Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 15 страница




– «Неге күлдің, алдымен соны айт!» – «сөйле!» – «байлансын, арқан әкеліңдер!», «басындырмаймыз, жыныңды қағып аламыз!»...

– Сап-сау адамды байласаңдар, өздеріңнің жындылықтарың әшкереленіп қалмай ма! – мұны да күлімсірей айттым. – Арқан әкел дегендерің анық жынды, соны байлаңдар!

Бір дәуі атылып келіп арқама жабыса түсті, арқан іздеген жынды сол еді. Иығыммен қағып қалып босадым да жиын бастығына қарап сөйледім:

– «Өлер өгіз балтадан таймайды». Осыдан оқиға туыла қалса, басқарған өзің жауапты боласың!

Тағы үш жынды ұмтылып жетіп келгенде бастық иегімен ымдап, оларды қайтара бұйырды маған.

– Сөйле!... Сау адам байланбайды деп ойлама шырағым, кешегі Қадір Керімнің үстіндегі күресті көрдің, сабақ алдың!... Сенен блогыңның жауабын ада-күде тапсырып алмай қоймайды бұл көпшілік, онан да жақсылықпен тапсыр!

– Ол күрестен қандай сабақ алғанымды білмепсің!... Барлық «риялыңды» көріп отырғанмын.

Көпшілік шу көтеріп, «тапсыр–тапсырдың» астына ала жөнелді.

– «Әшәдди кері төңкерісші» дегеннің не екенін, қандай болатынын түсінесіңдер ме көпшілік?– деп жымия қарап сөйледім. – Ондай кері төңкерісші жауап беріп, артын былғамайды. Басшылық сондай үкім шығарған екен, ақыр өлетін болған соң өзі ғана өліп, блоктастарын жасыра жоғалмай ма!... Алдымен-ақ айттым ғой, ондай бұйрық-сұрақтарыңа жауап алудан қалдыңдар!

– Бүгінгі жиын осымен тоқтай тұрсын!– деді жиын бастығы, столына бір шапалақ ұрып жіберіп сөйледі. – Жау, өлімге қанша асыққанымен біз өлтіруге асықпаймыз. Бізше болғанда бір жауды да өлтіргіміз келмейді. Ойлансын, қаншалық қатерлі жолға түсіп кеткенін білсін!... Тараңдар!...

– Бүгін қатерлі тәуекел жолына түсіп кеткен сіз болдыңыз! –дедім жиын басқтығына қарап. – Күреске тартқан соң-ақ сүмірейіп келіп қисая береді деп дәніге қалыпсың. Төбемізде заң тұрмай ма! – деп отырып қалған партиялы екпінді әріптестеріме тұсынан күбірлей кеттім. – Тайыншаның мұрнын жұдырықпен тесіп, ешкім де төңкерісші аталмақ емес, сіздерде ойланыңыздар!

Түскі демалыстан бір жарым сағат бұрын тараппыз. Күрес жиынның бүгін дағдарысқа ұшырағандығы белгілі. Үйге бұрынғыдай күле қайттым. Терезеден көріп алдымнан шыққан аналы–балалы екі алтынымды екі білегіме қондыра кірдім үйге. Жүректеріне қайғы кірі жұқпасын деймін. Әрі, бүгін тіпті күшейіп кеткен сияқтымын. Құшағыма бұлай сиса жершарындағы бар жақсыны өз «шыбынымдай» елеңсіз көтеріп жүре беретіндеймін.

Мақпал үйге кірген соң білегімнен түскен баланы алып еденге тұрғызды да костюмымды шешіп, киім ілгішке іле сөйледі:

– Мені институттың өзіне оқытушылыққа орналастырды. Жаңа барып қайттым, қызметке ертеңнен бастап баратын болдым.

– Жақсы бопты, құттықтасуымыз керек екен! – Ойлана қалып, күліп жібердім. – Мені, сайраған пікірлерімнен ештеңе таба алмайтын болған соң төңкеріске қарсы блоктың бас қолбасшылығына «тағайындапты». «Қарасты генералдарымды» енді құрастырады. Мені режимге – бақылауға ала тұрып іздеуі мүмкін, алаңсыз істей бер! Бұрынғы достарыңа енді жақындаспай, күбірлеспей істеп тұр! –деп құшақтап сүйе жұбаттым. – Сенің маңайыңнан, студенттерден бір сылтау таппаса, менен блок түгіл бүйрек те таба алмайды! –деп күлдірдім. Сол кеште Мақпалдың қызметін құттықтау сылтауымен Күлән кішкене Сайрасымен ғана келіп, менің бүгінгі позициямды құптап, көңілімді көтеріп қайтты.

Ертеңіне таңертең жиын залына сағат дәл сегізде бардым. Кешегідей емес, айқайламай–байбайламай, үнсіз шығарды жауапкер орнына. Жиын бастығы «дұғалықтарының» бірін қалдырмай қайталап–тәптіштеп оқыды да өмір баянымды толық сөйлеп беруімді бұйырды. Бұл бұйрықты адамша қабылдап, өздігімнен түрегеліп сөйледім.

– «Аузы күйген үріп ұрттайды», мен бұрмай анықтап сөйлейін. Хатшы қақас естімей, бұзбай жазсын! –деп алып бастадым.

Тімтінушілер сонда да ара-арасында сұрау қойып, қайталап жауап алып отырды. Осы жерімнен бір жармаспақсың ғой деген оймен ондай сұрауларға айқындап, толық жауап бере сөйледім. Сол себептен өмірбаяным екі күнде әрең бітті.

Алдымен «социалистік Совет Одағынан» неліктен қаштың?» дейтін сұрау қойылып еді, соңынан, «Ергейтіде көк бормиды қанша ұрлағаныңның толық есебін бер!», «дүңген соғысында ұрлап жеген сиырың, бұлаңшылыққа жататындығын ашық мойында!» деген талаптар күлкілі жауап ала келе, ызалы жауап алатын сұраулар қойылды. 44-45-ші жылдары «гомендаңға қарсы» деген әрекетің төңкерістік емес, ханзу халқына қарсы кері төңкерістік ұйым құрғансың, сол себепті құйрығыңды Оспан бандыға бұрғансың, осыны ашып сөйле!», «үш аймаққа қашып емес, төңкеріске тісіңді басып, шпион болып барғансың! Төңкерісші Іле сақшысынан жазаңды сондықтан тартқансың!», «Досан әкімге қарсылығың мен шариғат мекемесіне қарсылығың – сол кездің жағдайында төңкеріске қарсылық-бұзғыншылық екендігін ашып сөйле!», «сол кездің өзінде-ақ оқушыларды төңкеріске қарсы шығарғаныңды қосып сөйле!», «қызметтегі алған параларыңнан ауыз ашпадың!».

Жуас тергеуде бұл қақпандардан қапы баспай-ақ өткен сияқты едім. Асау тергеуі соңынан шақылдай жөнелді де осы сұрақтардың ірілері табан бір күннен шыжғырды. Тарихтағы ең қиын қылмысым, 33-ші жылдың басында «Совет Одағынан безгенім» мен қырық бесінші жылдың басында «Оспанға қарай қашып, тау кезгенім екен: бірі, «социализмге қарсы бандылық», екіншісі, «қанды ауыз қарақшылықты аңсаған тағылық» болып шуылдатты. Қатты қысты, қысылмаған сайын қысты. «Тағы бір жыртқыш крокадилдың мүйізді сауытынан оқ өтпегенін көріп алалық!» деп тұрып атқылады ұрандарын. Бірақ, тұмсығым түгіл балтырыма да батпады тістері. Күніне он-онбес рет қамалап арсылдап үріп, шу-шұрқан көтерді де тұрды. Тұп-тура жарым ай қоршады. «Ауыл-ауылдарына тосыннан тарап жүре берді сонсоң. Олардың сұрағы да менің жауабым да таусылмастай еді, бұл күрестің неліктен тоқтағандығын түсінбей қалдым. Мекеме ауласынан күрес даурығы түгіл бірер иттің үргені де естілмейтін тыныштық орнай қалды. Өзі де бұрын ит асырамайтын аула болатын. Сөйтсе де мекеме столына жолатпай, жуасыған «ұлтшылдарға» қосып, қора тазалатты.

Данышпан тергеушім, уақытсыз бұл тыныштықтың не амал, нендей зымияндық екенін енді қайтетіндігін өзіңіз білмесеңіз, мен қайдан білейін. Баяғыда Совет шекарасынан қашып өтіп келе жатып, Шәуешек қоржаларының көп иті қаптағанда отыра қалып құтылғанымыздан «отырған адамды ит қаппайды» деген ана сөзінің шындығын біліп келген сияқты едім. Одан кейін оқып-тоқып, бір сыпыра тағылым-тәрбие көріп, енді толдым-ау деген шағымда сол білгенімнен де айрылдым. Иттердің сыры да заманымыз сияқты сан алуан екен ғой. Олардың қайткенде қаппайтындығын, қай қылмысым үшін қай жерімнен ала түсетіндігін расында да білмей қалдым. Бәлкім, иттерді де ант ұрып, ауызға түсіруді ғана ғанибет көретін болып кеткендігінен бе екен.


ЕКІНШІ БӨЛІМ

 

БОРАН

 

І

 

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

Мәдениет назаратының аула күзетшісі Самсақ, оқу-ағарту назаратындағы күзетшінің күйеу баласы екен. Демек, мен қайын жұрт ауылының адамы болғандықтан әрине қайнағасымын ғой. Қол астындағы қара жұмысқа түскенімнен соң, екінші күні түсіндірді бұл жайын:

Қарлы жаңбыр бір жауып ашылған, түскі демалысқа жақындаған шақ. Бір бұрышқа жайылып төгілген көмірді үйіп жатқанымызда жантаңдай басып келіп, (кемсіткенім емес, өзінің оң жамбасы кемдеу болатын) бізге оқшырая қарап тұр еді.

– Бұл, өзін «күзетші» деп шақырсаң шамданады! –деп маған «құйын соққан» ескерте күбірледі. – «Сторж жолдас»[25] деп атаймыз.

– Строж жолдас, мен оған...

– Жұм аузыңды, мен саған қашан жолдас!... Сен ұлтшыл өзіңді танып ал, мұнан соң бізді жолдас деп атайтын құқығың жоқ, ұқтың ба?

– Құп-құп, ұқтым Сторж әпәнді!– деп «Құйын соққан» әдейі изектеп-изектеп жіберіп, тергеген «мәселесін» ұмыттыру үшін, жұмыс жайын сұрады. – Көмірді осылай үйсек болатын шығар?

Самсақ сторж қолын артына қайыра теңселіп барып, нығыздана қарады көмірдің арт жағына. Ауыр ойланғансып, басын бір шайқап қойды.

– Көмір деген зат күн мен желді жақсы көрмейді. Дауалға жабыстыра үйіңдер, ұқтыңдар ма?... Тез бітіріңдер!

– Ұқтық-ұқтық! – Бәріміздің шұлғығанымызға байыздап қарап алып, бір жұмысын ұмытқандай кілт бұрыла жөнелді. Жантаңдап кетіп бара жатып қалт қайрылды.

– Әй, сенің атың Биғабіл ма еді, мұнда кел!

«Мұнда кел» деген жеріне жеткенімше жүре берді де, мен ере бердім. Үн жоқ. Артқы қақпа босағасындағы кішкентай үйіне кірді, ере кірдім. Тар сәкіге құйрық қойып отырған жас әйел түрегеліп иіліп амандасты да сыртқа шығып кетті. Бұйрық бойынша орнына мен отырдым.

«Сторж әпәнді» малдасын төрге құрды. Әулетті қолымен өскелең қырма қара сақалын сылап, қаси түсіп бастады сөзін.

– Уәзипа[26] ауыр, сақал қыруға да уақыт жоқ!... Биғабіл әпәнді біз сіздерге басқалардың алдында қаттық-құрық сөз қыла береміз. Оған ренжімейсіз, сіздерден шекара айырған соң әлбәттә солай болады! Менің қайнатам, танисыз, сіздің мекеменің бас сторжы. Сізбен бұрын жақын болған екен. Сізді бек жақсы адам деді деп іш ашытады... Оны басқаға сөз қылмай-ақ қоярсыз!... Сізді сол кісі тапсырды маған. Шөлдегенде шай-пәй ішіп, жұмыстан шаршағанда осында келіп демалып тұрыңыз! – Күзетші мені осылай жарылқай келе тәртіп-ережемен идея жағынан ұзақ та мол тәрбие беруге кірісіп кетті. – «Басқаларға ғибрат болсын үшін сізге қаттырақ сөйлеп қойсам, екі пұтыңызды қосып, тік тұрып, итағатпен тыңдап берсеңіз болды!» дегенінде ғана күліп жібердім. Бағанадан бергі ызалы күлкімнің бәрі бірақ ағытылып кеткенін сезбей де қалыппын.

– Сізді мендей пәле-қазадан Құдайым сақтасын, «басқаларға ғибрат ету үшін» маған сөйлей көрмеңіз, «ғибрат бола алмайтын» жыным бар! –деп алып тағы күлдім. – «Маған қатты сөйлеуден көрі сол көмірді үстіме бір-ақ артқаныңыз жақсырақ. Тіпті, бала-шағаң мен қайната, енең болып бәрің мінгессеңдер де көтере аламын. Бірақ, гап қылушы болмаңыз!... Бұлай силап шақырғаныңызға рахмет! – Шығып жүре бердім. «Шәй-пәй ішіп, тынығып шығыңыз»– деп екі жағымнан тосқалы ерлі-зайыпты екеуіне он шақты рахметті» шұбырта айтып жөнелдім. «Қызық адам екен бұл!»– деп келіншегі де күлді менімен бірге.

«Сторж әпәндімен» таныстығым осылай басталды. Бұрын өзіне қайырымды қожайын болып келген редактор мен менен басқа «ұлтшылдарға» тым қытымыр қожайын болды. «Құйын соққандар» бастабында оның мансапқорлығын қызықтап, күлкі үшін әспенсітіп алды да кейін төбелерінен түсіре алмай қойды. «Әпәндісі» басқа жұмыс таба алмай қалса, өз үйінің күлін шығартып, отын жаққызды, суын тасытты. Өзінен асқанда басқа семьялардың жеке жұмыстарына жекті. Бас тартса, «жұмысшы табының дектатурасына қарсы, кері төңкерісші боржай!» деп ақырды да, өз бастығына, дело ұстаушыларға «бағынбайды» деп шағыстырды. (Бақылау астындағы «оңшыл–жерлік ұлтшылдарға» бұдан қорқынышты қылмыс жоқ еді). Сөйтіп, «құйын соққандар» демалыс уақытында да үйлеріне қайтудан қалып бара жатты. Шексіз құқыққа ие болып алған бұл дүлейді сәл-пәл тізгіндеп қоятын ешкім көрінбеді. «Төңкерісшілдік отына су бүркіп алудан» сау қызметкерлерде қорқып, мойындарын іштеріне түгел тығып алыпты. Бізге жоғары жақтан заңды қалпақ әлі кигізілген жоқ, заңсыз қинай бермеңіз!– деп өздері айтудан да қалды.

«Қайнағалықпен» кеңшілік алып, үйіме уақытында қайтып жүргеніммен миымды қажай берді бұл әділетсіздік. «Сторж әпәндінің» осал жерін тауып, жасырын шектеудің амалын іздестірдім. Тым болмағанда мына бишаралардың жұмысын жеңілдетудің шарасын тапқандай болдым бір күні. Бұған батылдық та, жалт беріп далдалана қоятын ептілік те қажет еді.

– Сторж әпәнді, сізбен сөйлесетін бір мәселе бар болып қалды!– деп оңаша дауал түбіне ымдап апарып отырғыза қойдым. – Сіз қай таптансыз, жасырмай айтыңызшы!

– Оны не қыласың, мені тергейтін сен емес!

– Бір жайыңызды білген соң жаным ашып қалды. «Мен, қайнатаңыздың досымын» ғой!... Сіз жұмысшы табынан шыққан емессіз, ол таптың ерекшелігін білмейді екенсіз!

– Жұмысшы табынан емес? –деп қожайын маған шатынай қарады. Менің мысқылдай қараған сұқты көзімнен көзін тайқатса да сөзін тайқатбай, шамданғанси жалғастырды. – Енді немене екенмін?

– Нағыз жұмысшы өзіне бағынатын басқа адамдардың үстінен эксплутация жүргізбейді. Өзінің жеке жұмысына салып құлданбайды. Ал, сізші?... Мына басқару стиліңізге қарағанда мүлде ұқсамайсыз! Оңтүстіктегі тордан бұл жаққа қашып келіп, жұмысшы болып алған помещик пен бай егіншінің балалары әлі тазаланбай, қолға түспей жүргенін білесіз бе?... Соларға шатылып, тергеуге түсіп қалмаңыз! Мына «жерлік ұлтшылдар» дегеніңіз, түгел оқыған бірдеме білетін «шаятүндер». Есіңізде болсын, бұларға заң жағының қалпағы әлі кигізілмеді.

– Мен сізге айтып қояйын, бұлардың ісіне кіріспеңіз! Екінші мұндай кіріссеңіз, қайнатамның өзі болсаң да аямаймын!

– Ая деп мен сенен өтінбеймін. Ая деп мына бастықтарыңнан да өтінбейтіндігімді күрес үстінде көргенсің. Мен сені аяп айтып отырмын. Нағыз еңбекші табынан шыққан болсаң, жұмысшы стилінде бол. Төре емес, әпәнді емес, тұп-тура жұмысшы бол!.. Бұл сөзім қате ме?

Қолымдағы сібірткіні орнына қойып, іс уақыты біткенін айттым да үйге қайтып жүре бердім.

Ертеңіне таңертең келгенімде түндегі жауған қарды «сторж әпәндінің» өзі де сыпырып жүр екен.

– Мына «пері соққанды» немен емдегенсің?– деп сұрады «құйын соққан».

– Шипа қонғандай ма? – Көз қиығыммен Самсаққа бір қарап қойып сұрадым.

– Шипа қонғанда да қолма-қол, жынын кеңірдегінен суырып алыпсың. Кеше кеште бірдеме деп тастап, қақпадан шығысыңмен жуасыды. Бізді де кеш қалдырмай қайтарып, таңертең мекеме қызметкерлерімен бірге келсек те болатындығын айтты. Бүгін сібірткі мен күректерді өзі әкеліп өзі бастап істеді.

– Мұнан соң көпшігін көтеріп қайтадан құтыртып алмай ғана бағыныңыздар! Бізден үріккені қазірше бала жындары ғана. Үлкен жын әлі ішінде жатыр. Онысын кейін көрерміз!– деп қана қойдым.

Осыдан бастап қожамыз жуасып қалды. Асықпай еркінірек істейтін болдық. Әсіресе жекелердің жұмысына салмайтын болуы, «құйын соққандардың» еңсесін көтеріп, тыңайта қойды. Жай қалжың, әңгіме – күлкі еркіндік ала бастады. «Сторж әпәндінің» өзі де адамша күліп, өзі де араласатын болды сөзімізге. Сөйте келе мекеменің ішкі хабарларынан өзі «баяндама жасайтын» құлақты хабаршымыз болып, бізбен шығысып алды. Мекемелердегі күрестің барлығы партия комитеттерінің ішіне кіріп сақылдап қайнап жатқанын, қазанға Әбілеметтердің түскенін де алдымен «әпәндінің» өзінен естідік.

Қыс орнап, жер қатқан қар күреп, артқы қақпадан сәйлікке шығарып төгуден басқа жұмыс қалмады. Аулада қар жоқта таңертең келіп көрініп қана қайтатын, үйдегі өз жұмыстарымызға қарайласа алатын болдық.

Күрестердің қайда жүргенін естіген соң басарқам жазыла бастағандай, жеңілдеп қалғандай сезіндім. Мекеме қызметіне қатынастырылмай тұрғанымнан басқасы түгел қалпында сияқты. Бұрынғы айлық еңбек ақы өз қалпында үйге кассирдің өз қолымен келіп тұрғандықтан өз мекемеме қасақана көрінгенді қойдым. Маған қызметтестерім де көрінбейді. Бұрынғыдай шақырыспайды. Кешкі сауық деген мүлде жоғалған қалпында, жым-жылас. Бұл жайт, бұрынғы дос-жарандарым менімен «блоктас», «ұйымдас» болып қалудан қорқып жатқандықтарын көрсетеді. Ал, мен өзімше қамсызбын. Әбілеметтің мәселесі түгел ақтарылса, соның ішінен аппақ болып шыға келмекпін ғой.

Әбілемет дәрежелестері жазда сонау Сандұңға апарып, Чыңдау водкасымен тамақтарын жібіте отырып сайратқанын тағы да «Сторж әпәндіден» естідім. «Қасқырдың күшігі тауға қарап ұлығандай, елу нешесі топталып, тұп-тура дербестік талап етіпті. Мұндағы Ұйғырыстаншылар қалай құтырды десек, солармен блоктас екен! Әбілемет ұқсас жаһангердің құйрығы бек көп екен емес пе!»– деп қайнады Самсақ. – Олардың үстіндегі күреске мендей пролотарды қатынастырса мұрнын жіпше тартып, екі құлағын желкесіне жеткізер едім, жалап қотыныңды...!».

Әбілеметтің ұшынғаны анық болмаса, Самсақ оның басқасы емес, дәл қатынын бұлай нақтап тілдей алмас еді. Өзін мұрнағы жылы әлде қайдан тауып әкеліп, осы қақпа күзетіне орналастырған сол болатын. «Әбілемет акам» деп оның басқан ізіне тәуәп ете жүретін асырандысының бұлай иянаттауы, қожасының қайта келместей құлайтындығын аңғартады. Иесіне опалы болатын ит жануар жер қатты сілкінетіндігін алдын ала сезетін де ұлып-ұлып алып, безіп жоғалатын. Самсақтың бұл кіжінуінде сол құлақты-тұмсықты сезімтал жануардың безінуі сияқты иесінен мүлде айрылғандықтың бейнесі бар. Оңтүстіктің қабаған, аса зұлым помещиктерінің сондай ит сезімталдығы жетерлік еді ғой!...

Қазір өз дос-жарандарымның да менен аулақтап жүргені есіме түсті. Олар да осы қатерлі кезеңде менімен «блоктас» болып қалудан қорқады. Сөйтсе де саналы ғой, жазықсыздығымды толық біледі. Мақпалдан сәлем айтып, хал сұрап тұрады. Тым қатты зорланбаса, дәл мына Самсақша безінбейтіндігіне сенемін.

Олардың ішіндегі опасыздық жағынан қатерлісі Құлжан мен Мақұлбектен шекараны әлдеқашан бөліп болғанмын ғой. Аса қара жүздікпен жала жаппаса, «мұрнымды жіпше тартқыза» қоймаспын. Бірақ, бұл екеуі де өткен күресте маған қарсы ешқандай пікір көтермей қалды. Өйткен себептері, мені аяудан емес, мәселе таба алмайтындықтарын білетіндіктен. «Қайта тіріліп кетіп, ішек-қарнымызды ағызар» деп қорықса керек.

Қазір маған сол екеуі ғана кезектесіп келіп жүр. Бірінен-бірі ұрланғандай жалғыз-жалғыз, кеш жамылып келеді де естіген-білгендерін жасырмай айтып кетеді. Шын бейнелерімен ең жанашыр дос сияқты көрінуге тырысады. «Өткен күзде сіздің үстіңіздегі күресте пікір бермегендігімізден сыртқа қағылып қалдық. Тіпті, қызметтен қуып шығарса да мейлі, сіз аман болыңыз!» деседі. Бұл науқанда белсенділік көрсетпеуге ант ішеді. Активтерді тілдейді. Науқанды жазғырады. Тіпті, «зор алдамшы» деп партияны жамандайды. Мұндай қиын әуенге түскендерінде тиып тастаймын да күнделікті хабарларын ғана тыңдаймын. Бір кеште Құлжан сұрады:

– Сіз, социализмге кір жуытқыңыз келмейді. Сонда капитализмнен социализмнің қай жері артық деп білесіз?

– Социализмнің ең абзал қасиетінің бірін ғана айтайын: мен өліп, мына балам жастай жетім қалса да аштан өлмейді, көштен қалмайды. Қоғам тәрбиелеп өсіреді. Ал, капиталистік қоғамда халсыз-тірексіз адам жасай алмайды!– деп қана қойдым. Бұған көбірек сөйлеу қатерлі екендігі белгілі.

– Компартияның да кім екенін көрдік,– деп Мақұлбек күрсінді бір кеште. – Келешегіміз коммунизм жәннәті деп дәмелендіретіндігін былай қойғанда, өзіміз бұрыннан көріп, естіп жүрген көп сұм партияның бірі екен ғой. Мұның алдамшылығы, тіпті, бәрінен де қиын ба қалай, көпе-көрнеу алдайды екен!

Бұған мен таптық намыспен қатты қызынып, зекіріп жібердім.

– Ей, қанды ауыз қасқырдың жалқы күшігі, сен тіліңді тартып, артыңды қысып жүр! Мені «күреске түсіп, жүрегін кір шалды, енді бетін қарайту оп-оңай» деп қоңырсып отырғаның ба?

– Жоқ, Биға, тіпті олай емес! Мен айтқанмын ғой, әкемнен көрмеген жақсылықты сізден көргенмін. Әкемнен жасыратынымды сізден жасырмаймын. Сіздің күреске тартылғаныңыз үшін жүрегім қарайып барады бұл партиядан!

Зекігенімде үйреністі кәрі мысығымша добалдай бейнесімен монтиып, бұға қалғанына жіби сөйледім.

– Күрес пен соғыста тактика қолданбайтын, саяси методсыз партия болушы ма еді, тіршілік үшін сайыста амал-айла әркімге керек емес пе!... Құлданушы байшыл партиялар мен әділетті дүние құратын құтқарушы партияның арасындағы ең негізгі парық, амал-айла парқында емес, мақсат–мұраттарының парқында. Мендей бір құмырсқаның тағдырына ғана қарап, компартияны алдамшы деп тілдегенше бүкіл адамзаттың қанын сорғысы келетін алпауыттар партиясын жалмаушы деп тілде! Қайсысының шынайы алдамшы екендігін әлі айыра алмай отырмысың, иә, мені арбап отырмысың, екінші мұндай сөз сөйлеме маған!..




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 299; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.041 сек.