КАТЕГОРИИ: Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748) |
Кэрол Дуэк 6 страница
– Көрдім, ал оны қайт демексің маған? – Көздерінен көшеде ағып жүрген бұлақтарын, арман дағдарысының жап-жас жүздерін жыртқан ділгірлік әжімдерін көрдіңіз бе? – Жыласа жылай бермей ме олар!... Әлден қызмет таңдаса, кейін не оңдырмақ! «Баланы жастан, қатынды бастан», қай жерге қойсаң сол жерде тұратын жақсы мұғалім етіп шығару үшін қалай тәрбиелеу керек, педагоксың-ғой, осыны да білмейсің бе? Бұл добалаң томырық томарды ерегестіріп алсам, оқушылардың обалына қаламын ғой, шамына тиіп алмау үшін тағы да жұмсақ жауап қайтаруға тырыстым. – Жауабымды да арызымды да айтып шығайын, сабырмен ашусыз тыңдауыңызды өтінемін: «баланы жастан, қатынды бастан», «қайда қойсам сонда тұр» деп өз бала-шағаңызды сол қияндағы оқытушылыққа әрине жібермейтін шығарсыз. Ал, бұл балалардың ауылы Үрімжі маңында да емес, Шинжаңның сонау Солтүстік-батыс шетінде. Енді Оңтүстік шетке – сонау құм мұхитының аржағына, такламаканды айланып өтпесе болмайтын, айшылық құм кешетін аса ауыр жолға жіберілмек! Сол жақтан келіп оқу бітірген көдеден көп студенттерден жібертсеңіз, мұндай жазалау – жер аудару мағынасы шықпайды ғой! – Қызметке тағайындауымызды «жазалау – жер аудару» демекшімісің!... – Демекші ғана емес, деп отырмын! – күліп жібердім. – Себебін тыңдаңызшы! Жаңа мен өз ауылдарынан соншалық шалғай жерге бөлінгендіктерін ғана айттым ғой. Бұл шалғайлық, біріншіден, бірқанша жыл қиыншылықпен әрең өсіріп, әрең оқытқан әке-шешесінің күткен жақсылығынан – үмітінен айыру. Екіншіден бірнеше жыл сынасып, өмірлік болып табысқан махаббаттарынан айыру емес пе, бұл жазалау болмай не болмақ! Әсіресе бойжеткен қыздардың бүкіл өміріне, тіпті тағдырына байланысты жазалау болып қалмай ма!... Кей қыздар мен жігіттердің «айрылыссақ тіршіліктің қажеті жоқ» дегендерін де естіп келіп отырмын. Олар үшін бұдан ауыр жаза бар ма?... Жаңағы сөгісіңізде сіз менің «педагогтігімді» де дүрелеп тастадыңыз. Оңтүстікке осы бөлінген оқушыларыңыз ұйғырша тілге түгелімен шала сауат. Ол жақтың тұрмыс-салты жақтарынан мүлде сауатсыз. Ал ондағы жас оқушыларға лекциясын қалай түсіндіре алмақ! Қалай баурап жақсы тәрбиеші бола алмақ! Ол жағынан жетік ұйғыр сабақтастарын Солтүстікке алып қалып, осы сауатсыздарды жіберу, педагогикаңызға сия ма!... Бұлар ол жаққа тәуірлеу оқытушы болу үшін кемінде екі-үш жыл тұруы қажет. Соншалық ұзақ тұруға қайсысы шыдар деп ойлайсыз? Бір жылдан соң-ақ «әкетайым», «апатайым», «туған жайлауым», «сүйіктім» деп тұра қашпай ма бері қарай!... Олардың бұл сергелдеңі сіздердің қызметке сарпалдаң сырапшылдық болмай ма! Интернационализмші педагогім, сөйлеп болған шығарсың,– деді Ахыметқан аз ойланып алып. – Осы ұлтшылдығыңды енді әкеліп маған жұқтырмай-ақ қойсаң қайтеді! – Менің осы сөзімнің