Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 17 страница




Жаубасар осы жалаларын талдап дұрыстап, үш сағат шаңқылдады. Құлағымдағы мақтаны миға қарай сүңгіте түстім. Мұндай бажылмен, зәуліғалам, жақсы кеңес айтылса да жаман ұғым беретіні белгілі ғой, ал, бәрінен жаманы, менің жауап айтуыма сол үш сағаттың бір минутын да бермей бажылдауы болды. Сөйтіп «жеңіп», мәселелерімді толық тапсыруды міндеттеп қайтарды.

– Жауке, мұнан соң фактпен ғана сөйлесемін. Алдыларыңнан өттім. Ендігі айтысуымды «партияға қарсылық» демейтін болыңыздар! Себебі, заң да партияның заңы!– дегенді айтуыма, шығып бара жатқанымда ғана уақыт тиді.

Соның ертеңіне жеңіл мойындайтын «ұлтшылдардан» ең жуас біреуін тартты күреске. «Жеңіл мойындайтын ұлтшылдар» дейтініміз – ең ауыр сайрап, Ұйғырыстан атты «дербестікті» ашық талап етушілер, яғни, қылмыс факты айқындары. Ал, «жауас» дейтініміз – бала-шағасы көп, ауыр семьяны жалғыз еңбек ақысымен әрең бағып отырған интеллигенттер. Мұндайлар өздерінің «қылмыс» ашықтығымен, тұрмыс мұқтаждығының ықпалында болғандығымен, не күнә артса да мойындап жалбарына беруге тиісті.

Басын иіп тұрып сөйлесе де желкеден басып, жетекке көніп тұрса да жұлқып, естіп тұрса да құлақтап шаңқылдап, неше еселеп мойындатты бұл күнәкәрді: «мақсатым, алдымен Жұңхуа халық республикасынан бөлініп дербес держава құру... онан соң Маужуши мен компартияны жою...
Онан соң Жұңгоны басып алып отарлану.. Онан соң әрине жер шарын жұту...»– осылай мойындатылды да «тағы да толықтап жазып тапсыруға» қалдырды.

Осы жолмен үш тәулікте оңайлардың үшеуін соқты Жаубасар. Кешінде жеке жиынын ашып, активтеріне бір шаңқылдап алды да төртінші күні маған төне қалды:

– «Зорлықпен мойындағаннан өздігінен мойындаған жақсы. Кейін мойындағаннан бұрын мойындаған жақсы. Шала мойындағаннан толық мойындаған жақсы», «қателесу қылмыс емес, қателігін танымау қылмыс», «аспанда төр, жерде қақпан, шығу жолы – қылмысын тануда ғана»... Ұлы көсеміміздің бұл нұсқаулары – мызғымас шындық, өзгермес заң екендігіне неше күннен бері Биғабілдің өзі де көріп отыр. Нендей зор, нендей апатты ауыр қылмыс өткізгендердің тек, мойындау жолымен ғана құтылғандықтарын көріп отыр. Мінеки соншалық кері төңкерісшілдердің қайсысы кетіпті түрмеге, түп-түгел отырмай ма! Біздің мақсатымыз, «ауруды емдеп, адамды құтқару». «Ауруын жасырған адамның өлімі әшкере болады». Қараңғы көрге сондайлар ғана айдалады. Ал, және, «бірді жойып, мыңға үлгі ету» заңымыз тағы бар. Биғабіл әнеу күні заңмен сөйлеспек болды. Айтып қояйын, біздің қазіргі идеялогиялық төңкерісіміздің заңы осы. Себебі, бұл, идеялогия күресі – таптық зор ақ, зор нахақты айыру күрес. Демек, Биғабілдің ол заңшылдығы, қазір көне заманның сөзі болып қалды. Одан бері бірнеше кері төңкерісшінің үстінен ашылған күресті көрді. Ойланған шығар. Алдымен содан алған әсерін сөйлеп, позиция білдірсін!

Жаубасардың осы сөзі бітісімен тұруымды бұйырған жүз неше Жаубасардың шаңқылы бір-ақ көтерді залды. Мына дауыстарынан бір Жаубасар жүзнеше Жаубасарға айналғаны білінді. Құлағымды тығындай барып, нұсқаған жерлеріне тұра қалдым. Бәрі сұп-сұр, бәрі қанды көз. Тіпті Қалық та, Ынтықбай да, Рақымқан да солай көрінді.

– Ал, менен алдымен позиция білдіруімді, бірнеше күннен бергі күрестерден алған әсерімді сұрадыңыздар ғой,– деп бастадым жауабымды. – Тағы да шынымды айтайын. Өтірік айту, партия алдында да, мына көпшілік алдында да, қоғам алдында да қылмыс. Мен көріп тұрып қылмыс жаққа баса алмаймын. Бұл бірнеше күннен бергі күрестерден алған шынайы әсерім мынау: бұл күрестерде мен ыңғай өзіме-өзім өкпелеп, қатты өкініп, қиналып отырдым...

– Әп, бәле, міне осылай болу керек!– деп қалды Жаубасар. – Өзіне-өзі наразы болмай, ешқандай адам өзіне-өзі төңкеріс жасай алмайды. Қане сөйлей бер!

Күйініп тұрсам да күліп жібере жаздап жалғастырдым сөзімді.

– Расында да қатты наразымын өзіме. Менің алдымда күреске түскендер бақытты екен: өздеріне аужал етерлік қылмыс тауып алыпты. Оларға жауап беру оңай болды, өздерінің өткізген мәселелері көңілдерінде дайын тұрды. Жауаптарын себептерімен, дәлелдерімен төрт аяғын тең басқызып ағыза жөнелді. Бір-бір тәулікте ғана мойындап, оп-оңай «құтыла» салды. «Қатарларыңызға қосылды». Бұларға бақыт құсы қайдан келді деп ойласам, тұп-тура сайраған сайрастарынан келіпті. Егер мен де солай шаптан түрте сайрап, дербестік талап еткен болсам, жауап беруім оңайға түседі екен. Өзіңде болған мәселені мойындаудан оңай іс бар ма, дәлел іздеп қиналмайды екен. Ал, менші?... Сайрауымнан да, мақсатымнан да, істеген ісімнен де бір мысқыл қылмыс таба алмай...

– Тоқтат бос сөзді! Тоқтат! – шу ете түсті Жаубасар.

– Аз қалды сөйлеп болайын!... Расында да мойындарлық мәселе таба алмадым. Жоқ мәселе үшін жауап беруден қиын мәселе жоқ екен. Бірнеше күннен бері содан қиналдым. Ал, басқалар сияқты мойындай салайын десем, жоқ нәрсенің сипалайтын орны да жоқ, қанша зорланғаныммен тауып, оның себебін, мақсатын, әрекет-қимылын орналастырып бере алмайды екенмін! Енді көпшілікке бір өтінішімді айтайын: сіздер әрине мен де мәселе бар, тіпті зор мәселе бар деп ортаға шығарып отырсыздар ғой, сол бар деген мәселелеріңізді бір-бірден ортаға қойыңыздар, бір-бірден жауап берейін. Егер қылмыс тауып, мойныма қондыра алсаңыздар, одан қорқу емес, қуанамын. Өйтетінім, «шығар жолым» содан табылады ғой, шын жүрекпен көмек ретінде қарсы аламын!... Сөзім бітті.

Көп белсенді шулап кеп берді. Түгел қол көтеріп, түгел өндіршектеді: «мен сөйлеймін! Мен! Мен! Мен!..»

– Көрдің бе, мәселе жоқ па екен! – Жаубасар маған атыла қарады. – Көпшілік білмей ме екен!... Додаға түспей тұрып өздігіңнен тапсыр!

– Өзімде жоқ болған соң алақанымды жайып тұрмын, мәселе тауып берулеріне рұқсат етіңіз!

Жаубасар бір түрлі ишарамен иегін көтеріп кеп қалды. Шуылдай жөнелді көп Жаубасар. Бір-біріне кезек берер емес. Бірі шаңқылдап, бірі шаңғырлап, бірі саңқылдап, бірі маңқылдап... тағы-тағы, немене, әрқайсысы өзді-өз дауыстарымен жаудыра жөнелді бірдемелерін. Әрқайсысында түйілген бір-бір жұдырық. Жұдырықтары кішіректері сұқ саусақпен құралданыпты. Жұдырықтарымен көзіме факт ұрғандай, сұқ саусақтарымен аузыма «мәселе» сұғып жібергендей түйгілеп, түрткілей берді.

– Мына жиындарыңыздың басы қай жерінде? Ұғайын, бір-бірден сөйлетіңізші!– деп Жаубасарға мен де естірте сөйлеп қарап едім. Бәрі бас болып көріне қаптады маған. Көзіме, құлағыма, мұрныма, аузыма, алқымыма құйып жатты «факттерін». Кірпігімді де қақпай, бас Жаубасарға қарап тұрып алдым. Бағынысты Жаубасарлар бас мүшелерімен симаған «факттерін» бүйіріме, кіндігіме... тағы-тағы қай-қай жерлерімнен тықпалап жатты. Міз бақпадым. Көзімнің сауырақ біреуі әрең ашылса да әлі де бас Жаубасарда.

– Ей, сенің оқып келгенің осы техника ма еді?– деп саңқ ете түстім.

Бас Жаубасар арашалаған бейнемен шаңқылдап келіп жауынгерлерін орындарына қайта сұрады менен.

– Ұқтың ба қойған факттерін?

– Факт деген не?... Жұдырық па?... Сен менен жауап алмақсың ба жан алмақсың ба?

– Бұл деген – төңкеріс! – Шақ ете түсті Жаубасар. – Берілсең, жауап алады, берілмесең осылай жан алады!

– Бұл қай «төңкеріс»?.. Бағанағы аузыңмен айтқанда «идеялогиялық төңкеріс» емес пе еді? Идеялогиялық төңкеріс жұдырықпен, найзамен орындай ма міндетін!

– Қалай болса да төңкеріс! Көпшіліктің күрескерлік отына су құя алмаймын!

– «Қалай болса да төңкеріс» болсын, төңкерісті бас басқара ма, жұдырық басқара ма?... Егер жұдырық басқара беретін болса, мен де тілмен жауап бермеймін! Айтып қояйын, бұл ызаға шыдамай, Әбдірейім Айсаша өзін-өзі өлтіре салады деп те, қорқытып аламын деп те үміт күтпе!

Жаубасар сырт қарай беріп тағы да ым қақты арқыратып-шарқылдатты көп пәлесін тағы да қаптатты маған. Өзі айтақтап алып, өзі арашаға тұра қалды да екі аяқты абалаушыларын қайта қуды.

– Сабыр көпшілік, сабыр ете тұрыңыздар, шыдай тұрыңыздар!... Қалай болса да адам баласы ғой, сөз ұғар. Өзінің қойып тұрған талабы бойынша көмектесіп, мәселесінің мәнбағын түсіндіріп көрелік!– деп барып өз орнына отыра сөйледі. – Биғабіл мырза, сенің кері төңкеріс жолына түсуің, ең алдымен ұлт мәселесіне буржуаша қарауыңмен басталған. Ұлт деген тарихтың капитализм сатысына өрлеу кезеңінде тұтасқан. Демек, капитализмнің жемісі!– деп маған шақшырая бір қарап алды да қисық дөңгелекті арбасын шаңғырлата жөнелді: ұлттар ыдырап жоғалмай, адамзат санасына интернационализм «тұтаспайтындығын», «сондықтан ұлт деген – «социализм ісінің кедергісі екендігін», «сондықтан, ұлтшылдық пролетарияттың қас жауы екендігін» ұлттық мәдениетті өркендету деген желеудің – «ұлтшылдыққа темір қорған соғу екендігін», «оны пролетарияттың құрыш жұдырығымен ұрып, жоғалтуға еріксіз мұқтаж болып отырғандығымызды» құлағыма қадап-қадап қаға берді. «Социализм ісін қолымызға енді ала бергенімізде оңшылдармен сен сияқты жерлік ұлтшылдардың құтырып шыға келгендігін», сондықтан, «сендерге қарсы бұл күрестің өмір, иә, өлім күрес болып қалғандығын» шықына сөйлеп тоқтады. – Ұқтың ба?– деп сұрады сонсоң.

Жаубасардың мына теориясы – ұлт мәселесінде марксизм мен ленинизмді бүтіндей қара сырмен сырлайтын, ең ұшына шыққан солшылдық еді. Егер бұл теория қатал сындалып тойтарылмаса, социализмдей қасиетті мұраттың бүкіл әлем алдында абыройдан тақыр жерге отыратындығы айқын болатын. Бірақ, мұны, қазір ашық сөйлесем, өзімнің құртылатындығым белгілі. Сонда да ең нұқсанды сөздерін мына көпшілікке ескерте тұруды ойланып көрдім. Тым болмаса, «бізді не десең дей бер, жалғыз-ақ, ұлт мәселесі жөнінен, марксизм мен ленинизмге жала жаппаңыз!» дей салғым келді.

Жаңағы сұқ саусақтардан ісіп, жұмылып кеткен көзімді бір сипап, сөзге ыңғайландым:

– Мына лекцияңнан ұққаным бойынша қысқа ғана пікір айтуыма рұқсат па?

– Ойлан, танымыңның әлі пыспағандығы көрініп тұр!– деп зекіді Жаубасар. – Биғабіл бүгіннен бастап режимге алынды. Самсақ жолдас, үйінен көрпе-жастық әкеліп бер!... Мәселесін қашан танығанша осында жатады. Біз қосқан адамнан басқа ешкіммен сөйлесуіне рұқсат жоқ!...

Мені қолға алған бейнемен екі активі екі қолтығымнан тартып апарып, қақпа жақтағы бір бөлмеге кіргізді. Жақын емханадан сестра шақыртып әкеліп, көзімді, құлағымды, мұрным мен ернімді дәрілетті. Мекеменің үлкен кілемін жайып отырғызды да екі жағыма үш-үштен алты актив келіп тұра қалды.

– Жаңа не сөйлемек едіңіз, айтыңыз, біз жеткізіп қоялық!

– Ол, сәлемге жолдайтын сөз емес, көпшілік алдында сөйленетін сөз.

Осы жауаппен басқалар есік-терезе күзетіне шығып кетті де, араларындағы жалғыз қазақ Мақұлбек отыра қалды қасыма. Тағы да сайтаншылап сыр тартпақ дәмесі барын сездім. Күрсініп жіберіп сыбырлады.

– Жеңгейге айтатын сәлеміңіз бар ма?

– Жоқ.

– Ағайындардың қайсысына болса да... Ар алдында сеніңіз, ешкімге білдірмей жеткізіп беремін!

– Арыңды қай жеріңе сақтап жүрсің ей?– деп күліп жібердім де шын жауабымды айттым. – Басқаларға айтар сәлемім жоқ. Құлжан екеуіңе ғана бар: мәселелерің көп еді. Оны өздеріңе уақытында айтып, тілдеп-сындап болғанмын. Тек, сол идеяларыңды түп тамырымен өзгертсеңдер сөзім жоқ. Егер өзгертпей, қулық-сұмдықпен күн көре береміз десеңдер, құйрықтарың қашан да менің қолымда!

Данышпан тергеушім, өзіңізге қарасты ғаламда сізге мін тағудан қорықпайтын адам бар ма? Сондықтан кесіп айтуға болады, данышпандығыңызда шек жоқ. Тек, «пұт та, өлік те емессіз ғой», түйсік жағынан ғана кем жаралғандығыңыз бар. Кешіре көріңіз, сәл ақымақтаусыз. Қоқаңдап қорқыту жолымен ұжмаққа кіргіземін дегенге тозақ көрген пенде сенбейтіндігін түйсігі бар әкім түсінбей ме. Соны мүлде түсінбейтіндігінен сіздің Жаубасар жолдасыңыз, тіпті марксизмді де адамзатты қорқытатын құралға айналдырып ала қойғанын осы тараудан көрдіңіз. Түйсіктен соншалық жақжұтылықтарыңызды былай қойғанда сіздер өз әкелеріңіздің де кім екенін білмейді екенсіздер. Қоқаңдап қорқытушылардың жасырын әкесі шындығында сол өздері қорқытып жүрген надан қорқақтар емес пе? Жүрегі мықты, ақылы дұрыс әкімнің қоқаңдамайтындығы осының дәлелі. Өзі қорықпайтын адам қоқшыраймайды. Күшіне сенетін ит те шабынып үрмейді.

 

ІІ

 

Режимге алудың мақсаты, ұйқыдан да шектеу болып шықты. Үйімнен кешкілік тамақты әкеліп берген Самсақ алдымен ұқтырды бұл нұсқауды.

– Бұл, ұйықтайтын үй емес, мәселеңді ойлататын үй, ұғып қой, түн бойы ұйықтамай ойланасың!

– Ұйықтамасын десе Жаубасар саған көрпе-жастығымды артып әкеле ме!

Күліп жіберген Мақұлбек «Сторж әпендіні» желкеден қыса итермелеп шығарды да, оған кіжіне кіріп қайта отырды.

– «Құлан құдыққа құласа құлағында бақа ойнайды» деп мына сарттың әлден басынуын!

«Бұл қай қырың?» дегендей өзіне түйіле қарап қойып, тамағымды іше бердім. Мақұлбек күбірлеп, бүгін әр жерде болған күрестердің «хабарын» жеткізе отырды: «құрған ұйымымыз бар деп Қапас мойындапты», «Тоқбай мен Зарықбек жазып тапсыратын болыпты»!

– Ұйымымыз бар дегенге сен өзің сенемісің?– деп сұрадым әдейі.

– Біздің неше жылдан бергі бірге жүруімізді ұлтшылдық блок емес деп ешкімді сендіре алмайды екенбіз, Биға, біз ғана емес ұйғырларда солай мойындап жатыр! Ақталамын деп сіз де бекер әуре болмай, мойындай салыңыз, жұртпен бірге көрмейміз бе!

– Сонда құрдан-құр «ұйым» деп, «блок» деп мен немді мойындамақпын? Байқауымша сондай табақтас болып жүргендердің ішінде Құлжан екеуің бір блок құрдық деп сендіре алуларың мүмкін. Ал оған қатынастым деп мен қалай дәлелдей алмақпын?

– «Мен» демей, «біз» дегеніңіз жөн шығар Биға! –сылқылдап күлді Мақұлбек. – Қазір «мен» дейтін, «дара, жалғыз жасасам» дейтін сөз ешкімде жоқ. Бәрі «біз» деп мойындап жатыр! – Есік пен терезе сыртындағы серіктері келе жатқан аяқ дыбыс естілді. Мақұлбек, «енді сөйлеспейік» дегендей құпиялық сақтағансып, басын шайқады. Мен әдейі дауыстап сөйледім.

– Жоқ істі бар деп бәрін шатыстырып жүр екенсің ғой!

– Мен емес, бәрі!– деп Мақұлбек тұра жөнелді. – Өздерінен естисіз әлі, онанда өздігіңізден ашылғаныңыз жақсы, мұным жанашырлық!

Сыртқа ол шыққан соң үшеуі келді де кілемнің бір шетіне қорланып отыра қалды. Өзара күбірлесіп, әңгімелесе отырды. Юсуп Қасымның аты естілгенде ғана тыңдай қалдым.

«Екі блокке қатынасыпты»,– деп қалды біреуі. – «Бірі, Әбілемет блогы, бірі, мынаның блогы..» –иегімен мені нұсқағанын байқадым да тамақ ыдыстарын жиыстырып, жастыққа шалқалай тыңдадым. Көзімнің өзі-ақ жұмулы еді. – «Бәрі әшкереленіп болды!»– деді бірнеше күбірден соң біреуі. – «Қапияда әшкерелеп жатыр...», «Шынжаң институтындағы блогы тіпті көлемді екен... Қапас ұйымдастырыпты..»

«Бүгінгі күресте Құмар да мойындапты, үлкен бастығы мынау екен!– дегенді тағы біреуі көсіп қалды...»

Мені қорқыту міндетімен әдейі естірте күбірлесіп отырғандықтарын білетінім бойынша ықылассыз тыңдап жатып, ұйықтап кетіппін. Онан соң не пәле өрбіткендіктерін ұқпадым. Бір шақта аяғымды жұлқи сілкіп оятты біреуі.

Көзімді сығырайтып әрең ашып қарадым. «Алты ит» түгел қоршап түгел шоңқиып отырыпты. Сағат түнгі бір. Мақұлбек бастап сөйледі:

– Бастықтар көріп қалса бізге сөз келеді. Басыңызды көтеріп отырыңыз!

– Біз тапсырманы орындаймыз, ұйықтауға рұқсат жоқ!– деп екеуі қатарласа үкім жариялады.

– Әңгіме айт!– деп бұйырды тағы бірі. Қалған екеуі шоңқиған қалпында ұйықтап отыр екен. Бастық кабинеті жақтан Жаубасардың шаңқылы естілді.

– Әне!– деп қалды біреуі. Аюдың дауысын естігендей үреймен ұйықтаушы екеуін екеуі түртті. Ұйықтаушылардың бірі шалқалай құлап бара жатып оянды да, бірі құлап түсіп оянды. Ду күлді өздері. Күлкіден Мақұлбек тез тиылып, тез бұйырды:

– Күлмеңдер!... Терезесі ашық тұр!

– Сөйле!... Сөйле!... Көтер басыңды!– деп сонсоң маған зекіді бәрі. – Әңгімеңді айт!..

Маған бұл зекірулері Жаубасарға өздерінің тірі екендіктерін білдіру ғана еді. «Бұралқы ит үргенмен жағады» деген мақал есіме түсе кетіп, басымды шайқап-шайқап қалдым. «Сонсоң бар қылығы адамзатта болғандықтан шыққан мақал ғой. Бұлар және 20-шы ғасырдың жоғары мектебін бітірген иттер!... Адамзат хайуандықтан құтылу үшін мектеп ашады, оқытады. Өздерінің тапқан ең жоғары білімі мен санасын балаларына үйретуге тырысады. Тырысқанда да өздерінің барлық қаны мен терін төге тырысады. Сол қан мен тердің бодауына оқып, жоғары білім алған ұрпақтарының бір тобы мынау!... Әлі сол ит қалпы...»

– Ең өкінішті жері осы!.. Ең жиренішті жері осы! –деп есіре дауыстап жіберіппін. Ыршып түрегеліп кезе жөнелдім кең үйді. Намыс пен ыза аяғымды жерге тигізер емес. Аңыра қалған аңдушыларымды жыртиған көзіммен енді көргендеймін. Осы ойдың екпінімен аузыма лақылдап келіп қалған ауыр сөздерді әрең тежеп қалдым.

– Қарашы сәугейліктерін!– деп мен жорттым. – Ой-қарымдарының сиқын қарашы! – Алдыларына келіп тұра қалдым біраздан соң. – Ей, «күрескерлер», бүгін менің денсаулығым бұзық, қузап әуре болмаңдар! Қорқытушыларыңа жауабын өзім беремін!.. Болмаса қазір-ақ айтып қояйын! – Терезені аштым да Жаубасарға естірте, өздеріне қарап зекіре сөйледім. – Күндіз таба алмаған мәселені түнде табамыз деп әуре болмаңдар!... Ұйқысырап сандырақтай бермей дем алыңдар!... «Демалуды білмейтін адам, жұмысты да білмейді» деп Ленин айтқан ғой. Идеялогиялық төңкерісте «жауды» ұйқысыратып-талықсытып жеңіп өзгертеміз деушілік – ақымақтың ісі. Себебі, бұл, жаңылтпаш ойыны емес! Көрген түс, материалистік заң алдында факт болып та мойындата алмайды. Шындығымен мойындата алмаса, идеялогиялық төңкеріс зиян тартады. Осыдан басқа сөзім жоқ. Жазып алыңдар да түс жорығыштарыңа апарып жорытыңдар!

Орныма келіп шешініп, көрпеме кірдім. «Төңкерісшілерім» күлісе-күбірлесе қисайды қатарыма. Жаубасардың біреуі қыстап жатқан шаңқылынан құлағымды аяй қымтап жатып ұйықтап қалыппын.

Түннің тыныш өткенін ұйқым қанып оянғанымнан білдім. Жараланып жұмылған көзім де жеп-жеңіл ашылды. Тағы да не сұмдық көруге асыққанын кім білсін, шырадай жанды. Сырттан сүйкімді бір таныс үн естіп, асыға киініп едім. Алты күзетшім, үйге өрт кеткендей абың-күбің өре шықты сыртқа. Есік-терезені мықтап бекіте шықты.

– Е, сен де бар екенсің ғой!– деп қалды сырттан, келген Мақпал екен. Мақұлбекке жанамалай айтқан мысқылы екенін түсіндім. – Тамағын ертерек әкеліп беріп қайтайын десем, мына Асқар алмай қойды. Көрсінші әкесін!

Күзетшілер жабыла күбірлеп, қайтып кетуді айтып жатқаны білінді. Мен дабыстап сөйледім.

– Асқар, келмей-ақ қой, өзім барамын, алаң болмаңдар маған. Тамақты мұнан соң сендер әкелмеңдер, күтушілерім көп!

– Кеше кеште, Құлжан бар бір нешеу барып, кітаптарыңды жиып алып кетті!– деп Мақпал дыбыстады. – Жазбаларыңның бәрін алды. Тексеріп қайтып береміз дейді. Бәрін де тізімдеп қол қойғызып алып қалдым. Сен де алаң болма, денсаулығыңды күт, ызаланба!

– Мақұл, мақұл, естідім. Алған тізіміңді жоғалтпасаң болғаны!... Енді қайта беріңдер, мына бейшаралардың жүректері жарылып кетпесін, тез қайтыңдар!

Мені балам мен әйелімнен қорғаушылардың жетеу ғана емес, жиырма шақты екенін, күлгендердің көптігінен білдім. Бірі «Мақпал», бірі «Нұрия», бірі «жеңеше», бірі «келін» атап қаумалап кетіп бара жатты. Мәселе болғаннан кейін тапсырғаннан абзалы жоқ» екенін қаудырласа айтып, қақпадан шығарғанына дейін тыңдап, таңырқап қалдым. Осының бәрі маған көрсетіп жүрген қалжың ойындары сияқты... «Менің жазбаларымнан, әсіресе, мен жиған ыңғай лениндік Совет кітаптарынан не іздемек?»

Тамақтан соң сағат тоғызда кірген Есқали тіпті таңырқатты мені: қызыл жүзі күреңітіп, бітіктеу көзі қанға толып алыпты. Маған қарағандағы қарашық отының шашылып кеткенінен біржолата «құтырғандығын» байқадым. Ұйпа-тұйпа сарғыш қоңыр шәші мен жамау-жамау ескі киім, «толық пролетарға айналғандығының» дакументі сияқты. «Буржуазиядан шекарамды мүлде айырдым» дегендей атыла қарады маған.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 301; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.013 сек.