнан да дойбының «тайыншасы» болғанымыз жақсы екен! – Тайынша болсақ, суға бастықтан бұрын жетер едік!– деп біздің «Құйын соққан» да көсіп жіберді. Сен кіріспе дегендей қабақпен Қалық түртіп қалды оны., Кабинкадағы қисық мұрын бастық, төбесінен өрген сөзді естіп отырыпты, терезеден басын шығарып сөйледі: – Шыдаңдар, асхананы басқарамын. Осы міндетті тез бітіріп қайталық, сендерді бүгін ет-сорпамен күтемін!... Бір-екі рюмка арақ та ішкілерің келетін шығар!.. Арақ пен еттің осы қызуымен автомобильде оқыралай жөнелді. Тоңқалаңдап талай бұрылыстың тасын сүзіп, талай ағаш пұтағына басымызды соқты. Талай қисайып, талай түзеліп барып, таудың орманды сайына бұрылдық. – Ыңғай жуанынан таңдап кесіңдер! – Бұл бастық та солай бұйырып тастап, қолын артына қайыра жөнелді. – Қырыңдар!– деді қырат басына шығып алып, тауды ышқындырған араның сарылы мен балтаның таңқылына сүйсіне айқайлап жіберді. «Ет пен араққа» тез жетудің қамымен пешкалар құтыра тиді орманға. Сол сайдағы жөні түзу ірі ағаштар түгел құлап болғанда, өзіміз қит ұрып қара терге шомылып отырып қалған екінтіде әрең қайтты бастығымыз. Қызара бөртіп ісініп, арақ кекіріп қайтты. Ұйқыдан жоғалған есін баклашкасындағы арақпен жиып қайтты: – Кескен ағаштарың үш итарқа жабуға жете ме?–деп сұрағанында түгел аңырдық. Ағаштың қай қажетке істетілетінін білмей, ыңғай тақтайлық, бөрене, бағаналық жуандарын құлата бергенбіз ғой. Үш итарқа үшін ғана бір сайдағы құрылыс ағашын түгел жойғанымызға шу ете түстік... Бізге үш бөрене, он шақты діңгек пен жүз шақты сырғауыл ғана керек екен! Көрсеткен есебіміз бойынша бастығымыз зор бастығынан қайта сұрап келу үшін шоферды тыжырындырып, автомобильді қайта тоңқалаңдатты. Кескен ағаштарымызды сол бойы пұтаусыз тастап енді сырғауылдық, діңгектік ағаштарды кесіп жидық. Сорлы машина іңірде алқынып-қабынып әрең келді. Бастығымыз мас. Үш бөрене мен екі жүз сырғауылдың үстіне шоңқиып қайтып барғанымызда өзеннің сарылынан басқа ешқандай дыбыс жоқ. Ет түгіл, су қайнатқан оттың да жылыты жоқ. Бір-бір тоқашты өзен жағасына апарып кемірдік те буыншақтарымызды сипалап жүріп әрең тауып құладық. Тау жотасынан күн жарқырап шыға келгенде ойланып қарасам, бастық шатыры «әтірет штабы» деген қып-қызыл бивска мен жоғары жаққа оқшаулап тігіліпті де, әйелдер шатыры оған таяу өзен қойнауына қамалыпты. Алғашқы түскен жерлерінде үйме-жүйме «пері соққандар» жатыр. Бір бастығымыздың айқайымен түрегеліп, алдымен баспаналарымызды жасауға кірістік. Бастықтар бүгін тіпті зейіл екен, шойрылғандарды бір-бірден теуіп оятты. – Даяужың[43] уақытында бұл еркеліктерің жүрмейді!– деп тұрып тепті біреуі. Шатырының алдынан зор бастық айқайлады оған. – Тұрмағандарын тізімдеп қой, кеште күрес жиынын ашамыз! «Күрес жиыны» мұнда тағы да ере келгенін естіген соң «пері соққандар» сергіп сала берді. Бастарын күшене-күшене көтеріп, алдыларындағы ши түбірлерінен тартып түрегеліп еді, жарымы қайта құлады да жарымы еңбектеп-бүкшеңдеп іс майданына беттеді. Ал, әйелдер жүгіріп жетіп, сасқандықтарынан бір-бір сырғауылды құшақтап тұра қалыпты. Сырғауыл қоятын арқалық түгіл діңгектері де орнатылмаған. Бес-алтауымыз діңгек орнататын шұқанақтарды енді қазып жатқанбыз. – Ал, бұл сырғауылдарды қайтпексіздер?– деп жымиды «құйын соққан» әйелдер сақылдап күліп, қолдарындағы жойдақсыздарды тастай-тастай салды. Бірақ, бекер тұрып қалса, «даяужыңға наразы» деген қалпақпен күреске түспейме. Аурулары да, саулары да үреймен жалтақтай қарасты бастықтарға. – Алдымен діңгекті құшақтаңдар, діңгекті!