Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 8 страница




– Ағайын-достар, мұның ауруы ұрпақтарымызға жұқпасын деп бір-бірден әшкерелеп сөйлеп-сөйлеп ұшықтаймыз да, «кет бәлекет!» дей саламыз!

– Соның үнін шығармай, тыпырлатпай «ұшықтап» болып, жым-жырт жөнелтуге өзім-ақ міндетті болайын!– деп Мақұлбек жалынды ең соңында.

Бұл қызметтес, көршілес, туыстас бауырларын тіліне көндіре алмаған Ынтықбай маған қарады.

– Кейінірек бір сәті түспей ме, осы тойда қоя тұралық!– дедім мен.

Көп қу, шымылдық ішінде жатқан Күләнға қабылдатып болған екен:

– Ынта, Биғаш!– деп шақырды Күлән ақырын ғана. – Осылардың тілегені-ақ болсыншы, көп тілегі ғой, жас ұрпақтарымыздың соған титтей де ұқсастығы болмауы үшін деп ұшықтаса, ұшықтап-ақ шығарсын!

Жігіттер шапалақ соғып, Күләнді жамырай алқағанда Ынтықбай екеуміз де күліп жібердік.

Құлжан келмесе, Тоқбай барып ертіп келмек болды да.

– Келмей Құлжан отыра ма!– деп Нұралы күңгірледі.

– Егер келмесе, атының өзгергені, қарап тұрыңдар, қазыр-ақ келеді!– деген сенімдерін айтысты бірнешеуі.

Шай дастарқанында балаға ат қою талабы көтерілді. Әркім әр есімді ұсына бастағанда тағы да естілді Күләннің үні:

– Көптен ойлайтыным, осы баламның атын Биғаш пен Нұрияшыма қойғызу болатын! – Сөзінің соңы дірілдеп, жыламсырай естілді. Көпшілік тына қалды. Мақпалды шын жүрегімен Нұрияға балап, сол марқұм досын ескеріп елжірегені екенін екеуіміз қатар түсіндік. Мақпал да елжірей қарады, шаралы көзін жаспен жаудырата, көлдей тұндыра қарады маған. Ақбөрте жүзі албырап, алма беті сол Нұрияның бетінше уылжи түсті. Атын сен қой дегендей, бас изей күлімсіреді. Мен сәл ойланып жарияладым.

– Егер бізге берсеңіздер, бұл баламыздың аты Сайра болсын!

– «Сайра!», «Сайра!» десіп көпшілік ду көтерді. Ынтықбай қарқылдап күле құптады.

– Жақсы ат қойдың Биға!...

– Өзің де ойлап келіпсің ғой Биғашым, аса жақсы ат!– деп Күлән ең соңында айтты разылығын. – Балаларымыз өміршең, бақытты болар!

– Қазіргі талап осы болған соң партиямыздың талабымен туада ортақ болсын деген тілекпен қойғаным ғой!

– Жарайды! Жарайды!... Жаңа!... Шыт жаңа ат!...

Майлы қуырдақ, алуан түрлі жемістер жайылып, арақ құйыла бастаған екен.

– Ассалаумағалейкум!– деп Құлжан кіріп келді. Шляпасын қолына алып, жалтырап таралған шашы, бақайына төгілген су жаңа сұр пальто, қызылшар галстук, шығыңқы қарын, алшаң, кеуде де... Аға ғалымша маңғаздана, тым үстем үнмен берді сәлемін.

– Бәсе, айтпадым ба, мұның аты өзгере ме!... Бәсе! –Бәсе! –Бәсе! десіп дүр ете түсті тойшылар. Есқали көтеріңкі дауыспен сөйлей жөнелді.

– Көпшілік бері қараңыздар! Мына қаскүнем арақ желігі деп тағы да жала жауып жүрмесін, тост көтермей тұрып, жаңа тойымыздың жаңа дәстүрлі бір ойынын алдымен көрсетіп алалық!

– Түгел далаға шығалық! – деп Тоқбай мен Нұралы көтерілгенде алақ-жұлақ қараған Құлжанды Мақұлбек бүре түсті, дедектетіп ала жөнелді сыртқа. Құлжан шыр қақты.

– Ойбай ағатайлар-ау, бұларың не!... Өй-өй Мақұлбек, сенікі не?... Қайырма қолымды, қайырма!... Өй-өй, ағатайлар-ау, жазығым не еді!... Өй Нұралы, тоқтатшы мыналарды!... Өй дүлей!... Биғанға... Биғанға, айтып алайын.. айтатын...

– Сен сайтанның періштедей нәресте келген үйде нең бар, шық былай!...

– Демін шығартпа, шалығы тимесін, вирус тарамасын!...

– Қамшы, сарала қамшы әкеліңдер, сарала қамшы.[12]

– Сайтан сайқалды тікен мен итмұрынмен айдаңдар!

– Өй ағатайлар, Биғанды іздеп келдім, Биғанды! Бір ауыз сөйлесіп қана кетемін, айтып қана!... Айтып қана!... Қағазым бар, Биған, Биған!... Ынта аға, Ынта аға!

– Не сөз екен, тыңдашы Биғаш!– деген Күләннің үні естілді. Ынтықбай түрегеле қолқалады.

– Шығып жеке тыңдашы Биғаш, не сөз екен!

Мен шыққанда шұбар сайтан ауланың бір бұрышында қарқылдап күле қоршаған көп адамның алдында кергіде «ұшықталып» тұр екен. Мақұлбекке босат дегендей ым қақтым. Құлжан, қолы босасымен сөйлей ұмтылды маған қарай. Себебі айтылып та, айтылмай да сатырлап қауып кеткен түкірік астынан бетін сүрткіштеп, пальтосының етегін сөзімен бірге далбырлата жетті.

– Биған, Биған, нахақпын, нахақпын! Өздеріңіздің алдыларыңызда еркелеп, қалай болса солай шататын мына қу аузым болмаса, мыналар айтып тұрған қастықтан Құдай біледі, Құдай біледі, ант ұрсын, күнәсізбін, нахақпын, нахақпын! Енді көрсетпесем болмады! – Жанқалтасынан шиыршықтап оралған бір дәптерді суырып алып, маған ұсына жалғастырды сөзін. – Міне, міне осылай сайраған қайсысы бар осылардың? Бірнеше күн дайындап, ханзушаға аудартып, бүгін ғана тапсырып беріп қайттым парткомға. Оқып көріңізші!

– Мұныңа менің не қатысым бар?– дегенімше Рақымқан жұлып әкетті дәптерді. Есік маңдайшасына орнатылған абажорлы шырақтың жарығына апарып оқуға кірісті. Мен де барып үңіле қалдым. Бір бетін оқи сала артына қайрылып «босата тұрыңдар!» деді Рақымқан...

«Құлжанның сайраған пікірлері» деген тақырып қойылған екен. Рақымқаннан басталып айтылып жүрген дұрыс пікір-талаптар, ұсыныстар рет-ретімен нөмірлеп тізіліпті. Партияға қаратылған ала пікір – артық талап жоқ, шайпау тіл де, шарпулы жала да жоқ, мәселе өткізген орынның, жеке басшысының нақпа-нақ өзі аталып жазылыпты. Оқу бітіріп Оңтүстікке лайықсыз бөлінген мына студенттердің де хал-жайы, зар күйі, өз аудан-аймақтарының мұндай оқығандарға мұқтаждығы да пәктікпен көрсетілген екен. Мәселені Әбілемет назырдың бирократтығы мен ұлтшылдығына анықтап тұрып артыпты. Аяғына өз аты–жөнін, орнын, қызметін жазып, қол қойыпты. Дұп-дұрыс, дәл менің ойлап жүргенімдей жазба сайрау!

– Кімге бердің?– деп сұрадым өзінен.

– Лиң Бужаңның[13] тұп-тура өз қолына!...

«Әбілеметтің үстінен жүргізген бұл шағымына қарағанда, бізді оған жамандап шақпаған. Жала жаппаған, Оңтүстікке бөлінгендерге қабырғасы қайысып, жанашырлық талап қоюына қарағанда, олардың ешқайсысына өштігі жоқ... Осы жайттарына қарағанда маған да қастық сайлаған бұл сайтан емес сияқты!» деген ойға келдім.

– Кейін анықталар, осыны тойда шырылдатпай қоя тұрсақ қалай?– деп Ынтықбай мен Рақымқанға күбірледім де, дәптерін соларға қалдырып қақпаға қарай жүре бердім.

– Мына игілікті отырыста мынадай ауыр қалжыңдарыңды қойыңдар жігіттер!– деп бастап Рақымқан мен Асылқан тоқтатты бұл «ойынды». Құлжанды Мақұлбектердің қоршауынан Ынтықбай айырып тазалатып, үйге кіргізіп әкетті. Қақпа сыртынан қайтып үйге кіргенімде торсықша домалай түрегелген Құлжан маған тағы да жанасалай келіп отырды. Мысықша ептеп қана тазара қоятын әдетімен тағы жуып-шаймалай кірісті сөзге.

– Жолдастар мына ойындарың құрбылық әзіл-қалжыңға жарасса да, түкіргендерің жараспайды екен, киімім лезде-ақ былғанып болыпты!– деп күлген болды.

Сайтанымыздың мына жайдарлығына ду көтере күлістік. Әйелдер жағы қашан той тарағанша тоқтата алмады сол күлкілерін. Ән қосып отырып та, тансыда құшақтаса жүріп те сықылықтаса, сақылдаса берді. Оларға ілесе Құлжан да кеңкілдеп күле отырды да іше келе тіпті қатарласа қарқылдады.

Осының ертеңіне «келесі ашылып – сайрау жиыны Шынжаң газеті мекемесінде ашылды» деген хабар тарап еді. Екінші күні маған шақырушы тағы келді. «Партия қызметі жөнінде сайрарлық ешқандай пікірім жоқ» деп бастап, оған да сол жауабымды жаздым. «Айырым істермен жеке адамдарға қойылуға тиісті пікірлер бүкіл әлемге жариялап сайрамай–ақ, қашан да айырым сөйлесу арқылы, иә, үкіметке шағым–арыз жазу арқылы ғана орындалып келе жатпай ма. Қайталап шақырғандықтарыңыздан қайталап айтайын, мен де сайрауға лайық пікір жоқ!»– шақыра бермеулері үшін осы ескертуімді де қосып жөнелттім.

Әділетті тергеушім, сіздің құлағыңызға жақпайтындығына қарамай, Құлжаныңызды «шайтан» атай бердім, шамдана көрмеңіз, әділет алдында шайтанды шайтан атауымыз айып емес. Тек, жала жаппай, анық шайтанды нақтап танып атауымыз шарт болса керек. Бұл жөніндегі таласымды тапсырып жатқан қылмыстарымның дәл осы «жалпылық ашылып сайрау» кезеңінде айтпай қайда айтпақпын. Шайтанның шайтандығын ескере тұрып-ақ логикаға құрмет етіп, сиымды-нанымды қиысын таба қойған жерінде нана салатын, аңқаулығынан емес ақ көңілдігінен шындықтың сілекейі тамған жерде-ақ кешіре салатын мендей адамды «жын-шайтан» атағаныңызда нақ шайтанды шайтан атауым, күнәһәрлық – әнзі аударғандық болмас.

«Шайтан дегеніміз – құбылмалы, аса сайқал, алдампаз, аздырғыш, құйрығымен құйын соқтырып, шаң-тозаңмен тұмандатып, иә, көз байлап ойнайды. Шайтан жүре алмайтын жер жоқ. Адамзат қайда болса, сонда дайын қапысын, жаза басуын күтіп тімтініп жүреді. Ондай орайы табылмағанда қолтыққа, ет пен терінің арасына, тіпті, жүрек қуысына кіріп алады. Өкпеден түртіп досты – досқа, жарды – жарға өшіктіреді. Бірін-біріне салады... Бірінің көзін біріне ойғызады. Мұрат–арманы, барлық құмары – құныққаны осы ғана» – тарихтан бері аңыз болған «шайтан» атаулының өзгермей келе жатқан бірден-бір дұрыс образы осы емес пе. Бүкіл тұлғасына ұзақ тарих ұрған сондай факттық таңбасы тұрғанда мұны өз мүддеңіз бойынша өз қолыңызбен өзгертіп қайта жасау мүмкінбе, бекер әуіре болмаңыз құдіреттім! Кімнің кім екені, өзінің ашық та жасырын, ілгерінді-кейінді барлық қылықтарын жиғанда ғана көрінеді. Марксизмнің «шындықты іс жүзінен ізде» дегені – қолтығыңнан жылтыңдаған жауыңның тұмсығына ғана қара дегені емес, тұла бойына үңіл дегені шығар. Әлде «шайтан тану» ғылымына келгенде өзіңіз үшін бұл қағида керексіз бе?

 

 

«Мұғалім, жаздық демалыс уақытымыз өтіп барады. Үйіміз алыс, тезірек барып қайтайық!»

«Биыл қайтпайсыңдар, сайрауға дайындалыңдар!»

«Сайрайтын пікірім жоқ, оқушымыз ғой!»

«Пұт пен өліктен басқаның бәрінде қателік болады, оны түзету үшін әрине пікір болады. Оқу жағдайларың жөнінде тіпті көп. Партиямен үкімет орындарынан, қоғамнан, мектептен көрген, білген, естіген мәселелеріңді сайрауға дайындалыңдар, ойлансын деп уақыт беріп отырмыз»...

«Мұғалім, бөлінген қызмет орнымызға жүргенше, үйімізге барып келе қоялық!»

«Үйді қоя тұрып, сайрауға дайындалыңдар!... Ешқандай мәселені жасырмай сайрап, партияға, мектеп пен қоғамға төңкерістік үлес қоса кетіңдер!»

«Мен сайрайтын ешқандай пікірім жоқ. Бөлген жерлеріңізге разылықпен-ақ баратын болдым ғой, не пікірім болмақ!

«Пұт пен өліктен басқаның бәрінде мәселе бар, мәселе бар жерде әрине пікір бар. Уақытты қолдан бермей, жақсы ойлан, пікір көп!»...

Институттың факультет басшылары екінші жылдықтан жоғары класс студенттерінің рұқсат сұрағандарының бәріне осылай жауап айтыпты. Бірінші жылдықтан басқасын демалысқа сайрау біткенше қайтармаймыз деп жариялапты.

Оңтүстікке бөлінген қазақ оқушылар сайрауға қалдырылғандықтарына қуанып, шапалақ соға қарсы алыпты. Соның ертеңіне-ақ сайрай жөнелуге асығып тыңдаушы іздепті олар. Бұрынырақ сайрап, істері бір жайлы болғанша үйлеріне барып келу жөніндегі талаптарын мектеп басшылығына мәлімдеп қойған екен. Автономиялы райондық үкіметтің төрағасы «ЗИМ» машинасын жарқыратып, «Шынжаң ұлттар институтының» дарбазасынан кіріп барғанда пікірімізді тыңдауға осы кісінің өзі шыққан екен десіп, жиыла қалыпты. Бұл мектептің құрметті бастығы осы кісі. Көне мұғалім. Бұрын оқу-ағарту назаратының назыры болып та істеген. «Оқушылар талабын дұрыс түсінерлік, жүзі жылы ғылым адамы» болғандықтан үнімізді осы кісіге бір жеткізсек деп армандап жүргендерінде жарық етіп өзі келген жарылқаушымыз деп қуаныпты.

Ол кісі Юанжаң[14] кабинетіне барып кіргенде тәртіппен шұбап барып, сол кабинет алдына тізілмесін бе. «Пікір-талабымызды осында жеке бір тыңдамақ қой, шақырар» деп тосыпты. Бірақ, сырттан ешкімді шақыртпай, төраға мен соңындағылары қайта шығып жүре беріпті. Және еріпті шұбырынды үміткерлер. «Кеңірек бір жиын залына сайратар», «бәсе бұл кабинетке сиямыз ба» – деп күңкілдесе шұбапты.

Төраға кіші залдан, орта залдан, үлкен залдан, тіпті клубы бар кварталдардан да өтіп, алаңдағы машинасына беттепті. Өздерімен зауқы жоқ екендігін сонда түсініпті арызшылар. Түсінсе де ере беріпті. «Балалар, мен де бір бұйымтайларың бар ма еді» деп бір сұрар деген үмітпен еріпті. Сұрамақ түгіл соңында мұншалық шұбырынды барын да сезбегендей, машинасының ашыла қалған кейінгі есігінен сүңги беріпті төраға.

«Үй-үй, тым болмағанда бір ауыз дәтімізді айта алмай қалғанымыз ба?»

«Алдына шығып көрінейікші»– десе ұмтылыпты арызшылар. «ЗИМ» ның алдына қатар келіп тізіле қалыпты. Машина маторы жұмсақ қана «тррр» депті де, құйрық жағы сыпайы ғана «пырқ–пырқ» депті. Жөн сұраған ешкім жоқ.

«Райысқа[15] айтатын арызымыз бар еді!» –деп дауыстапты сөзді Қапас бастап. Түкпірдегі марқасқа жазық қабақты «райыстың» еріні жыбыр ете түсіпті де, шофердың қатарында отырған қызметкері дүңк ете түсіпті:

«Не арыз, жазып жолдаңдар!»

«Алдымен райыстың өзінен төте сұрап түсінетін іс еді!»

«Жазып жібер деді ғой, намайшы[16] көтермексіңдер ме, босат жолды!»– қызметкер зекіріп жол ашыпты да, машина «фуй-фуй, пышт... е-е-и-и..и-си!» деп жөнеле беріпті.

Төрағаны аттандыра шыққан жуан қара юанжаң шығыңқы ала көзін жарқ-жұрқ еткізіпті де түксиген күйі өз жөніне жүре беріпті. «Сендерге менің көзімнің осы ағынан басқа жауап жоқ» деген ишара екендігін түсініп болған арызшылар да қолдарын арттарына түксие қайрып жүре беріпті. Ләм деспей тарапты.

Сол күні кеште біздің үйге келген Қапастан осы жайларын естіп, бұл жөнінде топталып талап қоюдан сақтануларын ескерттім.

– Әрқайсыңның арыз-талаптарың өз алдына жеке-жеке қойылсын. Сайраудың тәртібі де солай болғаны жөн. Пікір бірлестіріп сайрамаңдар! Бастықтарды қорқытпақ болғандай шамдандырып алатын, иә, кінә тағуға сылтау болатын тігіл көріністен сақтана тұрыңдар! Тіпті, топталып мұңдасуда, ыңғайласып бірге жүру де болмасын!... Максизм–ленинизмге адал болыңдар, әрқандай мәселеге сол майданда тұрып жауап беріңдер!

Идеалогия жөніндегі соңғы қосымшама Қапас қарқылдап күлді.

– Біз кері төңкерістік әрекет жүргізер деп күмәнданып отырсыз ба?

– Сендерге өшіккендер сөз-әрекеттеріңнен сондай кілтипан таппай мұқата алмайды. Тіпті қазіргі кері төңкерісшілер де өзінің төңкерісші жауын кері төңкерісші етіп көрсетпей жеңе алмайды!–дегенімде Мақұлбек кіріп келді. – Барлық істің табысы мен жеңісі, әрбір адамның өсу жолы марксизм мен лининизмге табанды болуда ғана!

Мақұлбек Қапасқа амандасу ишарасымен ерін жыбырлатып қана томсарды да, Қапас ондай дұрдараздық сездірмей ашық-жарық амандасты. Бәсекелесіне көңілді көрінгісі келгендей жұқалтаң сопақша ақсұр жүзін аша, жанарлы қоңыр көзін күлімсірете қарап еді, ол келгенде. Енді Мақұлбек те жылы татулық шырай көрсетуге тырысты.

– Істерің қалай болып жатыр, Қабе?

– Салпиып жатыр! – Қапас осылай жауап қатқанда Мақұлбектің томсара амандасқандағы қалың ерінін суреттегенін түсініп, күліп жіберіп едім, іле-шала дұрыс жауапқа айналдырып түзеп әкетті. – Әлі сол қалпы. Сөйтсе де сайрауға дайындалуымызды тапсырды, содан ғана үміттеніп тұрмыз.

– Әп, бәле, олай болса жеті әкесін жездей қақтап, түбін тесе сайраңдар! Солай тесілген жерінен түсіп қалмасаңдар, кеткенің кеткен!

– Жә өзің қалай сайрадың, соны айтшы?– деп әдейі мен сұрай қойдым өзінен. Мақұлбек кідіріп қалды да, оның жауабын Қапас қайтарды.

– Бұл кісі «түбін тесу» міндетін бізге береді де өзі бетіне шыққан майын қалқиды. Сондай «қамқор кісі»!

Бұл сөзге Қапас екеуіміз қатар күлдік те Мақұлбек томсарып «салпия» жауап қатты.

– Бастығымыз бұғып үнсіз жатқанда біздің сол сайрауымызда жетер!

Мен енді шындап тергедім.

«Сол сайрауың» қайсы?.. Соны айтшы! – Мақұлбек үнсіз тұқырды. – Бәсе, айтарлық ештеңең жоқ көрінеді ғой! Ал, басқаларға «түбін тес», «ақырып сайра» дейтіндерің не?

– Құлжан екеуің мені қашаннан бері «бастық» сайлап алып едіңдер, соны айтшы тым болмаса!

– Сол Құлжан сұмырайға мені қосақтамаңызшы Биға!– деп Мақұлбек күліп жіберді.

– Сөздеріңмен-ақ қосақталып жатпайсыңдар ма!... Екеуің Құдай қосқандай дию мен сайтан болып құшақтасып жүргендеріңде мен қалай айырмақпын!

– Әнеу күні сол сайтаныңызды іске алғысыз қып масқаралап, сізді қайтып иектей алмайтын етіп шығармақ едім. Өзіңіз кешіре салмадыңыз ба!

– Мұның рас, сөйтпек едік. Бірақ, сол құбылысың таңданарлық іс болып қалды. Оны сыңарынсыз жалғыз қалай шырылдатарсың! – Үшеуіміз қатар күлдік.

– Құдай рас сақтаған екен мені! –деп, сол құбылысына сүйінген Мақұлбек қаттырақ күлді. – Кей сөзімнің сол сайтан тілімен бірдей шыға қалатыны рас, қалай арбалатынымды білмеймін. Енді сонымен қосақталып түкірмеу үшін тырысармын-ақ!...

Осы сөзімнен рақайласқандай, түскі тамаққа үшеуіміз бірге отырып едік, үстімізге Юсуп Қасым келіп, төртеу болдық.

– Әнеу күннен бері Ясын екеуіміз онымен үш рет сөйлестік. Жауабын кейін айтармын,– деп Юсуп күбірлеп қана қойды. «Кейін айтармын» дегені – оңашалық күткені екенін түсінген Қапас, ести сала жұмыс барын айтып шығып жүре берді де соңынан Мақұлбек те жөнелді. Іле-шала Юсуп Қасым бастады сөзін.

Әбілемет маған өшігулі екен. Юсуп пен Ясын алдымен сол мәселені шешіпті: «Биғабіл сізді Шынжаң мәдениетінің тірегі деп барлық отырыстарда мақтап жүреді. Бек жоғары бағалап құрметтейтіндігін, тіпті, өзінің қазақтарымен сөйлескенде де неше рет айтқанын естідік» деп бастапты да, жоқтан солай құрастыра келе «қазақтар арасында сіздің бірден-бір білікті қорғаушыңыз – Биғабіл» деп түйіндепті. – «Оған өшіксеңіз, өзіңізге Шынжаңдағы барлық қазақты өшіктіріп аласыз. Қызмет орны мұндай болғанымен ол, осындағы қазақ оқу-ағартуының ең негізгі өкілі. Қазақ арасында оның сөзі – сөз. Осы екі ұлт арасындағы мықты ұйытқы да осы Биғабіл» деп түсіндіріпті.

– Әбілеметтің сенгендігін, әр сөзіміздің арасында «солай ма», «солай ма» дей бергеннен білдік,– деп Юсуп Қасым қарқылдап күлді. – Әбілеметтің жүрегінде марксизм емес, бірінші өзі, екінші ұлты ғана бар. Сөйлесе қалсаң, сол майданына шығып алып сөйлемесең жолың болмайды! «Жолдасың соқыр болса, көзіңді қыс» дейді ғой, оған барғанда біз де осылай сөйлесеміз...

Юсуптың бұл сөзін таңырқай қарап тыңдадым. «Үш аймақ үкіметінің алғашқы кезеңінде көпшікші болудан жиреніп, заң қызметіне қолқаласа да шықпай қойған осы тура мінезді досым азғындап, өзі жиренетін сол көпшікшіл-қошаметшілдікке мына жаңа дәуірде ауып кеткеннен сау ма?» деген ашынышты таңданыс еді мұным. Мұндай сөзін қысқартқым келді.

– Мақұл, мен де Әбілеметпен сол майданында тұрып сөйлесейін! Құйрығына Құлжанша кіріп алып, шықпай қояйын! Бастықтың бір көзі соқыр болса, мен екі көзімді де жұмайын! – Қарқылдап күліп алып сұрадым, – жә, назырдың соңғы сөзі не болды, соны айтшы!

– Міне Ясын екеуіміздің қауіптенген жерімізден және шықтың! – Юсуп Қасым да күлді. – Әбілеметтің мінезімен мүлде шығыса алмайтыныңды біліп елші боп жүрмейміз бе!... Өзінше сөйлеспей болмайды онымен! Әулиеміздің саған қаратқан ала көзін осылай түзеттік те, сені өзіне шағыстырып жүрген «шайтаныңның» сырын ашып түсіндірдік. Олардың шағыстырудағы мақсатын дәл өзің айтқан факттермен ұқтырдық. Ол арқылы үстілерінен жалған материал түскен Құмар мен Қапас та ақталды. Сенің айтқан басқа пікірлерің мен факттеріңнің бәрі де өз пікіріміз болып айтылды. Толық айттық. «Өзіміздің мұқтаждықпен әрең өсірген жас мамандарымызды бір қазақ бастық келіп, дәл осының керісінше бөлсе, өзіңіз қайтер едіңіз?» деген сұрауды Ясын Әмәт қайталап қойып отырып алды. Ха-ха-ха-һа-һа-а.. «Хотаннан әрең келіп оқып жетілген үш-төрт қызыңды Хотанға лайық емес деп, Алтайға қусашы?» дейді және.

– Оған не жауап айтты?

– Жауап бар ма оған, сәл түйіле бір қарап қана қойды. «Туысқан екі ұлттың ынтымағын осындай іс бұзбай ма!» деп Ясынның өзі айтты жауабын.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 367; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.073 сек.