ұлтшылдығы қай жерінде тұрыпты? – Жаңағы айтқаныңдай «басқа біреуден басынушылық – қорлау көріп жүрген кім?... Сол боқмұрындарыңды жатсынбай өз жеріне шақырып, құшақтарына тартып жүрген достарды «басқа біреу» десең, ұлтшылдық емей не болмақ! «Мақұлық!» деп жібере жаздап, сол мақұлықтығын көзіне көрсете сөйлеуге оқталып барып өзімді әрең тежедім. Бәсең ғана түсіндіруім жөн еді. – Өз «боқмұрындарын» білім тәжірибе жағынан тез өсіретін орталық мектептерге алып қалып, өз оқығандары беттемейтін сонау шеттегі түкпірлеріне сіздің «боқмұрындарды» айдауы, бойжеткен қыздарыңызды көшеде еңіретуі, «құшақтарына тартуы» болмақ па!... Сол алыс шетке жіберуге сол маңнан келіп оқыған өз "боқмұрындары" жетпей отыр ма? – Аудандарына жетпей отыр!– деп зекіді бастығым. Тосылатын жеріне жеткен соң мен, үнімді тіпті бәсеңдете сұрадым. – Осы бөлінген «боқмұрындарыңыз» өз аудандарына жетіп отыр ма?... Егер бұл жаққа жетіп, ол жаққа ғана жетпей отырса, менің бұл талабым астамдық ұлтшылдық болсын, фактіге жүгінелік, қане, осындай жоғары мектеп бітірген «боқмұрындар» қазір әр аймақта қаншадан екен, біздің аймақтардағыдан қаншалық кем екен, мына кадрлар бөліміндегі тізімнен көзіме түртіп көрсетіп беріңізші! – Бастығым жауапсыз тұқырды да мен бастырмалата өтіндім. – Егер бөлініс тең болса, мен жеке ұлттық мүдденің иті болып үрген болсам, бұл қылмыстан мені сол тізімді көзіме ұрып көрсету арқылы ғана құтқара аласыз! Бұл сынды ұлтшылдық ауруы осы бөлістеріңізді естіген көп бауырласыңызды бұзды. Мен бүгін соларға өкіл болып келіп отырмын. Бұл ұлтшылдықтан мені құтқарсаңыз, көп адамды құтқарып, зор сауап табасыз – шынайы ағалық қамқорлық еткен боласыз. Қане, мәрхамат етіп, сол тізімге апарыңызшы мені! – Үй шырағым, үй, осы іске сенің араласатын тіпті де жөнің жоқ!– деп тағы кідіріп, ойлана түсіп сөйледі. – Тізімді көруге барсаң, мына түріңде ол екеуімен тіпті шармаяқтасасың! – Ақыметқанның «ол екеуі» дегені, назараттың үлкен назыры мен оның кадрлар бөлімінің бастығы екенін түсіндім. – Көзіме ұр деп отырып, көздеріне ұрып, арамызға бітпес жік түсіретін сияқтысың, сен кіріспе бұл іске!... Мен олармен ертең өзім жеке сөйлесейін, осы пікіріңнің бәрін айтайын! – Е, жөнін енді таптыңыз, мені ұлтшыл деп жазғырғанша нағыз ұлтшылды тауып жазғырсаңызшы!... Кеше бір топ интеллигент мені де «жанбағар» деп сізге қосақтай жазғырған соң келіп отырмын. Енді бүгін сіз ұлтшыл деп жазғырсаңыз, обал ғой маған. – Олар кімдер? – Олар өздерінің айтуынша «алдымен өз ұлтының қызметкерлері, онан соң интернационализмші!»