–дегенімде бәрі діңгекке жүгірді. Он діңгекке алпысы жармасып келіп, жаңа қазылып жатқан төрт-бес шұқанаққа түсті. Мына бір жүз жиырма адам түгіл өздерінің не істейтіндіктерін білмейтін көп бастықтың көздері де осы төрт-бес шұқанақта ғана қалыпты. Қазуға тиісті басқа шұқанақтар да көп екенін, тіпті ошақ пен оттың, отын-судың да керек екендігін ойламайтын сияқты. Шындығында ыстық тамақ сағынышы көбінің сағаттарын тықылдатып бара жатса да олар «буржуазияша баптанудан» қорқады. Ал, оларға «буржуазияшыл оңшыл-ұлтшыл» басымызбен ошақ жасауды біз айтсақ, кері төңкеріс болып шыға келмей ме!... «құқыққа қайта таласқандық», «пролетарият дектатурасын аударуға ұрынғандық» дегізіп, көз шұқытудан «күнәһәрлар» қауымы сақтанады. Сөйтіп, көпшілік жаутаңдаса берді бір-біріне. – Бүгінгі жұмыс тіпті көп, тез істелік азаматтар! –деп ақырында Қалық бастады сөзді. – Үш итарқа... асхананың қазан-ошағы, от жағуда бар. Домна пештің жұмысына мына орналасу жұмысымыз кедергі болмасын, тездетелік! – Группаларға бөлінсек, осы жұмыстардың бәріне жетісеміз!– деп оны «Құйын соққан» қостап еді. – Группаға бөлу – біздің ісіміз, шатағың болмасын сенің! Жүріңдер жолдастар әтірет штабына, дүйжаңмен[44] сөйлесіп бөлейік! Бастықтар шұбай жөнелгенде көпшілік өз денелерін өздері басқаруға құқық алғандай жайраңдап, кетпен-күрекке жүгірді. Бірнешеуі барып, асхана шатырының алдынан ошақ қазды да тайқазанды орната қойды. От жағып, су қайнатуға кірісті бірнеше әйел. Тайқазандағы көлдей су қайнап, тіршіліктің буы бұрқыраған шақта штаптағы бастықтар жиыны тарай қойды. Крушкаларына шайлары мен қанттарын салып, қазанға ұмтылғандарында біз де жүгірдік. Асхана бастығы бір-бір тоқаш тарту міндетіне енді кірісті де, әтірет бастығы тәртіп жариялап, группаға бөлудің уақытын сол сағынышты шай үстінен тапты. Алдымен бізге қатал ескерту жариялады. – Оңшыл–ұлтшылдар бірдемелерін қысып жүрсін, басшылық біздің қолымызда, демек, ұстара біздің қолымызда. Мұнда келгелі құқық алғандай құтырып, бұйрық жүргізген дұспандар бар. Тіпті, «дойбының тайыншасы болсақ суға бастықтардан бұрын жүгірер едік» деп әлден басшылыққа тіл тигізгендер бар!... Бұлай сөйлейтін құқықты кім берді сендерге! – Басшылықпен бәс таласқан элемент тұрсын орнынан! – шу ете түсті көмекші бастықтар. – Ұранға неге қосылмайсыңдар, кеңірдектеріңе бірдеме тығылып қалды ма! – Бір бастық осылай қайталап ақырғанда ғана дауыс қосты көпшілік. Кешегі сөзінен ұшынған «құйынсоққан» әлдеқашан түрегеліп тұрғанда «орнынан тұрсын» деп көтерген ұрандарына өздері ду күлді. – Неге күлесіңдер, төңкеріс деген қалжың ба!– деп ақырды енді зор бастық. – Өндіріс төңкерістен айрылмайды. "Даяужың" өндірісіне бойкүйез қарағандық – әлбетте төңкеріске опасыздық істегендік. Мұнан соң біз ешкімнің жүзіне, абыройына қарамаймыз. Гүлнисаның ахуалынан үлгі алсаңдар болады. Ол енді «оңшылға майыл»[45] элемент, біліп қойыңдар, оңшылдармен бірге басқарылады. Бірнеше активтеріміз осы оңшылдар жағынан аздырылып, пассивтік-сүйрелмелік дәрежесіне түсіп, жатып алды! Көздерін ашсын олар!... Маужуши бізге «жауды менсінбеңдер», «кім де кім дұспан жақтан көрінсе, ол да дұспан» деп үйретеді. Ал, сендер қайда барасыңдар!.. Қай жақтан көрінбексіңдер!.. Дереу қайтыңдар өз жолдарыңа! Жауды адам қатарында есептеуге қатал тиым салынады, өйтетініміз, олар – жау!... Төңкерісшілер жақта, яғни, біз жақта болыңдар, біздің тілімізді алыңдар! Төңкерістік пешкалық позицияда тұрыңдар! Басшылық қайда бұйырса сонда болыңдар! Активтік нәтижелерің сонда ғана қорғалады. Ал, дұспандар тілдерін көмекейлеріне сақтасын! Олар сөйлеуге емес, істеуге ғана міндетті!... Зор бастық осылай бір сағат сөйлеп алып, группа бөлінісін жариялады. Гүлниса екеуіміз домна үшін кірпіш құю группасына, оның да ең ауыр жұмысы – ылай жасауға бөлініппіз. Ең мықты «авчаркалар» бізді бақылап басқаруға бөлінгенін байқадым. Гүлнисаның ақ балтыры сазандай жұмыр санына дейін түріліп, талдырмаш нәзік денесіне лайықсыз ауыр кетпенмен лайға түскеніне жаным удай ашыды. Өзі шырайын бұзбай, маған көз астымен қарап қойып, күлімдей кірісті іске. Тау суының мұздай суық ызғарынан шімігер емес. – Сіз лайдан шығып, су құйып беріп қана тұрыңыз!– деп күбірлей сала бар күшіммен қопара жөнелдім. – Лайды мен-ақ үлгертемін! – Ауырып қаласыз!– Ол да күбірлей сала тырбаңдады. Бірақ, кетпенін менше басқара алмай, екі-үш жұлқып әрең шығарып тұрып, терге лезде малшынды. Іш көйлегі жабысып қалған толық омырауына көзім түсіп, сырт айлана бердім. Жұмыстан емес, ұят пен аяушылықтан қинала шықты үнім. – Лайдан шығып тұрыңыз, бітті, жағаға мен–ақ шығара саламын! – Менші? – Сіз демалып, мына жақтан асықпай ғана топырақ босатыңыз! Гүлниса лайдан шығып, жыламсырай қарады маған. Майкым мен кусарым тұла бойыммен лайға малшынып болып еді. Жаутақтап тұрып артына қайрылған қыз, кірпіш құюшылардың ши түбірлерін шауып, майдан түзеп жатқанын көрді де, үлкен орамалын әкеліп, мойныма аса қойды. – Теріңізді сүртіп, асықпай істеңізші! – Мен асықпасын десеңіз, киініп алыңыз! – Неге?... менің көмектесуімді жақтырмайсыз ба? – Терлегеніңізді көрсем, қиналады екенмін! – Сізге қарап мен де қиналып тұрмын! – Ойнақы қара көзге тола қалған жас, омырауына тырс-тырс тамды. – Шыдамды болыңыз, мен шыныққан, көніккен бас! – Лайды былшылдатып сыртқа ата бастадым. Қайтадан күлімсіреген бейнеге келе қалған Гүлниса да лайды кетпенмен тарта берді. Менің шықынсыма қарап, күшене тартты. Қиыншылыққа осылай таласқандығымыздан ба екен, лай төбе болып үйіліп, дайын бола қалды. Түскі тамақтың дабылы күн еңкейе соғылғанда екеуіміз екі жаққа жуынуға кеттік. – Біздің бақытымызға жарай кірпіш құюшылар тіпті икемсіз, сыпыра бошалаң болып шықты. Жалғыз кірпіштік, түпсіз қалыптарына қос уыс лайды домалақтап апарып басқанша уақыт бес минуттап өтіп жатты. Біз шығарған лайымыздың бүгін құйылып бітпейтіндігін біліп, ертеңгі лайға топырақ босата сала отырдық. Екеуіміз екі жақта отырсақ та ойымызды жүз ишарамыздан ұғысамыз. Кірпішшілердің ішек-қарны шашылғандай шұбалаң қимылдарына, жолдан өткен мас қалмақтардың ат үстінде бұлғақтауына, ауып түсіп, ұйықтап қалуларына, соған үйреніп алған аттарының иелерінен үміт үзіп, бет алдыларына жүре берулеріне, «пері соққан» белсенділердің қимылына, бастықтардың оларға қоқаңдауларына... маңайымызда болып жатқан барлық әрекетке Гүлниса күлді де мен жымиямын. Күлкім келмей, Мақпал мен Асқарымды сағынып отырсам да осы сүйкімді қыздың көңілі үшін жымиямын. Ол менің көңілімді көтеру үшін күлетіндігін кейінірек түсіндім. Кей бір жымия да алмай мұңайғанымда, қайғылан ба дегендей басын шайқап қойғанынан ұғылды.
Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 336; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы! Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет |