КАТЕГОРИИ: Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748) |
Кэрол Дуэк 13 страница
Зейнімді тұтқындап алдымен көрінген жүректің астында қыбырсыз тұқырып тұрған адам көзіме енді түсті. Құйын үйіргендей, шаш ұйқы-тұйқы. Қабақ астымен алара бір қарап қана қойды маған. Жиын бастығының қағаздан оқып отырғаны, «құйын соққан» адамға үшкірген шарапатты дұға сияқты. Жиындағылардың сиынған сопыша жым-жырт мүлгіп отырғаны сол екен. Қайсысы самарқау тыңдаса, иә, оқыста қыбырлап қойса, дұғаның киесі соны ататындай. Бар құлақ, бар көз, бар мұрын, бар түйсік, бар сезім соған беріліпті. Мен отырысыммен қайталап оқылды сол алты сөйлем. Бұл үшінші рет қайталануы екенін артынан естідім. Зал дуалдары қызылды-жасылды плакаттармен безелген. «Маужуши түмен мың жасасын!» дейтін ұран ерекше сұлу жазылып, зор жүректің екі жағына жасырылыпты. «Оңшыл оппортонизмді түп-тамырымен жоялық!», «Оңшылдармен жерлік ұлтшылдар – социализмнің ең қатерлі жауы», «Оңға емес, солға, солға, солға!», «Өздігінен мойындағандарға кеңшілік, тоңмойындарға қаталдық!», «Қателесу айып емес, қателігін танымау айып!»... Екі жағымдағы қабырғалардан осы ұрандарды оқып отырғанымда алдымдағы қатардан бір наборщик атып түрегеліп ұран шақырды. Зал дүр көтеріліп қостай ұрандатты. Мен де түрегелдім. Қызыл жүрек астында күреске тартылып тұрған «құйын соққан», «Маужуши түмен мың жасасын!» деген ұранды бәрінен асыра көтерді. Мұнысын қашқанның да қуғанның да Құдайға сиынатын салтына балай салып едім. Өзіне қадала түскендей «жоғалсын оңшыл – жерлік ұлтшылдар!» деген ұранға келгенде тіпті өрлете көтергеніне күліп жібере жаздадым... Сүзе қарайтын томпақтау қоңыр көзі, тығылыңқы мойны, оң иығына қарап қисая, сәл тұқыра жүретін қалың шашты басы, барлық қимылымен қосылып, ылайсаң нөсерде мойнына су құйылудан ғана сақтанып келе жатқандай көрінетін бұл адам, өзбектің көне ақын-драматоргы еді. Шынжаңда соққан бар құйын мен нөсерлі дауылды өз басынан өткізіп, мойнынан су құйылып келе жатқан дағдылы «кері төңкерісші». Бірақ, бұл кісінің «кері төңкерісі» қалжың мысқылынан ғана көрінетін. «Гомендаңшы» деген қалпақ астындағы түрмеден шыққанына екі-үш жыл ғана өтіп еді. Енді ол қалпағының мүлде керісінше тігілген «жерлік ұлтшыл» атты тағы бір қалпақты кие қоюға асыққандай. Күреске тартылып, көпшілік алдында жығыла беру масқаралығынан бір жолата жоғалып, үйренген түрмесіне кетіп құтылғысы келетіндей рай байқатады. – Біз, бұл науқанның ең айқын өлшемін тағы қайталап үйреніп шықтық,– деді жиын бастығы ұран тоқтаған соң, «құйын соққанға» түйіле қарады. – Сізде мәселе бар ма екен, жоқ па екен? – Менде мәселе бар ғана емес, көп. Кері төңкерісшімін дедім ғой. Бұған гомендаңшылдық қалпақпен жеті жыл лаугай[19] болғаным факт. Мұнымен қатар менде жерлік ұлтшылдық та бар екен. Бірақ, бұл қалпақты киетін басым жоқтығынан ғана қысылып тұрмын. Себебі, гоменданшылдық – жерлік ұлттардың да, жерлік ұлтшылдардың да жауы. Ал, жерлік ұлтшылдық–гомендаңның ең қорқынышты жауы. От пен судай қарама-қарсы екі қалпақты бір басыма қалай тұрғыза алар екенмін деп, ішәнсаңыздар түн бойы ұйықтай алмай шықтым. Бірінің үстіне бірін кисем, екеуі де үлкен. Жерге түсіп кетсе, әнзі аударғандай тіпті зор күнәға батамын! Көпшілік арасында тұншыққан күлкі бық-шиқ, қыңқ-сыңқ ете келіп тұтаса кетті де лап етіп қарқылдап-сақылдап ала жөнелді. Жиын бастығы ақырып кеп қалғанда күлкі тасқыны шорт тоқтап, күлген «белсенділер» тұс-тұстан күн күркірегендей ақыра-зекіре жөнелді бір-біріне. Енді бәрі де күлкіге қарсы төңкерісшіге айнала қалды. – Жолдастар!– деп ыршып тұрды жиын бастығы. – «Таптық жау өзінің жеңілісіне әрқашан мойынсал болмайды. Біздің төңкерістік отымызды өшіруге әрқашан дайын тұрады» – Маужушидың осы данышпандық сөзі естеріңде бар ма? Мақұлбек, Құлжан бастатқан бірнешеу жарыса зекірді залға: – Аш көздеріңді, қайда отырсыңдар, білесіңдерме! – Бұл жерде бұзғыншылықтың базары жоқ! – Ат төбеліндей оңшыл–ұлтшылдардың күлкісін тия аламыз! – Кім бастады күлкіні, тұрсын орнынан! Озық белсенділікке таласқандардың көздері қанталап, оңшыл – ұлтшыл саналғандарға қыдырыстана қарап шықты. Маған да бірнеше көздің жарқылы түскендей болды. Күлкісі қаттырақ шыққан жастар күнәларын жуу үшін болса керек, сөйлеуге жарыса-жамырай көтерді қолдарын: жиын бастығынан рұқсат алғандары да, ала алмағандары да түрегеліп, «Құйын соққанның» алдына тепсіне жетті. – Ей бұзық, пролетарият дектатурасына не деп зәр шаштың? – Ей ұлтшыл, екі қалпақ емес, бес қалпақ та кигізе аламыз біз саған! – Ей азғын, сенің басың біреу ғана ма еді! Сенде... – Аш көзіңді, сенің гомендаңың жерлік ұлтшылдардың жауы ма еді!... Не деп... Артында тұрған бірі бұл айқайшылының бүйірінен түртіп тоқтатып, өзі ақырды жауапкерге: – Ей кәрі түлкі, аузыңды басса, кө...нен сөйлейтін кері төңкерісші, бүгін, қалпақ киетін басым жоқ дейсің иә сен! Кигің келмесе... – Жолдастар, сергек болайық!– деп Құлжан бәрінен асыра шаңқылдады – бұл жау, Маужушиға, гұңшандаңға, социализмге қарсы жеті басты жалмауыздың дәл өзі. Бұл жауабымен төңкеріске сол жеті басымен жеті түрлі у шашты! Бірінші, «Маужушидың жасаған қалпағы басымыздан асып кетті» дейді. Екінші, «бұл қалпағыңды енді құйрығыма кием бе» деп масқаралайды. Үшінші, «кигізген қалпақтарың үйлесімсіз жалған қалпақ, өзінен-өзі түсіп қалады» деп оңшыл–ұлтшылдарға қарсы төңкерісімізді жоққа шығарып, тұншықтыра салмақ болады!... Сабыр етіңіздер сөйлеп болайын!... – Ей ұлтшыл, сонда сен, гомендаңшыл болған адам жерлік ұлтшыл болмайды демекшімісің? – Мақұлбек Құлжанды қағып тастап, алдына өте сапылдады «құйын соққанға». – Тағынан, мылтығынан айрылған гомендаңшылар ендігі жерде жерлік ұлтшыл қияпатына кіріп алып, ұлттар арасына бұзғыншылық іріткі сала алмай ма! Гомендаңды сондай қарабеттікпен ақтап шықпақпысың!... – Жолдастар сабыр етіңіздер! –деген жиын бастығының сөзін естісімен айқайшылары тына қалды. – Алдымен осы сұрауларыңа жауап берсін, отырыңыздар! Отырыңыздар!... Ей кері төңкерісші, көрдің бе көпшіліктің қаһар-ғазабын, бұл ғаярлығыңмен ешкімді алдай алмайсың! Осы сөзіңмен гомендаңды ақтамақпысың, өзіңді ақтамақпысың? Сөйле! Өңшең тұтықбалы сұрақтарды тұқыра тыңдап тұрған «құйын соққан», басын көтеріп, баяу ғана жауап қатты: – Мен гомендаңды да, өзімді де ақтамақ емеспін, гомендаң ғой, әлбатта гомендаңшыл, зор ханзушыл. Мен ғой, одан да бетер гомендаңшыл. Демек, пұтқа табынуға мұрсам жетпей, бала–шағамнан қорқып қана жүрген ханзумын. Бір қалжыңым үшін ғана ханзуларға қарсы жерлік ұлтшыл болып шықпаспын деп ойлап едім... – Тоқтат былжырағыңды!... Қара енді бұл кәрі түлкінің!.. Жаны тұмсығының үшіне келгенде ханзу болып ала қоюын!... Ей сен ханзу халқына қарсы не деп у шашып едің, соныңды ғана сөйлеші! – Мақұл, мақұл, сонымды ғана сөйлемесем... басқа нем бар менің... ие, онда алдымен у шашқан мен емес, Мәммет Тоқты болатын: «ханзулардың жемейтін нәрсесі жоқ екен» деп, ұлы ханзу халқына ол жала жапты. Мен дереу қарсы шығып ақтаған болдым: «ханзулардың жемейтін нәрсесі бар, аспанда аэропланды жемейді, теңізде парахотты жемейді» дегенмін. – Ал, осының қандай «ақтау»? – Ақтау емес, кері төңкеріс екен. Енді түсініп тұрмын. Бірақ, өз уағында осыдан басқа факт таба алмай қалғанмын. Шынында адамның жемейтін нәрсесі көп қой. Асығыста сол үлкендерінен басқасы есіме түспей қалған. – Сөйле, есіңе түскенін!– деп ақырып қалды біреуі. Бұл сұрауға жауап беруден пәленің үлкені өрбитінін білетін «құйын соққан» түсінбей қалғансып, қасақана тұрпайы сөзбен айқындай сұрады. – Ханзулардың жемейтін нәрселерін бе? Мұны сұраған сұрақшыға да, жауапкерге де тыжырына қараған жиын бастығы тергеудің бетін бұл тақырыптан бұруға асықты. – Таста бұл «жейтін-жемейтініңді» басқа мәселелеріңе жауап бер! «Құйын соққан» жауапсыз қайта тұқыра қалғанда жиын бастығы әркімге адырая қарап иек қақты. Жанқалталарындағы қағаздарын алып, «қылмыс факттері» деп аталатын ұрандарын жаудыра жөнелді бес-алты белсенді: «әшадди[20] фантуркист», «әшадди оңшы», «әшәдди жерлік ұлтшыл», «гомендаң мен шет ел жиянгерлігінің асыранды иті», «шпион»... Осы жойқын сұрау «факттерін» ұран сипатымен құзбасынан тас домалатқандай тұс-тұстан сырғытып-сырғытып жіберді сөйлеушілер. Сай табанындағы аюша сасқан жауапкер жан-жағына жалт-жұлт қарап тыңдады да аңырып тұрып қалды. – Ендігі факттеріңді айтпай қоя тұрыңдар жолдастар, шайнап берген тамақ ас болмайды, өзі сөйлесін! – Жиын бастығы маңғазсып жымия түрегелді орнынан. – Ә...ә, қалай екен? –деді жауапкерге аспанси қарап. – Қанша бұққаныңмен мына оянған көпшіліктен жасырынып құтылып кете алмайсың, «аспанда тор, жерде қақпан!», өзің сөйлеп, мәселеңді өздігінен тапсырып құтыл онан да! «Мойындағанға кеңшілік, тоңмойындарға қаталдық» – Партия саясаты осы, әне жазулы тұрмай ма!... егер өзің әшкерелемесең, мына көпшілік ішек-қарныңды суырып алып, алдыңа жая салады. Көргілікті сонсоң көресің!... Сөйле қане, көпшілік уақытын алып, ғазаптандыра бер ме!... Өзің үшін айтып тұрмын, бұл әрекет, бұрынғы әрекеттерге ұқсамайды. Мәселелерін ада–күде тапсырып, жүректері тоқ қызылға айналған мына төңкерісшілердің қаһарын көрдің бе? Өз араларына енді бірер қаражүрек қалдырып, қайтадан індет жұқтырып алмақ емес ада-күде тазартпай қоймайды! Факт құралдары толық. Жанашырлығым осы ғана саған. Партияның мақсаты «ауруды емдеп, адамды құтқару», егер ауруыңды жасырсаң, өзің қосыла жоғаласың, айтпады деме!... Сен өзің бұрынғы дертті қоғамнан келген «ентелегентсің» ғой, ол қоғамнан саған не жұқпады, пролетариятқа жат идеяда болмадым деп кімді сендіре алмақсың! Өз мәнпағатың үшін істеген ісіңнің, өзіңнің жеке абыройың үшін біреуді жеңермендікке сөйлеген сөздеріңнің, қазіргі өлшемде бәрі қылмыс. Сенің тіліңнің жыланның тілі екендігін мына қырағы жұртшылық білмей қадалып тұр ма саған! Шашқан уыңның барлығын жиып, партияға тапсырып құтыл, ада-күде тапсыртпай қоймаймыз! Зорлықпен тапсырғаннан өздігіңнен тапсырғаның жақсы! Кешігіп тапсырғаннан ерте тапсырған жақсы! Шала тапсырғаннан толық тапсырған жақсы. Қазір сен, өлу мен тірілудің арасында өте қатерлі ахуалда тұрсың. Тез тап жөніңді! Тым болмаса бала-шағаңды ая! «Құйын соққан» селк ете түсті осы сөзге келгенде. – Өткендегі жала мен жаза қапашылығынан сол сорлы балаларым үшін ғана тірі қалып едім, –дегенінде ыршып-ыршып кетті көзжасы. – Тағы төнді деші!... Өзім де... өзім де бір... сөзге сөз келгенде ішіме сақтай алмай қалатын итпін!... Қалжыңнан ұтылғым келмей, қазбалап жіберетін мінезім... Күрілдей жөнелді көп тергеуші, ұмтыла-тепсіне жетті тағы да. – Қалжың ғана ма сол шашқан уың! – Қалжың ба сол ей? – Қалжыңға айналдырып құтылмақпысың, сөйле «қалжыңдаудағы» мақсатыңды! – Көмекейіңнен суырып алмай қоймаймыз! – Ей, атап айтшы, қалжың ба соларың! – Қалжың емес, бәрі шын, бәрі, бәрі кері төңкерістің сөзі!– деп бұға түсті «құйын соққан». – Сөйле, бәрін сөйлетеміз! – Өзім де түгел сөйлемей құтылмаспын. Бірақ, өздеріңіз айтқандай «аузымды басса құйрығым сөйлейтін» жаумын ғой. Дәл қазір бәрін есіме түсіре алмаймын. Жазып тапсырайын. Кең ойланып, сол қалжыңдардағы идеямды толық ашып, толық жазып тапсырайын!... Жиын, «құйын соққанның» осы уағдасын неше рет қайталатып, ант алып тарады. Мұның үстіндегі бұл күрес басталғанына үш күн болған екен. Мойнынан су құйылғандай ғана емес, пішілген бұқаша бөксесі де шөмейіп, талтаңдап қайтты. «Он жылдан бері қай жерде не деп қалжыңдағанымды қайдан білейін, шопанның таяғына сүйкенгендей сөзім болса,[21] өзіме айтыңдар ағайындар!»– деп күбірлей шықты қақпадан. Мен де ойлана қайттым. Көңілі ашық адам қалжыңсыз жүре ме. Бірақ, компартия мен ханзу халқының үстінен мұндай улы қалжыңға араласпаған-ақ шығармын. Құдай тағала тек, қалжыңдасатын құрбы қызметтестерім мен олардың шүйке бастарына нысап берсін! «Шал болсақ та алжыған, Айырмасын қалжыңнан». «Саяси мәселелер жөнінен принципті мендей сақтаған кем де кем ғой, қайтер дейсің!» – алдымнан ұлымды көтере шығып қарсы алған Мақпалға сол жайды айта кірдім үйге. Ол өзінің жазда «сайрайтын» мәселе таба алмай, сайрай алмай қалғанына бір күн қайғырғанын енді айтып күлді... Сол залға ертеңіне таңертең келіп кіргенімде үлкен жүрек астына тағы бір жерлік ұлтшылдық қылмыстың үкісі тағылысымен ол да түрегеліп сүмірейе қалды. «Сүлеймен, жүзігі барда Сүлеймен, жүзігі жоқта Сүлеймен де сүмірейген» деген мақал есіме түсіп жымия қарадым. Бұл, «ұйғырша «Шынжаң әдебиет көркемөнері» журналының мықты редакторы болатын. Ұрандар жүздеген жұдырықтар мен түйіле көтерілгенде бұл тіпті сүмірейді. Біраздан соң мұның шашын да «құйын» үйіре жөнелді. Бұл да сол әдіспен шұраланып[22], сол жолмен жуасытылды. Мен, үшінші күннің кешінде басқа бір кішкене жиын залына шақырылдым. Партия мүшелері мен жастар ұйымының осы екі назараттағы ең екпінділерінен жиырма шақты ғана жауынгер жиналыпты. Бір қатардағы орындықтарды бос қалдырып, бір жағына ғана отырған екен. Мен келіп жауапкер орнына отырысыммен сырт–сырт басып кесек денелі Әбілемет назыр кіріп келді. Басқалары орнынан тұрып қарсы алды да, мен отыра бердім. Назыр оқтау жұтқандай кердие бас изеп тастап, жиын төрағасының столына, жамылған пальтосымен барып жалп ете түсті. Мен тісімді басып қалдым. «Енді ашуымды шашпай-төкпей, аса сақтықпен өлшеп айтысуым қажет болғаны ғой!» – Сырттан қатынасатындар келді ме? – Әбілемет төменгі жағындағы столда отырған қатшыдан сұрады. – Қазір келеді!– деген күбірлі жауап шығысымен коридорда сарт-сұрт аяқ дыбысы естілді. Есік ашылып, «Шынжаң ұлттар институтының» бір топ адамы кіріп келді. Алдыларында екі-үш мұғалім, соңында он шақты стундент бар. Әрқайсысы әр факультеттің әр класынан өкіл болып келген сияқты. Биыл бітіріп, қызметке тағайындалғандарынан да екеуі бар екен. Бұлардың соңынан Юсуп Қасым мен Ясын Әмәт, Өлзекәрі мен баспахананың бір ұйғыр, бір сібе редакторы, «Шынжаң газетінің» бір редактор, бір тілшісі кірді. Тыңдаушылар қатарына келіп отырған бұлар да бұрынғы келіп отырғандарға көз қиығымен ғана қарап қойып, институттан келгендермен изектескеніне таңырқадым. Оларға қарап та қоймай, алдындағы қағазға үңіліп отырған Әбілемет сөз бастады. – Хош, қатынасушылар келіп болған болса, мәжілісімізді бастайық. Бұл жиынды басқаруға басшылық мені тағайындағандығы үшін, күреске тартылушыға алдымен өз арамыздағы жеке бір ахуал жөнінде позиция білдіріп қояйын. Биғабіл Әфанды, екеуміздің арамызда өзара түсінбестік мәселесі бар еді. Оны өзі айтқандай бірте-бірте ұғысып қалармыз. Ол жөніндегі кемшілік менен де өткен. Ал, қазір менде ешқандай өш алу ниеті жоқ екендігіне коммунистік сипатымен сенім бере аламын. Биғабіл әфанды сол жекелік жағынан ғана ойлап, характер бұзып, қателік үстіне қателік қосып алмауын сұраймын! Алдымен осы жөніндегі позициясын білдірсін! – Жекелік жақтан Әбілемет нәзір мен менің арамызда титтей де «түсініспестік» болған емес. Мен, бұл кісінің қол астындағы жай қызметкермін,– деп күлімсірей түрегелдім. – Түсініспестікте қарама-қарсылық та, мені дәл осы күреске түсіріп отырған осы мәселе жөнінде болатын. «Сырын білетін аруағыңа өзің құран оқы» дегендей, өзіңіздің келіп басқаруыңызды қуанышпен қарсы аламын! Тыңдаушылар көзастынан күле қарағанда қызыл жүзі күреңіте түскен Әбілемет, қағазға қарап тұқыра сөйледі. – Ал, олай болса бастадық. Бұл әрекеттің мақсаты өздеріңізге мәлім «ауруды емдеп адамды құтқару». Өткен дертті қоғамнан келген дамның қайсысында мәселе жоқ. Бәрімізде де бар. Бәрімізде емделуге, адалануға борыштымыз. Бұл жөнінде күреске түскенімізге наразы болудың орнына партияға алғыс айта тұрып, өзіміздегі індетті шындап емдету жағында болуымыз пайдалы. Өзімізді – өзіміз опирациялағандай шын жүректілікпен арши тексеріп, мәселемізді ада-күде тапсыруымыз қажет. Басқалар қойған факт пен пікірлерді қастық көрмей достық көріп, құлату емес, құтқару деп қабылдауымыз қажет! Партияның «мойындағанға кеңшілік, тоң мойынға қаталдық» саясаты өзгермейді. Сондықтан қателігімізді өздігімізден танып, партияға өздігімізден тапсыру, бірден-бір құтылу жолымыз. «Қателесу айып емес, қателігін танымау айып». Ал, қателігімізді қиналмай тануымыз үшін Маужуши тағы да қамқорлық етіп, бұл әрекеттегі ақ-нахақты айырудың мынадай айқын өлшемін жасап берді, тыңдаңыздар! 1. Сөзімізбен әрекетіміз еліміздегі барлық ұлт халықтарының ынтымағына пайдалы болсын? 2. Социалистік өзгеріс жасауға, социолистік құрылысқа пайдалы болсын. 3. Халық демократия-дектатурасын нығайтуға пайдалы болсын. 4. Демократиялық орталықтандыру түзімін нығайтуға пайдалы болсын. 5. Компартия басшылығын нығайтуға пайдалы болсын. 6. Социализмнің халықаралық ынтымағына, дүниежүзілік бейбітшілікті жақтауыш халықтардың халықаралық ынтымағына пайдалы болсын! Күреске тартылушылар өздерін осы өлшем бойынша тексереді. Күрес жүргізуші жолдастардың да, тыңдаушылардың да қателеспеулері үшін естеріне мықты ұстайтын шарттары осы. Көз жұмуға болмайды, Биғабіл әфанді саналы, ғылым адамы. Мұны толық айыра алады. Ал, қалған сөзді өзіне бердік! – Сөз бергендеріңізге рахмет!