– деп әдейі жалпылай таныстырған болдым да олардың сөзі етіп бастығымды өз пікіріммен қарқылдап күле ұшықтадым. – Олар да мені «интернационализмші» деп кекетті. «Өз ұлтына қызмет істеп жарыта алмаған адам, интернационализмші болып басқа ешкімді де жарыта алмайды» деп сындады! – Аттары кімдер деп сұрап отырмын? – Олардың ең алдыңғы белсендісі, сізге «тілдеді, иянаттады» деп мені шағыстырған «белсендіңіз». Ал, олардан басқа да жазғырып жүргендер көп, қайсының аузын баса алармыз! – Не деп жазғырады сонда? – Атқа жеңіл көріп мені көп тартқылап, көп айтысты: «егер қазақ халқы, қазақ оқушылары болмаса, бұл жердегі бұл қызметке сендерді кім керек етер еді, соны неге ойламайсыңдар!» деп шұқшиды. «Сен де осы қазанның басындасың. Бастықтарыңа айтып, облыстан келген оқушылардың обалына қаратуға міндеттісің!»– деп саусақтарын шошайтады. «Олардың көз жастарына алдымен сендер қарамай, жанбағарлыққа салынған соң басқалар қомсынуға, тіпті, иесіз малдай қорлауға дейін жетіп отыр. Мәселен, бойжеткен қыздарың мен мұртты жігіттеріңнің жағдайларына қарамай айдап, «махаббаттарың керек емес, айрылыссаң айрылса бер» дегені, малша бөлу болмай немене!»– деп столымды шапалақтайды. Ендігі бір пікірлері тіпті ауыр, сізге айтпай-ақ қояйын!– деп әдейі тоқтата қойдым сөзді. – Айт, бәрін айт! – түксие түсті бастығым. – «Ұлтшыл болып кетемін деп қорқып, өзіне артқан міндетін орындағысы келмесе, ұлт атынан мәнсап алып, өзінің қарабасының қамын ғана күйіттесе, айырым алакөз зорекердің жанды қуыршағына айналып, не деседе қол қойып, шұлғи берсе, зорекердің қамшысына айналып өз бауырларын оның бөлген жағына шықбыртып айдап шығара берсе... (бастығымның көзі маған қарап бадырая түсті. Өзім құрастырып отырғанымды сездірмеу үшін «осы төртеуі ғана ғой деймін» деп өзіме-өзім бір күбірлеп алдым). – Арқа тірек боларлық ағайларымыздың жанбағарлығы осылай дами берсе, сеніп міндет артқан халқымыз не болмақ, біз не оңбақпыз!» деп кіжініседі. Бірі емес, бәрінің аузынан осы шықты. Өзімді де қосақтап жауапқа тартқан соң, «мен білмеймін, оқу құрал құрастырушы ғанамын, осы пікірлеріңнің бәрін жеткізейін!»– деп уағда беріп құтылдым. – Олардың өздері неге келмейді, менің сыртымнан дүрілдегенше анау билерге неге қоймайды бұл талаптарын? – Бастығымның ашулануынан ба, намыстануынан ба, бұрқырап шыққан маңдай терін сүртті. Бір қуатты қол алқымдап жатқандай тұншығыстан тығылып, күрең бөртеге айналыпты. Күліп жібере жаздадым да түйіліп алып жауап қаттым. – «Біз басқа қызметтегі адамдармыз» дейді олар, «билеріңмен сөйлесесіңдер ме, сойылдасасыңдар ма, бұл мәселені теңдікпен дұрыс шешу, сендердің төл міндеттерің, халқымыз сендерді осы қызмет үшін қойған, жан бағу, қуыршақ болу үшін қойған емес, орындай алмасаңдар дәл былай сайраймыз, сарттарыңда ісіміз жоқ, сендерді ғана танимыз!» дейді. Мен оларға: «мұны жұртшылық алдында сайрамай қоя тұрыңдар, бастықтарымыз өзара сөйлесіп, қайта ойласып көрер, жауабын мен сұрап берейін!» деп қайтардым. Өзім де қатты намыстандым бұл сөздеріне. Алдыңызға ертең және келемін. Сол тізімге жүгініп отырып сөйлеспей болмайды, басқа лажымыз жоқ! Есептеспей есе-теңдік жоқ екен!... Осы сөзбен ақыл көмегім де, қайрауым да жеткен шығар деген қанағат пайда болды. Айтарымды айтып болған соң «демалыс уақытын жеп қойғаныма» кешірім сұрап қайттым. Тат басқан можа қанжарды шарыққа салғандай Ақыметқанды мына қажаған қажасыма миығымнан күле шығып едім. Төр жақтағы Әбілемет назырдың үйінен қараңдап біреу шығып келеді екен. Іңір қараңғылығынан тани алмай тұра қалдым. Ол да сол жеткен жеріне тұра қалды да, ұзыншақ ауланың қарсы жақ бүйіріне қарай бұрыла жөнелді. Ол бет алған қарсыда үй де, дәретхана да, тіпті, еркек итше сари салатын далда да жоқ болатын. Сұр пальтосы мен шляпасына, бой тұрқының ол киімге үйлесімсіздеу көрінуіне қарағанда Құлжан сияқты. Ол жаққа не жағдаймен бұрылғанын байқағым келіп еді. Арт жағымдағы Ақыметқан үйінің есігі сықырлады. Тұра алмай дарбазаға беттеп жүре бердім. Артымнан Ақыметқан шыққан соң Құлжан да қарсы дауал түбіне жетпей бұрылып, соңымнан жылжыды. Дарбаза алдына келіп тосып тұра қалдым. Жеткен жеріне ол да тұра қалды. Тоқтамайтын жерде тұрып қалғандығына ыңғайсызданғандай, өз жанқалтасын тінткілей берді. – Құлжанбысың ей, жасырынбақ ойнап жүрмісің?– дей үңіле қарадым. Ол, қақба маңдайындағы электр жарығына ашулы шыраймен түйіле қарады. Өз мінезі бойынша күлетін қалжыңыма бұлай түйілу де күмәнімді қоздыра түсіп еді. Бірақ, жауабы өз қылықтарына тым үйлесімді шықты. – Е, Биған екенсіз ғой. Үлкен жауыздың алдынан ызаға булығып шығып, тым болмағанда ауласына сие кетейін десем, өзіміздің жауыз шыға келмеді ме! – Үлкен назыр жаңқалтаңдағы ақшаңды ұрлап алып қалғаннан сау ма?– деп, орта жолда маған танылмай қалу үшін жаңқалтасын ақтарған болып тұрып қалғанын қағытпаладым. – Немесе бұл жерге де сарымақ па едің? – Бүгінгі ызасы үшін аузына сарсам да сауап еді, амал қанша!– деп күрсінді ол. Өте бергенінде қатарласып жүре сұрадым. – Не істеді соншалық? – Кешегі тапсыруыңыз бойынша Оңтүстікке бөлінген қазақ студенттердің қиыншылығын мен де жеке бір айтып сөйлесейін деп кіріп едім, сол сөзімді бастай бергенімде-ақ тиып тастады. «Бұл іске кірісетін хақың жоқ» дейді! «Хақым болмағанымен азаматтық пікірім бар назыр аға, бір минут қана тыңдаңызшы!» деп қайталап өтінсем, тіпті қатайды: «білемін пікіріңді, кешіне Биғабіл бас бір топ тар меллатшы[7] қазақ бірлесіп, біздің үстімізден не тоқығандарың мәлім. Жоғал көзімнен!» деп бір-ақ зекіді. Амал жоқ, шығып жүре бердім. Кешегі әңгімемізді бір оңбаған келіп жеткізіп, шағыстыра қойған сияқты... қазақ оңама! Ойланып қалдым: «дәл сендей екі жүзді күншіл-жікшілдер оңса, қазақ оңар еді!... Оңтүстікке айдалатын қазақтарға достық емес, қастық сайлап келгенің шығар! Құқықтыларға бізді шағыстырып өшіктіріп қойып, пікірімізді өткізбей тастау үшін жортып жүргендерің ғой!... Құмарлар осы бетімен жоғалса, Ақия-Қапиялар біздікі дейтін шығарсыңдар!... Дәл осы сөзіңде мені оларға ара түсірмеу үшін Әблеметтен қорқытып қоюда жоқ емес-ау!»– деген оймен мырс ете түстім. – «Ал, өзің кешегі сол отырыстағы «тапсырмамды» орындап назырға сөйлесу үшін кірген болсаң, шыққаныңда менен не үшін жасырындың сонша?» деп сұрай жаздап бөгелдім. Бәрі-бір сол «сари кетпек едім» дейтін жауабын қайталайды ғой, су жұқпас сайтанның бұл жауабы да қисынды жауап! Әбілеметтің алдынан ызаланып шыққандай тұнжырай қалуы да қисынды. «Бұл сайтан, оқыған логикасын түгелімен өтірікшілігін сайқалдығына құрал етіп алған, қу сайтан ғой, бұл жүрісінің сыры қалай ашылар?» – Ақыметқанмен сөйлестің бе?– деп сұрай қойдым тосыннан. – Жоқ, кірмедім. – Алдымен соған сөйлесіп, құптатып алатын жөнің бар еді ғой? – Алдымен үлкенмен сөйлесіп, мақұлдата алсам, ол кісіге сонан соң кіріп қузамақ едім. – Теріс жағынан «қузап» шағыстыруыңа ол кісі тіпті тез нанады екен!– деп жымия бағдарладым. Жалт қарады жүзіме. – Ол кісіні «жанбағар» деген мен бе едім кеше? Бұл сұрауыма Құлжан жауапсыз тұқыра беріп, жалтақтай сұрады. – Не, не дейді, ұрысты ма? – Ұрысқанды былай қойып, шапалақпен тартып жіберді жағыма! Құлжан күлкіден қысталғандай шиқ-шиқ ете түсіп томсарып, долданғанси қалды. – Япыр-ай, әкеңнің аузын.. Қай ит екен бұл шағыстырып жүрген?... Осы қазақ оңбайды! –деп кіжінді. – Япыр-ай, ғылым қасиетін білмейтін шошқа екен-ау!... Биға, анау Әбілемет дегенің, тіпті, қабанның дәл өзі екен. Олармен енді оңаша сөйлесіп көндіремін деп алтын басыңызды қор қылмай-ақ қойыңыз! Тілдетіп, ұлтшыл дегізіп, жер болып шығу сізге лайық емес! Көпшілік алдында өздерін масқаралап сайрай берейік онан да! Бүкіл халық алдында сөйтіп өздерін жерлейік!... Ал, Ақыметқанның ол жыртқыштығына не жауап қайтардыңыз? – Не деймін, мәнсабы ғана емес, жасы да көп үлкен аға ғой, мен де шығып жүре бердім. – Япыр-ай, тым жасықтық қып қалыпсыз-ау!.. Сіз, біз сияқты емес, салауатыңыз жоғары ғой, қарнына бір-ақ теуіп, шалқасынан түсірмегеніңіз-ай әттегене! Сөзіңізді сөйлеп, сойылыңызды соғатын біз де бар едік қой артыңызда! – Құлжан осылай жыпылықтата сөйлеп келіп, тосыннан үңіле қалды жүзіме! – Е, бәсе, күлкі бар жүзіңізде. Сіз шапалақтатып қарап тұрасыз ба оған!... Не дейді, талабыңызды қабылдады ма? – Жә, жатағың анау жақта қалды, қайт былжырамай!– дегенімде Құлжан қолтығыма жабыса түсті. – Жо, жоқ, әнеу дүкеннен... қолымнан дәм татқызып, үйіңізге өзім апарып салып қайтамын. Мына иен көшеде артыңыздан біреу... қастық қып кетер!... Көзімнің қарашығындай қорғағым келеді Биға сізді, жалғыз тіпті де жібермеймін!... Сөйтіп Ақыметқан не сөзбен қайтарды сізді? Ертең біз де кіреміз ғой... – Сен кіріп болғансың, тағы кіріп, тағы айыр құйрықтылық істемексің бе! Шапалақтың ата-бабасын көрмей тұрып, кө...іңді қыс енді, қайт жөнел! Құлжан Ақыметқанның алдына менен бұрын кіргендігін де, «айырқұйрықтылықты» да білмейтінсіп, қақас қалдырды да тағы өтінді. – Жоқ, бізді қайтсе өйтсін, сіздің пікіріңізді қабылдатпай тынбаймыз! Айтыңызшы, не деді Ақыметжан? Ертең бүрсікүндер мен де сайраймын ғой, бізге құрал болсын, айтыңызшы! – Өй мен саған құрал беріп сайратпақпын ба!... Күндіз-түні күбірлеп, өз бетіңмен-ақ «сайрап» жүрсің ғой, өзіңе жақса сайрай бер соныңды!... – Кімге күбірлеппін ағатай-ау, айтып жазалаңызшы!.. Сіздің пікірден басқаша сайраған болсам, ант ұрсын! – Антың қалай, салтың қалай өзіңнің?... Осыныңмен қайтып адам боламын деп жүрсің!... Тек, ашық сайраған пікіріңнен көрмесек, сенің сөзіңе сенетін, күбіріңді адамның күбірі деп тыңдайтын кім қалды!... Айтып қояйын, өзіңнен басқаның бәрін ақымақ санайтын осы қалпыңмен кете берсең ақымақтықтың көріне өзің кіресің! Саған арнаған жанашырлық кеңесім осы ғана, осы сөзімді ұмытпа! Бар қайт, ойлан! – Басқаша күбірлеп жүрген болсам, иттің баласы болып кетейін!... Жүріңізші, әнеу дүкеннен бірдеме іше отырып әңгімелесейік! – Ішпеймін! Бүгінше әңгімеміз осы ғана, хайыр! – Қолымды қатты сілтеп тастап жөнеле бердім. Көмекші әйел үйіне қайтыпты. Мақпал үйде жалғыз отыр екен. Қанат жазған аққуына ұша жетіп, шешкен пальтом мен шляпамды алды да киім ілгішке ілді. Екеуміздің құшақтаса кетіп, билей жөнелген аяқ дыбысымыздан оянған аппақ ұлды алдыма әкеліп беріп, дастарқан жасады. – Мені осы Үрімжіге бөліпті. «Басқа ешкімге айтпай қоя тұр» дейді ғылыми меңгерушіміз. «Қашанға дейін айтпайын» деп сұрадым әдейі. «Шетке кететіндер жүріп болғанша!.. Алысқа кететіндері наразы болып жатыр» дейді. «Назараттың кадрлар бөлімі Ақыметқанның қызы мен сені қалаған қызметтеріңе орналастыруға тырысатындығын білдірді» деп күбірледі соңынан. «ешкімге айтпа» деп тағы тапсырды. Бізге бұрынырақ естіртіп, Ақыметқан аға екеуіңді разы–қош етіп қоймақ сияқты!– деп Мақпал күліп жіберді. Мен күрсіне қарадым. – Біздің хош болуымыз, бауырлардың қос-қостан жылауының төлемі бола алмайды-ау! – Не дейді, бастықтарға сөйлестің бе? – Ақыметқанға екі сағат сөйлеп, Әбілеметке пікір айтуға әрең көндірдім. – Неғып бұлданды сонша? – Бұлданғандығы емес, қорқатындығынан! – Неден қорқады?... Онан да өзің төте кіріп сөйлесуің ғой! – Менің барып төте сөйлесуімнен тіпті қорықты! –деп күліп жібердім. – Қатты сөйлеп қойған екенсің ғой! – Мақпал күрсініп қалды. – Өзіңе өштестіріп алмашы!... Оңтүстікке бөлінгендердің көбі сенен ғана үміттенеді. Жауабыңды күтіп жүр, осы кеште де бірнешеуі келіп қайтты. – Олардан бүгін жоғары жаққа арыз көтере шыққандар жоқ па екен? – Ақия бүгін сайрау жиынына қатынасып, демалыс кезінде Әбілеметке Құмармен байланысын жай ғана айтып шығыпты. Басқасын білмедім. – Өзі төте айтып па ей?... Жарайды екен-ау қарындасым! – деп қалдым. – Не депті? – Ұялып толық айта алмапты. Құмардың осы жердегі бір қызметке орналасуына көмектесуін өтінген екен назыр, «онымен не байланысыңыз бар?» деп тігіле сұрағанда жүзім шыдамады дейді, сырт айланып теріс қарап алыпты. «Ол оқушы, сіз ол мектептің оқытушысы, педагогика алдында не қылық бұл!» деп назыр да түйіліп қалған екен. «Ол, институтқа келуден бұрын мұғалім болған дедім» дейді. «Болмайды!» деп шорт кесіпті назыр. «Ол сіздің теңіңіз емес, идеясы бұзық, стиль жағынан шіріктескен арақкеш екен!... Оның басқа мәселелері де бар!» дегенінде жалт қарапты Ақия: «олай емес, ол өзін тоқтатып алған адам. Мен оны көптен толық түсінемін!» дегенінше назыр қолын сілтеп тастап, жүре сөйлеп кетіпті: «оның үстінде бір-екі емес, көп адамның материалы бар» дегенін ғана естіп қалдым дейді Ақия. – Кімдер екен ондай материал беріп жүрген? – Мақпалдың бұл хабарына аңыра қарадым. – Ақия маған келіп өзінің күмәнданатындарын жылай отырып айтты: бұрын сөз айтып, өзі ұнатпай тойтарған бірнеше жігіт бар екен. Қазір үйлі-баранды болғандары да бар дейді олардың ішінде. «Құмарға сөз бергенімді естіген соң қабақтары түгел бұзылғанын сезгенмін, қастықтарын енді Құмарға сайлапты. Жаланы солар жауып жүр» дейді. – Олардың біреуі әрине Құлжан шығар? – Мен де солай ойлап едім, оның атын атамады. – Көп болған соң онысын ұмытып та қалған ғой!–деп мен күлдім. – Өзі анық күмәнданатындарының тізімін маған жазып беріп қайтты. «Биғаңа айтудан да қиналады екенмін. Сен жеткізіп қой, Әбілеметке де, Ақыметқан ағаға да анықтап ұқтырып берсін! Құмардың не жазығы бар оларға!» деп жылайды. – Ең жазықтысы, Ақияның өзі, екі қара көзі болғаны ғой!– деп Мақпалдан тізімді алдым да ең алдына Құлжанның атын жаздым. Мақпал күліп жіберді: – Айтпақтайын Қапияда «қылмысты» екен. Оның соңында да бір топ жігіт бар дейді. Қапияның өз айтуынша ең қатерлісі біздің Есқали мен Мақұлбек көрінеді. – Ол екеуі оншалық ұждансыздық істей қоймас!–деп түйілдім. – Оларға Қапия жала жабама, «әлі өндіршектеп жүр» дейді! Үстінен материал барын Қапастың өзі де естіпті бір бастықтан! – Қырқылжыңдарыма қырсық болған, қалыңдықтарының өңділіктері деші!... Бәсе, осында қалудан толық үмітті болып жүрген екеуін соншалық неге шеттетті десем, құйрықтарына жабысқан пәле бар екен ғой!... Сол қыздарды олардан бұрын өздеріне қарата алмаған өздеріне өкпелемей ме екен бұл иттер, жігіттерінде не әкелерінің құны бар!... Қыздар соларды ұнатыпты деп-ақ өздерінің достарына қастық сайлағаны ма!... Мына оқыған, қазіргі заман интеллигенттерінің де баяғының надан Қодары мен Бекежаны болғаны ма!... Әй... дәл Есқали мен Мақұлбек олай істей қоймас, егер өйтсе, оңбас!...
Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 336; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы! Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет |