Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 20 страница




Енді мен өз үстімдегі мәселелерге жауап берейін,– дегенімше залдың арт жақ жарымы қол шапалақтап шатырлатып ала жөнелді.

– Тоқтат, тоқтат!... Кім бастады шапалақты?– деп Жаубасар сахнадан тік шаншыла шаңқылдады да, залдың алдыңғы жағында отырған активтер арт жаққа атылып барып, тұс-тұсынан қоршай шақылдады.

– «Кім бастады?», «Бастаған кім шапалақты?», «Айтыңдар кім бастады?»...

Жаубасар да түсе жүгіріп, тексеруге кірісті. Сахнада менен басқа хатшы әйел, залдың алдыңғы үш қатарында Гүлниса атты жалғыз әнші қыз ғана қалыпты. Осы күресте активтер түгелімен алдыңғы үш қатарға жиналғаны, сөйтіп, орындарынан көрінді. Бұл қыз, сұлулығымен шекара бұзып, активтер қатарында да, пассивтер қатарында да жүре беретін, бүкіл мәдени-ағарту лениясындағы ерке қыздардың бірі болатын. Бұрын ешқандай байланысымыз, тіпті, таныстығымыз да жоқ сияқты еді. Арт жағы шулыған, шақ-шұқ тексеру болып жатса да мөлдір тұнық қара көзін менен аударар емес. «Мені күзетуге қалғанбысың?» дегендей мен де қарай қалыппын. Ол, сезіктенгендей көз қиығымен хатшы жақты шолып қойып қарайды маған. Миығынан ғана жымияды...

– Сен тұр орныңнан, шапалақты кім бастады?– Айғайкөк ақырып тұрғызды біреуді.

– Білмеймін. Бәрі шапалақтаған соң ілесіп кетіппін!...

Активтер кімді тұрғызып сұраса да сондай жауап шыға берді. Қалпақтылар мен жауапқа жүктілерден де ешкімін ұстай алмаған активтер алқына қайтты орындарына. Әуесқой қыз көзі солар келіп орныққанша ғана үзілді менен. Жаубасар орнына шыға сала сөйлеп кетті.

– «Кім кері төңкерісші жақтан көрінсе, сол кері төңкерісші. Кім жиянгерлік, феодализм, бирократ капитализм жағынан көрінсе, сол кері төңкерісші». Бұл жолы сол кері төңкерісші ашықтан–ашық жау сөзін қолшапалақ бастап қарсы алып, ашық бұзғыншылыққа дейін жетті. Төңкерістік қырағылықтарың қайда?... Бұл жау өзінің үстіндегі күреске позиция білдіру сылтауымен не сөйлегенін, төңкерістік жолымызға қандай у шашқанын түсінбедіңдер ме!.. Бар сөзді бізді құралсыздандыру, ашықтан-ашық қарсы шығып, атысу үшін сөйленбеді ме! Бұл күресімізді «айтыс» деп жар салып бұрмалап отырғаны сол емей не!... Төңкерістік күрес майданымызды тек тұрып айтысу майданына айналдырмақ!... Айтыңыздаршы, ұлы көсеміміз төңкерісті қалай түсіндіріп еді?... Естеріңізден шыға қалды ма!.. «Төңкеріс деген, мейман шақыру емес, сурет сызу, кесте тігу де емес... Төңкеріс деген – қозғалыс, бір таптың бір таптан әкімшілік тәртіп алу жөніндегі зорлықты күш».

Активтер жағынан ұран басталып, бүкіл залды гүрілдей, дүрілдей тітіретті. Айқайға қосылғысы келмегендерін алакөзбен атып, қоса шулатты. Ұрандары таусылғанда «жоғалсын Биғабіл есек!» деп те айқайлатты. Залдан қыстыққан шиқ-шиқ күлкі тағы естілді. Гүлниса бұл ұранға қосылмай, төмен қарап алған екен, қасындағы бір әйел бүйірінен түртіп қалғанда, жүзінің нарттай жанып, түйіліп қалғаны көрінді.

– Сөйле! –деп зекірді Жаубасар маған. – Бізбен айтысамын деп әуреленбей, тек өз мәселеңді ғана тапсыр, ұқтың ба?

– Бұл күрестеріңіздің мақсаты менен қалай болса да бір жауап алу емес пе!... Иә, жауап бермей-ақ, Сәйда барған жерге үнсіз кете бер дейсіз бе? Осыны анықтап түсіндіріңіздерші маған, қолымнан екеуі де келеді! Егер жауап алмақ болсаңыздар, айтыс деген сол. Ол, «атыс» емес, ақ-нахақты айыру ғана! Қай бұйрықтарыңызды орындайын?

Жаубасар жауапсыз сазарды да, хатшының қасына келіп қыдиған Айғайкөк зекірді:

– Сөйле! Сөйле!

Қабақ шытпай, ашық та жуас үнмен бастадым сөзімді.

– Сөйлетсеңіздер рахмет!... Төңкеріс деген, өз саптасына жала жабу емес, дұрыс сөзді бұрмалап ойнайтын қылжақ та емес. Дәл Жаукеңнің жаңағы жариялағанындай, «бір таптың бір таптан әкімшілік тартып алатын зорлықты күші». Маужушидың бұл анықтамасын мен басымды тіземе дейін иіп құрметтеймін. Мен, 50-ші жылдан бұрынғы ешқандай әкімшілік басындағы таптың ұрпағы емес, тіпті ол дәуірдегі орта таптардың да баласы емес, солардан қанқақсап езіліп келген жалаңаш жалшы батырақтың баласымын. Оның үстіне мен ешқандай таптың әкімшілік қызметінде де болған емеспін. Сондықтан жалған-жасанды, тісін жасырып тілін шығаратын жағымпаз қошаметтің сөзін де сөйлей алмаймын. Ойым ашық, туым айқын. Пікірдің қабырғасынан қапсыра ұстап, тура төтесінен бір-ақ сөйлеймін. Бұл мінезіме қарап, менен кері төңкерісшілдік таба алмайсыздар. Бұл мінезді маған өзімді жаратқан табым берген! Мендегі бұл батылдықты коммунистік партия берген!... Бүгін өз мәселемді сөйлеуімде мұншалық көп басты шақырып тыңдатқан Жаубасарға рахмет! Тағы да шиқылдап шыға бастаған күлкіні, қол сермеп баса жалғастырдым сөзімді. – Мұным, кекесін емес, шын алғыс. Тарихты жаратушы – халық. Ал, халықтың қазысы – көпшілік. Әсіресе бүгінгі көпшілік – ұқықта тепе-тең қазы. Мұншалық көп қазыға тыңдатқан кісіге тіпті көп алғыс!...

Мен 45-ші жылы үш аймақ төңкерісінде қоғам қызметіне алғаш араласқанымнан бастап оқу-ағарту қызметін таңдағанмын, оқытушы болғанмын. 50-ші жылы Үрімжіге шақырылып, содан бері оқу-құрал жасау қызметіне алмасқанмын. Егер бұл науқанда аударылсам, тек жыл он екі ай тапжылмай жалғыз отырып, басымды үздіксіз тырнайтын ең жапалы, ең ауыр жұмыстан ғана айрылмақпын. Сондықтан сіздерге тапсырып беруге қимай жасыратындай ешқандай мәселем жоқ!..

«Мәселе тапсыруды» осылай бастадым да оқу-ағарту қызметіндегі Әбілемет өкілдік еткен кесір-кеселді арылта ақтаруға кірістім. Түскі тамаққа алты авчарканың екеуі айдап апарып келуден басқа ешқандай ақыру-зекіру болмады.

Барлық сөзім, болған ахуалды дәл өз қалпында әңгімелеп беру сипатында, тіпті, қызық әңгіме болып сөйленді. Былтырғы оқу бітірген қазақ студенттердің қызметке бөлінуіндегі мәселе мен олардың талабы барлық болмысымен баяндалып келіп, Әбілеметтің шашқан уы екені әшкереленді де, өзімнің сайрағаным, Әбілеметтердің сол уына ғана қарсы пікір екендігі дәлелденді. Сайрау сөзімді газетке бұзып жариялаған тілшінің ісі де, сайратқан Фубужаңның анты да, сондағы брашура тысына жазылған өз сөзімнің тезисі соның қолында екендігі де факт ретінде қалмай баяндалды. Соңында өзіме сұраулы бір мәселе ғана қойдым.

– Қорытып айтқанда менің сайраған пікірлерім, өз ұлтымның қырсыққа ұшыраған мәдени-ағарту қызметі жайында ғана болды. Бұл ісімді ұлтшылдық десеңіздер де, иә өзінің өтемесе болмайтын азаматтық міндеті десеңіздер де құқық сіздерде!–деп тоқтаттым сөзімді.

Әрең шыдап тыңдаған Жаубасар інінен шыққан суырша шақ ете түсті.

– Тұр орныңнан!... Бір күн сөйлегенде неңді тапсырдың!... Өзіңе кір жуытамысың, жоқ па?

– Тазалыққа дағдыланғанмын,– деп мен жымидым. – Өзімде болмаған нәжісті тіпті де жуытқым келмейді. Егер кірдің өзі келіп жабысса, жауапкерлікпен жуамын!

– Асықпа оған, тегі сенде ұлтшылдық бар ма, жоқ па, өзің айт!

– Өзім айтсам, пікірде де, істе де партия мен халықтың өзіме артқан міндеті бойынша ғана азаматтық борыш өтедім. Менде идея болып сіңген ұлтшылдық жоқ!

– Ұлтшылдық деген не?– Жаубасардың дауысы тіпті өрлеп, найзадай шаншылды.

– Осыны өзім де бір сөйлемек едім, жақсы сұрадыңыз! Хатшы бұл жауабымды толық жаза көріңіз!– дедім де баптап – анықтап сөйледім. – Ұлтшылдық деген – өзінің ұлт халқын бір тап ретінде ғана ту етіп ұстап, басқа ұлттарға қарсы майданға шығу. Қарсы майданға шығудың ең кішкене, ең төменгі факторы – басқа ұлттарды кемсіту, орташасы – басқа ұлттарды басыну, шетке қағу, жоғарғысы – өз ұлтын бәрінен жоғары қойып, басқа ұлттардан ерекше мәнпағат, артықша құқық талап ету. Ал, ең зоры – басқа ұлттардың күн көру, тұрмыс кешіру, даму жолын кесу. Ең құтырған ұлтшылдық – басқа ұлтқа Гитлерше құралды қырғыншылық жүргізу, тұқым құрту. Осы бес дәрежелі бес сатылы ұлтшылдықтың, менен, ең төменгісіне жататын, шын мәнінде бір мәселе табылса, «ұлтшыл» аталуға, тіпті, зорекер ұлтшыл дәрежесімен жазалануға да разымын!

– Жерлік ұлтшыл деген не, ол қалай туылады?– деп залдағы бір актив дүрс еткізді. Бұл сұраудың, «зор ұлтшылдық болмаса жерлік ұлтшылдық туылмайды» деген таласты пікірді маған сөйлетіп шатастыру үшін қойылғаны белгілі. Сол арқылы мені «жерлік ұлтшыл» етіп дәлелдемек.

– Бәрі сол бестің ішінде, екінші сатысына жатады, дей салдым мен. – Ұлтшылдықтың ен-таңбасы, ауыры мен жеңілі, ақ-қарасы, торысы мен сарысы, қатесі мен дұрысы деп таңдайтыны жоқ, бәрі қап-қара. Төменгісінен өсіп-өрлей беретін улы өсімдік!

– «Бәрінің апасы зор ұлтшылдық!», «зор ұлтшылдық!», «зор ұлтшылдық қайсысына жатады?»– деген күбірлер күлкімен араласып көтеріле бергенде Айғайкөктер түлкі иісін сезген тазыша жалтақтады да Жаубасар қолын сілкіп, тиып тастады.

– Әкетіңдер мынаны!... «Қылмысы жоқтығын» ертең көрсін!– деп біреулерге мені тапсырып, қолын тағы бір сілкіді де көпшілікке шұқшия сөйлеп кетті. Менің «шегіне жеткен кері төңкерісшілдігім», «зор ұйым құрған ұлтшылдығымды» атаған шаңқылы артымнан естілді. Авчаркаларым мені сахнаның артқы есігінен шығарып әкетті.

Бүгінгі жиын күрес емес, тамыр ұстап көру мен «блоктас» – тілектестерімнің ізін бағу екендігін байқап қайттым.

Тастақты белеңнен аса бергенімде соңымнан басқа «ұлтшылдардың» іріктеліп қайтып келе жатқаны көрінді. Жаубасар күрес қосындарына айырым жиын ашып, тағы бір сұмдығын даярламақ сияқты...

Ертеңіне мені сол екі күзетшім тағы айдады. Сәске көтеріле, асықбай жылжытты. Дәл сағат онда жеттік. Кешегі көксұр зал баттасқан қалың қара жазуға толып, бүтіндей қарашұбар залға айнала қалыпты. «Дазыбау» сол үлкен залдың қабырғаларына симай, көлденең керілген қатар-қатар, айқыш-ұйқыш жіптерге тізіліп, жиналған қалың күресшілердің үстіне мыңдаған бүйеннің торындай жайылған екен.

Күрес қосыны кешегіден де көбейіп, өтер жол қалмағандықтан, есік алдына тосып тұрған Айғайкөктің өзі жеңімнен тарта жөнелді мені. Шақырылған ұрандар арасынан шақылдай жылжып әрең өткізді. Көпшіліктің қабағы бүгін аса қату көрінді. Жетесіне жете қайрылып, араларына тыңшы көп қойылған тәрізді.

Кешегі орныма шығарып алып, Айғайкөк пен Жаубасар екі жағымнан шошайтты саусақтарын.

– Мына дазыбаудың барлығы сенің мәселең!... Осы көпшіліктен түскен факттер! Қара, қанша екен?

– Сен де мәселе бар ма екен, жоқ па екен?

– Сапасын жауап алғанда көрерсіздер, саны үш-төрт мыңнан кем түспес!– деп жымия жауап бердім. – Бірақ, екі мекеменің архивіндегі «Шынжаң газеті» түгел боялып, сырап болғаны ғана қорқынышты!

Екі жыртқыш, қанталаған көздерін маған қадай ыршиды.

– Қорқатының газеттің «сырап болуында» емес, осы кетпес бояуда екенін көресің әлі асықпа!

– Осындай қитұрқылықтан танбасаң, кететін жеріңе бүгін-ақ кетесің!– деді Жаубасар тісінің арасынан. – Өзің шындыққа келіп, бар қылмысыңды мойындасаң ғана қаласың! Егер бұл жерде жуастықпен мойындамасаң, төңкеріс түрмесінде құрыш қыспақпен мойындайсың! Ақыр мойындайсың! Жан керек пе өзіңе?... Онан да осы көпшіліктің алдында мойындап құтыл!...

– Жолдастар тынышталыңыздар!– деді сонсоң залға шаңқылдап, өз столындағы микрафонға барып сөйледі. – Халықтың қас жауы, кері төңкерістік ұйым бастығы, оңшыл, ұлтшыл Биғабілдан бүгін алдымен алынатын жауап, тарихи қылмыстары үстінде. Бұл жау, асқан айлакер, түлкі жау, кешегідей өздеріңізбен өздеріңізді керістіріп қойып, бұлт етіп шығып жүре бермесін!– деп бастап, әр түрлі қырағылықты ескертті. Жауға қатты қолдықтың қажеттігін көксите келіп, «тарихи қылмыстарымды» көрсетті. – 45-ші жылы жазғытұрым қанқұйлы қарақшы Оспанға қашқан! Сол жылдың күзінде төңкерістік үш аймаққа гомендан жағынан шпион болып барып, қолға алынған! Он бір тармақты бітімнің кеңшілігі бойынша түрмеден шығып алып, төңкеріске дінсіздік желеуімен бұзғыншылық жүргізген!– деп жариялады. Фактке қашан құрмет қылып, мәселе тапсыратын позиция көрсеткенше отырып сөйлеуіне рұқсат жоқ!... Ал, сөйле!

Микрафонды биіктетіп алып, қынжыла жауап бердім.

– Ең жақсысы, бұл әңгімеге уақыттарыңызды сіздер сырап етпеңіздер, мынадай күресте тұрып мен мақтанбайын. Себебі, оның ішінде сіздер іздеген мәселе жоқ. Төңкерістегі ұзақ оқиға. Әрі алдыңғы өткізілген күрестерде екі рет сөйленді. Оған сенбесеңіздер, сендірерлік факттерді ғана айтып қояйын. Бұл үш сұрақтың алдыңғы екеуі 46-шы жылдың басында Құлжа сахшы басқармасында тексеріліп анықталған. Сондағы дело архивінен комиссия жіберіп қана тексеріп көріңіздер! Және сол оқиғаның басы-қасында болған адам факттер тіпті көп!– дедім де қазір Үрімжіде барларын түгел атап бердім. Үшінші оқиғаны көрген адам факттерді тағы шұбыртып, адрестеріне дейін айтып жаздырдым. – Солардан сұрап анықтаңыздар!

– Өзің сөйле!– деген Әлияның шаңқылы жалт қаратты мені. Арт жақта отырыпты. – Қане қалай мақтанар екенсің, көріп алайық, сөйле!

– «Өзің қазір біздің алдымызда жауап бер!», «өзіңе сөйлетеміз!», «жауапты өзіңнен аламыз!»–деп шу көтерді көпшілік ұрандай жөнелісті.

– Бұлай талап етсеңіздер тағы да сөйлейін, тек, ұзақ сөйлеп кетті деп қынжылмай тыңдаңыздар!

Ол кездегі Оспанның гомендаңға қарсы төңкеріс шебінде екендігін алдымен дәлелдедім де 44-ші жылдың соңғы маусымынан басталған оқиғаны сөйлеп ала жөнелдім. Әлде неше рет сөйлеп төселіп алған аузым микрафонда көпшілікті күрес райынан әңгіме қызығына сиқырлай тартып, кешегі сөзімнен де мықтырақ баурап әкетті.

Жаубасар мен Айғайкөк тағы да көгеріп, лажысыз отырып қалып еді. Түскі тамаққа барып келіп, 3-ші мәселені енді бастағанымда сөзім шорт үзілді.

– Рұқсат па райс?– деп Әлия тағы да шаңқ ете түсті. Сахнаға жақындап қалған екен, сұп-сұр. Оқ жыланша атыла қарады маған. Жаубасар менің сөзімді бұздыру үшін оны әдейі дайындап қойған сияқты. Сахнаға шақырып, микрафонда сөйлетті. – Жолдастар!... Бұл кері төңкерісші асқан алдампаз, бетсіз суайт!... Өтірік оқиға жасап, адамды сендіруге, алдап-аздыруға өтіп кеткен шебер. Мұны ұзақ сөйлетуге болмайды! Мұның өткендегі қылмыстарын мен бастан-аяқ білемін. Бірге қызметте де болғанмын. Жүрген жерінде әр күні бір қылмыс өткізіп келетін бұзық! Сол кездегі Дөрбілжін әкіміне мәлімдеп, қызметтен де қуалатқанбыз!...

Әлия сөзді осылай терісінен бастады да, менің тарихымды керісінше жасап, үш аймақ төңкерісін бүлдіруге жіберген гоменданның арнаулы шпионы етіп бір-ақ тоқтады. Сырт бұрылып, залға түсіп кете берді сонсоң. Активтер боран соқтырып ұрандата жөнелді. Қолдан-қолға жалбырап ұшып қағаздар жауды сахнаға. Жаубасар мен Айғайкөктің уыстары толды. Бұл қағаздар Әлияның жаласына қарсы пікір ме, иә оны құптаушы пікір ме, аңғара алмадым. Сөйлеуге рұқсат сұраушылар да қол көтере шуласты. Мені ақтаушылар Әлияның жаласына қарсы пікір көтеріп, дәл мына күрес үстінде бұлай ашыққа шықса бәрі де менің «төңкеріске қарсы ұйымымның мүшесі» есептеліп, маған да өздеріне де зор күмән тудырады. Ал, мұншалық көп қол Әлияны құптаса, мені талап жейді. Сөйтіп, екеуінің қайсысы болса да хауіпті!... Ойымды Жаубасардың сұрағы бөлді.

– Төңкерістік үш аймақта қызметтен қуылғаның рас па?

– Рас, бірақ онда шпиондық емес, басқа бір жаламен қуылғанмын да екі айдың ішінде ақталғанмын. Бұл туралы сөзімді енді бастадым. Сөйлеп болайын!

– Демек, Әлияның қойған факттері рас!– деп безерді Жаубасар. – Ал, Үрімжі гомендаңынан үш аймаққа қандай міндеттер алып бардың, өзің соны сөйле, таста бос сөзді!

– Мен гомендаңға шпион болған соң сұраңыз бұл сұрауыңызды, алдымен болған іске жауап берейін!... Менің екі айлық қызметтен қалғаным ғана рас. Басқасы түгелімен өтірік. Дөрбілжіннің сондағы маған өштескен әкімі осы Әлия сияқты екі жүзді жалданбаларын ұйыстырып, маған жала жапқызған. Бұл іс екі айдан соң әшкереленіп, қызметтен әкімнің өзі қуылған да мен ағарып, қызметіме қайта келгенмін. Талап етіп сөйлеткен соң мұндай бейбастақтыққа жол қоймай, себеп пен нәтижесін толық тыңдап алып үкім шығарыңыздар!

– Партия мүшесі болған бір әйелді не деп иянаттап тұрсың! – Айғайкөк дүрсе қоя берді маған. – Ал, ол әкім жала жапқан екен, коммунист Әлия да жала жаба ма саған! – «Басшылықтың» мына сөзіне қарқылдап күліп жіберіппін.

– Әлияға коммунистік сана қашан жұғып еді? –дегенімде активтер шу ете түсті де мені «жоғалсынның» астына алып ұрандата жөнелді. Құлақ жаратын осы көп ұранның «берген» уақытынан пайдаланып, Әлияның жала жабатын себебін, түрегеп тұрып, бір бет қағазға сойдақтатып жазып үлгердім. Айқай-ұран тоқтап, сұрақ қайтадан қойылғанда жауабым сол қағаз болды, Жаубасарға бере салдым. Мұнда Әлиямен той жасауға уәделесіп жүріп, 47-ші жылы жазда Алтайға банды қууға кеткенімде опасыздық істегені үшін тастап кеткенімді, соның «кегін» алу үшін қазір тағы да жала жауып тұрғанын жазып едім. Жаубасар оқып шықты да «Айғайкөкке» берді. «Айғайкөк» алара қарады маған.

– Сөйлейін бе?– екеуіне кезек қарап сұрадым. – Осы жаласына қарай менің енді толық сөйлеуім қажет болып қалды!– дедім.

– Мұны айырым тексереміз! – Ызбармен күбірлесті Жаубасар – айтып қояйын, мәселе әшкерелеушілерді көпшілік алдында масқаралап кек алуыңа мүлде рұқсат жоқ!

– «Сөйлесін!», «сөйлесін!»– деп шулады көпшілік.

Жаубасар микрафоннан барып шаңқылдап тоқтатты көпшіліктің дауысын.

– Жолдастар, жолдастар! Әлия жолдас жақсы сөйледі. Кері төңкерісші ұлтшыл оңшы Биғабілдің тарихи мәселесін осымен тоқтата тұрамыз. Бұл туралы пікірлерің болса жазып тапсырыңыздар, айырым қаралады! Партия алдында анықталмай-ашылмай қалатын ешқандай мәселе жоқ. Тағы да айтып қоялық, оңшыл-ұлтшылдардың енді құтыра бермегені жөн! Бір-біріне жан басып, әнзі аударуларына жол қойылмайды!... Бұлардың шығар жолы біреу-ақ. Ол – партияға сеніп, әрқандай мәселені халықтың шешуіне тапсыру ғана. Өз идеясын өзгертіп, партия мен халыққа жуастықпен тізе бүкпей, ешқандай кері төңкерісші өзін-өзі немесе, бірін-бірі ақтап құтыла алмайды!.. Енді кері төңкерісші Биғабілдің негізгі мәселесіне, яғни партия мен социализмге қарсы сөз-әрекеттеріне көшеміз. Биғабілдің бұл тақырыптағы қылмысы тіпті ауыр. Партия мен социализмге кімнің адал, кімнің арамдығы, кімнің қорғаушы, кімнің қарсы екендігі осы сатыдағы күрес амалияттарыңыздан көрінеді. Мақсатымыз – «ауруды емдеп, адамды құтқару». Биғабілді аятындар оның ауруын түбіне жете әшкерелеп күйдіріп құрту жолында болуға тиісті. Тоңмойын Биғабілдің «граниттей қатты басымен Құдайдың даргайына кетуіне»[31] жол қоймауымыз, жаңағы Әлия жолдастың пидакарлығынан үйренуіміз қажет! Адамды аяу деген осы, коммунизмшілдік деген осы!... Қане, кім бастап әшкерелейді, рұқсат!

Жаубасардың жаңағы «ұлтшылдарға» қаратқан ескертуі де, сөз алысындағы бұл өзгеріс те бағанағы залдан келген қағаздардың мені жақтаған пікірлері екендігін айқындағандай болды. Қара жала қаншалық көп болғанымен ақтаушы-жақтаушыларым да одан қалыса қоймайтындығын байқап, көңілім қайта орынға түсіп еді.

– «Мен әшкерелеймін!», «мен!», «мен!»– деген дауыстар дүр ете түсті. Рұқсат сұрап көтерілген қолдардың көбі алдыңғы жақтағы активтердің жұдырығы екен. Жаубасар соларға көз жүгірте қарап, Құлжанның сөйлеуіне рұқсат етті. Нәнсіп шардыңдай басқан Құлжан сахнаға шыға шашын сылап-сылап жіберді. Микрафонға өңешін созып, өкшесін көтере тұрып бастады сөзін.

– Жолдастар, Биғабіл деген бұл кері төңкерісші – көк езу, асқан шайпау, темір өңеш, тоңмойын жау. Жалғыз-жарым адамға дес бермейді. Сондықтан мен нақтылы болған факттерді ғана әшкерелеймін. Ақ-қараны айырып талдау көпшіліктен болсын!... Биғабіл алдымен партияға тіс-тырнағымен қарсы оңшы. Бұған бірінші факт: 57–жылы төртінші айдың 20–күні Биғабіл бізді өз үйіне қонаққа шақырған. Сонда партияға не себепті кірмей қалғандығын сұрағанымызда «партияға кірудің шарты – бастықтарға табыну, жағымпазданып көпшік көтеру, сөйтіп, құлақ кесті құл болу ғана. Сондықтан мұндай партияға кіргім келмеді» деген!




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 340; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.012 сек.