Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 9 страница




– Жарады!– деп қалдым мен.

– Әбілеметтің ең ақырғы жауабы мынау болды. «Кадрлар назаратына қайта сөйлесейік. Биғабілдің қимайтын азаматтарынан екі-үшеуі қалса, қалар. Бірақ оларға бұл қаладан қызмет тауып бере алмаймыз. Бұл жақта жігіті бар қыздарын өз аудандарына жолдап беруді де ойлануға болады. Бірақ, «ашылып – сайрауға» бәрі толық қатынассын, сонан кейін көрелік» деді. Ал, енді айтшы, «соқыр бастықпен бірге көз жұмып» шығысып сөйлесуіміздің зияны барма екен? – Юсуп Қасым осыны қадала сұрап қарады маған.

– Айтайын-айтайын!– деп басымды изей жымидым. – Мұның жауабы, ойнап айтсақ та ойландыратын кеңес. Екеуің нұрдай жайнаған төрт көзіңді жаңа салт–жаңа дәуірден, шындықтан жұмып, сонша уақыт алтын бастарыңды оның шойынына құлдық ұрғызғандай қор етіп, мен үшін азғантай әділеттің талабын қойыпсыңдар. Бұл еңбектеріңе борыштымын, рақмет! Бірақ, тартқан зияндарыңа салғастырғанда, жоқ пайда. Өйткені, Әбілемет кеңшілік етпек болған қыздармен екі-үш жігіт, ол кеңшілік етпесе де қалатын азаматтар. Екеуің басу айтып, сындап-міндеп Әбілеметке ғылыми қалып болуларың қажет еді! Оны соншалық қолпаштап, қауқита түскенде, Үрімжіге симай бара жатқан такаппар танауын онан сайын көките түскенде, тірегіміз» етіп дандайсытып, тіс-тырнағын өсіріп, көзін шақшита түскенде бізге не пайда шықты, Әбілеметке не пайдасы тиді? Бұл қалыпта Әбілемет сорлыны не оңдырмақсыңдар! Әлден-ақ шоқындырушы шошқаға айналып бара жатпай ма. «Кім де кім жаман болса, оның замандастары жауапкер» дейді біздің Абай атамыз. Бұл сөйлесулеріңде Ясын, осындай жауапкерлік жөнінен Әбілеметке біраз қызмет істеп, ойландырыпты. Ал, өзің, бір көзді ғана емес, екі көзді де тарс жұма жүгінетін сопыға ұқсап бара жатыр ма екенсің деп қорқып қалдым!

– Қалай?

– Әлгі мақалыңның сиқы солай!... Бастық соқыр екен деп бар адам көз жұмып алса, жер шары тас қараңғыға айналмайма! Ет қоректі жыртқыштардың ғана дүниесі болып қалмай ма!.. Мені қазақтың машайығына айналдырып алып, сізге ол да шоқынады дегендей, оны тіпті әулиесіткенше тура майданда тұрып, озбырлығын мінеп-шенеп шықсаңдар соңынан ойлануына, орнына түсуіне пайдасы тиер еді ғой!

– Онда мына жауаптан да мақұрым қалар едің!

– Бұл жауаптан мақұрым қалғанда біз өлерме едік. Дипломды – білімді азаматтар Такламаканға бармай қойғанда қамаларма еді. Жерде қаларма еді!... «Ей достым, 46-шы жылдарда Құлжада Юсуп Қасым атты бір мықты азамат болған. Осы Үрімжіден дипломсыз қашып барып бір бастауыш мектепке мұғалім болған екен. Заң қызметіне шақырса, бармай қойыпты. «Үлкен бирократтармен шығыса алмаймын. Жағымпаздық істеп адамгершілігіммен заңды бұза алмаймын!» деп, азғантай ақысымен сол кішкене ғана оқытушылығын істей беріпті. Сол өлді ме, бар ма?.. Білемісің?

Қарқылдап күлді Юсуп Қасым.

– Оны қайдан білгенсің?

– Сондағы түрмеден шыққан бір қылмысты жетімге үйінде өзі айтып беріп еді ғой! Сол Юсуп қазір бар ма, жоқ па?

– Сенше қалай?

– Өліп қалған сияқты. Сол шақтағы аю бирократтарға жағынғысы келмейтін сол жолбарыс азамат, қазір компартия қорғауында отырып, қазіргі сілеусін бирократқа жағынамын деп, көзін мысық болып жұмғанша өліп қалғаны мың жақсы емес пе!

Ішек сілесі қата күлген Юсуп мені құшақтай алды.

– Енді қазақша бір тілдемесем болмадың. Дәл өлгеніңді... екенсің!

– Үй мен оның өліміне құран оқиын деп отырсам, Әбілеметтің саясының астынан тұрып келіп, менің өлгенімді боқтағаның қалай!

– Һа-һа-һа-а... қате, мен саған мысық болып қалғанымды көрсетейін!

Екеуіміз алыса түстік. Ол көтеріп ала үйірді. Сәті түсіп аяғын қағып қалғанымда шалқалап барып кереуетке құлады да қайта көтере түрегелді. Шалып алдым. Алыса жүрдік, айтыса жүрдік. Мақпал кіріп келіп, аңыра қарап тұрып қалған екен. Жайды ұққан соң сақылдап күле жөнелген оған шұғыл бұйырдым:

– Нұрияш арақ, арақ құй тезірек, итаяқ жалатпасаң, мына Әбілеметтің күшігі жұмыс істетпейді!...

Мақпал дастарқандағы суыған шайларды төгіп, термостан ыстық шай құйды да алдымен шай ішуге шақырды.

– Бір сөзден қырық жеңілдім! – отыра қалып, алқына күлді Юсуп. – Желкеден бір алсаң қоя бермейтін ит болыпсың! – Қалжыңын тоқтатып, өзіне-өзі сөйлегендей күбірледі сонсоң. – Расында мен сол кездегі рухани дүниемді ұмытып барады екенмін, қазір расында да олай емеспін! – Ойланып, біраз кідіріп алып жалғастырды сөзін. – Адам да жасаған сайын дария ағызған тас сияқты мұжыла беретін ұқсайды!

– Жоқ достым, сен, тас болсаң да тым бос тас сияқтысың. Ағын соққысынан қатты тастың қылауы кетсе де қыры кете қоймайды. Жағымпаздықтан, қошаметшіліктен соншалық аулақ, пәк әділеттің Юсубы едің ғой!... Бірақ... мен осы сынның бәрін сол бір қате мақалың үшін ғана айтып отырмын. Сонда да «соқыр бастықпен бірге көз жұмып шығысудың зияны бар ма екен!» деп қадалып сұрағандығыңнан ғана сөйледім. Басқадай жарамсыз ісіңді көргенім жоқ!... Кел, сол Юсуптың амандығы үшін қағысып жіберелік!

– Мұндай сынды майдалап, жұмсарту қажетсіз, –деді Юсуп біраздан соң. – Бұл нағыз шипалы сын болды. Сен, маған бұрынғы психикалық табиғатымның, пәк таза хұлқымның жасандылыққа өзгеріп бара жатқандығын ғана емес, қазіргі ең ірі бір мәселені де айқындап көрсеттің. Өтірік күлкіні үйретіп жатқан мына орта да тіпті төңкерістік ынтымақтың қағидасын да ұмытып бара жатқанымды енді аңғардым. Әбілеметке келгенде «ынтымақ-сын-ынтымақ» жөнін ескермей қауқалап танауының безін өсіре беріппіз ғой!

– Міне, міне!... Һа-һа-һа-а... бәсе, Юсуп азғындамаса, осылай болуға тиісті!..

Осыдан бірнеше күн. өткенде маған үшінші рет шақыру қағаз келді. Автономиялы райондық парткомның өзіндегі «ашылу – сайрау» жиынына шақырыпты. Қол қойып шақырған, партбюро үгіт-насихат бөлімінің бужаңы – Лиң Боминнің дәл өзі. Шынжаң ұйғыр автономиялы районындағы мәдениет, оқу-ағарту, баспасөз, радио, медицина қызметі салаларының ең құқықты иегер жауаптысы. Бұл бастықтың шақыру қағазына жауап жазып қайтару, мен үшін мүмкін емес. Бармай қалсам, бүкіл компартиядан, марксизм–ленинизмнен безгендікпен бірдей күнәһәрлік болар еді. Тұп-тура әскери тәртіппен жүгіру шарт еді. Көше автобусына секіріп шыға жөнелдім. Сағат он болыпты. Бұрын Шың Шысай мен гомендан ордасының аса қатал тінтіп тексеруші темір дарбазасына сол шақыру қағаздың өзін билет ретінде көрсетіп қана өте шықтым. «Үгіт бөлімінің жиын залына кіресіз» деп дауыстады біреуі.

Бұйра қара шаш, тоқ шодыр маңдайлы жалаң басы, ақаусыз ақсұр жүзі, от шашқан тік қаракөз, судыраған ақ жібек костюм-сым, сықырлаған қоңыр туфли... мұндай ыстық күнде галстук байламайтынмын, кіршіксіз ақ жағаны екі иыққа жая тастаған қалпымда кіріп бардым.

Жүз шақты ғана адам сиятын кішкене залдың жарымына жуығы бос екен. Жиылғандар бөлген қошқардай, жуан-жуан кексе қызметкерлер. Үгіт бөліміне қарасты мекеме-ұйымдардан іріктеліп шақырылғандай. Жасамалы ақын-жазушылар, редакторлар, білікті ғылым қызметкерлері, көркемөнердің мықты қайраткерлері көрінді. Сайрау жиыны емес, салтанатты зияпатқа келгендей, алдыларындағы столдар толы қант-конфет, темекі, прәндік, бұрқыраған күрең шай...

Кіріп барғанымда таныс қасқа бастар күлісе қарсы алып, араларынан орын ашты. «Өжет азаматтан бірі келді» деп қуанған түрлері бар. Ал, мен, немді сайрармын деген қаммен сыныңқырап кіріп едім. Сайрау басталып кеткен екен. Мен орналасқан соң сөз қайта жалғасты. Әмәт Омар атты атақты комедия актеры сайрап отырыпты. Жуан бас бурыл самай, ақ шалған қырықпа мұртты қара. Бұл актердың жай сөзінің өзі өлген адамды күлдіргендей, салауатты мығым денесімен санаспай құйындататын нағыз күлкінің адамы еді. Алдында не сайрағанын білмеймін, өзінің бір ханзу көршісінің қылығын әңгімелеп отыр екен. Әр сөйлемде бір қарқылдатып, ду күлкімен бөлінді де отырды.

Бір күні өзі қызметінен қайтқанда сол көршісі үйінен «үш бұрыш» аталатын ұятсыз шолақ штанымен шыға келіп, алдынан жалбарақтай тосыпты. Еркіне қоймай қолтықтап тарта жөнеліпті үйіне. Төр үйіндегі аласа столға бұршақ пен турамыш көказық қойылып, арақ құюлы тұр екен. Басқа ешкім жоқ. Өз қарсысындағы кішкене орындыққа отырғызып, стакан қағыстырыпты. Стол үстінде бөтен-бастақ ештеңе жоқ, таза көрінген соң, мұсылмандығы бар Әмәт тартынбай сілтеген екен. Ащы су құйған көк азықтан қарбытып Әмәт Омар асағанда қонақ иесінің сақпысы стол астына жүгіріпті. Шошқаның кәдімгі екі тесікті қорсылдақ танауы сақпыға қысылып жарқ ете түскенде бағжаң ете түсіпті Әмәттің көзі. Әлгі танау көтеріле беріп, сақпыдан сытылып жерге түсіп кетіпті. Сақпы қайта қысып алып, жалаңаш санға екі сүйкей сала арандай ауызға тығып кеп жібергенде Әмәт Омар ішкен-жегенін аузындағысымен қоса атқыта жөнеліпті сыртқа.

«Арамдардың ең арамы» түкірік-қақырықты жерге түсіп, одан қытай санына сүртіліп, тіпті «тазаланды». Сөйтіп менің аузыммен бірге арақ ішіп отырған ауызға кіріп бара сала дәл менің өз асқазанымда қорсылдағандай сезілді. Содан ауырып бір апта нәр татпай жаттым!»– деп күрсіне кідірді Әмәт Омар.

«Құдай қосқан сол көршім екі алақанын беттестіре шұлғып, «Дүй бүшүйге»[17] келді бір күні»– деп тағы бір әңгімесін сайрай жөнелді. – «Қалай тілдесем де шұлғып, күле берген соң кешіріп едім. «Сіз ауру, мен сау, сіз үлкен, мен кіші. Сіз сыпырмайды, мен сыпырады» деп менің таңертеңдер аула сыпырып жүрген сыпытқыны үйіне кіргізіп әкетті. Сөйтіп, үйіндегі барлық пәле-қаза менің үйімнің бұрышына келіп үйіле берді. Шошқаның сүйегі мен түгі, әйелінің бірдемелері, тіпті, түндегі дәрет сұйықтықтарын да гаршокпен әкеліп төге беріпті. Әйелім екеуіміз үйіміздің сол бұрышына да бара алмайтын болдық. Мен қызметке кеткенде үйеді екен. Бұл жерге төкпеуін неше рет өтініп, күл-қоқсық төгетін жерді неше рет көрсеттім. Неше рет шұлғып, неше рет күліп, неше рет «дүй бүшүйін» айтты, санай алмай да қалыппын. Бір күні қызметтен қайтқанымда әйелім жылады: көшенің тазалық тексерушісі келіп, сол нәжісті бірнеше рет елегенмен көтертіп тазалатыпты. Көршімен ұрысып қалады деп мені аяп, айтпай жүрген екен. «Тағы да үйіп қойды. Тазалықшылар келгенде өзі кетіп қалады. Әйелі аурумын деп жатып алады, тағы да маған тазалатады» деп жылайды. Құса жүріп мен көтердім. «Кішпейіл» көршім күле шұлғып жүріп, барлық арамын маған көтертетін болды сөйтіп. Мекемесінен оны менің есігімнен оқшауырақ бір үйге түсіруді өтініп арыз айтып едім. Бірқанша жылдан бері отырған үйімнен өзімді көшіріп тынды. Барып түскен үйімнің қарсысында ондай көршіден екеуі бар екен. Енді көшсем төртеуіне, одан көшсем сегізіне көрші болатын ұқсаймын. Сөйтіп көше-көше өз туған жерімнен де кетіп құтылатын түрім бар!»

«Менің бұл жаңа көршілердің үстінен сайрағандағы мақсатым, оларды ішкерідегі өз жерлеріне қайтарып жібер дегендік емес» –деді соңында Әмәт Омар, – «Оллаһи әрқашан ондай пікір көтермекші емеспін!.. Ей хатшы, тілші жолдастар, естідіңдер ме, ішкеріге қайтарылсын дегенім жоқ, ә, естідіңіздер ме?... Дәптерлеріңізге ондай күнәлі сөз жазып қоймаңыздар! Әрқашан олай шетке қағушы емеспін. Қайта олардың бізді үркітіп қуалау мақсатына салынбауын, біздің аң-санамызға, әдет-ғұрпымызға көңіл бөлуін сұраймын! Партияның оларға ынтымақ жөнінде күшті тәрбие беруі қажет екен! Оған да көнбейтіндей болса, жағдайға қарап өздерін бірыңғай, бөлек аулаларға орналастырса!»

Әмәт Омардың сөзі, қазіргі саяси жағдай көтермейтін, жаңа қоныстанушылар жөнінде аса қиын тақырыпта болса да талабын осылай заңдастырып, дұрыстап түсірді.

Бұл реткі сайрауға шақырылғандар менімен елубес қана екен. Елу төрті ұйғыр зиялыларынан. Бәрі де партия сыртындағы таңдаулы талант иелері. Тәртіппен, бір-бірден рұқсат алып сайрай берді. Шын жүректеріндегі шынайы көмектік пікірлер кідірісіз-бүкпесіз төгіліп жатты. Жұңго коммунистік партиясына арналған сенімдерін жарқырата түсті сөйтіп. Қойған пікір–талаптарының көбі партия ішіндегі «стиль түзету» науқанына қажетті, дұрыс төңкерістік қызмет методын қалыптастыруға себі тиетін пікірлер. Бірақ, қазетсіз, ұлтшылдық пікірлерде жоқ емес. Әрқайсысынан бірлі-жарымдап, күлкімен безеліп шығып жатты.

Қонақ иелері «бұлпылдарын» арнаулы мейман автобустарымен жоғары асқаналарға түсте бір, кеште бір апарып, палау-мәнтіге бөктіріп сайратты. Кешке жақын өзді-өз үйлеріне былқылдақ автобусымен жеткізіп салып, таңертең сол автобуспен әкетіп тұрды.

Ашық сайрауға мен екінші күні де ниет байлай алмадым. Жазба пікір жөніндегі бұрынғы көзқарасым сақтала берді. Мына елу төрт «ағаның» пікірінен хабардар болған сайын соным дұрыс екендігіне беки түстім. Өйтетінім, бұлардан қойылып жатқан талапқа менің ойымдағы талап қайшыкез-шәркездеу шығатын түрі бар. Мәселен, бұлар «Шынжаң ұйғыр автономиялы райондық үкіметінің құқығын кеңіте-зорайта түсуді талап етіп жатыр. Ал, мен, партияның біртұтас басшылығын дұрыс сақтауды, сол арқылы Іле облысының қызметін теңдікпен қамдауды талап етпекпін. Сондықтан бұлардың отына су құймай, ең соңында «менің қазір сайрарлық пікірім жоқ, оның себебін басшылыққа жазып тапсырамын» деп шығып жүре бергім келді.

Екінші күні түскі тамақтан соң «ашылу – сайрау» науқанының екінші басшысы – үгіт бөлімінің орынбасар бужаңы келіп сөйледі. Қасқабас жұқалтаң ақсұр жүзі тым сұрланыңқы. Тілмашына ханзушадан сөзбе-сөз аудартып, анықтап сөйледі. Нұсқауының мазмұны «сайраушылардың әлі де толық ашылмай, пікірлерін іркіп, ашық сайрамай отырғандықтарын» күле сындау болды:

«Мұның бірден-бір себебі пікірлеріңіздің жоқтығынан емес, тек, қорғанудан-қорқудан болып отыр, ха-ха-ха-һа...а... пікірімді арылтып, ашық сайрасам, партия жазаға тартып қояр деп қауіптенесіздер, ха-ха-ха-һа...а.. мұндай қауіптенетін сенбестік бар жерде ашық пікір болуы мүмкін емес. Партия сіздердің білім–тәжірибелеріңізді іске қосуға, қандай пікір болса да сөйлеуге шексіз құқық беріп отыр. Егер партияның сіздерді сайратып алып жазалайтын мақсаты болса, Шынжаңның төңкерістік, ғылымдық, техникалық қызметтерін кімге істетпек, осыны ойлай алмайсыздар ма, ха-ха-ха-һа-һа...а... Егер осы сайраудан сіздерге титтей жаза келетін болса, міне, мен жауапкер болайын! Жаза орнына әр қайсысының үшін мен-ақ барайын!»– деп кеудесін үш рет ұрды. – «Күдіксіз сайраңдар! Ал, партия осыншалық уағда беріп отырса да сенбей іркіле берсеңдер... Бұл қандай адамның ісі болмақ?... Қорғанбай, күдіксіз сайраңдар!»– деп шығып жүре берді.

Автономиялы район бойынша екінші дәрежелі иеміздің кеудені бұлай соғуы мен соңғы сұраулы сөгісі сайраушылардың көзін жарқыратып жіберді. Сайрамау жөнінен мен де қысылайын дедім. Пікірлерімді жазып тапсырмақ болып отырғандағы мақсатымды, өзіне жеке барып айтып, ұқтырып шыққым келді. Жиын басқарып отырған біреуіне Фу бужаңға сөйлесетін ісім барын айтып шығып, сол залдағы кабинетінің есігін қақтым.

– Ә...ә...

– Бұл ыңырануының «кір» деген сөз екендігін түсініп кіріп, ханзуша шалалау тілмен сөйледім:

– Сайрау жөніндегі бір ахуалымды сізге баяндайын деп келдім!

Бас изей күлімсіреп, столының бір жағындағы креслоларды нұсқады да қабырғадағы кнопканы басып, іргелес бөлімдегі тілмашын шақырды.

– Партия қызметі жөнінде менің сайрарлық ешқандай пікірім жоқ,– деп бастадым сөзді. – Лиң бужаң қол қойып шақырғандықтан ғана келіп едім. Мына сайраушылардың пікірін тыңдап отырып қалдым. Бұлардың пікірлерінен де мен қостап сайрарлық пікір табылмады. «Іле қазақ автономиялы облысының мәдени-ағарту қызметі жөнінде біраз пікірім бар еді. Ол пікірлер, мына автоном райондық үкіметтің мәдениет, оқу-ағарту назаратының айырым басшыларымен сөйлесумен ғана шешім табатын пікірлер. Сондықтан сайрамай жүргенмін. Егер мұны да сайрау қажет болса, сайрау емес, арыз-шағымға айналып кетеді. Мұны ынтымағымыз үшін жабық сайрау ретінде жазып әкеліп берейін!

– Әрқандай пікір болса да ашық сайрау қажет. Сіздің қорқатын бір ахуал барма? Ха-ха-ха-һа-һа...а...

– Партия қызметіне қарсы пікірі жоқ адамның бәрін қорыққандықтан сайрамайды деп ойлайсыз ба?

– Қорықпаса жабық сайрай ма?

– Менің пікірім, партия жағынан толық нұсқау беріліп, орындауға тапсырылған істерді орындамай жатқан айырым басшының үстінде ғана. Мұндай арыз-шағым ашық сайралса туысқан ұлттар арасындағы ынтымаққа жақсы нәтиже бермейді. Сол үшін жабық сайрауды да түгелімен «қорыққандыққа», жатқызуға болмайды!

– Қазір, ешқандай жабық шешетін мәселе жоқ. Халық алдында сайралып, халық алдында шешім табады. Қайта халық алдында әшкере айтысуың тіпті жақсы, бұл зор диалектика!

– Қоғам дамуына – ынтымаққа зиян келтірмейтін, халық арасына ұлттық ірткі салмайтын оңаша айтыс, социализм үшін ең игілікті айтыс!– дедім мен. – Айтыстың үлкен-кішілігі емес, тиімді-тиімсіздігін, пайдалы-пайдасыздығын таңдауымыз қажет шығар!

– А-ха-ха-һа-һа...а... осы сайрау науқанында қойылған әрқандай пікірдің ашық жариялануынан партияға, халыққа титтей зиян келсе, ең үлкен айтқанда Маужуши, ең кішісін айтқанда мына мен жауапкер. Сіздер қорқатын ештеңе жоқ. Сайрай бер деген соң сайрай бермеймісің! Егер қорқу қажет болса, тек, сайрамай қоюдан, өзіңді бүркеп тұйықталып алудан қорқсаңдар болады. А-ха-ха-ха-һа-һа...а... «Пұт пен өліктен басқаның бәрінде кемшілік болады, менде де бар» деп Маужуши қателіктерді түзетуге көмектесуді сұрап отырғанда, ұлы көсемнің тілін алмау қажет болды ма?... Айтысу қажет болғанда айтысыңыз, неғұрлым газетте айтысып, әріптесіңнен неғұрлым газетте ашық жауап сұрай сайраңыз! Ең тура, ең әділ, халыс пікір халықтан шығады. Жеке бастықтар ғана емес, тіпті, партия ұйымдарымен де айтысуға болады, қорықпаңыз!...

«Қорықпа-қорықпа» дей беруінен қорлана, ойлана шығып, жиын залына кірдім. «Бұрын моп-момын, сап-салмақты зиялылардың бұл науқан басталғалы орақты ыңғай ауызбен оратын болғаны осылай зорланудан екен-ау!» деп ойлана барып отырдым. Міне, Фубужаңның көкірек дүңкілін естігеннен бастап, бұл сайраушыларда сыбызғыдай үн мен сыпайы тілді тастап гүрілдеуге көшіпті.

«Шынжаң ұйғыр автономиясының құқығын кеңіту» дегендерін тастап, тұп-тура Қазақстан, Өзбекстан сияқты Ұйғырстан республикасын құрып беруді талап етіп жатыр. Бұл мықтылар осы пікірді ғылымиластыра сайрады: «біздің бұл талабымыз еш уақытта да Жұңго гұңшандаңының басшылығынан айрылып, бүтіндей дербестік аламыз дегендік емес, қайта компартия басшылығын нығайтып, кемелдендіре түсудің талабы. Бұрынғы бағынысты құл ретіндегі бір отар өлкеге тәуелсіздік сипатты құқық беру арқылы Жұңго гұңшандаңының халқарадағы беделін өсіре түсудің талабы!».

«Совет Одағында ұлы Ленин бастап құрып берген одақтас республикалар Совет компартиясының басшылығынан айрылды ма?... Жоқ, қайта ынтымақтаса түсті. Дәрежесі толған ұлттарға республикалық құқық беру арқылы Совет одағының күші ыдырады ма? Жоқ, нығайып, анағұрлым құдірет таба түсті. Мәселен, бүкіл Европаны жұтып күшейген Гитлер фашизмін жойып, қырғыннан–апаттан бүкіл дүние халқын құтқарды. Біздің талап етіп отырғанымыз да дәл сондай социялистік одақтас республика!». «Совет Одағындағы тарихы ең қысқа, бұрын өзін-өзі басқарып, үкіметтік тақ құрып көрмеген ұлттарға да республикалық құқық бергенде, екі мың жылдық тарихы бар, талай-талай қандық тақтары болған ұйғыр халқының дәрежесі мен шарты толмай ма екен!..»

Ағаларым республика жөніндегі армандарын осылай ұтылап қуып, бастырмалатып бара жатқанда Фу бужаңның қорқаққа шығарып қайрауына намыстанып, мен отырдым: «бұл ағалар жеке ауыл болуды талап етіп, жінігіп отырғанда менің күркешемде қазан да жоқ екендігін айтудан қорықпақпын ба! Отау болған семьяда қазан болмайма, қазансыз отау бола ма!... Атамыз отауға бөлгенде қорқау жеңгеміздің қазанымызды алып қалып, бермей отырғанын айтудан қорықпақпын ба!... Тек, ағайындар ара алакөздік туылмасын, тозақы жеңгемді шарқылдатпайын деген ғана ақыл тартыншақтығы ғой менікі. Ынтымақ, берекеміз үшін ағаның өз құлағына ғана күбірлеп, жең ұшымен ала салмақ болуым, қорыққандық болмақ па!... Жоқ, мынау Бужаң бидің «қандай дауың болса да қорықпай сайра – дүниеге жар салып, айқайлап даулас» деуі туысқандар ынтымағын сақтаудың, берекелестірудің сөзі емес!»




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 339; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.009 сек.