– дей түрегелдім де «ашылу–сайрау» науқаны басталғаннан бергі идеялық ахуалым мен сайрауға мәжбүрленген жайымды қысқаша сөйлеп шықтым. Сайраған пікірімнің газетке қате қысқартылып басылғандығын да, ол туралы маған тілшінің өзі мен Фубужаңның қайтарған жауабын да анықтап баяндадым. Өзім қайтадан жазып шыққан сайраудағы сол сөзімді жанқалтамнан суырып ала сөйледім сонсоң. – Менің сайраған пікірлерімнің дәл өз нұсқасы міне, алдымен осыны оқып берейін!... – Болмайды, болмайды!– десті тымырайып отырған екпінділердің екеуі жарыса. – Қайтадан өзгертіп жазылған нұсқа инабатқа алынбайды! – Бір сөзі өзгертілген болса, үстемелеп жауапқа тартылуға разымын, сөйлегендегі тезисім Фубужаңда, және сондағы тыңдаушылардан сұрасаңыздар да оп-оңай анықталады! – Биғабіл әфәнді, мәселе былай, – Әбілемет стол тықылдата сөйледі. – Өзіңізде айттыңыз, сайрау жиынынан газетке басылған хабарға түзету қабылданбапты. Себебі, «ондағы сөйлеген сөзім олай емес, бұлай болатын» деп қайтадан қол үшімен түзей салуға әлбәтте ешкімге де рұқсат етілмейді. Рұқсат етілсе, қателесушілердің бәрі де солай дауласады. Ондай даудың өз идеямызды түзетіп, жаңа адам болуымызға ешқандай пайдасы жоқ. Екінші, бір адамның тек сайрау жиынында сөйленген пікіріне қарап қана тағдыры белгіленбек емес. Ол, жалпы бір байқау ғана. Мәселен, сіздің сайраған пікірлеріңіз жалпылай алғанда қандай мүдде де. Соған ғана қаралады. Жекелеген бірер сөзіңіз үшін сізді кері төңкерісшіге, иә, жерлік ұлтшылдыққа шығарып отырған ешкім жоқ. Ондай болу-болмауыңызды жалпы амалиятыңыз белгілейді. Бұл тексерудің түп мақсаты зор-ақ зор нахақты айырып, өзіңіздің және көпшіліктің ой елегінен өткізіп түзету ғана. Сондықтан өзіңізді партияға тапсырып, бар мәселеңізді ашып тастасаңыз болғаны! – Бұл ақылыңызға жауап айтуыма рұқсат етіңіз! –деп рұқсат ала сөйледім. Менің сайраған ең негізгі пікірім газетте «кейбір» деген бір сөзімнің басылмай қалуы арқылы зор қылмысты пікірге айналды. Қазір сіздердің алдыларыңызда жауапқа тартылып тұруымның негізгі себебі сол ғана. Мәселен: «партияның басшы кадрлары помещикке айналып кетті» дейтін сөз, дені сау адамның сөйлейтін сөзі ме! Бұл, коммунистік партияны жоюдың сөзі. Осылай сөйлегенім рас болса, партия мені жазаламай төңкерісшіл партия бола алмайды. Ендеше бұл сөзді анықтамай, «зор ақ–зор нахақ» анықталмайды! Егер сайраудағы пікірлерім бұрмаланып, газетке қате басылмаған болса, менде ешқандай мәселе жоқ, бұл күреске тартылмақ емеспін. Әрқандай қылмысты өзінің тағдырына байланысты сөзді анықтауға хақылы!
Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 383; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы! Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет |